Xx ғасырдағы Қазақстан



бет5/7
Дата23.11.2022
өлшемі6,5 Mb.
#52118
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Лекция. ХХ ғасырдағы Қазақстан

5 ҚАЗАҚСТАН XX ҒАСЫРДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДА


1.5.1 Қазақстан «Хрущев декадасы» жылдарында (1953-1964 жж.)
1.5.2 Қазақстан 60-жж. екінші жартысы мен 80-жж. бірінші жартысында
1.5.3 Қазақстандағы қайта құру саясаты

5.1 1953 ж. наурызында Сталин қайтыс болғаннан кейін елде билік үшін күрес күшейді. Билікке талас негізінен консервативті және реформаторлық бағыттағы басшылар арасында жүрді. 1953 ж. қыркүйегінде КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып реформаторлық бағыттың басшысы Н.С. Хрущев тағайындалды.
50-жж. орта шенінен бастап жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жоюға, зандылықты қалпына келтіруге бағытталған бірсыпыра шаралап іске асырылды. 1956 ж. ақпан айында өткен партияның XX съезі Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптап, оның зардаптарын жою, партия тұрмысының нормаларын қалпына келтіру, ішкі партиялық демократияны өрістету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды құптады. Хрущев басқарған, тарихқа «жылымық» жылдары деген атпен енген 50-жж. екінші жартысынан былайғы кезде көптеген игі істер атқарылды:
- басшылықтың ұжымдық принципі енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси басталды,
- сталиндік лагерлерде отырған саяси тұтқындарға реабилитация жарияланды,
-экономика саласын реформалауға талпыныстар жасалды,
- ұлт мәселесіндегі бұрмалаушылықтар түзетіле басталды,
- қоғамдағы кеңес органдарының рөлі артты,
-кеңес қоғамының тарихын шыншылдық тұрғысынан баяндау, оның жүріп өткен жолына сын көзбен қарау мүмкіндігі туды.
50-ші жылдарда әлемдегі жалпы қоғамдық жағдайларға байланысты, кейбір демократиялық өзгерістердің ықпалымен Кеңес өкіметі шамадан тыс орталықтандыру босаңсытуға және одақтас республикалардың шаруашылық, саяси-мәдени құрылыс саласындағы құқықтарын кеңейтуге бағытталған кейбір шараларды жүзеге асыруға мәжбүр болды.
Республикалардың бюджет құқықтары едәуір кеңейтілді. Қазақстан бюджетінің шығыс көлемі 1953-1960 жж. 7 еседен аса ұлғайды; 434,9 млрд. сомнан 3 млрд. 53млн. сомға дейін жетті.
Республикадағы министрліктердің құқықтары бұрынғыға қарағанда едәуір өсіп, 1954-1956 жж. одақтық министрліктерден республика қарамағына 144 ірі кәсіпорын берілді. Жергілікті Кеңестердің шаруашылық және мәдени құрылыс істерінде, оның ішінде халыққа білім беру, сауда, халыққа коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы құқықтары кеңейтілді. Кеңестерге жергілікті өнеркәсіп өндірісін жоспарлау және олардың өнімін бөлу, тұрғын үй салуды ұйымдастыру, қаржы бюджет мәселелерін шешуде үлкен міндеттер жүктелді.
1960 ж. қарай Қазақстанда 83 ірі кәсіпорын пайдалануға берілді. Әсіресе, отын-энергетика саласы қарқынды дами басталды. 50-ші жж. екінші жартысында республикада қара және түсті металлургияның жаңа кәсіпорындарын, электр станцияларын салу, өнеркәсіптің басқа салаларын одан әрі өркендету міндеті қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру барысында республиканың көптеген өндіріс орталықтарында ірі индустриялық кәсіпорындар салынды. Павлодар алюминий, ферросплав және комбайн зауыттарын, прокат жабдықтары машина жасау зауытын, Жамбылда химия зауытын, Семей мен Шымкентте жаңа цемент зауыттарын салу қолға алынды. 1940 жылмен салыстырғанда 1960 ж. өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 732 пайызды құрады.
Осы кезде Қазақстанда бүкіл еліміздегі сияқты өнеркәсіпте ғылыми- техникалық прогреске бет бұрыс жасалды. Өндіріс жүйесін электрлендіру, комплексін механикаландыру және автоматтандыру, мол өнімді жаңа станоктарды, машиналар мен аппараттарды еңгізу, өндіріс технологиясын жетілдіру, отын қуатын бейбіт мақсаттарға қолдану негізінде өнеркәсіптің барлық салаларында техниканы жетілдіру қарқынын арттыруға айрықша көңіл бөлінді.
1957 жылы еліміз бойынша, соның ішінде Қазақстанда да бірқатар шаруашылық ұйымдастыру шаралары іске асырылды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқару территориялық принцип бойынша ұйымдастырылды. Олардың әрқайсысында халық шаруашылығы кеңестері құрылды. Өнеркәсіп пен құрылысты басқарудың ұйымдастырылуын одан әрі жетілдіру туралы Республика Жоғарғы Кеңесі қабылдаған (1957 ж.) заңға сәйкес республика территориясында 9 экономикалық әкімшілік ауданы ұйымдастырылып, одақтық-республикалық және республикалық шаруашылық министрліктер таратылды. Халық шаруашылығы кеңестерінің қарамағына өнеркәсіп пен құрылыстың әр түрлі салаларының 2 мыңнан астам кәсіпорны берілді.
Алайда, өмірдің өзі көрсеткендей, өнеркәсіптің басқарылуын жер аумағы бойынша ұйымдастыру ісі жетілмеген болып шықты. Өнеркәсіптің жеке салаларына өндірістік-техникалық басшылық ету экономикалық аудандарға бөлшектелді де, халық шаруашылығы кеңестерінде кәсіпорындарды басқару арнайы мамандырылған көп салалы басқармалар арқылы жүзеге асырылды. Бұл Кеңестер ғылыми-техникалық прогрестің жеделдетілуіне байланысты кеңейген жұмыс көлемін игере алмады, жаңа техниканы пайдалануға жеткілікті бақылау орнатуға қабілетсіз болды.
50 жылдардың басында бүкіл ел бойынша ауыл экономикасының даму дәрежесі едәуір төмендеді. Ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау бағасының арзан болуы азық түлікті көп өндіруге ынталандырмады, колхоздардың шығынын өтей алмады. Село экономикасын дамытудың мүмкіндіктері жете пайдаланылмады. Дәнді дақылдардың шығымдылығы төмендеп кетті. Тіпті ауа райы қолайлы болған жылдардың өзінде республика небәрі 100-150 млн. пұт (шамамен 1,6-1,4 млн.т.) ғана тауарлы астық өндірді. 1953 ж. 31 млн. тоннаға жетер жетпес астық дайындалды, ал бірақ 32 млн. тоннадан астам астық жұмсалды. Әсіресе, азық-түліктік дақыл - бидай өте тапшы болды.
Мал шаруашылығының да жағдайы мәз болған жоқ. 1951 ж. бар болғаны 4,5 млн. бас ірі қара (1928 ж. 6,5 млн. болған), 1,5 млн. жылқы (3,5 млн.), 127 мың түйе (1 млн.) болды. Тек қой саны жөнінен ғана, олардың тез өсетіндігі есебінен, 1928 ж. дәрежесіне жақындай алды. 1951 ж. 18036 мың қой болса, ал 1928 ж. 18566 мың қой болған еді.
КОКП Орталық Комитетінің 1954 ж. ақпан-наурыз Пленумында қабылданған шешімде қысқа мерзімде Қазақстанда, Сібірде (Алтай, Краснояр өлкелерінде), Оралда, Поволжье және Солтүстік Кавказдың, Қиыр Шығыстың кейбір аудандарында жаңа тың және тыңайған жерлердің есебінен астықты дақылдар егістігінің көлемін кеңейту көзделді.
1954-1960 жылдары республикада тың игеру есебінен астық өндірудің жалпы көлемі 106 млн. тоннаға жетті, осы жылдар ішінде астықтың жылдық орташа өнімі 1949-1953 жж. көрсеткіштерімен салыстырғанда шамамен 3,8 еседей артты. Қазақстан бұл жылдардың ішінде мемлекетке 63,4 млн.тонна астық тапсырды.
Тың игеру Қазақстанды тауарлы астық өндіруде Одақ бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Соның нәтижесінде республика әрбір тұрғынға шаққанда екі мың кило астық өндіретін дәрежеге жетті. (Азық-түлік мәселесін түбегейлі шешу үшін әр адамға шаққанда бір мың кило астық өндіру жеткілікті деп есептелінді.) Іс жүзінде Қазақстан өз қажеттерін ғана өтеп қоймай, оның әлемдік астық рыногына экспортер ел ретінде шығуға да мүмкіндігі пайда болды. Қазақстанның тың игерілген солтүстік аудандарында астықтың орташа жылдық жалпы түсімі 1949-1953 және 1959-1963 жж. Көрсеткіштерін салыстырғанда 500 пайызға өсті. Қазақстан біртіндеп елімізде өндірілетін бидайдың аса бағалы қатты және күшті сорттарының 60 пайызын беретін аймаққа айналды.
Қазақстанда Ресей мен Украины, Белоруссияның және басқа да одақтас республикалардан тынды жаппай игерудің бірінші кезеңінде(1954-1956 ж.ж.) 640 мың ауыл шаруашылық механизаторлары, 50 мың құрылысшы, 3 мың денсаулық сақтау қызметкерлері, 1,5 мыңдай мұғалім, 1 мыңнан астам сауда қызметкерлері және басқалар болды. Бұлардан басқа республикадан механизация училищелерін бітіріп келген 66,7 мың адамға және Қазақстанның училищелерінен келген 19,8 мың адамға республика совхоздарында жұмыс істеуге жолдама берілді.
50-ші жж. Аяғына қарай Қазақстанның ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық негізі де едәуір нығайды. Совхоздар мен колхоздар 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды.
Тың игеру барысында Қазақстанда көптеген жаңа қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп кәсіпорындары көптеп салынды. Жаңа темір жол, тас жол желілері тартылды. Тың игеру республиканың экономикалық күш-қуатын бұрын – сонды болып көрмеген дәрежеге ілгерілетті.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге зардаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Тың игеру қарабайыр әдіспен – егіндік көлемін ұлғайту арқылы жүргізілді. Ал сол кездің өзінде дамыған өркениетті елдерде астық өндіруді интенсивтендіру, яғни әр гектардан алынатын өнімді арттыруға баса назар аудара бастаған болатын.
Тың белсенді игерілген 7 жылда (1954-1960 жж.) Қазақстанда 25,5 млн. гектар, ал Ресейде – 16,6 млн. гектар тың және тыңайған жерлер игерілді. Бұрын болып көрмеген көлемде жерді жыртып тастаудың салдарынан алғашқы жылдардың өзінде, 1957-1958 жж. Павлодар облысының жеңіл топырақты жерлерінде шаң бораны тұра бастады,ал 60-шы жж. Басында жер қыртысын ұшырып кету тек жеңіл топырақты ғана емес,ауыр топырақты жерлерді де қамтыды.Жер эрозиясының салдарынан 30млн. Гектар жердің үштен бір бөлігінде астық өсіруге аса қажет қарашірік екі пайыз-ақ болса, ал осы аймақтың тек 4 пайызында ғана ол жақсы сақталған болып шықты. Республикасының солтүстігінде бір миллион гектардан астам жер айналымнан шығып қалды.
Игерілген жерлердің біразы жоспарсыз,шамадан тыс артық жыртылған жерлер. Қазақстан тәрізді бұрыннан мал шаруашылығы ата кәсіпке айналған, шұрайлы мал жайылымдары мекенінде мұндай асыра сілтеушіліктің ауыр зардаптары болды.«Астық-астық деп, миллиондаған гектар жерді жыртып тастадық, жайылымнан айрылып қалдық,-деген еді Н.Назарбаев бір сөзінде. –Әрине, астық та керек.1920 жж. салыстырғанда, Қазақстанда жылқының саны 3 есе, түйенің саны 5 есе азайды. Хрущевтің кезінде малды,әсіресе,жылқыны құртып алдық». Айта кететін салыстырмалы бір жайт, дәл осы тың игеру жылдары шошқа саны шұғыл көбейіп, 4 еседен астам өсті.Кезінде тұлпар тұяғы дүбірлеткен қазақтың ең даласын шошқа шаруашылықтары жайлап алды.
Тың республика табиғатын да түлете алмады. Керісінше, мүлде тұралатты, республиканың солтүстігінен жабайы аңдар мен құстардың алуан түрлері ығыстырылды,өзен-көлдер тартылды.
Тың игерілген аудандардың географиялық, ұлттық, этнографиялық бейнесі басқаша бола бастады.«Тыңға көмек» деген сылтаумен республикадан тыс жерлерден 2 млн-нан астам адам көшіріліп әкелінді. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны қазақ халқының санынан асып түсті. 1961 ж. Республикада қазақтардың үлес салмағы 29 пайызға дейін төмендеді. Жергілікті жерлерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірілген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігіне оқу орыс тілінде жүргізілді. Мұның өзі бір жағынан қазақ жастарының өз ұлтының тілінен, салт-дәстүрі мен мәдениетіне қол үзіп, мәңгүрттенуіне жол ашса, екінші жағынан жергілікті халықты орыстандыру саясаты қолпашталып, ашық жүргізіле бастады. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың егемендігі мен тәуелсіздігі ғана құтқарды.
50-жж. екінші жартысына бастап бүкіл еліміздегі, оның ішінде Қазақстанда іске асырылған экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық шаралар нәтижесінде дамудың жаңа көкжиектері ашыла бастады.Бірақ бұл мүмкіндіктер толығынан пайдаланылмай қалды. Оған кінәлі Н.С.Хрущев бастаған басшылық қызметіндегі субъективтік әдістер болды. Экономика басқару ісі ойдан шығарылған әрекеттердің ырқына түсіп кетті. Сол кездегі басшылықтың волюнтаристік идеялары мен әрекеттері қоғамның берекесін кетіре бастады. Өр көкіректік, жалған уәделер негізсіз болжамдар сөз бен істің арасын алшақтата түсті. Халықтың әл-ауқатын жақсартуда да елеулі өзгерістер бола қоймайды.
Қарама-қайшылыққа толы кезең 1964 ж. қазан айында болған «сарай төңкерісімен» аяқталды.КОКП Орталық Комитетінің Пленумында Н.С.Хрущев қызметінен тайдырылып,Кеңестер Одағы компартиясының Бас хатшысы болып Л.И.Брежнев тағайындады.

1.5.2 60-шы жж. екінші жартысы – 80-ші жж. ортасына дейінгі кезең тарихқа тоқырау кезеңі деген атпен енді. Бұл кезде экономика стагнацияға ұшырады, халықтың арасында оппозициялық көңіл-күй артты, КСРО-ның халықаралық аренада беделі төмендеді.Мемлекет басшылығының социализмді «жетілдіруге» бағытталған шаралары әміршіл-әкімшіл жүйенің дағдарысын тоқтата алмады.


Қоғамдық-саяси өмірге келетін болсақ, десталинизация бағытынан бірте-бірте ауытқу басталды. Баспасөзде Сталиннің жеке басына табынушылықты, сталиндік режим кезіндегі заң бұзушылықты сынау тоқтатылды. Қайтадан қатаң цензура енгізілді.
70-ші жж. басында Л.И.Брежнев КСРО-да барлық ұлттық республикалардың экономикалық және мәдени даму деңгейі бойынша шынайы теңдігіне қол жеткізілді және ұлттық мәселе толығымен шешілді деп мәлімдеді. Алайда бұл кезде де, одан кейін де шын мәнінде теңдік болған жоқ. Республикалардың талап-тілектері көбінесе аяқсыз қалдырылды. Ұлттық негізде шиеліністер орын алды. 1975 ж. белгілі ақын О.Сүлейменовтың «АзиЯ» деген кітабына тыйым салынды. 1979 ж. Қазақстанда неміс автономиялық республикасын құру туралы Орталықтың шешімі халықтың қарсылығын тудырып,оны орындатпай тастады
1977 ж. КСРО-ның жаңа Конституциясы,ал 1978 ж. одақтас республикалардың Конституциялары қабылданды. Оның негізіне «дамыған социализм» концепциясы қойылды. Мемлекеттік биліктің негізгі принципі халық билігі деп жарияланды. Мемлекеттің саяси негізі Кеңестердің рөлі бекітілді. Қоғамның саяси жүйесінің негізі- Коммунистік партия деп жарияланды.Конститутцияның 6-бабында Компартияның басқарушы және бағыт беруші күші бекітілді.Басқа саяси партиялардың құрылуына жол берілген жоқ.
70-жж. ортасына қарай елде Л.И.Брежневтің жеке басына табынушылық қалыптаса бастады.1977 ж. партияның бас хатшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумы Төрағасы қызметін қатар атқаратын болды. Барлық жерде тамыр-таныстық, протекционизм сыбайлас жемқорлық пен кең етек ала бастады. Сөз бостандығы шектелді, саяси құдалаулар қайтадан жанданды.
1982 ж. Л.И.Брежнев қайтыс болғаннан кейін Ю.В.Андропов, одан кейін К.У.Черненко билікке келді. Олардың басшылығы тұсында қандай да бір болмасын ірі өзгерістер болған жоқ.
50-жж. аяғы – 60-жж. бас кезіндегі экономикадағы реформалар мен қайта құрулар жеткілікті нәтиже берген жоқ. Экономикалық даму қарқыны төмендеді.Осыған байланысты елдің жаңа басшылығы экономикалық реформаларды жалғастыру қажеттігін жақсы түсінді.
Қайта құрулар ең алдымен ауыл шаруашылығын қамтыды.1965 ж. наурызында ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алудың алдын-ала нақты жоспарлары белгіленді. Астық және мал өнімдерін дайындау бағасы өсті. Колхозшылар кепілді жалақы ала бастады. Жоспардан тыс сатып алған өнім үшін үстеме ақы төлеу белгіленді. Колхоздардан табыс салығын алу шарттары өзгертілді.Шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту көзделді.
1965 ж. күзінде өнеркәсіп саласында экономикалық реформалар басталды. Кәсіпорындарда шаруашылық есеп енгізіле бастады.Жоспарлау мен ынталандырудың жаңа жүйесі бойынша жоғарыдан белгіленетін жоспарлық көрсеткіштер саны азайды, кәсіпорындардың табысы есебінен арнайы ынталандыру қорлары құрылды. Қабылданған реформа бойынша кәсіпорынның жұмысының басты көрсеткештерінің бірі ретінде өткізілген өнімінің сапасына баса назар аударыла бастады.Экономиканы басқару жүйесіне де өзгерістер енгізілді:халық щаруашылық кеңестері таратылып, салалық министрліктер қалпына келтірілді.
1965 ж. экономикалық реформаны жүргізудің тағы бір тиімді жағы- бұл реформа 1965-1967 жж. тәжірибе ретінде еліміздің кәсіпорындарының бір бөлігінде ғана жүзеге асырылды.Оның барысында реформаның тиімді жақтары анықталды,толықтырылды.Тек содан кейін ғана бүкіл ел көлемінде жүзеге асырыла бастады.
Реформа экономикалық дамуға белгілі бір дәрежеде серпін берді.1966-1971 жж.сегізінші бесжылдық («алтын бесжылдық») жоспар негізгі көрсеткіштері бойынша орындалды:өнеркәсіптің жалпы өнімі 56 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 52 пайызға артты. Өнеркәсіптің барлық саласы тиімді жұмыс істеді. Бірақ белгілі бір дәрежедегі радикализмге қарамай,экономикалық реформаның бірінші қадамынан бастап-ақ оның жүйесіздігі, жартыкештігі көрініп тұрды. Тоталитарлық жүйе оның өмір сүріп отырған экономикалық құрылымның шеңберінен шығуына жол бермеді.
70 жж. Басында реформа жүргізу тоқтатылды. Реформаның сәтсіздікке ұшырауының негізгі себебі саяси салада демократияландыру үрдісінің тежелуі болды.Қоғамның саяси құрылысына,меншік қатынасына өзгерістер енгізген жоқ.Мемлекеттік меншіктің монополиясын сақтап қалды.Сол кездегі мемлекет басшылығы экономикалық реформаның тереңдеуіне жол бермеді, өйткені олар әкімшіл-әміршіл жүйені сақтап қалуға тырысты.
Реформадан бас тартудың көптеген зардаптары болды.Ең бастысы экономиканың дамуын бұрынғыша экстенсивті факторлар белгіледі.Теріс құбылыстар көбейді.
Жиырма жыл ішінде (1965-1985 жж.) Қазақстанда индустрияландыру үрдісі қарқынды жүргізілді.1964-1986 жж. Республика басшысы болған Д.А.Қонаевтың елдің экономикасының дамуына қосқан үлесі зор.Оның тұсында республика КСРО-ның аса ірі өнеркәсіптік аймақтарының біріне айналды.Бұл жерде түсті металлургияның негізгі базасы орналасты, кең түрде отын-энергетика кешені, химия саласы, көмір өндіруші өнеркәсіп дамыды, мұнайдың бай көздері табылды.
Хром өндіру көлемі жағынан республика елде алғашқы орынға шықса, көмір,темір және марганец рудасынан- үшінші орынға шықты.Қазақстан сары фосфордың бүкілодақтық өнімінің 90 пайызын, мыс, мырыш, қорғасынның 30-дан 70 пайызға дейін берді.
Титан, магний, молибден, вольфрам, алтын, күмістің, басқа да сирек кездесетін металдарды өндірудің негізгі ошақтарының бірі болды.Аса ірі Қарағанды металлургия комбинатының іске қосылуына байланысты аймақтың болат өндірудегі рөл артты.
1970 ж. қарай республика халық шаруашылығының мұнай өндіру мен химия салалары одақтық маңызға ие болды.
Жиырма бес жыл ішінде (1960-шы жылдан 1985-ші жылға дейін) жұмысшылардың саны 2347 мың адамға,яғни 203 пайызға өсті.Өнеркәсіп пен құрылыста жұмыс істейтіндер халықтың үштен бір бөлігін құрады (1985 ж.-31,2 пайыз).Осыған байланысты қалалардың да саны өсті.
1989 ж. халық санағының мәліметтері бойынша Қазақстанда 50 мың адамнан аса тұрғыны бар 30 қала болса,19 қалада 100мыңнан аса тұрғын және 5 қалада 300 мыңнан аса тұрғын тұрды.
1970 ж. қала мен ауыл тұрғындарының саны алғаш рет теңессе,80-жж. бастап қала халықының үлесі басым бола бастады.(1987 ж.-58 пайыз).
Қазақстан өнеркәсібінің құрылымдық негізіне келсек,оның шикізаттық бағытының тым басым болғандығына көз жеткізуге болады. Республика экономикасында өндіруші саланың үлес салмағы басым болды(1986 ж.-14,7 пайыз, ал КСРО бойынша бұл көрсеткіш 9 пайыздың деңгейінде болған). Ал машина жасау саласының үлесі 7 пайызды ғана құрады (КСРО-да 27,4 пайыз). Республикада жоғары технологиялы өнім шығаратын кәсіпорындар болмады.
Қазақстаннан тек арзан (дүниежүзілік рынокта олардың бағасы жоғары болғанына қарамастан) шикізат шығарылады, ал жоғары бағалы дайын өнім әкелінді.Тұтынатын азық-түлік емес тауарлардың 60 пайызын Қазақстан шет жақтан әкеліп отырды. Республикадан 8млрд. сомның өнімі шығарылса,16 млрд.сомның өнімі әкелінді.
Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомствалар республикадан шикізат ресурстарын сорып алып, аса зор пайда таба отырып, республика бюджетіне инфрақұрылымды дамутыға қаржы жұмсамады десе болады. Республикада орналасқан кәсіпорындарынан жылына 15 млрд. сом пайда тауып отырып, олар республика бюджетіне тек 31 млн. сом немесе тек 1 пайыздан да қаржы аударды.
Республиканың ауыл шаруашылығына ірі қаржы бөлінді. Осының нәтижесінде 1985 ж. дейін негізгі егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы жұмыстары 75-98 пайызға дейін техникаландырылды. Алайда барлық салаларды тұтастай мханикаландыруға қол жеткізілмеді.
Ауыл шаруашылығы мәселелерін тек күрделі қаржыны көбейту арқылы ғана шешуге тырысу күткендей нәтиже бермеді. Қаржының басым бөлігі құны қымбат, аса зор мал шаруашылық кешендерін құруға, ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға жұмсалды. Әлеуметтік мәселелерді шешуде «қалдықтық принцип» қолданылды. Соның нәтижесінде ауылдық-селолық жерлердің тең жартысында 1987 ж. денсаулық сақтау мекемелері болмады, ауылдық ауруханалар ыңғайсыз үйлерде орналастырылды.
Колхоздар мен совхоздардың жағдайын жақсарту мақсатында ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы екі есе өсірілді. Алайда сонымен бір мезгілде ауыл шаруашылығына қажетті өнеркәсіп өнімдерінің бағасы 4-5 есе артты. Өнеркәсіп саласында монополияның болуы осылайша баға теңдестігін бзды. Міне мұның бәрі ауыл шаруашылық өнімдерінің өзіндік құнының өсуіне, ауыл шаруашылығының пайда мөлшерінің азаюына, ауыл-село еңбеккерлерінің материалдық ынтасының төмендеуіне алып келді.
Сатып алу бағасының төмен болуы өнімнің өзіндік құнын ақтамады. Мысалы, мал шаруашылығында 100 сомның өнімін алу үшін 1981-1985 жж. 120 сом жұмсалды.
1981-1985 жж. Қазақстандағы колхоздар мен совхоздардың 53 пайызы зиянмен жұмыс істеді, олардың шеккен зияндары миллиардтаған сомды құрады. (Талдықорған облысында зиянды шаруашылықтар 72 пайызды, Оралда -78, Семейде -68,Целиноградта -60 пайызды құрады).
Даму арқылы бірте-бірте төмендеді: егер 1966-1971 жж. орташа жылдық өсім 28 пайыздың деңгейінде болса, 1971-1975 жж. -15, 1981-1985 жж. -0,1 пайыз болды.
Өзінің экономикалық потенциалына қарамастан КСРО дүние жүзіндегі аса ірі азық түлік импортерлерінің бірі болды. 1970-1972 жж. 2,6 млрд. сомнан 1981-1985 жж. 19 млрд. сомға дейін өсті.
Халық шаруашылығының дамуындағы келеңсіз құбылыстар халықтың әл-уақытына да өзіндік әсер етті. Халық тұтынатын тауарларды өндіру 1985 ж. 25 пайызға азайды.
Халықтың ақшалай табысы өскенімен тауарлардың қымбаттауы, олардың сапасының нашарлауы халықтың тұрмыс дәрежесінің құлдырауына алып келді. Тапшылық арта түсті. Сатудан балаларға, қарттарға арналған арзан тауарлар жоғалып кетті. Көптеген азық-түлік түрлері жетіспейді. Тамақ өнімдерінің сапасы төмендеді. Осымен бірге олардың бағасы қымбаттады. Сағаттап кезекте тұру – кеңестік құрылыстың айнымас серігіне айналды.
Әлеуметтік саладағы ең өткір мәселе – тұрғын үй мәселесі болды. Қарастырылып отырған кезеңде 13 млн. адам өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартқанымен, халықтың басым көпшілігі тұрғын үймен қамтамасыз етілмеді. Жылдан жылға үй салуға бөлінген күрделі қаржы азайып отырды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады.
Экстенсивті экономика қоршаған ортаға өз залалын тигізбей қоймады. КСРО мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің іс-әрекеттері нәтижесінде Арал теңізі аймағы өлі зонаға айналды. Теңіз деңгейі 14 м. төмендеді, теңіз ауданы 40 пайызға, судың көлемі 65 пайызға қысқарды. Егер 1950 жж. басында Арал теңізінде балықтың 24 түрі болып, жыл сайын 500 мың т. балық ауланған болса, 80-жж. аяғына қарай теңізде балықтар мүлдем жойылды.
Аршылған теңіз түбінде тұздың мол жиналуы тұзды жерлердің пайда болуына ұшыратты. Экологиялық жағдайдың өзгеруі жергілікті тұрғындардың денсаулығының күрт нашарлауына алып келді. Мамандардың есептеуі бойынша олардың арасында іш сүзегімен ауыру 30 есе, вирусты гепатитпен ауыру 7 есе өсті, қатерлі ісік аурулары одақтық көрсеткіштен 15 есе артық болды.
Семей атом полигоны да аса қауіпті аймақтардың бірі болды. 1949ж. салынған полигонда қырық жыл ішінде 470 ядролық сынақ өткізілді, оның 26-ы жер бетінде, 87-і ауада, 354-і жер астында жүзеге асырылды.
Қазақстандағы атомдық қалдықтар мәселесі де өткір мәселелердің бірі болды. Қалдықтардың жалпы салмағы 419 млн. т. құрады.
Жалпы алғанда 1970-1985 жж. аралығында еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде қарама-қайшылықты жағдай орын алды. Экономиканың сандық көрсеткіштері артқанымен, оның даму қарқыны бәсеңдей берді. Экономика дамуында экстенсивті әдістер басым болды. Халықтың тұрмыс жағдайы да біртіндеп төмендей берді. Осының бәрі елдің дамуындағы дағдарыстың белгілері еді.

5.3 80-жылдарың ортасына қарай КСРО терең экономикалық, саяси және әлеуметтік дағдарыс жағдайында қалды. КСРО-да еңбек өнімділігі 1986 жылы АҚШ-пен салыстырғанда үш есе төмен болса, ауыл шаруашылығында небәрі 15 пайызды құрады. Жан басына шаққанда өнім өдіру мен қызмет көрсету көлемі бойынша КСРО дүние жүзінде 50-60 орындарда болды.


Ресми деректер бойынша, 1989 жылы КСРО-да 41 млн. адам өмір сүру деңгейінен төмен (78 сом) табыс тапты. Балалар өлімі бойынша КСРО дүние жүзінде 50-орында, ал орташа өмір сүрі деңгейі бойынша 32 орында болды.
1985 жылдың наурызында К.Черненко қайтыс болған соң КСРО КП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды. 1985 ж. сәуірінде оның басшылығымен КСРО КП ОК кезекті Пленумы болып, ол елде ірі саяси, экономикалық идеологиялық және әлеуметтік қайта құруларға жол ашты. Бұл кезең 7 жылға созылып, тарихқа «қайта құру» деген атпен енді.
Қайта құру саясатын бірнеше кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – 1985 ж.(КОКП-ның сәуір пленумы) – 1987 ж. жазы.
Ел экономикасы стагнация жағдайында, одан шығу үшін машина жасау саласын дамыту негізінде «элеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету» бағытын жүзеге асыру қажет деп табылды. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет басшылығы маскүнемдікке қарсы және еңбек тәртібін бұзушылаға қарсы күресу, соның негізінде еңбек өнімділігін көтеру, дамуды жеделдетуді көздеді.
Дегенмен жеделдетудің басты факторы өндірістік аппаратты (станоктар, жабдықтар, технологиялық желілер және т.б.) жаңарту идеясы болды. Осыған байланысты кейбір белгілі экономистер елдің валюталық қорын қайтадан бөлу арқылы, оның басым бөлігін халыққа қажетті тауарлар сатып алудың (азық-түлік, киім, аяқ киім т.б.) орнынан шетелден керек құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсау қажет деп тапты. Олардың ойынша осы шаралардың көмегімен 1990 ж. қарай ел экономикасың өндірістік аппаратын әлемдік стандарттарға дейін көтеру мүмкін болды. Сол арқылы еңбек өнімділігін арттыруға және жеделдете дамытуға жол ашылуы тиіс болды.
Аграрлық салада жеделдете дамытуға қол жеткізу үшін ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін, ауыл шаруашылығын интенсивтендірудің басқа факторларын кеңінен пайдалану қажет деп танылды.
Алайда, нарықтық қатынастар мен жеке меншік жоқ жағдайда алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес еді.
Ол кезде еліміздегі кәсіпорындардың басым көпшілігі монополист болды. Тауар тапшылығын және бәсекелестіктің жоғын пайдаланып олар өздерінің сапасы төмен тауарларын жоғары бағамен сата алды. Осындай жағдайда оларға ешқандай жаңа технологиялар мен станоктар аса қажет бола қойған жоқ. Олар онсыз да табыс тауып отырған болатын. Сондықтан олар шамалары келгенше құрал-жабдықтарды импорттауға қарсылық көрсетіп бақты. Жоғары жақтың қысымымен ол құрал-жабдықтарды алғанның өзінде олар өндіріске орнатылмады, қоймаларда немесе ашық аспан астында қалдырылды. Орасан зор мемлекет қаржысы осылайша желге ұшты деуге болады.
Антиалкогольдік науқанға артқан үміт те толығымен ақталмады. Оның көмегімен еңбек өнімділігін тек бір пайызға ғана көтере алды. Керісінше бұл әрекеттердің кері салдары көп болды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы өсті (оның үштен бір бөлігі арақ-шарап сатудан түсетін еді; осыған байланысты бюджет 67 млрд. сом жоғалтты). Халықтың әл-уақытты да күрт нашарлап кетті, халыққа қажетті тауарлар тапшылығы артты (оның басты себебі – тұтыну тауарларынан орнына құрал-жабдықтарды импорттау болды).
1986 жылы экономика саласындағы басты жаналық – мемлекеттік қабылдаудың енгізілуі болды. Ол бойынша дайын өнімді кәсіпорындардан тәуелсіз мемлекеттік комиссиялар қабылдап алуы тиіс еді. Алайда бұл қадам ойлағандай нәтиже бермеді (1987 ж. өнеркәсіп –өнімінің 15-18% мемлекеттік қабылдаудан өтпей қалды).
Екінші кезең. 1987 ж. жазы-1989 ж. мамыр. Қайта құрудың алғашқы кезеңі ел экономикасы алдындағы күрделі мәселерді шешіп бере алмады. Дағдарыс тереңдей түсті. Экономиканы реформалау үшін жеңіл-желпі өңдеу емес, терең өзгерістерді жүзеге асыру қажет болды. Ең алдымен өндірістік қатынастарды қайта құру, нарық пен жеке меншікті заңдастыру қажеттігі туралы ойлар қоғамда беки түсті. Алайда ел басшылығы осы мәселелерді шешуде тайғанақтық танытып келді. Олар жоспар мен нарықтық қатынастарды қатар қолдануға әрекеттер жасады.
Үшінші кезең. 1989 ж. мамыр -1991 ж. тамыз. Қайта құру идеялары бюрократиялық аппарат тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Осындай жағдайда реформаторлық идеяларға қолдау көрсету үшін өкілетті органдардың рөлін арттыру қажет болды. 1989ж. алғашқы саяси реформалар жүзеге асырыла бастады. Халық депутаттарының бірінші съезінің (1989 ж., мамыр) мінбесінен нарық пен жеке меншікке өту қажеттігі туралы белсенді күрес жүргізілді.
Демократияны кеңейту идеялары, жариялылық саясатты қайта құру басталған кезден айтылған еді. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйе ауқымында бұл идеяларды толықтай жүзеге асыру мүмкін болмады. Бұған 1986 ж. желтоқсанында Алматыда болған оқиғалар дәлел.
Желтоқсан оқиғаларының басты себептері ұзақ уақыт қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық және ұлттық мәселелердің шешілмеуі болды. Жастардың бейбіт шеруіне түрткі болған – республика басшылығының алмасуы еді. Бар –жоғы 18 минутқа созылған партия Пленумында республиканы ұзақ уақыт басқарған Д.А.Қонаевтың орнына шеттен келген Г.Колбин тағайындалды.
Ел басшылығының демократия туралы уәделеріне сенген жастар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып бейбіт шеруге шықты. Алайда республика мен орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан бұл оқиғаларға экстремистік деген баға беріліп, кең түрде жазалау шаралары жүзеге асырылды.
Партия аппаратында ірі кадрлық өзгерістер болды, обком қызметкерлерінің 28%, аудандық және қалалық комитет қызметкерлерінің үштен бірі өз қызметкерінен тайдырды. Жоғары оқу орындарына қабылдау қазақ және басқа ұлттар арасындағы пайыздық үлестік салмақты қатаң бақылау жағдайында жүзеге асырылды.
«Тұрғын үй-91» бағдарламасы қабылданып, 1991 жылға дейін Қазақстанда тұрғын үй мәселесін толықтай шешу жоспарланды. Бой көтере бастаған ұлтаралық қатынастар мәселелерін үйлестіру үшін халық депутаттары Кеңестері жанына ұлтаралық қатынастар мәселелерінің бөлімдері ашыла бастады. Құрғақ уәде мен орындамас мақсаттар қоюмен белгілі болған бұл кезең 1989 жылы Қазақстан КП ОК бірінші хатшылығына Н.Назарбаевтың сайлануымен аяқталды.
Күн тәртібіне алғаш қойылған мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Тілдер туралы Заңды талқылау барысында екі позиция айқындалды: қазақ ұлттық интеллигенциясы қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, іс жүргізуді тез арада қазақ тіліне аударуды талап етсе, орыс тілді оппозиция бұл үрдісті неғұрлым ұзақ уақытқа созуға тырысты.
1989 жылы 22 қыркүйегінде «Қазақ КСР-нің тілдер туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық тіл мәртебесін алды. Іс жүргізуді қазақ тіліне ауыстыру 1995 жылы жүзеге асыру белгіленді. Заң бойынша мемлекет билік пен басқару органдарында мемлекеттік және ұлтаралық тілдерді міндетті түрде білуге тиісті қызметкерлердің тізімін жасау тапсырылды. Заңға қосымша 1989 жылы қазақ тілін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.Алайда бұл іс-шаралар уақытша ғана жүзеге асырылып, 1990 жылдың аяғына қарай барлық жерлерде тоқталып қалды.
1990 жылы көктемінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіңе сайлау өтті. 340 депутаттық мандатқа 1403 үміткер ұсынылып, олардың 1242-і тіркелді. Сайлау туралы жаңа Заңға сәйкес Жоғарғы Кеңес депутаттарының :
-1/3 бөлігі Жазушылар, суретшілер одақтары, ардагерлер кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдардан сайланды;
-2/3 бөлігі жалпыға бірдей сайлау жүйесі арқылы сайланды.
Сайлау баламалы түрде өткізілгенімен , көптеген жерлерде номенклатура өкілдері қарсыластарсыз сайлауға түсті. Мысалы , 19 обком хатшыларының барлығы да баламасыз сайланды.
1990 жылы сәуірінде Жоғарғы Кеңес президент мәртебесін белгілеп, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты республиканың алғашқы Президенті етіп сайлады.Тек президентті сайлау туралы заң қабылданғаннан кейін ғана 1991 жылы 1 желтоқсанында бүкілхалықтық президент сайлауы өткізілді.Жоғарғы Кеңес депутаттары екі үміткер: Н.Назарбаев пен О.Сүлейменовты ұсынды, алайда соңғысы өз кандидатурасын алып тастады. «Желтоқсан» партиясының басшысы Х.Қожахметовтың өз кандидатурасын бекіту әрекеттері билік тарапынан қатаң басылды.1991 жылы 1 желтоқсанында баламасыз сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев Қазақстанның алғашқы Президенті болып сайланды, оған сайлаушылардың 98,8 пайызы дауыс берді.
1990-1991 жылдары Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР-інде мемлекет билік пен басқару құрылымын жетілдіру туралы» және «Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңдарды қабылдады. Соның нәтижесінде билік жүйесінде біраз өзгерістер болды. Министрлер Кеңесі таратылып, оның орнына Президент жанынан Министрлер Кабинеті құрылды, бірнеше министрліктер мен ведомстволар таратылып, экономика жөнінен Мемлекеттік комитет, Монополияға қарсы комитет т.б органдар пайда болды. Вице-президент және Бас прокурор қызметтері енгізілді. Жергілікті жерлерде билік Кеңес төрағасының қолына өтті.
1990-1991 жылдары Қазақстан КСРО республикалары ішінде экономикалық бағыттағы реформалар жүргізуде көш бастаушы болды. Парламент меншік туралы, сыртқы экономикалық қатынастардың басты принциптері туралы, еркін экономикалық аймақтар туралы, шетелдік инвестициялар туралы заңдарды қабылдады.
1990 жылы экономиканы тұрақтандыру және нарықтық қатынастарға өту Бағдарламасы қабылданды. Оған сәйкес мемлекеттік меншікті жекешелендіру – нарыққа өтудің басты шарты деп танылды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіруді екі кезеңге жүзеге асыру белгіленді.
Бірінші кезең 1991-1993 жылдары – «шағын жекешелендіру» нәтижесінде әлеуметтік-мәдени нысандар және купондық жүйе арқылы мемлекеттік тұрғын үйлер жеке меншікке өтуге тиісті болды.
Екінші кезең 1993-1995 жылдары «ірі жекешелендіру», яғни азаматтардың жеке меншігіне қалған мемлекеттік меншікті беру жүзеге асыру жоспарланды.
КСРО-ның тағдыры мәселесі бойынша Қазақстанның позициясы 1989-1990 жылдары еш өзгеріссіз қалды. Қазақстан КСРО-ны «жаңаланған федерация» болмаса конфедерация түрінде сақтап қалу қажет деп санады және басқа республикалар сияқты түрінде сақтап қалу қажет деп санады және басқа республикалар сияқты тәуелсіздік туралы мемлекеттік актілерді қабылдауға асықпады.
Дегенмен бел алған дезинтеграция үрдісі нәтижесінде 1990 жылы қазанында Қазақ КСР-нің мемлекеттік егеменділігі туралы Декларация қабылданды.
Декларация Қазақ КСР заңдарының КСРО заңдары алдында басымдығын заң жүзінде бекітті, соның нәтижесінде Қазақстан мен Орталық арасындағы қарым-қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасты:
- КСРО мен Қазақ КСР арасындағы қарым-қатынас шарттық негізде жүзеге асырылады;
- республика әкімшілік-территориялық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа байланысты мәселелерді өз еркімен шешеді;
- республика өз территориясында Қазақ КСР-нің заңдарына қарама-қайшы болған жағдайда КСРО заңдарының күшін жоя алады;
- Қазақстан территориясы мен шекарасы оның келісімінсіз өзгертіле алмайды;
- Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз басқа мемлекеттердің әскери базалары мен әскери құрамалары орналастырылмайды;
- Қазақстан өз ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын құруға құқылы;
- Қазақ КСР халықаралық қатынастарда еркін және сыртқы саясатын өз мүддесіне сәйкес жүргізіле алады.
1990-1991 жылдары КСРО алдында тұрған басты мәселелердің бірі жаңа Одақтық шартқа қол қою болды. Шарттың бірнеше жобасы жасалып, баспасөзде жарық көрді.1991 жылы наурызында КСРО тағдыры мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдум өткізілді. Халықтың басым көпшілігі КСРО-ны сақтап қалуды жақтап дауыс берді. Бұл процесс елде ұлтаралық қатынастардың шиеленісіп, ашық қақтығыстар болуымен қатар жүрді.(1989ж.Сумгаитте,1990 ж. Бакуде армяндарды қудалау,Таулы Қарабах мәселесі, 1990ж. Ош облысындағы қырғыздар мен өзбектер арасындағы, 1991 ж.Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы қарулы қақтығыстар).
Ұлтаралық қатынастардың шиеленісуін Орталық билік пен әскер басшылығының жіберген қателіктері одан әрі ушықтырды (1989ж. Тбилисидегі демонстрацияны әскер күшімен тарату, Бакуге әскер енгізу, Вильнюсте Телеорталықты күшпен басып алу). Ұлтаралық қақтығыстар нәтижесінде 1991 ж.КСРО-да 1 млн.жуық босқындар пайда болды.
Одақтас республикалардағы жергілікті билік органдары орталықпен салыстырғанда анағұрлым табандылық танытып , қайта құрулар жүргізуге мүдделі екендерін айқын білдірді. 1990 жылы аяғына қарай барлық республикаларда егеменділік туралы Декларациялар қабылданды. Бұл кезеңді тарихта «егеменділік шеруі» және «заңдар соғысы» деп атайды.Саяси билік бңрте-бірте орталықтан республикаларға өте бастады.КСРО-ның басқарусыз ыдырауының қаншалықты қауіпті екендігін орталықта, республикаларда түсіне бастады.Осыған байланысты жаңа Одақтық шартты дайындауға аса үлкен маңыз берілді. 1990 жылы көктемі мен жазында Мәскеу түбіндегі Ново-Огарева қаласындағы КСРО Президенті М.С.Горбачевтың резиденциясында республика басшыларының кеңестері өткізілді. Ұзақ та күрделі келіссөздер нәтижесінде «9+1» деген атпен белгілі (тоғыз одақтас республика және орталық арасында) Одақтық шартқа 20 тамызда қол қоюға келісілді. Осыдан кейін М.Горбачев Қырымдағы Фороста дем алуға аттанды. Ол 19 тамызда қайтып келуді жоспарлаған еді. 18 тамызда Форосқа елдің жоғарғы деңгейдегі мемлекет, әскери, партиялық құрылымдарының өкілдері келіп, М.Горбачевқа елде төтенше жағдай енгізу туралы ұсыныс жасады. Алайда М.Горбачев бұған келісім бермеді.
1991 жылы 19 тамызында радио және теледидардан елдің вице-президенті Г.Янаевтың Жарлығы мен Кеңес басшылығының Мәлімдемесі берілді,онда денсаулығына байланысты ел Президенті М.Горбачевтың өз міндеттерін атқара алмайтындығы туралы айтылып,ендігі жерде билік Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) қолына өтетіндігі жарияланды.
20 тамызда ТЖМК-ың манифесі – «Кеңес халқына үндеуі» жарияланды.Онда қайта құру процесінің тұйыққа тірелгендігі,елде төтенше саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыптасқандығы туралы айтылды.Тығырықтан шығатын бірден бір жол төтенше жағдай енгізу қажет деп саналды.Соған сәйкес КСРО Конституциясына қарама-қайшы заңдардың күшін жою, шерулер мен демонстрацияларға тыйым салу,бұқаралық баспасөз құралдарына қатаң бақылау орнату туралы шешім қабылданып, бағаны төмендетуге, жалақыны көтеруге және мұқтаж адамдарға 0,15 га жер беруге уәде етілді.
Алғашқы кезде ТЖМК-ның құрылуына Қазақстан басшылығы өз көзқарасын ашық түрде білдірген жоқ.Бұл органның шығарған құжаттарының барлығы республикалық баспасөз бетінде жарияланды. «Азат», «Азамат», «Алаш», «Бірлік», «Невада-Семей» және т.б. ұйымдар мен бірлестіктердің азғантай ғана бөлігі Алматыда митинг өткізіп, өз қарсылықтарын білдірді.
Бүліктің екінші күні, 20 тамызда Н.Назарбаев мәлімдеме жасап, онда бүлікшілерді қолдамайтындығын жариялады.
21 тамызда бүлік сәтсіздікпен аяқталып, М.Горбачев қызметіне қайтарылды. Бас прокуратура бүлікшілерге қарсы қылмыстық іс қозғады.
Бүлік жеңіліске ұшырағаннан кейін Қазақстан Парламенті мен Президенті бірнеше мәлімдеме жасады. 24 тамызда Н.Назарбаев өзінің КОКП ОК Саяси бюросы құрамынан шығатынын жариялады. 25 тамызда «Қазақ КСР территориясындағы КОКП-ның мүлігі» туралы Президент Жарлығы шығып, соған сәйкес Қазақстан территоиясындағы партия мүлігі мемлекет меншігі деп танылды. 28 тамызда Қазақстан КП ОК Пленумында Н.Назарбаев партияның бірінші хатшысы қызметінен бас тартты.Пленумда Қазақстан Компартиясының қызметін тоқтату және 1991 жылы қыркүйегінде партияның төтенше сьезін шақыру туралы шешім қабылданды. 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты.
Сондай-ақ осы кездері Н.Назарбаев «Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңес туралы», «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерді Қазақ КСР үкіметі қоластына өткізу туралы», «Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорларын құру туралы», «Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің еркіндігі туралы» жарлықтарға қол қойды.
1991 жылдың тамызынан кейін КСРО-ның ыдырау процесі жеделдей түсті. Орталықтың одақты сақтап қалуға бағытталған шаралары еш нәтиже бермеді. 1991 жылы 8 желтоқсанында Брест түбіндегі Беловежская пуща атты жерде Ресей, Украина және Белоруссия басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге қол қойды. Бұл Келісім бойынша КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Орта Азия республикалары ТМД-ң құрылуын славян федерациясын құруға бағытталған шара деп қабылдады. Оған жауап ретінде 1991 жылы 13 желтоқсанында Ашбахадта жиналған «бестік» басшылары (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан) Орталық Азия мемлекеттерінің Конфедерациясын құру мүмкіндігін талқылады.
Нәтижесінде 21 желтоқсанда Алматыда «үштік» (Ресей, Украина, Белоруссия) және «бестік» (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан) басшылары кездесті. Алматы кездесуінде КСРО-ның өмір сүруінің тоқтатылуы және құрамында он бір мемлекет бар ТМД-ның құрылуы туралы Деклорация қабылданды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет