Зейнолла қабдоловтың



Дата27.11.2023
өлшемі43 Kb.
#129370
Байланысты:
thesis30873 2




Қазыбек Г.Қ.


ЗЕЙНОЛЛА ҚАБДОЛОВТЫҢ
АУДАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІ

Қазақ әдебиеті барлық жағынан көркейіп өсіп келеді. Оның ірі туындылары дүниежүзінің әдеби қазынасына қосылып, адамзаттың асыл мұралары қатарынан лайықты орнын алуда. Әлем әдебиетінің классикалық туындыларымен жете танысамыз, олардан үлгі аламыз.


Сол үлкен әдебиеттің аса күрделі салаларының бірі – көркем аударма. «Аударма – ұшан – теңіз өмір ағысының бүкіл процесін ұштастыруға себепші болып отырған елеулі күштердің бірі» /1,5/.
Адамзат тарихында әрбір ұлт, әрбір қоғам алмасу, ауысу, араласу нәтижесінде өмір ағымы алға жылжиды, өседі, өркендейді. Яғни, өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осыған орай, А.Пушкин «аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары» деген болатын /2,23/.
Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой – пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде, яғни оның ана тілінде түсінікті етіп жеткізу. Бір тілден екінші тілге аударылып жазылған немесе баспадан басылып шыққан брлық әдеби және жазба еңбек аударма туынды деп аталады /3,9/.
Аударма біздің ана тіліміздің сөздік қорын байытып, дүниетану өрісімізді ұлғайтады. Аудармашы жеке сөздерге балама іздеу арқылы ана тілдің бүкіл қазынасын кеңінен сапырып, ішіндегі асыл сөз байлықтарын шебер пайдалануға тырысады. Ескіріп бара жатқан көне сөздер қайта жаңғырып, қазіргі әдеби тіліміздің қорына жаңа сөз тіркестері, көркем сөз баламалары қосылып жатады. Аударма қызметі жаңа сөздерді тілімізге енгізіп қана қоймай,күн сайын аударылып жатқан сансыз көп еңбектер олардың қолданылу аясын кеңейтіп, қолдану нәтижесінде тұрақтандыруға халықтың ойы мен тіл байлығын өсіруге, сол сөздің ұғымдық шегін қалыптастыруға себепші болады.
Зейнолла Қабдолов – әрі жазушы, әрі ғалым, әрі аудармашы. Ол өз дәстүрін қалыптастырған шебер аудармашы. Ол орыс халқының ұлы ақыны А.С..Пушкиннің “Балықшы мен балық” туралы ертегісін, Н.В.Гогольдің (51 таңдамалы хаты) эпистолярлық туындыларын, Л.Кассильдің “Қымбатты балаларым”, В.Добровольскийдің “Сұр шинельді үш жігіт” повесін, В.Закруткигтің “Судағы станица” романын, М.Горькийдің “Күн перзенттері”, Н.Хикметтің “Елеусіз қалған есіл ер”, Г.Бичер-Стоудың “Том ағайдың лашығы”, Яшпалдың “Дивья”, Ян Отченашек пен Ярослав Бланктың “Мезгілсіз махаббат”, Азат Шагиняннің “Трамвай паркке кетеді”, Ш.Айтматовтың “Қызыл алма” әңгімесін, көптеген өлеңдерді аударған.
Аудармашы тек қана аударма ісімен шұғылданып қана қойған жоқ, сонымен біре “биік өнер” туралы әр кезеңде ө пікірін айтып, қазақ аударма әдебиетінің хал-ахуалыа мән берген, осы мәселелерді шешуге байланысты өз ұсыысын жасап отырады. Сыншы аудармашылар шеберлігін саралап, жетістіктер мен кемшіліктері туралы ой толғаған.
Аударма жайлы теориялық негізі бар пікір айтқан. Аудару әдіс-тәсілдерінің кейбір жолдарын ұсынған.
Аудармашының сын-талдаулары 1977 жылы “Жазушы” бапасынан жарық көрген, әдеби толғаныстары мен талдаулары енген “Жебе” атты ғылыми-зерттеу еңбегінде көркем аударма жөніндегі “Биік өнер” мақаласында орын алған және аудармашының 1964 жылдың 22 шілдесінде “Коммунистік еңбек” басылымында жарияланған Л.Толстой шығармасын аудару туралы “Бағалы байқау” мақаласын айтуға болады.
Көркем аударманың қоғам өміріндегі ағартушылық, тәрбиелеушілік, идеологиялық тұрғыда сананы тәрбиелеу мен рухани дамыту ролі жайында, “Елеусіз қалға есіл ер” атты кітабыда сөз етеді.
З.Қабдолов аудармаға төл шығармасындай мұқият қарайтын және аудармашыға да қатал талап қоя білген.
М.Әуезов өзінің “Как я работал над романами “Абай” и “Путь Абая” деген мақаласын қазақшаға аударуда Зейнолла Қабдоловқа тапсырыпты. Мақаланың сапалы аударылғаны сондай, ұлы жазушы оқып шығып, қаламның ұшын тигізбестен “Жұлдыз” журналына сол күйінде ұсынған екен.... /4, 144/.
Аудармашы аса жауапты қиын іске, яғни биік өнерге үлкен біліммен, мол дайындықпе кіріседі. Себебі, аударманың көтерер жүгі ауыр. Оның аға буын жасаған дәстүрлі жолы бар екенін, сол арнаның сабасынан шықпай, керісіше тек алға қарай дамытып, өрісін кеңейту борышын аудармашы жете түсініп, терең сезінген.
Аудармашының қаламынан қайтадан қазақтың көркем-сұлу да құнарлы тілімен дүниеге келген аудармалары – тұнып тұрған тың дүние. Оларды аударматану ғылымы тұрғысынан терең зерттегенде, тұнып тұрған дария астындағы асыл маржандарына қол жетері сөзсіз.
З.Қабдоловты біз тек аудармашы ретінде ғана емес, сонымен қатар, қазақ аударма теориясына, сынына үлес қосқан – аударма сыншысы ретінде де тануымыз керек.
Аудармашы түрлі шағын, күрделі жанр үлгілеріне аударма жасаумен бірге, жалпы аударма өнері туралы толғаныстар мен аудармашылар еңбектеріне талдаулар жасаған. Өз шығармаларында көркем аударманың кейбір мәселелері мен аудармашы міндеттеріне тоқталып өтеді.
Мысалы, көркем аударма туралы “Биік өнер” атты сын-талдауға арналған мақаласын орыс әдебиетінің таңдаулы нұсқаларын аударумен әдебиетіміздің қорын байытуға бетбұрыс туған кезде жазған. Оған автор үлкен еңбек сіңірген ізденіс танытқан. Мысалы, аудармашылардың қалың-қалың қазақша сөйлеткен қалың томдарын орысша нұсқамен салыстыра талдау қаншама еңбекті қажет етеді?!
Сыншы қамту объектісі етіп Жүсіп Алтайбаев аударған М.Горькийдің “Фома Гордеев” атты шығармасын, Мұхтар Жанғалин аударған Лев Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” эпопеясының бірінші томын, Әбдірашид Ахметов аударған “Порт-Артур” романының екінші кітабын, Ә.Көпбаев аударған Г.Адамовтың “Екі мұхиттың сыры” романын, Ә.Ипмағамбетов аударған Ефим Пермитиннің “Тау қырандары” романдарын, С.Шаймерденов пен Н.Оразалин аударған Георгий Свиридовтың “Жанкешті сапар” романын, авторлар тобы аударған М.Горький әңгімелерінің бірінші томын алған. Сыншы аудармашылар шеберліктерін саралау үстінде түпнұсқадан ауытқыған сәттерінің бәрін де аударма методологиясымен тығыз байланыста сөз етеді. З.Қабдолов аударманы “Таза творчество” деп біледі. Аудармаға салдыр-салақ қараушылыққа кешірім жасалмайды және аударма еріккеннің ермегі емес, жауапкершілік пен таланттылықты талап ететін “биік өнер” деп бағалайды.
Ж.Алтайбаевтың, М.Жанғалиннің, Ә.Ахметовтың, Ә.Ипмағамбетовтың аудармашылық жетістіктерін атап, жоғары бағалайды. Олқылықтарына тоқталып, “аудармаға төл шығармасындай мұқият қарауды” қатал талап етеді /4, 330/.
Ә.Көпбаев пен С.Шаймерденов, Н.Оразалин аудармаларының кемшіліктерін көрсетеді.
З.Қабдолов аударманың мазмұнын жағынан ғана дәл емес, пішін жағынан да әсем, “тілге жатық, жүрекке жылы тигендей көркем, әсерлі ширақ шығуына да мән беруді ұсынады” /4, 350/.
Нашар аударма жасау арқылы, әдеби аударманың құнын түсірмеу, оқырманның эстетикалық талғамына зақым келтірмеу қажеттілігін баса айтады /1, 358/.
Аудармашыға тән қасиеттер – еңбекқорлық, ұқыптылық, ізденгіштік екеніне тоқталып өтеді /4, 354/.
Аударылатын шығарманың идеялық-көркемдік құнына мән береді /1, 355/.
“Биік өнер” жайлы еңбегі – адармамен айналысуға талаптанған қаламгерлерге жолбасшы, үйрену мектебі /5, 146/.
Иә, аудармашымен жүздескендегі “аударма жайында көп нәрсе айтуға болады” деген сөзіне қарағанда әлі де аударма теориясына қосар еңбегі зор екенін байқадым.
Аудармашының жоғарыда аталған қай толғанысы да ғылыми тұрғыдан қарағанда ой саларлық, жаңаша көзқарастар қалыптастыратыны даусыз.
Аудармашы Зейнолла Қабдолов – көркем аударманың қалыптасқан дәстүріне небір тамаша аударма үлгілерін қосып аударма мәдениетінің өсуіне шеберлік мектебіне өз үлесін қосқан жан. Оның аудармалары – өскелең әдеби тіліміздің ең жоғарғы үлгісінде, қоғамды әрқашан алға сүйрейтін озық дәрежеде.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Сатыбалдиев Ә.Рухани қазына. –Алматы: Жазушы, 1987.-232 б.

  2. Қабдолов З. Әдебиет теориясының негіздері. // Мектеп. А.,1970.

  3. Қабдолов З. Жебе. А., // Жазушы. А., 1997.

  4. Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1976.

  5. Гоголь Н.В. Шығармалары 4.т. // ҚМКӘБ. А., 1954.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет