Неокантшылдықтың негізгі мектептері, танымдық және әдістемелік мәселелер (Г.Коген, П.Наторп, Э.Кассирер, В.Виндельбанд, Г.Риккерт) Неокантшылдық (Канттың ілімін дамытушы философиялық ағым) неміс философиясы жүйенің жасалуы мәселесінде тығырыққа тіреліп, дағдарысқа ұшыраған кезде ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басында Германияда пайда болды. Неокантшылдық ағымының басты ұранын О.Либман «Кант және эпигондар (Kant und die Epigonen)», «Кантқа оралу!» (1865)деп аталатын еңбектерінде қалыптастырған болатын. Ол материалистік метафизиканың және позитивистік әдістеменің зорлықшылдығына қарсы қатаң сын айтты.
Неокантшылдық философиясының бағдарламасы Канттың трансцендентальды идеализмін қайта дамытуға бағытталды. Ол әсіресе жаратылыстанудағы және қоғамдық ғылымдағы белсенді ақылдың құрылымдық қызметіне ерекше мән берді. Жаңа дәуірдің идеалистері мен тұрпайы материалистері қарқынмен дамып келе жатқан ғылымның нәтижелерін философиялық түсіндіруге қорғансыз болып шықты. Бұл ағым осы кемшіліктің орнын толтырды.
ХІХ-ХХ ғ. тоғысында Ньютон мен Галилейдің механикалық заңдары өзінің күшін жоғалтып, философиялық және әдістемелік талаптар тиімділігінен айырылды, осы ретте жаратылыстанудың жаңа зерттеу нысандары мен міндеттері анықталды. ХІХ ғ. ортасына дейін дүниенің жасалуына классикалық механиканың заңдары негіз болды деген пікір үстем болды, осыған сәйкес Евклидтің кеңістік геометриясы «ғылымдардың патшайымы», әрі жалғыз деп танылды. Уақыт кеңістіксіз жасай береді және өткеннен бүгінге бірқалыпты өтіп отырады деп есептелінді. Көпшілікпен қабылданған бұл пікірлер Гаусстың (1777-1855 жж.) «Салыстырмалы қисық жазықтар туралы жалпы зерттеулер» деп аталатын геометриялық трактатының шығуымен өзгерді. Бұл трактатта тұрақты кері қисықтың әрдайым дөңгеленіп отыратын жазығы Лобачевскийдің (1792-1856 жж.) геометриясы негіздеріне сүйене отырып қарастырылады.
Сондай-ақ, ХІХ ғасырда Евклидтік емес басқа да ғалымдардың – Бойьяның (1802-1860 жж.), Риманның (1826-1866 жж.) геометриялары жасалады. Бұлар бір-біріне қарама-қайшы емес, құрылымды математикалық теориялар болды. Олар уақытпен және оның кеңістікпен байланысына қатысты жаңа түсініктерді туғызды. Солардың бірі – Эйнштейннің қатыстылық теориясы уақыт пен кеңістіктің арасындағы іргелі байланыстарды көрсетті, түрлі жүйелердегі олардың физикалық қатынасқа тәуелділігі анықталды.
Бұл ғылыми жаңа теориялар көптеген тұжырымдарға негіз болды: біріншіден, тәжірибе (эмпирия) ғылыми шығармашылықтың міндетті құрамды бөлігі болатындығы; екіншіден, ғылымдағы теориялық ұғымдардың инструментальды-техникалық мәнге ие болып, объективті жолмен алынған тәжірибенің деректерін тиімді сипаттау және түсіндіру міндетін атқаратындығы. Мәселен, Макиавеллидің электромагниттік теориясы физиканы дамытуда, сондай-ақ эксперименталдық қызметті ұйымдастыруда ұғымдық-математикалық аппарат ретінде маңызды рөл атқаратынын көрсетті.
Жаңа жаратылыстанудың дамуы бұрынғы таным теориясы қайта қараудың қажеттілігін де көрсетті. Бұрынғы таным теориясында субъект (адам) объектіні (қоршаған әлемді) баяу, пассивті бейнелейді делінген болатын. Адамның сезу органдары шындықтың шынайы бейнесін көруге көмектеседі, ал ғылым арқылы адам «табиғат туралы объективті кітапты», табиғаттың сезіммен қабылдауға келмейтін ішкі қасиеттері мен заңдылықтары жөнінде оқып білу қабілетіне ие болады деді. ХІХ ғасырдың соңында сезім мен ақылдың сыртқы әлеммен байланысы туралы көзқарастан бас тарту керектігі айқын білінді. Сонымен бірге, атақты физик, офтальмолог Гельмгольцтың көздің қабылдауы турасында жүргізген тәжірибелерінің арқасында адамның сезім органдары сыртқы заттардың ықпалына механикалық жолмен жауап бермейтіндігі анықталды. Керісінше, олар заттардың көзбен қабылдануын белсенді әрі мақсатты түрде қалыптастырады. Жүргізген тәжірибелерінің нәтижелері бойынша, заттар адамның санасында бейнеленбейді (көшірмесі), таңбаланады деген тұжырым жасады. Басқаша айтқанда, әлемді сезім арқылы тану процесінде адамға тән субъективтілік бәрібір орын алады. Біздің танымымыз таңбалардан тұрады деген Гельмгольцтың идеясы жаңакантшыл Э.Кассирердің «символдық формалардың философиясында» өзінің жалғасын тапты.
Жаңакантшылдардың қатарында екі мектеп ерекше аталады. Жаратылыстану ғылымдарының логикалық-әдіснамалық мәселелерімен айналысқан Марбургмектебі мен гуманитарлық ғылымдардағы құндылықтар және әдіснама мәселелерімен айналысқан Фрейбург (Баден) мектебі.
Марбург мектебінің негізін салушы Герман Коген деп есептелінеді, ал оның ізін жалғастырғандар Пауль Наторп пен Эрнст Кассирер және т.б. болды.