66. «Шу батыр» дастанындағы батырдың тапқырлығы Түркі халқының ұлы перзенттерінің бірі Махмұд Қашқари ХІ ғасырда жазылған, үш кітаптан тұратын «Диуани лұғат ат-түрік»
66. «Шу батыр» дастанындағы батырдың тапқырлығы Түркі халқының ұлы перзенттерінің бірі Махмұд Қашқари ХІ ғасырда жазылған, үш кітаптан тұратын «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде түркі халықтары мен тайпалары жөнінде көптеген мәліметтерді келтіре отырып, Шу батыр жайлы баяндайды. Онда ғалым Шуды біздің эрамызға дейінгі 356-323 жылдары өмір сүрген Ескендір Зұлқарнайынның замандасы, түркілердің жас хақаны еді деп суреттейді.
«Зұлқарнайын Самарқандтан өтіп, түркі шаһарларына жол тартқанда түркілердің Шу есімді жас хақаны бар еді. Ол көп қосынға ие болатын. Баласағұнға жақын Шу қорғанын салдырып, өзі басқаратын. Осы қорғанның алдында күн сайын бектердің құрметіне үш жүз алпыс мәрте барабан соғылатын. Бұхаралары оған: «Зұлқарнайын жақындап қалды. Онымен соғысамыз ба, қандай жарлық бересіз?» деп сұрайды. Бұл кезде хақан Шу Хожент өзенінің бойына қарауыл қойып, Зұлқарнайынның сол өзеннен өтер уақытын хабарлап тұру мақсатымен шолғыншы топ – қырық тарханды жіберген екен. Жасырын жібергендіктен, мұны хақан жасағының ешбірі де білмейді. Сондықтан хақанның көңілі орнықты еді.
Хақанның жасанды күміс көлшігі бар болатын. Сапарға шыққанда үнемі өзімен бірге алып жүретін. Көлшікті суға толтырғаннан кейін қаз, үйректер сүңгіп ойнар еді. Хақан Шу «Зұлқарнайынмен соғысамыз ба?» дегендерге сол күміс көлшігін көрсетіп, «Қараңдаршы, қаз, үйректер қандай әсем сүңгиді, ә?» деп қана жауап қайтарады. Хақанның бұл жауабы қоластындағыларды ойға қалдырыпты. Хақан «Зұлқарнайынмен соғыспайды да, шегінбейді» деп күмәнданыпты. Зұлқарнайын өзеннен өтіпті. Шолғыншылар оның өзеннен өткенін сол түні-ақ хабарлапты. Хақан дереу дабыл қағып, түн ортасында шығысты бетке ұстап жолға шығыпты. Хақанның дайындықсыз көшкенінен қауіптенген халық арасында дүрлігу пайда болыпты. Үріккен ел кез келген көлікке міне салып, хақанның соңынан еріпті. Сенікі, менікі деместен, әрқайсысы бір-бірінің малын, мүлкін ала беріпті. Таң ата бір жазыққа жетіпті. Ол кезде Тараз, Испиджаб, Баласағұн шаһарлары салынбаған болатын. Ол жерлерде итарқада күнелтетін көшпенділер өмір сүретін. Хақан мен оның қосыны түнделетіп үріккен кезде көлік таба алмаған 22 адам жұртта қалып қойыпты. Олардың аты-жөндері мен малына басатын таңбаларын көрсеттім. Мысалы, қынық, салгур т.б. (Осы аңыздың басында автор түрікмендердің 22 руының аттары мен малға басатын таңбаларын көрсетеді – С.Қ.)
Сол 22 бала-шағасымен үріккен елдің соңынан жүру-жүрмеу жөнінде кеңесіп отырғандарында қастарына тағы да екі адам келіпті. Олардың бала-шағалары да жандарында, жүктерін арқалап, терлеп-тепшіп, шаршап-шалдығып келе жатыр екен. Жұртта жиналып отырғандар «Зұлқарнайын жортып жүрген жолаушы, бір жерде тұрақтай алмайды. Біздің жерге де тұрмайды, кетеді. Біз бәрібір өз жерімізде қаламыз. «Қал аж – осында қалыңдар» депті. Сонымен, олар келе «Қалаж» атанып кетіпті. Қалаждардың негізі солай. Олар бар болғаны екі-ақ ру.
Зұлқарнайын келгеннен кейін жұртта қалғандардың ұзын шаштары мен түріктерге ұқсас белгілерін көріп, олардың өздерінен сұрамай-ақ, «Түрік мананд – түріктерге ұқсайды» депті. Содан бастап «Түрік» деген сөз оларға есім болып кетіпті.
Түрікмендер негізінен 24 тайпа. Бірақ екі тайпасын құрайтын қалаждар кейбір жағдайда олардан бөлек саналады. Сондықтан олар оғыздардың санатына жатпайды. Бұл сөздің мағынасы міне, осындай.
Хақан Шу Шын жаққа өтіп кетеді де, Зұлқарнайын оның соңынан қуады. Ұйғырларға жақындаған кезде хақан Зұлқарнайынға қарсы тағы бір шолғыншы топ жібереді. Зұлқарнайын да дәл солай істеп, өзінен ілгері қарсы қосын шығарады. Осы екі шолғыншы барлаушы топ соғысып, Зұлқарнайынның жасағы жеңіліс табады.Сол соғыс Алтунхан деген жерде болған екен. Бұл тау қазір де солай аталады. Сол жерде Зұлқарнайын хақан Шумен бітім жасасып, сонан соң ұйғыр шаһарларын салғызған. Біраз сонда тұрып, дамылдайды. Зұлқарнайын шегініп кеткеннен кейін хақан Шу да жеріне қайтады. Баласағұнға дейін ілгерілеп, өз есімімен аталатын Шу шаһарын салдырып, тыныш өмір сүреді. Тыныш өмір орнаған сол өңірге ләйлектер қазір жиі тоқтайды. Олар ешқашан мұнда қонбай өтпейді. Сол тыныш өмір күні бүгінге дейін бұзылмай келеді.
Құдайға шүкіршілік, кітабымның «Түркі халықтары мен тайпалары» деп аталатын бөлімі де тәмам болды», деп жазады Махмуд Қашқари.
Аңыздан Шу хақанның еліне қорған болуы, ақылдылығы мен әскери әдіс-амалды орынды қолданып, халқын ауыр шығыннан аман алып қалуы, кейін оның басшылығымен ұзақ жылдар бойы елде тыныштық орнағаны аңғарылады. Бұл арада тағы бір мән берерлік жай – оның қала салдырып, өз есімімен атауы.М.Қашқари көне түркі тіліндегі «өгә» сөзінің мағынасын, түсініктемесін беруде тағы да хақан Шуға қатысты аңызды толықтыра түседі.«Өгә – тегінен бір дәреже төмен берілетін лауазым. Бұл лауазым мынандай жағдайда шыққан: Зұлқарнайын Шынға қарай ілгерлегенде онымен соғысу үшін түркі хақаны тек жастардан құралған бір топ әскерін жібереді. Ханның уәзірі: «Сіз Зұлқарнайынға қарсы тұру үшін тек қана жастарды жібердіңіз. Олардың арасында соғыс жағдайын жақсы білетін жасамыс адамдардың біреуі болғаны дұрыс еді», дейді. Сонда хақан жасамыс, тәжірибелі деген мағынаны білдіретін сөзді пайдаланып, «Өгәні му» деп сұрайды. Уәзір хақанды қостайды. Сонан соң хақан дәл сондай адамды әскерге қосып жібереді. Олар сол күні-ақ шабуылға шығып, Зұлқарнайынның алдыңғы саптағы әскерлерін жеңеді. Түркілердің бір әскері Зұлқарнайынның әскерін қылышпен шауып, қақ жарып тастайды. Өлген әскер ділдә салынған әмиянын ышқырына байлап алған екен. Сол әмияны да екіге бөлініп, қанға малынған ділдәлар жерге шашылады. Ертеңгісін түркі әскерлері қан-қан ділдәні көріп, «Бұл не?» деп таңданысқандарында «Алтын қан» деп жауап қайырған. Сондықтан сол жердегі биік тау да солай аталып кетеді. Ұйғыр еліне жақын орналасқан осы таудың (Алтынемел) айналасында көшпенді түркі тайпалары мекендейді. Зұлқарнайын сол түнгі тойтарысты шабуылдан кейін түркі хақанымен келісімшарт жасасқан».
Ғалым келтірген аңызда осылайша хақан Шудың батырлығы, оның Зұлқарнайын әскерімен соғысы бейнеленеді.
Әдебиеттанушы ғалым Н.Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулық кітабында «Шу» дастанының үзінділерін келтіреді. Бұл дастан ғалымның айтуынша, түркі тектес халықтардың арғы тегі саналатын сақтардың шежіресін аңызға айналған тарихи деректер бойынша жыр еткен батырлық эпосы. Ежелгі әдебиетті зерттеуші басқа ғалымдар да бұл дастанның қадым заманда, сақтар дәуірінде шыққан жыр екенін айтады. Оның бізге тек қытай көне жазбалары арқылы жалпы сюжеттік желісі мен жекелеген үзінділері ғана жеткен.Арғы-бергі ғалымдардың пікірін қарастырып қорытқан Н.Келімбетов дастанның басты кейіпкері туралы: «Аса даңқты түрік билеушісі, есімі кезінде әлемге мәшһүр болған дарынды қолбасшы Шу батыр сақтар мемлекеттік бірлестігіне қарасты Шу аймағында өмір сүргені мәлім» деген тұжырымға келеді.
Дастанда алдымен осы өңірдің табиғат көріністері суреттеліп, байырғы Баласағұн шаһарының маңайынан жас әмірші Шу батырдың жаңадан салдырған Шу қала-қамалының сәулеті жайында айтылады
Шу дариясы береке:
Қаз, үйрегі қаптаған,
Арқар, киік сусындап
Жағалауда ойнаған.
Аққу құстар қалықтап,
Дегелектер ойнаған.
Қалың қамыс ішінде
Жолбарыс жатыр жол аңдып,
Арыстан жатыр аң аңдып,
Таудың арғы бетінде,
Табғаш жатыр бізді аңдып.
Айналаға от жағып,
Қараңғыны қашырдық.
Кеше шайқас кезінде
Қан ішетін қорқақты
Биік таудан асырдық.
Көктен тілеп күш-қуат,
Тәңірі бізді қолдады.
Тізе бүкпей тік тұрды,
Көк бөрінің ұлдары, –
деп суреттеледі дастанда.
Жалпы, М.Қашқари келтірген аңыз бен дастанның сюжетінің ұқсастығы байқалады. Аңыздың кейбір тұстары дастандағы оқиға желісінде нақтылана түседі. «Талай қанды шайқастарды басынан өткізіп, күллі әлемді жаулап алған Ескендір жау жағынан майданға тек қырық жігіт шығарғанын көріп, мұнда бір сыр бар екенін аңғарады. Сонда жиһангер патшаның ақылгөй қарты: «Шу батыр халықты көп қырғысы келмей тұр. Мықты болсаң, осы қырық батырмен шайқасып көр! Егер сен жеңсең, біз онда соғыспай-ақ бас иеміз» деген ойды меңзеп айтып тұр», – дейді. Намысы қозған Ескендір патша да Шу батырдың қырық батырына өзінің ең таңдаулы деген қырық нөкерін шығарады» делінеді дастанда.
Бұл шайқаста Ескендір қырық нөкерінің жеңілгенін мойындап, Шу батырмен бейбіт келісім жасасыпты. Тіпті екеуі достасып, Шу батыр өз елін, халқын қырғын соғыстан аман алып қалғаны айтылады. Дастанда түрлі көркемдік амалдар қолданылған. Соның бірі – батырдың ерен қимылы мен табиғат көріністерінің астастырылып суреттелуі.
Ашуланды Көк Тәңірі,
Бетін бұлтпен бүркеді.
Қаһарлы даусы гүрілдеп,
Жарқ-жұрқ етіп от шашты.
Көлде жүрген қаз, үйрек
Пана таппай шуласты.
Бөкен, арқар, киіктер
Жалтақ-жалтақ қарайды.
Жолбарыс пен арыстан
Сүңгіді қалың қамысты.
Шайқасқа шықты Шу батыр
Бермеу үшін намысты
Лек-лек жасақ тоғысты,
Аспан мен жер қағысты.
Мұндағы поэтикалық қолданыстар кейінгі түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының батырлық жырларындағы көркемдік өрнектер мен суреттеулерді еске салады. Сондай-ақ ғалым Н. Келімбетов ондағы хақан Шу ордасының суреттелуінен сол кездің дәстүр-салты, наным-сенімі туралы ой түйеді. «Шу батырдың «алуан түсті жібек әшекей-әлемішке малынып», төбесі көкпен тілдесіп тұрған көгілдір шатыры бейнеленген. Бұл көк орданың айналасындағы саф алтынмен апталған биік діңгектер ұшына іліп қойған әшекейлі құмыралар ішіндегі хош иісті май қараңғы түсісімен лаулап жанып, айналаны жап-жарық етіп тұр. Алайда бізге көк сарай туралы ұзақ жырдың қысқа-қысқа үзік жолдары ғана жеткен. Соның өзінен-ақ түріктердің арғы ата-бабасы саналатын сақтар мен ғұндардың Көк Тәңірісіне табынып, көк бөріні тотем тұтқаны, көк түсті киелі санағаны, көк түсті байрақтарын желбіреткені тарихтан жақсы мәлім» деп жазады ғалым.
«Бұл дастанда тағы да назар аударарлықтай бір көрініс бар. Шу батырдың көк шатырын үстіне мұздай қару-жарақ асынған, арғымақ атқа мінген 12 нөкер күндіз-түні қоршап тұрады» дейді ғалым. Осындағы 12 нөкердің жұмбағын ғалым Алтай тауы етегіндегі Берел қорымынан табылған сақтар көсеміне құрбандыққа шалынған аттардың санының он үш болуымен (оның біреуі патшаның жорыққа мінетін өз аты, сонда қоса құрбандыққа шалығаны 12 ат болып шығады) байланыстырып, бұлардың арасында қандай да бір байланыс бар деп ой қорытады.
Міне, ғалымдардың зерттеуінде Шу батырдың тарихы осылайша таратылады