З. О. Дүкенбаева ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағЫ Ұлт зиялылары


ДӘРІС 10. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ҰЛТТЫҚ



Pdf көрінісі
бет10/16
Дата11.01.2017
өлшемі1,08 Mb.
#1692
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16

ДӘРІС 10. КЕҢЕС ӨКІМЕТІНІҢ ҰЛТТЫҚ 
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ 
ҰСТАНҒАН САЯСАТЫ
(1933-1941 жж.)
Соғысқа   дейінгі   жылдар   қазақтың   ғылыми   интеллигенциясының 
қаулап   өскен   кезеңі   болды.   Ғылыми   интеллигенцияның   өсу   қарқыны 
шығармашылық   интеллигенцияның   өзге   өкілдеріне   қарағанда   біршама 
артық болды және жыл өткен сайын үнемі өсіп отырды. Гуманитарлық, 
жаратылыстану,   техникалық   ғылымдардың   сан-саласында   қазақ 
ғалымдары пайда болды. 
“Ғылым ұлттық болмайды” делінгенімен, іс жүзінде оның қай саласы 
болсын   алдымен   жеке   елдерде   өсіп-жетіледі.   Әлем   тарихында   немістің 
классикалық   философиясы,   ағылшынның   экономика   ғылымы, 
жапондардың   электроникасы,   тибет   медицинасы   сияқты   ұғымдар   берік 
орнықты. Ғылыми байланыс, бір елдегі ғылым жетістіктерін екіншілердің 
пайдалануы, интеграция, глобализация (ғаламдастыру) процесстері бүкіл 
адамзат мәдениетінің дамуына игі ықпал етуімен қатар жеке елдер мен 
халықтарды өркениет көшінен қалмауға бағытталған белсенді әрекеттерге 
баруына   түрткі   де   болды.   Қазақ   сынды   отаршылардың   езгісінде   болып 
келген   халықтар   үшін   білім   –   ғылым   ұлт   ретінде   жойылып   кетпеудің 
амалы болды. Сондықтан да “білім көшінен артта қалған халық өзгелерге 
тәуелді болады” деген Ахмет Байтұрсынов сынды көсемдерінің ұлағатты 
өсиетін жадына ұстаған қазақтың саналы перзенттері білім мен ғылымға 
үлкен талпыныс жасады.
Шығармашылық интеллигенция өкілдері ғылымды қазақ қоғамына 
жалпы   адамзатқа   тән   рухани   құндылықтарды   енгізудің   басты 
құралдарының   бірі   ретінде   үміттеніп   қарады.   Ғылым   адамгершілікке 
қызмет   етеді   деп   сенді.   Қазақ   ішіндегі   керітартпа   мінездерді   жоюға 
септігін   тигізеді   деп   санады.   Ғасыр   басындағы   ағартушылардың 
ізбасарлары өздерінің көпшіліктің көзін ашуға бағытталған шығармаларын 
ұлттық келбетіне оң сипат беріп өзгертетін қуатты күш, жарық шашудың 
құралы   ретінде   қолданды.   Оқуға,   білімге   шақыру   тек   сауатыңды   аш 
дегенге   телінбей,   өнер   мен   ғылымды   игер   деген   ұлағатпен  қатар 
насихатталды. Білім мен ғылымды қазақ зиялылары ұлт санасын оятудың 
жолы әрі мақсаты деп білді.
1925   жылы   Ташкентте   шыққан   “Терме”   журналының   бірінші 
санында   жарияланған   белгілі   ағартушы,   тілші   ғалым   Шамғали 
Сарыбаевтың (1893-1958) мақаласында Жетісудың ақиық ақыны Жамбыл 
Жабайұлы   туралы   тұңғыш   рет   баспа   бетінде   айтылған   еді.   Осы   мақала 
кейін   қазақ   поэзиясын   зерттеген   ғылымның   үлкен   саласы   – 
Жамбылтанудың   алғашқы   қарлығашы   іспетті   болды.   1929   жылы   Сәкен 
Сейфуллиннің Жамбылмен кездесіп, оның бірталай өлеңдерін жазып алуы 
124

Сәкен Сейфуллиннің шын ғалымға тән ізденімпаздығын танытады. 1938 
жылдың 19 мамырында Қазақ ҚСР-нің Жоғары Кеңесінің төралқасы ақын 
Жамбылдың   шығармашылық   қызметіне   75   жыл   толуына   орай 
қабылданған   арнайы   қаулысы   бойынша   КСРО   Ғылым   академиясының 
Қазақ   филиалы   жанында   Жамбыл   атындағы   халық   ақындары   секторы 
құрылды [221].
Қазақ   ғалымдарының   үлкен   тобын   филологтер   құрайды.   Бұл   – 
қазақтың   әдеби   ескеткіштерінің   байлығына   байланысты   туған   ұлттық 
ерекшелігіміздің бірі. Қазақтың  сөз өнерін құраған мол қазынаны игеру 
көп ғалымдардың табанды еңбек етуі табиғи көрініс еді. Сондықтан да тіл-
әдебиет   мамандары   өзге   ғылым   салаларының   өкілдерінен   сан   жағынан 
басым   болып  келді.   Тиісінше,   еңбектері   де  нәтижелі   көрінді.   Бұл   үрдіс 
әсіресе соғыстан кейінгі жылдары айқын аңғарылып, уақыт өткен сайын 
орныға берді.
Тіл-әдебиет   саласында   ғылыми   интеллигенцияны   қалыптастыруда 
Құдайберген   Жұбановтың   (1899-1938)   айрықша   еңбек   еткенін   атап   өту 
парыз. Құдайберген Жұбанов – қазақтың тіл білімінің теориялық негізін 
қалыптастыруда   Ахмет   Байтұрсыновтың   ізбасары   әрі   ғылымның   осы 
саласында Ахмет Байтұрсыновтан кейінгі екінші тұлға болды. Аз ғана жыл 
ішінде   ол   ғылыми   маңызы   зор   үлкен   туындылар   жазып   қалдырды. 
Құдайберген   Жұбановтың   көп   шәкіртінің   бірі,   1938   жылы   ҚазПИ-ді 
бітірген   ақын   Қалижан   Бекхожин   ұстазын   былай   деп   еске   алады:   “Бұл 
эрудициясы кең, аса білікті ғалым, өте мәдениетті де, сыпайы да еді. Оның 
лекциясын ерекше ілтипатпен тыңдайтынбыз. Тіл ғылымын, тіл тарихын 
әдебиетпен тарихты білгір байланыстыра білетін Құдайберген Жұбановтан 
мен өзім кенеле білім алдым. Сонау Орхон-Енисей жазуларын, ескі түркі, 
шағатай   сөздерін,   дүниежүзі   тілдерінің   тарихын   Құдайберген   Жұбанов 
бізге   кітапсыз-ақ   жақсы   ұғындырған   еді.   Бізді   зерттеушілікке   баулып, 
түрліше тапсырма беріп, кітапты да көп оқуды талап ететін...” [222]. 
Қазақтың   ғылыми   интеллигенциясының   қалыптасу   тарихында 
Абайтану ілімінің пайда болып орнығуының маңызы зор болды. Абайдың 
мұрасын ғылыми жолмен игеру үстінде үлттық ғылыми күштер өніп-өсті. 
Абайтанудың басында тұрған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен 
бүгінгі абайтанушылар Мекемтас Мырзахметов пен Ғарифолла Есімовке 
дейінгі аралықта Абайдың мұрасын тануға көптеген ғалымдар өз үлестерін 
қосты. Абайтануды қазақтың  әдебиеттану ғылымының үлкен әрі дербес 
саласы дәрежесіне көтерген Мұхтар Әуезов болды. Қазақ өмірінің көркем 
шежіресі, қазақтың тұңғыш эпопеясы “Абай жолын” Мұхтар Әуезов он бес 
жылдай   (1941-1956)   жазды.   Сыншы   –   академик   Мұхаметжан   Қаратаев 
Мұхтар   Әуезовтің   эпопеясының   алғашқы   кітабы   “Абай”   романына 
кірісуден   бұрын   жиырма   жылдық   әзірлік   кезеңнен   өткендігін   айрықша 
атап көрсетеді [223]. 
125

Абай тақырыбына жиырмасыншы жылдардың  басында бет бұрған 
Мұхтар   Әуезов   бүкіл   саналық   ғұмырын   Абайтануға   арнады.   Кейбір 
зерттеушілер   Мұхтар   Әуезовтің   1933   жылы   жазған   Абайдың   тұңғыш 
ғылыми   өмірбаянын   Абайтанудың   бастамасы   деп   қарайды.   Данышпан 
Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын Мұхтар Әуезовтей ұлы 
суреткер   мен   ғалымның   ғұмыр   бойы   зерттегенімен   Абай   тану   ілімінің 
бастамасы   ғана   жасалды.   Мұхтар   Әуезов   Абайдың,   кейін   ағартушы-
демократтардың көзқарастарына әсер еткен үш арна (қазақ, шығыс және 
орыс   мәдениеті)   туралы   жазса,   Қасым   Бейсембиев,   Тәшен   Елеуов, 
С.Нұрышевтер қарсы шығып, Абай Құнанбаевтың дүниетанымы тек қазақ 
пен   орыстық   құндылықтардың   әсерімен   қалыптасты   деп   шықты  [224]. 
Абайдың   сүйенген   үш   тағаны   (және   Абай   Құанбаевтан   кейінгі   ұлттық 
шығармашылық   интеллигенциясының   басым   көпшілігі   өсіп   шыққан   үш 
таған) туралы Мұхтар Әуезов алғаш “Абай ақындығының айналасы” атты 
мақаласында   (“Әдебиет   майданы”   журналы,   1934,   №11-12)   жазған 
болатын.   Мекемтас   Мырзахметов   Абайға   шығыс   әдебиетінің   әсері 
болғандығын жазғаны үшін өмір бойы сыналудан көз ашпай кеткендігін 
айрықша атап өтті. 
Мұхтар   Әуезов   ақындар   Шәкәрім   Құдайбердіұлы   (1858-1931), 
Көкбай   Жанатайұлы   (1864-1927),   Ақылбай   Абайұлы   (1861-1904)   және 
Мағауия   Абайұлы   (1870-1904)   туралы   “Осы   төрт   ақын   Абайдың   нағыз 
толық мағынадағы шәкірттері” [225] деп жазды. Шәкәрім мен Көкбайдың 
тұлғалары Абайдың ақындық мектебінің өкілдері Кеңес дәуірінде қызмет 
еткендігін айқын көрсетеді. Кейін Қайым Мұқаметханов сынды ғалымдар 
жиырмасыншы-отызыншы жылдары шығармашылығымен қызмет істеген 
Абай Құнанбаев шәкірттерінің есімдерін ұлғайта түсті. 
Абай Құнанбаев мұрасын ұлттық шығармашылық интеллигенцияны 
тәрбиелеп-өсіруге
 
пайдаланған
 
Жүсіпбек
 
Аймауытовтың 
редакторлығымен   1918   жылы   ақпанда   Семейде   шыға   бастаған   “Абай” 
журналы   болды.   Абайды   бүкіл   қазаққа   айқын   таныту,   шығармаларын 
кеңінен насихаттау арқылы ұлттық сананы ояту – Жүсіпбек Аймауытов 
сынды   ағартушы-демократтар   үшін   күн   тәртібінен   түспеген   ең   өзекті 
мәселе   болып   қалды.   Сондықтан   да   “Абай”   журналы   кемеңгердің 
шығармалары жөнінде ой бөлісетін бірден-бір арнаулы басылым болды. 
Және   де   бүкіл  қазақ   журналистикасы   тарихында   адам   есімімен   аталған 
жалғыз журнал осы “Абай” болды. 1992 жылы семейлік қаламгерлер мен 
әдебиетші   –   ғалымдардың   “Парыз”   атты   шығармашылық   тобы   “Абай” 
журналын қайта шығара бастады.
Шығармашылық интеллигенция Абай Құнанбаевты өзі танып, елге 
танытумен   бірге   Абай   Құнанбаевты   ұлт   ұстазы   ретіндегі   рөлін 
орнықтырды. Соғысқа дейінгі жылдардағы Абайтанудың басты сипаты – 
ұлы ойшылдың мұрасын жинау болды. Осы тұста әдебиетшілер Абайдың 
асыл   есімін   әсіре   қызыл   тапшылардың   шабуылынан   қорғап   қалды. 
126

Абайдың қазақ әдебиеті мен тарихтағы орны туралы бірде өршіп, бірде 
бәсеңсіген   пікірталасқа   Сәбит   Мұқанов,   Сәкен   Сейфуллин,   Ілияс 
Жансүгіров,   Ғаббас   Тоғжанов,   Ыдырыс   Мұстамбаев,   Бейсенбай 
Кенжебаев, Ілияс Қабылов, Әзімбай Лекеров, т.б. оқымыстылар қатысты. 
Абай   мұрасын   тірнектеп   жинап   жария   етуге   қатысқан,   шиеленіскен 
идеологиялық   таласта   Абайды   қорғаған   шығармашылық   интеллигенция 
өкілдері – осы ізгілікті іске атсалысқандардың бәрі ұлт зиялылары аталуға 
лайықты тұлғалар.
Әдетте қарапайым оқырмандар “Абайтану” дегенде мұны Абайдың 
әдеби  мұрасын  зерттейтін  ғылым   деп  түсінеді.   Біздің  қолдағы   деректер 
жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақтың музыка зерттеу ғылымында 
музыкалық   абайтану   ғылыми   жаңа   саланың   туғандығын   дәлелдейді. 
Музыкалық   абайтанудың   бастауын   1914   жылдың   26   қаңтарда   Семейде 
өткізілген   әдеби-музыкалық   кештегі   Нәзипа   Құлжанованың   Абайдың 
ақындық және композиторлық шығармашылығына арналған баяндамасы 
бастап берсе керек. Осы Нәзипа Құлжанова 1919 жылы шығыс музыкасын 
жинап-зерттеуші   А.Э.Бимбоэске   (1878-1942)   “Татьянаның   Онегинге 
жазған хаты” әнін жаздырды. А.Бимбоэс нотаға түсірген қазақ әндерінің 
ішінде екі ән Абайдікі болған, екіншісі – “Сегіз аяқ” әнін оған ақмолалық 
әнші әрі ақын Мұстафа Нұрбаев 1920 жылы орындап берді.
А.В.Затаевич   1920-1923   жылдары   Абайдың   сегіз   әнін   нотаға 
түсіргенімен   ол   әндердің   қадірін   түсінбей   “Қазақ   халқының   1000   әні” 
жинағына Абайдың үш әнін, ал “Қазақтың 500 ән-күйіне” бір әнін ғана 
жариялады.   А.Затаевич   жазып   алған   Абайдың   қалған   төрт   әні   жарты 
ғасырдан   соң,   1971   жылы   жарыққа   шықты.   А.Затаевич   Абайдың 
“композитор  ретіндегі   өзіндік  ерекшелігін дұрыс  бағалай   алмады”  [226] 
деп Б.Ерзакович те жазған еді. Айта кету керек, А.Затаевич өзінің “Қазақ 
халқының   1000   әні”   атты   атақты   жинағында   Абайды   орыс   музыкасын 
үстірт   біледі   деп   жазғырады;   біз,   өз   кезегімізше,   Абайдың   әндерінің 
қадірін түсінбеген Затаевичтің қазақ музыкасын үстірт білгендігін айтуға 
хақымыз бар. 1934 жылы Әміре Қашаубаев Абайдың екі әнін, 1935 жылы 
Семейде Әрхам Кәкітайұлы (1885 жылы) он жеті әнін, 1939 жылы әнші 
Жүсіпбек Елебеков төрт әнін, Мұхтар Әуезов пен Мәкен Тұрағұлқызы он 
алты әнін орындап нотаға түсірді. Аталған зиялылар және олар орындаған 
әндерді   жазып   алған   композиторлар   мен   зерттеушілері   Евгений 
Брусиловский,   Борис   Ерзакович,   Латиф   Хамиди,   Ахмет   Жұбанов, 
А.Серікбаев,   Қ.Жүзбасов,   күйшілер   Мұхтар   Жылқайдаров,   Уәли 
Бекеновтің еңбектері музыкалық абайтанудың негізін қалады.
1937   жылғы   25   мамырда   Қазақтың   марксизм-ленинизм   ғылыми-
зерттеу   институты   тарихшыларының   жиналысында   институт   директоры 
Әзімбай   Лекеров   “Қазақтың   қоғамдық   ойының   даму   тарихы” 
тақырыбында   зерттеулерге   кірісуді   ұсынса,   оның   орынбасары,   тарих 
секторының меңгерушісі Н.Тимофеев “Ленин, Сталин Қазақстан туралы”, 
127

Қазан   революциясы   мен   азамат   соғысына   қатысушылар   естелігінің   екі 
томдық жинақтарына кірісу керек, Куйбышев, Фрунзе, Каганович, Ежов, 
Киров   сынды   аса   көрнекті   большевиктердің   Қазақстандағы   қызметі 
туралы   зерттеуді   қолға   алу   қажеттігін   алға   қойды.   Хамза   Жүсіпбеков 
халық жауы делініп ұсталып кеткендіктен, оның жасаған 10 баспа табақ 
классиктер   еңбектерінің   аудармасы   жарамсыз   деп   танылып,   қайта 
жасалатын   болды  [227].   Осы   тұста   кең   өріс   алған   саяси   қуғын-сүргін 
қазақтың ғылыми интеллигенциясына орны толмас шығын әкелді.
Қазақстанның   халық   артисі,   композитор   Е.Г.Брусиловский   (1905-
1981)   Аманкелді   Имановтың   тарихи   кейіпкерге   айналуы   жөніндегі 
естелігін   –   ғылым   тарихын,   онымен   бірге   қазақтың   шығармашылық 
интеллигенциясының   қалыптасу   жолы   туралы   шындықтан   адастыратын 
әрекет деп бағалауға тұрады. Шындықтың бұрмалануына Брусиловскийдің 
Алматыдан біржола кетіп, естелігін Мәскеуде отырып жазғандығының да 
әсері   болу   керек.   Қазақ   мәдени   қайраткерлері   қараланатын   бұл 
қолжазбаны   Қазақстан   Республикасы   Орталық   мемлекеттік   мұрағаты 
қорынан   тауып,   оның   тарихи   дерек   ретіндегі   мәнін   ұғынып,   қазақшаға 
аударып,   кітап   етіп   шығарған   жазушы   Сапар   Байжанов   құптарлық   іс 
жасаған. 
Е.Г.Брусиловскийдің   жазуынша,   1935   жылы   И.В.Сталин   ҚазАКСР 
басшылары   –   Л.Мирзоян,   Ораз   Исаев,   Әліби   Жангелдин   үшеуіне 
“қазақтың   Чапаевы”   –   Амангелді   Имановтың   атын   шығаруға   нұсқау 
береді.   1935   жылға   дейін   Амангелді   Иманов   туралы   “Алматыда   ешкім 
ештеңе   жазбайтын,   ешкім   ештеңе   білмейтін...   Құрманғазының   немесе 
Аманкелдінің есімі кездейсоқтық сәт бұйырып, тарих беткейіне қалықтап 
шыққан”  [228]  дейді. Мұның астарында, Мәскеуде отырып И.В. Сталин 
білген “қазақ Чапаевы” жөнінде мәдениетсіз қазақстандықтардың хабары 
болмаған деген жымысқы ой, қазақ халқы өз батырын батыр деп білмеген 
деген   кемсітушілік   жатыр.   Аманкелді   тақырыбына   алғаш   рет   қалам 
тербеген   тарихшы   –   1935   жылы   ол   туралы   “Казахстанская   правдаға” 
мақала   жазған   Ш.   Шафиро   деп   көрсетіледі.   Мұның   шындыққа 
жанаспайтындығын жиырмасыншы жылдары Міржақып Дулатов, Баймен 
Алманов   және   Әліби   Жангелдиннің   жарияланымдары,   1926   жылы 
көтерілістің он жылдығына орай Истпарттың жетекшісі Сәкен Сейфуллин 
бас болып Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс туралы, оның 
ішінде осы қозғалыстың ең ірі ошағы – Торғай көтерілісшілері жайында 
зерттеу мақалалары мен көп санды естеліктердің жарық көруінен айқын 
байқалады.   К.В.Харламповичтің   өзі:   “...   безо   всякой   идеализации 
народным батыром, трибуном, полководцем, признанным не только среди 
кипчаков, но и всех повстанцев огромного региона”  [229]  деп Аманкелді 
туралы 1926 жылы жазған еді. 
Әдебиеттанушылардың   1916   жылғы   ұлт-азаттық   көтеріліс   туралы 
жыр,   дастандарды   қазақ   поэзиясының   үлкен   бір   тармағы   ретінде 
128

қарайтындығы, бұл поэтикалық шығармалардағы жиі аталатын есімдер – 
Аманкелді мен Әбдіғапар екендігі, “ешкім ештеңе білмейді” деген сөздің 
дұрыс   еместігін   көрсетеді.   1931   жылы   Қазақтың   марксизм-ленинизм 
институтында 1916 жылғы көтеріліс, оның басшылары жөнінде үлкен пікір 
талас   та   ұйымдастырылғандығы   белгілі  [230].   Е.Г.Брусиловскийдің 
тарихымызды   бұрмалайтын   естелігі   сынды   дүниелер   ұлттық 
интеллигенция тарихын мұқият зерделеу қажеттігіне дәлел болса керек. 
БК(б)П   Қазақ   өлкекомының   бюросы   мен   секретариаты   өзінің 
отырыстарында   қазақ   терминологиясының   теориялық   мәселелерін 
талқылауға   дейін   барды.   Бұл   ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның 
ісіне тікелей араласу, филология ғылымын өз дегеніне бағындырудың айласы 
еді.   БК(б)П   Қазақ   өлкекомының   бюросы   Л.Мирзоянның   басшылығымен 
“Қазақ терминологиясы туралы” атты қаулы қабылдап (1935 ж. 11 наурыз) 
Наркомпросты   (Темірбек   Жүргеневті)   республикамыздағы   барлық 
мекемелер мен ұйымдардың осы күнге дейін баспадан шығарған терминдерін 
жинап, жүйелеуге және терминология мәселесі бойынша атқарылған істердің 
есебін беріп отыруға міндеттеді [231].
Ғылым,   техника,   шаруашылық,   мәдениет   салаларындағы   қазақ 
терминологиясының   мәселелерін   шешіп,   үйлестіру   ісімен   айналысқан 
Мемлекеттік терминология комиссиясы Қазақ КСР-і Халық Комиссарлары 
Кеңесінің   1939   жылғы   23   наурыздағы   №71   жарлығымен   құрылған 
болатын.   Комиссия   құрамына   Исағали   Шәріпов   (1905-1976)   –   Халком 
Кеңесі   төрағасының   орынбасары,   комиссия   жетекшісі,   Мұхамеджан 
Әбдіхалықов (1907 ж.т.) – Оқу халық комиссары, комиссия төрағасының 
орынбасары,   Мұсатай   Ақынжанов   (1905-1986)   –   КНИИМЛ   директоры, 
Сәрсен   Аманжолов   (1903-1958)   –   КазФАН-ның   тіл   және   әдебиет 
секторының   меңгерушісі,   Мұхтар   Әуезов   (1897-1961)   –   әдебиетші, 
Сақтаған   Бәйішев   (1909-1982)   –   “Социалистік   Қазақстан”,   Әбікен 
Бектұров (1901-1985) – Қазақ университеті, Ахмет Дауылбаев (1903-1954) 
–   Қаржы   халық   комиссары,   Ишанбай   Қарақұлов   (1909   жылы   туған)   – 
Денсаулық   сақтау   халық   комиссары,   Нығмет   Сауранбаев   (1910-1958)   – 
Наркомпрос   қызметкері,   Әбу   Сәрсенбаев   ақын,   Қазақ   мемлекеттік 
баспасы,   Елубай   Тайбеков   –   ауылшаруашылық   институты,   Әбділдә 
Тәжібаев – ақын, КазПИ, Касым Шәріпов – КНИИМЛ  қызметкері, т.б., 
барлығы жиырма үш адам болды. Комиссияның ғылыми хатшысы болып 
әуелі тарихшы Халел Әділгереев (1904-1974), одан соң филолог Нығмет 
Сауранбаев істеді [232]. 
1933   жылы   4   сәуірде   БК(б)П   Қазақ   өлкекомының   бюросы 
Наркомпрос ұсынған бастауыш және орта мектептерге арналып жазылуға 
тиісті оқулықтардың авторларын бекітті. Қазақ тілінің оқулығын жазу бір 
мезгілде   үш   ғалым-ұстаздарға   –   Молдағали   Жолдыбаев,   Құдайберген 
Жұбанов,   Ілияс   Ахметовке   тапсырылды.   Бұл   үш   автор   әрқайсы   жеке 
оқулық жазған соң, оның ішінен ең үздік жазылған біреуін НКП таңдап 
129

алып,   жарыққа   шығаруға   міндеттелді.   Орыс   тілділерге   арналған   қазақ 
тілінің оқулығын Ілияс Ахметов пен Телжан Шонанов жазуға міндеттелді. 
Осы   қаулымен   республикадағы   мектеп   оқулықтарының   тиісті   дәрежеде 
жазылуының барысын қадағалап, баспадан шығарылуына басшылық ету 
Сейітқали Меңдешев пен Жанайдар Сәдуақасовқа жүктелді [233]. 
Мұрағаттарда   Санжар   Аспандияровтың   отандық   тарих   ғылымын 
жолға   қоюдағы   ұйымдастырушылық   қызметін   айғақтайтын   құжаттар 
көптеп   кездеседі.   Ол   КСРО   Ғылым   академиясының   Тарихи-
археографиялық комиссиясының жетекшісі болып 1933 жылы бекітілген 
болатын   (БК(б)П   Қазөлкеком   бюросының   1933   жылғы   4   сәуірдегі 
қаулысы)  [234].   Комиссия   отызыншы   жылдары   жүргізілген   тарихи 
зерттеулерге   басшылық   жасап   көптеген   игі   істер   атқарды.   Оның 
қызметінің бағыттарын нақтылап, бастамашы болған комиссия төрағасы 
Санжар Аспандияров еді.
Белгілі   тарихшы   Өміржан   Малыбаев   (1915-1967)   1937   жылы 
Алматыдағы совет құрылысы институтын бітіріп, Қазақстан КП Орталық 
Комитеті   жанындағы   марксизм-ленинизм   институтында   ғылыми 
қызметкер болды. Ол кейін Қарағанды көмір өндірісінің тарихын зерттеп, 
тарих ғылымдарының докторы, профессор атанды. Атақты ғалым Ермұхан 
Бекмаханов   (1915-1966)   1937   жылы   Воронеж   институтын   бітіріп,   Оқу 
халкоматының   педагогикалық   ғылыми-зерттеу   институтында   ғылыми 
қызметкер, директор болып (1937-1940) еңбек жолын бастады. 
Ленинградтың Шығыстану институтын бітіргендер Әлкей Марғұлан 
(1929),   Ісмет   Кенесбаев   (1931),   Мәскеудің   Шығыстану   институтын 
бітірген   Нығмет   Сәбитов   (1935),   Ленинград   мемлекеттік   университетін 
бітірген   Мұхтар   Әуезов   (1928),   Саттар   Ерубаев   (1933),   кейін   ҰҒА-ның 
корреспондент-мүшесі   болған   математик   Базарбай   Оразбаев   (1935), 
Мәскеудің   мемлекеттік   университетін   бітірген   болашақ   академик 
Темірбай   Дарқанбаев   (1936),   ақын   Ғалым   Малдыбаев   (1936)   сынды 
зиялылар бар ғұмырын ғылыми, әдеби шығармашылық қызметке арнады.
Сол   тұстағы   партиялық-саяси   оқудың   ең   беделдісі   –   Мәскеудегі 
Қызыл   профессура   институты   (ИКП).   Бұл   оқу   орнын   бітірген   алғашқы 
қазақ   –   Сұлтан   Сегізбаев   (1899-1939)   болды.   Көрнекті   мемлекет 
қайраткері,   мәдениет   жанашыры,   көсемсөзші   С.Сегізбаев   Өзбекстан 
Халық   Комиссарлары   Кеңесінің   төрағасы   болып   істеп   жүргенінде 
репрессияға ілікті. ИКП-ны бітіргендер арасында Әзімбай Лекеров (1932), 
Мирасбек   Төлепов   (1932),   Бірмұхамед   Айбасов   (1933),   Жүсіпбек 
Арыстанов   (1933),   Елжас   Бекенов   (1933),   Ілияс   Қабылов   (1933),   Сәбит 
Мұқанов (1935) сынды шығармашыл тұлғалар бар. 
КазПИ-дің   алғашқы   түлектерінің   (1931)   ішінен   КСРО 
Педагогикалық   Ғылым   академиясына   мүше   болған   қазақтың   көрнекті 
педагогі   Әбдіхамит   Сембаев   отызыншы   жылдары   Қазақ   АКСР   Халық 
арғарту   халкоматының   әдістемешісі   ретінде   оқу-тәрбие   ісінде 
130

жаңашылдықтың жаршысы болды. Кейін ол Қазақстанның халық ағарту 
халкомы да болды, қазақ мектебінің тарихы туралы бірнеше монография 
жазды. 1929 жылы САГУ-ді бітірген Сәлкен Балаубаев Қазақ АКСР Халық 
ағарту   халкоматы   жанындағы   Әдістемелік   кеңестің   ғылыми   қызметкері 
бола   жүріп,   педагогика   мен   психология   пәндері   бойынша   оқулықтарды 
қазақша   тәржімелеумен   айналысты.   Қазақтың   алғашқы   психолог-
ғалымдарының   бірі   болды.   Ол   Е.Суфиев   (психологиядан   алғаш   рет 
кандидаттық   диссертация   қорғаған   қазақ),   Сәбит   Мұқанов   (қазақтың 
тұңғыш   психология   ғылымдарының   докторы),   А.Темірбеков,   Құбығұл 
Жарықбаев сынды психология ғылымының ұлттық кадрларын тәрбиелеп 
шығарды. 
Соғысқа   дейінгі   жылдары   ғылыми-шығармашылық   жұмыспен 
айналысқан зиялылардың ішінде кейін үлкен ғалымдар, басшы мемлекет 
қайраткерлері   болып   танылғандар   аз   емес   еді.   Солардың   бірі   Асқар 
Закарин   (1908-1990)   М.В.Ломоносов   атындағы   Мәскеу   мемлекеттік 
университетін   бітіріп   (1937)   Абай   атындағы   Қазақ   педагогикалық 
институтында   ұстаздық   етті,   ректор   болды.   Физика-математика 
ғылымдарының   кандидаты   болған   Асқар   Закарин   физика,   математика, 
геометрия   ғылымдарының   негіздерін   қазақ   санасына   орнықтыруға 
бағытталған туындылар жазды. Ол кейін С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің 
ректоры,   Қазақ   КСР-нің   Оқу   министрі,   Сыртқы   істер   министрі, 
республиканың Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
Қоғамтану ғылымдары бойынша қазақтың тұңғыш ғылыми-зерттеу 
институты   –   Қазақ   ұлттық   мәдениеті   ғылыми-зерттеу   институты 
республика Халық Комиссарлар Кеңесінің 1933 жылғы 10 қарашасындағы 
қаулысымен   Орталық   Атқару   Комитетінің   Ғылыми   комитеті   жанында 
құрылды.   Бастапқыда   Институттың   құрамында   Қазақтың   орталық 
мұрағаты (Қазцентрархив), өлкелік музей, мемлекеттік кітапхана, өлкетану 
бюросы, педагогика зерттеу институты, Қазақ мемлекеттік университетінің 
ғылыми   қызметкерлері   біріктірілді.   Институтта   тарихи-археологиялық, 
әдебиет және фольклор, тіл қатынастарын зерттеу, бейнелеу өнері және 
музыкалық-театр-хореографиялық секторлары жұмыс істеді.
Институт ғылыми жұмысына сол тұстағы қазақтың шығармашылық 
интеллигенциясының   таңдаулы   өкілдері   қатысты.   1934-1935   жылдары 
институт   филологтары   Абай   шығармаларын   ғылыми   тұрғыда   жүйелеп, 
кітап етіп дайындау ісін қолға алды. Батырлар эпосының 100-ден астам 
үлгілерін,   230   ертегі-аңыздар,   4500   мақал-мәтелдерін,   т.б.   халық 
шығармашылығының нұсқаларын жинап, баспаға ұсынды [235]. Арнаулы 
комиссия   “Қазақ   тілінің   академиялық   сөздігін”   жасаумен   шұғылданды. 
1935 жылы 15 қыркүйекте Институтке Қазақстанның Ұлттық көркемсурет 
галереясын   ұйымдастыру   жұмысы   жүктелді.   Институттың   бейнелеу 
секторы 300-ден астам ұлттық өрнектерінің нұсқаларын жинап, зерттеуге 
кірісті  [236].   1936   жылы   Институт   КСРО   Ғылым   академиясының 
131

Қазақстандық   базасының   құрамына   енгізілді.   Осы   Институт   негізінде 
кейін   тіл   және   әдебиет   институты   (1942)   –   бүгінгі   Ахмет   Байтұрсынов 
атындағы Тілтану институты, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер 
институты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты 
(1945), Әлкей Марғұлан атындағы археология институты құрылды.
Қазақстан   ғылымының   дамуына   жалпы   басшылықтың   Мәскеуден 
жүргізілгеніне шектелмей, республиканың алғашқы ғылыми мекемелерін 
ашып,   оларды   басқаруға   Ресей   ғалымдары   шақырылды.   Еуропалық   ұлт 
өкілдері  материалдық  және  моральдық   артықшылықтармен  пайдаланды, 
шешуші   орындарға   ие   болды.   Ғылыми   жұмыспен   айналысуға   қолайлы 
жағдайлар   ең   алдымен   шеттен   келгендерге   жасалды.   Жергілікті   ұлттың 
ғалымдары   оларға   көмекшілер   етіліп   берілді.   Қазақ   ғалымдарының 
ғылыми   карьерасы   көп   жағдайларда   солардың   қолдау-қолдамауына 
байланысты болып келді.
Қазақтың   жас   ғылыми   кадрларының   тағдыры   объективті 
қиындықтармен бірге (қаржы тапшылығы, білім мен тәжірибенің аздығы) 
көптеген субъективті факторларға тәуелді болды. Бұл жағдайда ғылыми 
қызметте қалу, жастардың интеллектуалдық ой-өрісінің жетілуі, ғылыми 
табыстарға жетуі өте қиынға соқты. Алаш зиялыларының қуғынға түсуі, 
отаршылдық   саясат,   қазақтың   ауқаттыларын   тап   ретінде   жою, 
голощекиндік   нәубет,   жазудың   өзгертілуі,   мәдениеттің   ұлттық   түр-
сипатына жасалған шабуыл ғылымға бет бұрған адамдарға да ауыр соққы 
болып   тиді,   олардың   шығармашылығына   кері   әсерін   тигізді.   1920-1930 
жылдары   ғылымға   келген   қазақ   жастары   үлкен   зерттеушілік 
қабілеттерімен   бірге   нағыз   күрескерлерге   тән   табандылық,   қажыр-
қайратымен   ерекшеленді.   Қиыншылықтарға   төзіп,   ғылым   биігіне 
жеткізетін жолдағы кедергілерді жеңіп, кейінгі ұрпақтарға үлгі боларлық 
ерен   қасиеттерін,   зеректік   пен   алғырлық   танытты.   Олар   өздерінің   зор 
ғылыми мүмкіншіліктеріне өзгелердің көзін жеткізіп, мойындата білді. 
Кеңес   заманындағы   қазақтың   ғылыми   интеллигенциясының 
алғашқы   ұрпағы   қоғамдық   ғылымдарда   еуропалық   ғалымдарының 
Қазақстан   мен   қазақтар   туралы   жазған   еңбектеріне   сын   көзбен   қарау 
керектігін   жақсы   түсінді.   Олардың   еңбектері   отыршылдық   тұрғыдан 
жазылып, қазақтарды бағындыруға қызмет еткендігін ұқты. Қазақ АКСР 
Оқу   халкоматының   педагогикалық   ғылыми-зерттеу   институтының 
директоры Шарафи Әлжанов қазақ ғалымын алға бастырамыз десек, бұл 
жазбаларды   негіз   етудің   қажеті   жоқ,   қазақтардың   зерттеген   Еуропаның 
атақты ғалымдарынан бастап кешегі орыс миссионерлеріне дейінгілердің 
жазғаны   ғылым   емес   деп   есептеді.   Олар   қазақ   ұлтының   рухани   даму 
мүмкіншілігіне   сенбеді,   өркениет   тұрғысынан   алғанда   болашағы   жоқ 
халық деп санады. Сондықтан да, деп жазды Ш.Әлжанов: “Мы ни в коем 
случае   не   можем   базироваться   на   данных   прежних   “научных” 
исследований колонизаторов. Это бесспорно” [237] деп турасын айтты. 
132

Бұл ойды 1935 жылы Санжар Аспандияров тереңдетті. Еуропалық 
дегенді   “буржуазиялық”   терминімен   бүркеп,   буржуазиялық   ғылым 
қазақты   тарихқа   кірмейтін,   артта   қалған   халық   деп   бағалап,   тек 
этнографияның зерттеу объектісі етіп келді. Қазақтың тарихы жоқ дегенде 
олар ұлт араздығына әкеп соғатын зиянды көзқарас – нәсілдік теорияны 
қолданды дей келіп: “Қазақ халқын тарихқа кірмейтін жабайы халық деп 
есептеу – шовинизмнің барып тұрған жері” [238] деп тұжырымдады.
Қазан   университетінің   медицина   факультетінің   түлегі   (1899), 
Қазақстанда   денсаулық   қорғау   ісін   ұйымдастырушылардың   бірі   болған 
Мәжит Шомбалов Қазақстандағы фармокология мен дәріханалар жүйесін 
жөнге   келтіруге   үлкен   еңбек   сіңірген   медик-ғалым   болды.   Кеңес   дәуірі 
кезінде шыққан тегі төре болғандықтан саяси қуғынға салынды.
Қазақстандағы фармацевтиканың аса ірі ұйымдастырушысы Сәлкен 
Субханбердин (1914 ж.т.) медицина ғылымдарының кандидаты әрі белгілі 
жазушы-драматург   болды.   14   пьесаның   авторы,   Қазақстан   жазушылар 
одағының   мүшелігіне   қабылданды.   Сәлкен   Субханбердиннің   әкесі   – 
Сұбханберді   Хасенұлы   (1892-1942)   мұғалім,   академик   Шабық   Шөкин 
сынды   зиялылардың   ұстазы,   саяси   қуғын-сүргіннің   жазықсыз   құрбаны 
болып қаза тапты. 
САГУ-дің   медфагын   1926   жылы   бітірген   Әлжан   Байғұрин   (1890-
1938)   диссертация   қорғап,   медицина   ғылымдарының   кандидаты 
дәрежесіне ие болған (1935) алғашқы қазақ ғалымы ол бірталай ғылыми 
еңбектерін   жариялап   үлгеріп,   репрессия   құрбаны   болды.   1927   жылы 
Саратов университетін бітіріп, дәрігер мамандығын алып шыққан Ахмет 
Мәметов   (1894-1937)   Қазақтың   тері   және   венерологиялық   аурулар 
ғылыми-зерттеу   институтының   ұйымдастырушысы,   алғашқы   директоры 
болды   (1933-1937).   Қазақ   мединститутының   негізін   қалаушы   Хабиб 
Барлыбаев   (1898-1946)   та   алғашқылардың   бірі   болып   медицина 
ғылымдарының   кандидаты   (1937)   дәрежесін   алды,   Өлкелік   паталогия 
институты   директорының   ғылыми   жұмыстары   жөніндегі   орынбасары 
болды. Ташкенттегі Ортаазия мединститутын 1935 жылы бітірген Райхан 
Әбікейқызы Сәтбаева (1912 жылы туған) жарты ғасырдан астам Алматы 
мединститутында жүрек ауруларын емдеу әдістерін зерттеді.
Деректерге   қарағанда,   Томск   мединститутын   1931   жылы   бітірген 
Қабыш   Оразбаев   (1906-1946)   медицина   ғылымдарының   кандидаты 
дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған алғашқы қазақ хирургі болды. 
1931   жылы   САГУ-дың   медфагын   бітірген   Гүлбаһрам   Тарабаева   (1908 
жылы   туған)   қазақ   әйелдері   арасынан   шыққан   тұңғыш   медицина 
ғылымдарының   докторы   (1946)   болды.   Соғысқа   дейінгі   жылдары   ол 
Риддерде,   Шымкент   қорғасын   зауытында   ғылыми-медициналық 
зерттеулер жүргізді.
1936   жылға   дейін   медицина   саласындағы   қазақтың   ғылыми 
интеллигенциясы   республикадан   сырт   жерлердегі   оқу   орындарын 
133

бітіргендер еді. 1936 жылы Қазақ медицина институтын тұңғыш 66 жоғары 
білімді   дәрігер,   оның   ішінде   18   қазақ   жастары   бітіріп   шықты.   Осы   18 
адамның бірталайы ғылымға бет бұрды. Қожахмет Шуақов (1907 жылы 
туған)   Семей   мединститутының   ректоры,   Естөре   Оразақов   (1900   жылы 
туған), Кәмила Өтегенова – үшеуі де медицина ғылымдарының докторы 
ғылыми дәрежесіне ие болды.
1936   жылы   Ленинград   медициналық   әскери   академиясын   бітіріп, 
ғылым   жолына   түскен   Қуаныш   Макиров   (1910   жылы   туған)   медицина 
ғылымдарының   докторы,   профессор,   эпидемиология   саласында   ғалым-
медиктердің   үлкен   тобын   тәрбиелеп   шығарды.   Атақты   ғалым   Қазақ 
мединститутының   1937   жылғы   түлегі   Ишанбай   Қарақұлов   (1902-1992) 
институтты   бітірген   бойда   Қазақстанның   Денсаулық   сақтау   халық 
комиссары   болып   тағайындалды.   Халком   қызметінен   ол   Қазақ 
мединститутына   жәй   аспиранттыққа   ауысты   (1939).   Кейін   ол 
эпидемиология   бойынша   жетекші   ғалымға   айналып,   КСРО   Ғылым 
академиясының мүше-корреспонденті болды, үлкен қоғамдық қызметтер 
атқарды.   Қайтыс   болғанынша   ғылыми-көпшілік   шығармалар   жазумен 
айналысты.   И.Қарақұловпен   бірге   Қазақ   мединститутын   бітірген   Хамза 
Жұматов (1912-1972) ғылымға жолын осы институтта бастап, вирусология 
саласы   бойынша   КСРО   Ғылым   академиясының   мүше-корреспонденті 
дәрежесіне жеткен аса ірі ғалым, өз саласы бойынша ғылыми зерттеулерді 
ұйымдастырушы болды.
Қазақтың тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков (1891-
1970) Том технологиялық институтын 1923 жылы бітіріп шықты (кейбір 
деректерде   1921   жылы   бітірген).   Үлкен   ғалым   әрі   ұстаздың 
шығармашылық   қызметпен   айналысуына   саяси   қуғынға   ұшырап,   жиі 
сотты   болып   (үш   рет   сотталды),   өмірінің   жиырма   жылдан   астамын 
түрмелер   мен   айдауда   өткізгені   үлкен   тосқауыл   болғанына   қарамастан 
Әлімхан   Ермеков   азаматтық   борышты   өтеудің   жарқын   үлгісін   көрсетті. 
Әлімхан   Ермеков   көрнекті   ғалым   Қажым   Жұмалиевтің   талантын   ерте 
танып   (1928),   әдебиетпен   айналысуына   себепкер   болғандығы   жөнінде 
деректі Жайық Бектұров келтіреді [239]. Әлімхан Ермековтің 1935 жылы 
баспадан шыққан “Ұлы математика курсы” жоғары математика курсы мен 
“Қазақ   тілінің   математика   терминдері”   атты   кітаптары   осы   саладағы 
алғашқы төл туындылар ретінде ғылыми құндылығын әрдайым сақтайды. 
Әлімхан   Ермековтен   кейін   Том   технологиялық   институтын   1926 
жылы Қаныш Сәтбаев (1899-1964), 1930 жылы Жарқын Айталиев (1903-
1970),   1931   жылы   Қартқожа   Тоғанбаев   (Жүсіпбек   Аймауытовтың 
“Қартқожа”   романының   бас   кейіпкері)   бітіріп   шықты.   Қаныш   Сәтбаев 
жоғары   білім   алған   қазақтың   алғашқы   геологы,   тұңғыш   академигі, 
Қазақстанның   Ғылым   академиясын   ұйымдастырушы   әрі   оның   бірінші 
президенті   болды.   Ол   Қазақстандағы   көптеген   ғылым   салаларының 
орнығуына,   ғылыми-зерттеу   мекемелерінің   ашылуына,   ғылыми 
134

интеллигенцияның ұлттық кадрларын қалыптастыруға өлшеусіз еңбек етті. 
Қаныш Сәтбаев республикадағы ғылым ісінің аса ірі ұйымдастырушысы, 
геология   саласындағы   аса   ірі   ғұлама   ғалым   ретінде   Отан   тарихында 
айрықша   орын   алады.   Ол   КСРО   Ғылым   академиясының   қазақстандық 
филиалына (КазФАН) келгенде (1940) бұл ғылыми мекеме уақыт талабына 
сай   келмейтін   еді.   Аты   бар   да,   заты   жоқ,   жабдықталуы,   материалдық 
базасы нашар бірнеше ұсақ институттар, зертхана, секторлардан тұратын 
КазФАН-да   үш  ғылым   докторы,   он   шақты   ғылым   кандидаты,   екі   қазақ 
аспиранты   жұмыс   істеді.   Қаныш   Сәтбаев   аз   уақыт   ішінде,   соғыс 
жағдайында   Қазақстанның   еуропалық   үлгідегі   Ғылым   академиясын 
ұйымдастырды. Қазақ мәдениетінің әлемдік өркениет биігіне көтерілуіне 
қажетті   алғышарттардың   жасалуына   үлкен   үлес   қосты.   Кенді   Алтай 
қойнауындағы байлықтарды ел қажетіне пайдалануға зор еңбек сіңірген 
Жарқын   Айталиев   Қазақстан   Ғылым   академиясының   мүше-
корреспонденті, геология министрінің орынбасары болды. 
Қазақтың алғашқы геологтарының қатарында есімдері аталуға тиісті 
Оразалы Жандосов (1904-1938), Мардан Әзірбаев (1909-1938) Мәскеудің 
геологиялық-барлау институтын бітіріп, Алатау, Алтай, Сарыарқаның жер 
асты   байлықтарын   зерттеп,   жаңа   кен   орындарын   ашты,   геологиялық 
карталарын   жасады.   “Жат   элемент”   ретінде   Мәскеудің   тау-кен 
академиясынан   қуылған   Беркінғали   Атшыбаев   (1897   -   ө.ж.б.,   репрессия 
құрбаны)   оқу   бітіре   алмаса   да,   Батыс   Қазақстандағы   мұнай   көздерінің 
ашылуына өз үлесін қосқан геолог болды.
Кен   инженері   Әшір   Бүркітбаев   (1906-1938)   Қазақстан 
комсомолының   бірінші   хатшысы,   Риддер   қалалық   партия   комитетінің 
жетекшісі қызметін атқарған еді. Орал – Қазақстан өнеркәсіп академиясын 
1934 жылы бітірген ол республикадағы алғашқы техникалық жоғарғы оқу 
орны   –   Қазақтың   кен-металлургия   институтын   (қазіргі   Қ.И.Сәтбаев 
атындағы   Қазақтың   техникалық   университетін)   ұйымдастырушы   әрі 
алғашқы   ректоры   болды.   Кеңестік   интеллигенция   тарихын   зерттеген 
ғалым   Шамшат   Тастанов   Әшір   Бүркітбаевтың   институтқа   көптеген 
дарынды   мамандарды   шақырғандығын,   оның   ішінде   бұрынғы 
алашордашы   Әлімхан   Ермековты   математика   кафедрасына   қызметке 
алудан сескенбегендігін атап көрсетті [240]. 
Саяси   қуғын-сүргіннің   құрбаны   Жұмахан   Күдерин   (1891-1938) 
САГУ-де оқып жүріп “Ботаника” оқулығын қазақ тілінде жазып шығарды. 
Осы   саладағы   тұңғыш   оқулық   болып   табылатын   бұл   еңбектің   бірінші 
бөлімі   1927   жылы   Мәскеуде   араб   әрпімен,   екінші   бөлімі   1930   жылы 
Қызылордада латын әрпімен баспадан шықты (1992 жылы “Өсімдіктану” 
деген атпен “Рауан” баспасы екінші қайтара жарыққа шығарды). Жұмақан 
Күдерин “Қазақстанның  физикалық географиясы”, “Өсімдіктер дүниесі”, 
“Қазақстанның   мал   шаруашылығы”,   “Қант   қызылшасы”   т.б.   ғылыми 
зерттеулерін жарыққа шығарып үлгерді. Алғаш рет 1930 жылы қыркүйекте 
135

тұтқындалып, Воронежге жер аударылған ғалым 1937 жылдың мамырында 
қайта   ұсталып,   атылып   кетті.   Орынбор   рабфагын   1926   жылы   бітірген 
Хасен Нұрмұхамедов (1900-1938) бірден Мәскеудің Тимирязев атындағы 
ауылшаруашылық   академиясында   оқуын   жалғастырып,   оны   1930   жылы 
бітірді. 1930 -1932 жылдары ол Қазақтың ауыл шаруашылығын қайта құру 
жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры, КазАКСР Денсаулық 
сақтау халкомы болып республика ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. 
Академик Шапық Шокин Әбікен Бектұровты (1901-1985) анограникалық 
химияның   Қазақстандағы   классигі,   республикамыздағы   химия 
ғылымының   басты   ұйымдастырушысы   деп   санады   [241].   Омбы 
ауылшаруашылық институтының түлегі (1931) Әбікен Бектұров САГУ-дің 
аспирантурасын бітіріп (1935) бар өмірін ғылымға қызмет етуге арнады. 
Шыңғожа   Бөрібаев   (1900-1989)   –   ауыл   шаруашылығы   саласында 
ғылыми   дәрежеге   қолы   жеткен   тұңғыш   қазақтың   бірі.   1930   жылы 
“Тимирязевканы”   бітірген   ол   Қазақтың   мал   өсіру   ғылыми-зерттеу 
институтында бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болды. 1934 
жылы   ауылшаруашылығы   ғылымдарының   кандидаты   дәрежесін   алды. 
1938 жылы Алматыда Шыңғожа Бөрібаевтың “Нагул и откорм крупного 
рогатого   скота”   атты   өте   құнды   ғылыми   монографиясы   жарық   көрді. 
Соғыстан   кейінгі   жылдары   ол   ауылшаруашылығы   министрінің 
орынбасары   қызметіне   дейін   көтерілді.   Қазақтың   арқар-меринос   қой 
тұқымын   шығарушы   ғалымдардың   бірі,   осы   еңбегі   үшін   Сталиндік 
сыйлыққа   ие   болған   Абдулғазиз   Жандеркин   (1905-1983)   1935   жылдан 
бастап қазақтың мал шаруашылығы институтында жемісті қызмет етті. 
ВАСХНИЛ-дің   қазақ   филиалының   негізін   қалаған   Кәрім   Мыңбаев 
(1906-1948)   қазақтан   шыққан   алғашқы   биология   ғылымдарының   докторы 
болды.   Оның   ғылыми   қызметі   1934   жылы   Қазақтың   ауылшаруашылық 
институтында   басталды.   К.А.Тимирязев   атындағы   ауылшаруашылық 
академиясын (1931), КСРО ҒА-ның В.В. Докучаев атындағы Топырақтану 
институтының   аспирантурасын   бітіріп   (1936),   геология-минерология 
саласында ғылым кандидаты дәрежесін алған алғашқы қазақ (1937) Өмірбек 
Оспанов   (1906-93)   КСРО   Ғылым   академиясының   Қазақ   филиалын 
ұйымдастыруға белсене қатысты. Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылғанға 
дейін   КазФАН   төралқасы   төрағасының   орынбасары   болды.   Қазақтың 
Топырақтану   институтын   ұйымдастырды.   1940   жылы   Мәскеуде   ғылыми 
ортада   жоғары   бағаланған   “Тақырлардың   генезисі   және   суландыру” 
(“Генезис и мелиорация такыров”) атты монографиясы жарық көрді. 
Қазақ   КСР   ҒА-ның   мүше-корреспонденті   болған   Өмірбек 
Оспановтың   замандастары   оның   өте   білгірлігі   әрі   жан-жақты 
дарындылығын ерекше атады. Оның талантының бір қыры – драматургия 
еді.   Жиырмасыншы   жылдары   Өмірбек   Оспанов   көпшілікке   кең   тараған 
“Мұңлық-Зарлық”   қиссасы   негізінде   пьеса   жазды.   Жазушы   Жайық 
Бектұров   өзінің   естелігінде   1933   жылы   Алматының   коммунистік   ауыл 
136

шаруашылық мектебінде Өмірбек Оспановтың дәріс оқығандығы жөнінде 
жылы   сөздер   жазды   [242].   Өмірбек   Оспановтың   ғылыми   еңбектері 
Л.И.Брежневтің “Тың” кітабында да жоғары бағаланды. Академик Шапық 
Шокин өз әріптесі Өмірбек Оспановты “Жан-жақты дарынды тұлға... Өте 
адал   адам”   [243]   деп   ұлттық   академияның   негізін   құрудағы   еңбегін 
айрықша бағалады. 
Осы   тұста   өмір   сүрген   тағдыры   күрделі   шығармашылық 
зиялылардың бірі Әзімбай Лекерұлы (1901-1938) туралы жөнді жазылмай 
келеді.   1913-1919   жылдары   Семей   гимназиясының   оқушысы   болған 
Әзімбай   Лекерұлы   1920   жылы   Семей   губревкомының   бұратаналармен 
жұмыс істейтін бөлімінде осы бөлімнің меңгерушісі Мұхтар Әуезовтің қол 
астында   нұсқаушы   болған   еді   1927  жылға   дейін  ол   Зайсан,   Қарқаралы, 
Кереку, Бөкей губерниясы, Ақтөбе, Қызылордада кеңестік басшы қызметте 
төселіп-шыңдалды.   1927-1932   жылдары   ол   Мәскеуде   КУТВ   (Шығыс 
еңбекшілерінің коммунистік университеті) жанындағы курста оқып, кейін 
Қызыл   профессура   институтын   бітірген   санаулы   қазақтың   бірі   болды. 
Өмірінің   соңғы   төрт   жылында   ол   Алматыдағы   Қазақтың   марксизм-
ленинизм   ғылыми-зерттеу   институтын   (КНИИМЛ)   басқарды,   КазПИ 
профессоры болды.
1937 жылғы 15 маусымда жазылып Нұғман Манаев қол қойған бір 
құжатта   Әзімбай   Лекеровтың   ғылыми   ізденістерін   қолдау   жөнінде 
айтылды:   “Имея   в   виду,   что   Т.Лекеровым   за   последнее   годы   собран   и 
систематизирован   большой   материал   по   экономике   Казахстана   и   что 
будучи занят повседневной работой директора Института написать книгу 
не в состоянии, просить ЦК КП(б)К предоставить Лекерову для написания 
им   “Очерков   экономики   дореволюционного   Казахстана”   отпуск   пяти 
месячный   и   оказать   ему   материальную   помощь”   [244].   Жиырмасыншы 
маусымда Әзімбай Лекеровтың өтінішін Қазақстан К(б)П ОК бюросының 
отырысында Ілияс Қабылов оқып берді. Бюро Әзімбай Лекеровке кітабын 
жазып бітіру үшін екі ай шығармашылық отпуск берді. Алайда Әзімбай 
Лекеров аталған ғылыми еңбегін бітіре алмай, репрессияға ұшырады. 
Көрнекті   экономист-ғалым   Серғали   Толыбеков   (1907-1995)   1938 
жылы   КазПИ-ді   бітірген   соң   осы   институтта   оқытушылық   қызметке 
қалдырылды.   Оның   бірталай   ғылыми   еңбектері   отызыншы   жылдары 
жарық көрді [245]. Ол Қазақ КСР ҒА-ның Экономика институтын құрып, 
алғашқы   директоры,   көп   жылдар   бойы   КазПИ-дің   ректоры   қызметін 
атқарды.   Қазақстан   экономистерінің   жетекші   өкілі   академик   Сақтаған 
Бәйішевтің   (1909-1982)   ғылыми   қызметі   отызыншы   жылдары   басталды. 
Сақтаған   Бәйішев   өте   еңбекқорлығымен,   экономика   ғылымы   саласында 
қызмет   еткен   ұлттық   кадрлардың   бірнеше   ұрпағының   ұстазы,   үлкен 
ғылыми   мектептің   негізін   қалаушы   ретінде   отандық   тарихқа   енді. 
Экономика   ғылымдары   бойынша   кандидаттық   диссертация   қорғаған 
(1940) алғашқы қазақ ғалымы Елубай Тайбеков болды. 
137

1934 жылы Ленинград мемлекеттік университетінде қазақ ұлтының 
алғашқы   өкілі   –   Ибадолла   Ақбергенов   (1907-1938)   физика-математика 
ғылымдарының   кандидаты   ғылыми   дәрежесін   алу   үшін   диссертация 
қорғады.   Ибадолла   Ақбергенов   Оңтүстік   Қазақстандағы   Созақ 
ауданының   тумасы,   1931   жылы   САГУ-дің   физмат   факультетін   үздік 
бітірген еді. 1936-1938 жылдары ол Қазақ мемлекеттік университетінде 
математикалық анализ кафедрасының меңгерушісі болып, ұлтжандылығы 
үшін   саяси   сүргінге   ұшырап   атылып   кетті.   Физика-математика 
ғылымдары   бойынша   қазақ   ғалымдарының   ішінен   тұңғыш   рет   доцент 
ғылыми атағын алған Сәдуақас Боқаев (1907-1942) 1932 жылы Мәскеу 
университетін бітіріп, 1937 жылы “халық жауы” болып ұсталғанға дейін 
Абай   атындағы   Қазақ   пединститутында   және   Қазақ   университетінде 
ұстаздық   етті.   Оқулықтар   жазды,   ғылыми   зерттеулер   жүргізді.   Қазақ 
АКСР   Халық   ағарту   комиссариаты   жанындағы   терминологиялық 
комиссияда белсенді қызмет атқарды.
Қаралып отырған кезеңде ғалымдардың ғылымдағы шығармашылық 
қызметін   белсенді   қоғамдық-саяси   жұмыспен   қатар   атқару   әдетке 
айналдырылды   (Санжар   Аспандияров,   Сәкен   Сейфуллин,   Сейітқали 
Меңдешев   т.б.).   Шынына   келгенде   түрлі   сипаттағы   екі   қызметті   бірдей 
табысты   атқару   оңай   емес   еді.   Сол   сияқты   әдеби   шығармашылық   пен 
ғылымды ұштастырған Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғаббас Тоғжанов, 
Мұхаметжан   Қаратаев,   Әбділдә   Тәжібаев   еңбектері   күрделі   әрі 
қиыншылығы   мол   сипатта   өрбіді.   Алғашында   ғалымдар   партия 
басшылығының   жетегінде   еркінен   тыс   қоғамдық-саяси   жұмыстарға 
жегілсе, соңғы жағдайда қаламгерлер өз еркімен жұмыс істеді.
1933   жылы   19   тамызда   БК(б)П   Қазөлкеком   Секретариаты 
Магнитогорск металлургиялық зауытының құрылысында істейтін қазақ 
жұмысшыларына,   мәдени   қызмет   көрсету   жөнінде   Мүтәш 
Дәулетқалиевтің   баяндамасын   тыңдап,   КазПИ-дің   ғылыми 
қызметкерлері   Мұратбаев   пен   Көкеев,   ауылшаруашылық   коммунистік 
жоғары   мектептен   Асанов   пен   Иханов,   Қазақ   ауылшаруашылық 
институтынан Қарақұлов пен Хасеновтерді Магнитогорскіге бір жылға 
үгіт-насихат жұмысына жіберді [246]. 
Қазақтың   бірталай   ғалымдары   көрші   елдерде   қызмет   етті.   1933 
жылы   Мәскеудің   Қызыл   профессура   институтын   бітірген   Саймасай 
Тәтібеков (1903-1973) Қырғызстанның Халық ағарту халық комиссарының 
бірінші орынбасары болды. Қазақтың алғашқы химиктерінің бірі Хайролла 
Молдағалиев   (1911-1973)   Ленинградтың   А.И.Герцен   атындағы 
пединститутын бітіріп (1939), Монғолияда қызмет атқарды.
1937-1938   жылдары   Отандық   ғылымның   аса   ірі 
ұйымдастырушылары Санжар Аспандияров, Мирасбек Төлепов – екеуі де 
КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төрағасының орынбасары 
болды, Сейітқали Меңдешев, Сәкен Сейфуллин ұсталып кетті. Сейітқали 
138

Меңдешевтің тұтқындалар алдында атқарған соңғы қызметі – Қазақ КСР 
Халық   Комиссарлар   Кеңесінің   жанындағы   Ғылым   істері   комитетінің 
төрағасы   еді.   1937   жылғы   27   қыркүйекте   БК(б)П   Алматы   қалалық 
комитеті оны халық жауы ретінде партиядан шығарды [247].
Ұлттық   шығармашылық   интеллигенциясы   ішінде   саяси   қуғын-
сүргінге ұшаратылғандардың өте үлкен бөлігін жоғарғы оқу орындарының 
оқытушылары   құрады.   Халық   ағарту   халық   комиссары   Темірбек 
Жүргеновтен (1898-1938) бастап, Наркомпрос аппаратында басшы қызмет 
атқарған   Сұлтанбек   Садықбеков   (1904-1938),   Совет   құрылысы 
институтының   директоры   Сермұхан   Бекбатыров   (1899-1938), 
Шымкенттегі   халық   ағарту   институтының   директоры   Мұхтар   Мурзин 
(1896-1937),   соңғы   атқарған   қызметі   Геология   –   барлау   институтының 
директоры   болған   Ыдырыс   Мұстанбаев   (1898-1937),   Алматы 
мединститутының   кафедра   меңгерушісі   Әлжан   Байғұрин   (1896-1938), 
Қазақ   кен–металлугрия   институтының   ректоры   Әшір   Бүркітбаев   (1906-
1938),   (бұл   кісі   аштық   жылдары   Риддер   қалалық   партия   ұйымын 
басқарды)   осы   институттың   оқытушылары   Мәулетхан   Мамыров   (1908-
1937),   Құлатай   Ақбердин,   КНИИМЛ-дың   Әзімбай   Лекеровтан   кейінгі 
директоры   Ғарифолла   Ысқақов   (1900-1938),   аударма   секторының 
меңгерушісі Нұғман Манаев (1894-1938), ғылыми қызметкерлері Қартқожа 
Тоғанбаев (1896-1938), Рахмет Шорманов (1905-1938) ұсталды. 
1938 жылдың ақпанында КазПИ-дің ректоры Шайхислам Бекжанов 
(1903-1938)   атылды.   Мұрағаттық   құжаттарға   қарағанда   ол   Ташкенттегі 
Казинпростың   алғашқы   түлектерінің   бірі   (1924),   1923-1929   жылдары 
ортаазиялық   коммунистік   университетінің   оқытушысы,   кейін   Қостанай 
және   Орал   педагогикалық   институттарының   директоры   қызметтерін 
атқарған   зиялы   адам   болған.   Қазақ   пединститутының   ректорлығына   ол 
1935   жылғы   2   маусымда   бекітілген   еді  [248].   КазПИ-дің   жетекші 
оқытушылары профессорлар Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, 
кафедра   меңгерушісі   Шарафи   Әлжанов,   доценттер   Телжан   Шонанов, 
Молдағали   Жолдыбаев,   Ибадолла   Ақбергенов,   математик   Фейдахмет 
Әубәкіров (1908-1938) қаза тапты. 
Ұлттық   шығармашылық   интеллигенцияның   өзге   бөліктері   сияқты 
қазақтың   ғылыми   интеллигенциясының   қалыптасу   жолында   үлкен 
қиыншылықтар   кездесті.   Көптеген   қазақ   ғалымдары   өздерінің 
шығармашылық   мүмкіншіліктерін   іске   асырып   үлгермей   саяси   қуғын-
сүргіннің   құрбаны   болып   дүниеден   өтті.   Саясат   ғылымды   өзіне 
бағындырды.   Ғылым   саясиланды,   ал   ғалымдар   жүйенің   басыбайлы 
мүшелері етілді. 
Ұлы империялық саясаттың тежегіш рөлі айтарлықтай болғанымен, 
жиырмасыншы   ғасырдың   алғашқы   жартысында   қазақтың   ғылыми 
интеллигенциясы   әлеуметтік   топ   ретінде   тарих   сахнасына   шықты.   1940 
139

жыл   тұсында   ғылымның   көптеген   салаларында   қазақ   ұлтының   өкілдері 
болды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет