Биссимилә Рахман ир Рахим деп бастаймын
Анар Бекмырзақызы Салқынбай
АБАЙ СӨЗІНІҢ ЛИНГВОПОЭТИКАСЫ
Мадисон, 2013-14
ҮЗІК СӨЗ
1. СӨЗ - АЛЛАДАН ШЫҚҚАН БУ (Шаһкәрім)
Материктердің арасын мұхиттар әрі бөліп, әрі байланыстырып жатады екен ... әңгіме мұхиттың мінезін, қасиетін, келбетін, жалпы болмысын қалай қабылдауда, түсінуде және соған қарай бағалауда жатыр...
Адамдардың бір-бірінен ұлттық айырмасы олардың түрінде, мінезінде, кескін-келбетінде емес. Негізгі айырмашылық – тілде ғана! Тіл – түсіністік кепілі. Қазақ қалай айтқан десеңші, «жылқы кісінескенше, адам түсініскенше». Қарапайымдылығымен ақылдыны мойындататын, ойсыздар «мән бермейтін» (мүмкін мән бергісі келмейтін) мұндай сөздер көп-ау, шіркін, біздің қасиетті қазақ тілінде! Қазір қайсы біріміз ана тіліміздің қадірін бағалай алып жатырмыз ба...
«Жібекті түте алмаған жүн етеді де» дегіңіз келеді ғой.
Пауло Коэльо «Алхимик» повесінің алғысөзінде: «Я открыл Свою Стезю и Знаки Бога — истины, которые мой интеллект прежде отказывался принимать из-за их простоты. Я узнал, что задача достичь Великого Творения стоит не перед немногими избранными, а перед всеми, кто населяет Землю!» - деп жазыпты. Қарапайымдылықты қарапайымдылығы үшін емес, өзіміздің сол қарапайымдылық деңгейіне жетпей қарадүрсін «мен білемге» басқанымыздан бағалай алмайтын болармыз. Адам баласы бірімен-бірі түсініссе, алуан түрлі тарихи әлем-тапырық алапат соғыстар бәлкім болмас па еді? Кім білсін? ...
Тілдің қасиеті, сөздің күші ерекше! «Жақсы сөзбен жан семіртуге» де болады, сөз - алмас, байқамаса кесіп те түседі.
Ия. Жаңа жақсы айттыңыз, материктердің арасын мұхиттар әрі бөліп, әрі байланыстырып жатады екен ... әңгіме мұхиттың мінезін, қасиетін, келбетін, жалпы болмысын қалай қабылдауда, түсінуде, бағалауда жатыр.
Ия, балам, Сөз де адам баласының арасын дәл мұхит сияқты әрі бөліп, әрі байланыстырып жатады. Мәселе, сөздің мәнін, мағынасын, қасиетін, болмысын, қалай қабылдауда, түсінуде, бағалауда... бұл бүкіл ғылымның ішіндегі ең күрделісі. Кез келген ғылымда қалыптасқан ортақ метатіл бар. Өзің білетін математика ғылымында ұлттық тіл жоқ, тек математиканың заңдылықтары мен оны белгілейтін ортақ терім сөздер ғана бар. Ал тілде басқаша, мұнда «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Әр тілдің өзіндік сөйлеу мәнері, сөз мағынасының өзіндік оралымдары, өзіндік қалыптасу және даму болмысы, бағыттары бар. Сөздің байыбына бару үшін, түсіну үшін сол тілдегі сөз мағынасын, мәнін, оралымын аңғару қажет болады.
Лингвистикада жалпы ортақ метатіл жасауға ұмтылушылар көп. Ғылымда «Тілдік әмбебаптық» және «лингвистикалық типология» деген ұғымдар (ғылыми бағыт) бар ғой. Ресей ғылымында, АҚШ-та бұл мәселеге қатысты ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап көптеген ғылыми зерттеулер жүйелі жүргізіліпті. Тілдік әмбебаптықты табуды кей ғалымдар фикция деп есептегенімен, тілдер арасындағы ортақ заңдылықтарды ашуға талаптанған ғылыми жұмыстар да баршылық. Ностратикалық теорияның негізін қалаушылардың бірі Иллич-Свитыч зерттеуінің өзі неге тұрады.
Владислав Маркович Иллич-Сви́тыч кеңес кезеңінің ірі компаративист ғалымы, атақты академик С.Б. Бернштейннің шәкірті болған. Ең өкініштісі, сол біз қызыға оқыған «Опыт сравнения ностратических языков» атты зерттеуін толық аяқтай алмай, небары 32 жасында көлік апатынан дүниеден озған. Иллич-Свитычтың ностратикалық теориясының негізінде үнді еуропа, картвель, семит-хамит (афразия) дравид, орал және алтай тілдері алынғаны белгілі. Ортақ түбірлерді танып, тауып, оның салыстырмалы фонетикасын жасап, сөздігін құрастырған, этимологиясын анықтаған. Алтай тілдеріне - түркі, тұңғыс-манчжұр, монғол (батыс алтайлық), корей және жапон (шығыс алтайлық) тілдері енеді. Мұндай генетикалық бірлестіктің болғанына кей ғалымдар күмәнмен қараса, кей ғалымдар толықтай қолдайды.
Әрине, тілдердің ортақтығын танығысы келмейтіндердің нені көксейтіні, өздерін жоғары санап, өзгелерді екінші сортты ретінде танығысы келетіні де, олардың жанында өздерінің тілдерін қатар қойғысы келмейтін еуропацентристік көзқарастың да салқыны жатқаны анық. Қалай десек те, тілдегі әмбебап заңдылықтарды көрсетпей, ғалымдардың өздері ойлап тапқан ғылыми түсініктер арқылы метатілден ортақтық таппай, күні бүгінге дейін тіл ғылымы дел-сал.
Жер бетінде Бабыл мұнарасынан соң қаншама тілдер мен диалектілер қалыптасып пайда болғанын санаған ғалым жоқ. Бабыл мұнарасы туралы әңгімені кезінде көбіміз ертегі деп қабылдасақ та, әрбір ертегінің артында қарапайым шындық жатады. Ертегі - «ерте» сөзінен жасалып тұрған жоқ па! «Ерте, ерте, ертеде» деп басталмайтын ертегі бар ма? Орыстың «сказка» сөзінің де мәні осыған жақын «сказ, сказать, сказание» - ортақ мәндес, түбірлес. Ендеше, кез келген ертегі ертеректе, тым ертеде, баяғы бір заманда болған қарапайымдылық демеске лаж жоқ. Беделді энциклопедиялар қазір әлемде алты мыңдай тіл бар деседі. Алты мыңдай тілдің әрбірінде Қасиетті Сөздің киесі жатыр. Оның өзіне ғана тән ерекше ішкі болмысы, мағыналық құрылымы, даму заңдылықтары бар. Ал жинақтауға талаптанып байқасақ, СӨЗ-дің жалпы қызметі – сөйлесу құралы болу, жад қалыптастыру, танымдық мәнінің болуы т.б. сияқты ортақ қызметтері шығады.
Ежелден бастау алатын атау теориясының да өзіндік айтары мол. Оның бер жағында кеңестік ғылымда семантика теориясына төрден орын берген атақты академик Н.Я. Марр бар. «Тіл туралы жаңа ғылым» немесе «яфетикалық теория» ұсынған ғалым не себепті Сталиннің сынына ұшырады дейсіз?! Саясат пен тіл ғылымының қай елде де, қай заманда да ұштаспаған, байланыспаған уақыты жоқ. Бұл не? Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Заңдылық болса, ол қандай заңдылық? Тіл мен қоғам арасындағы байланыс қандай?
Қарапайым сұрақтар болып көріне ме?
Ия, қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Қоғам адамдар арасындағы қарым-қатынас негізінде қалыптасады. Қоғамды орнатушы, құрушы, жасаушы адамдар. Адам бар жерде оның өмір сүріп, қатынас жасаушы ортасы, қоғамы бар. Яғни, қоғам - адамдар арасындағы өзара қатынастардың тұтас кешенді жүйесі. Оның құрамдас бөліктері болып күрделі ұйымдасқан әлеуметтік жүйелер немесе қоғамдық өмірдің салалары - экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани салалар бар. Саясат жалпы қоғам шеңберінде, қоғам өмірінің әртүрлі салаларында адамдардың өзара қатынасын реттейді. Ал адамдардың қарым-қатынасы қандай заңдылық негізінде орнығады, басты тірегі не? Қоғамдық қатынастар ма? Экономикалық заңдылықтар ма? Ақша ма? Сандар ма?
Адам баласының қарым-қатынасының ең басты тірегі, негізі, тұғыры – тіл. Тек тіл арқылы ғана адам баласы бір-бірімен қатынас жасап, қоғамдаса, қауымдаса алады. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, бүгінге дейінгі тарих жасалса, ол тіл арқылы жасалған игіліктер. Тек тіл арқылы ғана қауымдасып, қоғамдасып бастап, тіршіліктің қоңыр күйі шертіле бастайды, өмір сүрудің сан салалы заңдылықтары, танымдық категориялар содан кейінгі тұратын құндылықтар.
- Сталин Маррдың тарихи, семантикалық теориясына неге шүйлікті? Бұл сұрақтың жауабын беруге арналған көптеген ғылыми зерттеулер мен диссертациялар жазылды. Н.Я. Марр теориясы екі негізгі идеяға сүйенеді: бірінші, ортақ ата тіл болды, ол жіктеліп, генетикалық туыс жеке тілдерге айналды; Тіл дамуы кері бағытта дамып, көп тілдің бір тілге айналу процесі де жүреді де, нәтижесінде тілдердің саны азайып, коммунистік қоғамда бұл процесс аяқталып, жалпы әлемдік ортақ тіл қабылданады. Екінші идеясы тіл дамуының құрылымына байланысты: тілдер дамуының ортақ бір заңдылығы бар, дыбыстық сөйлеу алғашқы қауымдық құрылыста пайда болды; алғашында «диффузиялық айқайдың» салдарынан «САЛ», «БЕР», «ИОН», «РОШ» деген төрт элемент пайда болды, кейін осылардың әралуан комбинацияларынан сөздер қалыптасып, дыбыс жүйесі мен грамматика қалыптасты, - деп пайымдалды.
- Николай Яковлевич Марр өзінің төл теориясын қасиетті діни кітаптың негізімен («Торе») яфетикалық деп атады, онда әлем халықтарының шығу шежіресі Нұқ пайғамбардың үш баласы Шем, Хам, Йефеттің тарихымен байланыстырылады. Дүниенің қай түкпірінде тұрса да, кез келген ұлт өкілі өзінің шығу тегінің бастауын осы ежелгі тарихтан іздесе, табады. «Тореде» Бабыл мұнарасы туралы әңгіменің басы «Әлқисса, жер бетіне бір ғана лебіз (речь) бір ғана сөйлеу тілі болған екен» деп басталады, әуеге дейін салынған мұнара жайлы айтылады да: «И сказал Бог: “Ведь народ один и речь у всех одна… А теперь не будет для них ничего невозможного – что бы они ни вздумали делать. Сойдем же и смешаем там речь их, чтобы один не понимал речи другого”» (1:6-7) делінеді. Йефеттен тарайтын үндіеуропалық тілдер. Ғылымда осы топқа еуропалық тілдерден бөлек, азиялық тілдерді де (иран, түркі, үнді) жатқызады. Маррдың яфетикалық теориясы бойынша Закавказье тілдеріне семит және хамит тілдері де туыс болып келеді. Бастысы, ғалымның барлық зерттеулері Сөздің мәнін, мағынасын, күшін түсіндіруге, түсінуге жетектейді. Біз үшін маңыздысы да осы.
- Тілдердегі ортақ заңдылықтарды анықтап, ортақ метатіл жасауға ұмтылған тіл типологиясын жасаушы ғалымдар әлі бүгінге дейін тиянақты ғылыми теория ұсына алмай әуреге түсуде. Өйткені әр тілдің өзіндік ішкі құрылымы мен даму сипатын ежіктеу, ондағы құрылымдық заңдылықтарды салыстыру немесе салғастыру қазіргі синхрониялық әдістерге негізделгендіктен, дұрыс нәтиже бермесі анық. Тілдік әмбебаптықтың теориясын жасауда А. Мейе, М. Коэн, Д. Гринберг, Р. Якобсон, Б.А. Успенский, Г.В. Санжеев, И.Ф. Вардуль, Г.П. Мельников т.б. көптеген ғалымдар жүйелі еңбек етті. Дей тұрғанмен, тілдік әмбебаптықты бүгінгі тілдің мазмұнынан іздеу кемдік етеді, оны тіл тарихынан, тілдің генетикалық шығуынан, ой мен тілдің арақатынасынан, арыдан, тіл бастауынан, барлық тілдерге қатысты жалпы генетика-семантикалық кодтарды іздеу мақұл болмақ. Этимон түбірлерді тереңдей зерттеу керек болар...
- Әлемде соншалықты көп тіл бар, әрқайсысының өзіне тән әлем бейнесін таңбалаудағы жөні мен жүйесі, құрылымы мен құрылысы бар. Сондай-ақ, табиғи адами тілдің жалпы сипатын танытатын әмбебап қасиеттері мен белгілері де бар. «Әмбебап» терім сөзін тілдік құрылым қасиеті мен мазмұндық категориялардың әр тілге тән ерекшеліктерінен шығатын жалпы жинақтық мән деп бағалау қажет. Идиоэтникалық тілдік мазмұн әмбебап ойлау жүйесіне қарама-қарсы бола алмайды. Әмбебап ойлау жүйесі әр тілде өзінің ментальдығын, дүниетанымдық ерекшелігін, формалық өзгешелігін сақтай, тілдік өзгеше таңбалармен таңбаланады. Тіпті, басқаша айтсақ, дүние жүзінде қатар өмір сүріп жатқан, арнайы өзіндік дүниетанымды бейнелейтін, ерекше формалық көріністері арқылы таңбаланатын соншама тілдердің барлығы тілдік әмбебап механизмдердің негізінде шығып, қалыптасқан. Ол әмбебаптық - ақпараттың қабылдануы мен оның өңделу стратегиясы. Ол әмбебаптық – сөйлем құрылысындағы парадигматикалық пен синтагматикалық. Мұны кез келген тілдің ішкі құрылымынан, өлшемінен табатыныңыз шын. Бұл туралы С.Д. Кацнельсон кезінде былай деп жазған: «Каждая языковая единица вырастает на пересечении двух рядов – парадигматического и комбинаторного и может быть обнаружена о опознана только в соотношении с этими рядами» [О теории лингвистических уровней, - cб. «Вопросы общего языкознания», М. 1964, стр. 37].
- Бабыл мұнарасы туралы әфсана аңыз ба, ақиқат па оның ғылыми мәні біреу (қасиетті кітаптарға сенесіз бе, сенбейсіз бе? – ол Сіздің патша көңіліңіз бен санадағы сәуле деңгейіне байланысты) – адам баласының тілі ортақ негізден, барлық немесе көптеген тілдердегі тілдік бірліктерде тарихи дамыған сипатында көрініс беретін әмбебап ежелгі көне инварианттардан шыққаны анық. Осы реттен де тілдік әмбебаптықтың ғылыми-теориялық тұрғыдан әр түрлі аспектіден зерттелуінің мәні мен маңызы ерекше өзекті болмаққа керек. Әлемдік көптеген тілші ғалымдар аңсаған, армандаған әмбебап грамматика жасау, әмбебап метатіл құрастыру ғалымдардың ортақ бір пікірге келуімен орындалуы да ықтимал. Ғылыми метатіл жасау арқылы ортақ грамматикалық құрылым заңдылықтары негізделіп, негізгі ортақ тілдік бірліктер анықталуы да «лям мим» емес. Дүнияуи әмбебап грамматика жасауға ұмтылған ғылыми зерттеулердің молдығы бұған мысал болады.
Адам баласының ғұмыры сөзбен өріледі, өмір бойы сөйлейді, ойын сөзбен жеткізеді.
Кейде дыбысын шығармай-ақ, үнсіз армандайды, қиялдайды, ойланады, толғанады. Өзімен өзі сырласады, жүрек үнін тыңдайды, толқиды... Тыңдайды, оқиды, қызмет істейді, жазады, тыңдатады, оқытады, жазғызады. Қалай болғанда да, әртүрлі жолдармен сөйлеседі. Сөзсіз адамның күні бар ма?! Сөйлеу соншалықты табиғи әрі «тегін» болғандықтан, оны бірде бағалаймыз, көбіне бағаламаймыз. «Ауыз өзімдікі» болған соң деп, сөзді қойыртпақтап, «дөп тигізбей», дүмбілездеп қойып қалып жататынымыз тағы бар. Алла адам баласына тілді берген соң, кім қалай сөйлейді, өз еркінде. Дүниенің бәрі сатылып, құны белгіленіп қойған заманда, сөз құнсыз болып қалды, содан ба, «Сөзге сену» деген күн тәртібінен түскелі қашан. Бір ауыз сөзден бір жапырақ қағаз сенімді болып, ата дәстүрінен келе жатқан «сөз беру», «серт беру» деген ұғымдар ескінің көзіндей болып, кейде көшке ілескен тайлақтай күйкі күйге түсіп, анда-санда ғана жайсаңдардың аузында қылаң береді. «Айтқан сөзден таймау», «сөзбен берілген серттен таймау», «сөзбен ойнамау», «жалған сөйлемеу» деген заңмен әдіптелмеген. Баяғы әдет заңының сиясы кеуіп құрғаған, ұмытылған, ал жаңа заманның өз әдеті мен әдебі бар. Мұнда бұрыс сөзге сот жоқ, сот болмаса тыю жоқ, содан да сөзден, сөздің киесінен қорқу ұмытылып барады. Осылайша сөзден қадір қашып, реңі тотығып, сұлулығы өзіне сор болып, киесі кетіп барады, ағайын. «Қазақ тілінде ойды нақты жеткізе алмайсың, көп сөз қажет, толған метафора мен фраза, орыс тілімен бір сөзбен жеткізетін ойды, қазақша он сөзбен жеткізу керек болады» дегенді естіп, кейде «кінәлідей» болып жүретініміз тағы да рас.
Қалай десек те, табиғатпен бірге берілген, әлмисақтан бері бірге жасасып келе жатқан Сөзсіз адам баласының күні жоқ. Адам баласын өзге жаратылыстан ерекшелендіретін – тілі, бұл да қарапайым ақиқат. В. фон Гумбольдт тек сөйлейтін адам ғана шын адам деген. Ұлы Абай:
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл -
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл, - дейді.
Сөз қадірі! Сөз киесі! Мен сенен қорқамын! Жан-жағымның бәрі бұрынғыша сөйлеп тұр. Жандысы да, жансызы да. Жоқ, олар сөйлеп тұрған жоқ. Менің ойым арқылы оларға берілген атаулар сөйлеп тұр. Көзіңіз кез келген затқа немесе құбылысқа түссінші, оның атауы бар. Соның барлығы қалай келді? Кім атау берді? Кім ерінбей жалықпай бүкіл қимыл мен қозғалысқа, зат пен белгіге, әрекет пен іске, сан мен сапаға атау берген? Бір сәт айналаға қарап, көзің түскен нәрсені атауымен атап, танып, түсініп, атаудың уәжділігін, негізділігін, айғақтылығын түйсініп, сүйсінесің, қанағаттанасың. Бабалық танымның тереңдігін танып, рахат күй кешесің! Тіл деген құдіреттің күші қайда деп ойлануға талаптанасың. Кез келген тіл үшін атау – мәнді. Ғылыми зерттеулерден білетініміздей, тіл – ойдың негізгі көрінісі. Тіл - ойдың көрінісі ғана ма? Әлде тіл арқылы ойлау деген дұрыс па? Жүсіпбек Аймауытов: «Сөз – ойдың айнасы, Ойсыз сөз – cөз болмайды, Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді» дейді [Алаштың тілдік мұрасы, Астана. 2013, 305-бет]. Сөз мен ойдың жұбы жазылмайды, бірінен-бірі туындап, бірімен-бірі жымдасып жатқан болар! Бұл «лям-мим» мен үшін!
Тіл, ең алдымен, сөйлеудің қамбасы. Мәнге айналған дыбыстар жүйесі мазмұнды белгілейді де, СӨЗ жүйесін құрайды. Сөз қарым-қатынас құралы ретінде адамдар арасындағы сөйлеуде өзінің басты қызметін атқарып, лебіз жасайды. Лебіз ауызша да, жазбаша да болады. Лебіз - адамдардың бір-біріне айтатын сүйініші мен күйініші, сезімі мен сағынышы, күнделікті беретін хабары, өткен күннен белгі беретін әфсанасы, кешегінің тарихы мен бүгінгінің берекелі болмысын жеткізер сыры. Лебіз - екі кісінің әңгімесі, ол ана мен баланың сезімі, сұлудың сәлемі, қос ғашықтың сағынышты жан сыры, адамдардың туған елге, жерге деген ыстық махаббаты, жазушының жүрегін жарып шығар болашаққа айтары, болмыстың заңдылығын таныған ғалымның хаты. Қазақта «аталы сөз айту» деген терең ұғым бар. Мәнісі терең, ой астары қалың! «Сөз атасы - мақал» деп таныған елдің танымдық болмысы. Сірә, мақалда белгілі оқиғаның желісі бар, оның айтылуы жай шыға қалған емес, белгілі іске, амалға байланысты себепті, негізді жасалған. Яки, әр мақалдың шығу мотиві, уәжі бар. Аталы сөз айту - көп сөйлемей, дөп сөйлеу; сөздің байыбын танып, байламды жеткізудегі шеберлік пен шешендіктің синкреттілігі. Аталы сөз айтудың нәтижесі - халық қабылдап, айта жүрер, лебізде жиі пайдаланып, бағаланып, болашақ игілігіне ұсынылған мақал шығару. Алғашында пәленше айтыпты, түгенше солай депті делінгенімен, келе-келе «пәленшенің» аты ұмытылып, «халық» игілігіне ұласады. Ел қабылдаған аталы сөз ел игілігіне айналады да, әуелгі уәжі де есте қалмай, сәйкес амал-әрекетке қатысты айтылып, жиі қолданыс нәтижесінде мақалға айналады. Кейінгі жазу заманы келгенде данышпандар айтқан аталы сөздің кестесі бұзылмай, өз атымен аталуы тек мақалдың санына қосылмай, авторы бар нақыл сөз болып санатты көбейтіп, ұлттық дүниетанымның заңды жалғасын танытты.
Сөз айтылады. Ойды, сезімді жеткізеді. Сөзде кісінің ішкі болмысы жатады, жоғарыдағы Абай данышпанның «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» дегенінің әуелгі уәжі – осы. Кісі сыртын жылтыратып алуы мүмкін, алайда, сөзі арқылы оның кім, қандай жан екенін сөйлесу барысында аңғару, білу аса қиын шаруа емес. Сөз бен ой арасындағы байланыстың бір қыры да осында болар, сөйлеу барысындағы сөз қолданысы, тіркестері, тіпті жеке сөздерді қолдануы кісінің сана деңгейін, ішкі болмысын, білім мен білік деңгейін танудың басты құралы деуге болады. Сөйлеудегі лебіз кісінің ішкі сырын ашады, танытады, бағалатады. Тағы да Ж Аймауытов: «Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Әр заманда тіл ішкі сырды әртүрлі шығаратын болған» деп жазады [Алаштың тілдік мұрасы, Астана. 2013, 305-бет].
Достарыңызбен бөлісу: |