Туризм тарихы



бет8/66
Дата14.03.2023
өлшемі1,92 Mb.
#73947
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   66
Байланысты:
treatise22711

Қайталау сұрақтары

  1. Аристократиялық (ақсүйектер) туризмі мен бұқаралық туризмнің айырмашылығы неде?

  2. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы туризм дамуының ең маңызды факторларын атап, оларға сипаттама беріңіз.

  3. Алғашқы темір жол қашан және қай жерде салынды? Темір жолдарының туризм дамуына тигізген әсері жөнінде айтып беріңіз.

  4. Ең бірінші автострада қашан және қай жерде пайда болды? Автомобиль жолдарының туризм дамуына тигізген әсері жөнінде айтып беріңіз.

  5. Кім және нешінші жылы туристерді авиакөлікпен тасымалдауын ұйымдастырды? Авиацияның туризм дамуындағы маңызы қандай?

  6. Томас Куктың қандай әрекетімен аты шыққан? Т.Кук немен айналысқан?

  7. Марк Твен қандай туристік сапарға қатысқан және ол туралы қандай кітабында жазған?

  8. Курорттар қай мезетте және қай себептен көп функционалды туристік жерлерге айналып кетеді?

  9. Курорттық қалалардың кеңістіктегі құрылымы қандай болған?

  10. Қашан, қай жерде және қандай мақсатта әлемдегі алғашқы ұлттық саябақ ашылды?

  11. Алғашқы туристік ұйымдардың іс-әрекеті жөнінде айтып беріңіз. Бірнешеуін атап шығыңыз.

  12. Алғашқы мемлекеттік туристік ұйымдар қай жерде пайда болды? Оларды атап шығыңыз.

  13. Әлемдік туризмнің І дүниежүзілік соғыстан кейінгі «демократиялануының» мәні неде?

  14. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы халықаралық туризмнің дамуына сипаттама беріңіз.

  15. КСРО Курортология институты қай жылы ашылған? Мұнда қандай жобалар әзірленді?

  16. Бұқаралық және әлеуметтік туризм деген не?

  17. «Хитч-хайтинг» деген не?



1.6. Қазіргі кезең

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда туризмнің даму болашағы екіталай болған еді. Бұл дәуірде соғыс кезінде зардап шеккен елдерде, әсіресе, Еуропада, мемлекеттік және шаруашылық органдары экономиканы қалпына келтіру мен жаңғырту мәселелерімен тығыз айналысқан-ды. Экономикалық қиыншылықтар шетелдіктердің келуі мен өз азаматтарының елден тыс шығуына шектеу салынуының себебі болды. Сонымен қатар күрделі саяси жағдай, әсіресе, капиталистік елдер мен социалистік лагерь арасындағы қақтығыстар мен араздық, әрине, шетелдік туризм дамуын қатты тежеді. Дегенмен, бұған қарамастан, қырқыншы жылдардың соңында халықаралық туризм жаңадан сергіп, жанданады. 1948 жылы 30 млн турист* тіркелген, оның ішінде 10 миллионы Еуропадан.


Қазіргі мағынадағы туризм ХІХ ғасырдың соңында пайда болып қалыптасса, оның нағыз қарқынды дамуына техниканың, технологияның, қоғамдық қатынастардың өркендеген кезі – ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана кең жол ашылып, туризм «ХХ ғасыр феномені» деген мәртебелі атаққа ие болды.
Құбылыстың кеңею мен өркендеу кезеңі 50-жылдарында басталған. Бұл кезең әлем шаруашылығының жаңа дәуіріне – «интеграциялық толқын» дәуіріне сәйкес келеді. Осындай жаһандану үрдісі барлық елдерде тарады. Оның шешуші факторы – жаңа өнеркәсіп революциясы еді.
Халықаралық туризмде туристік ағымдар жаһандық ауқымда өріс алып, алғашқы шекаралық өндірістік құрылымдар пайда болды. Халықаралық туризмнің қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына, халықаралық ынтымақтастыққа қосатын үлесі ұлғайды. Туризмнің біртұтас әлемдік нарығы қалыптасты. Халықаралық туризм есейіп жетілген формаларына ие болды деп айтуға болады.
1950 жыл соғыстан кейінгі халықаралық туризм дамуының шешуші кезеңі деп есептеледі. Содан бері туристік миграциялардың өсуімен бірге, арнайы туристік мемлекеттердің саны көбейді: 1949 жылы 50 жақын, 1950 жылы – 60, 1960 жылы – 80, 1965 жылы – 100, 1970 жылы – 115**. 1955 жыл шамасында халықаралық туризм нарығына кейбір социалистік елдер кірді, ал 1960 жылы осы елдердің барлығы халықаралық туристік қозғалыс статистикасына енді. Дәл осы кезде туристік картада жаңа елдер, әсіресе, Африка, Азия мен Мұхит аралдары елдерінің біршамасы орын тапты. 1960 жыл «Африка жылы» деп аталғаны кездейсоқ оқиға емес.
1960 жылдан кейін әлемдік туризм одан әры қарқынды дамыды. Бір жағынан, мұның себебі халықтың табыстарының өсуі, сонымен қатар, туристер алмасуы жөніндегі халықаралық келісімдерді жасау мен, әсіресе, паспорттық-визалық рәсімдердің жеңілдеуі арқылы жасанды саяси тосқауылдарды жою болды. Көптеген жағдайларда туристік ұсынысты қалыптастыру аясындағы үкіметтік және шаруашылық органдарының арнаулы іс-әрекеті де өз ықпалын тигізді.
__________
*АҚШ пен Канада арасындағы туристер алмасуымен бірге.
**Бүкіл соғыстан кейінгі кезеңде шетелдік туристерді қабылдаған елдердің ішінде шамамен 30 елдің үлесі ерекше болған (1950 жылы барлық туристердің 50 %-ы, келесі жылдары 30 %-ы).
Халықаралық туризмінің дамуымен бірге ұлттық туризм де қайта өркендеп, өте ауқымды көлемге жайылды.
1960-1970 жылдары туристік миграцияларының өсуіне туризмнің бұрын оқтын-оқтын ғана пайда болып жүрген формаларының дамуы әсер еткені сөзсіз. Ең алдымен, қысқы туризмді (1960 жылдан бері шаңғы туризмімен шұғылданатын адамдар саны жылына орташа есеппен 15 %-ға өскен), конгрестер мен съездерге (конгрестік туризм) және халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге, спорттық жарыстарға, фестивальдарға іссапар жасауды атап айту керек. Туристік қозғалыс құрылымында әртүрлі тарихи нысандар мен кешендерге бағытталған өлкетанулық миграциялардың және апта соңындағы (уик-энд) демалыс сапарларының рөлі күннен-күнге өсті.
Туристік миграциялардың өсуіне байланысты жаңа аумақтарды жабдықтау қажеттілігі пайда болды, олар ұзақ уақыт өтпей туристердің шоғырлану аудандарына айналды. Мысал ретінде, Францияның Лангедок-Руссильон жағалауын, Испанияның Коста-Бравасын, Югославияның Адриатика жағалауын, социалистік елдердің Қара теңіз жағалауларын келтіруге болады. Таулы аймақтарда туристердің ең көп келуі альпілік елдердің қысқы спорт базаларында, Жартасты тауларда (АҚШ), социалистік елдерде – Кавказ бен Карпат тауларында байқалды.
Туристерді қабылдау аясында алдыңғы қатарда тұрған Еуропа елдерімен, АҚШ пен Канадамен бірге дамушы елдердің де маңызы жоғарылады, бұл Үшінші Әлемде шетелдік туризм басым болды.
ХХ ғасырда халықаралық туризм есею жасына келіп, ұйымдастырылған және бұқаралық сипатқа көшті. Қазіргі таңда туризм әлемнің жалпы өнімінің 10 %-ын құрап, 250 млн. яғни 1/10 жұмыс орнын береді. Халықаралық туризмге әлем экспортының 6 %-ы, инвестициялардың 7 %-ы және әлемдік қызмет көрсету көлемінің үштен бірі келеді. Халықаралық жиналыстарда туризм адам іс-әрекетінің өте маңызды түрі, ұлттар мен халықаралық қоғамдастық өмірінің мызғымас бөлігі екеніне баса ден қойылады. Бұл – ірі бизнес, үлкен ақша және жаһандық деңгейдегі саясат.
Туризм көлік пен байланыс, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және шаруашылықтың басқа да маңызды салаларына* өте үлкен әсер тигізіп, әлеуметтік-экономикалық даму катализаторы болып отыр.
Әлемде халықаралық туристік сапарларға жұмсалатын қаржының 60 %-ы Еуропа елдеріне түседі. Америка құрлығының тұрғындарына 25 %, Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймағының дамыған елдеріне 14 % келеді. АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция, Италия мен Канада азаматтары басқа елдерге саяхат жасайтын туристер шығындарының 67 %-ын жұмсайды, ал осылардың ішіндегі АҚШ, Германия мен Жапония тұрғындарына 45 % келеді**.
__________
*Белгілі Ресей туризмологы И.В.Зорин қазіргі туризм «халық шаруашылығының барлық салаларына салмақ түсіреді» деп есептейді.
**Никитинский Е.С. Этапы становления и современное состояние туристской индустрии Республики Казахстан. – Астана, 2008. – С.7.
Бүгінгі таңда халықаралық туризм бұрынғы тұйық қоғамдарды еларалық қатынастар салт болып кеткен ашық әмбебап қоғамдарға айналдыруда. Мұндай
құбылыс адамдардың қатынас құру мен мәдениет алмасу қажеттілігін қанағаттандырады. Туризм қоғамның экономикалық және әлеуметтік дамуының ең маңызды феномендерінің бірі (мүмкін, тіпті, ең маңыздысы) болғаны даусыз.
Бүкіл әлемді аралап жүрген саны көбейіп келе жатқан туристерге туризммен іргелес көптеген салалардың мамандары қызмет көрсетуде. Бұл салалар туризм индустриясы мен инфрақұрылымын қалыптастырады. Мультипликатив (көбейту) эффектін есепке алмағанның өзінде, туризм саласында туристерге олардан әлдеқайда көп қызметшілер қызмет көрсетеді, яғни туризм өте үлкен көлемде жұртты жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл құбылыс – туристік іс-әрекеттің қоғамға әкелетін пайдасының ең бірінщі көрсеткіші.
Постиндустриялық елдердегі туризмнің даму деңгейін мынадай мысалдар көрсетеді. АҚШ-та әр тұрғынына Ресеймен салыстырсақ, екі есе көп туристер келеді, ал туристік қызмет көрсету бағалары шамамен бірдей (!) болса да, бұл саланың АҚШ-тағы табыстылығы Ресейден бес есе артық.
Туристік ағымдарды тарту мақсатына жету үшін туристік ресурстардың мүмкіншіліктері, қажеттіліктері мен әлеуетімен қатар туристік индустрия нысандарының ерекшеліктері мен әлеуеті де жан-жақты және өте тиянақты зерттеледі.
ЮНВТО (БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы) мәліметтері бойынша, соңғы онжылдықтарда халықаралық туризм көлемі үнемі өсуде. Екі мыңжылдықтың қиылысқан кезеңінде туризм дамуын, жергілікті және жаһандық деңгейдегі дағдарыстарға қарамастан, жалпы түрде тұрақты деп айтуға болады. ЮНВТО статистикасына сүйенсек, 20 жыл ішінде халықаралық туристердің келуі үш есе артты – 1970 ж. 160 миллионнан 1990 ж. 460 миллионға дейін. Бірақ 1991 жылы халықаралық туризм сәтсіздікке ұшырап, келулердің өсуі 1,5 ғана % болды. 1992 жылы бұл көрсеткіш сәл жоғары: – 8 % болды. Атап айтсақ, 1992 жылы туристердің келуі 504 млн. адам, 1993 ж. 518 млн., 1994 ж. 546 млн., 1996 ж. 594 млн., 1997 ж. 616 млн., 1999 ж. 650,2 млн., 2000 ж. 697,6 млн., 2006 ж. 842 млн., 2007 ж. 898 миллионға жетті.
Халықаралық туризмнен түскен жылдық табыс көлемі (көліктен түскен пайданы есептемегенде) 80-жылдардан бастап өсіп, 2000 ж. 477,3 млрд. долларға, ал 2006 ж. 700 млрд. долларға жетті. Туризмнен түсетін пайда әлемді аралап жүрген туристер санынан жылдам және жүйелі түрде өсуде, және де мұның себебі инфляция үрдістерінен бұрын саланың тиімділігінің жетілдірілуіне байланысты.
Қоғамның дамуымен бірге туризм аясына тартылған планета халқының саны үнемі өсуде. 1990 жылдары саяхат жасаған туристердің саны жылына орта есеппен 4 %-ға өскен.
ЮНВТО болжамы бойынша, 2010 жылға қарай сапарлар саны 937 млн., ал туризмнен түсетін табыс көлемі 1,1 трлн. АҚШ долларына өсетін болады.
Көптеген елдер халықаралық туризмге баса ден қойып отырса да, оған көпшілік жұрттың қолы жете қойған жоқ.
Шетелдік қонақтарды үпкен көлемде қабылдайтын Батыс Еуропа немесе Солтүстік Америка елдерінде ішкі және халықаралық туризм өзара бәсекелестік құрып бір-бірін толықтырады. Ішкі туризмнің әлем туризміндегі маңызы өте жоғары: ол барлық туристік ағымдардың 80 %-ын қамтиды және бүкіл әлемді алсақ, ішкі туризмге жұмсалған қаражат халықаралық туризм шығындарынан он есе асады.
Туризм сұранысын қамтамасыздандыру формасы ретінде стандарттық пакедж-тур (туристік пакет) қолдануда; ал оның пайда болуына оған 1958 жылдан бастап реактивті әуе кемелерінде ұшу бағасының енгізілуі мен арзан жанармай мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, халықаралық туризмнің дамуына бизнес-саяхаттар санының өсуі септігін тигізді.
Қазіргі таңда саяси және экономикалық тұрақсыздық, ланкестік, т.с.с. кері факторларға қарамастан, туризм экономиканың өте мығым да, сенімді түрі болып отыр. Экономикалық тоқырау кезінде туристік сұраныс төмендемейді, тіпті, экономика қалпына келгеннен кейін бұрынғы деңгейіне қайта көтеріледі. Дегенмен, мұндай үрдіс барлық туристік орталықтарды бірыңғай емес. «Сән» қасиетін жоғалтқандықтан немесе туристерің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендігінен кейбір туристік орталықтар жоқ болып кетті. 80-жылдардың басындағы экономикалық дағдарысқа байланысты 1984 жылға дейін халықаралық саяхаттардың саны қысқартылған. Ал 1984 және 1985 жылдар Еуропаның туристік орталықтары үшін өте сәтті болған. Бірақ КСРО-дағы Чернобыль АЭС-індегі 1986 жылғы апат, Ливия экстремистерінің лаңкестік әрекеттері, американ долларының басқа валюталарға қарағанда әлсіздеуі әлемдегі туристік ағымдардың қысқартылуына әкеліп соқты.
80-жылдардың екінші жартысында бұл жағдай түзелді. Бұл кезеңде Тынық мұхит аймағының кейбір елдері (Аустралия, Гонконг, Таиланд пен Қытай), Еуропада Португалия мен Түркия туризмінің бағы жанса, басқалардың, мысалы, өз туризм индустриясымен бұрын аты шыққан Ливанның жағдайы нашарлады.
Тоқсаныншы жылдар халықаралық туризм үшін жайсыз жағдайда басталды. Мұның басты себебі – Иракта «Шөлдегі дауыл» соғысы болды. Соғыс басталғаннан кейін ұзақ уақыт өтпей осы аймаққа және шығыс Жерортатеңіз өңірі мен Солтүстік Африкаға бағытталған саяхаттар күрт үзілді. Осыдан кейін көптеген индустриалды елдерде орын алған экономикалық тоқырау жағдайды одан сайын асқындырды.
Сол сияқты, 2001 жылдың 11 қыркүйек оқиғасы да әлем туризміне өзінің кері әсерін тигізді. Осыған байланысты туристік индустрияның кейбір салаларында және кейбір мемлекеттерде экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі байқалған. Дегенмен, бұған қарамастан, туризм дамуының негізгі экономикалық көрсеткіштері (ең алдымен, туристердің келуі мен туризмнен түсетін табыстар) бірте-бірте өсе берген.
Әлемде болып жатқан экономикалық және саяси дағдарыстарға қарамай, бүгінгі таңда әлемде туризмнің көптеген заманауи түрлері дамып келе жатыр. Мәселен, Финляндиядағы Турку қаласынан 30 шақырым, Хельсинкиден 180 шақырым қашықтықта орналасқан «Муми-Тролльдер әлемі» саябағын балалар туризміне жатқызуға болады. Бұл саябақ (оның екінші атауы «Муми-тролльдер алабы») аралда орналасқан, оған дейін катермен жетуге болады. Ол XV ғасыр монастыр ғимараттарының негізінде салынған. Осындай керемет балалар аттракционы ондаған тілдерге аударылған жазушы әйел Туре Янсонның «Муми-Тролльдердің шытырман оқиғалары» атты ертегінің негізінде дүниеге келген.
Паркте ғажайып орман мен теңіз айдаһары, лабиринт пен ертегі кейіпкерлерінің – Муми-Тролльдер мен Хемульдердің үйлері бар. Балалар үшін нағыз ертегі киімдер қолданған қойылымдар өтеді. Көршілес аралда пираттардың замогы салынған. 1993 жылдан бері жұмыс істейтін бұл аттракционға жыл сайын мамыр-қыркүйек айларында 250000 турист, оның ішінде 30 %-ы шетелден келеді [130].
Алғашқы тақырыптық балалар саябағы Диснейленд 1954 жылы көптеген аттракциондар мен ойын-сауық шоулары бар алып ойыншық қала түрінде Анахаймда (Калифорния, АҚШ) ашылған. 1971 жылға қарай Диснейлендті 100 миллионға жуық адам көріп шықты. Туристерді қабылдау үшін Калифорнияда 26 отель салынды [130]. Бірінші саябақтың өте сәтті болғанына қарай Орландода (Флорида) тағы бір Диснейленд салынды. 1983 жылы Токиода осындай парк ашылды, ал 1992 жылы Париждың маңында ЕвроДисней пайда болды.
Ресей мен Қазақстанда АҚШ пен Жапониядағы Диснейленд, Франциядағы ЕвроДисней, Испаниядағы Порта Авентура сияқты саябақтар жоқ, жалпы балалардың ойын-сауық туризміне әзірше жеткілікті көңіл аударылмайды.
«Курьездық» (ерсі) немесе әдеттен тыс туризмге, мысалы, рекорд қою мақсатындағы саяхаттарды жатқызуға болады. Олардың саны Гиннес кітабында аз емес. Мәселен, Дж.Росдайл өз алдында ең көп елдерде болып, әлемнің барлық елдерінің шекарадан өту жөніндегі мөр қойғызу мақсатын қойыпты. Ол 215 мемлекеттерде болып, 2627766 км жол жүріпті. Туризмнің осы түріне жасырын қоймаларды іздеу де жатады.
«Әдеттен тыс» туризмінің басқа да түрлері бар. Соңғы он жыл бойы швед қаласы Юккасъярвиде қыс мезгілінде 37 нөмірі бар мұз бен қардан жасалған қонақ үйі салынады. Материалы осындай болғандықтан бес айдан артық тұрмайды. Туристерді керемет қызықтыратын осы отельде маусым сайын 6000 қонақ түнейді, ал одан он есе көп адам бөлмелерін жай көруге, тіпті, отельдегі шағын мұз шіркеуінде неке қиюға немесе шоқынуға келеді.
Антарктидаға барып келу де, әрине, әдеттен тыс нәрсе, мұнда жыл сайын 10-15 мың адам келеді. Бұл өте қымбат әрекет: алтыншы континент туры 9-16 мың АҚШ доллар тұрады. Дегенмен, барғысы келетіндердің саны өте көп болғандықтан Австралия, мысалы, өзінің Антарктидадағы үш зерттеу базаларын туристік орталық қылу жоспарын жобалауда. Ресей, Ұлыбритания мен Жаңа Зеландия теңіз кемелерімен келетін туристер үшін өздерінің базаларын ашып үлгерген.
Алайда, туризмні нағыз басқаларға ұқсамайтын түрі ғарыштық туризм деп айтсақ қате болмас. Бір аптаға созылған алғашқы ғарыштық туристік саяхат 2001 жылы 28 сәуірде басталды. 60 жасар американ азаматы Деннис Тито орбитаға жету мүмкіндігі үшін 20 млн. АҚШ доллар төлеп, «Союз ТМ-32» ғарыш кемесіне «жүйелер операторы» ретінде алынды.
Бір жыл өткен соң 28 жасар ОАР миллионері Марк Шаттворт тағы да Ресей ғарыш кемесінде екінші туристік саяхат жасады. 2005 жылдың қазан айында американ ғалымы Грегори Олсен ғарыш туризм дәстүрін одан әрі жалғастырды.
Батыс Еуропа елдері туризмнен түсетін табыс жағынан АҚШ-қа қарағанда, артта қалып отыр. Еуропа басқа аймақтармен салыстырсақ, туристерді өзіне көп тартады, бірақ олардың саны өте баяу өседі.
ЮНВТО өткізген әлемдік туризмінің талдауы келулер мен халықаралық туризмнен түсетін табыстардың өзгеруін анықтайды. Еуропаға келген туристердің саны 1985-1996 жылдары 65-тен 59 %ға дейін, ал табыс үлесі 53-тен 51 %-ға дейін төмендесе, дәл осы мезгілде Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймағына (ШАТ) келген туристердің саны 9-дан 15 %-ға дейін, табыс үлесі 11-ден 19,5 %-ға дейін өз үлесін ұлғайтты. 1950-1960 жылдары осы аймақтың бүкіл әлемдік туристік келулеріндегі үлесі 1 % ғана болған, 1970 жылы ол 3 %-ға жетті, 1980 ж. – 7, 1990 ж. – 11, 1996 ж. 15 %-ға жетті. Халықаралық туризмнен түсетін табыс та осы аймақта үнемі өсуде: 1950 ж. – 1,4 %, 1960 ж. – 2,8, 1970 ж. – 6,2, 1980 ж. – 7,3, 1990 ж. – 14,4, 1996 ж. 19,5 % [84]. Бұл бәсекелестігі жоғары Австралия, Гонконг, Индонезия, Корея, Сингапур, Таиланд елдеріндегі көрсеткіштердің өсу белгісі.
Африка, Батыс және Оңтүстік Азия елдерінің халықаралық туризміндегі 50-90-жылдардағы үлестері шамалы болған, бірақ үлкен өзгерістерге ұшыраған. Бұл аймақтар Еуропа, Солтүстік Америка мен ШАТ елдерімен шетел туристерінің келуімен және халықаралық туризмінен түсетін табысы бойынша жарыса алмайды. Мұның себебі экономикалық мәселелерде жатыр. Бұл аймақтың туристік орталықтары туристер ағымдарын қалыптастыратын көптеген елдер үшін арнайы нарықтар болмақ. Мұнда халықаралық туризмге зиян келтіретін ланкестік және әскери әрекеттері жиі болса да, дегенмен, бұл аймақ көбінесе, туристерді жіберетін елдердегі кәсіпкерлік істегі дағдарыстардан зардап шегеді.
Әлемдегі негізгі туристік ағымдар Еуропаның (Ұлыбританиядан Францияға, Германиядан Испанияға және т.с.с.), Американың (АҚШ пен Канаданың арасында) және ШАТ аймағының (Жапониядан Таиландқа) ішінде шоғырланған.
Аймақаралық туристік ағымдардың ішінде Америка мен Еуропа арасындағы ағымдар алдыңғы қатарда. Бұның себебі – Атлантиканы кесіп өтетін әуе қатынастары ұсынысының өсуі мен нарықтың үлкен сегментіндегі тарифтердің төмендеуі. Басқа озық бағыттар мынадай: Еуропадан ШАТ-қа, Таяу Шығыс пен Африкаға, ШАТ-тан Америка мен Еуропаға.
Туристер мен, осыған орай, ақша алмасуы индустриалды және жаңа индустриалды елдер (ЖИЕ) арасында өтуде. ЮНВТО мәліметтері бойынша, алдағы жиырма туристік елдердің арасында дамушы елдер жоқ. Дегенмен, индустриалды да, дамушы елдер де халықаралық туризм (елдің төлем балансын қалпына келтіруге арналған экспорттың «астыртын» түрін) әлеуетін (дәлірек айтсақ, оның елге кіру жағын) әрқашан түсіне біліп оның дамуына ерекше көңіл бөлген.
Туризм дамуының болашағы қандай болмақ?
2010 жылға дейін халықаралық туризм дамуының қарқындылығы төмендей береді деген болжам бар. 2005 жылға қарай ол 4,4 %, ал 2005-2010 жылдары аралығында 4,3 % болған.
Еуропа мен Жерортатеңіз аймағынан шығу туризмінің өсуі төмендейді, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде мұндай құбылыс байқалмайтын болады.
Аймақаралық (алыс жерге) сапарлардың үлесі өседі. 1995 жылы ол 15 % болса, 2010 жылға қарай 25 %-ға дейін өсетін болады. Ең алдымен, мұның себебі – туризм индустриясының жетілдірілуі мен қауіпсіздігінің жоғарылауы тұғын.
2020 жылға қарай әлемнің ең озық бағыты Қытай, одан кейін АҚШ, Испания мен Гонконг (Қытайдан тәуелсіз бағыт ретінде) болады.
2020 жылға қарай халықаралық туристік келулердің саны 1995 жылғы деңгейінен 3 есе асып 1,6 млрд. адамға жетеді. 2020 жылға қарай шығу туризмі бойынша Германия, Жапония, АҚШ, Қытай мен Ұлыбритания алдынғы қатардан орын алады.
2020 жылға қарай туризмнің ең сүйікті түрлері шытырман оқиғалық, экологиялық, мәдени-танымдық, тақырыптық туризм мен круиздер болады деген болжам бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет