Алаш қозғалысының тарихи негіздері. XIX ғасырдың аяқ кезі – XX ғасырдың басында халықтың жағдайы күрт нашарлап, кедейшілік кең етек жая бастады. Отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық қозғалыстар бой көтерді. Салықтар мен міндеткерліктердің көбеюі, шұрайлы жерлерінің тартып алынуы қазақ ауылында ішкі шиеліністердің өршуіне жеткізді. Патшаның 1905 жылғы жарлығы бойынша бұрынғы Сібір шегара шебіндегі ені он шақырымдық бейтарап алқап казак әскерлерінің «мәңгілік» пайдалануына берілді. Патша үкіметінің осы және басқа да озбырлық әрекеттері салдарынан дала тұрғындары жаппай жерсіз қала бастады. Мәселен, бір ғана Семей облысының өзінде 100 мыңнан астам қазақ жерсіз қалып, Томск, Тобыл губернияларындағы орыс шаруаларынан, Сібір казактарының жерлерін жалға алып, пайдалануға мәжбүр болды.
1905–1907 жылдары елде социал-демократтар ұйымдары құрыла бастады. Қоғамда петициялық қозғалыс етек алды. Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы жәрмеңкесінде жазылған петиция болды. Ұлттық күресте қалыптасып келе жатқан ұлт зиялылары қазақ халқының көшбасшыларына айналды. Жалпыұлттық демократиялық қозғалыстың басында Ә. Бөкейхан тұрды. Қазақ депутаттары Ресейдің Мемлекеттік Думасында қазақ қоғамындағы ең маңызды проблемаларды батыл көтере білді.
Қазақ халқының қоғамдық сана-сезімін арттыруға 1916 жылғы қаһарлы оқиғалар орасан зор ықпал етті. Соғыс жылдары жергілікті патша әкімшілігінің автохтонды халыққа қатысты ұлттық қанаушылығы мен озбырлығы күшейе түсті.
1917 жылға қарай жергілікті халықтың пайдалануындағы ең шұрайлы 45 миллион десятина жердің тартып алынғанын білеміз. Бұл кезде Қазақстанға Ресейден қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионға жуықтап қалған болатын. Қазақ халқы осындай ауыр қиыншылықта азып-тозып кетпеді, керісінше ұлтты азат етуді мақсат тұтып, арпалысқа толы жолды таңдады. Тәуелсіздік, елдің болашағы үшін күресте ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсете білді.
ХХ ғасырдың басында қазақ халқының сана-сезімі биік деңгейде көрініс тапты. Ұлт азаттығы жолындағы күресте қазақтың оқыған, халық мүддесі үшін бар күш-жігерін аямайтын азаматтар алға шықты. ХХ ғасырдағы ұлы реформаторлар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ұлтты азаттыққа бастады. Олар қазақ халқының тарих сахнасынан біржолата жойылып кетпеуі үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады.