МӘТІН МӘНІНІҢ ТЕРЕҢ ДИНАМИКАСЫ
Лебізде сан алуан мәтін бар, оның әртүрлі сипаты тағы бар. Онда әртүрлі сюжеттер жасалып, сандаған тақырыптарда әңгіме қозғалады, әр қилы көзқарастар мен пікірлер таласқа түсіп, бірнеше стильдік құралдармен әдіптеледі, өрнектеледі. Бірі ықшам, бірі ұзақ болып келіп жататын мәтіндердің айтары да әртүрлі, берері де бірдей емес. Күнделікті сөйлеу тілімізде сөйленіп жатқан ауызекі лебізімізден бастап, жазба көркем әдеби тілге дейін қаншама ауызша-жазбаша мәтіндер бар. Көп болсын. Көп болып, көпіріп жатса, тілдің де бағасы артып, сөз мәдениеті жетіліп, сөз мағынасы дамып, лебіз байыған сайын, тілдің де құдіреті артып, көзі ашылған бұлақтай көтеріліп, көбейіп, қопсып, жаңарып, жасарып дами берері даусыз. Лебіз ұлғайған сайын, лебіздегі қолданыс кеңейген сайын тіл де жасара түспек. Осындай сан алуан мәтіндердің басын қосатын, біріктіретін, кең өлшемді негізгі мазмұндық жүйені біріктіретін үш ұлы феномендік күш бар: АДАМ, УАҚЫТ, КЕҢІСТІК. Бұл лексикалық бірліктерді біріктіретін жүйеден бөлек, кеңістік-уақыт жүйесіндегі Адам қызметі. Сондықтан бұл жүйенің басқарушысы да – АДАМ. Адам – кез-келген мәтіннің қаһарманы, кейіпкері, субъектісі. Адам - кез келген мәтіндегі жағдаятты, әрекетті туғызушы, жасаушы, бағалаушы, реттеуші, жөндеуші. Мәтіндегі барлық оқиға да, жағдаят та Адамға қатысты, соның айналасында: адамның мінезі, танымы, түсінігі, жағдайы ... . Мәтіннің авторы – оқиғаны түзуші де Адам. Демек, мәтін - адам арқылы адамға бағышталған мән. Мұнда кеңістік пен уақыт бір-бірімен тығыз байланысты, оларды бір-бірінен байланыссыз көзге елестете алмайсыз.
Уақыт пен кеңістік – дүнияуи болмыстың өмір сүру қажеттілігінің маңызды алғы шарты. Кеңістік табиғатта объективті шындық ретінде өмір сүреді, ал уақыт адам баласының (мүмкін жалпы тірі организмдердің) санасындағы сандық параметр. Немістің атақты философы Иммануил Кант «уақыт тек біздің санамызда ғана өмір сүреді», - деп есептеген. Философияда кеңістік барлық тірі және тірі емес тіршіліктің қатысып шындық болмысты құрайтын орны саналып, философиялық категория ретінде танылады.
Мәтін табиғатты, шындық болмыстың белгілі бір дәрежедегі көрінісін, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты таңбалайтын болғандықтан, уақыт пен кеңістіктен тыс бола алмайды. Кеңістік пен уақыттың үздіксіз мәні (континуум – латынша «continuum» - непрерывное) көркем мәтінді филологиялық аспектіден антропоцентристік бағытта талдауда маңызды. Яғни антропоцентристік пен локальды-темпоральдылық көркем мәтінді зерделеудің басты категориялары санатында, әрі бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Көркем мәтіндегі уақыт шығармадағы кейіпкер бейнесінен бөлек бола алмайтыны, кейіпкердің қатысынсыз көркем мәтіндегі кеңістік те байқалмайтыны белгілі. Көркем шығармадағы уақыт пен кеңістіктің орны қазақ тіл білімінде кеңінен сөз бола қоймаған өзекті мәселелердің бірі, дей тұрғанмен көркем мәтіндегі АДАМ кеңістік пен уақытта қызмет етеді, өмір сүреді, тіршілікте өз болмысымен ерекшеленеді. Тіл білімінде мәтіндегі шақтың үш негізгі түрін бөліп көрсетеді: объективті шақ (календарлық), концептуалдық (әрекеттік шақ) және қабылданған шақ (перцептік) немесе эмоция-экспрессиялық шақ. Сонымен бірге орыс тіл ғылымындағы көркем мәтін теориясында көркемшақ ұғымы ерекше бөлініп көрсетіледі [З.Я. Тураева, Лингвистика текста. 1986: 20-21]. Көркемшақ - көркем шығарма өзегінде жүріп жататын әртүрлі оқиғалар мен құбылыстардың мезгілін анықтаушы басты және ерекше танымдық мән ретінде теориялық тұрғыдан қажетті ұғым. Көркемшақта ақиқат уақыт пен қабылданған шақ, кейіпкердің өмір сүріп отырған уақыты бәрі қабаттаса келіп, қабысып жатады. Көркемшақ категориясы автордың, яғни жазушының немесе айтушының еркіне сәйкес әртүрлі уақытты белгілеп, таныту үшін маңызды, сондықтан өзгермелі бола алады. Ал уақыттық бағыт, негізінен, ілгерілей дамып, болашаққа бағытталады. Мәтіндегі уақыт мәтіндегі кеңістікпен тікелей байланысты және солай қарастырылады, басқаша болуы да мүмкін емес, өйткені бұл категориялар бір-бірімен тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан да атақты ғалым М.М. Бахтин былай деп жазады: «Сущностную взаимосвязь временных и пространственных отношений, художественно освоенных в литературе, - мы будем называть хронотопом» [Бахтин, 1975: 234-235]. Бахтиннің көрсетуінде, бұл терімсөз алғаш рет математикада Эйнштейннің қолданысында «относительдік теориясын» жасау барысында пайда болған. «Для нас не важен тот специальный смысл, который он имеет в теории относительности, мы перенесем его сюда - в литературоведение - почти как метафору (почти, но не совсем); нам важно выражение в нем неразрывности пространства и времени (время как четвертое измерение пространства). Хронотоп мы понимаем как формально-содержательную категорию литературы (мы не касаемся здесь хронотопа в других сферах культуры)», - деп жазады [М. М. Бахтин, Формы времени и хронотопа в романе. Очерки по исторической поэтике].
Белгілі қазақ ғалымы Б. Майтанов қазақ әдебиетіндегі кеңістік пен уақыт мәселесіне қатысты терең ғылымы тұжырымдар айтып, «хронотоп» терімсөзін «мекеншақ» терімсөзімен атады. Ғалым кеңістік пен уақыт категорияларын «Сиям егіздеріндей ажырамайтын субстанциялар» ретінде тани отырып, Абай шығармалары негізінде олардың мекеншақтық сипаты мен ерекшеліктерін терең талдайды [Абай және уақыт тұғырнамасы, 2013]. Біз көркем шығарманы мәтін ретінде танып, тіл ғылымы саласы тұрғысынан қарастырғанда, ғалымның мекеншақ терімсөзін қабылдап, пайдаланып, көркем шығармадағы уақыт пен кеңістіктің біріккен, бүтін қалпын танытатын терімсөз ретінде танимыз. М. Бахтиннің көрсеткеніндей, мұнда уақыт тереңдей, бүтінделе түсіп, көркемдік тұрғыдан нақтыланады да, кеңістік уақыт қозғалысымен бірге жымдасып, шығармадағы сюжеттік желіге, ондағы тарихи оқиғаларға кірігіп, үндеседі. Яғни мекеншақта уақыт пен кеңістіктің ішкі гармониялық болмысы, үндестігі анықтала түспек. Уақытта кеңістік жаңаша пайымдалып, қабылданып, ерекше өлшеммен белгіленсе, кеңістікте уақыт жаңа қырынан танылып, ашыла түспек. Көркем мекеншақ ұғымын М. Бахтин осылайша түсіндіреді.
Қалай болғанда да, көркем мекеншақ ұғымы Адамға қатысты ғана анықтала алады. Уақыт пен кеңістік адамның түсінік-пайымына қатыссыз, бірақ адам уақыт пен кеңістікте өз қабылдауымен өмір сүретін болса, көркем мекеншақты жасаушы да, қабылдаушы да адам. Сондықтан көркем мекеншақ адами таныммен, адами талғаммен байланысты жасалады. Көркем шығармадағы табиғат көріністерінің немесе уақыт сипатының адам көңіл-күйімен астасып жатуының бір сыры осында жатса керек. Бұл жазушылық шеберліктің нәтижесінде туған мән.
Көркем мәтіндегі кеңістік үздіксіздігі уақытпен салыстырғанда нақты, өйткені көркем мәтінде суреттелетін әр алуан географиялық орындар нақты. Оқиғада суреттелетін, әрекет өтетін ауыл немесе қала ақиқат өмірде бар және оны көруге, танысуға, баруға, тамашалауға болады. Кей шығармадағы кеңістік нақты болмай, тек шартты түрде ғана қатысуы мүмкін. Кейіпкер кеңістікте әртүрлі уақытта бірнеше рет болуы мүмкін де, әр түрлі кеңістікте бір уақытта бола алмайды. Яғни, кеңістік пен уақыт арасында осындай ассиметриялықтың бар екенін де естен шығаруға болмайды.
Көркем мәтін семантикалық кеңістігінің негізгі әмбебап атрибуттары «адам», «уақыт», «кеңістіксіз» мәтін құралмайды, бұл негізгі атрибуттар көркем мәтіннің негізгі құрылымын жасаушылар санатында болады да, мәтін туғызушылық қызмет атқарады. Бұл қызмет көркемдік шындықтың белгілі кеңістікте, белгілі уақытта өтуінің маңызды шарты екенін анықтауда аңғарылады. Ал көркем бейнеленген образдау жиынтығы мен авторлық баяндаудағы көрінісі (автордың өзі де) әмбебап категориялар көркем мәтіннің семантикалық кеңістігінің басты шарты екенін дәлелдей түспек.
Мәтін мәнінің терең динамикасы осы категориялық ұғымдарды анықтаумен тығыз байланысты қарастырылады. Мәтін мәнін ерекше бөлу, ең алдымен, оның мазмұнындағы бүтіндікті және берілетін ақпараттық мақсатты, осы ақпараттық мақсатты таңбалаудағы ішкі мәнді танудың ерекшеліктерін анықтау үшін маңызды. Бұл туралы атақты Р. Барт «LXXVII. Текст-чтение II: детерминат/детерминант" деген бөлімінде көркем шығарманың мәнін анықтауда мазмұнның ерекше қызметін анықтап көрсетеді [2001 ж., 169-171 б.]. Демек, мәтін мәнінің терең динамикасын анықтаудың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Мәтіннің мазмұндық бүтіндігі мен бірлігі оның оқырманға немесе тыңдаушыға жеткізетін ақпаратымен байланысты. Бұл ақпарат мәтіннің өн бойындағы мекеншақта болатын әртүрлі компоненттерді қамтиды. Мәтін арқылы берілетін ақпараттық бүтіндік оның ішкі мәні болады. Әрбір оқырман немесе тыңдаушы мәтінді өзінің деңгейі мен танымдық дәрежесіне сай әрқилы түсінгенімен, оның ортақ тұстары, ортақ мазмұндық сипаты болатыны анық. Осы ретте мәннің екі түрлі сипатын бөліп көрсетуге болады:
Өзекмән - мәтіннің өн бойындағы басты мазмұн, яғни оқырманға жалпы түсінікті болатын негізгі ой. Әртүрлі оқырман бір мәтінді оқығанда олардың қабылдауында ортақ негізгі мазмұн болатыны, ортақ бір мәннің қалыптасатыны анық. Мәтіннің негізгі тұжырымды ойын құрайтын, оқырманның көбінің түсінігі мен қабылдауына қатысты ортақ мәнді – өзекмән деп атаймыз.
Мәселен,
Достарыңызбен бөлісу: |