Тұрсынбек Кәкішев шығармашылығының зерттелуі
Ғалым Н. Алдабек Т.Кәкішевтің әр жылдары жазылған мақалалары, ой толғамдары тек ел басындағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтерген өзектілігімен ғана емес, берік ұлттық ұстаным, ұлттық идеяларымен де құнды деп есептейді. Қазіргі уақытта «ұлттық идея», «ұлттық идеология», «ұлттық рух» секілді ұғымдарды жиі әрі ашық айтып жүрміз, тіпті ұранға айналды. 1980 жылдардың соңына дейін қазақ халқының екінші атауына айналған «Алаш» сөзі ең бір зиянды, қорқынышты, қаралағыш ұғымға айналғандығы белгілі. Айтуға, жазуға тиым салғанына қарамастан қоғам қайраткері осы Алаш жөнінде, Алаш қозғалысына қатысты барлық іс-әрекеттерді ашық баяндап, азат рухты аңсаған тәуелсіздік идеяларын қазық еткен мақалаларын жазуды тоқтатпады. Бұл ғалымның ұлттық идея жолындағы батыл қадамдары еді. Ащы болса да, шындыққа жүгінді. Әрине «ұлттық идея», «азаттық идея» секілді ұғым-атауларды кеңестік баспасөзде жариялау оңай болған жоқ. Мұндайда автор қатаң цензорлық тосқауылды айналып өтіп «елшіл» немесе «халықшыл» деген сөздермен алмастырады. Ғалым пайымдауынша, Т.Кәкішев елінің мүддесін қорғау мақсатындағы қаламгерлік күресі үшін қаншама теперіш көрсе де өз ұстанымынан айныған емес. Оған күні бүгінге дейін жазылған мақалалары, ғылыми зерттеу еңбектері дәлел. Бір сөзбен айтқанда, Т. Кәкішев өмірінің мәні де, тынысы да ұлттық, азаттық идея десек артық айтқанымыз емес.
Т.Кәкішев еңбектерін ұлтшылдық қырынан қарастырғандар аз емес. Және оны сәкентану мәселесімен біте қайнасқан деп есептеу де толық негізге ие. Ғалымның шығармашылығының көптеген жылдары Сәкенді зерттеуге арналған. Кеңес кезеңінде «ұлтшылдық» деген ұғымға саяси астар беріп, ұлтгық сананы сан тарапқа бөлшектеп, ұрымтал тұсты пайдаланып, казақтың бағына туған оғландарға ат қойып, айдар тақты. Негізінде ұлтшыл деп − ұлтын ұлықтай білу, тамырлы тарихын, туған халқының төл болмысын, құндылықтарын әспеттей білу деп ұғынғанымыз жөн болар. Ал біз қазақ ғалымдарының төл этностық құндылықтары мен мақсат-мұраттарын құрметтеуімен сипатталатын адам санасындағы әлеуметтік саяси-этникалық құбылыс деген анықтамасын қуаттаймыз. Сондықтан туған халқының нағыз жанашырлары, нағыз ұлтшылдар елі үшін туып, елі үшін қызмет еткен ардақтыларымыздың алдында тар жол, тайғақ жол жатса да беті қайтып беделі түскен жоқ. Әр ұлт қайраткерінің сыналар тұсы сын сағатта екені беснеден белгілі. Солақай саясат тұсында аузы ашылмаған біте жарадай жанымызды сыздатқан шер шенемізді сыртқа шығара алмай ішқұса болып, іштей тынған уақытта Сәкендей тұғырлы тұлғаларымыз, мұнардай ойларын мұқалтпайтын жол тауып ел мәселесін, ұлт тағдырын талқыға салғандарына қайран қалмасқа шара бар ма?! Әйтсе де, осы игі істерін қаралап, даттаушылар да жақтаушылар да молынан табылды. С.Сейфуллинің шығармашылығын, қоғамдық-саяси болмысын зерттеушілер Сәкен өз дәуірі қойған биік міндеттерді таза азаматгық қажырлықпен орындады деген тұжырым жасады. Сәкентанушы Т.Кәкішев С.Сейфуллиннің әдеби-ғылыми жұртшылыққа өмірі мен өнегесін, революция дауылпазы ретіндегі қайраткерлік қырларын, қазақ совет әдебиетіндегі орын-үлесін, қоғамдық-шығармашылық қызметі күрделі кезең, әлеуметтік тартыс, қат-қабат оқиғалар желісімен байланыстырылып дерек пен дәйекке сүйенген еңбектерімен қоса, «Сәкеннің ұлтшылдығы», «Сәкен тіл майданында» «Сәкеннің түрікшілдігі» «Сәкен Сейфуллин. Қазақтың мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосуды армандаған тұлға» екендігін жазудан еш танған жоқ. Ғалым, зерттеуші 1960 жылғы «С.Сейфуллиннің өмірі мен өнеріне қатысты деректерді жинау» экспедициясына қатысып, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Омбы қаласынан бастау алған ғылыми ізденісінің мақсатын «Сәкен сынды алыптар өмірі − мәңгілік өмір, оның тындырған ісі, артында қалдырған мұрасы − бүгінгі және келер ұрпаққа өшпес өнеге.
Сәкеннің ұлтшылдығы тоталитарлық кезеңде қазақ тілін мемлекеттік дәрежеге көтеруі, Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық салтанатты жиынын ұйымдастыруы, «Азия» (Еврпопаға), «Қара бүркіт» өлеңдерінің, осыған қатысты тағылған айыптаулар, Түркия жайында жазылған публицистикасынан көрінетіні даусыз. Осылар төңірегінде қылышынан қан тамған совет дәуірінде де, азаттық таңы атқанда да қаламынан қалт жібермей жіпке тізгендей ұлықтап өткен Сәкентанушы Т.Кәкішев екендігінде ешкім де дау айта алмас.
Достарыңызбен бөлісу: |