Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет4/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.
Қиыннан қиыстырар ер данасы, - деген өлең жолдарындағы «өлең» сөзінен кейін келіп тұрған сызықшаның мәні ерекше. Ол айтылуда да, жазылуда да аса маңызды рөл атқарады. «Өлең» ол сөздің патшасы! Өлең-cөз, өлеңсөз сынды бірігіп немесе дефиспен ғана бөлінсе, оның мағынасы мүлде бөлек болып, басқа мән берер еді де, өзгеше коннатациялық мәнді таңбалар еді. Екіншіден, сызықшамен бөлінгендіктен, оның сөздің патшасына да, сөз сарасына да қатысы бар екені анық аңғарылады. Яғни сызықша «өлең сөзінің» екі бірыңғай мүшеге қатысты болатынын және оның өзінен кейінгі сөзден бөлек оқылып, қабылданып, субъектілік мәнде жұмсалғанын айқындайды.
Абай өлеңдерінде болсын, Қара сөздерінде болсын тыныс белгілерінің маңызы ерекше. Әсіресе, күрделі сөйлем құрылымдарында, ойдың тиянақтылығы мен жүйелілігін сақтауда тыныс белгілерінің маңызы арта түседі.
Мәтінді бағалауда мынадай мәселелерге де ерекше көңіл бөлу қажет:
Лингвистикалық бағытта:
• құрылымдық композициясы;
• уақыт пен кеңістікте өту сипаты;
• сөз мағыналарының негізгі немесе ауыспалы мағынада жұмсалу ерекшелігі;
• тұлғалардың синтагматикалық байланысы;
• сөздердің валенттілігі;
• тыныс белгілерінің қойылысы.
Сондай-ақ, мәтіндегі контекст, подтекс, интертекстің мәнін анықтаудың да маңызы ерекше.
Мәдени-танымдық бағытта:
Мәтінде автор мен оқырман арасында қатынас орнайды. Мәтіннің түсінілуі оқырманның ішкі болмысымен, дүниетанымымен байланысты болып, сонымен бірге, оны байытып, дамытып отырады, кейде көзқарасын өзгертуі де мүмкін.
Психолингвистикалық бағытта:
мәтінді түсініп, қабылдауда оқырман мен тыңдаушы және айтушы қатысады, сондықтан психологиялық бағытта зерделеудің де маңызы бар. Айтушы құрған мәтіннің ішкі прагматикасын, сөз қолданысындағы семантикалық ерекшелігін, тұлғалардың синтаксистік байланысы мен семантикалық валенттілігін анықтау маңызды болса, тыңдаушы үшін алынған ақпараттың әсері мен қабылдау прагматикасы, айтушы мен оның әңгімесіне көзқарасын зерделеу де маңызды болмақ.
Ауызша мәтін де, жазбаша мәтін де лебіздің әртүрлі сипаты ретінде шындық болмыстың әралуан мазмұнын көрсетуге, тануға арналады. Адамдардың бір-бірімен қарапайым пікір алысып, сөйлесуінің өзінде де шындық болмыстың көрінісі жатады, адам ойы мен ішкі көңіл-күйі, қуанышы мен реніші, сүйініші мен мұңы аралас келіп, ішкі жан дүниесінен хабардар етеді. Сондықтан қандай да бір мәтін психологиялық бағытта қарастырыла алады. Мәтін болмаған жерде ой да көріне алмайды. Ал ой болмаса, ойлану да жоқ. Ойдың негізгі таңбаланатын жері, зерттеу нысаны ретінде көрінетін тұсы – тек мәтінде, лебізде. Шындап келгенде, зерттеудің қандай мақсаты болса да, оның ең басты және негізгі, алғашқы бастауы мәтіннен басталады. Бұған мән бермеу ғылымда «квазилықтан» басқа ештеңе де емес.
Кез келген шығармашылық тұлға өз еңбегінде шығармашылық түпкі ойын нақтылы түрде көрсету үшін, айналадағы тірлікте не болып жатқанын қорытып, адам мен қоғам, адам мен табиғат, адам мен жалпы әлем арасындағы қарым-қатынастан түйгенін, авторлық санада жетілген ойын халыққа жеткізіп, ел игілігіне пайдалануға ұсынады. Көпке арналған, көркем шындық бейнеленген дүние болғандықтан, ол тек автордың емес, халықтық құндылыққа айналады да, эстетикалық, көркемдік, поэтикалық ерекшеліктері ғылыми бағытта зерделеніп, зерттеледі. Лебіз-ойлау құрылымына мәтіннен өзге: автордың өзі – адресант, оқырман – адресат ретінде, бейнеленіп отырған шындық, мәтінде берілетін білім және автор өз ойы мен мақсатын жеткізу үшін қолданған тілдік таңба енеді. Мәтін қызметінің өзіндік ішкі желісі мен арқауы бар: мәселен, автор оқырманға арналған мәтін құрайды; онда өзі мәнді деп тапқан деректерді, жағдайды, оқиғаны, кейіпкерінің күйініші мен сүйінішін, ішкі эмоциялық иірімдерін, дүнияуи шындықтағы әр алуан жарасымды сәттерді бейнелей отырып, сол арқылы ішкі ойын, тілегін, мүддесін танытады, жеке авторлық әлем бейнесін жасайды.
Қазақ халқының жай ғана ауызекі әңгіме айтуының өзі үлкен шеберлікпен құралатын күрделі танымдық мәтін. Елдің ақсақалы сізге қаратып әңгіме бастағанда, деректі алға тартып, төтесінен көшпейді, көшелі сөз басталарда толғанып, толқып, әр алуан әфсаналар мен тәпсірлерден сыр шертіледі. Тым болмаса, мың бір түн хикаяларының желісінен әңгіме таратылып, тақырып арқауы үзілмей, бүгінгі күнмен байланыстырылып, қабысып, жанаса ақтарылады. Мұның өзі шығармашылық ойлаудың жемісі. Ал ақсақалдың тілдік қолданысына назар аударар болсаңыз, сөз байлығы алдыңызда жайнап, жарқырап жатар-ды: мақал-мәтел де, ауыспалы мағыналы сөз де, тұрақты тіркестер де, көп мағыналы сөз де, синонимдік-антонимдік қатарлар да сонда.
Атақты Вильгельм Радловтың қазақ тілінің байлығы мен шешендігіне (Зерттеудің түпнұсқа вариантындағы есімі осылай, 1960 ж.) тамсануын былай қойғанда, бай қазақ халық ауыз әдебиетінің дамуы мен бізге құндылық ретінде мүлтіксіз жетуі – осындай ақсақал-қарасақалдардың айтқанын құйма құлақтардың құйып алғанынан. «Қазіргі сөйлеу тілі жұтаң болып барады» деген қаңқу сөз ауыл тыңдарманына, оқырманына емес, орысша оқимын деп қазақша «сауатсыз» болып қалғандарға ғана арналуы керек. Тыңдаушы да, оқушы да мәтінді түсінуге, ондағы автордың ішкі ойына үңіліп, ішкі мәніне кіруге ұмтылады. Мәтінге талдау жасау, түсіндіру, алдымен, сөздің лексикалық, стилистикалық, прагматикалық қызметін түйсінумен, ұғынумен, содан соң өз таным деңгейінде ішкі мәніне бойлаумен байланысты. Яғни, мәтіннің эстетикалық-танымдық, кумулятивтік қызметі күрделі, жүйелі-құрылымды, психологиялық-зияткерлік терең мәні бар, ол жазушы (не айтушы) мен оқырман арасын байланыстырушы. Бұл жайында көптеген шетелдік ғалымдар зерттеулерінде айтылады (Ван Дейк, Р. Познер, 3. Шмидт, Р. Фасмер т.б.).
Мәтінді зерделеуде мынадай тәсілдерді ерекше бөліп көрсетуге болады:

  • лингвонегізді тәсіл: «тіл – мәтін» бағыты бойынша; Қазақ әдеби тіліндегі басты зерттеулер осы дәстүрлі тәсілдің негізінде жазылған-ды. Мұндағы логика тілдік бірліктер мен категориялардың қызметін көркем мәтін бойынша анықтауға құрылады. Дәстүрлі стилистика мен тілдік бірліктердің стилистикасына қатысты жазылған көптеген ғылыми жұмыстар осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ әдебиетінде жазылған көркем шығармалардың тілі мен стилін зерделеді. Теориялық бағыты М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, еңбектері арқылы қаланып, Қ. Өмірәлиев, С. Исаев, М. Серғалиев зерттеулерімен дамытылған бұл сала бойынша кейінгі буында да жақсы зерттеген ғалымдар баршылық. «Тіл-мәтін» тәсілі бойынша жазылған еңбектерде лексикалық бірліктердің мағынасы, жергілікті диалектілік ерекшеліктер негізінде кездескен фонетикалық ауытқулар, грамматикалық және стилистикалық бірліктердің авторлық қолданыстағы ерекшеліктері терең зерттелді. Мәселен, көркем мәтіндегі синонимдік, омонимдік, антонимдік, көпмағыналық қолданыстар, түр-түс атауларының қолданысы, метафорлық, метанимиялық, синекдохалық қолданыстар, сөз таптарының ерекшелігі, сөздер мен сөз тіркестерінің эмоциялық ерекшелігі т.б. көптеген құрылымдық тіл білімінің конструкциялары негізінде ғылыми жұмыстар жазылды. Зерттеулердің басты ұтымдылығы мен өзектілігі тілдік бірліктердің функционалдық қызметін анықтауында, ақын-жазушылардың идиостилін көрсетуінде болды. Мұндай қызметтік-стилистикалық зерттеулер қызметтік тіл білімі саласының, қызметтік стилистиканың қалыптасуының негізі болды. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасыр басында ғылыми зерттеулердің панорамасы осындай. Алайда мәтіндік тіл білімі тұрғысынан бұл тәсіл мәтін қызметін толықтай аша алмады, мәтін семантикасы мен құрылымы, мәтін табиғатын тереңдей тану үшін жеткіліксіз еді.

  • мәтін бүтіндігі тәсілі мәтіннің ішкі құрылымдық-мәндік бүтіндігін анықтаумен байланысты. Мәтін бүтіндігі тәсілі мәтінді нәтижелі бірлік және шығармашылық қызметтің нәтижесі, аяқталған бүтін нысан ретінде қарастырады. Біздіңше, бұл тәсіл қазақ тіл білімінде енді ғана қалыптасып келе жатыр.

  • антропоцентристік тәсіл: «автор – мәтін – оқырман» бағыты бойынша. Бұл тәсіл авторлық позиция, оқырманның қабылдауы, мен оған шығарманың әсерін зерделеуге бағытталады. Соңғы жылдары «антропоцентристік» терімсөзі жалпы (негізінен, кіріспе сөздерде) жиі қолданылып жүргенімен, мардымды ғылыми зерттеулер аз, сондықтан бұл тәсілмен жазылар жұмыстар алда деп есептейміз.

  • когнитивтік тәсіл: «автор – мәтін – мәтіннен тыс қызмет» бағыты бойынша. ХХІ ғасырдың басы қазақ тіл білімі үшін осы ұғыммен басталды. Әуелгі сөздің басы – когнитивтік ұғымдар мен терімсөздерді орыс тілі арқылы енгізіп, аударма ғылыми жұмыстар жазылды. Ендігі басты мақсат тілді, лебізді жүйелі зерделеп, психолингвистикалық, қызметтік, антропологиялық тіл білімі тұрғысынан айқындау, осының негізінде тілдің, сонымен бірге мәтіннің де когнитивтік негізі мен ерекшелігі айқындалуы қажет. Бұл да болашақ ісі.

Мәтіннің басты ерекшелігін анықтайтын екі жағдай бар:

  • авторлық интенция (автордың ойы, мақсаты, тілегі);

  • автор ойының, мақсатының, тілегінің орындалуы.

Автордың айтайын деген ойы мен мақсаты қашанда оның жазғанымен толық сәйкес келеді деп айту дұрыс болмайтыны анық. Бұған жазушылардың күнделіктері, естеліктері, айтқан сөздері куә. Автор ойы кейде өзгеріп, кейіпкер оған бағынбай кетуі де бек мүмкін.
Лебіздің екі жағы бар екенін де айту керек. Біріншіден, әрбір лебіз жалпы қабылданған, таныс таңбалар жүйесі арқылы көпшілікке түсінікті. Лебіз тілдік бірліктер, тілдік таңбалар арқылы берілгенде ғана мәтін бола алады, тілдік таңбалар арқылы берілмесе, мәтін құрала алмайды, тек табиғи дыбыстар мен айқайдың жиынтығы болып қалар еді де, қайталанбай, сол қалпында ұмытылар еді. Екіншіден, лебізде дыбыстық таңбалар арқылы берілмейтін әртүрлі жағдайлар болуы ықтимал, мәселен, дауыс ырғағы, интонация, дыбыстың айтылуындағы әртүрлі дикция т.б. Әрине, кез келген мәтіннің ар жағында тіл жүйесі тұрады. Тіл жүйесіне қатыссыз нәрсе таңбаланбайды, таңбаланбаған дыбыстың материалдық негізі болмағандықтан, ол зерттеу нысанына айнала алмайды. Мәтінде тілдік таңба әртүрлі мағыналық сипатқа ие болып қайталанады, айтылады, естіледі. Сондай-ақ әрбір мәтін айтылым ретінде ерекше мәнге ие, дара, қайталанбайды. Бір мәтінді қайталап оқығанның өзінде әртүрлі қабылданады, ал айтылымда ол өзгеріп, жаңарып, басқаша рең алуы да мүмкін. Бір ойды қайталап айту не жазу тәжірибесінен байқалатыны – алғашқы айтылған не жазылған мәтін дәл сол қалпында өзгеріссіз түсе алмайды, басқаша сөздермен, тұлғалармен алмасып түсіп, өңделеді, өзгереді, шымырлана түседі. Тіпті айтылатын ой шындық болмысқа, тарихи дерекке, көрген нақты оқиғаға байланысты болса да, сөзбен таңбаланып, қайталанғанда бірдей таңбаланып, дәл белгіленіп шықпайды, әр сәттегі айтылымның өзіндік ерекшелігі, даралығы, қайталанбайтындығы рас. Мұны кез келгеніміз нақты тәжірибе жасап анықтауымызға болады.
Ал бір ғана мәтінді бірнеше рет оқу да оны әр ретте жаңаша қырынан танытады. Бір бет мәтінді алып бірнеше рет оқығанда, оқу дикциясы, дауыс ырғағы бірдей болмайды, ал сөз мағыналарын түсіну деңгейі тіпті әртүрлі болуы ықтимал. Әр оқу барысында сөздің жаңаша бір ерекшелігі, мағыналық құрылымындағы ерекше мән танылып, аңғара бермеген сәттеріне көңіл бөлінеді, сөздің парқы танылады, ашылады. Тек механикалық тұрғыдан қайталауда ғана даралық болмайды, мәселен, принтерден бір мәтінді бірнеше рет шығарса, ол дәл сол қалпында өзгеріссіз шығарады (бояуы таусылып қалуы мүмкін, бірақ таңбалар өзгеріссіз қайталанады), ал адам бір мәтінді ауызша немесе жазбаша қайталағанда, онда сананың әрекеті бар, ойлану бар, сол реттен, мұнда механикалық көшіру емес, оймен жасалған қызмет болғандықтан, әр істе өзіндік ерекшелік, өзіндік даралық болады.
Тіл мен лебіздің, сөйлем мен айтылымның бір-бірінен айырмашылығы бар, оларды шатастыруға болмайды. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген қазақи түсінік дұрыс. Ғылыми жағынан да терең мәні бар дүниетаным. Оқты қайтарып ала алмайтының сияқты, айтылған сөзді де қайтара алмайсың, екінші рет қайталанғанда, ол басқаша реңде, басқаша иіріммен ерекшеленіп, жаңа айтылым болып шығады. Айтылым – дара. Сөйлемді жазып алып, қайталауға, тіпті күрделі құрмалас сөйлем етіп жазып алып, бірнеше рет қайталауға болар, ал айтылым олай емес, онда өзгеше бір даралық бар. Дауыс ырғағы мен нақышы ерекше шығады.
Тіл - адам баласының рухани тіршілігі. Ол өзінің қызметін атқарады, лебізге материал ретінде жұмсала жүріп, іштей дамиды, жасарады, жетіледі.








Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет