Джордж Байрон ХІХ ғасырдағы Батыс Еуропа ақын-жазушыларының ішінде көптеген елдерде өршіл романтизмнің дамуына зор ықпал еткен тұлға. Өз тұсында және кейінгі замандарда да Байронның атақ-даңқы жер жүзіне аса бір қадірлі беделмен таралып, оның асыл мұралары ерекше баға, құрметке бөленді. Энгельс, Байрон шығармаларының әлеуметтік, тарихи, қоғамдық мән-маңызын, халықтық сипатын жоғары бағалай келіп: «Ақын творчествосын нағыз қадірлеуші – халық болды»,-деген еді. Орыстың ұлы сыншысы Белинский: «Әрбір ұлы ақынның ұлылығының өзі – оның қасіреті мен қуанышы қоғам өмірімен, тарихымен терең тамырлас болуында,-дей келіп, – тап осындай өмірі де, шығармасы да тарихи-қоғамдық өмірмен тығыз байланыста болған орасан зор ақын – Байрон», - деп құрметпен жазған. Пушкин, Лермонтов, Мицкевич сынды поэзия кемеңгерлерінің өзі Байронның ғажайып ақындық даналығы мен адамзаттың азат өмірін аңсау жолындағы тарихта теңдесі жоқ ересен ерлік өмірін мейлінше қадір тұтып, өздеріне өнеге санаған.
Осындай бірталай елдердің әдеби өміріне аса бағалы рухани мұраларымен белгілі, әлем поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі – Джордж Ноэл Гордон Байрон. Ол 1788 жылы 22 қаңтарда Лондон қаласындағы ірі ақсүйек жанұясында дүниеге келген. Болашақ ақын жастайынан әділдікке, ерлік рухқа бой ұрып, алғашқы әлеуметтік күресінен бастап-ақ өз отанындағы зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрды. Өзі ақсүйек ортадан шығып, бала кезінен «лорд» мәртебесіне ие бола тұрса да, өз ортасымен, яғни Лондонның билеуші озбыр да өзімшіл тобымен сиыса алмай, азаттық үшін күресіп жатқан елдерге сапар шегеді. Байрон лордтар палатасында мемлекет басшылығының халыққа қарсы ұстанған саясатын қатты сынға алып, екі рет сөз сөйледі. Бірінші сөзінде ол жазықсыз луддиттерге қолданылып отырған өлім жазасына ашық қарсы болса, екінші сөзінде ирландтық шаруа-католиктерді қайыршылық халге жеткізген ғасырлар бойғы үстемдікті жойып, Ирландияға егемендік берілуін талап етті. Дегенмен, ақынның бұл талаптары орындалмай, сөз жүзінде ғана қалды. Ақын 1809 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін Испания, Швейцария, Италия, Албания, Греция елдерінде болып, олардың саяси-әлеуметтік күрестеріне өзінің отты жырларымен үн қосады. 1816 жылы ағылшын озбыр топтарымен саяси тартысы мейлінше шиеленісіп, солардың қудалауымен ол өз отанынан біржолата кетеді. Сол жылы ақын Швейцарияда барып, ағылшын поэзиясының тағы бір шыңы Шеллимен кездесіп, танысады. Бірақ ол көп ұзамай Италияның Венеция қаласына қоныс аударып, өзінің жемісті шығармашылық жолын жалғастырған. 1819 жылдың сәуір айында Байрон графиня Терезо Гвичьолмен таныстықтан соң, Италия бостандығы үшін күрестегі каробинерлердің астыртын саяси ұйымына мүше болып кіреді. Тіпті ақынның Равенн қаласындағы үйі құпия қару-жарақ қоймасы мен көтерілісшілердің штабына айналады. Ол өзінің әдеби еңбектері арқылы тапқан қаламақысын каробинерлердің күресі үшін аямайды. Міне осы кезең Байронның шығармашылық өрлеуіне әсерін тигізгендей еді. Өз корольдерін тақтан кетірген неополитандық революционерлердің жеңісіне үн қосып, көтерілісшілерге ерекше бір рух беретін жалынды туындыларын арнады. Дегенмен, көтеріліс жеңіліспен аяқталғаннан соң ол қуғындалып, елден кетуіне мәжбүр болады. Грецияға барып, онда да тыныш жатпай ақын өз жырында мейлінше ардақтаған Греция елін Түрік басқыншыларынан азат ету соғысына қатысып жүріп, 1824 жылдың 19 сәуірінде кенеттен келген аурудан Миссалунг батпағында қаза табады. Шетелдерде жүріп, бар-жоғы 36 жыл ғұмырында қаншама құнды мұралар қалдырған кемеңгер ақын әдебиетке де, саясатқа да жастайынан араласты. Оның шығармаларының көпшілігі соғысқа, басқыншылыққа, үстемдікке, әділетсіздікке қарсы бағытталған. Осы тұрғыда «Чайльд-Гарольд сапары» («Странствия Чайльд Гарольда»), «Теңіз көкжалы» («Морской волк»), «Гяур», «Шильон тұтқыны» («Шильонсий узник»), «Қола ғасыр» («Бронзовый век»), «Дон Жуан», «Мезепа», «Абидосc қалыңдығы» (Абидосская невеста»), «Ирландия аватарасы» («Ирландская аватара»), «Минерваның қарғысы» («Проклятие Минервы») т.б. дастандарын, «Кайн», «Манфред» секілді келелі драмалық поэмалары мен көптеген өлеңдерін алуымызға болады. Еуропаның алдыңғы қатарлы барлық ақындары оны «ой-пікірді билеуші» деп атап, өз шығармашылықтарын шыңдауда үлгі-өнеге тұтқан.
Байрон шығармашылығын шартты түрде екі кезеңге: 1807-1816 жылдар және 1817-1824 жыдарға бөліп қараймыз. Ақын шығармашылығының алғашқы кезеңі ағылшын классицистикалық поэзиясының ықпалында болса, екінші кезеңінде ол нағыз толысқан ақын-романтик ретінде көрінеді. 1807 жылы жарыққа шыққан «Бос уақытта» («Часы досуга») атты өлеңдер жинағы Байронның алғашқы әдеби қадамы болып табылады. Бұл жинағынан жас ақынның толыспаған, еліктеушілік көзқарасын байқауға болады. Дегенмен де осы жинақтағы кейбір туындыларында («Кайн», «Прометей») оның жеке ақындық қасиеттері де қылаң бергендей. Ақынның өзіндік шығармашылық ерекшелігі, қайталанбас көркемдік әдістерінің толық көрінуі, оның 1812 жылы жарыққа шыққан «Чайльд Гарольдтың сапары» дастанымен байланысты. Негізінен бұл туынды бірнеше жыл бойы жазылып, 4 әннен тұрады. Бұл лиро-эпикалық поэма тек ағылшын оқырмандарына ғана емес, Бүкіл Еуропаның озық ойлы қауымына теңдессіз әсер қалдырып, ақын атын әлемге әйгілі етті. Туынды бір ғана 1812 жылдың өзінде 5 рет баспа бетін көріп, еуропалық романтизмнің ірі жетістіктерінің біріне айналды. Поэманың орасан зор табысқа жетуінің басты құпиясы, ақынның сол уақыттың ең келелі де күрделі мәселелерін ашық қозғап, асқан ақындық шеберлікпен көңіл күй тебіренісін бере білуінде. Туындыны жазуына негізгі себеп болған жай Байронның 1812 жылы Еуропаға жасаған сапарында алған әсері. Өзінің осы сапарда жазған әр түрлі күнделік жазбаларын басшылыққа ала отырып, оларды біртұтас сюжетті поэтикалық көркем дүниеге айналдырда білді. Ол шығармадағы басты кейіпкері Чайльд Гарольдтың жиһанкездік тарихын баяндай келе, бүкіл жаңа Еуропаның бүгінгі келбетін көз алдыңызға әкеледі. Әр түрлі елдердің тыныс-тіршілігін кейіпкердің кеме үстінен бақылауы арқылы ақын таза романтикалық ойлармен көркемдік мәнерде, көптеген лирикалық шегіністерімен және аса әсерлі суретті сөзден жасалған бояулардың үйлесуі арқылы келтірген. Романтиктерге тән «экзотикаға», «жергілікті колоритке» құмарлықпен Байрон әр түрлі елдердің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын суреттейді. Дегенмен, туынды көптеген жекелеген бейнелеулерге толы болса да, олардың бір арнаға тоғысқан ішкі бірлігі бар. Байрон суреттеген Албания, Испания, Грецияның бір-біріне ұқсамайтын жекелеген бейнесін көре отырып, сол заманға тән ортақ бір жайды аңғарамыз. Автордың басты айтпақ идеясы осында жатыр. Поэмадағы бұл ортақ тақырып, революциядан соңғы Еуропаның мүшкіл халі, қанаушылық, қайыршылық, төніп келе жатқан Наполеондық езгі, халық басына түскен қайғы-қасірет басты кейіпкердің көзқарасымен шебер өрілген.
«Шығыстық поэмалары». 1811-1812 жылдар ағылшын тарихындағы өте келеңсіз, ауыр кезең болды. Ішкі және сыртқы реакциялық күштер халықты езіп, бостандық идеяларын жаншып отырды. Міне осы жайлар Байронға қатты әсер етіп, ол терең рухани дағдарысты басынан өткереді. Оның туындыларынан көңілсіз көңіл-күйдің лебін аңғарамыз. Дегенмен, ақынның осы келеңсіз жайлармен саяси тартысы оның осы кездегі туындыларында керісінше өрши түседі. Міне осы кезеңдегі ақын шығармалары «шығыстық поэмалар» деп аталған. Бұл поэмалар тобына: «Гяур» /1813/, «Абидостық қалыңдық» («Абидосская невеста») /1813/, «Корсар» /1814/, «Лара» /1814/, «Коринфті қоршау» (Осада Коринфа») /1816/, «Паризина» /1816/ атты 6 туындысы жатады. Байронның «шығыстық поэмаларының» басты кейіпкерлері көбінесе қандай да бір тәртіпке көнбейтін бүлікшіл жеке тұлғалар. Бұл романтикалық кейіпкерлер өздеріне ғана тән жеке тағдыры бар, өмірге құштар, ештеңеге илікпейтін қайратты болса да, махаббат сезімі алдында дәрменсіз, баянсыз махаббат иелері. Белинскийдің сөзімен айтқанда бұл кейіпкерлер «Олар барша қоғамдық ортаға ызалы, қашанда қарсы, өзіне ғана сенетін күресшіл азаматтар, нағыз тұлғалар». Байрон өзінің осы қайсар кейіпкерлері арқылы оқырман қауымды батыл іс-қимылға, күреске үгіттегендей.
Шығыстық поэмалардың композициясы мен стилі романтизм өнеріне сай. Оқиғаның қай жерде болып жатқаны белгісіз. Ол көбінесе әсем табиғаттың аясында, шетсіз-шексіз теңіз, жабайы жағалау жартастары арасында т.б. экзотикалық орындарда өрбиді. Шығыстық поэмалардың көпшілігі кішігірім өлеңмен өрілген повестен тұрады. Олардың сюжеті белгілі бір романтикалық кейіпкердің тағдырына құрылған. Автордың басты назары олардың ішкі жан дүниесін ашу, орасан зор ынта-жігерін көрсетіп, сезіміне тереңдей бойлау. «Чайльд Гарольд» дастанына қарағанда бұл поэмалардың сюжеттері аяқталған.
«Гяур» поэмасына қысқаша тоқталар болсақ: ол Гяурдың өлім халінде жатып монахқа тәубелік етуінен басталады. Гяурдың сөздерінен оның Лейла екеуі бірін-бірі қатты сүйіп, ғашықтар бақытты болғандығын, бірақ сүйіктісінің қызғаншақ, сұм күйеуі Гассан аңдып жүріп, Лейланы зұлымдықпен өлтіргенін, соңынан Гяур Лейланың кегін алғандығын баяндап, өзінің осындай үлкен махаббат сезімінің аяқ асты болғандығына қатты налып, бұл өмірге лағнет айтады. Ал, «Корсар» поэмасының басты кейіпкері қарақшылар көсемі. Олар қоғамдағы ешбір заңға бағынбай тіршіліксіз бір аралда өмір сүрген ержүрек, ерікті адамдар. Корсар олардың мықты басшысы, ол да Гяур сынды көтерілісші. Одан барша аралдықтар, тіпті жауларының өзі атын естісе қорқатын. Себебі ол өте қатал, мейірімсіз жан болатын. Дегенмен, Гяур өмірде жалғыз, достары жоқ. Өткенін ешкім біле бермейтін құпияға толы адам. Алайда Корсар да Гяурдың кебін киіп баянсыз махаббаттың тұтқыны болады. Медораны сүйіп, өмір бойы оған деген махаббатына шек қоймайды. Аяғында Медораның өлімі жанына қатты батып, өмір өзінің мән-мәнісін жоғалтқандай. Поэма кейіпкері әрдайым өзінің ішкі жан дүниесімен алысып, қайғысымен әлек болады. Сөйте тұрса да өлермен-өркөкіректігімен өзінің бұл өмірдегі жалғыздығын қызғыштай қорғайды. Міне осыдан біз Корсардың басқалардан бөлек жеке бейнесін көреміз.
«Лара» туындысында феодалдық ортадан шықса да, сол құрылысқа қарсы тұрып, қара халықтың азаттық күресіне үн қосқан көтерілісші тұлғаның типтік образы поэма сюжетіне арқау болған. Негізгі кейіпкері Лара феодалдық бұғаудан босануға талпынған шаруалар көтерілісінің басшысына айналады. Алайда, кейіпкердің бұл шешімі алғашында қара халықтың қамын ойлағандықтан емес, жеке бастың кегі және өзінің амандығын күйттегендіктен туындаған болатынды. Бірақ, бара-бара нағыз күрескер ретінде шыңдалып, талай оқиғаны басынан өткереді.Негізінде «Ларада» көтерілісші халық бейнесі «Чайльд Горольд» туындысындағыдай жан-жақты ашылмаған. Байрон бұл поэмасында өмірдегі нақты шындыққа біршама жақын келеді. Лараның басшылығымен болған халық көтерілісінің келешегі бұлыңғыр екені белгілі болса да, кейіпкердің нақты ерлік іс-қимылын, өзіндей бостандықты күйттеген күрескерлерді маңына топтастыра білген өзгеше қабілетін өзгеге өнеге еткендей. Ұйымдаспаған, тәртіптен жұрдай шаруалар көтерілісін тіптен мағынасыз соғыс екендігін автор әу бастан ескерткендей. Алайда бұл идея қаншалықты сәулесіз көрінгенімен, ақын бұл тұста да өзінің күреске деген жігерінен айрылмайды. Сол күш-жігерді «Лара» сынды туындыларында өзінің кейіпкерлерінің бойынан бар ынтасымен, көркем де келісті тілімен көрсете білген.
Перси Биши Шелли (1792-1822) ағылшын романтизмінің көрнекті тұлғасы ғана емес, ойшыл да күрескер ақындардың бірі ретінде танымал. Шелли поэзиясы негізінен оптимистік идеялармен сусындаған. Тіпті оның ең көңілсіз деген өлеңінің өзінде, ертеңгі өмірге деген үміт бар. Сондықтан «Ертеңгі күн келеді»,-деген қанатты сөзі ақынның басты-басты шығармаларында эпиграф болып қолданылған. Перси Биши Шелли 1792 жылы Сассекс графтығындағы ағылшын ақсүйегі жанұясында дүниеге келген. Жастық шағын ата-анасының қонысында өткізген Перси, он екі жасқа келгенде сол кездегі ақсүйектердің балалары оқыған Итондық колледжге түседі. Алғашқы сәттен білімге деген ынтасы зор Шелли, осында өзінің тұңғыш өлеңдерін де жаза бастайды. Бұл өлеңдерінде оның сол кездегі танымал ақын Саутиге еліктеушілігі аңғарылады. Жас талапкердің ең жақын қамқоршысы және бағыт-бағдар берушісі – жаратылыстану ғылымдарының докторы, сол колледжде дәріс оқыған профессор Линд деген болады. Линд өз шәкіртіне қоршаған ортаның, қоғам өмірінің қыр-сыры мен нақты шындығын дұрыс танып, түсінуге көмектеседі. Соның ішінде Шеллиді Уильям Годвиннің «Саяси әділдік» («Политическая справедливость») атты шығармасымен таныстырған еді. Линдтің түсіндіруінше Годвин қоғамдағы келеңсіздік атаулының түп-тамыры теңсіздікте жатқандығын ашып берген. Теңсіздік – бай монополистердің кедей шаруаның еңбегін қанауынан туындап отырғанын айтады. Шелли сол кезде Жан Жак Руссоның «биліктің бүкілхалықтық» идеясымен, Гельвеций, Гольбах, Дидролардың атеистік көзқарастарымен танысады. Ал оның аса ынтамен оқығаны – Вольтер шығармалары болды. Француз ағартушыларының тамаша ойларынан алған әсерімен Шелли, бірнеше өлең мен «Агасфер» поэмасын (1809) және екі романын жазып, баспаға бастырады. Бұл шығармаларының басты кейіпкерлері – дін мен құдайды мүлдем мойындамайтын атеистер. 1810 жылы Шелли колледжді аяқтап, Оксфорд университетіне түседі. Ол бостандық жолындағы күреске нақты қолқабысын тигізуді армандайды. Осы жылдары ақын өзінің антимонархиялық өлеңдерімен таныла бастайды. Соның ішінде 1810 жылы жарық көрген «Патша өлтірушінің жазбалары» («Записки цареубийцы») атты саяси өлеңдер топтамасы автордың қоғамдық көзқарасының әлі де толыса қоймағанын аңғартса да, біршама өзіндік құнды ойларымен ерекшеленді. Шелли бұл туындысында соғыс жағдайындағы Англияның мүшкіл халін бейнелеу арқылы барша Европаны бейбітшілікке шақырады. «Құдіреті күшті» европалық монархтардың барша адамзат алдында жасаған қылмыстарын әшекерелеп, бейбітшілікті дәріптеу сол кезеңде көзсіз батылдықты қажет ететін. Біраз уақыт өте ХҮІІ ғасырдағы француз материалистерінің еңбегі Шеллидің атеистік көзқарасын қалыптастырады. Университетте жүріп «Атеизмнің керектігі» («О необходимости атеизма») атты кітапшасын бастырып, оны жасырын түрде ғылыми кеңес мүшелеріне таратады. Бұл еңбектен олардың көпшілігі Шеллидің авторлық қолтаңбасын танып, бірден оқудан шығарылады. Сөйтіп әкесі армандаған парламенттік мәнсап жолы орындалмай қалады. Ұлының бұл қылығына қатты күйінген әкесі қарғысын жаудыра, үйінен біржола қуып шығады.Шелли Лондон қаласына қоныстанып Уильям Годвиннің саяси-экономикалық және әлеуметтік-утопиялық идеяларын тереңірек оқумен айналысады. Лондонға оның қарындасы Элизавета құрбысы он алты жастағы Герриэт Вестбрук деген қызбен жасырын келіп, кездесіп тұратын. Гарриэт те өз әкесінің қатыгездігін көп көрген бақытсыз жан болатын-ды. Шеллидің оған қатты жаны ашып, соңынан өзіне әйелдікке алады. Сөйтіп жұбайы екеуі Шотландиядағы Эдимбург қаласына қоныс аударады. Ақынның ата-анасы қыздың ұлына тең әулеттен еместігіне зығырдары қайнап, Шелли әулетінен қалған мол мұрадан бас тартуын талап етеді. Бұдан соң Шеллидің жеке басында тұрмыстық өте ауыр кезең басталады. Бірақ өмір ауыртпашылығына мойымаған талантты жас, өзінің ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі.
1813 жылы тұңғыш көлемді туындысы болып табылатын – лиро-эпикалық поэмасы «Маб ханшайымды» («Королева Маб») жарыққа шығарады. Бұл шығармасында автор тек монархтар мен аристократтарды құртып-жоюға шақырған жоқ, адамзат арасындағы қарым-қатынастарды бұзатын тойымсыздық, пайдакүнемдік атаулыға қарғысын жолдағандай. Әйтсе де, Шелли осы алғашқы туындысына кейіннен сын көзімен қарап, ХҮІІІ ғасыр әдебиетінің мұрасы іспетті дидактикалық элементтерді жиі қолданғанына қынжылады.Дегенмен «Маб ханшайым» – өз қоғамының ең өзекті мәселелеріне жауап бере алған, жоғары деңгейде жазылған көркем туынды ретінде танылды. Көп ұзамай Англиядан өзге елдерге тарап, ақын есімін басқа еуропалықтар біле бастайды. «Маб ханшайым» поэмасы – романтикалық шығарма болып табылады. Соңынан автор, өз поэмасын Саутидің «Талабысы» мен Байронның «Чайльд Гарольдының» лирикалық мақамына барынша ұқсатуға тырысқанын ашық жазады. Алайда, бұл туындысында Шелли өзін шәкірт ретінде емес, толық қалыптасқан шебер ақын ретінде көрсеткісі келген. Поэманың басты кейіпкері – бойжеткен қыз Ианте, шығарма-ның композициялық құрылымына тірек бола, үйлестіріп тұрған образ. Ианте өмірден бақыт іздеген тұлға. Поэманың қысқаша союжетіне тоқталар болсақ, ұйқы құшағындағы Иантеге түсінде, бақытқа барар жолды көрсетуге сиқырлы ару – Маб ханшайым келеді. Ол өз сиқырының көмегімен ұйқыда жатқан қыздың рухын шақырып, сиқырлы күймеге отырғызып, әсем де әдемі гүлдермен көмкерілген кемпірқосақ үстімен көкке, күнге қарай алып ұшады. Ианте мен Маб аспан әлемінің қақ ортасында тұрған, «жарқыраған сансыз жауһарлары» көз қарықтырар сиқырлы сарайға келеді. Ханшайым үлкен сиқырлы айнадан қонағына адамзат тарихының өткені мен бүгінін, болашағын ғажайып суреттер арқылы көрсетеді. Шелли поэмасының бірінші және үшінші өлеңдерінде кейбір романтиктер жырлағандай бұрын ешқандай бақытты күндердің болмағандығын дәлелдей түседі. Ал поэманың төртінші өлеңінде, монархтар мен аристократтарға ашық қарсы шығып, оларды «халық денесін құрттатқан жалтырауық көк шыбынға» теңейді.Негізінде автор бұл тундысында билеуші топтың қанауындағы езілген халықтың жиынтық образын сомдаған. Әлеуметтік теңсіздік мәселесі Шеллиде өз кезеңінің романтиктеріне қарағанда әлдеқайда тереңірек сипатталады. Ол саяси шиленістердің барлығы экономикалық тәуелділікке байланысты туындайтындығын ашып көрсетті. Поэманың бесінші өлеңінде ақын аса пайдакүнемдік пен тойымсыздықтың адамгершілік қасиеттер – аброй, ар-ұждан, адалдық, асқақтық, сұлулық және білімге деген құштарлықтан жұрдай қылып, қайрымсыздыққа апаратынындығын ескертеді.Ал соңғы, тоғызыншы өлеңінде болашақтың тапсыз қоғамы өзінің жарқын көріністерімен бейнеленеді. Адам баласы мүлдем басқа қырынан көрінеді. Тек қана жақсы қасиеттерді ғана бойына жинақтап, жаманшылық пен қылмыс атаулыдан мүлдем ада жұмақ қоғам мүшелері бақытты өмір сүргендей. Бұл өлеңінде Шелли адамгершілікті сүйетін нағыз гуманист ретінде, барлық моральдық, тұрмыстық-әлеуметтік келеңсіздікке қарсы тұрады. «Маб ханшайым» поэмасының басқалардан өзгешелігі – оптимистік рухының басым болуында. Алдағы өмірден зор үміт күтетін автор, әлем жұртшылығының зорлық-зомбылық пен қанаушылықтан түбінде бір құтылатындығына сенімі мол. Сол үшін ақын оптимизмді өзінің басты қаруы етіп алады. Шеллидің бұл туындысы халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бар-жоғы 200 данасы ғана жарық көрген кітабын, сатылмай жатып талап алады. Соңынан қолжазба күйінде ғана тараса да, лезде барша еуропалық оқырманға танылады. Дегенмен туындының көркемдігі жағынан солғындау тартып жатқан жерлері де баршылық. Себебі кей тұста автор тарапынан әдемі, асқақ сөздер мен романтикалық символикалар тым асыра қолданылған еді. Екінші рет Годвиннің қызы Мэриге үйленеді. Соңынан Мэри белгілі жазушы және әдебиет сыншысы болып, Шелли мұрасының жарық көруіне көп еңбек сіңіреді. 1816 жылы ақын жас жұбайымен Швейцарияға кетіп, сонда Байронмен алғаш танысады. Осы жылы ол біршама философиялық мақамдағы, рухани-әлеуметтік тақырыптағы туындыларын жазады. Соның ішінде «Интеллектуальдық әдемілік әнұраны» («Гимн интеллектуальной красоте»), «Аластор, немесе жалғыздық Рухы» («Аластор, или Дух одиночество») туындыларын атауға болады. Шелли көптеген тамаша туындыларын Италияда жүргенде жазады. Ақын шеберлігі оның лирикасынан танылатын. Әсіресе табиғатты жырлағанда онымен етене сырласқандай тіптен шабыттана түседі. Өлеңдеріндегі сезім иірімдері көркем бояулар-мен астаса келе, оқырманға ерекше бір ләззат силағандай.Шелли сондай-ақ қоғамдық күресті суреттеген «Ченчи» /1820/ трагедиясын, «Карл І» /1822/атты тарихи драмасын т.б. көптеген туындыларын жазады.Күрескер ақын өзінің аз ғана ғұмырында соңынан мол мұра қалдырған талант иесі. Өмірі мен шығармашылығын халқына, азаттық үшін күреске арнаған Шелли бар-жоғы отыз жасында қайтыс болды. Ол 1822 жылы Ливорнода аяқ астынан болған дауылдан теңізге суға кетіп, содан он күннен соң денесін жағадан тауып алады. Байрон және басқа да достары ақынның денесін жаққызып, Рим қаласына жерлейді. Құлыптасына «Перси Биши Шелли – жүректердің жүрегі» деп жазыпты.
Сонымен Шеллидің лирикасында келешек жарқын өмір үшін күрес, тапсыз қоғам, бейбіт заман т.б. өзекті мәселелердің шынайы көрініс тапқанын аңғардық. Суреткер поэзиясынан революциялық мазмұндағы жаңа романтикалық форма қалыптасты. Ол жаңашыл ақын. Шелли Байронмен бірге ағылшын поэзиясының жаңа дәуіріне жол ашты.
Шотландтық Вальтер Скотт (1771-1832) – тарихи роман жанрын қалыптастырушы тұлға ретінде танымал. 1790-1800 жылдарда В.Скотт журналист, аудармашы, фольклор жинаушысы, романтикалық поэмалар мен балладалардың авторы болды. Сондай-ақ, Гетенің «Гец фон Берлихинген» атты тарихи драмасын аударады.Жас кезінен Скотт өзінің туған өңірі таулы Шотландияға жиі саяхат жасап, оның көптеген көрікті жерлерімен, тарихымен, көне ескерткіштерімен жете танысады. Ал көрнекті шотландық ақын Роберт Бернспен профессор Фергюссонның үйіндегі кезесуі, талантты жасқа кереметтей әсер етеді. Содан кейін Бернс поэзиясы Скоттың өмірлік бойтұмарындай болады. Бенстің гумманизм мен өміршең пафосқа толы шығармалары арқылы шотланд ұлтын асқақтата көтергені – жазушыны қатты сүйсіндіре, патриоттық рухын оятады. Ол да осы жолдан таймай адам рухының мәңгілік бай қазына екендігін дәріптеп, оны бағаламағандарға төзбеушілігін танытады. Вальтер Скоттың 1802 жылы «Шотландық шекара әні» («Песен шотландской границы») атты екі томдығы жарық көргеннен соң, елге аты танылды. Алғашқы кітаптары халықтың оң бағасын алып, үлкен сұранысқа ие болғандықтан, автор 1803 жылы үшінші томын өз оқырмандарына ұсынады.Осындай үлкен жетістіктен кейін В.Скотт өзінің «Соңғы менестрелдің жыры »(Песень последнего менестреля») /1805/, «Мармион» /1808/, «Қыз Көл» («Дева Озера») /1810/ атты поэтикалық туындыларын жазады. Бұл поэмаларын да көпшілік жылы қабылдайды. Бір айтатыны, автор өзінің жаңа қалам ұстап жүрген жастығынан қысылып жүрсе, керісінше оқырман қауым оны «көпті көрген, тәжірибелі суреткер болар» деп бағалаған екен. Шындығында, «Мармион» туындысының басты кейіпкері шотланд королі ІV Яковтің бейнесі аса жарқын да асқақ, шынайы да көркем түрде сомдалған еді. Ал, автордың осы образы «Қыз көл», «Рокби» шығармаларында нағыз шындыққа негізделе одан да шебер ашылған. Дегенмен бұл В.Скоттың романшы-қаламгер болып қалыптасуына барар жолдың алғашқы қадамдары болатын. Жазушының шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым Б.Г.Реизов: «Скоттың басты жетістіктері алғашында баллада мен поэма жанрынан көрінді. Поэма өзінің эпикалық табиғаты жағынан романға жақынырақ тұрады. Сондықтан «шотландиялық сиқыршы» романға бірден бармай, осы баспалдақтар арқылы биікке шыға алды»,- деп атап көрсетеді.
1814 жылы «Уэверли» атты алғашқы романы жарық көргеннен соң В.Скоттың есімі бүкіл әлем жұртшылығына танылады. Осы бір тамаша туындыдан кейін жазушы 25 роман, бірнеше әңгімелер жинағын, пьесалар, поэмалар, «Шотландия тарихы» («История Шотландии») атты екітомдық, «Наполеон Бонапарттың өмірі» («Жизнь Наполеона Бонопарта») атты көптомдығын тағы басқа шығармаларын бас-аяғы он жеті жылдың ішінде (1814-1831 жылдар) жазып, дүние жүзі оқырмандарына аса бағалы тарту жасайды. Бұл классикалық туындылардағы аса мол көркем образдар галереясы өзінің поэтикалығымен, қоғам мен халық өмірін бейнелеуде жан-жақтылығымен, шынайлығымен барша жұртты баурап алды.Суреткердің қай туындысы болмасын жарық көре салысымен бірден басқа тілдерге аударылып, оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Әсіресе еуропаның тарихи тынысына, әдебиеті мен өнеріне әсері айрықша болды. Осы тұрғыда атақты сыншы В.Г.Белинский: «Скоттың жаңашылдығы – өз кезеңінің замандастарына терең әсер еткені, өзіне дейін «бұрын соңды болмаған» тарихи роман жанрын жасауында», - деген пікірін білдіреді. Скоттың өмірлік көзқарасы мен шығармашылық қалыптасуы-ның басты негізі Шотландия халқының аса бай саяси-әлеуметтік, рухани тәжірибесінде жатыр. Ол Англияның ғасырлар бойғы езгісіне қарсы ұлт-азаттық күреспен тығыз байланысты еді.В.Скотт тарихи романға оның эстетикалық табиғатын әбден елеп-екшеп алып қана қалам тартты. Бұрынғы готикалық және антикварлық романдардан өзгеше, ұлттық колоритке негіздеп, өткенді қатесіз, нақты қылпында беруге тырысты. Тарихи оқиғаны өз заманына лайықтап оның рухани-әлеуметтік негізін шынайы көзқараспен ұштастырады. «Романшының басты мақсаты – қолыңда нақты заттары болмаса да, қиял арқылы өткеннен оқырманға толық және нақты түсініктер бере алуы керек. Оның қарауында тек тамаша идеялар мен образдар әлемі ғана. Міне, осында ғана оның мықтылығы мен әлсіздігі, оның кедейлігі мен байлығы көрінеді... Романның авторында сахна да жоқ, безендіруші де, актерлар группасы да, суретші де, костюмдер де жоқ; тек сөз ғана, соны өз мүмкіндігі мен өресіне қарай аталғандардың барлығының орнына шебер қолдана білуі қажет»,- деген Скотт тамаша пікір білдіреді. Белинский Скотты – «жаңашыл-суреткер» десе, Бальзак: «Вальтер Скотт тарихи романды философиялық тұрғыдан жоғары деңгейге көтере отырып, оған өткеннің рухын дарытып, оған драманы, диалогты, портретті, пейзажды, суреттемені қосып, асқақтық пен күнделікті тіршілікті шебер астастыра білген», - деген ойын айтады. Жазушы өз шығармаларында сол кезеңнің жаңалығы болып саналған барша халықтың, халық қозғалысының қоғам өміріндегі орнын тарихи жағдайларға байланыстыра суреттеген. Тарихи өзгерістерге орай бүтіндей бір ұлттың мүддесі үшін күрестегі кейіпкерлерін ол халық ортасынан алып – халық қорғаушылары мен солар үшін кек алушылардың патриоттық бейнелерін сомдады (Роб Рой, Меррилиз, Робин Гуд). Скоттың тарихи романдарының композициясы сол тарихи оқиғаларды өзіндік мақамда саралай отырып құрылған. Автор кейіпкерлері көбінесе ірі тарихи құбылыстардың (революцияның, көтерілістің, бүліктің) төңірегінен табылып, соның қайнаған ортасында жүре шытырман оқиғаларды тудырады.В.Скотт шығармаларының көркемдік құрылымы көбінесе романтизм идеяларымен сусындағаны анық. Олар күрделі авантюралы-романтикалық сюжеттерден құрылып, көптеген құбылмалы кезейсоқ оқиғаларға орын беріледі. Онда тіпті «халық нанымы» ретінде фантастика да кездеседі. Бірақ соның барлығы тарихи жайыттардың шеңберінде реалистік образдармен астаса, шебер құрылған. Сондықтан болар, оның кез-келген жаңа туындысын халық қызыға қабылдады. Жазушының өзі былай деп жиі айтқан екен: «Шын суреткер тек тарихи фактілермен ғана шектелмеуі керек. Ол тарихи шындықты өзіндік өткір ойымен, ұшқыр қиялымен ұштастыра білуі қажет, тіпті міндетті. Себебі, оқырманды бірден баурап алып толғанысқа түсуіне, роман кейіпкерімен бірге қайғыра білуіне, олармен барлық қуаныш пен қызықты бірге бөлісуге мәжбүр етуіне тамаша мүмкіндігі бар». Өзінің көтерген тақырыбы мен проблемаларына байланысты Скоттың прозалық туындыларын екі топқа бөлуге болады:
Шотландиялық романдары – 1820 жылға дейін жазылған;
Орта ғасырдағы Англия мен Европа тарихы бойынша жазылған романдары.
Ол тек бірақ рет қана өзінің «Сент-Ронанский сулары» («Сент-Ронанские воды») /1824/ атты романын жаңа өмірге арнап жазды. Қалған шығармаларының барлығының сюжеті өткен тарихи оқиғалардың төңірегінде құрылған. Соның ішінде «Роб Рой» романы 1818 жылы жазылған. Бұл туындысында В.Скотт 18 ғасырда Стюарттықтар жасаған якобиттер көтерлісінің (1715ж.) тарихына назар аударады. Жазушы якобиттердің аяусыз жеңіліске ұшырауына, олардың нашар қаруланып, өзара ұйымшылдықтың жоқтығы мен соғыс тактикаларын жете меңгермегендіктері себеп болғандығын атайды. Дегенмен көтеріліске дайындық барысында роман кейіпкерлері көптеген шытырман оқиғалардың ортасынан көрінеді. Романдағы Роб Ройдың жарқын да өзіндік образы, нағыз шотландық Робин Гудтай. Ол қайрымсыз байларды тонай жүріп, кедей-жарлыларға барынша көмектеседі. Сондықтан қара халық оны өздеріне нағыз қамқоршы-жанашыр ретінде санап, қатты құрметтейді. Шығармадағы Рой бейнесінен романтикалық және реалистік ойлардың астасып жатқан арнасын көреміз.
«Пуритане» (1816) романында автор 1779 жылы Сюарттарға қарсы пуритандардың басшылығымен болған шаруалардың қарулы көтерілісін суреттейді. Скотт бұл туындысында Байроннан соң батысеуропалық әдебиетте алғаш қолдарына қару алып күреске шыққан халықтың жиынтық образын жасады. Халық пуритандарға сеніп соңдарынан ереді. Алайда ұйымшылдықтың, қатаң тәртіптің жоқтығынан көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Басшылар арасындағы алауыздық, жігерсіздіктің салдары қара халықтың жазалануына әкеліп соқты. Бұл жерде автордың басты мақсаты пуритандарды дәріптеу емес, шотланд халықының күші басым жауына қарсы тұрған қайыспас күресін, олардың патриоттық сезім-күйін көрсету болатын. «Эдинбург абақтысы, немесе орталық Лотианның Жүрегі» («Эдинбургская темница, или Сердце среднего Лотиана») /1818/ атты әлеуметтік романындағы шаруа қызы Джини Динстің образы, Скот армандаған эстетикалық идеалдың барлық қадір-қасиетін бір бойына жинақтаған. Кейіпкердің өзгелерден бөлек тұлғасы, асқан адалдығы, ерекше ақылы, арының тазалығы, өзгеше күш-жігері автордың өзін шабыттандырғандай. Джини қайтпас қайсарлығы арқасында сіңілісі Эффиге жабылған жалаға қарсы шығады. Оның бұл әрекеті бүкіл сол қайрымсыз қоғамға, оның басшыларына қарсы әрекет ретінде қабылданды. Замандастар арасында Джини Динстің образы үлкен жетістікке жетіп, оны тіпті өз ұлтының батыр қызына балады. «Айвенго» (1819) романы Скоттың шығармашылық өміріндегі ең маңызды орынды алады. Жазушы есімінің әлем жұртшылығына танылуына көп септігі болған классикалық туындылардың бірі ретінде бағаланады. Роман үш айдың көлемінде ғана жазылған. Оның басқа романдардан өзгешелігі Англияның өте ертедегі тарихына үңілуінде болатын. Шығарманың сюжетіне Орта ғасырдағы (1194ж.ж.) норман басқыншылығы кезеңіндегі Англия өмірі арқау болған. «Айвенгода» әр түрлі саяси, қоғамдық ұлттық және әлеуметтік қарама-қайшы мүдделердің жиынтығы топтасқан. Соның ішінде Король Ричард пен оның туыс ағасы Джон арасындағы таққа талас үлкен тартысқа құрылған. Австриялықтардың тұтқынында жүргенде Ричардтың корольдығын заңсыз иемденген Джон халыққа қадірсіз болады. Бұл жерде автор тақ үшін теке-тіресті ғана суреттеуді басты нысаны етіп алмаған. Жылдар бойғы норман езгісіне қарсы сакстардың ұлт-азаттық, әлеуметтік күресін көрсете отырып, сол қоғамның көлеңкелі тұстарына сын көзімен қарау. Нормандықтардың көрсеткен тұрмыстық ауыртпашылықтары сакс ақсүйектеріне ұнамайды. Себебі олардың билігі мен бар байлығын басқыншылар тартып алған болатын. Бірақ олардың мақсаты халықты езгіден құтқару емес, жеке бастарының қамын ойлап, өз биліктерін қайта орнату жолында күресу еді. Автор бұл жерде ойдан алынған тамаша әдеби персонаж, ержүрек рыцарь Айвенгога жүгініп, қара халық пен ел қамын жеген ақсүйектер арасын барынша жақындастыруға тырысады. Ричардтай бекзат, батыл да әділетті король ғана өз халқын екі жақты езгіден құтқара алатындығын көрсеткендей.Романнның басты тартымды тұстары оның үсті-үстіне туындап отыратын қызықты оқиғалар желісінде жатыр. Орта ғасырдың тұрмыс пен дәстүріндегі, қарым-қатынасындағы, тіпті адамдарының сөз сөйлеу, киім кию ерекшеліктерін дәл бейнеленіп, сан қилы оқиғалармен астастыруы шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |