Ғылыми әдебиеттерде ақпараттық даулардың тіл, сөз қатысында орын алғанымен, сот
ісінде тілдің тікелей қатысуымен бұзылған құқықтық, заңгерлік мәселенің дауға түсуіне орай
олардың заңгерлік дау, құқықтық қақтығыс ретінде де танылатыны көрсетіледі.
Аталмыш жағдай көбінесе бірдей немесе ұқсас өнім, я бір ғана сала бойынша өз
қызметтерін ұсынатын компаниялар мен фирмалардың өздерін жарнамалау барысында
бірінің екіншісінің құқығына нұқсан келтіру мүмкіндігіне орай туындап, филолог-маманның
құзыретіне енетін мәселелер бойынша даулы жарнама мәтініне лингвистикалық зерттеу
жүргізілуі қажет етіледі.
Бұл тұрғыда филолог-маман шешіміне қойылатын сұрақтар
мазмұны төмендегідей
болып келеді: «Ең жақсы бағамдар «МиГ» ақша айырбастау жүйесінен» және «МиГ»
компаниясы Алматыдағы валюта айырбастау бойынша көшбасшы» мәтіндері қандай
формада (тұжырым, пайымдау, пікір, баға) берілген және бұл мәтіндердің мағыналық мәнісі
қандай?; «Ең жақсы бағамдар «МиГ» ақша айырбастау жүйесінен» және «МиГ» компаниясы
Алматыдағы валюта айырбастау бойынша көшбасшы» мәтіндерінде басқа айырбастау
пунктерінің құқығына нұқсан келтіретін мәліметтер бар ма?; «Ең жақсы бағамдар «МиГ»
ақша айырбастау жүйесінен» және «МиГ» компаниясы Алматыдағы валюта айырбастау
бойынша көшбасшы» мәтіндерінде басқа айырбастау пунктерінің беделін төмендететін
(кемсітен) мәліметтер бар ма?
Зерттеуге ұсынылып отырған «Ең жақсы бағамдар «МиГ» ақша айырбастау жүйесінен»
деген жарнама мәнмәтінінде негізгі мағыналық мәніс «Ең жақсы бағамдар»
тіркесінің
мазмұнында қамтылған.
Ең жақсы (
лучший сөзі) тіркесі
сын есімнің асырмалы шырайы
формасында берілген. Өз кезегінде, асырмалы шырай қайсыбір белгінің объектіде аса
жоғары немесе өте төмен дәрежеде екенін білдіре отырып, имплицитті (жасырын) түрде
салыстыру мәнін қамтиды. Имплициттілік (ағылшын тілінде «implicit” – астарлы,
айтылмаған) объективті жағдаятқа субъекті қатынасы негізіндегі
ойды беруде тиісті тілдік
элементтің орын алмағанымен, оның мәнісін басқа тілдік бірліктер қатынасында қамтып
тұратын, сонымен бірге тілдік бірліктердің логика-ассоциациялық жүйесі қатынасында
жеткізетін синтаксистік құрылым.
Имплицитті берілетін ақпарат 1) ешбір тілдік бірлік арқылы ресімделмейді,
бірақ ол
сөйлемдегі сөздердің өзара байланысында немесе контекстегі сөйленістер я абзац құрайтын
сөйлемдердің өзара логика-семантикалық байланысында анықталады. Имплицитті берілетін
ақпарат 2) жекелеген имплицитті тілдік бірлік арқылы ресімделуі мүмкін және толық
мәлімет тұтас мәтін мазмұнында анықталады [1].
Логика-мағыналық тұрғыдан алғанда, «Ол – менің ең жақын досым» сөйленісі
субъектінің өзіне қарым-қатынасында осы досының басқа барлық достарына қарағанда
сенімдірек, аса жақын екені туралы ойды имплицитті (жасырын) қамтиды.
Талданылып отырған жарнама мәтінінде сын есімнің асырмалы шырайы
формасындағы
ең жақсы тіркесі (
лучший сөзі) зат есімнің көптік формасында тұрған
бағам
(бағамдар) сөзін анықтау үшін қолданылған. Бағамдар сөзінің аталмыш мәтінде «МиГ» ақша
айырбастау жүйесі тіркесімен логика-семантикалық байланысы негізгі ойдың ақша (валюта)
бағамына және қайсыбір емес, нақты түрде «МиГ» ақша айырбастау желісіне қатысты екенін
білдіреді.
Сөйтіп, жарнама мәтініндегі сөздердің өзара логика-семантикалық, синтаксистік
байланыстары мен
ең жақсы тіркесінің (лучший) семантикасының талдауы «МиГ» ақша
айырбастау жүйесі ең жақсы бағамдарды ұсынады, яғни бұдан жақсы бағам жоқ дегенді
мағынаны терең семантикасында қамтиды.
Келесі - «МиГ» компаниясы Алматыдағы валюта айырбастау бойынша көшбасшы»
даулы жарнама мәтінінде негізгі мағыналық жүк немесе көпшілікке жеткізілуі тиісті негізгі
хабар
көшбасшы сөзіне шоғырланған.
Достарыңызбен бөлісу: