зорлық зомбылыққа ұшыраған балалармен психологтің жүргізетін жұмысы
Баламен қарым-қатынаста зорлық-зомбылықтың негізгі төрт түрге бөліп көрсетуге болады:
Физикалық
Жыныстық
Психикалық
Әлеуметтік
Физикалық зорлық-зомбылық – баланың денсаулығына зақым келетіндей, оның әрі қарай дамуын тежейтіндей немесе өмірін қиятындай қасақана түрде балаға физикалық зиян келтіру. Физикалық зорлық-зомбылыққа, сонымен қатар, баланы наша қолдануға, алкоголь өнімін ішуге, улаушы нәрселерді қолдануға немесе масайтатын «медициналық» препараттарды қолдануға үйрету де жатады.
Жыныстық зорлық-зомбылық – баланы оның рұқсатымен және рұқсатынсыз жыныстық әрекетке тарту, мұнда жезөкшелік пен порнобизнеске итермелеу де кіреді. Баланың жыныстық қатынасқа келісуі оның зорланбаған деп есептеуіне негіз болып саналмайды, себебі бала бұл әрекеттердің жағымсыз салдарларын болжауға қабілетсіз.
Психикалық зорлық-зомбылық – балаға мезгіл-мезгілімен, ұзақ уақыт бойы және тұрақты түрде психикалық әсер ету, сонымен қатар баланың жас ерекшеліктеріне сай келмейтін талаптарды қою.
Бұл жағдайлар баланың әрі қарайғы тұлғалық дамуын тежеп, психологиялық комплекстердің қалыптасуына әкеледі.
Әлеуметтік зорлық-зомбылық – баланың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын қараусыз қалдырған жағдайда орын алады. Балаға қамқорлық жасамайды және оның негізгі қажеттіліктерін (тамақ, киім, тұрғын үй, білім, медициналық көмек) қанағаттандырмайды. Нәтижесінде баланың эмоционалды жағдайы бұзылып, қалыпты дамуы мен денсаулығына қауіп төнеді.