Құрметті Қарақия ауданының тұрғындары! Қадірлі Сымбат Қуанышұлы!
Сіздерді Қарақия ауданының 50 жылдық мерейлі тойымен шын жүректен құттықтаймын!
Қарақия – әрбір бұрышы тарихтың тылсым сырын шерткен 362 әулие қонған киелі Маңғыстаудың қазыналы ауданы. «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай» десек, Қарақия – өз маңына Маңғыстаудың ең мықты жауһарларын жинаған керемет өлке. Бүгінде көпшілік назарын аударып, Маңғыстаудың туристік «Меккесі» атанған – Бозжыра да, ұланғайыр мекеннің Ұлы Үстірті мен қасиетті Қарақия ойпаты да, ел иесі, жер киесі атанған Пір - Бекет, Шопан Ата, Темір Баба да, толқыған Тоқмағы мен кербез Кендірлісі де осы Қарақия аумағында жатыр. Осындай тамаша табиғаты мен бай тарихы бар Қарақия ауданының 50 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын!
Қарақия ауданының жарты ғасырлық тарихы өңірді дамыту кезеңімен қатарлас өткені белгілі. «Елу жылда ел жаңа» демекші, сіз жүргізіп жатқан бастамалар ауданымыз бен халқымызды кемел өркендеуге бастап келеді. Елдің бейбітшілігі мен тыныштығын сақтауда келелі жұмыстар атқарып жатқаныңыз қазыналы Қарақияны одан ары дамытары сөзсіз. Осы орайда, әрине, аймақ басшысы Сымбат Қуанышұлын және барша маңғыстаулықтарды қос-қос мерекемен құттықтағым келеді. Қарақия ауданының 50 жылдық мерейтойы құтты болсын!