Байланысты: Ануар - диссертация откорректированная
1. «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, жеке басының куәлігін беру» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету. Аталған мемлекеттік қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Қызмет көрсетудің бұл түріне сұраныстың өте көп екендігін және тұрғын халық тарапынан жиі сынға ұшырайтынын айта кету қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына және ұсынылған схемаға сәйкес қызмет көрсету мерзімі екі айға жуық болады. Қызмет көрсетуге мыналар қатысады:
1) ХҚКО. Құжаттар қағаз тасығыштары арқылы алынады (2 күн).
2) Аудандық әділет басқармалары (бұдан әрі – Әділет басқармасы). Құжаттармен танысу және оларды тексеру, құжаттардың тізілімін жасап, оларды облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының Әділет департаменттеріне (бұдан әрі – Әділет департаменттері) жөнелту (3 күн).
3) Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының Әділет департаменттері. Құжаттарды тексеру, олардың тізілімін жасау және азаматтардың паспорттары мен жеке басының куәліктерін жасату үшін құжаттар пакетін Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің Халықты құжаттандыру және тіркеу басқармасына жіберу (5 күн).
4) Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің Халықты құжаттандыру және тіркеу басқармасы (бұдан әрі – Құжаттау басқармасы). Құжаттарды тексеру, олардың тізілімін жасау және құжаттар пакетін құжаттар жасаушы зауытқа жіберу (5 күн).
5) Құжаттарды жасау зауыты. Құжаттарды жасау (25 күн). Бизнес-процесті қараған кезде Әділет басқармасы мен Әділет Департаменті арасындағы рәсімдердің қайталануы анықталды. Сөйтіп, ұсынылған құжаттардың көп кезеңді өтетіндігі белгілі болды.
Осы ретте қызмет көрсету процесін оңтайландыру мақсатында Әділет департаментіне құжаттардың тізілімін жасап, оларды Құжаттау басқармасына жіберу функцияларын ғана қалдырған дұрыс, ал сонда мұны бір күн ішінде орындауға болар еді. Құжаттарды тексеру жауапкершілігі Әділет басқармасына ғана жүктелсе, бұл қызмет көрсетудің жалпы мерзімін жеті күнге қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен, құжаттарды әзірлеу жөніндегі негізгі функцияға 25 күнге дейін мерзім кетеді, ал қалған уақыт құжаттарды тексеру жұмыстарына пайдаланылады.
Осы ретте қызмет көрсетудің басқа нұсқасын да қолдануға болады. Айталық, Құжаттар автоматтандырылған режимде «Тұрғын халықты құжаттау және тіркеу» пункті (ТХҚТ ТП) арқылы қабылданып, тікелей Құжаттау басқармасына түседі. Мұндай жағдайда қағаз тасығыштарындағы құжаттарды Әділет басқармасы мен Әділет департаментінің тексеруі қажет емес, сонда қызмет көрсету мерзімі 30 күнен аспайды.
Мақсатқа лайықтылық тұрғысынан қызмет көрсетудің негізгі түрі ретінде «Тұрғын халықты құжаттау және тіркеу» пункті (ТХҚТ ТП) арқылы қызмет көрсетуді белгілеген орынды болады деп есептейміз.
2. «Мемлекеттік тіркеу және патент сенімгерлерін аттестаттау» мемлекеттік қызметін көрсету. Аталған мемлекеттік қызмет көрсету «Қазақстан Республикасының патент заңы» - Қазақстан Республикасының1999 жылғы 16 шілдедегі Заңы, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 26 шілдедегі Заңы негізінде жүзеге асырылады. Аталған қызмет көрсету тұтынушыдан өтініш келіп түскеннен күнен бастап 6 айдан кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырылады. Қызмет көрсетуге кандидат өзін аттестаттауға жіберу туралы Аттестациялық комиссияға өтінішін жолдайды.
Құжаттар ұсынылмаған немесе олар дұрыс ресімделменген жағдайда Аттестациялық комиссия кандидатқа екі айдың ішінде жетпей тұрған мәліметтерді немесе құжаттарды тапсыру қажет екендігі туралы жазбаша түрде ескерту жасайды. Емтиханның нәтижелері бойынша Аттестациялық комиссия кандидатты аттестаттау туралы, не оны аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады.
Аттестаттау туралы шешім емтиханның нәтижелері бойынша қабылдануына және кандидатқа қосымша талаптар қойылмауына байланысты Аттестациялық комиссиясының қызметін оңтайландырып, аталған қызмет көрсетудің мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқартқан дұрыс болар еді.
3. «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға немесе жергілікті атқарушы мемлекеттік орган жалға алған жеке тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету. Мұндай мемлекеттік қызмет көрсету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 сәуірдегі Заңы негізінде Қазақстан республикасы Үкіметінің «Жергілікті атқарушы органның қарауындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай беру, жалдау және пайдаланудың тәртібі туралы» 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1292 Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған мемлекеттік қызмет көрсетудің стандартына сәйкес жалпы қызмет көрсету мерзімі 30 күнтізбелік күнді құрайды.
Осы құжаттарды қарап шығу нәтижесінде берілетін жауаптың жобасын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі әзірлеп, оны уәкілетті органның құқықтық бөлімшесімен келісуін орынды деп есептейміз. Осыған орай аталған құрылымдық бөлімшелерде құжаттардың пакетін қарау тиісті кезегімен жүргізіледі, бұған олардың әрқайсысы он күннен жұмсайды.
Аталған процесті құрылымдық бөлімшелер бір мезгілде бір-бірмен қатарлас жүргізсе, құжаттарды қарау және оларға жауап әзірлеу мерзімін он күнге қысқартуға болады. Бұған қоса, белгіленген схемаға сәйкес құжаттар пакетін ХҚКО-нан уәкілетті органға жеткізуге бір күн кетеді, ал кері рәсімге екі күн жұмсалады.
Сонымен, жоғарыда көрсетілген рәсімдерді оңтайландырған жағдайда аталған қызмет көрсету мерзімін 30 күннен 19 күнге дейін қысқартуға болады.
4. «Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік регистріндегі электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету. Аталған мемлекеттік қызметті көрсету «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің және депозитарийдің мемлекеттік регистрін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2007 жылғы № 1124 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету стандартына сәйкес мұндай қызмет көрсетудің мерзімі 43 жұмыс күнін құрайды. Қызмет көрсету рәсімі мынадай 5 кезеңнен тұрады:
1) Уәкілетті орган 15 күн ішінде тіркеу өтінімдерінің баяндалуының толықтығы мен дұрыстығын тексереді.
2) Тіркеу өтінімдері тиісті түрде ресімделген жағдайда уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде электрондық ақпараттық ресурстардың және (немесе) ақпараттық жүйелердің тіркеуін жүргізіп, оларға тіркеу нөмірін береді.
3) Уәкілетті орган тіркеуден өткен кезеңнен бастап үш жұмыс күні ішінде тіркеу өтінімдерінің көшірмелерін электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік регистріне мәліметтер енгізу үшін уәкілетті органға жібереді.
4) Уәкілетті орган 5 жұмыс күні ішінде электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік регистріне электрондық ақпараттық ресурстар және (немесе) ақпараттық жүйелер туралы тиісті мәліметтерді енгізеді.
5) Уәкілетті орган электрондық ақпараттық ресурстардың және (немесе) ақпараттық жүйелердің электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік регистрінде тіркеуден өткен кезеңінен бастап 15 жұмыс күні ішінде қолхат негізінде тіркеу туралы куәлік береді.
Алайда, осы ретте бес кезеңнің барлығы бойынша қызмет көрсету мерзімдерінің негізсіз ұзартылғаны байқалады. Сондықтан қызмет көрсету мерзімін бірінші кезең бойынша – 2 күнге дейін, екініші кезең бойынша – 1 күнге, үшінші кезең бойынша – 1 күнге, төртінші кезең бойынша – 3 күнге, бесінші кезең бойынша – 5 күнге дейін қысқартқан жөн.
Сонымен, аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 43-тен 9 жұмыс күніне дейін қысқарады.
5. «Ақпараттық жүйелерді, бағдарламалық өнімдерді, бағдарламалық кодтар мен нормативтік-техникалық құжаттаманы депозитарийде депозитке салу» бойынша мемлекеттік қызмет көрсету. Аталған мемлекеттік қызметті көрсету «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің және депозитарийдің мемлекеттік регистрін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2007 жылғы № 1124 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету стандартына сәйкес мұндай қызмет көрсетудің мерзімі 15 жұмыс күнін құрайды.
Қызмет көрсету мезімдерін төмендегідей қысқартқан жөн:
Уәкілетті органның өтінім жасау мен объектілерді депозиттеудің заңнамаға сәйкестігін тексеруі және оларды Уәкілетті ұйымға беруі бойынша – 2 жұмыс күніне дейін;
Уәкілетті органның Депозиттелген бағдарламалық өнімдердің тізіліміне депозиттеу объектілері туралы тиісті мәліметтерді енгізуі және депозиттеу объектілеріне депозитарлық нөмірлер беруі бойынша – 3 жұмыс күніне дейін;
Уәкілетті ұйымның депозитарийдегі объектілерді депозиттеу, депозиттелген объектілерді есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз ету туралы Уәкілетті органға ескерту жіберу бойынша – 1 жұмыс күніне дейін.
Сонымен, аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 15-тен 6 жұмыс күніне дейін қысқарады.