А.Қ. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, А.Қ. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
А.Қ. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, А.Қ. ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
С.ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ «АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
The article deals with the activity of Sultanmakhmut Toraigyrov in the “Aikap” journal and the
analysis of his publications in this journal is given. Yet, the article is devoted to the researches of Torai-
gyrovs’ art works at that period. The article regards the new and objective point of view on Toraigyrov’s
activity.
Тағдыр тауқыметін кеше жүріп ақын 1913 жылы жазда келер оқу жылына қаражат табу, мүмкін
болса жаңа оқу жылында орыс-қазақ мектебіне түсіп оқуды ойлап, Троицк маңындағы ауылдарға
бала оқытуға шығады. Онда өзі бастан кешкен оқу оқыту жайы мен ел ішіндегі діни қараңғылықты
суреттеген бір мақала, бір әңгімесін күзде «Айқап» журналында жариялайды. Алғашқы мақалада:
«Біздің Қалижанды әлгі жа-ман, өлейін деп жүрген Тұяқбайдың баласымен сабақтас қылып
қойыпты. Бүгін бөлек оқытсын деп айтып жібердім. Бұл қай қылған мазағы...» [1,126б], - деген
«Зарландым» әңгіме-очеркіндегі жалған намыстан туған надандықты публицистика тілімен:
«Бұлардың саны қанша болса, сабақтары да сонша басқа-басқа, әр қайсысінікі әртүрлі. Бірінің
баласы жүйрік, бірінікі жорға, бірінікі шабан. Бәрінің басын қосайын десең, істің түбі жаманға
айналатын болған соң, амалың бар ма?..» [2], - деп, елдегі оқу оқытудың жайында өз пікірін
ұсынады. Ал, «Ауырмай есімнен жаңылғаным» [3] әңгімесінде некелесуші кісілердің
ризалығынсыз неке қию күнә екені мұсылман діні жолымен де, адамдық турасында да ар ұялар іс
болса да, надан (әңгімеде «саңырау Жүсіп деген жануар еді» деп жазылған) қайын ініге жесір
әйелді зорлап некелестірмек болған уақиға суреттеледі. Осы екі шығармадан да кері кеткен
ескілікке, қараңғылыққа деген Сұлтанмахмұттың жан ашуы, уытты тілі барынша дәл де айқын
көрініс табады.
Сұлтанмахмұттың осы жылы күзде «Айқап» журналында «Басқарушы мырза!» [4] атты көңіл
айту сөзі жарияланғаны белгілі. Соған сүйеніп А.С.Еспенбетов бұл орайда былай деп жазады:
«Айқап» хатшысы ақын, жазушы Әкірам Ғалимов қайтыс болғаннан кейін, 1913-1914 ж.ж.
қысында журнал қызметінде істейді» [5,105б].
Ал осы «Айқапқа» С.Торайғыровтың қызметке кірген кезінен одан кеткенге дейінгі аралықтағы
нақты мерзімді профессор Т.Кәкішев деректері негізінде толық сараласақ, мынадай қорытынды
хабар журналдың «Басқармаға келген хаттар» деген айдармен басылған топтама хабарлардың
ішінде басылған) журналдың №15-ші санында 1913 жылы 26-шы тамызда шыққан. Ал, келесі 20-
шы қыркүйекте шыққан №16 санында С.Торайғыровтың: «Омск уезінде Көшен Қарауыл, Шабар-
Шаншарұлы нағашым еді. Хабарласуға адресін білмеймін. Білетін құрбыларымның бірі жігіттік
қылып жазып жіберсе, қандай алғыс айтар едім.
Адрес: «Айқап» басқармасы Сұлтанмахмұт Торайғыровқа. Троицк қаласы. 1913», - деген өтініш
басылған. Демек, 1913 жылдың қыркүйегінен Сұлтанмахмұт «Айқап» журналының қызметкері.
«Айқаптың» редакторы М.Сералин 1913 жылы 19-шы қарашада ауырып, еліне емделуге кетіп,
1914 жылдың қаңтарының ортасына таман қызметке оралған. Сонда М.Сералин екі айға жуық
уақыт емделіп, бұл кезде редакция жұмысын толығымен Сұлтанмахмұт Торайғыров атқарған. Бұл
жайлы профессор Т.Кәкішев: «Журналымыздың бастырушысы Мұхамеджан мырза Сералин осы
ноябрьдің 19-нан бері қатты ауырып, қорқытыңқырап барып тәуір-ленді. Қазір елде. Жөндіккенше
жата тұрады» деген хабардың көбі Сұлтанмахмұт қаламынан тумауы мүмкін емес, өйткені
редакцияда одан басқа ешкім болмаған-ды» [6], - деп жазған. М.Сералиннің жұмысқа кіріскенінен
кейінгі «Айқаптың» 1914 жылғы №2 санында (кейбір басылымдарда №3 санының соңғы беті деп
басылып жүр): «Айқап» хатшысы Сұлтанмахмұт хатшылықтан шықты, мұнан былай оның
«Айқаппен» ешбір қатынасы болмайды» [7],- деген хабар басылған. Бұдан шығатын қорытынды
С.Торайғыров «Айқапта» 1913 жылдың қыркүйек айының басынан 1914 жылдың қаңтар айының
ортасына дейін қызмет етті. Осы уақыт аралағында журналдың 1913 жылғы №16 санынан 1914
жылғы №1-2 сандарына дейінгі басылымдарды шығаруға ат салысты. Бұл жерде журнал сандарын
санағанда кейбірінің екі санының бір журналға (санға) біріктіріліп басылғанын ескеру керек.
Сұлтанмахмұттану ғылымындағы Сұлтанмахмұт және «Айқап» деген тақырып мәселесіне
жазылған еңбектер мен олардағы пікірлер сан алуан. Бұл тарапта Т.Әбдірахмановтың,
Қ.Бекхожиннің, Ы.Дүйсенбаевтің, Қ.Ергөбектің, А.Еспенбетовтің, Т.Кәкішевтің, Б.Кенжебаевтің,
А.Сағындықовтың, С.Қалиев, А.Мектеповтің т.б.адамдардың зерттеулері мен библиографиялық
деректі материалдары бар.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
Публицистің «Айқап» редакциясында жұмыс істеген кезінде жарияланған шығармалары мыналар:
«Қымыз» (1913, №18), «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс»(1913, №20), «Итаршыға» (1913, №20), «Бір
балуанға қарап» (1913,№21) өлеңдері, «Өтініш» (1913,№16), «Жаңа кітап» (1913, №17), «Ауырмай
есімнен жаңылғаным» (1913, №17), «Айқап басқармасына хат» (1913, №19), «Қазақ тіліндегі өлең
кітаптары жайынан» (1913, №19, №20, №22, №24), «Құран бұзған» (1913, №21), «Ішкі хабарлар»
(1913, №33), «Ішкі хабарлар» (1913, №39) әңгіме, публицистикалар, «Топырақ, топырақ, топырақ»
(1913, №18) аудармасы. Біз осы шығармалар негізінде қаламгердің осы кезеңдегі шығармашылық
қызметінің көркемдік-идеялық сипаттарына шолу жасаймыз.
Ақын өзінің бала жастан бірге өскен достары, Троицкіге оқуға аттанарда жолына қаражат жинауға
жәрдемдескен азаматтар Шерияздан мен Қасымның Қамарына (кейін «Қамар сұлу» романына осы
жігіттің есімін қойған) жазған хатының соңындағы өлеңінде:
Надан бол: жаным тыныш болсын десең,
Доңыздай етім семіз толсын десең.
Болмаса талаптанып, оқу оқы,
Қайғыда ақыл- ойым солсын десең.
Бөлініп ақылым алты, ойым онға,
Қол сермеп құп жүгіріп әрбір жолға.
Надандықта қалсын деп «жаным тыныш»,
Редакция қызметін алдым қолға.
Жан досым, хат жазып тұр ауық- ауық,
Менде жоқ рахат қызық, ойын- сауық.
Бұл өзі қандай рахат, қандай қайғы:
Шешуін ал да түсін өзің тауып [8,66б], -
деп астарлап «халықтың көзі мен құлағы» баспасөздің
жауапты қызметіне кіріскенін айтады. «Айқапта» басылған ақын шығармашылығының басты
ерекшелігі оларда ол көзқарасын ашық айтып, кез-келген мәселеге өзіндік пікірін жалтақсыз,
айқын танытып отырады. Ол өз заманындағы «Қазақ» пен «Айқап» басылымдарында көтерілген
көкейкесті мәселелерге үн қосты. Біздіңше, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айқапта» басылған
шы-ғармалары мен онда қызмет еткен аз уақытта журналда жарияланған және «Қазақ» газеті
көтерген мәселелерге орай оның өзіндік жеке көзқарасын танытатын тақырыптары болды. Олар:
ұлт, әлеумет мәселелері, кертартпа ескілікке қарсы күрес және оқу-білім мәселелері.
Ұлт, әлеумет жайына арнаған қайраткердің журналда жұмыс істеп жүрген кезіндегі
«Айқаптағы» басылған еңбектері: «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс», «Итаршыларға», «Құран бұзған»,
«Айқап» басқармасына хат» (1913, №19) және Бақшасарайда С.Гаспринский шығарып тұрған
жадиттік бағыттағы «Тәржіман» газетінен аударып, «С.М.Т.» деген бүркеншік есіммен газеттің
№18 санында басқан «Топырақ, топырақ, топырақ» аудармасы.
Мәселен «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс», «Итаршыға» өлеңдерінде «Айқаптың» 1913 жылы
жалпы қазақ съезін өткізіп, жер мәселесін талқылауды ұсынған пікірге «Қазақ» газеті маңына
топтасқан алаш арыстарының қарсы болғанын сынап жазған. Бұл мәселеде алаш арыстарының
көзқарастары өзгеше болды. Себебі ХХ ғасыр басында патша өкіметі қазақты отырықшылық
тұрмысқа күштеп те, алдап та, заңмен міндеттеп те тартып, отырықшылыққа жер беріп, орыстың
отырықшы қарашекпенін қазаққа үлгі етіп көрсетуге тырысқаны тарихтан белгілі. Ондағы мақсат
бар тіршілігі малға байлаулы қазақты отырықшы тұрмысқа мәжбүрлеп, малынан айырылып,
кедейленген елді тездетіп отарлап, шоқындыру, сол үшін отырықшылық пен қаланы мәдениет көзі
етіп көрсету болды. Бұл саясат мәнін ашып жазған еңбектер мол. Мысалы, М.О.Әуезовтің 1917
жылы жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» [38] мақаласы, т.б.
Сонымен бірге ақынның осы өлеңдеріндегі, әсіресе, «Кеше түндегі түс, бүгінгі іс» өлеңіндегі
табиғат пен адам ойын психологиялық параллелдер арқылы кейіптеу түрінде суреттеп бейнелеуі
де Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэзияда жаңа шығармашылық шыңына, шеберлік биігіне
көтеріліп келе жатқанын айғақтайды. Ал Сұлтанмахмұттың «Айқапта» басылған «Құран бұзған»,
«Ішкі хабарлар» атты публицистикалары мен «Топырақ, топырақ, топырақ» аудармасы да ұлт
тағдырына тікелей қатысты. «Құран бұзған» мақаласында қайраткер Қазан қаласында Харитонов
мәтбуғасында басылған Құран кітабының қателігін сынап, оның ел ішінде таралуына қарсы
болады. Патша өкіметінің цензурасы рұқсат беріп бастырған кітабының бұлай шығуы да отарлық
саясатпен байланысты. ХІХ ғасыр басында қазақ елі мен Орта Азияны өзіне тарту үшін исламды
қолдап, кейін ХІХ ғасырдың ортасынан ары, нақты айтқанда, генерал Черияевтің Ұлы жүз бен
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
Орта Азияны Ресейге қаратқан жорығынан соң, мұсылман дініне тікелей қарсы шығып,
христиандық дінді, миссионерлік саясатты өрістеткен патша өкіметі исламға қатысты кітаптардың
тілін шұбарлап, қатесін молайтып әдейі халықтың дәстүрлі дүниетанымын, әлеуметтік ықылас-
ниетін бұзуды қолға алған. Мынау – соның айғағы. Ал Сұлтанмахмұттың «Айқап» басқармасына
хат» атты материалында қазақтың бойкүйез немқұрайлылығын татар халқының бауырмал
қасиетімен салыстырып, нақты мысалмен көрнекі көрсетеді. Онда орыс- татар мектебінің мұғалімі
Латифолла Ғабдулғазизов қайтыс болғанда татарлардың ұстазға көрсеткен құрметін айтып, ал
одан бір жұма бұрын қайтыс болған орыс-қазақ мектебінің мұғалімі Жамалиддин Бейсеновтың
қазасының ескерусіз, елеусіз болғанын жазған. Өзін танып, құрметтер сезімі аз елдің намысын
ояту үшін бұндай тақырыпқа Сұлтанмахмұт Торайғыров бұрын да, кейін де соғып отырған.
Мысалы: «Анау-мынау» өлеңінде:
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр [8,52б], -
дейді. «Тәржіман» газетінен аударған «Топырақ, топырақ, топырақ» мақаласында Қырым
татарларының газеті «Тәржіман» ақсақал атынан отарлық езгіден сақтану, жерді сақтау жолында
туған жерге «төрт қол бір аузыңмен тістеп жабыс» деген ақылын айтады. Бодандық бұғауынан
бостандыққа ұмтылуға шақыратын осы материалдардың бәрі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ұлт,
әлеумет мәселесіндегі азаматтық көзқарасын танытатын туындылар екені анық.
Әдебиет, мәдениет жайына арналған қаламгердің журналда хатшы болып істеп жүрген кезінде
«Айқап» журналында басылып шыққан шығармалары – «Жаңа кітап», «Қазақ тіліндегі өлең
кітаптары жайынан» атты шолу сын мақалалары. Бұл мақалалардың алғашқысында Сұлтанмахмұт
Міржақып Дулатовтың «Азамат» жинағына енген өлеңдерінің көркемдік қырлары жайлы сын
айтады. Шолу сынды атақты «Оян, қазақтың!» авторына: «Азамат» - Міржақып Дулатов жазған
өнегелі өлең кітабы» [8,136б],- деп ілтипат, құрмет білдіре бастап, жинақтағы «Иә, Алла», «Қайтер
едің?», «Газета, журнал» өлеңдерін әлеуметтік мәселелерді көтерген туындылар ретінде
бағалайды. Шағын шолу сынның келесі жолдарында: «Кейбір уәзіндері бірінен-бірі қысқа ойнақы
емес, оқушының арбалы сазбен жүргендей ауырланып шығарлық» [8,136б], - деп кемшілігін
айтып, өзінің турашыл мінезімен: «Алдыңғы туғандарды көш жүре түзелер, жоқтан да бар жақсы,
біздің неміз жетісіп тұр деп жүген, құрық тигізбедік. Мұнан былайғылардың мінін қолға алып,
үлгіні осы бастан түзете беру керек. Қанша дегенмен жаманның барынан жоғы жақсы дейтін
мезгіл болыңқырады ғой» [8,136б], - деп поэзияға қояр ақындық талап, эстетикалық-көркемдік
нысана тұрғысынан пікірін ашық айтады. Ал екінші шолу сын мақалада автор әдебиеттің
көркемдік кестесі, сөз айшығы, тіл тазалығы жайлы терең де ойлы тұжырым, пікірлер ұсынған.
Мысалы, жанды жадыратып, сезімге қозғау салып, сананы сілкінтер, айқын жол көрсетер саяси-
әлеуметтік лириканың құр ұраншыл «қатын ойбайдан» таза, салмақты ойды салиқалы сөзбен
жеткізуі керектігін ақын: «Бұзылған қанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға
пайда, дертімізге шипа болады-мыс деген жарыпсал жаңа әдебиетіміздің нысана нұсқаған қол,
көрсеткен жолы жоқ құр «қатын ойбайға» айналып, әркім соны ән көріп бара жатқан соң, қазақ
жазушылары-ау, алдарыңа салып айтып отырмын» [8,141б],- деген сөздермен дәл сипаттап айтса,
нағыз әлеумет мұңын қозғайтын шығарма ақыл, сезім, қайратқа бірдей әсер етсе ғана, ұлт жанына
жол табатын: «Құр ойбай дегенмен ойбайдың да ойбайы бар ғой. Туыстағы тұрмыс дерті
зығырданыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып ықтиярсыз ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің
сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып көңіл толғауын, жүрек түйінін тарқатады. Мен оның ақ
сүйек, аты жоғалмайтын өлең деп, өнер деп соны айтамын. Сырт көрінісі қатын ойбай тұрсын,
шайтан ойбай болып көрінсе де дәмі бар, маңызы бар ойбай сол, қайнаған қанның, қиналған
жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы сол. Соның үшін ондай «ойбай»,
ондай «бебеу» табыла қалса, салған жерден өзі де дертке шипа бола кетеді. Басқаларға қарағанда
пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай соқыр кісі сыбдырынан танырлық аққұла ашық
тұрады. Марқұм Абай өлеңдері секілді. Байтұрсынның «Қырық мысалдағы» мысал соңдарынан
айтқандары секілді. «Азаматтың», «Қайтер едің?» «Шағым» деп өз басына түскендерін айтуы
секілді» [8,141б],- деген пікірімен дәйектей тұжырады. Сондай-ақ мақалада әдебиет тілінің
тазалығын сақтау, қазақ тіл байлығының ұлттық мөлдір тұнығын отарлық езгі, бодандық бұғау
мен қазақ оқығандарының білімділіктерінің мақтан белгісіндей ұлт сөзін өзге тілдің сөздерімен
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
былғап, лайлап жатқанына наразылық білдіреді. Келеңсіз шетін жайды көзге шұқып көрсетуде
қазақ әдеби сынының балаңдығын, тәжірибесіздігін, шындықты ашып айтуда қырсыздығын
айтады. Елім деп еміреніп, жұртым деп тебіренген он тоғыз жасар жас талаптың ұлт әдебиеті, сөз
мәдениеті, тіл тазалығы, сын шалалығы жайлы ой-толғамдары осындай келелі мәселелерге
арналған. Бұл жерде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Өлең һәм айтушылары» атты мақаласының
ол «Айқапқа» қызметке кірерден бұрын жазылғандығын ескеріп, талдауға алмадық. Әйтпесе,
ондағы ұлт өнеріне қатысты айтылған ой-толғамдарының өзі бір төбе.
Қорыта айтқанда Сұлтанмахмұттың «Айқаптан» кетуін профессор А.С.Еспенбетов жазғандай:
«Таптық күреске, саяси платформаға әкеп тіремей» [9,24б], ақынның азаматтық позициясынан, өз
пікіріне адал принциптілігінен деп қабылдаған жөн болар. Мұны Жүсіпбек Аймауытұлының
қаламгердің туыстарына жазған хатындағы: «Мен өз пікірімді дүниеге шығаруға кісі бетіне
қарамадым, Махмұт қай бір адамның көңіліне қарайтын адам? Сондықтан келісе алмадым»
[10,20] деген сөзін келтіруінен де көреміз. «Айқаптан» шыққан соң Сұлтанмахмұтты Жиһанша
Сейдалин қолына алып, «Заман» деген журнал шығармақ, Махмұтты шығарушы қылмақ болады,
бірақ «Заман» шықпайды. Ел-жұртына қызмет ету мойнындағы борыш екенін естен шығармай,
оған жету үшін білім керек екенін ойлап, орысша оқуға бел байлап, 1914 жылдың жазында еліне
қайтады» [10,21б].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Сұлтанмахмұт. Зарландым // Сұлтанмахмұт Торайғыров. Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ том. -
Алматы: Ғылым, 1967. - 320 б.
2. Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қазақ ішінде оқу оқыту жайы қалай? // Айқап, 1913. -№12.
3. Торайғыров С. Ауырмай есімнен жаңылғаным // Айқап, 1913. -№17.
4. Сұлтанмахмұт Торайғыров. Басқарушы мырза!// Айқап, 1913. - №15.
5. Еспенбетов А. Шәкәрім және Сұлтанмахмұт. -Алматы: Раритет, 2008. -240 б.
6. Кәкішев Т. Сұлтанмахмұттың «Айқаптағы» қаламгерлігі хақында // Ақиқат,1993. -№6.
7. Басқармадан // Айқап, 1914. -№2.
8. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. І том. -Алматы: Ғылым, 1993. -280 б.
9. Еспенбетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров. -Алматы: Ғылым, 1992. -200 б.
10. Торайғырұлы Сұлтанмахмұт // С.Торайғыров. Толық шығармалар жинағы. -Қызылорда: «Қазақстан
мемлекеттік көркем әдебиет баспасы», 1933. -344 б.
Редакцияға 12.08.2010 қабылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |