Тұрсынбек Кәкішев шығармашылығының зерттелуі


Тұрсынбек Кәкішев – Сәбиттанушы



бет5/7
Дата04.12.2022
өлшемі48,17 Kb.
#54772
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Тұрсынбек Кәкішев (4)

Тұрсынбек Кәкішев – Сәбиттанушы
Ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің сәкентану мен сәбиттану мәселесін зерттеудегі белсенділігін жоғарыда атап өттік. Енді ғалымның Сәбит Мұқановқа қатысты зерттеулеріне назар салсақ, қажырлы еңбекке көз жеткіземіз. Ғалымның К.Аметпен бірге жазған әдеби-ғылыми эссесінде Сәбит Мұқановтай даңқты да дара тұлғаның адами бітім-болмысы мен азаматтық келбетін айшықтап, Т. Кәкішев өз кейіпкерімен етене аралас, рухани сырлас болғаны арқасында оның барша өмір жолын, шығармашылық ерен еңбегін терең талдап, жан-жақты зерттеп, әділ бағасын береді. Кітапта тың деректермен қатар, Сәбит Мұқановтай тарихи тұлғаның бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде алатын орны туралы соны көзқарастар да көптеп көрініс табады.
Ғалым Сәбит Мұқанов жөнінде «С.Мұқанов – қазақ поэзиясындағы үлкен тұлғаның бірі. Ол – қоғамдық өмірдің әрбір елеулі көріністері мен құбылыстарын өзінің ақындық жанымен тебірене жырлаған лирик, әлеуметтік сыры мол оқиғаларды кең планда толғай білген эпик ақын» [29,252] деген баға береді. Ал, енді бірде «Өз басым Сәбиттің коммунистігіне күмәнмен қарайтындығымды оның 90 жылдығындағы Абай атындағы опера және балет театрында жасаған баяндамамда айтқанмын. Ол, шындығында, ұлтын ұмытпаған ұлы тұлға» [30] деп еске алады.
Жоғарыда аталған эсседе ғалымдар С. Мұқановты күні бүгінге дейін сөзге қалдырып, абыройына дақ салып, ел-жұрт көңіліндегі күдікті сейілтпей келе жатқан бір мәселе − 1937 жылғы қырғындағы іс-әрекеті деп есептейді. Әрі бұл күрделі проблеманың осы уақытқа дейін шаңы басылмауының екі түрлі себебін көрсетеді. Біріншісі − «Алаш» қозғалысы және оның қайраткерлері жөніндегі түсінігі жөнінде айтқан-жазғаны. Тапшылдықтан оянған санасы, төңкерісшілдікпен қалыптасқан көзқарасы «Алаш» қозағалысын зиянды деп танудан өзгермей кетті, ал оған қатысқан азаматтар кеңес үкіметін қабылдамаған, партияны мойындамағандар деп білді. Күні кешеге дейін осы түсінікте болғандардың көбі бүгін жалт беріп, айтпаған-жазбағансып Сәкен, Сәбиттерді «оққа» байлап беріп жүр. Атақ-даңқтары зор, ел-жұртқа тигізген пайдасы мол болғандықтан олардың белі қайыспайды, бетіне шіркеу түспейді деп ойлайды.
Осы заманда айрықша белсенділік танытып жүрген Сәбиттің екі қадамына айрықша тоқтаған абзал. Бірі − 1930 жылы басталып, 1931 жылдың 15 мамырында аяқталған «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген аты шулы еңбек жазуы. Бұған айрықша мән беру керек, себебі, әлі күнге дейін оның кадір-қасиетін анықтау, маңызын түсіну, жазылу тарихын, сырын білу жағы жетіспегендігі, оның жай-жапсарын қалай бағалау керектігі аңғару қиын емес. Сәбит Мұқанов Голощекин тұсында қалыптасқан идеологиялық тұжырымды басшылыққа алып, тұрпайы социология соқпағымен пікір айтып, артық-кем сілтеген. Тіпті деректерді ілгерінді-кейінді пайдаланды. Тырнақ астынан кір, «саяси қате, қарсылық» іздеген сәттері де бар. Зерттеу тәсілі мен ой қорыту мәдениеті көтеріңкі деңгейден табыла бермейтіні анық аңғарылатын «осы кітаптың рухы біздің әдебиеттану ғылымында әлі күнге дейін жойылмай келеді» деп таңғалмау керек, өйткені большевиктік (коммунистік емес) идеология кеңес кұлағанша дәуірлегені бәрімізге белгілі. Ал екіншісі — тікелей Мағжанға байланысты. «XX ғасырдағы қазақ әдебиетін» әңгімелегенде Мағжанға арналған тарауды 1937 жылғы қызыл қырғынға байланыстырып, рас- өтірігін деректер арқылы ғалымдар еңбекте көрсетеді.
Жалпы зерттеуші Т.Кәкішевтің әдебиеттану ғылымына өлшеусіз қосқан үлесі дәйектілігімен әрқашан өзекті болмақ. Ол жөнінде атақты ғалым С. Қасқабасов «Тұрсекең – ер мінезді, ұлтжанды азамат болды. Турашыл ол өмірге әр түрлі құбылыс пен оқиғаға сын көзбен қарай білді, ойын бүкпесіз, тура айтудан тайынбайтын» [31,11] деп зерттеушінің ақиқат туын биік ұстар ғалымдық болмысын айтса, көкшелік ақын Төлеген Қажыбай «Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі талмас табанды ғалым екендігін тағы бір тамсанта дәлелдеп берді. Сол үшін де біздің Тұрсекеңе алғысымыз шексіз, ардақты жерлесіміз, көрнекті ғалым, ақиқатшыл ардақты ағаның сексеннің сеңгірінде тұрып, өткен өмір іздеріне үңілер болсақ, толымды да, толғамды еңбектері көңіл көзіміздің алдынан көлбең берері даусыз» [32,11] деп пікір білдіреді. Екі тараптың да ортақ пікірінде ғалымның ақиқатшылдығы сөз болады. Т.Кәкішев қазақ әдебиетінен кімді зерттесе де, ол тақырыпқа терең барып, архив қорларын ақтарып, дәлелмен сөйлейтін турашыл ғалым екенін сәбиттану мәселесінде де ашық көрсетеді.
Ғалым Сәбитке ілескен орынсыз сөздерге ғалым ретінде шыдай алмады. Ол өзінің үнемі бұлтартпас деректері, тарихи құжаттары арқылы мәселенің ақиқатын ашуға жанын салды. Аталған эсседе ол: «Міне, осындай жағдайда Сәбит кандай күйде болды деп сауал қоюдың өзі әбес қой дейміз. Алайда ел-жұрттың құлағында ғана емес, санасында жүрген «былай болған екен, сөйткен-бүйткен екен» деген қазақи долбарлар бірқыдыру. Сәкеннің 70 жылдық тойын республика басшылары қаншама тартыншақтаса да, бүкілхалықтық деңгейге шығарып, дүрілдетіп өткізген кезде «көрмейсіңдер ме, күнәсін жуайын деп жанығып жүр» дегендер болған. Енді осының өтірік-шынын анықтау қажет. Бұл мәселеге емін-еркін барып, өз ойымды айтуға менің хақым бар. Оған Сәкен жайлы көптеген зерттеулерім, кітаптарым, мақалаларым қолғабысын тигізеді. Соңғы уақытта Сәбеңнің өзі білмеген, көрмеген құжат табылып отыр. Ол кімнің кім үшін жазықты, кінәлі екенін ашып беріп, қазақи «дейді екеннің» түбіне су құяды, бықсыған шаланың түтінін басып, өрекпи даурыққандардың үнін өшіреді» [33,202] деп ашына айтады.
Аталған еңбекте Сәбит Мұқановтың жары Мәриям жөнінде, Сәбит пен Мағжан, Сәкендердің арақатынасы жөнінде арнайы нақтыланған дәлелдермен, хаттармен көрсетіліп, талданады. Ғалым өзі де «Қызыл сұңқар» еңбегін жариялауда С.Мұқановтың қолдауына ие болады. Сәбит, Сәкен, Мағжан жайындағы кереғар пікірлер ғалымның осы мәселелерді көтеріп, жан-жақты зерттеу жасауына себеп болғанын байқаймыз. Әдебиеттану ғылымына жай-жапсары бұлыңғыр болып келген мәселеге толыққанды дәл, нақты жауап беру қажеттілігі болды. Және сол қажеттілікті өтеуде ғалым Т.Кәкішев үлкен жауапкершілікті арқалап, терең ізденісте болғанын толғамды зерттеу еңбектерінен анық көз жеткізе аламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет