1
МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ОНОМАСТИКАЛЫҚ АТАУЛАР
Гусманова Ш.А.
Орал қ.
Махамбет Өтемісұлы – қазақ халқының семсер жырлы батыры, Ақ Жайықтың ары, Нарыннан
шыққан нар ұлы, жырларын жер жүзі қазақтары жатқа білетін бірегей ақын. Махамбеттің әр сөзі саф
алтындай салмақты да түсінікті. Уытты сөзімен елді соңына ерте білген тілге ең күшті, ең бай ақын. Ол
қазақ тілінің асылын, нағыз шырайын таңдап ала білген. Оның өлеңдерінен поэтикалық тілдердің қай-
қайсысы да табылды. Бұл жағынан алғанда Махамбетті қазақ тілінің энциклопедиясы деуге болады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі кезеңге жататын ақын-жыраулар туындылары сияқты
Махамбет мұралары да негізінен ауызша сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келсе де,
толығырақ сақталып, молырақ жеткендіктен, авторлығы айқын, күмән тудырмайды. Тілдік
ерекшеліктері де көп өзгеріске түспей, негізінен алғашқы түрін сақтап қалған. Махамбет поэзиясының
тілі, шын мәнінде, халықтық тіл. Ақын өз кезіндегі қазақ халқының тіл байлығынан қажетінше ала да,
оны өзінің керегіне жарата да білген [1].
Махамбет поэзиясының тілі әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болумен қатар, әр сөзі орынды, әр
жағдайдың өзіне лайықты, тән болып келеді. Оның тілінің күштілігі де, көркемдігі де мазмұнға
бағыныңқылы. Махамбет поэзиясының тілі, шын мәнінде, халықтық тіл. Ақын өз кезіндегі қазақ
халқының тіл байлығынан қажетінше ала да, оны өзінің керегіне жарата да білген [2].
Махамбеттің әр сөзі - құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Махамбет – ерлікті мадақтаған
ақын. Оның өлеңдері тұтасымен дерлік елдік, жауынгерлік тақырыпқа құрылған. Бұл – Махамбет
поэзиясының өзіндік ерекше сипаты. Махамбет поэзиясы таптық, халықтық күрестің негізінде туған.
Оның шығармаларындағы тілдік қолданысына келетін болсақ, ономастикалық атаулар, яғни, жалқы
есімдердің үлкен орны бар.
Өткен заман куәсі болып табылатын жер-су атаулары мен кісі аттары әрбір халықтың
болмысы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі жөнінен аса құнды мағлұмат беретін көне
дерек көзі болып танылады. Көшпелі шаруашылық тұрмыс жағдайынан туған әр түрлі атаулар мен
түсініктер әрі дәл, әрі өте шебер түрде Махамбет өлеңдерінде өріліп жатады. Кез келген этностың
өмір-тіршілігі белгілі бір жағырафиялық кеңістікте көрініс тауып, оның тілінде таңбаланады.
Сондықтан ономастикалық лексика өзінің номинативті функциясымен қатар оған тән ұлттық-
мәдени таңба ретіндегі танымдық қызметімен де ерекшеленеді. Ономастикалық лексиканың
дәстүрлі атауыштық қызметінен белгілі бір объект және осы объектіні сипаттайтын белгілер
таңбасына ауыса алатыны бұлардың өн бойындағы экстралингвистикалық ақпараттың жоғары
деңгейде шоғырлануымен түсіндіріледі.
Соның ішінде, ең бірінші Махамбеттің өзі күрес майданына шыққан территориядағы мекен-жай
аттар – топонимдер көп кездеседі және үлкен қызмет атқарады. Топонимдер мен антропонимдер
аталмыш нысан жөнінде бүкіл ақпаратты қамтиды. Ал олардың сол тілді тұтынушы адам санасында,
көбінесе, тарихи-әлеуметтік мазмұндағы мән туғызуы – бұл ономастикалық лексиканың тарихи
оқиғалар мен аса танымал жағдаймен байланысты болуының белгісі. Топонимдер мен антропонимдер
жеке-дара тұрып белгілі бір ақпаратты береді. Сондай-ақ олардың бір ерекшелігі, белгісі негізінде
іштей байланысқан топтық атаулар да өзіндік бір ақпаратқа ие. Осындай топонимдік, антропонимдік
лексика жүйесі белгілі бір бейне таныта алады. Мысалы, Нарын, Бекетай құмы, Жасқұс, Сағыз, Жайық,
Қиғаш, Жәңгір хан Исатай, Баймағанбет сұлтан т.б. дегенде санамызда Махамбет Өтемісұлының
шығармашылығы, 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс жаңғырып, тілімізге Махамбеттің өлең
жолдары оралады. Себебі, Исатай-Махамбеттің көтерілісі кезінде қиян-кескі шайқастар майданы
болған жер-су атаулары мен замандас адамдар аттары, ру-тайпа атаулары Махамбет поэзиясында
кеңінен орын алған [3].
Олар өзінің шек-аумағы жағынан өзара барынша сыбайлас. Ол өзінің ат тұяғы тиген, жорық сапарын
кешкен, ең негізгісі күреске себеп болған мекен-жайын ғана тілге тиек еткен. Махамбет өлеңдерінде Еділ,
Жайық, Нарын, Сағыз, Жем, Дендер, Жасқұс, Бекетай құм, Теңіз, Арқа, атаулары кездеседі. Бәрінде де
топонимикалық атаулар жай географиялық ұғым ретінде аталмайды, ел қонысы, халық мекені, шаруа жайы,
болашақ, тіршілік кепілі ретінде алынады. «Ана Нарында жатқан жас баланың қамы үшін» (“Айныман”),
«Біз ер едік, ер едік, Ен Нарында жүргенде…» (“Біз неткен ер”), «Адыра қалған Нарынның Теңіз деген суы
бар», «Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін» (“Мен Нарыннан кеткенмін”), «Кешер еді
біздің ел Сонау Еділден бергі жердейін, Қонар еді біздің ел Арқада қоныс шөлдейін» (“Арқаның қызыл
изені”), «Айналайын Ақ Жайық! Ат салмай өтер күн қайда?» (“Күн қайда?”), «Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген, таудағы тарлан біз едік.» «Ауыр әскер қол ертіп, Жасқұсқа барып кіргенде»,
«Еділ мен Жайық жер еді-ау, Мекен еткен шаруаға» деген үзінділер арқылы тек жер-су атауларын танып
қоймаймыз, тұрмыс-тіршілік жағдайымен қатар елжандылыққа, елін сүюге тәрбиелейді. Нарынның
2
шығысы – Бекетай құмында дүниеге келіп, Қиғаш, Тептер, Жайық өзендерінің жағалауындағы сай-салалы,
шұрайлы мекенде өсіп-өрбіген Махамбет үшін Нарын, Бекетай құмы, Жайық, Қиғаш т.б. – нақты жер
атаулары емес, ішкі дүниесінде өшпес орын тепкен ең қадірлі, ең қастерлі ассоциациялық ұғымдар. Бұлар
ақын тілінде «туған жер, атамекен, Отан, кіндік кескен өңір» концептілік ұғымын беретін сөз-символдар.
Ақынның «Айналайын Ақ Жайық» деуінің өзі-ақ оның жерге, елге деген ыстық сезімін,
сүйіспеншілігін танытады.
Ал Махамбеттің: «Ауыр әскер қол ертіп, // Жасқұсқа барып кіргенде», - деп келетін өлең
жолдарындағы Жасқұс құмының атауы Жәңгір ханды, «ағаш үйді» (Жәңгір хан Сарайын), әділетсіздік
пен озбырлықтың орталығын елестетсе, «Көзінен тізіп жіберді-ау // Орынбор деген қалаға-ай!», -
дегендегі Орынбор қаласының атауы орыс патшасының саясатын жүзеге асырушы мекенді бейнелеп,
Махамбет үшін өз тұрмыс тіршілігінен тыс, рухани өміріне жат елдің, мекеннің атауын танытады.
Ақын өлеңдеріндегі антропонимдік атаулар арқылы тұстас тарихи тұлғалармен қатар, сол
кезеңдегі тарихи жағдайлар туралы да мәлімет аламыз.
Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар. (“ Исатай деген ағам бар”)
Атаңа нәлет Жәңгірдің
Қан жылатқан заңы үшін (“Айныман”),
Дегенімді ете алмай,
Қор болдың-ау, Махамбет, шырақ-ай. (“Жабығу”),
Менің атым - Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса-дерт.
Атасы өткен Айшуақ -
Соның көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс (“Жалғыздық”),
Біздер - дағы, Бәйеке,
Оза көшіп, кең жайлап,
Еркімен еркін жатқан ер едік.
(“Махамбеттің Баймағамбетке сұлтанға айтқаны”)
Ортасында Жәңгір деген ханы бар.
Қырлығында оба бар.(“ Нарында”) [4]
Автор қолданысындағы «ағайынның басы еді», «алтын ердің қасы еді» деген сияқты
метафоралық синонимдер Исатай батырдың қасиеттерін бір арнаға сыйғызғандай. Немесе ақын тағы
бірде Шыңғыс, Әбілқайыр, Абылай хан замандарында өмір сүріп, өздерінің елдің әдет-ғұрпын жақсы
білуімен, дана сөздерімен, әділділігімен бүкіл байтақ елге танымал болған ақылгөй билерді,
ақсақалдарды танытады. Дәлірек айтқанда, «Кет-Бұғадай билерде, Ақыл сұрар күн қайда?» деп ақын,
біріншіден, өз өсиеттерімен, әділ сөздерімен бағыт берген, төреші болған, ел бірлігін көксеген би-
шешендер заманының кетіп, сонымен бірге көшпелі салт-дәстүрдің де құлдырауын көрсеткені болса,
екіншіден, тек жеке бас қамын ойлайтын, алдау-арбаумен күнін көретін, өз заманының әділетсіз би-
сұлтандарын әшкерелейді [5].
Исатай батыр, Жәңгір хан, Баймағанбет сұлтан, Айшуақ, Өтеміс, Жақия, т.б. есімдер арқылы
ақын толғауларынан елдің сол кезеңдегі тарихи сипаты айқын көрінеді.
Өлеңнің көп жерлерінде ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салып аңшылық құрған өз
елінің сахарасындағы жан-жануар, аң-құстарды суреттеуге көбірек көңіл аударады. Бірақ ел, табиғат
байлығын, жан-жануарлар әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету үшін
немесе тек сұлулық үшін ғана суреттемейді. Мұнда ақын ел тағдырымен байланысты өзі басынан
кешірген қиын-қыстау кезеңдердегі ойын, сезімін толық сезінетіндей етіп бейнелейді.
Әдебиеттер
1.
www.adebietalemi.kz
2. Әнес Ғ. «Махамбет әлемі», 20 томдық, Алматы, «Арыс» баспасы, 2003. – 346 б.
3. Жұмалиев Қ. «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті», Орал, «Ағартушы», 2010. – 276 б.
4. Өтемісұлы Махамбет. Шығармалар жинағы. Алматы: «Жазушы» баспасы, 1989. – 198 б.
5. Өміралиев Қ. «ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» Алматы 1976. – 286 б.