Вестник ПГУ №2, 2011
64
ƏОЖ 882.151.212.2-14
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫ
(ХХ Ғ. 20-40 ЖЖ.)
Д.Қ. Тоқжігітова
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ лирикасының жанрлық
сипаты туралы сөз қозғамас бұрын жалпы лириканың жанрлары
теориясына байланысты қайшылықты әрі әр қилы пікірлердің орын алып
келгеніне назар аударғымыз келеді. Орыс энциклопедиялық сөздігінде
лириканың жанрларын жіктеу тарихи тұрғыдан өзгермелі екендігі және
күні бүгінге дейін лириканы жанрларға жіктеудің нақты ұстанымдары
жоқ екендігі орынды айтылған. Шындығында лириканың жанрлық сипаты
тарихи дамудың әр түрлі кезеңдерінде үнемі біркелкі бола бермейтінін,
оның дәуір, стиль т.с.с. әсерімен түрлі өзгеріске түсіп отыратынын
естен шығармауымыз керек. Осы орайда белгілі орыс зерттеушісі В.Г.
Белинскийдің: «Жанрлардың шекарасы нағыз дәлдіктен гөрі шамамен
айырылады. Қайткенмен де оны картада мемлекеттің шекарасын
көрсеткендей саусағыңмен нұқып көрсете алмайсың. Көркемөнер қай
жақтағы болсын, бір шекарасына таяна беріп, өзінің әуелгі мағынасын
біртіндеп жоғалтады да, шекаралас екінші жанрмен мағыналас болады. Сөйтіп
шекаралас екі сипаттар ортақтасып екеуін жинастырады», - деген пікірін қазақ
ғалымы С. Қирабаев С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» туындысының
жанрлық сипатын анықтау үшін қолданғаны тегін емес [1, 250 б.].
Осы пікірлерге сүйенсек, лириканың жанрлық сипатын сөз еткенде, оның
белгілі бір нақты түрін бөліп көрсету мүмкін бола бермейді, дегенмен шартты
түрде бөлінген түрлері бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, мысал,
мұң өлеңі (элегия), мадақ өлең (ода), төрттаған (рубай), нәзира т.с.с. бұрыннан
бар, дау тудырмайтын лирика түрлері бар. Ал, жоқтау, арнау, айтысты т.с.с.
А. Байтұрсыновтың 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» кітабынан бастап
ұлттық өлең түрі, ұлттық үлгі деп қарастырып келгеніміз белгілі. Сонымен
бірге, ойлану (медиативті), жұмбақ, хат өлең түрлері де кеңінен жайылған.
Қ.П. Жүсіп: «Әрине, лириканың жанрлық сипаты, жанр түрі ретінде дамуы сөз
етілгенде, оның шартты түрде болсын ішкі бөлінісін: толғау; публицистикалық,
немесе шолу өлең; дидақтикалық, немесе үгіт өлеңі; арнау, хат өлеңі; сондай-ақ
азаматтық лирика, көңіл-күй, табиғат, махаббат лирикасы болып тарамдалу
мүмкіндігін т.б. ескеру керек» [2, 7 б.], - деп жазады.
Ал ХХ ғасырда жалпы лириканы тақырыптық тұрғыдан жанрларға жіктеу
орнықты. Осы орайда С. Мақпыров: «Лирикалық шығармаларды тақырыптық
серия
ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ
65
тұрғыдан саралап, жіктеуге болады. Мәселен, қоғамдық-әлеуметтік, саяси
мазмұндағы өлеңдерді әдетте азаматтық лирика, өмір-болмыс сырлары
жайлы толғанысқа құрылған пәлсапалық лирика, ғашықтық-сүйіспеншілік
немесе жеке бастық сезім күйлерін толғайтын өлеңдерді ғашықтық, әйтпесе
интимдік лирика, көңіл-күй лирикасы, сондай-ақ, табиғат лирикасы деп
талдау-таразылау әдебиеттану ғылымында бұрыннан бар үрдіс» [3, 280 б.],
- деп жанр мен тақырыптың үндестігін атап көрсетеді.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы қазақ лирикасының жанрлық сипаты
дегенде, азаматтық, табиғат, махаббат, философиялық лирика деп жіктеп
қарастырамыз.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдары жемісті еңбек еткен қазақ лириктерінің
шығармашылықтарына көз салғанда олардың қай-қайсысының да айналып
өтпейтін нысанасы бар екенін көруге болады. Ол – табиғат. Табиғат
лирикасының алғашқы белгі, нышандарын халық поэзиясынан байқауға
болады. Шындығында да, қазақтың халық поэзиясында табиғат суреті,
жаратылыс көріністері үлкен орын алатыны белгілі. Бұлай болуы заңды нәрсе
еді. Кең далада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жылдың төрт мезгілінде де кең
сахарада, ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін қазақтың өзін
әрдайым табиғаттың аясында, бауырында отырғандай сезінуі таңғаларлық
құбылыс емес.
Жыраулар поэзиясында табиғат салыстыру, егіздеу тәсілі арқылы
суреттелді. Табиғатқа, ондағы түрлі құбылыстарға арқа сүйей отырып,
әлеуметтік-философиялық ойларға терең бойлаған жыраулар дәстүрі кейінгі
жазба поэзияда да жаңа арнамен байыды. ХІХ ғасыр басында өмір сүрген
Д. Бабатайұлы, М. Мөңкеұлы тәрізді ақын-жыраулар толғауларында
табиғат қосалқы, жанама нысан ретінде негізгі ойға тірек болып, салмақты
көркемдік жүк көтерді. Ал Ы. Алтынсариннің табиғат суретін жырлаған
екі өлеңі жазба поэзиядағы табиғаттың реалистік қалпын берген алғашқы
туындылар болып саналады. Дәл осы кезеңдегі бұл саладағы үлкен жаңалық
ұлы Абайдың өлеңдері еді. «Ыбырай мен Абайдың жаз мезгілін бейнелеген
өлеңдерінде табиғаттың сұлу суретін жалаң суреттемей, ел тіршілігімен
байланыстыра жырлауын және тақырып ауқымынан шықпауын олардың
жетістігі деп білеміз. Ал, тереңге үңілсек Ыбырай Алтынсариннің өлеңі
жалпылау да, Абай салған картина нақтылы екенін байқаймыз» [4, 20 б.],
- дейді М. Әуезов. Абай пейзажды адам баласының өмір сүретін ортасы,
әлеуметтік өмірмен, көшпелі тіршілікпен байланыста ғана суреттемей,
адамның жан сезімімен ұластыра бейнеледі. Абай дәстүрі кейінгі ақындарға,
оның ішінде С.Сейфуллинге бет түзеп, бағыт алар нысан болды.
Абай тәрізді Сәкен Сейфуллин де табиғатты жалаң жырламайды, табиғат
пен адам сезімін, оның көңіл-күйін байланыста алады. Мысалы, түрмеде
отырғанда жазылған «Қамаудан» атты өлеңінде жау қолына тұтқынға
Вестник ПГУ №2, 2011
66
түсіп, темір тордың ар жағында жатқан тұтқынның көңіл күйі, жан дүниесі,
қамыққан лирикалық қаһарманның табиғатпен сырласуы, тамылжыған
табиғаттың сұлу көрінісіне ынтықтығы шебер де келісті суреттелген.
Шағын өлеңнің өзінде үлкен сурет бар. Оқушының көз алдына түрменің тор
терезесінен сұлу табиғат құбылыстарына көз салып ойға бөленген лирикалық
қаһарман елестейді. Еркін далада туып-өскен тұтқын қазаққа тіпті табиғат та
аяушылықпен жаны ауыра қарайды, бостандықтың символы - торғайлардың
терезе алдына келіп шықылықтаған үні ызғар шашқан тас үйді жылытқандай
болады, даладағы самал жел жас көктің иісін жеткізеді. Қызыл шапақты күн
де шұғыласын тұтқын отырған терезенің алдына төгеді, оның көз алдынан
байтақ дала суреті өтеді. Майда жел кеп беттен өбіп, тұтқынның жүдеу жанын
жұбатады. Көңілі жадыраған жан табиғат арқылы елімен тілдеседі, «шын
ғашығы – бостандықты» аңсайды. Өлең:
Отырмын күзет қамауда,
Дұшпаннан тәнім жеңілді.
Жеңе алмас бірақ еш пенде
Асау еркін көңілді [5, 60 б.], - деген жолдармен аяқталады.
«Далада», «Қырда» атты өлеңдерінде де табиғатпен сырласа отырып, ел
басындағы ауыртпалыққа күйзеліс білдіреді. Дала желі – бостандық үнін
елге жеткізер тың образ. Ақын әнін жел қағып әкетіп, Арқаға таратады.
Даладағы жаңалықты ел жел үнінен естіп қуанысады.
«Ақша қар» атты өлеңінде ақын табиғаттың күнә мен кірден пәк
тазалығын тамашалайды. Тазалық пен адалдық – ақын идеалы. Кір басып
былыққан ескі дүниеге ол ақша қарды қарсы қояды. Жаңа жауған ақша қар
кірді тазартып, сәні кеткен ағаштарға шашақ тағып, көрік береді, жер бетін
жұлдыздай жалтыратып, сәнге бөлейді.
С. Сейфуллин табиғатты ел байлығының символы ретінде пайдаланады. Бұған
«Экспресс» жинағындағы көп өлең дәлел бола алады. «Сұлу терек», «Міне, көл»,
«Орман», «Қара жер» өлеңдерінде экспресс үстінен туған даланың байлығын көріп
шаттанған адамның көңіл күйі суреттеледі. Осы кітапқа кірген «Жазғы далада»,
«Күзді күні далада» өлеңдері де сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің өзгерістерін
көрсетуде және жаңа дәуір адамының сезімін танытуда да маңызды.
Ақынның табиғат туралы өлеңдері қазақ кеңес әдебиетінде табиғатты
жырлаудың жаңа ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Егер С. Сейфуллинде табиғат пен өз тұсының қоғамдық, әлеуметтік өмірі
тығыз байланыста суреттелсе, І. Жансүгіров таза табиғат жыршысы ретінде
танылды. І. Жансүгіров жылдың әр мезгіліне өлең арнап қана қоймай, белгілі
бір табиғат құбылыстарына да жыр арнайды. «Ақшам» атты өлеңінде жазғы
күннің батар алдындағы сәтін шебер суреттейді. Өлеңді оқығанда көкше
аспандағы ақша бұлттан бастап, күн батып бара жатқан ақшам уақыттың
бейнесі оқырманның көз алдына әсем бір суреттей елестейді:
серия
ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ
67
Көкше көкте ақша бұлт
Көміліп күн нұрына,
Жер байырқау, жер сұлық,
Қызғылт алтын шұғыла [6, 9 б.].
І. Жансүгіров бұл жерде ақын ағана емес, ол суретші, қыл қалам шебері
болып кетеді. Осы табиғаттың бір көрінісіне арналған суреттен ешбір
қоспасыз, солғын бояусыз суретті көреміз. Аспанның өзі бір шумақпен-ақ
суреттелген. Аспан көк те емес, қоңырқайлау тартқан, сондықтан да ақын
«көкше» деп атайды, бұл та ақ емес, ақша бұлт, өйткені күн батып барады,
батар күнмен жарысқысы келмеген жел де байырқау, жер болса, ол да сұлық
түскен, себебі күнсіз, күннің нұрынсыз жерде сән болар ма? Ал күннің батқан
жері «қызғылт алтын шұғылаға» малынып, арайланып тұр. Бұл кезде тау
күн шапағын түсіріп тұрғандағыдай емес, ақ шашты ана сияқты, енді оның
жартастары да басқа бейнеге ауысқан. Түннен шошынғандай, тұманнан
«дулыға» киіп алған, қарағайлары қалтырап, бұтақтарының дірілдеп тұрғаны
сезіледі. Одан төменірек «есінеп» тұрған қыр көрінеді. Осы кезде күн де
батты. Ақшам кезінің осы бір шырқау биігін ақын:
Көз жұмғанда көкше көк,
Көсіліп жер тырайды [6, 9 б.], - деп береді. Күн бейне бір көктің
көзі тәрізді. Оның батуын көктің көз жұмуы деп алады ақын. Кеш батқан
соң күні бойы еңбек етіп, белі ауырып, аяғы талған адам көсіліп бір жатпай
ма? Олай болса жер де сол адам бейнесінде алынған. Ақын жерді «ұйқыға
кетті» немесе «құлады» деп алса онша әсері болмас еді. Аяқ-қолының қайда
кеткенін білмей «тыраюның» өзінде мән бар. «Ұйқыға кеткен» жерден гөрі
«тырайған» жер оқырманға әсерлірек.
І. Жансүгіров табиғатты үнемі жанды бейне кейпіне түсіріп жырлайды.
Мысалы, «Ағынды менің Ақсуым» өлеңінде:
Таймаңдаған тайпақ ай,
Желегі ме, туы ма?
Шүйке шарбы бұлытты
Қалқалай қалды қылмия [6, 10 б.], - деп айды қылмыңдаған қызға
теңесе, енді бірде айдың сәулесі мен қайыңды сүйістіреді» «құдиған қоңыр
құрақтың» судағы саусағын судыратады.
Бұл І. Жансүгіровтің табиғатты суреттеуінде басқаға ұқсамайтын, өзіне ғана
тән айнымас бір тәсілі тәрізді. Ж.Тастағанова: «Табиғатты адам бейнесінде,
жанды құбылыс бейнесінде жырлау дәстүрін Ілияс Жансүгіров бірқыдыру
ілгері дамытты» [7, 21-22 бб.], - деп жазады. Шындығында да «Бұлт» өлеңінде
таудың биік шыңы түнде «қабағы мұз, суық шал» бейнесінде тас жастанып
жатса, «Ақшам» өлеңінде кешті «ақ шашты ана» кейпінде бейнелейді. Ал түнгі
жаңбырдан кейін таң сәріде жөңкіле көшіп, тау жотасына – ана көкірегіне барып
тынымдаған бозғыл бұлтты балғын бөбекке балайды:
Вестник ПГУ №2, 2011
68
Бұл – бөбек, тау – ана,
Ана төсін аймалай,
Ұйықтай тұрсын ол бала,
Шыққанынша жел қалай [6, 11 б.].
«Жетісу суреттері» І. Жансүгіровтің ақындық өнерінің құдіретті күшін
айқын танытқан шығармасы. М. Әуезовтің: «Мен Ілиясты бұрын да білуші
ем, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оны шын мағынасында дарынды
ақын екенін мойындағаным сол «жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан
кейін» [8, 121 б.], - деуі бұл пікірімізді дәлелдей түседі. «Жетісу суреттері»
табиғат жайындағы лирикалық өлең. Ақын өзінің туып-өскен балалық,
жігіттік, азаматтық шағын бастан кешірген, зары мен мұңы, күйініші мен
сүйініші, қуанышының куәсі болған жер жәннаты Жетісудың табиғатын
тебірене жырға қосады. Таулы, өзенді, шалғынды бауырында неше алуан
аң ойнаған Жетісудың Кіндіктас деп аталатын бір биігіне шығып, жан-
жағына көз жіберіп, барын барлаған лирикалық кейіпкердің назарынан
әрбір таудың тұлғасы, көрінісі, тарғыл ала шоқысы мен жартастары, шыңы
мен құзы, ондағы алуан түрлі өсімдіктердің түс-таңбасы, қадір-қасиеті, бірі
басымен алысқан асау, бірі жылысып аққан момақан өзендері, түрлі аң-құс,
көбелектеріне дейін тыс қалмайды.
Жетісудың әсем табиғатын І. Жансүгіровтей жеріне жеткізе жырлаған
ақын қазақта кемде-кем шығар.
Жиырмасыншы жылдардың орта тұсында таныла бастаған Ғ. Орманов
лирикасында табиғаттың жырлануы өзгеше бір қарапайымдылығымен жан
баурайды. «Қора» деген өлеңі – ақынның туған жер табиғатына арнап жазған
алғашқы өлеңдерінің бірі.
Өзенге құйылады барлық бұлақ,
Зар илеп секіреді төмен құлап,
Заңғардан төмен қарай құлағанда,
Түтіндей бұрқырайды будақ-будақ.
Даусына тас жаңғырып үнін қосып,
Күңіреніп дамыл көрмей жатад шулап [9, 42 б.], - деп жансызға жан
бітіреді. Ақын Қора бойындағы қайнаған тіршілікті лирикалық қаһарманның
ішкі толғанысы арқылы көрсетеді. Сол кезеңде кең тараған поэтикалық дәстүр
бойынша лирикалық қаһарман Қораның кешегісін еске алып күйзелсе, бүгінгі
бақытты шағына қуанады, жер байлығын асқақ шабытпен жырлайды. Жыл
мезгілдерінің сұлулығын ел өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен астастыра суреттеу
– Ғ. Ормановтың табиғат лирикасына тән сипаттардың бірі. «Қырау қабақ кәрі»
қыс өлеңі Абайдың «Қыс» өлеңінен алыс кетпеген, бірақ Ғ. Ормановтың қысы
жыны тез басылатын кәрі шал бейнесінде беріледі:
Қанша соқсын, долдансын,
Қырау қабақ кәрі қыс.
серия
ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ
69
Күші қайтып аздан соң,
Қояды о да тым-тырыс [9, 98 б.].
Сондай-ақ «Көктем нұры», «Жаз шырайы» өлеңдерінде де жыл
мезгілдерін өз қуанышымен жырға қосады. «Ешкім кенде қалар ма несібеден,
Сол далада көктемде еңбек еткен!» деп түйін жасаған ақын жылдың төрт
мезгілінің барлық қуанышы еңбекте деп, еңбек етуге үндейді.
М. Жұмабаевтың табиғат лирикасы біз жоғарыда сөз еткен ақындардың
табиғат лирикасынан өзгешерек. М. Жұмабаев лирикасында табиғат
құбылысы мен суретін символикалық мақсатта пайдалану тәсілі үлкен
бір арналы сала, тұтастай бір поэтикалық әлемге айналады. Ақын табиғат
арқылы қоғамдық-әлеуметтік өмірді ишаралап, жан дүниедегі өзгерістер
мен сезім күйлерін тұспалдап, емеурінмен білдіреді. Лирикалық кейіпкердің
жан дүниесіндегі құбылыстар, сезімдер қақтығысы, көңіл-күй әуені табиғат
суреті мен құбылысына көшіріліп, адам болмысын танытуда табиғат жетекші
орынға ие болады. М. Жұмабаевтың:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаға.
Түнеріп жүр түннен туған перілер
Тәңірісін табанына таптаған [10, 40 б.], - деген жолдарында күнбатыс
– түн – қараңғылық ассоциациясы тұтастай бейнеленіп, ақынның заманға, болып
жатқан өзгерістерге көзқарасы аңғарылады. Қараңғылық – түн – қасіреттің,
зұлматтың белгісі ретінде бейнеленіп, ақын қараниеттілерді «Тәңірісін табанына
таптаған, түннен туған перілер» түрінде көрсетеді. Түн мен таңды, қараңғы
мен жарықты, Күнбатыс пен Күншығыстыбір-біріне қарама-қарс қоя отырып,
авторлық ұстанымын танытады. «От» өлеңі де осы сарындас. М. Жұмабаев
лирикасында күншығыс образы жаңа күннің басы – таң образымен пара-пар.
Ал М. Жұмабаевтың «Жазғытұрым» өлеңі – ақын поэтикасы үшін тосын
құбылыс. Бұнда пейзажға толы жазғытұрым суреттері беріледі. Шығармадағы
дыбыстық образдар туындыны ерекше бір симфониялық әуенге бөлейді. Өлеңнен
жерді сипап күлген күннің («сипап жерді күн күлер»), күбірлеп жүрген жылы желдің
(«күберлеп жылы жел жүрер»), жүгірген сулардың («асығып сулар жүгірер») бейнесін
көреміз, тіпті «күңіренген бұлттардың зарын» естігендей боламыз.
«Жаз келді» өлеңі эмоционалдылығы жағынан басқа өлеңдеріне
ұқсамайтын туынды: мұнда қуаныш өлеңнің тұла бойын көктей өреді:
Алтын сәуле тұр сүйіп,
Жел маужырап тербелер.
Жұмсақ қана жымиып,
Жібек қанат жаз келер [10, 128 б.].
Жалпы, Мағжан лирикасының өзегі – адам өмірі туралы ой түю. Оның
табиғат лирикасы да адамның бұл өмірдегі орны, мәні туралы ойлардан
туындайды.
Вестник ПГУ №2, 2011
70
Мағжанның пейзаждық лирикасын сөз еткенде, ақынның күз бен қыс
туралы өлеңдері саны жағынан көп емес, бірақ бұл өлеңдердің ақынның
поэтикалық жүйесіндегі орны ерекше. Ақынның поэтикалық құрылымына
тән сипат – «қалың дерт», «мұңды дауыс» сияқты тілдік формалардың,
образдардың тұрақтылығы. Бір қызығы, бұл образдар оның табиғат
лирикасында да кездеседі. Тіпті көктем көрінісін тамашалаған ақынның
мұң-қайғысы анық сезіледі. Сонымен қатар, бұл образдар табиғат лирикасын
трагедиялық әуенге бөлемейді.
«Жазғы жолда», «Қысқы жолда» атты өлеңдерін оқығанда ақынның
ойлау жүйесінің мифологиялық типін байқауға болады. Халықтың
мифопоэтикалық санасында күз бен қыс - өлімнің символы. «Қысқы жолда»
өлеңінде Мағжанның макрокосмы адам кейпіндегі жиһан түрінде берілген:
Үскірік аяз
Болғандай аз,
Қар да басқан
Кебінге ұқсап.
Сүйекке өтер
Суық құшақ...
Қашан, қайың,
Жетеді жаз? [10, 125 б.] «Жазғы жолда» өлеңі философиялық
астарға толы: бұл дүниеде мәңгі ештеңе жоқ, бәрі де өтпелі, алдамшы, бәрі
де өледі дегенді білдіреді. Ақын суреттеуінде адам өмір сүруінің субьективтік
уақыты – тоқтаусыз, қайтарымсыз («Уақыт тоқтаусыз – қыс та жетті»).
Мағжан Жұмабаев өлім суретін – тыным табуды - әлемнің тыныштық
табуын суреттейді. Осындай пейзаждық суреттемеге ақын өз поэтикасына
тән тыныштық образын енгізеді. Мағжан тыныштыққа құлақ түреді:
Жол жыландай иірілген,
Шаң ерініп үйірілген,
Ешбір леп жоқ, тып-тымық.
Аңсап есім жия алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай,
Өлсем екен тұншығып! [10, 126 б.]
Уақыт – тек адам үшін қайтарымсыз, ал табиғат көктеммен бірге қайта
жаңғырады. Ақынның осы тәріздес өлеңдерін тек табиғат лирикасы деп
қабылдауға болмайды.
Қорыта айтқанда, Мағжанның жыл мезгілдері туралы өлеңдерінің негізгі
идеясы – «адам мен табиғаттың бірлігі», ақын өлеңдерінде «адам дегеніміз
– табиғат» деген ұстаным жүзеге асады.
М. Жұмабаевтың табиғат лирикасының өзіндік ерекшелігін, өзгеге
ұқсамайтын сипатын сөз еткенде Ж. Аймауытовтың: «Ақын тұрмысқа өмірде
қанағат етпесе, оның алданышы не болмақ? Не үшін жасамақ? Әрине, адамда
серия
ФИЛОЛОГИЧЕСКАЯ
71
аз да болса, бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік
етіп не керек? Адам – алдағыш, адам – жауыз, өмір – азап, келешек – қараңғы,
бәрі өзгергіш, опасыз. Өзгермейтін, алдамайтын таза қасиетті нәрсе не? Ол
– табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың
жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған дәруі»
[11, 420 б.], - деген пікірін алға тартамыз.
Қорыта айтқанда, ХХ ғ. 20-40 жылдарындағы табиғат тақырыбына
жазылған өлеңдер – қазақ поэзиясын мазмұндық жағынан да, пішіндік
жағынан да байытқан шығармалар болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қирабаев С., Сейфуллин С. - Алматы, 1962. – 291 б.
2. Мәшһүр-Жүсіп Қ.П. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік.
Монография. - Павлодар, 1999. – 384 б.
3. Мақпыров С. Лирикалық жанрлар // Кітапта: Нұрғали Р. Жеті томдық
шығармалар жинағы. Т. 5. Әдебиет теориясы. Нұсқалық. - Астана: Фолиант, 2005. – 536 б.
4. Қазақ әдебиетінің тарихы. Т. 2. Бірінші кітап. - Алматы, 1960. – 390 б.
5. Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 1: Өлеңдер мен
дастандар. - Алматы: Жазушы, 2002. – 192 б.
6. Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 1: Өлеңдер мен
дастандар. – Алматы: Жазушы, 2002. – 200 б.
7. Ілияс лирика шыңының биігі // Қазақ және әлем әдебиеті. 2007. № 3.
8. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров (Өмірі мен творчествосы). - Алматы,
1965. – 310 б.
9. Орманов Ғ. Төрт томдық шығармалар жинағы. Т. 1: Өлеңдер мен
поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1982. – 416 б.
10. Жұмабаев М. Сүй, жан сәулем. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы:
Атамұра, 2002. – 256 б.
11. Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы // Кітапта: Жұмабаев
М. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989 -566 б.
Резюме
В статье автор детально останавливается на условном
видовом делении жанров лирики, о формировании тематической
классификации лирики в ХХ веке, акцентирует внимание на воспевании
лирики о природе.
Resume
In this article the author described in details the conventional state
division of lyric poetry genre, the foundation of the thematic classification
of XX century‘s lyric poetry, accentuate the attention on the lyric poetry
about nature.
Достарыңызбен бөлісу: |