Лекция-2. Саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдері
Адамзат өркениетіндегі саяси идеялардың генезисі. Саяси ойдың қалыптасуы мен даму тарихының дәуірлік кезеңдері.
Ежелгі дәуір ілімдеріндегі саясаттанудың элементтері (Конфуций, Платон, Аристотель).
Орта ғасырдағы саяси идеялар (Августин, Аквинский, Әл-Фараби).
Қайта өрлеу және Ағарту дәуіріндегі саяси идеялардың дамуы. Саясаттың мәні туралы Макиавеллидің көзқарасы. Ж.Боденнің мемлекеттік билік егемендігі теориясы.
Утопиялық социализм идеяларындағы мінсіз қоғамдық құрылыс. (Т.Мор, Т.Кампанелла).
Табиғи құқық пен қоғамдық келісім теориялары Ағарту дәуірінің негізгі саяси доктриналары ретінде. Ж.-Ж.Руссоның радикалды демократизмі. И.Кант пен Г.Гегельдің концепцияларындағы мемлекет пен азаматтық қоғам концепциялары.
Қазақ ағартушыларының саяси көзқарастары.
Консерватизм, либерализм, марксизм концепцияларының қалыптасуы. Қазіргі саяси ғылымның негізгі бағыттары.
1. Адамзат өркениетіндегі саяси идеялардың генезисі. Саяси ойдың қалыптасуы мен даму тарихының дәуірлік кезеңдері. Қазiргi дүниенi неғұрлым дұрыс танып, бiлу үшiн және болашақ жақсы өмiрдiң дұрыс жолын таңдай бiлу үшiн адамдар әр уақытта, әр дәуiрде өзiне дейiнгi өткен идеялар мен қағидаларға сүйенген. Өткен тарихты және адамзаттың ұзақ ғасырлық тәжiрибесiн пайдалану тарихи қажеттiлiк болып табылады.
Саяси iлiмдер тарихы әртүрлi көзқарастар мен ойлардың күресi ғана емес, сондай-ақ адамзаттың таңдаулы өкiлдерiнiң мемлекет пен құқықтың даму тарихы, бостандық пен әдiлдiк, заң мен заңдылық, қоғам мен мемлекеттiк құрылыс, адамдардың құқығы мен бостандығы туралы айтқан алдыңғы қатарлы ойлары мен идеяларының жиынтығы.
Саяси идеяларды дұрыс бағалау мен мәнін түсіну үшін қажетті методологиялық әдіс-тәсілдер: тарихтың белгілі бір кезеңінде өмірлік жағдай мен қоғамдық практика қажеттілігі тудырған сұрақтарға жауап беру негізінде теориялар мен идеялар пайда болады, ол үшін сол практикалық мәселелерді терең танып білу қажет;
саяси ілімдерде тікелей немесе жанама болса да қандай да бір әлеуметтік топтардың, әлеуметтік күштердің экономикалық мүдделері көрініс табады;
саяси идеялардың қоғамдық процестегі рөлі әртүрлі болды. Олар жағымды немесе жағымсыз, тіпті реакциялық рөлдерді атқаруы мүмкін;
саяси ілімдердің дамуында дүниежүзі тарихы дамуының ішкі логикасы бар. Сонымен бірге, осы елде қалыптасқан ұлттық, тарихи жағдайлар позициясы тұрғысынан да қарау керек.
2. Ежелгі дәуір ілімдеріндегі саясаттанудың элементтері (Конфуций, Платон, Аристотель). Қытайдың саяси iлiмi тарихында конфуцизм iлiмi маңызды рөл атқарған. Оның негiзiн қалаған б.з.д. 551-479ж. өмiр сүрген қытайлық ойшыл Конфуций болды. Оның көзқарастары шәкiрттерi құрастырған «Лунь юй» (Әңгiмелер мен пiкiрлер) кiтабында жинақталған. Бұл кiтаптағы даналық туралы ойлар өз мәнiн осы уақытқа дейiн жойған жоқ. Ол даналыққа үш түрлi жолмен жетемiз, ең iзгi жол – санамен саралау, ең оңай жол – елiктеу, ең қиын жол – тәжiрибеден тәлiм алу, – деп жазады. Оның негiзгi идеялары:
мемлекеттiң патриархалды-патерналистiк концепциясы;
аристократиялық билiк концепциясы;
қайырымды билiк концепциясы.
Конфуций барлық нәрсе үнемі өзгерісте болады, уақыт тоқтамайды, әрбір нәрсенің басталуы мен аяқталуы болады дейді. «Адамның ісі де солай, бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық білген адам ақиқатқа жақын тұрады» – деп жазады.