1927 жылы М.Әуезов әдебиет туралы тарихи мәселедегі аса мәнді жайлар



Дата17.10.2023
өлшемі27,51 Kb.
#117208

Қилы кезеңде қырық түрлі қисынмен ұғындырылған «зар заман», «зар заман ағымы», «зар заман ақындары» деген ұғымдар үрей көлеңкесінен, саясат салқынынан арылып, енді қазақ тарихындағы, қазақ әдебиетінің тарихындағы белгілі бір құбылыс ретінде өз арнасына құйыла бастады.


Қазақ әдебиетінің тарихындағы тұтас бір дәуірді қамтыған зар заман ағымы, зар заман — көлеңкесінен қорыққан, дамуды кере алмаған, дүниеге марксистік-лениндік материалистік көзбен «қарай алмаған» сарыуайым, кертартпа шер - қайғының шырмауындағы «байғұс жандардың» ойдан шығарған елес дүниесі емес, зар заман — тарих ақиқаты. Зар заман ағымы — қазақ әдебиетінің тарихындағы аса бір нақты құбылыс.
1927 жылы М.Әуезов әдебиет туралы тарихи мәселедегі аса мәнді жайлар
есебінде мынадай күрделі сұрақтарға өз тұжырымын ұсынды. Зар заман деген
бағыт неден басталып, немен бітті? Ақындары кімдер? Әдебиетте бұл дәуір
қандай орын алады?
М.Әуезов жүз жылдық дәуір аталған зар заман әдебиетіне байланысты
бірнеше тұжырым жасады.
1.
Зар заман әдебиетін туғызушының бірі – жырау. Оның қазақ
әдебиетіндегі орны, өнері, өлеңі несімен ерекше.
2. Тарихи жыр - зар заман әдебиеті тұсында туған түр.
3. Зар заман кімнен басталып, кімнен аяқталады.
4. Зар заман әдебиетінің негізгі сарындарына айғақтар.
5. Зар заман әдебиетінің жанр, түр, өлең үлгісі.
Осы тұжырымдамалардың ішінде әлі де ілгері дамытуды, ашуды күтіп
жатқаны аз емес.Соның жырау өнернамасы, ауызша әдебиет пен жазба әдебиет
40
арасындағы өтпелі кезең ерекшеліктері, зар заман әдебиетінің жанр, түр, өлең
үлгісі, қай ақын қай сарынмен сөйледі дегендей жайлары әсіресе көкейкесті сол
әдебиеттің ғылыми-көркемдік негіздерін нығайта түсуге қажет шарттар.
Жыраулық - қазақтың сөз өнер топырағындағы өзгеше бір құбылыс. Дулат,
Мұрат, Шортанбайлардың заман күйін жырлаған толғаулары сол үлкен өнердің
бір қыры.
Әрине, әдебиеттегі зар заман ағымы мәселесіне М.Әуезовтың ғасыр
басындағы пікірлері арқау болып қала береді. Бүгінгі әдебиеттану ғылымы
жеткен меже, таным деңгейінен арғы-бергіні саралап, елеп- екшелеу ғана бұл
ағымды қазақ әдебиетінің тарихындағы бір арна есебінде түпкілікті
орнықтыруға, ғылыми негіздеуге мүмкіндік бермек. Себебі, зар заман ұғымы
бірде ақиқаттың баламасы болды, бірде, жат пиғылдық атауы болды, бір
кездерде әдеби, ғылыми айналымда мүлде «ұмытылды».
Қазақ әдебиеті тарихы мәселелері түрлі саяси науқандар тұсында көптеген
бұрмалауды, бұралаң жолдарды бастан кешті. Әдебиет тарихында кімдер
қалып, кімдер аталмауы керек деген мәселе төңірегінде ұзақ жылдар бойы
айтыс-тартыс үзілмеді.
Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінде «зар заман» аталған дәуірге
байланысты айтылған ой-пікір, солардан туындаған ғылыми, танымдық
мәселелер аз емес. М.Әуезов зар заман, отаршылдық дәуір әдебиетіндегі уақыт
мерзімін іштей ХYІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасыр әдебиетіне жатқызады.
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесінде ең әуелі қай дәуірден
бастаймыз, әдебиет тарихына кімдер енуі керек деген жайлар тұрды.
М.Әуезов «Әдебиет тарихында» қазақ әдебиеті тарихын дәуірге бөлудің
алғашқы айғақтарын жасап, әдебиетімізді халық ауыз әдебиеті және зар заман
ақындары деген межелерге бөліп қарастырады. Зар заман әдебиеті жасаған
дәуірді жүз жылдық дәуір деп бөледі.
«Әдебиет тарихы» оқулығының жүйесін саралай отырып, ғалым Мекемтас
Мырзахметов жүз жылдық кезеңді отаршылдық дәуір әдебиеті деп атауды
ұсынды.
Зар заман ағымы отаршылдық дәуірдің көп өзгешелігін қамтыған үлкен
әдеби ағым. Ол дәуірде өзіндік саяси, теориялық өзгешелігімен жаңа сипатты,
әлемдік деңгейдегі, европалық мәндегі профессионал әдебиеттің де туып,
жасағаны мәлім. Бір дәуірдің әдебиеті, оның негізгі сарын-бағыты, түр, мазмұн
өзгешелік-ерекшелгі жөнінен Дулат, Мұрат, Шортанбайлар өмір сүрген кезең
белгілі бір деңгейде сараланып ,бағаланды. Мысалы:
Мына заман қай заман!?
Азулыға бар заман,
Азусызға тар заман...
Мұның өзі зар заман...
Зар,зар заман, зар заман ...
Зарлап өткен бір заман ...
Зар заманның аяғы –
Заманың кетті баяғы..., деп Шортанбай нақтылай түседі.
41
1731 жылы Кіші жүз қазақтары Әбілхайыр ханның бастауымен орыс
патшасы Анна Ивановнаға ант беріп, бағынған болатын. Орта жүз қазақтары
Ресей патшасына бұдан 35-40 жыл кейін – ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында
Абылай хан заманында бағына бастаған еді. Ұлы жүз қазақтары орыс
патшасына ХІХ ғасырдың 60-жылдарында бағынды. Сөйтіп, қазақ даласының
Ресейге бағынуы 130 жылға созылды. Ресей патшасы отарлау саясатын
біртіндеп жүргізді. Оны қазақ даласына бекіністер салып, Ресейдің түпкір
түпкірінен казактар мен Украинаның жерсіз қалған шаруаларын көшіріп әкеп,
қазақтардың суармалы шұрайлы жерлерін тартып әперуден бастады. 1743
жылы Орынбор қамалы орнады. ХҮІІІ ғасырдың 30-40 жылдарында
Верхнеуральскіде ұзындығы 770 шақырым УЛСК бекініс шебі салынды. Осы
шептің бойында Қарағай, Қаракаль, Крутоянск, Уст-УЛСК қамалдары салынды.
1770 жылдары Тройцк, Семей, Орал қалалары ірге көтерді. Қамалдарды орыс
армиясы күзетіп тұрды. Әскерлерді ұстау үшін патша үкіметі жергілікті
халықтардан ақшалай, заттай алым-салық жинап отырды. Бұл алым
салықтардың ауыртпалығы еңбекші халықтың мойнына түсті. 1822 жылы
патшалы Ресейдің қазақ даласын бөлісу жөніндегі жаңа Ережесі шықты. Бұл
Ереже бойынша бұрынғы ел билеудің хандық жүйесі жойылып, оның орнына
округтер құрылды. Округтердің басына патша үкіметінің қолдауымен сайланып
қойылған қазақтың хан, төре тұқымдарынан шыққан аға сұлтандар
отырғызылды. Аға сұлтанның екі орынбасары тағайындалды. Оның біреуі
ақсүйек тұқымынан шыққан тақты билерден болса, ал екіншісі орыстың әскери
майор шенді офицері болды. Округтер – үйездерге, үйездер – болысқа, ал
болыстар – старшиндерге бөлінді. Болыс старшиндер сайланып қойылды. Билік
басына келу үшін жоғарғы шенді орыс әкімдеріне пара беру керек еді. Сөйтіп,
патша үкіметі қазақ байларын билікке таластырып қойып, өздері қойған сенімді
адамдары арқылы басқарып, өздері олардың ел билеудегі іс-әрекетін бақылап
отырды. Ел ішінде пара алып дау-дамайды шешу, өтірік-өсек айтып бір-біріне
жала жабу, өтірік арыз беру, жесір дауы, жер дауы, барымта, тонау етек алды.
Осы әділетсіздіктерді көріп күйінген Дулат, Мұрат, Шортанбай секілді ақындар
өткен хандық дәуірін көксеп, жаңа заманның бұзылуын, орыс әкімдерінің
озбырлығын сынады.
Қазақ әдебиеті тарихындағы ағым, бағыттарды саралау, бекіту жайы,
сарындарын жіліктеп-жіктеу жайы ХІХ ғасырдың соңынан бері сөз болып келе
жатыр, ғылыми жүйеге біртіндеп түсуде. Сөз етіп отырған зар заман әдебиеті,
зар заман бағыты, зар заман ағымы, зар заман сарыны деп санамызға әбден
қалыптасып, сіңіп кеткен ұғымдардың ғылыми-теориялық негіздері тұтастай
аяғына дейін сараланып болмағанын дәлелдеу.
Жалпы, қазақ әдебиетіндегі бағыт, ағым атаулының ажыратылып айта
бастауы ХІХ ғасырға жатқанымен, ғылыми негізде қарастырылуының өзі зар
заман әдебиетінің негізін қалап, әдебиеттегі ағымды айғақтаушымен бірге ғана
басталған, жазба әдебиетінің пайда болуымен тығыз байланысты. Ендеше,
бағыт, ағымдардың айқындалуы, әдеби өмірге енуінің шартының бірі -
әдебиеттің жазбаға көшуі. Зар заман- қазақ әдебиетінің «кезең асқан дәуірі».
Ағым, бағыттар онымен бірге туды. Ендеше, зар заман ағымы- қазақ
42
әдебиетіндегі бар ағым атаулының, бұрын –соңды байқалып, бекіген ағымның
басы.
Академик Зейнолла Қабдолов ағым, бағыт ұғымдарын жан-жақты
негіздейді.
Әдеби ағым- идеялық-көркемдік бірлік, әрбір әдеби ағым-әр дәуірдегі
идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі, әдеби ағым – тарихи категория:
белгілі бір қоғамдық жүйенің бөлімі кезеңдегі, белгілі саяси әлеуметтік
сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады. Зар
заман ақындарының кейбірінікі дін, кейбірінікі таза адамшылдық, тағы бірінікі
шала күйде айтатын оқу өнер. Бұлардың сөз қылған жайлары басқа-басқа
сияқты болып, атаған елдері әр түрлі болғанымен, барлығының басын қосқан
ортақ жері бар. Ол ортақ жері: заман көлінің қайсысынан туатын өкініш, зар
өткендей ойлап, күрсініп, сағынып, қазірден қажып, торығу, алдыңғыдан
шошып, қорқу, сондықтан ыңыранып, зарығу, жылауына зорлау. Зар заманның
пісіп жеткен кезіндегі толық шыны осы.
Соңғы заман өлеңдеріне зар заман деген атау қойдық. Бұл атаудың иесі
Шортанбай ақын «Зар заман» деген өлеңінде өзі көріп тұрған қазақ өмірінің
барлық суретін айтады.
Сол суреттер бойынша Шортанбай өмір сүрген заманның хал-жайы қалай
пішінделеді, соны көрелік.
Шортанбай әуелі бұрыннан көп айтылып келе жатқан «Заманға» қай заман
екенін атап, ат қояды.
«Мынау ақыр заманда
Алуан, алуан жан шықты,
Арам, араз хан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты»...
Баяғыдан құбылып, бұзылып келе жатқан заман, өзге заман екен.
Сондықтан «ақша деген мал шығып, қайыры жоқ бай шыққаны» ақыр
заманның белгісі. Заманның осы сияқты жаман белгісі «зар заманның» ішінде
көп айтылады. Ел өмірінде бұрынғыдан өзгерген жаңалық, жаттық болса,
барлығы да оңар заман нысанасы еді. Зар заман ақындарының ішінде қауым
тіршілігіне, әлеуметтің қайғысын дін бояуымен бояп айтқан – Шортанбай.

Абайдың 1888 жылы жазылған «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп басталатын өлеңіндегі ақын-жыраулар шығармашылығына қатысты бір шумақ әлі күнге дейін зерттеу нысанасына айналып келеді. Абайтанушы ғалымдардың қай-қайсысы да бұған бір тоқталмай кеткен емес. Өйткені мұнда ақындардың есімін көп ауызға ала бермейтін ұлы Абайдың өзінен бұрынғы ақындық дәстүрге, жыр мектебінің ірі өкілдеріне көзқарасы көрініс тапқан. Әртүрлі кітаптарда, ғылыми басылымдарда ондаған жылдар бойы біресе, «Абайдың үкімі», біресе «ақынның таптық көзқарасы», енді бірде жыр алыбының «идеясыздықты мансұқтануы» немесе «көркемдіктің құнсыздануын көрсетуі» түрінде бағаланып жүрген бір шумақ мынау еді:


Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау!
Өлеңнің екінші жолы әр басылымда әр түрлі жарияланып келеді. Мәселен, «Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларына, 1909, 1922 жылғы жинақтарға сәйкес 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда «Өлеңі бәрі – жамау, бәрі – құрау» деп алынған. 1933, 1939, 1945 жылғы жинақтарда «Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» деп басылған. Тек Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында бұл жол «Өлеңі бәрі жамау, көбі құрау» делінген. Ал кейінгі басылымдарда «бірі – жамау, бірі – құрау» деп жазу үрдіске енді.
Абайдың өзінің алдындағы жыр жампоздарына берген бұл бағасы М.Әуезовтің барлық зерттеулеріне өзек болды. Ол студенттерге оқыған абайтануға байланысты лекцияларында да бұған арнайы тоқталды. Әрине, идеологиялық өктемдік Әуезовке аудиторияда ағынан жарылып, кеңінен қөсілуге мүмкіндік бере қойған жоқ: «Өлең қадірін кетірушілерді танып, тауып түйрейді. «Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауларға» Абай қарсы жолда. Сондықтан Абайға бұлардың өлеңінің мәнінде еш жаңалық жоқ, ескі пікірді қайталау ғана екенін, ескіліктің тозығын жамап, құрау екенін ашуға керек болады». Өйткені онсыз да «ескілікті көксеген, жаңаны жатсынған, діни сарынның шырмауынан шыға алмаған» ақындар туралы түсінігі қалыптасқан студенттерге ұлы ұстаздың сонау жиырмасыншы жылдарда жазған «Әдебиет тарихындағы» көзқарасын білдіруге мүмкіндігі жоқ-ты. Дегенмен «Абайға …жамап, құрау екенін ашуға керек болады» деген жолдардың бүккен сыры бар сияқты көрінеді. «Лаж жоқ, солай түсіндіру керек боп тұр» деген тәрізденеді.
Тағы бір лекциясынан үзінді келтірелік: «Өлең – сөздің патшасынан кейін бұл өлеңде бұрынғы өткен қазақ ақындарымен қағысады. Мұнда Шортанбай, Дулат, Бұқар жырауларды сынайды. Әдебиеттің өсуінде белгілі бір ағым болады. Ол ағым ірілеп барғаннан кейін, сол сөзден заман, қоғамдық тіршіліктің… шындығы көрініп, өзіне дейінгілерге сын айтылады, кемшін жағы мысқыл етіледі». Бұл дәрісінде Әуезов Абайдың ақындарға сынының жұмбағын шешуге кіріседі. Шортанбайлардың шығармаларына шүйілудің сыры өлеңдегі ескіліктің етекке шырмалуынан гөрі, әдеби өсіп-өрлеудің жаңа биігіне қол артуға көбірек байланысты екенін түсініп-түйсінуге жетелейді. Өзі кезінде бірде бағыттың, бірде сарынның мысалы ретінде бағалап, ақыры тоқтамға келгендей болып, «зар заман» деп атаған ағымның кейінге жалғасар тұсынан жаңалық іздейді. Сол жаңа өрістің қалыптастырған деңгей-межесі тұрғысынан өткенге сын көзбен қарау дегеннің не екенін ұғындырады. «Міне, осы сияқты бір дәуір мен бір дәуірдің жаңғыруы, стильдің бірінің орнына екіншісінің келуімен жаңғырады. Енді қазақ ақындары ешуақытта Шортанбайша боздай жырлау күйінде болмауы керек. Сондықтан осы үш ақынның өлең мазмұнын сынға алып отыр. Ендігі тіршілікке олардың өлеңінің пайдасы аз, өйткені кемшілік олардың сыртында да, ішінде де тұр. Сондықтан барға қанағат етпей, алға ұмтылуды айтады. Ол ғасырдың жыры бітті, енді жаңа ғасыр келді деп, келешектің мақсатын көрсетеді», – дейді М.Әуезов. Осындағы дәуірдің жаңғыруы, ғасырдың ауысуы дегендерге саяси реңк бермей қоя тұрып, қазақ өлеңінің түрленуі, өлең сапасының өзгерісі тұрғысынан зер салсақ, Шортанбай, Дулат, Бұқарлардың айтулы ақындар екенін жақсы білетін Әуезовтің ой тереңдігінің қырық қатпарлы астарларын түйсінуге бір табан жақындар едік.
М.Әуезов Абайдың аталған ақындарға қөзқарасын түсіндіргенде, ептеп идеологияның иірімді әдістерін қолданғанымен, жыр жүйріктерінің шығармаларын, өздерінің абырой-беделін биіктете көрсетуді жөн санайды. Абайдың бұларды сынауға бел буғанын ол ақындардың өлең сөздің тұлғалы өкілдері болғандығынан деп ұғындырды. Бұларды ауызға алғанда ақындық өлең ортасы жөнінде азды-көпті мәлімет бере кетуді ұмытпайды: «Бүкіл XIX ғасырдың атақты ақындарының ішінен Абайдың осы үшеуін іріктеп алуында да тарихтық себеп бар. Абай өскен ел – Арқа қазақтарының ортасында, әсіресе, беделді болған осы адамдар. Абайдың алдындағы әдебиеттік мол ағымның, әсіресе, Орта жүз ішіндегі қайраткерлері осылар. Бала шағынан, жас күнінен өзі өскен феодалдардың, үстем тап өкілдерінің ортасында анық абыройлы ақындар да осылар боп саналған. Осы үшін де Абай бұл ақындармен қатты қағысады. Олардың бәрінен қалған мұраны жиып-теріп, бір-ақ мығым сын береді. Өлеңдері «бәрі – жамау, бәрі – құрау» дегенде, олардың өлең ұйқастырып, сөз қиыстырып жүрген ақындығын олқысынып отырған жоқ. Үшеуінің бірдей идеясын, бәріне ортақ ой кедейлігін әшкерелейді».
М.Әуезов Абайдың зар заман ақындарына көзқарасын талдаған кезде, дәстүрлі өлшемдерге соқпай өтпейді. Аталған ақын-жыраулардың шығармаларындағы пессимизм, оған қарсы Абай оптимизмі хақында ой өрбітеді. Абайға тән қасиеттерді даралаған сайын солардың поэзиясының ерекшеліктеріне қайта-қайта үңіледі. Бұл тұрғыдан алғанда, зар заман жырлары Абайдың танымы мен көзқарасын, ақындық тұлғасын салыстыру арқылы биіктете түсетін белгілі бір өлшем іспетті. «Өз заманынан түңілген ақындардың 2 түрлі шығатын жолы бар: «Зар заман» ақындары артты ойлап кеюші еді. Сондықтан тарихтың беймезгіл тығырығына ұшырағанда діншілдік, үмітсіздік сарыны шығатын. Ал Абайдың бұл ақындардан өзгешілігі – келешектен үміт етуі. Ел тағдырының бұл қалыпта тұрмайтындығын айтады», – деген М.Әуезов тұжырымы идеялық терістеуден гөрі өлең табиғатының өзгешелігін білдіру мақсатымен айтылғаны анық.
Дулат, Шортанбай шығармаларындағы күйзеліс пен шарасыздық, көнбістік пен тығырыққа тірелгендік олардың ізгі мұраттарды келешектен емес, өткен өмірден іздеуіне бет бұрғызды. Әдебиеттану ғылымында бұлардың ұстанымдарын әрекетсіздіктің белгісі ретінде Абайға қарсы қоюға, ескі мен жаңаның арпалысы деп бағалауға осы кереғарлық себеп болды. Зар заман поэзиясындағы қоғамның тежелуін, адамның азып-тозуын көрсететін ортақ сарындар, әрине, Абайдың ілгеріге жол нұсқаған әрекетшіл поэзиясынан алшақ жатыр.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек,
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
Бұл – ұлы Абайдың ақындық биігінен айтылған шешім. Зар заман поэзиясында дәуір ахуалына алуан түрлі баға берілгенімен мұндай сипаттағы ой-тұжырымдар байқала бермейді. Тек Мұрат Мөңкеұлының бір өлеңіндегі «Заманға қарай саз керек» деген тіркес назар аудартады. Х.Досмұхамедұлы осыған орай былай дейді: «Заманға қарай саз керек – бұрын халыққа көрсетілмеген жол. Осылай айта тұрса да, осы жолдан айырылма деп Мұрат тағы анық айтпайды».
М.Әуезов Абайдың «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңіне қатысты зерттеулерінің бәрінде Бұқар, Дулат, Шортанбайлардың ірі ақындар, үлкен тұлғалар екенін атап көрсетті. Қазақ өлеңіне жаңа түр-сипат беріп, теңдесі жоқ өзгеріс енгізген Абайдың биігінен қарағанда ғана сынға ілік болған олардың өлең-толғаулары М.Әуезов үшін әркез қастерлі саналғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Ол Абайдың өзінен бұрынғы ақындарға бағышталған бір ауыз сөзіне байланысты пікірлерін қорыта келіп, ақындық терістеу, жаңа поэтикалық өлшем ыңғайында бағалау тұрғысынан ұғынуға үндейді: «Мәдениетті, жаңа бағытты ақын Абай қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының атақты саналған Бұқар, Дулат, Шортанбайларынша жазбайды. Тұтас өлең түгіл, соларды қайталап, не солар үлгісіне түсіп жазған бір шумақ өлеңінің өзі де жоқ деуге болады». Алайда М.Әуезов бұл жыр жүйріктері мен Абай поэзиясында «тіл, теңеу, тақырып, көңіл-сезім сарыны жағынан ұқсастық бар сияқтанатынын» жоққа шығармайды. Әйтсе де, ұлы Абай қай қырынан алғанда да қара үздірген даралығымен, шынайы шеберлігімен ерекшеленеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет