Ғажайып көл
Көбейтұз көлі – Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан ірі көлдердің бірі. Емдік қасиетінен бөлек, туристерді еліктіретін жайт – көлдің қызғылт түске боялатыны. Ғалымдардың мәліметінше, бұл тұзды суда тіршілік ететін дуанелла галофил бактерияларының көбеюіне байланысты көрінеді.
Бүгінде бұл шипалы көлді көпшілік толық біле бермейді.
Қызғылт көл Нұр-Сұлтан – Павлодар тас жолының бойында жатыр. Көлдің ғажайып сәтін тамашалаймын дегендер алдымен Ерейментау қаласына дейін жетеді. Жол теп-тегіс – автобан. Ерейментаудан өткеннен кейін «Қоржынкөл станциясы» атты тақтайшаға көзіңіз түседі, бұл – Нұр-Сұлтан қаласынан 176 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің анықтамасы. Сол анықтама тақтайшадан оңға бұрылып, туннель арқылы жолдың арғы бетінде орналасқан «Ақжол» кешеніне жол тартасыз. Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады. Мұнда Қазақстан, Ресейдің түкпір-түкпірінен саяхатшылар көп келеді.
(https://www.astana-akshamy.kz/qyzghylt-koldi-kordingiz-be/)
Экотуризм
Қызыларай тауының етегіндегі Шабанбай би ауылына алғашқы шетелдік саяхатшылар келді. Олар «Авалон» тарихи-географиялық қоғамы мен Қарағанды экологиялық музейінің бірлескен жұмыстары арқасында келген еді. Осы қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері экспедиция нәтижесінде Қарағанды облысындағы туристік саяхатқа қолайлы деген көптеген жерлерді аралап шықты. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, оларға экотуризмнің не екенін, шетелдік туристерді не қызықтыратынын түсіндіруге тырысты. Солардың ішінде қолайлысы Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы болып шықты. Табиғаты ерекше жер алғаш келген саяхатшыларды бірден өзіне баурап алды.
Экотуризмнің негізгі мәні – шетелдік туристерді жергілікті халықтың салт-дәстүрімен қызықтыру. Сырттан келген қонақтар табиғатпен үндесіп өмір сүрген халықты көргісі келеді. Оларға жайлы қонақүй мен дайын дәмхана қызық емес. Мұнда олар ауыл адамдарымен біраз уақыт бірге өмір сүріп, олар не жесе соны жеу, не істесе соны істеу үшін келеді.
Қазір бұл ауылда шетелдік қонақтарды күтіп алатын жеті үй бар. Әдетте туристер мұнда қона жатып, үш күн болады. Осы уақыт ішінде олар биіктігі мың жарым метрден асатын Ақсораңның басына шығып, Қызыларайдың арқарларын тамашалайды, Желтау жартастарындағы көне жазулармен танысады. Кейінгі жылдары туристер Қарағанды облысындағы Шабанбай би ауылына қысы-жазы келіп жүр. Олар негізінен Германия, Нидерланд, Франция, Швейцария, АҚШ сияқты елдерден бес-алты адамдық шағын топ болып келеді. Көбі елу-алпыстағы адамдар. Шетелден келетіндер – жарты әлемді айналып, енді ерекше әсер іздеп жүрген адамдар.
Достарыңызбен бөлісу: |