Байланысты: XVIII ғасырдың, соңындағы Қазақстан және Орта Азия мемлекеттері
XVIII ғасырдың, соңындағы Қазақстан және Орта Азия
мемлекеттері
XVIII ғасырдың бас кезі қазақтар үшін сыртқы саяси жағдайдың қиындауымен ерекшеленеді. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан - Ресей мемлекетінің, шығыстан - жонғарлардың, оңтүстіктен - Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Сонымен бірге қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар өріс алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік құрылымдары жолындағы ішкі саяси күрес күшейді, сол жылдарда қазіргі Қазақстан аумағаында «барша жұртқа қарсы баршаның соғысын» бастаған «келте хан» дейтіндер бас көтерген еді. Бұл соғыстар мемлекеттің экономикалық негізін әлсіретті, оның материалдық ресурстарын азайтып, адамдар шығынын көбейтті.
1730-1770 жылдары қазақ билеушілерінің едәуір бөлігі Ресей империясының басшылық рөлін ресми түрде таныды. Бұл Қазақстанды өз тәуелсіздігінен, мемлекеттігінен айырылуына әкеп соқтырып, шын мәнінде отарға айналдырды. Ресей билігін мойындауға мәжбүр болған алғашқы күндерден бастап-ақ қазақ халқының бұрынғы тәуелсіздігін, мемлекеттігін қалпына келтіру жолындағы ұлт-азаттық соғыстар кезеңі басталды. Халық наразылығының тұтануына екінің бірінде ұлттық және әлеуметтік қысым жасау арандатып отырды.
Бүкіл дүниежүзлік тарих қалыптаса бастаған сауда-шаруашылық байланыстары мен кеңейе түскен дүниежүзлік рынок адамзаттың алдына жекелеген дүниежүзлік мемлекеттердің сауда жолдары тіршілігін өз қолында ұстауға ұмтылу фактісін тартты, өз кезегінде бұл олардың дүниежүзіндегі сауда және өнеркәсіп жөнінен бақталастығын туғызды. Осындай жағдайларда Орталық Азия елдерінің тарихы өзгеше қалыптасты. Адамзаттың өткендегі жалпы тарихынан бастау алып, гүлденген далалық өркениетті Қазақстан шектес жатқан алып кершілерінің сыртқы саясатында көңіл аударарлық объектіге айналады. Абсолюттік монархия орнығып, орталықтандырылған мемлекетке айналған, Азия халықтарың дипломатиялық жолмен бағындыру және әскери экспедициялар жөнінен тәжірибесі бар Ресей “Азияның барлық елдері мен жерлеріне жеткізетін қақпа кілті” болуға тиісті қазақ жеріне көз тіге бастады.Бұл орайда Ресей империясы ішкі кажеттерін де, Еуропа және Азия құрлықтарында орнығып алу қажеттігін де негізге алды.
Қазақстанды бағындыру кезінде Ресей саясатының табысқа жетуіне Орталық Азия аймағындағы Ұлы дала көшпелілері мен оның көршілеріне тиімді болмаған жағдай да себепші болды.Жоңғария,Қытай,Осман империясы, Орта Азия хандықтары,Англияның мүдделері Орта Шығысқа келіп тайқаласты.
Ресейдің «шығыстары саясатында» қазақтар жөніндегі мәселе Қазақ хандығымен байланыс жасаған III Василий билік еткен кезден бастап-ақ маңызды орын алған еді. Егер қазақ-орыс қатынастары XVIII ғасырдың басына дейін, оның алдындағы екі ғасыр бойы Ресей экспансиясының өрістей түскеніне қарамастан, теуелсіз екі мемлекеттің өзара қатынастары болып келсе, Ұлы Петр реформалары кезінен бастап Ресейдің Орта Азия мен Қазақстан жөніндегі сыртқы саясатында Дала өлкесін жалмап-жұту сарыны басымдық ала бастайды. 1 Петрдің «шығыс идеясы» Үндістан және Қытай жерімен өтетін сауда жолдарын басып алу жоспарын туғызды.