5. Мұрат Мөңкеұлы. Дәуірдің айтулы өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлы болды. Ақын «Қазтуған», «Үш қиян» жырларында елде жаппай қоныстанушылар пайда болып, қазақтардың жерінен айырылғанына қатты күйінді. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – жайсыз мекеннен құтты мекенге көшу, қолайлы қоныс іздеу. Ақын елдің бірлігін, жерін сақтаған бұрынғы дара билеушілер саясатының арқасында отарлауға жол берілмеген өткен күнді еске түсіреді. «Сарыарқа» өлеңінде Мұрат Мөңке ұлы отаршылдық саясатының салдарынан туған халқының ежелгі қонысынан айырылғанын ашық түрде айыптайды. Сонымен бірге ақын күнделікті өмірдегі исламның алар орнына зор мән береді. Ол мұсылмандықты күшейтуді рухани қорған ретінде көреді. Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» өлеңінде Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы мен отарлауы кезіндегі қазақ халқының ауыр жағдайын шынайы суреттейді:
Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойдағысы болғаны.
«Үш қиян» толғауымен жер, құтты қоныс жайлы «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары үндес келеді. «Оқудан қайтқан азаматқа» өлеңінде білімді игермейінше елдің өркендемейтінін айтады. Ақын елінің тәуелсіздігін аңсап, отаршылдық билікке қарсы жыр жолдарын арнады. «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» атты жыры ақынның отаншылдық өршіл рухын білдіреді.
6. Әбубәкір Кердері. Аса дарынды ақындардың бірі Әбубәкір Кердері қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Ол өз заманының оқыған, білімді азаматы ретінде Орал, Ақтөбе, Ор қалалары маңындағы қазақ ауылдарында ұстаздық етіп, бала оқытты. Оның өлеңдер жинағы 1905 жылы Қазан қаласында басылып шықты.
Ақын өз поэзиясында бұрынғы ел бірлігін, қазақтың ешқандай алауыздыққа бой алдырмаған кезін аңсайды. Ел үшін жан аямай күресуге шақырады: «Жаман қалып, жақсының еті қызар, Алаштап қырға шық та, ұран шақыр!»
Ақын өзінің шығармаларында ислам іліміне көп назар аударып, қазақ даласында дінді нығайтуды қолдады. Ол мықты хан билігі кезеңін аңсады. Ақын өлең-жырларында отандастарын оқу мен білім, ғылым мен өнерді меңгеруге шақырды. Қоғам өміріндегі білімнің орны мен маңызы туралы: «Бай білімсіз болса кедейшілікке ұшырайды», – деп ескертеді.
«Зар заман» ақындары елдің жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды, ұлттық әдебиет тарихында лайықты орын алды. Олар өлеңдері арқылы патша үкіметінің әскери-отаршыл әрекеттерінен бұрынғы емін-еркін өмірінен айырылған қазақ халқының қайғылы тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізді.