Ғылым және Білім министрлігі- Ғылым академиясы
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институты
Қолжазба құқында
Юбасарова Г.К
Көркем шығармадағы ішкі монолог: тілдік түзілімі, стилистикасы (Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары бойынша) 10.02.02- Қазақ тілі Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертация
Ғылыми жетекші
филология ғылымдарының докторы,
профессор Б.Шалабай
Қазақстан республикасы
Алматы қаласы
2007ж
КІРІСПЕ Зерттеу жұмысының өзектілі: Көркем әдебиет тілі алғаш орыс тіл білімінде зерттеу нысаны болып, бұл бағытта В.В. Виноградов, В.Винокур, Л.В. Щерба, М.Н. Кожина, А.Н. Гвоздев, Р.А. Будагов, А.И. Ефимов т.б ғалымдар көркем шығарма тілін, стилистикасын жан –жақты қарастырған. Ал кейінгі жылдары қазақ тіл білімі де біршама еңбектермен толықтырылды. Бұл ретте Р.Сыздық, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрім, Б.Шалабай еңбектерін атауға болады. Зерттеулерде көркем шығарма тіліне қатысты құнды пікірлер айтылып, шығар өнер туындысы ретінде қаралды.
Көркем шығарма тілін зерттеу – жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігін қарастыру көркем әдебиет стилистикасы - әдебиеттану ғылымы мен лингвистиканы байланыстыратын ғылыми саласы, аралық пән. Көркем туындының табиғаты өте күрделі. Онда тілдік материал мен идеяның біртұтас бірлігі қалыптасқан. Шығармадағы композициялық тұтастық, образдар жүйесі тілдік құралдар арқылы беріледі.
Көркем шығарма тілінің бүгінгі даму мен шарықтауы арынды да тым асқақ. Әсірелеп айтқанда, ол бейне бір тау басынан нәр алып, сай – салалармен сарқырап құйылып жатқан бұлақ суларымен молығып, толықси аққан үлкен өзен арнасын көз алдыңа елестететін сияқты. Сондықтан болуы керек, оның айдынды ағысында лайы мен тұнығы араласқан иірімдері, тас домалатар ұрымтал тұстары, қалтарыста қалып қойған қойнау – қолтықтары да жоқ емес.
Әрине, көркем шығарма тілі – қыры да, сыры да мол дүние. Әрбір қалам қайраткерінің, табиғи талантын, дүниетанымын, қабілетін, білім дәрежесін былай қойғанда, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы, сөз қолданыс тәсілі, сөз саптау мәнері бар. Көркем сөздің жан дүниемізге рухани нәр беріп, әсерлі де әсем сезім ұялататын сиқырлы сыры оның эстетикалық қызметіне байланысты. Сөз қолданыстың сан алуан тәсілдері мен шынайы шеберліктің өнегесін біз, міне, осы тұста айқын көреміз. Басқаша айтқанда, әрбір жазушының әр қврвнан көрінер, өзгеден дараланар өзіндік сөз өнері, топ жарған таланты сарапқа салынар кезі тілдің осы қызметіне байланысты.
Кез – келген жаңа саланың ауқымы кең, қарымы құлаш болуы заңды. Көркем әдебиет тілі зерттеуге түскенімен, оның ашылмаған не жете зерттелмеген нысандары өте көп. Көркем шығарма тілін, стильдік ерекшелігін зерттеуде, ішкі монологтың берілу жолдарын талдап көрсету тек әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, лингвистика ғылымы саласы үшін де аса қажет. Сол себепті көркем шығарманың стилін, мәтін құрылымын тілдік тұрғыда зерттеу - бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Көркем прозадағы бейнелеу тәсілдердің бірі – ішкі монолог (кейіпкердің ішінен айтылатын сөз, іштей сөйлесу, өзіңмен – өзіңнің сырласуың, өзіңді –өзің іштей саралау) көрінісі жан – жақты қарастырылып, арнайы зерттеу обьектісіне айнала қойған жоқ. Ал, ішкі монологсыз күрделі де көркемдік дәрежесі биік, нағыз танымды туындының дүниеге келуі мүмкін емес.
Классикалық биік деңгейге көтеріліп, әлемдік көркем - өнерге асыл қазыналар қосқан қазақ прозасында 70-80 жылдары халқымыздың өткен тарихына ден қою, ата – бабаларымыздың мұрат – мүддесін, мақсат – тілегін бейнелеу үрдіс сипат алып қадау – қадау қадамдар жасалынды. І Есенберлин, Ә. Әкімжанов, М. Мағауин, С. Сматаев, Ә. Кекілбаев сияқты таланты жазушылардың кесек бітімді, тарихи романдары дүниеге келді. Осы шығармаларының қатарына Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең - алаң» романдары да қосылды.
Жазушы халқымыздың тарихындағы ең бір тұлғалы кезеңді – Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының бастау сәтін шығармасына арқау еткен. Ел басына сын болған бұл кезең І. Есенберлиннің «Көшпенділер» триологиясында және Т. Ахтановтың «Ант» драмалық тарихи дастанында өте көркем бейнеленгені көпшілікке жақсы таныс. Бұл екі жазушы өз туындыларында «Үркер», «Елең- алаңның» басты кейіпкерлері болып табылатын – Жәнібек батыр мен Әбілқайыр ханды, Бопай ханымды қанды шайқастармен ел тағдыры талқыға түскен тар жол, тайғақ кешулерде халық қамын жеген кесек бейнелер ретінде көрсеткен болатын. Ал Әбіш Кекілбаев болса басқа ыңғайда, психологиялық талдау арқылы көрсетуге тырысады.
Әбіш Кекілбаев – қазақ көркем әдебиетіне үлкен үлес қосып жүрген жазушылардың бірі. Оның халық тарихын бейнелі түрде суреттеген шығармасының көкжиегі ретінде саналатын «Үркер» мен «Елең - алаң» романдары әдеби – сыни тұрғыдан зерделеніп жүрседе, тілдік, жазушының стилі жағынан аз зерттелгені белгілі жайт.
Әдебиеттанушы ғалымдар Г.Пірәлиева, Ж.Дүйсенбаевалар Ә.Кекілбаев шығармаларын әдеби тұрғыда зерттеп, әдебиеттану ғылымына үлкен үлес қосқан. Ал тілдік түзілімі жағынан қыры мен сырын ашуда тілші ғалымдар С.Ғубайдуллин, Ж. Ибрагимова, Ж.Абдрахмановалар көп ізденістер жасаған. Көркем шығарма стилі – жазушының мақсатты түрде пайдаланған тілдік құралдар жүйесі. Олар әдеби бағыт, шығарманың тақырыбы, образдар құрылысы, суреткердің шығармашылық ерекшелігіне бағындырылған.
Көркем шығарма тілінде сөз өзінің барлық бояу нақышымен, экспрессивтік-эмоционалдық реңкімен, астарлы мәнімен, образдылық әсерімен, эстетикалық, мүмкіншілігін аша қолданылмаса, ондай шығарманың құны да төмен, ондай жазушының суреткер ретінде беделі де төмен. Шығарма әдетте, өзінің тілімен көркем, – деп өзінің анық мінездемесін ғалым Рабиға Сыздық берген болатын.
Сөз қолданыс өнері әрбір жазушының творчестволық шеберханасында туып, дамып, шыңдалып, өз ерекшелігімен әдебиет үрдісінен орын алып отыратыны даусыз. Жазушы шеберлігінің, суреткер дарынының бір сыналар тұсы – кейіпкер образын жасауда. Шынында да жағымды, жағымсыз кейіпкердің бүкіл жан дүниесін, мінез-құлқын көркем сөз арқылы суреттеу, оны қайткен күнде де, дара тұлға, тектік бейне етіп көрсету – жазушы үшін үлкен сын.