6
шілде 2016 ж.
Президент баспасөз қызметі мен
«
Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаштың асқақ айбары – ару Астананың
төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Бар
болғаны он сегіз жылда Қазақ елі әлемнің атақты астаналарымен салтанат
жарастырып, бой таластыра алатын бас қаласын тұрғызды. Бүгінгі Астана – жаңа
әлемдегі жаңа Қазақстанның жарқын бейнесі. Астана – ата-бабаларымыздың
орындалған арманы. Астана – Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір.
Иә, әлем назары әлдеқашан – Астанада. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы –
бүгінде жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат,
тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық.
Көркімен де, көлемімен де, келбетімен де елорда төрткүл дүниені мойындатты.
Тәуелсіз Қазақ елі жалпақ жаһанға қала тұрғыза алатын жоғары мәдениетін паш
етті. Ендеше, ақиқат біреу – Астана орнықты, елорда еңселенді. Уақыт тарихи
таңдаудың дұрыстығын көрсетті. Ал күні кеше ғана алыс армандай аңсатқан сол
тарихи таңдау қалай басталған еді?
Тәуелсіздік тұмары
1994
ЖЫЛ, 6 ШІЛДЕ
Астана Алматыдан
Ақмолаға көшетін болды.
Президенттің таңдауы, Парламенттің шешімі осындай
Осыдан тура жиырма екі жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде жаңа астана және
елорда деген ұғымдар алғаш рет тарих сахнасына шығып, қазақ санасында мәңгілік
салтанат құрды. Дәл сол күні Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент
сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі
Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын паш етті. «Менің тапсырмам бойынша,
мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы жерді анықтау мақсатымен
республиканың бүкіл аумағы егжей-тегжейлі зерттелді. 32 тұрғыдан жүргізілген талдау
барлық нұсқалардың ішінен ең дұрысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті…», деді
Мемлекет басшысы сол бір тағдыршешті тарихи сәтте.
Тәуелсіздігіміз енді ғана тәй-тәй басқан тығырықты тоқсаныншы жылдары астананы
ауыстыру туралы мәселе көтерудің өзі ерлікке пара-пар әрекет еді. Ал жылдар бойы
қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, ірі өндіріс орындары тоқтап, ел бюджеті
«тесік астауға телмірудің» күйін кешіп, еңбекақы мен зейнетақыны уақытында төлеудің
өзі мұң болып отырған өліара кезеңде мұндай маңызды мәселені мемлекеттік мінберден
жария ету көзсіз батырлық болатын. «Астананы көшіру идеясын белді біржолата бекем
буа тұрып, мен ортаға бәрін салатынымды, яғни өзімнің саяси мансабымды, тіпті, мүмкін,
өмірімді бәйгеге тігетінімді сөз жоқ түсіндім», дейді Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты
еңбегінде сол күндер туралы толғана тебіреніп.
Бодандық бұғауынан босап, шынайы егемендігіне жеткен ел үшін жаңа астана
тұрғызу жөніндегі ұйғарым ұлттық рухты асқақтатып, мемлекеттік мұраттармен,
халықтық мүдделермен үндесетін ұлы идея екендігін ерекше атап өткен жөн. Бұл –
мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасын нығайтуды көздеген тарихи батыл қадам.
Тоқсаныншы жылдардың өкпені қысқан өтпелі кезеңінде оны біреу түсінді, біреу
түсінбеді. Әрине, тұрмыс тұралап, елдің ертеңгі күні бұлыңғырланған болжаусыз кезде
мұндай күрделі шешімді бірауыздан қолдай кетудің де жөні қиын болатын. «Бастапқыда
астананың ауысуын түсінбегендер көп болды. «Қысы суық, жазы салқын, масасы көп,
жері батпақ ол қаладан не аламыз?» деген сөздерді талай-талай естідік. Тұрмыстың
ауыртпалығын көріп, уақытында зейнетақысы мен еңбекақысын ала алмай отырған
халықтың бір тобы көп қаржы астанаға аударылып, жағдайымыз одан әрі қиындап кетеді
деген қорқынышқа берілді. Бірақ бара-бара халық бұл бастаманың мәнін түсінді.
Елбасының идеясын қызу қолдады», деп жазады Ақмола қаласының сол кездегі әкімі,
Елбасының астананы көшіру идеясын алғаш қызу қолдаушылардың бірі, марқұм Аманжол
Бөлекбаев.
Әрине, дәл қазір астананы Ақмолаға көшіру идеясына барлық жұрт «қолп» етіп,
бірден қолдау көрсеткендей көрінеді. Тіпті, Тұңғыш Президентіміздің жанында жүрген,
Парламент мінберінен жалынды сөз сөйлейтін жанашыр қоғам қайраткерлерінің ішінен де
«бұл мәселе дәл қазір қажет пе, кейінірек қолға алса да болмас па еді», деп күдік
айтушылар аз болған жоқ. Ақмоланың «балаққа жармасқан батпағы мен ызыңдаған
масасын» көлденең тартып, астананы ауыстыру «қасірет кезіндегі той тойлау» деп
арандатушылар мен бұра тартушылардың болғаны да жасырын емес.
Тәуелсіздігін енді ғана жариялаған жас мемлекеттің жер көлемі де сыртқы және ішкі
сұқкөздердің ойына маза бермеді. Сол кезеңде еліміздің солтүстік өңірлерінде жаппай
құрыла бастаған славян қоғамдары мен казачество жасақтары А.Солженициннің («Как
обустроить Россию») сәуегейлігіне сеніп, кеңестік кеңістіктен айырылып, бармағын
шайнап отырған М.Горбачевтің «Қазақстанның солтүстік бес облысы Ресейге тиесілі…»,
деп отқа май құйған сандырағына еріп, жер дауын ашық желбауыздата бастады. Сөйтіп,
еліміздің солтүстік өңірінде, оның ішінде Целиноградта жағдай шиеленісті сипат алды.
Президент – мемлекеттік, бүкілхалықтық тұлға. Президент үшін егемендік көксеген
қазақтар да, бұра тартқан казактар да бір. Бәрі бір мемлекеттің толық құқылы азаматтары.
Олардың әрқайсысының мүддесі Мемлекет басшысының алдында тоғысып, толыққанды
дұрыс шешім табуға тиіс. Ендеше, «елім» деп елжіреген Елбасының сол кезде қабылдаған
әрбір шешімінің жауапкершілігі қаншалықты зор, салмағының қандай ауыр болғанын
пайымдау қиын емес. Бүгін ойлап қарасақ, Тұңғыш Президентіміз төңірек түгел
ұлтаралық қақтығыс өртіне оранған сол кезеңнің өзінде-ақ еліміздегі ұлттар мен
ұлыстардың буырқанған мүдделерін, ұлттық асау сезімдерін «Астана идеясы» арқылы бір
арнаға тоғыстыра біліпті-ау! Астана идеясы – бүкіл қазақстандықтардың бірлігін берік
еткен тәуелсіздігіміздің тірегі болыпты. Астана идеясы – еліміздің барлық
тұрғындарының болашаққа деген нық сенімінің бастауына айналыпты.
«…Бүгін Парламенттің пленарлық мәжілісі өтті. Депутаттар күн тәртібін бекітіп,
менің астананы көшіру туралы баяндамамды тыңдады. Парламентарийлердің көптеген
сұрақтарына жауап қайтардым. Мәселе, талқыланғаннан кейін тарихи шешім қабылданды.
Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсынысым, сөйтіп, қолдау тапты», дейді
Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 6 шілдесінде өткен Жоғары Кеңес сессиясын еске
алып.
Иә, енді біз елордамыз Астана туралы айтқанда, ең алдымен 1994 жылдың 6 шілдесін
еске аламыз. Өйткені, дәл сол күні тәуелсіз Қазақстанның болашағын тұғырландырған
ұлы тарихи таңдау жасалды. Елбасының сөзімен айтқанда, «Бұл таңдауда Тәукенің
көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен
1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш
еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз
тағдырының қожасы болуы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-
жігері бар». Өйткені, дәл сол күні жаһандық өркениет биігіндегі отыздық шоғырына
ұмтылған Қазақстанның жаңа Астанасына ұлы көштің алғашқы легі бет алды.
1997
ЖЫЛ,
10
ЖЕЛТОҚСАН
Ұлы көш Алматыдан Ақмолаға бет алды.
Ақмола қаласы ресми түрде Астана болып жарияланды
1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан
Республикасының астанасы болып жарияланды. Бірқатар басылымдар жаңа астанаға жол
тартқан ұлы көштің шырқау шегін дәл осы күнмен байланыстырады. Бірақ ол сәл
ертеректеу, 1997 жылдың 8 қарашасындағы Қазақ елінің мемлекеттік рәміздерін
Алматыдан жаңа астана – Ақмолаға әкелуден басталған еді. Егемен елдің естелік
шежіресінде айшықты орын алатын сол бір күннің тарихи оқиғалары айнадағыдай әлі көз
алдымызда…
Арқаның аязды таңы алаулай атты. Қарашаның төменнен төгілген күні арайланып,
қызуын қанша шашқанымен қытымыр аяздың бетін қайтара алмады. Алайда, Орталық
алаңға жиналған жұрттың көтеріңкі көңіліне ауа райы кірбің түсіре алар емес. Қайта бетті
өпкен Арқаның шыңылтыр аязымен жүздері нұрланып, бал-бұл жанған халық
қуанышында шек жоқ. Асқақ әуен ашық аспанды кернеп кетті. Орталық мінберге
еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев зайыбымен, сол кездегі Премьер-Министр,
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, Үкімет,
Парламент мүшелері көтерілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан
Назарбаевқа Республикалық гвардияның қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев мемлекеттік
рәміздердің эталондары жаңа астанаға жеткізілгендігі туралы баяндады. Осы сәтте
алаңның екі қапталынан Республикалық гвардияның құрметті қарауылы – Тудың,
Елтаңбаның және Елбасы Рәміздерінің белгілерін алып, мінбеге қарай салтанатпен
қозғалды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша еліміздің Әнұраны әуенімен бір мезгілде
Президент сарайының күмбезді шаңырағы мен Үкімет үйінің үстіне Қазақстан
Республикасының мемлекеттік Туы көтерілді. Зеңбіректерден аспанға 21 мәрте оқ
атылды…
Ал 1997 жылдың 10 желтоқсанында Мемлекет басшысының Ақмоладағы
резиденциясының күмбезді залында еліміздің Парламенті мен Үкіметінің бірлескен
мәжілісі болып өтті. Онда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Өкімет органдары
Қазақстан халқына Үндеу қабылдап, бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында ұлан-
байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер
қабылданатындығын, бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғатындығын, осы жерден
Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын
айқындайтындығын атап көрсетті.
Дәл сол күні, яғни 1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасының Жарлығымен Әділбек
Жақсыбеков жаңа елорда – Астана (Ақмола) қаласының алғашқы әкімі болып
тағайындалды. Жол бастаушының жауапкершілігі қашанда жеңіл болып көрген емес.
Астананың нағыз іргетасы қаланған алғашқы күрделі алты жылда Әділбек Жақсыбеков
қала әкімі қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде де ол Қазақстанның тәжірибелі саяси
және мемлекет қайраткері ретінде жауапты лауазымдар биігінен көрініп, Елбасы сенімін
шынайы ақтап келеді.
Сол шынайы сенімнің бір дәлелі, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының
астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп
қайта атау туралы» Жарлығын халыққа түсіндіру жауапкершілігін еліміздің бас
қаласының әкіміне тапсырған болатын. Талай-талай тарихи сындардан сүрінбей өткен
қала шежіресіне кіреукелі көлеңке түсірген «Целиноград» атауынан құтылып, туған
қаласының тарихи атына енді ғана қол жеткізген тұрғындардың жаңа атауға тосырқай
қарауы заңды еді. Әділбек Жақсыбеков бас қаланың жаңа атауы туралы түсініктемесінде
қаланың атын өзгертудегі нақты себептерді түйіндей келіп, «…бұл атаудың өзі 1998
жылғы 10 маусымдағы астананың халықаралық ресми тұсаукесерінің барысында қаланың
нышанына айналып, астаналардың әлемдік тізбесіне жүзеге асқан ақиқат ретінде
енетіндігін», атап көрсетті. Орынды тұжырымды халық түсінді, тәуелсіз елдің төл
елордасының «Астана» атауын төрткүл дүниеге паш етті.
1998
ЖЫЛ, 10 МАУСЫМ
Астананың халықаралық тұсаукесері өтті.
Елорданың жұлдызды сәтінің туғаны жаһанға жарияланды
Қазір төрткүл дүниенің төрт бұрышында Астананы танымайтын, осы жылдар ішінде
Астанаға ат ізін салмаған тұлға қалмады десек, артық айтқандық болмас. Батыс пен
Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың барша әлемнің
толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны айдай ақиқат. Оған
елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VІІ Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, әлемнің 80 елінен
мыңдаған сарапшылар қатысқан ІХ Астана экономикалық форумы, күні кеше әлемнің 40
елінен делегаттар қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті V
съезінің өткені толық дәлел. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына
айналған Астананың бұл дәстүрлі эстафетасы, амандық болса, енді – Бүкіләлемдік
көрмелер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласады. Жаһандық қаржы-экономикалық
байланыстарды дамытатын – «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен
жалғасады. Ал сол бір күндері, Қазақстан Республикасының ресми астанасы болып
жарияланғанына жарты жыл ғана толған Астананы 1998 жылы халықаралық аренада
таныстыру керек-ақ еді. Сол үшін де Елбасының бастамасымен 1998 жылғы 10 маусымда
еліміздің жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өткізілді.
«Ақ түйенің қарны жарылған күн. Атам қазақ ағынан жарыла қуанған, шаттықтан
масайраған сәтке осылайша анықтама берген. Еліміздің бас қаласы Астананың тұсаукесері
болған 10 маусым тарих қойнауына осындай мәні зор қырымен енді. Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың бастамасымен жасалған бұл қадамның еліміздің болашағы үшін
қаншалықты маңызды екендігіне жиырмадан астам елден келген делегация өкілдері
жоғары баға беруінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Мұның өзі тәуелсіздігімізді
мойындаудың, қолдаудың бір көрінісі емес пе?!» деп тебіреніпті «Елорда күллі әлемге
танылған күн» атты мақалада «Егеменнің» тілшілері («Егемен Қазақстан», 13 маусым,
1998 жыл).
Халықаралық тұсаукесердің мәні төл елордамызды әлем жұртшылығына барынша
таныстыру болса, 10 маусымдағы шара жүктелген міндет межесінен шықты. Жоғарыда
айтылғандай, тұсаукесерге қатысқан 20-дан астам мемлекеттің делегацияларымен бірге,
есімдері әлемге танымал итальян әншісі Тото Кутуньоның, «Модерн Токинг» тобының,
Анна Вески мен Филипп Киркоровтың, Лайма Вайкуле мен Роза Рымбаеваның астаналық
сахнадан табылуы тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының шын тұсауы кесілген
жұлдызды сәтінің туғанын жаһанға жария етті.
Тәуелсіз Қазақстанның Көк туы қазақтың киелі мекені – Сарыарқаның қақ төсінде,
тоғыз жолдың торабында желбіреді. Дос сүйсінді, дұшпан күйінді. Осынау жаһанға жария
еткен тұсаукесер арқылы алып даланың иесі ұлы дала перзенттері – қазақ халқы екендігін,
ол халық өзінің қолына тиген қасиетті тәуелсіздігін мәңгі қастерлейтіндігін, енді ешқашан
ешкімге тілін, дінін, жерін қорлата алмайтынын айдай әлемге артық айқайсыз ашық
мәлімдеді.
Ел астанасын Алатау баурайындағы ару қала Алматыдан Арқадағы шағын қала
Ақмолаға көшіру идеясын алғаш жарыққа шығарғанда Елбасы: «Жаңа Астана елдігіміздің
айбыны болады, құрылыс саласы өркендейді. Ол өндірістің барлық саласын қарқынды
дамытуға ықпал етеді. Астана экономикамыздың локомотиві болады. Әлі-ақ Арқа төсінде
әлемде теңдесі жоқ қала тұрғызамыз», – деген еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғыла
сәуегейлігін тағы да тарих таразылады, уақыт дәлелдеді.
Сарыарқа төсінде ХХІ ғасыр ғажайыбы – арман қала қанат жайды. Әлем таныған
елордамыздың ажары мен салтанаты егемен елдің айбынын асқақтатты. Астананың
дамуына Қазақстанның барлық аймақтарының тұрғындары өлшеусіз үлес қосты. Өз
кезегінде Астана еліміздің барлық өңірлерінің экономикасының қарышты дамуына ықпал
еткен қозғаушы күшке айналды. Астана қаласының өткен жылы нақты өңірлік өнім өндіру
көлемі 4 триллион теңгеден асып түсті. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ 1998
жылғы 186,8 мың теңгеден 2015 жылы 5286,1 мың теңгеге дейін өсті. Елорданың қазығы
қағылған 18 жыл ішінде қаламызда жалпы көлемі 15430,1 мың шаршы метрді құрайтын
тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен 18 жыл ішінде елорда тұрғындарының саны 300
мың адамнан 1 миллион адамға дейін өсті. Бас қаламыздың 18 жылдық Туған күні
қарсаңында астаналық жас отбасы, «Астана-РЭК» мекемесінің маманы Олжас
Мұхамедьярдың шаңырағында астананың миллионыншы тұрғыны, қыз бала дүние есігін
ашты.
Сонау бір 1998 жылы, яғни елорданы жасыл желек жамылған Алатау баурайынан
ақселеулі Ақмолаға көшірудің алғашқы сәтінде Елбасы еліміздің бас қаласын болашақта
орман көмкерген, гүлмен кестеленген жасыл аймаққа айналдыру жөніндегі қиял-
ғажайыпқа ұқсас бағдарламасын бастап еді. Елбасы бағдарламасы іс жүзіне асырыла
бастаған уақыттан бері 70 мың гектар алқапқа ондаған миллион ағаш отырғызылды. Қазір
атты кісі жасырына алатын Астана орманы қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқан
Шортанды бағытындағы табиғи орманмен қосылып, тұтасып үлгерді. 2020 жылға таман
Астана орманының ауқымы 100 мың гектардан асады деп белгіленген. Сөйтіп, Мемлекет
басшысының тікелей бастамасымен қолдан жасалған Астана орманы күннен-күнге
қанатын кең жайып, салқын самал ескен саябаққа айналуда.
Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің символы. Еліміздің елордасы Астанаға қоныс
аударғаннан бергі өткен 18 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін,
территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарышты даму
стратегиясын қамтамасыз еткен Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады.
Енді Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен Астанада Қазақстан
халқының ғасырлардан ғасырларға жалғасатын ойы мен мүдделері, арманы мен
мақсаттары іс жүзіне асырыла бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |