Туризм тарихы



бет7/66
Дата14.03.2023
өлшемі1,92 Mb.
#73947
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   66
Байланысты:
treatise22711

Қайталау сұрақтары



  1. Карл Либере «таза туризм» деп нені айтқан?

  2. XVII ғасырдағы Еуропаның қысқы және жазғы демалысының курорттық жерлері мен орталықтарын атап шығыңыз.

  3. Еуропа альпинизмінің басталуы туралы айтып беріңіз.

  4. АҚШ-ғы қонақжайлық орындары қалай аталған және арасында қандай айырмашылықтар болған? Олар немен белгілі?

  5. І Петр «О дохтырских правилах» жарғысының мағынасы неде және қашан жарияланды? Оның маңызды болу себебі неде?

  6. Франция жолнамасы қашан жарық көрді, оның авторы кім болған, оның мазмұнына қандай мәліметтер кірген?

  7. XVII ғасырдың бірінші жартысындағы голланд теңізшілерінің ең белгілі ашуларын суреттеп беріңіз.

  8. Дж.Кукты неге ең атақты саяхатшы-жер ашушы деп құрметтейді?

  9. XVIІI ғасырда емдік туризм аясында қандай жаңа бағыт пайда болды?




    1. . ХІХ-ХХ ғасырлар (ІІ дүниежүзілік соғысқа дейінгі) кезеңіндегі туризм

ХІХ ғасыр туризм дамуы тарапынан ірге салушы кезең болып табылады. Тіпті, осы құбылысты анықтайтын «турист» деген сөздің өзі осы ғасырдың басында пайда болады. Бұл сөз ағылшын Педждің кітабында: «біздің заманымызда саяхатшыны турист деп атайды» (a traveller is nowdays called a tourist), – деп келтіріледі. Континенталдық Еуропа тұрғындары да осы сөзді қолданса да, анықтаманы ағылшындар енгізгеніне таңғалатын жөні жоқ. Бұрын айтып кеткендей, XVІІІ ғасыр соңы өзінде жастардың мектеп бітіргенінен кейін Еуропаға сапарға бару Англияда сәннің бір түрі болып кеткен. Бірте-бірте бұл құбылыстың ауқымы кеңейді. Мысалы, 1888 жылы жарты миллион ағылшын Ла-Маншты кесіп өтті. Әрине, олардың барлығы тұманды Альбионнан турист ретінде жолға шықпаған. Отаршы империяны кеңейтіп және жаңа нарықтарды игеріп, ағылшын үкіметі кәсіпкерлерге, саудагерлерге және отаршы әкімшілікке арқа сүйеген, ал олар болса, туристерге «жол ашқан».


Англияның туризм саласында пионер болуының себебінің бірі – бұл елде әлемде алғаш рет, өнеркәсіптік қопарылыс орын алған.
Қазіргі әлем өркениеті қалыптасатын негізге өнеркәсіптік қопарылыс, экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық өзгерістердің жиынтығы, жаңғырту кезеңі жатады. Өзінің маңызы, даму қарқындылығы, өмір салттарының өзгерістеріне қарай бұл қопарылысты революциямен теңестіреді. Экономика саласында өнеркәсіптік қопарылыс машиналық өндіріске негізделген ірі фабрикалық-зауыттық өнеркәсіптің пайда болуымен, ғылыми-техникалық прогресстің (ҒТП) одан әрі дамуымен, урбанизациялаумен, өндіріс пен сауданың жаңа ұйымдастыру формаларымен, қол жұмысы маңызының жоғалуымен сипатталады.
ХІХ ғасырдың ортасына дейін еуропалық туризм тек таңдаулы, дәрменді тұлғалардың туризмі болған, осыған орай кейбір авторлар [19] осы кезеңдегі туризмді «ақсүйектер туризмі» (tourisme aristocratique) деп атайды. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан, әсіресе, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, туризмнің демократиялануына жеткізген өзгерістер орын алды.
Англиядан Францияға жасалған ұйымдастырылған турлар 1815 жылдың өзінде орын алғаны баршаға мәлім. Жазушы және саяхатшы Джордж Галиньяни осындай Лондоннан Парижге бағытталған кең бұқаралық жұртқа арналған турлардың ынталандырушысы мен ұйымдастырушысы атанған. Ал 1829 жылы саяхатшыларға арналған, неміс Карл Бедекер әзірлеп баспадан шығарған әлемдегі бірінші жолнама жарық көрді. Бұл жолнаманы таралуы мен белгілі болуы соншалық, Бедекердің аты жалпы есімге айналып, қазіргі жолнамалар да бедекер деп аталады*.
К.Бедекер баспа фирмасын құрып, ағылшын үлгісімен жолнамаларды шығара бастады. Ал 1846 жылы оның жолнамалары негізгі Еуропа тілдерінде шығарыла бастады. Жолнамаларды үздік мамандар: тарихшылар, өнертанушылар, географтар мен әдебиеттанушылар бірігіп әзірлегендігіне орай олардың сапасы өте жоғары келген. Бұл жолнама қазір де шығарылуда және Еуропада дербес саяхат жасап жүрген туристердің сұранысына ие.
ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы туризм дамуы көптеген факторларға байланысты, олардың ішіндегі ең маңыздылары [65, 93]:

    • көлік құралдарының дамуы;

    • өнеркәсіптің дамуы және осыған байланысты халықтың өмір деңгейінің көтерілуі;

    • туристік бюролардың пайда болуы,

    • урбанизациялау үрдісі;

    • бос уақыт мөлшерінің көбеюі;

    • қоғамның мәдени деңгейінің жоғарлауы;

    • мемлекеттің туризм жөніндегі саналы саясаты.

Көлік құралдарының дамуы туристік қозғалыстың қарқындылығы мен кеңістіктегі өзгерістерінің ең маңызды факторларының бірі екені даусыз. К.Либере айтуынша (1969), «салт аттың, одан кейін дилижанс пен желкен кемелерінің орнына теміржол мен бумен жүретін кемелердің пайда болуына» [63, 185-бет] байланысты туризм дамуында мүлдем басқа кезең басталды, көліктің жаңа түрлері жолды қысқартты, арзандатты және жайлы қылды. Дамудың келесі кезеңі автомобиль мен ұшақтың пайда болуына байланысты.
__________
* Бедекер деп әралуан елдер бойынша туристерге арналған анықтамалық жолнамаларды айтады.
Жаңа көлік құралдары қалың көпшілікке саяхат жасау мүмкіндігін берді, ал теміржолдарының ашылуы туристік станциялар мен сауықтыру орындарының географиясын өзгертті: көптеген жаңа туристік жерлерге теміржолдардың салынуына байланысты демалыс орындарының жүйесі әлдеқайда арттылды.
Алғашқы Манчестер-Ливерпуль теміржол желісі Англияда 1825 жылы ашылса да, туристік аумақтарға апаратын теміржол торы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында іске қосылды. Бұрын апталарға созылған саяхат бір-екі күнге, тіпті, бірнеше сағатқа шейін қысқарды; енді саяхатты кез келген адам арзан бағаға жасай алатын болды. Теміржолдар барлық елдерде бұрын кездеспеген қарқындылықпен салына басталды. Олар туристік қозғалыс құрылымы мен көлеміне түпкі өзгерістерді енгізді.
Көлік жүйесінің нығаюы туризм дамуын кеңейтті де, тереңдетті. Қозғалыс жылдамдығының артуы курорттың алыс орналасу факторын жоқ қылды, оларға қол жету мүмкіндігін жақсартты. Жол жүрген адам бұрынғыдай шаршап-шалдықпай, сапар шегу жайлы да жағымды бола бастады.
Туризмнің өркендеуіне көліктің жайлы болуы әсер етті. Ең алғашқы теміржол жолаушыларының өзі осы құралдың жайлылығын, селкілдеп-шайқалмауын мақтап айтқан. Жолдағы қызмет көрсету сапасы да өсті. Бірінші жолаушылар вагондары көлденең қойылған ұзын орындықты, төбесі ашық көлік болған. Көп уақыт өтпей, бұл көлік құралына өзгерістер енгізілді, ең алдымен, АҚШ-та: бұл кең аумақты елдің жолдары өте ұзақ және жолаушылардың жайлылыққа қойылатын талаптары жоғары болған. Клиентті өзіне тарту мақсатындағы теміржол компаниялары арасындағы қызу бәсекелеске байланысты, ХІХ ғасырдың 70-жылдарында көркем безендірілген, жолда тамақ берілетін бірінші классты жатын вагондар пайда болды. Енді туристер мен басқа сапар жасаушылар үшін ұзақ жол кедергі болмады.
Теміржол арқылы қол жетерлік жаңа туристік орталықтар мен курорттардың өркендеуімен бірге, теміржол желісінен алшақ жерлер ахуалының нашарлауы байқалды. Бұрын туристер мен курортшылар болмаған жерлерде туристік қозғалыстың кеңеюі аумақтың шаруашылық құрылымына өзгерістер енгізген. Осындай көптеген ауылды жерлерде осыған дейін басым болған ауылшаруашылық функциялары туристік шаруашылыққа орын беріп, өздері жоққа айнала бастады. Теміржолдардың және осыған байланысты туристік миграциялардың дамуы кейбір аумақтардың туристік жабдықталуына септігін тигізген. Сол кезде қалыптасқан кейбір туристік орталықтар қазір де туристік қозғалысқа қызметін жалғастыруда. Төмендегі аумақтар осының мысалы бола алады.
1861-1862 жылдардың қысқы маусымында Францияның Көкшіл Жағасында демалушы 2,5 мың жанұялар тіркелді, олардың 300-і Каннда, 400-і Йерде және 1680-і Ниццада болды [19]. 1863 жылы Канн мен Марсель арасында теміржол байланысы орнаған, ал 1878 жылы Париж бен сауықтыру орны арасында күніне екі, 1888 жылы – төрт поезд жүрген. Теміржолын Каннға жеткізу нәтижесінде шетелдіктердің келуі көбейді: 1878 жылы мұнда 750, 1892 жылы 1464, 1901 жылы 4500 ағылшын отбасылары келген. Сонымен қатар, ресейліктердің (ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында жыл сайын 300 отбасы), американдықтар мен немістердің (250 отбасыдан) келгені анықталған. Парижбен теміржол қатынасын орнату француздардың өздерінің осы аймаққа жиі ат басын тіреуіне себеп болды: 1878 жылы демалушылардың арасында француздар 34-ақ % құраса, ХХ ғасырдың басында олардың үлесі 49 % -ға жетті [13]. Кейбір дерекнамалар бойынша,Францияның Жерортатеңіз жағалауына ХІХ ғасырдың соңында жылына 2 млн француз (1898) келсе, 1908 жылы олардың саны 5 миллионға жуыққа жақындағаны жайлы хабар бар [19]. Француздар келулерінің өсуі туристік қозғалыстың бұрынғы маусымдылық көрсеткіштеріне әсер еткен. ХІХ ғасырдың 70-жылдарында мұнда барлық туристердің 48 %-ы ғана жазғы маусымда демалса, 1901 жылы бұлардың үлесі 71 %-ға шейін өскен [19].
Туристердің келуімен туристік инфрақұрылым да дамыған. 1870 жылы осы аймақта қонақтарды қабылдауға арналған 34 қонақүйлері мен 215 жекежай тіркелсе, ал 1912 жылы ол сәйкестік 92 мен 1140-қа жеткен[19].
Теміржолдар дамуы мен туризм көрсеткіштерінің өсуі арасындағы осындай байланыс Францияның басқа жерлері мен аймақтарында байқалған. Мысалы, Вишиде 1860 жылы курортта демалушылардың саны 20 мыңға жетпеген болса, 1890 жылы 100 мыңға жуық демалушы тіркелген [39]. Монакода туристік түнеулер саны 1871 жылдағы 140 мыңнан 1899 жылда 503 мыңға дейін өскен. 1890 жылы теміржолдың Швейцариядағы Давосқа жетуінің әсері мынадай: 1895 жылы жергілікті қонақүйлерде 450 мың түнеу белгіленді, 1900 жылы – 600 мыңға жуық, 1910 жылы – 1 млн шамасында*. Басқа альпілік
аймақтармен салыстырсақ, мұнда туризмнің қарқынды дамуы ХІХ ғасырдың соңында ғана басталды. Оның кешігу себебі таулы аймақтарда, әсіресе, туннельдегі кесінділерді салған кездегі техникалық қиыншылықтардан орын алған. Шамониге теміржол 1901 жылы ғана жетті, ал теміржол пайда болғаннан кейін он жылдың ішінде (1914 жылға дейін) Шамониді бүкіл әлем таныды. Алайда, мұндай жағдай бүкіл Савойяда болған: 1865 жылы мұнда 35 мың, ғасыр соңында жыл сайын 60 мың турист келген. Францияның теміржолының желісіне кірген соң Савойя аймақтық функция атқарған ауданнан жалпыұлттық, тіпті, халықаралық маңызы бар туристік аймаққа айналған[19].
Америка құрлығында да осындай тәуелділік байқалады. Белгілі аргентиналық Мар-дель-Плата курортына 1886 жылы Буэнос-Айрестен теміржол желісі салынғаннан кейін оның қарқынды дамуы басталды. 1886 жылы мұнда 1415 демалушы келген, ал бес жыл өте – 4700-ге жеткен [54]. Майамидың демалыс орны ретінде дамуы оны Флориданың басқа жерлерімен жалғастырған теміржол 1896 жылы салынғаннан кейін ғана артқан [19].
__________
* J.Marion, J.Loup. «Cent ans de tourisme alpin. Centenaire de Davos» (Grisons, Suisse), «Revue de Géogr. Alpine», p 55, 1965.
ХІХ ғасырдың басында маңызды Жерді айналып шығу теңіз саяхаттары жасалды; бұларда орыс теңізшілерінің орны ерекше. Тек ХІХ ғасырдың алғашқы отыз жыл ішінде Ресейде Жерді айналып шығудың бес ірі экспедиция әзірленіп өткізілді.
Осылардың арасында орыс әскери флотының тарихындағы алғашқы Жерді айналып шығу экспедициясын атау қажет. Бұл саяхат 1803-1806 жылдары Иван Федорович Крузенштерн мен Юрий Федорович Лисянскийлердің басқаруымен жүзеге асты.
Экспедицияның ресми мақсаты Жапонияға Н.П.Резанов басқарған орыс елшілігін жеткізу тұғын. Резанов, сонымен қатар, Ресей-Америка компаниясының бастығы да болған.
Экипаждар ерікті түрде қалыптастырылған, Жерді айналып шығу саяхатын жасағысы келгендердің саны өте көп болған. Сондықтан офицерлерді ғана емес, матростарды да тиянақты іріктеген. Экспедицияға Ю.Ф.Лисянский (1773-1837), М.И.Ратманов, П.Головачев, Ф.Ф.Беллинсгаузен (1778-1852) және т.б. қатысқан. Саяхат Санкт-Петербург айлағынан басталған. 10 күнде «Надежда» мен «Нева» кемелері Копенгагенге жетті. Одан кейін кемелер Атлантикаға шықты. 1803 жылдың қараша айында Ресей флотының тарихында бірінші рет орыс кемелері экватордан өтті.
1804 жылдың ақпан айында кемелерін жөндегеннен кейін флотилия Горн мүйісінен өтіп, Тынық мұхитқа шықты. Ауа райы нашар болды: біресе, шторм, біресе, тұман; ақырында, кемелер бір-бірін жоғалтып адасып кетті. Күні бұрын келіскендей, мұндай жағдайда Ю.Ф.Лисянский Пасха аралына барып басқаларды күту керек-ті. Бірақ И.Ф.Крузенштерн (1770-1846) жүгін Камчаткаға жылдам жеткізіп, Жапонияға баруға асықты.
Ю.Ф.Лисянский басқарған «Нева» кемесі «Надежданы» Пасха аралының жанында бостан-босқа күтіп тұрып қалды. Тұрған уақытын текке кетірмей, Лисянский жағалауды картографиялап, тереңдіктерді өлшеумен бірге, аралдың табиғи ерекшеліктері мен жергілікті халықтың тұрмысы мен салтын суреттеп үлгерді.
Екі кеме Маркиз аралдарының бірінде кездесті. Мұнда И.Ф.Крузенштерн карталарға түзеулер енгізіп, толықтырды. Мысалы, Вашингтон аралдарын әртүрлі теңізшілер бес рет «ашқаны» анықталды. Жапония жағасының жанында «Надежда» қатты штормға ұшырады. Әрең аман қалған кеме 1804 жылдың қыркүйек айында Нагасаки портына келіп тоқтады.
Жапондықтардың тыйым салуларын бұзып, «Надежда» Жапон аралдарының батыс жағасын рұқсатсыз айналып өтті. Картографиялық түсіру жасалып, бұрын Лаперуз жіберген қателері түзетілді. Жол-жөнекей судың астында көрінбей тұрған төрт арал ашылды – бұлар қауіпті болғаны үшін Каменные Ловушки (Тас қапқан) деп аталды.
Камчаткада жүгін түсіріп, кеме қайтадан жолға шығып, Сахалинге бағытталды. Аралдың шығыс жағалауын суреттеген И.Ф.Крузенштерн Амур мен Татар бұғазын ашуға жақын қалған, бірақ судың саяздығы бұған кедергі жасаған. Ол Сахалинді амалсыз түбек деп есептеген. Көп уақыт өтпей, Г.И.Невельской (1813-1876) бұл қатені түзеген.
И.Ф.Крузенштерн мен Ю.Ф.Лисянскийдің ғылыми ашулары көп қырлығымен ерекшеленген. Олардың еңбектері Ресей мен шетелдерде бірнеше рет баспадан қайта шығарылған, Еуропаның жеті тіліне аударылған. Франция мен Англия Академиялары И.Ф.Крузенштернді корреспондент-мүше қылып сайлаған. И.Ф.Крузенштерн Ресейдің Антарктида экспедициясының ынталандырушысы болған.
Антарктиданы орыс әскери теңізшілері 1818-1821 жылдары Фаддей Фаддеевич Беллинсгаузен (1778-1852) мен Михаил Петрович Лазарев (1788-1856) басқарған «Восток» пен «Мирный» шлюптарымен Жерді айналудың екінші саяхаты кезінде ашқан.
Ф.Ф.Беллинсгаузен мен М.П Лазарев экспедициясы Антарктида жағалауына 1820 жылдың 16 қаңтарында жетіп, жағалаулық мұз шельфін зерттеген. Ф.Ф.Беллинсгаузен Антарктиданы «Мұзды материк» деп атаған.
Қос кеме Антарктидадан Австралияға бөлек жолмен барып, Сидней портында кездескен. Сиднейден шығып, экспедиция Тынық мұхитқа аттанған. Мұнда саяхатшылар Туамоту архипелагында беймәлім аралдар тобын ашып, оларға атақты Ресей әскери және мемлекет қайраткерлерінің атын берді. 1820 жылдың күзінде флотилия Сиднейге қайтып, одан тағы да Антарктида жағалауына, бірақ бұл жолы Батыс жартышарға бұрды.
Екі жыл ішінде 50000 миля жол жүріп, ауқымды географиялық, гидрографиялық, климаттық зерттеулерді өткізіп, экспедиция Кронштадтқа оралды. Зерттеушілер өзімен бірге ботаникалық, зоологиялық, этнографиялық коллекцияларды әкелді. Экспедиция нәтижелерін Ф.Ф.Беллинсгаузен өзінің «Двукратные изыскания в Южном Ледовитом океане и плавание вокруг света в продолжение 1819, 1820 и 1821 гг., совершенные на шлюпах «Восток» и «Мирный» кітабында жариялады.
Теңіз техникасының дамуы, ең алдымен, желкен кемелерінің орнына бу кемелерінің пайда болуы құрлықаралық саяхаттарды әлдеқайда жақсартты. Атлант мұхитын жүзіп өту уақыты бірнеше есе қысқарды: мысалы, Ливерпуль-Нью-Йорк жолы 1816 жылы 20-25 күнге, 1838 жылы 12 күнге, 1850 жылы 8 күн 177 сағатқа созылса, 1883 жылы 6 күн 18 сағат қана болған* [63].
Құрлықаралық теңіздік жолаушылар тасымалдауымен бірге, Еуропа теңіздері бойымен, әсіресе, Жерорта теңіз бен Ла-Манштағы саяхат жасаушылардың саны ұдайы өскен. Ла-Маншты кезушілердің арасында Франция мен континенттің басқа елдерінде демалуды қалайтын ағылшындардың саны басым болған. Осының нәтижесінде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында, бұғаздың француз жағалауында бүгін де туристік функцияларды орындайтын көптеген шомылу орындары қалыптасты.
__________
* Қазір бұл үшін үш күн жеткілікті.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы, әсіресе, отызыншы жылдарында туристік карталарда автомобиль көлігінің кең таралуына байланысты көлемді өзгерістер пайда болды. Мысалы, 1938 жылы автомобильдер мен туристік автобустармен Швейцарияға 762,2 мың шетелдік турист келді, яғни шетелдіктер жалпы санының 47,8 %-ын құрады *.
Шетелдіктердің бұл тобы шетел туристеріне ұсынылатын түнеулердің тек 29,0 %-ын пайдаланған. Мұның себебі – осылардың көбі Швейцарияға бір немесе екі күнге келіп қайтқан. Дәл сол жылы Швейцарияға мотоциклмен, 13,7 мың шетелдік турист келген. Шетел туристердің жалпы санында бұлардың үлесі 1,7 % болған. Қалған шетелдіктер (50,5 %) Швейцарияға теміржолмен жеткен.
Автомобильді пайдалану туристердің кеңістік ауқымын үлкейтті, бұрын туристік қозғалыс шеңберінен тыс болған аумақтарға туристер енетін болды. Осындай құбылыстың әсерінен жаңа туристік орталықтар салынды. Жиі аталатын [19, 33, 74] мысал ретінде Савойяны айтсақ та жеткілікті. Ол ХХ ғасырдың отызыншы жылдары ғана автомобиль көлігінің дамуына байланысты, толығымен қалыптасқан туристік аймақ белгілеріне ие болған.
Автомобиль қатынастарының дамуы жол торабының кеңеюіне ықпал тигізді. Барлық дамыған елдерде жолдар жаңартылды және кеңейді. Автострада деп аталатын тек қана автокөлікке арналған жолдар салына бастады. Алғашқы автострадаларының бірі 1923 жылы солтүстік Италияда бой көтерді [70], ал олардың кең таралуы отызыншы жылдардың екінші жартысына келеді.
Біз қарастырып отырған кезеңде жүйелі әуе қатынастары көптеген елдерде жиырмасыншы-отызыншы жылдары аралығында пайда болғанымен, авиация туристік тасымалдауларда әзірше, маңызды орын алмаған**. Құрлықаралық байланыстарда туристік мақсаттағы әуе қатынастары 1939 жылы Pan American Airways Еуропаға туристердің алғашқы тобын жеткізгенде ғана басталды [42].
Ғылыми жұмыстарда туризмнің индустриалдық дәуірінің басталуын Т.Кук атымен байланыстырады. Ол 1841 жылы квакерлік мастықпен күрес қоғамы белсенділері үшін алғашқы ұжымдық теміржол сапарын ұйымдастырады. Яғни осыдан делдал ретінде турфирма ерекше рөл ойнайтын, ұйымдастырылған туризм басталды деп айтуға болады. Бұл саяхат аясындағы түпкі қопарылыс еді.
Кук іс-әрекетінің маңызын күшейтетін тағы бір жайт бар. Кук кеңсесінің орнығуымен туризм өзіне сәйкес өнімге ие болған шаруашылықтың дербес сферасы ретінде дүниеге келді. Т.Кук фирмасы туристік индустрия элементтерін (көлік, орналастыру, тамақтандыру, ойын-сауық кәсіпорындары) біріктіру жұмысын орындады. Оның фирмасы сапар маршрутын құрастыру,
_________

* Шетелдіктер Швейцарияға келген көлік түрлері: жеңіл автомобильдер – 189,4 мың, туристік автобустар – 8,8 мың, мотоциклдер – 7,9 мың.


** Мысалы, 1929 жылы Англияда тіркелген 700 мың туристердің арасында әуе жолымен тек 25 мыңы ғана (3,5 %) келген.

жолда туристерді орналастыру, экскурсияларға билет сатудан бастап, банк операцияларын жүргізу мен шетел валютасын айырбастауға шейін, неше түрлі қызметтерді атқарған.


Тағы да айту керек, Т.Кук жұмыстың жаңа формларын ойлап тапты. Мысалы, көлік компанияларымен туристік топтарға билет сатқанда көтерме саудалық жеңілдіктерді жасау жөнінде келісімге тұрған. Кейін саяхат ұйымдастырудың осындай технологиялары туристік бизнесте классикалық ретінде қабылданған.
Саяхаттар бюросы туристік индустрияның маңызды элементіне айналды. Көптеген авторлардың [56, 63, 70] айтуынша, туризм тарихының өте маңызды мезеті 1841 жыл (5.07) болған: Лейстердегі жексенбілік мектептің мұғалімі ағылшын Томас Кук Мидлэнд округының теміржол компаниясын он сегіз шақырымдық Лейстер-Лафборо жолында арнайы мерекелік пойызды іске қосуына көндіріп, туризм кәсібін жаңа сатыға көтерді. Кук іс-әрекеті жұртты жылдан жылға қызықтыра берді. 1845 жылы ол өз клиенттері үшін Англияның алғашқы жолнамасын шығарды, ал 1851 жылы құрылған Куктың бюросы («Томас Кук пен баласы») Лондонда өткен Дүниежүзілік көрмеге (165 мың қатысушы), 1856 жылы – Швейцарияға, одан кейін Париждегі Дүниежүзілік көрмеге (400 мың қатысушы) ауқымды экскурсияларды ұйымдастырды.
1832 жылы Америка мен Еуропа арасында жүйелі пароход қатынасы ашылған, ал 1866 жылы Кук АҚШ-қа туристердің алғашқы екі тобын жөнелтеді. Турлар өте ұзақ болған, бес айға созылған. Томас Куктың атақты американ клиенттерінің арасында Марк Твенді атау қажет. Ол құрамына 60 адам кірген топпен бірге саяхатта болып, кейін осы сапарын «Аңқаулар шетелде» кітабында суреттеген. Томас Кук 1872 жылы туристерге Жер айналатын саяхат ұсынды, сөйтіп, оны индустриалды негізге қойды. Алғашқы 20 саяхатшы Жерді 220 күнде айналып шықты. Өз кәсібін Лондон көрмелері мен континенталдық Еуропа бойынша топтық экскурсияларынан бастап, Томас Кук бюросы іс-әрекет ауқымын бірте-бірте кеңейтті: жаңа туристік нарықтарды игеріп, сапар санын әлдеқайда көтерді. Томас Кук Египетке, Палестинаға, тіпті, АҚШ-қа жүйелі туристік сапарларды ұйымдастыратын болды. Оның бюросы кең ауқымды іс-әрекетпен: экскурсанттарды орналастырумен, жолнамалар мен мерзімді туристік баспасөзбен, жарнамалық науқандармен, банк операциялары мен шетелдік валютаны айырбастаумен айналысқан. Томас Кук 1892 жылы дүниеден озды, оның ісін баласы мен серіктестері жалғастырды. Компания іс-әрекет көлемін әлдеқайда кеңейтті, енді бұл ірі қаржы институтына айналып, саяхатшылар үшін жол чектерін шығаратын болды. Осындай чектерді қауіпсіз ақша деп айтуға болады, бұл ғасырдың нағыз өнертабысы. Бүгінгі таңда «Томас Кук» компаниясының әлемнің барлық елдерінде 12000 туристік агенттігі бар, олар жыл сайын 20 млн туристерге қызмет етеді.
Т.Кук бюросы туристке қызметтердің толық кешенін ұсынған. Туристер үшін қонақүйлер брондалған, әртүрлі жеңілдіктер жасалған, Палестинаға, Қырымға, Кавказға жаңа маршруттар әзірленген.
Кук компаниясының үздік жұмысы Англиядан басқа еуропалық мемлекеттер (1905 жылға қарай Куктың саяхаттар бюролары бүкіл Еуропада дерлік болған), Еуропадан тыс елдер (мысалы, 1870 жылы Ніл бойымен саяхат жасағандарға қызмет көрсету орындарын ашуға бюро Египет үкіметінен концессия алған) туристерін өзіне тартқан.
1876 жылы Англияда 1929 жылы Кук компаниясына қосылып кеткен Wagons Lits компаниясы және Фреймз бен Генри Ланн туристік бюролары ашылды.
ХІХ ғасырдың ортасында Т.Кук ерекше көңіл бөлген қоғамның орта жіктері тек ХХ ғасырдың басына қарай туристік қызметтердің негізгі тұтынушыларына айналды. Бұлар қаржы капиталының пайызына немесе құнды қағаз дивидендіне өмір сүрген рантье еді. Тікелей өндірістік-кәсіпкерлік іс-әрекетпен айналаспағандықтан, туристік сапарларға жеткілікті бос уақыт пен қаржылар бөлген. Демалыстың ең таңдаулы жерлері Еуропаның бальнеологиялық және теңіз маңы курорттары болған.
Бүгінгі таңда Томас Кук заманауи туризмнің негізін салушы, туризмнің бірінші менеджері мен маркетологы және саяхатшылардың ұйымдастырылған бұқаралық қозғалыстарының мәні мен табыстылығын ұққан алғашқы адам болып есептеледі.
Басқа елдерде ашылған саяхат бюролары көп жылдар бойы Кук компаниясының бюроларына бәсекелестік жасай алмаған. Германияда алғашқы саяхат бюролары Берлинде 1854 (К.Ризель) және 1863 жылы (С.Штанген) ашылды, олар көбінесе, Германия (Гамбург)-Америка теңіз жолында қызмет көрсетумен айналысқан [56]. 1987 жылы Римде Пиана Перукка фирмасының ықпалымен алғашқы итальян саяхат бюросы ашылды [70]. Құрама Штаттарында American Express тек 1918 жылы [70] ХІХ ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарында пайда болған ұсақ кәсіпорындарының [56] негізінде ұйымдастырылған. Барлық саяхат бюролары үшін теміржол және кеме компаниялары және дирекцияларымен ынтымақтастық жасау маңызы ерекше, ал өз жағынан, көлікшілер үшін саяхатшылардың олардың қызметін пайдалану кепілдігі осы ынтымақтастықты қолдау себебі болған.
Халықаралық, отандық, тіпті, аймақтық туризмінің дамуында, бұрын айтылғандай, индустриялану мен урбандану үрдістері маңызды рөл атқарды. Қалалардың қарқынды дамуы ХІХ ғасырдың басында басталып, осы күнге дейін жалғасуда, ал оның көрсеткіші – әлем халқы санының жалпы өсуінен әлдеқайда озып келе жатқан қала халқының артуы.
ХІХ ғасырдың басынан бастап ХХ ғасырдың бірінші жартысының соңына дейін әлем халқының саны 2,64 есе көбейсе, 5 мың тұрғыннан асатын қалалардың халқы 26,3 есе өсті. 1800 жылы осындай қалаларда әлем халқының 7,1 %-ы, 1850 ж. – 13,0 %-ы, 1900 ж. – 28,3 %-ы, 1950 ж. – 63,8 %-ы тұрған [12].
ХІХ ғасырдың бастапқы жылдарында қаржы жағынан бай қала тұрғындары курорт салты бұдан бұрынғы ғасырда қалыптасқан сауықтыру орындарында демалуды қалаған. Ең белгілі курорттары Чехия, Рейн және Франция курорттары болған.
Курортшылардың келуі курорттардың экономикасындағы, бет-бейнесіндегі, кеңістік құрылымындағы өзгерістерді туғызған*. Көптеген курортты жерлерде тек қана қонақтарға қызмет көрсетуге арналған нысандар пайда бола бастаған. Әдетте, жақсы көркемделген, емдік құралдарымен жабдықталған, түнеу орындары, аспаздық азық базасы мен клубтық залдары бар курорттық үйлер ол кезде инвестицияларды салуға өте ұтымды болып табылған. Бірте-бірте курорттарда емделуге келген демалушыларға арналған сауықтыру орындары мен виллалар салынған, сонымен қатар, жергілікті тұрғындар қосымша бөлмелерді саяжайшылар мен басқа демалушыларға жалға беру үшін өз тұрғын үйлерін реттеп, қалпына келтіріп қажетті құрылыс жүргізген. Курорттық жерлерде бірнеше қабатты үйлер саны көбейген. Кейбір жерлерде келушілерге қызмет көрсетуге арналған құрылыстар әкімшілік шекараларынан тыс аумақтарға шығып кететін болды. Кейін мұндай жерді курорттар аумағына олардың бөлек кварталдары ретінде кіргізген. Көптеген онжылдықтар бойы тыйылмайтын «шипалы суларға сапар жасау» сәні судың жаңа көздерін іздестіруге, жаңа «ескі» көздердегі судың шипалық қасиеттерін анықтауға бағытталған геологиялық зерттеулерді ынталандырған. Жаңа су көздерінің жанында жаңа курорттық кенттер бой көтерген. Олар курортшыларға қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарған [12].
Курорттардың дамуы ең алдымен, қала тұрғындардың үлкен жігіне демалыс мақсатымен қырға шығу мүмкіндігін берген теміржол қатынастарына байланысты болды. Ж.Бежо-Гарнье мен Ж.Шабо [12] қала тұрғындарының ХІХ ғасырда демалысқа бару қарқындылығын «көлік құралдарының демократиялануымен» байланыстырады. Бұрын басым болған ақсүйектер мен буржуазиядан басқа, табысы орташа саяжайшылар мен курортшылардың курорттарға келе бастауының нәтижесінде көптеген қарапайым қонақүйлері мен басқа туристік нысандар салынды. Яғни, туристік базалардың жіктелген стандарты қалыптасты. Қонақтардың келу қарқынының салдары болып табылатын туристік жабдықталу арқасында жаңа еңбек орындары пайда болды, ал жаңа инфрақұрылым курорттық кенттерге қалалық бейнесін келтірді. Оларға бірте-бірте қалалық құқықтар берілді.
Кейбір авторлардың баяндауынша [12], сауықтыру орындары оның маңында қалалық жұрттың шоғырлануы мен курорттық жердің қол жетерлігі жағдайында ғана қала болып кеткен. Мұндай құбылыс ең алдымен, Орталық және Батыс Еуропада орын тапқан. Қалалардың желісі нашар дамыған елдерде (мысалы, Оңтүстік Америкада), шипалы сулар емдік мақсатында кең пайдаланса да, бұған ұқсас үрдістер байқалмаған. Қала тұрғындарының үлесі жоғары болса да, Құрама Штаттарында курорт жерлерінің қала болып кетуі сирек байқалған. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы

_________


* Замандастар (олардың ішінде И.Г.Коль) курортты жерлерде мәдениет пен қоғамдық өзгерістеріндегі келушілердің рөлін ерекше белгілеген.

жылдарында бұрынғы курорттарының көбі өздерінің бір қалыпты тек емдеу ғана сипатын жоғалтып, көп функциялы курорттық жерлерге айналды. Сонымен қатар, мұндай үрдіс қала тұрғындарының рекреацияның басқа формаларын да қажет етуіне байланысты деген пікір бар [12]*. Демалыс қалалары (рекреациялық қалалар [12]) өте жоғары индустриалданған және урбанизацияланған елдерде пайда болды.


Бұл мезетте туристік жерлер картасында теңіз маңындағы шомылу орындарының функцияларын орындайтын жаңа кенттер пайда болды. Олар әсіресе 1850-1870 жылдары қарқынды дамыған. Ұзақ уақыт өтпей олар қала құқығына ие болды. Осындай теңіз маңындағы шомылу орындары динамикасының факторларына: а) жайлы табиғаты (климат, жағажай сипаты, теңізге жақын орналасуы, көрікті айналасы, мысалы, ормандар, көркем ландшафт); ә) коммуникациялық қол жетерлік; б) ірі қалалар шоғырланған жерде орналасуы** жатты.
Теңіз маңындағы елдерде әрбір ірі қаланың «өзінің», кейін уақыт өте қалаға айналатын жағажайлық шомылу жерлері болған. Мысал ретінде, бұрыннан Лондонның жағажайлық орны болып келетін қазір 200 мың тұрғыны бар Брайтон, Нью-Йорк тұрғындары үшін жағажайлық шомылу орны болған Атлантик-Сити, Бордо тұрғындары үшін Роайан мен Аркашон немесе Монпелье үшін Палавас қалаларын атауға болады [12]. Париж тұрғындарының келуі арқасында кейбір атлантикалық (мысалы, жаңа туристік функцияларын орындағандықтан треска аулау кәсібінің тоқырауына байланысты экономикалық дағдарыстан аман қалған ескі балықшылар порты Сабль-д′Олон) және Ла-Манш бұғазының жағажайлары (Девилл, Трувилл, Ле-Токе-ле-Пари-Пляж) дамыған. Ла-Манш маңының дамуында британдықтардың демалысқа ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап келуі маңызды рөл ойнаған.
Біз қарастырып отырған кезеңде қала тұрғындарының тауға саяхат жасауы теңіз курорттар мен жағажайларға баруымен салыстырсақ, сирек болған. Олардың саны ғасырлар қиылысында ғана өсе бастаған. Алайда, бастапқыда мұндай сапар жасау нәтижесінде қалалар пайда болған жоқ. Кейінірек, қысқы спортпен айналасатындардың саны көбейгенде, оларға сәйкесті құрылыстар мен жабдықтар қажет болды. Осыған орай, қысқы тау спорты орындарында кішігірім қалалар да қалыптасты [12].
_________
* Ж.Бежо-Гарнье мен Ж.Шабо бойынша [12], «қалалардан қашу үшін қалаларды салу парадокс болып көрінеді. Жалғыз функциясы басқа қалалардан келген жұртты күту мақсатында қалалар салынуда».
** Дегенмен, кейбір жағдайларда теңіз шомылу орындарының дамуына алыстан келетін туристер себеп болған (мысалы, Майами).
Туристік келулердің өсуі кейбір жерлерде олардың демографиялық жағдайына да әсерін тигізді. Туристік станцияларда, курорттарда, жағажайларда тұрақты тұрғындардың саны өседі, ал туристік функциялардан құр қалған көршілес өңірлерде халық саны азаяды. Бұл құбылыс француз жерортатеңіздік жағалауында өте айқын байқалған. 1880-1905 жылдары қысқы маусым (қазаннан мамырға дейін) туризмінің өркендеу кезі болған. Мұнда бүкіл Еуропадан ақсүйектер мен буржуазия өкілдері мен американдықтар ағылған. Жылдан-жылға демалушылардың көбеюі белгілі демалыс орындарының дамуына ықпал жасады. Қонақүйлер, мейрамханалар, сауда мекемелері, ойын-сауық орындары, т.б. қызметкерлерді қажет еткен сайын жергілікті тұрғындардың саны да өсе берді [19], мысалы 1870 жылы Канны қаласында 10 мың тұрғын болса, 1914 жылы 30 мың [13], Монакода 1961 жылы 1200, 1913 жылы – 23 мың тұрған. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша [19], тек осы дәуірде ғана туризм Көкшіл Жағаның демографиялық дамуының нағыз қозғаушы күші болған. Кейінгі жылдары бұл аумақта туризм ықпалы осындай айқын байқалмаған.
Осындай құбылыс Атлант мұхиты маңының курорттық жерлерінде де көрініс тапқан, мысалы, Биарицте халық саны 1851 жылғы 2048 тұрғыннан 1912 жылы нағыз қалыптасқан қала болғанында 18260-қа дейін өсті.
Альпінің шектелген коммуникациялық қол жетерлігі ХІХ-ХХ ғасырлардың қиылысында туристердің көбінесе, Берн мен Савой Альпінің (Монблан массивы) бауырайындағы бірлі-жарым альпілік орталықтарына ғана келуінің себебі болған. Туристік маусым мұнда ұзақ болмаған (әдетте, шілде-тамыз), туристердің саны аз болған. Осы себептен мұнда теміржолдарының желісі салынғанға дейін халық санының азаюы байқалған. Өз жерінде жұмыс таба алмай, тұрғындары жазықта орналасқан қалаларда еңбек орындарын іздеген. Сол сияқты, кейбір курорттарда демалыс функциялары олардың демографиялық дамуына үлкен әсер тигізбеген. Жалпы мұндай құбылыс туризммен бірге экономиканың басқа саласы дамымаған кезде байқалған (мысалы, Савойядағы Бриде-ле-Бенсте, курортшылардың келуіне қарамастан, халық саны азайған). Туристік қызметтермен бірге басқа да еңбек орындары бар жерлерде (ең болмағанда, минералдық су құйылатын цех) халық саны өскен (мысалы, Виши, Эвиан) [19].
Жаңадан пайда болған курорттық қалалар мен демалыс қалаларының кеңістік құрылымы күрделі келген. Бұрынғы ауылдық (таулы аймақтарда) немесе балықшы (жағалауда) кенттердің негізінде қалыптасатын елді мекендердің көбі ескі орталығының айналасында дамып өскен. Осындай ескі «ядро» бұзылмаған, ал ғимараттарды туристерді қабылдауға лайық қылу олардың стандарттарын жоғарылату арқылы іске асырылған. «Ядроның» айналасында келушілерге қызмет көрсетуге арналған виллалар, пансиондар мен қонақүйлер салынған. Кейде ғана, келетін туристердің саны өте үлкен болса, бұрынғы тарихи «ядросы» жойылып, оның орнын жаңа құрылыстар алған (мысалы, Биариц) [12].
Қала тұрғындарының мерзімдік демалысқа немесе курорттарға баруымен бірге ХІХ ғасырдың екінші жартысында апта сайын болатын демалысқа (weekend) байланысты рекреацияның жаңа формасы дүниеге келді. Ол кездің өзінде қалалық буржуазияның үйлерінен онша алыс емес ауылды жерде орналасқан меншікті резиденциялары болған. Осындай объектілерде кейде каникул өткізген, бірақ олар ең алдымен, сенбі-жексенбі күндеріндегі демалысқа арналған [19, 33, 115]. ХХ ғасырдың басында осындай нысандардың саны тез өскен және иелерінің әлеуметтік ауқымының кеңеюіне байланысты, олардың көбі бұрынғыдан қарапайым бола бастаған. Францияда осындай объектілер, әсіресе, Альпі аймағында жиі кездескен [74]. Олар бүкіл әлемде кең тараған «екінші баспанаға» ие болу үрдісіне жол ашқан.
Дамып келе жатқан коммуникациялар желісі жеңілдеткен қала халқының демалыс мақсатындағы миграциялары туристік аумақтардың ландшафттары мен табиғи ортаны әлдеқайда өзгертті және олардың қасиеттеріне ыдырау қауіпін төндіретін болды. Туристер көпшілігінің келуі мен шоғырлануының кері салдарларына қарсылық жасау үшін ең алдымен, ландшафт көріктілігімен немесе жоғары туристік дәрежесімен туристерді ең көп тартатын аумақтарды қамтитын мемлекеттік немесе аймақтық қорғау шаралары қолдана бастады. Осындай шаралардың ішінде американдық Йеллоустон ұлттық саябағының ашылуын (1872), 1895 жылы Англияда құрылған Тарихы мен табиғаты қызықтыратын жерлерді қорғау қоғамының (The National Trust for Places of Historic or Natural Beauty)* іс-әрекетін немесе 1906 жылғы айнала ортасын, жерлерін және табиғи ескерткіштерін қорғау туралы француз заңын атап көрсетуге болады [94]. Тарихи және табиғи жағынан құнды болып табылатын аумақтарды қорғау қажеттілігін мойындаған мемлекеттердің саны өсуде. Шаруашылық іс-әрекеттерін шектеу, туристік қозғалыстарды ұйымдастырылған формалар арқылы жүргізу осындай аумақтарды бұрынғы қалпында, яғни болашақ ұрпаққа сақтап қалу кепілі тұғын.
Көбінесе, қалалар мен өнеркәсіп аудандарының тұрғындары қатысатын
туристік қозғалыстың өсуіне жұмыстан бос уақытының бірте-бірте көбеюі өзінің ықпалын тигізді. Бұл ересектердің де, кәмелетке толмағандардың да жұмыс уақытын қысқартқан әлеуметтік заңнаманың жетілдірілуі нәтижесі болған. ХІХ ғасырдың басында өнеркәсіп жұмысшылары жексенбілеріне қоса, күніне 14-16 сағат жұмыс істеуге міндетті болған. Жұмыскерлік және кәсіподақ ұйымдары іс-әрекетінің нәтижесінде көптеген елдерде күндегі және аптадағы жұмыс уақытын қысқартатын үкімет заңдары қабылданған. Осындай ең алғашқы заңдар әуелі Англияда (1833, 1844, 1848 жылдарының заңдары), одан кейін Францияда (1848, 1898 жылдары), Германияда және Құрама Штаттарында қабылданған. Жалпы, экономикалық жақсы дамыған елдерде орташа есептегі жұмыс уақыты 1850 жылдан 1950 жылға дейінгі кезеңде
__________

* В.Шафер. «История охраны природы в Польше и в других странах» [В:] «Охрана природной среды человека», Варшава, 1973.


аптасындағы 80-90 сағаттан 40-48 сағатқа дейін қысқарды*. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында сегіз сағаттық жұмыс күні экономиканың кейбір салаларында Құрама Штаттарында, Ұлыбритания мен Германияда енгізілді, ал соғыстан кейін барлық мемлекеттерде қабылданды деп айтуға болады.
І дүниежүзілік соғыс басталмай-ақ жұмыскерлерге ақысы төленген кезекті демалыс берілуінің кепілі жөнінде әңгіме қозғалған. Алдында кейбір санаулы кәсіпорындарда осындай демалыс берілетін. Өз қызметкерлеріне он күндік ақысы төленген демалысты 1900 жылдан бастап, ең алғашқы берген француз Compagnie du Métro de Paris кәсіпорыны болған. Жұмыскерлердің көпшілігіне ақылы демалысты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет ауқымындағы заңнамалық іс-әрекет 1905 жылдан кейін ғана басталған [19].
Екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы кезеңде көптеген елдердің еңбек заңнамалары қызметкерлердің ақылы демалыстарын есепке алған. Демалыс пен рекреация үшін құқықтық актілердегі басқа да қаулылар (әлеуметтік қамтамасыздандыру, зейнеткерлік жас мөлшері, т.б. жөнінде) маңызды болды.
Күннен күнге күшейіп келе жатқан туристік қозғалыс және оған байланысты әлеуметтік-экономикалық мәселелердің пайда болуы бұл салада тиімді саясат жүргізуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық формаларды қалыптастыруға итермеледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап туристік қоғамдар мен ұйымдар қалыптасуда және іс-әрекет сипатына байланысты олар жергілікті, аймақтық немесе жалпыұлттық көлемде ісін атқарады.
Алғашқы болып тау туризмімен айналысқандарды біріктіретін ұйымдар: British Alpine Club (1857 ж.), «Өз еліңді танып біл» атты норвег ұйымы (1861 ж.)**, Osterreichisher Alpenverein (1862), Schweizer Alpen Club және Club Alpino Italiano (1863), Deutcher Alpenverein (1869 ж.), Галициялық Татры ұйымы мен Magyaroszági Karpategyesület (Ungarischer Karpathenverein) (1873), Club Alpin Français (1874 ж.) бірінен кейін бірі дүниеге келді.
Осы ұйымдар мен соңынан қалыптасқан мекемелер насихаттау, ұйым мүшелері үшін әртүрлі шараларды ұйымдастыру мен қызмет көрсету, ең алдымен түнеуге орналастыру мәселелерімен айналысқан. Бұл ұйымдардың өз меншікті объектілері, мысалы, туристік базалары, демалыс орындары, күркелері т.б. болған. Оларға апаратын арнайы жолдар салынған [66].
Осындай қоғамдық ұйымдармен қоса іс-әрекеті туризмнің шаруашылық функцияларымен байланысты қоғамдар орнады. Кейбіреулері салалық, ең алдымен қонақүйлік сипатқа ие болған. Осындай қонақүй иелерін біріктіретін ұйымдардың алғашқылары Швейцария (1882 ж.) мен Австрияда (1886 ж.) ашылды.
Алайда, туризмді экономикалық белсендірілу элементі ретінде түсінетін ұйымдардың іс-әрекеті бұлардан әлдеқайда ауқымды келген. Алғашқыда __________
* Жұмыстың жалпы уақыты ХХ ғасырдың басындағы 3900 сағаттан қазіргі 1600-1700 сағатқа дейін қысқарды.
**Р.Лазарек бойынша [66, 236-бет].
жергілікті танылған осындай ұйымдар уақыт өте өз әрекетін аймаққа, кейін бүкіл ел аумағына таратқан*. Осындай бірлестіктердің басты міндеттері белгілі аймақтар мен жерлер туралы ақпарат беру мен осы жерлерге демалуға шақыру, туристік құндылықтарды қорғау, демалысты ұйымдастыру, т.б. болған. Алғашқы бірлестіктер Швейцарияда ұйымдастырылған (1871 мен 1872 жылдары) [66]. Францияда осындай бірлестік 1889 жылы Гренобль қаласында қалыптасқан (Syndicat d′initiative) [19]. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарында осындай бірлестіктер Австрияда (1884 ж.), Финляндияда (1887 ж.), Данияда (1888 ж.) және Югославияда (1990 ж.), ал ХХ ғасырдың басында Еуропаның басқа елдерінде пайда болды. Сөйтіп, 1900 жылы Еуропада 71, ал соғыстар аралығында жүздеген осындай бірлестік өз жұмысын жолға қойған**. Еуропадан тыс елдерде осындай ұйымдар туризм дамуында, әсіресе, бұл салаға мемлекеттік органдар терең кіріспеген кезде, өте маңызды рөл атқарған.
Мемлекет билігі туризм (көбінесе, шетелдік туризм) мәселелерімен тек ХХ ғасырдың басында ғана айналыса бастады. Басқа елдерден бұрын бұл іске Жаңа Зеландия мемлекеті кірісті: мұнда 1901 жылы Қоғамдық жұмыстар министрлігінің жанында туризм бойынша, алғашқы мемлекеттік орган ұйымдастырылған. 1910 жылы Францияда Қоғамдық жұмыстар министрлігінің жанында Жалпыұлттық туристік басқарма (Office National de Tourisme), ал 1911 жылы Испанияда Туризмнің Корольдық комиссариаты ұйымдастырылды. Кейін осындай мемлекеттік мекемелер І дүниежүзілік соғысқа дейін Португалия, Швейцария мен Голландияда пайда болды, ал екі соғыс арасында олар ерекше дамыған. Дәл осы кезеңде Еуропа және Еуропадан тыс елдерінде туризм бойынша 30 мемлекеттік органдары тіркелген [66]. Халықаралық туризмнің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қарқынды дамуы тұлғалардың қозғалысы ережелерінің ырықтандырылуына, жеңілдетілінуіне байланысты болған. Елге кіргенде шетелдік паспортқа ие болу міндеттілігін жоятын алғашқы заң акты – 1862 жылы 17 желтоқсанда қабылданған испан декреті болған. Неміс жерінде мұндай заң 1867 жылдан бастап қолданылады. Осындай қаулылар басқа да Еуропа мен әлем елдерінде қабылданды. І дүниежүзілік соғыстан кейін паспорттық және визалық режимның енгізілуіне байланысты, жүріп-тұру жағдайы қиындап кетті. Осындай қатаң визалық режим, Ұлттар Лигасының көптеген ұсыныстарына қарамастан, отызыншы жылдар соңына дейін сақтала берді.
Туризм жөнінде толық статистикалық материалдарының болмауынан, 1939 жылға дейінгі туризмнің кеңістіктіктегі орналасуын егжейлі-тегжейлі түрде талдау мүмкін емес.
Қолдағы дерекнамаларға [63] сүйенсек, І дүниежүзілік соғыстың алдында Норвегияға 46 мың (1912 ж.), Францияға 300 мың шетелдік турист (1913 ж.) __________
* Бұл қоғамдардың атаулары әртүрлі болған: даму бірлестіктері, туристік насихат қоғамдары, жерді көркемдеу қоғамдары, инициатива синдикаттары, курорттық комиссиялар және т.б.
** 1937 жылы олар 39 елде жұмыс істеген [66].
келіпті. Осы дәуірде Швейцарияға (онда 1912 жылы қонақүй объектілерінде 168625 төсек орны болған) да жүздеген мың шетелдік турист келіп жүрген*. Экономикасы нашар дамыған және тұрмыс деңгейі төмен елдерде буржуазияның шамалы ғана жіктері жергілікті және шетелдік туризммен айналысқан. Мұндай елдерде туристік қозғалысы да, туристік базасы да өте нашар күйде қалған. Мысалы, патшалық Ресейде** 1913 жылы 60 санаторийлерде [1] 3-ақ мың орын және өте қарапайым қонақүйлердің желісі болған***. Қара теңіз ауданында бай ресейліктердің меншігіндегі біршама жайлы вилла орналасқан.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем туризмі «демократияланды» [53, 63], яғни ол екі соғыс арасындағы кезеңде көпшілік, бұқаралық сипатқа ие болды. Туристік қозғалыстың ең жоғары қарқындылығы 1929 жылы байқалды. Туристердің белсенділігіне отызыншы жылдардың басында болған экономикалық дағдарыс өзінің кері әсерін тигізді. Дағдарыстың салдары әсіресе, Австрияның туристік аясында орын алды: 1928 жылмен салыстырғанда, 1934 жылы бұл елге келген туристер саны 70 % төмендеді. Францияға 1933 жылы 1929 жылдан 50 %-дан аз шетел туристі келді. Швейцария (1928-1932 жылдары шетел туристерінің саны 32 %-ға азайды азайды), Италия (1928-1931 жылдары төмендеуі 36 %) мен Югославияда экономикалық дағдарыстың әсері төмен болды деп айтуға болады. Дағдарыстан кейінгі жылдары туристердің саны едәуір өссе де, жиырмасыншы жылдардың соңындағы көрсеткішке жете алмады. Гитлершіл Германия, Италия мен Жапония туғызған саяси тұрақсыздық та халықаралық туризм ахуалына өзінің кері әсерін тигізді.
Шетелдік туризмнің дамуы туристік базаның қалыптасуына өзінің әсерін тигізеді. 1924 жылы Италияда 234056 түнеу орны бар (көбінесе, төменгі дәрежедегі объектілердегі) төсек саны бестен асатын 9806 қонақүй тіркелген. Сонымен қатар, төсек саны беске жетпейтін 17269 шағын қонақүйлерде, 1492 маусымдық шағын қонақ үйлердегі 45952 жалға берілетін бөлмелерде (60430 төсек-орын) туристік қызмет көрсетілген [21]. Швейцарияда шетел туристері үшін 1929 жылы 202154 түнеу орны бар 7606 қонақүй, 1939 жылы 195641 төсек-орынды 7371 қонақүй болған. 1936 жылы Австрияда 366,7 мың төсек-орны бар 10833 қонақүй істеген. Америка Құрама Штаттарында үлкен қонақүйлердің саны жоғары болған (300 номерден асатын қонақ үйлер –
__________

*Салыстыру үшін: 1880 жылы – 58137 төсек орны, 1884 жылы – 88634 төсек орны [14].


**Ең ескі ресей курорттары – Кавказ Минералдық Сулары (1803 ж.), Кисловодск (1820 ж.), Сергеев Минералдық Сулары (1833 ж.), Ессентуки (ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарының соңы). Бұл сауықтыру орындары тек Ресей жұртына ғана қызмет көрсетті деп айтсақ та болады [2].
***1913 жылы ресей курорттарындағы демалушылардың арасында 41,9 % помещиктер, 23,8 % буржуа, 23,8 % шенеуніктер мен 10,5 % әскери қызметкерлері болған [4].
қонақүй объектілерінің жалпы санының 1,8 %-ын, 100-300 номерлі – 8,4 %-ын, 50-100 номері бар – 15,4 %-ын құраған).
Туристік құбылыс ұзақ тарихы бар салтқа айналған елдермен бірге, шетел туристері басқа мемлекеттерге де келе бастаған. Еуропада бұл жағынан отызыншы жылдарда Еуропа мен әлемнің ең маңызды туристік аймағына айналған Скандинавия түбегін атап айтқанымыз жөн болар. Норвегия (1938 жылы 269 мың шетел туристі) мен Швеция (1936 жылы 203,3 мың) алдыңғы қатарда болса, Финляндия сәл артта қалған (87,8 мың). Осы аймақтың шетелдік туризмінде Скандинавияның бөлек елдері арасындағы ішкі миграциялары маңызды орын алған (45 % жақын).
Отызыншы жылдары халықаралық туризмде Грецияның маңызы арта түсті. 1926 жылы мұнда 27,6 мың шетел туристері келсе, 1937 жылы 145,4 мың турист тіркелген. Еуропаның басқа елдерінің ішінде Венгрияны атау қажет. Туристер көпшілігі Будапешт (1927 жылы 94,9 мың, 1937 жылы 182,7 мың турист) пен Балатон маңына барған.
Азияда туристік келулердің ең үлкен саны Жапонияда тіркелген (1935 жылы 675,3 мың). Алайда, Жапонияда сәл ұзақ мерзім (2 аптадан 3 айға дейін) туристердің 6,4 %-ы ғана уақытын өткізген. Ал келушілердің ең үлкен жігі (74 %) қысқа уақытқа Жапон порттарында аялдамалап, ол кезде экскурсияға қатысқан жолаушылар болған. Азияның басқа аймақтарынан бұрынғы Голландиялық Үндістанды (қазіргі Индонезия) атап айту керек. Мұнда 1934 жылы 88,2 мың, 1936 жылы 103,2 мың турист келген.
Басқа құрлықтар туралы айтсақ, шетелдік туристердің келуі Тунисте, Мароккода, Алжирде, Аргентинада, Бразилияда, Мексикада, Америка Құрама Штаттарында, Канада мен Австралияда тіркелген. Сол кездің өзінде Гавай аралдары толық қалыптасқан туристік аймақ болған: мұнда 1939 жылы 25 мыңға жуық туристерді қабылдаған.
Еуропадағы туристік миграцияларға қатысушылардың арасында немістер, ағылшындар мен американдықтар басым, ал кейбір елдерге көршілес мемлекеттерден келген туристердің саны ойдағыдай үлкен. Мысалы, 1939 жылы Австрияға келген 998,3 мың шетел туристердің ішінде 23,6 % чехтер мен словактар, 15,1 % немістер, 10,7 % венгрлер болды, ал одан кейін тұрған ағылшындардың үлесі 9,1 % құрады. 1937 жылы Чехословакияда 549,8 мың тіркелген шетелдіктердің арасында – 32,5 % немістер мен 23,2 % австриялықтар. Швецияға Скандинавиядан тыс жерлерден келген туристердің ішінде (1936 жылы 106,5 мың адам) 40,6 % Германиядан, 18,0 % Англиядан және 14,6% Құрама Штаттарынан келген туристер. 1937 жылы Францияға келген 900 мың шетел туристердің ішінде ағылшындар мен американдықтардың саны әлдеқайда басым болған. Туристердің Азия елдеріне келу құрылымы сәл басқаша еді. Жапонияға келген шетел туристердің арасында қытайлар (45 %), тек олардан кейін американдықтар (28 %) мен ағылшындар (22, 5 %) көп болыпты. Бұрынғы Голландиялық Үндістанда (Индонезияда) қытай туристерінің үлесі 68,6 %, ал голландықтардікі тек 17,9 % құраған.
Шетелдік туризммен бірге көптеген елдерде жергілікті, ішкі туризм де дами бастаған. Тиісті статистикалық материалдар болмаса да*, қолдағы деректерге сүйенсек, туристік қозғалыс балансында жергілікті туризмнің басымдылығы көзге түседі, мысалы, 1937 жылы Чехословакияда тіркелген 4,3 млн туристердің арасында 0,5 млн ғана (12,6 %) шетелдіктер болыпты. Тек Венгриядағы статистика өзгеше болған: 1927 жылы Будапештке келген туристердің арасында (туристердің жалпы саны 260,9 мың) шетел туристердің үлесі 36,4 % құрады. Алайда, 1936 жылы (туристердің жалпы саны 259,8 мың) шетелдіктер саны 52,3 %, ал 1937 жылы (туристердің жалпы саны 278,9 мың) 65,5 %-ға жеткен.
Венгрияда ғана шетел туристерінің түнеу саны басым болған, басқа елдерде жергілікті туристердің түнеу саны арта түскен. Дегенмен, кейбір елдерде түнеуге тоқтаған шетелдік туристердің саны жоғары болған (әсіресе, Швейцария, Австрия, Югославияда).
Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысы аралығында Кеңес Одағы азаматтарының туризм мен демалысы қарқынды даму көрсеткіштеріне ие болған**. Бұл үрдіс сегіз сағаттық жұмыс күні***, ақылы демалыс пен денсаулық сақтау жөніндегі 1919 жылдың наурыз айында шыққан В.И.Ленин декреттерінен басталды [1, 2, 90]. Денсаулық сақтау туралы декретпен қатар мемлекеттік курорттар желісі туралы декрет (20.03.1919 ж.) және оны толықтырған демалыс үйлері туралы декрет (13.05.1921 ж.) қабылданды [1, 2]. Аталған заң актілері курорттық аумақтардың дамуына өз үлесін қосты (1919 жылы КСРО-да 4999 түнеу орынды 5 курорт, ал 1920 жылы 48433 төсек-орны бар 22 курорт қызмет көрсеткен). 1921 жылы курорттарда 65515 төсек-орын тіркелді [2], ал санаторлық база қазірге дейін қоғамдандырылған түнеу базасының құрылымында ең үлкен орын алады. 1939 жылы қоғамдандырылған нысандарда 453 мың түнеу орны, оның 53 %-ы (240 мың) санаторийлерде, 43 %-ы (195 мың) демалыс үйлер мен пансиондарда, 4 %-ы (18 мың) туристік базалар мен альпинистік лагерлерде тіркелді. Санаторийлердің саны 1913 жылдағы 60-тан 1939 жылы 1840-қа дейін өсті [2, 9]. Балалардың таңдаулы демалыс орындарының ішінде пионер лагерлері болған, біріншісі – Бүкілодақтық Артек пионер лагері – 1925 жылы ашылды. Демалушылардың ең көп келетін туристік аймағы Қырым болған. 1928 жылы Қырым курорттарында
110 мың демалушы тіркелді, оның ішінде 81,8 %-ы санаторийлер мен қонақүйлерге келген, 18,2 %-ы ғана меншікті пәтерлерді жалдаған. 1938 жылы
__________
*Ресми туристік статистика тек отызыншы жылдары енгізіле бастады.
**Бұл дәуірде КСРО-ға келген шетел туристерінің саны шамалы болған (1929-1938 жылдары 100 мыңға жуық шетелдіктер тіркелген) [3].
***1913 жылы Ресейде жұмыс уақыты аптасына 58,5 сағат, яғни күніне 9,8 сағат болған.

Қырымның сауықтыру орындарына келген туристер саны екі есе артты (270 мыңға жуық*) [1]. Отызыншы жылдарда Кеңес Одағында курорттық аймақтарды дамыту бойынша жоспарлау, оның ішінде: Қырымның оңтүстік жағалауын (1932 -1935 ж.), Сочи-Мацеста аймағын (1933-1936 ж.), Кавказдың Минералды Сулар орындары тобын (1936 ж.) игеру жоспарларын жобалау жұмыстары басталды. Жаңа курорттардың жобалары әзірленді, осындай жобалардың көбі 1923 жылы ашылған Орталық курортология мен физиотерапия ғылыми-зерттеу институтында жасақталды**.


Қорыта келе, ХХ ғасырдың басы бұқаралық туризмнің қалыптасу кезеңі деп айтуға болады. Бұл үрдіс әсіресе, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ынталандырылды. Туризм тарихшылары бұл кезеңді бұқаралық және әлеуметтік туризмнің пайда болуымен үйлестіреді. Халықтың үлкен жігі туризммен айналысатын, болмаса туризммен айналасуға мүмкіндігі бар елдердегі туризмді бұқаралық туризм деп атай аламыз. Бұл жағдайда өздерінің қаражаттарына орай туризмнің ең арзан түрлерін таңдайтын байлығы орташа халық топтары туризм құбылысына қатысады. Әлеуметтік туризм дегеніміз – қаражаты шектелген адамдар үшін мемлекеттік не басқа бюджет көздері қаржыландыратын саяхаттар. Әлеуметтік (қаржыландырылатын) туризм жүйесі Германия, Франция, Швейцария мен КСРО елдерінде аздаған өз ерекшеліктерін сақтап жүзеге асырылды.
Туризм түрлері мен формаларының саны да көбейе берді. Демалыс пен ойын-сауыққа, емделуге, танымдық мақсатында, көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысу тұрғысында сапар шегу кең тараған құбылысқа айналды. Көліктің жаңа түрі – автомобильдің пайда болуына байланысты, 1920 жылдардан бастап, алдымен АҚШ-та, кейінірек Еуропада дербес саяхаттардың қызықты түрі – «хитч-хайтинг» (бізге ол «автостоп» атауында танымал) пайда болды.
Тағы бір жайт – кейбір Батыс елдерінде мемлекеттік туризм басқару органдары мен үкіметтік емес коммерциялық және қоғамдық туристік ұйымдар қалыптасты. Көптеген себептер, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық факторлар, туристік сұраныстың түпкі өзгерістеріне әкеліп соқты. ХІХ ғасырдың ақсүйектер (аристократиялық) туризмінің орнын демократиялық, бұқаралық туризм басты.

__________


*Соғыс аралығында Кеңес Одағындағы туристік қозғалыс жөніндегі деректер жоқ. Отызыншы жылдары одақтық туристік миграцияларда 2 миллиондай адам қатысты деп тұжырымдалады.
**Л.Г.Дзиско, Е.А.Знаменская, Н.А.Шкляев «Курортное строительство в СССР» (Градостроительные проблемы). – М., 1975.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет