YouTube платформасында математиканы оқыту әдістері
YouTube каналында математиканы оқытудың практикалық жүзеге асырылуы
Осы танысқан YouTube ресурстарын кез- келген салада қолдануға болады. Оның математиканы оқытуда қолданылуына назар аударайық. Қазіргі таңда елдегі пандемияға байланысты қашықтықтан оқытуды 90 пайызға жуық оқушы мен оқытушылар қолданды. Сол кезде ең көп YouTube желісі, Zoom, Google Classroom бағдарламалары кеңінен қолданылды. YouTube бағдарламасы арқылы ақпаратты видео түрінде түсіріп , жеке арна ашып, барлық қажет деректерді сонда жүктеуге болады. Ол арна жабық немесе жалпыға ортақ бола алады. Осылайша уақыт пен энергияны үнемдей отырып, сапалы білім беруге болады. Енді осы бағдарламаны қолдануды нөлден бастап үйрету жолдарын көрсетейін. Халықтың көп бөлігі бұл желіні тек көрермен ретінде қолданады. Мен бірінші бөлімде оқырман ретінде бұл желіні қолданушылар назарына нұсқаулықтар ұсынған болатынмын. Оқырмандар онда тек іздеп, қалаған дүниені көру мүмкіндігіне ие болады. Ендігі кезекте бұл жұмыстың мақсатына сай, мен бағдарламаны қалай қолдану қажеттілігін, қалай арна ашып, онда бейне жазбаларды жүктеп, оның сілтемесі арқылы оқушыларға тарату жолдарымен бөлісетін боламын. Сонымен қатар ойнату тізімдеріне өзіне қажетті бейнелерді сақтауды да айтатын боламын.
YouTube барлық елдерде және елуден астам әр түрлi тілдерде қол жетімді. Ол Google-ге тиесілі болғандықтан, сізге тек YouTube есептiк жазбасын құру жеткіліксіз, оны қолдануды бастау үшін Google есептiк жазбасы қажет болады.
Ендеше ең бірінші арна ашудан бастайын.
Кіру батырмасын басу арқылы, өзінің электрондық поштасы мен құпия сөзі арқылы арнаға кіреді.
Сурет 7. Арнадағы ойнату тізімдері.
7- суретте менің онлайн математиканы оқыту үшін ашқан жабық парақшам көрсетілген. Мұнда бейнелерді ойнату тізімдеріне бөліп қоюға да болады. Табуға ыңғайлы болу үшін жақсы әдіс. Бұл бейнелер тек жазылған оқырмандарға және сілтеме арқылы өткен оқырмандарға көрінеді. Оны жабық немесе жалпыға ортақ етуді арнаның басқарушысы өзі біледі. Мен осы арнаға барлық математикаға қатысты бейнелерді жинақтап, тізімдерге тақырыптар бойынша бөліп реттеп қоюды жөн көрдім.
Мысалы, математика пәнінің оқытушысы осылай әр түрлі тақырыпта бейнелер жазып, ойнату тізімдеріне арнайы тақырып қойып бөліп қоя алады. Тақырыпқа келген кезде кез-келген құрылғыдан өз арнасына кіріп оқушыларға еркін көрсете алатын болады.
Дүние жүзінде күн сайын жүз мыңдаған адамдар YouTube-ке бейнелерді жүктейді.Арна ашылған соң оқушылар үшін немесе көрермендер үшін арнайы тақырыптық видео түсіріліп, оны жүктеу қажеттілігі туады. Оқытушы оны жүктеу үшін төмендегі суреттерге назар аударайық:
Сурет 8. Бейне жүктеу немесе тікелей эфирге шығу тетігі.
Сурет 9. Бейнені таңдау, жүктеу амалдары.
9- суретте көріп тұрғанымыздай, бейнені жүктеу өте қарапайым амалдар арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін компьютеріңізден бейнені тауып, қажетті өрістерді (тақырып, кілт сөздер, сипаттама) толтырып, жүктеу батырмасын бассаңыз болғаны. Бейне өлшеміне және интернетке қосылу жылдамдығына байланысты бұл бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін созылуы мүмкін.
Келесі амал, жүктелген бейнені өңдеу жұмыстары немесе бейнені жеке талдау деуге болады. Яғни жіберілген бейнені тізімнен тауып, оң жақ шетін басқанда төмендегідей кескінді көреміз.
Сурет 10. Арнадағы бейнелердің мазмұны.
10-суретте көріп тұрғандай, оқытушы салған бейнесін мазмұн бөлімі арқылы неше адам тамашалағанын және пікірлерді көре алады. Сонымен қатар, атауын өзгерте алады. Оны жүктеуге , өшіруге және арнайы сілтеме көмегімен бөлісуге де болады.
Осымен біз жалпы YouTube арнасында жұмыс жасау нұсқаулықтарымен толық танысып шықтық. Осыдан соң, арнада отырып барлық нұсқаулық бойынша көптеген пайдалы білім алатындарыңызға және оқытушылардың АКТ-ні еркін игере отырып білім беру сапасын арттыруда үлес қосарына сенімдімін.
Жоғарыда айтылған нұсқаулықтар арқылы бейне жазуды, жүктеуді және онымен бөлісуге тоқталып өттік. Енді осы айтылған YouTube ресурастарын математиканы оқытудағы қолданылуы жайлы сөз болмақ. Жалпы математика нақты ғылым. Осыдан біршама жыл бұрын білім беруде ауқымды өзгерістер болған емес еді. Қазір өркендеу уақытында күннен күнге білім дамуда. Мысалы, ертеректе біз тек қазақ тілінде дәстүрлі сабақ алсақ, қазір өзге оқытушылардың түрлі әдістерін YouTube арқылы көру мүмкіндігіне ие болдық. Сонымен қоса тек қазақ тілінде ғана емес, дамыған елдердің оқыту жүйелерін ағылшын тілінде де қашықтықтан үйден шықпай ақ, оқу мүмкіндіктеріне ие болдық. Айтып отырған математиканы оқытудағы YouTube ресурстарына тоқталып өтейін.
Бейнені YouTube желісіне өзіміз түсіріп жүктесек те болады немесе жұмысты жеңілдету мақсатымен өзге кез-келген оқытушының жақсы түсіндірмесін алып, сілтеме арқылы бөлісе салуға да болады. Бірақ сапалы, жақсы бейнені табу да еңбекті талап етеді.
Төмендегі суреттерге назар аударайық. Мен қазір бірнеше форматтағы математиканы оқыту бейнелерін назарларыңызға ұсынамын. Математиканы оқыту үшін оқытушы түрлі конференциялар мен семинарлардың бейнесін тамашалай алады және онымен бөлісе алады. Тек бұл форматта ғана емес, түсіндіру жұмыстарын бірнеше тәсілмен түсірілген бейнелер көмегімен жүзеге асыруға болады. Мысалы, 11- суретте ешқандай қатысушысыз экран бетінде кескінделген есептерді көре аламыз.
Сурет 11. Математиканы оқытудағы бейнелерді қолдану.
Осылай компьютерлік кескін түрімен тіпті тек қазақ тілінде ғана емес басқа тілде түсіндіруге де болады.Себебі мұнда сөзден көрі жазу маңызды болады.
Сурет 12. Электронды тақта көмегімен түсіндіруге болады.
12- суретте математика саласы бойынша жалпыға ортақ әрі сапалы сабақтарды түсіндіретін «Мектеп Online Математика» арнасының оқытушысы Эльмира Рафикованың бейнесі көрсетілген. Бұл арнада осындай сенсорлық тақтада барлық мектеп бағдарламалары түсіндірілген. Осы арнаны жас оқытушылар да қарап білімдерін толықтыра алады. Яғни тек дәстүрлі әдіспен шектеліп қана қоймай, осылай басқа да оқытушылардың әр түрлі форматта түсірген бейнелері арқылы оқушыларға көрсетіп түсіндіруге де болады екен. Осылайша оқытушылар уақыт та, қуат та үнемдейді.
Сонымен, YouTube ресурсын қолданудың тағы да тиімді жолы балалар үшін болмақ. Кішкентай есепті енді үйреніп қызығып келе жатқан жас ұрпақ үшін бұл әдіс те таптырмас құрал. Суретті салып, бояп оқытушы уақыт кетірмей, түрлі- түсті қызықты суреттерді жинап бейне жазба түсіру арқылы балаға қызықты өткізе алады. Осылайша баланың қызығушылығы арта түседі. Бейнені кім жазса да, балаға барынша қызықты, түсінікті және анық болғаны маңызды. Ал балалар үшін ең үлкен мүмкіндік тек бір әдіс, бір оқытушымен ғана шектеліп қана қоймай түрлі әдіс- тәсілдерді көріп математикаға немесе басқа пәнге деген қызығушылықтары артатын болады. 13- суретте көріп тұрғандай қызықты есептер мен бейнелерді көрсету арқылы баланы қызықтырып ынтасын ашуға болады.
Сурет 13. Балаларға математиканы үйрету жолдары.
Сурет 14. Астана қаласындағы TEDxAstana бағдарламасынан үзінді.
14- суретте бір оқытушының қызықты есептерді талқылап жатқанын көреміз. Ал бұл бейнені YouTube ресурсына сүйене отырып Астана қаласынан басқа да оқушылар мен оқытушылар үйде отырып немесе сыныпта бірге тамашалап, өз білімдерін дамыта түседі. YouTube платформасында осындай талқылау семинарлары мен жобаларды да көптеп табуға болады.
Мұғалім түрлі қызықты бейнелерді тауып немесе түсіріп келіп, сол еңбекті бір күнде бірнеше сыныпқа түсіндіре алады. Сонда бір топқа бір ақпаратты түсіндіруді ұмытып кетуден немесе қателесуден сақтана алады. Ал оқушылар түсінбей қалған жағдайда оқытушының артынан бармастан ақ, сол сілтеме артықы кіріп түсінбеген жерін қайта көре алады. Егер түсініксіз болса, басқа да ресурстар көмегіне жүгініп түсіну мүмкіндігіне ие болады.
Оқытушы қосымша сабақтар өткізетін болса, YouTube Live көмегімен балаларға тікелей эфир де өткізіп түсінбеген сабақтарын түсіндіре алады. Соның көмегімен оқушылар да тікелей сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар, оны сақтап қойып, кейін де тамашалауға болатыны жақсы мүмкіндіктердің бірі.
Көптеген мүмкіндіктерді өзінде қамтыған бұл желінің кемшіл тұсы тек оны уақытынан көп пайдалану жағдайында ғана болмаса, артықшылықтарымен өзге платформалардан ерекшеленеді. Оқыту мен оқуда үлкен рөл ойнайтын бұл электронды қосымша күннен күнге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Оларды жақсы игеріп, орнымен қолдану көптеген жетістіктерге жетуге жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |