А.С. ЗАКИРОВА
А.С. ЗАКИРОВА
МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР ЖӘНЕ ДҮНИЕНІҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ
The article “Linguistic world outlook of proverbs and sayings” is denoted to specific peculiarities of
proverbs and sayings, and their role in the intercultural communication. A lot of different definitions to
the proverbs and sayings are given in this article. The Kazakh proverbs and sayings are deeply compared
with English proverbs and sayings by carefully analyzing them word by word concerning their linguistic
peculiarities and functions. The author also divided them into parts according to the themes and gave a
lot of examples.
Сан ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан ата-бабаларымыздың мәдениеті, рухани байлығы мен
дүниетанымы, ділі бүгінгі ұрпаққа тіл арқылы ғана жетті. Тілдің бұл құдыреті жөнінде ғұлама
ғалым Ә. Қайдар өз пікірін төмендегіше өрбітеді: «Этностың шынайы бейнесі, болмысы оның
тілінде ғана, тілі арқылы ұрпақ жадында сақталады екен. Этнос тілінде тек оның өзі туралы ғана
емес, өзі жасап келе жатқан табиғи ортасымен қоғамдағы қарым-қатынастары туралы да, жан
дүниесі, жүрек сыры, қуануы мен сүйініуі, ренжуі мен күлуі, түс көруі, ұққаны мен түйгені, тануы
мен талғамы, барлықтағы құбылысты өзінше бағалап бағамдауы бәрі-бәрі, біле білсек, өз тілінде
өрнегін тауып, өзіне-өзін көрсететін айна іспеттес», - деп этнос пен тіл байланысының нәзік
тамырын дәл басып көрсеткен [1,128].
“...Тіл фактілері мен деректері – тұла бойына тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың
өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек” [2,201], -
дейді ғалым академик Ә. Қайдар.
Дүниенің барлық бейнесі тілден көрінеді, өйткені ол адамзат танымының бірден-бір феномені.
Тілде адамның өмірдің мазмұнын іздегенінен бастап, дүниенің ғылыми тұжырымдамасын
қалыптастырумен аяқталатын танымдық әрекеттері сақталған.
Кез келген адамзат бірлестіктерінің табиғи-әлеуметтік іріктеуі барысындағы тіршілігінің
түрлерінен пайда болатын пайымдаулар мен танымдар «ұжымдық сана» қорында сақталады.
Сондықтан әрбір мақал-мәтел когнитивті-этикалық және рухани-эстетикалық бөліктерден тұрады,
яғни мақал-мәтелдердің негізінде салт-нышандық жүйе мен оның идеялық-ділдік мазмұны жатыр,
атап айтқанда сөздің, ойдың және әрекеттің бірлігі. Бұл өз кезегінде мақал- мәтелдердің сөз
астарындағы терең мағыналарға, оларды туғызған себептерге алып келеді. Тілді білу осы
себептерді меңгеруден тұрады. Мақал-мәтелдердің тілдік табиғатын кешенді- жүйелік зерттеуді
енгізу қажеттілігі халықтық мәдени дүниесін бейнелеп, тілдік құбылыстарды күрделі және
кешенді зерттеу барысының дамуымен тығыз байланысты. Соңғы кездері тіл басқа ғылым
салаларымен (антропология, психология, философия, логика, мифология, этнография және т.б.)
тығыз байланыста зерттелуде. Ұлттың мәдениетін, өмірін, болмысын, ділі мен дінін біріктіретін
ұлттық тілдің табиғатын оның ішкі заңдары негізінде зерттеу жеткіліксіз. Халықтың тарихын,
мәдениетін, өмірге көзқарасын, психологиясын біріктіріп рухани байлығын сақтайтын ұлттық
тілді
зерттеу,
лингвистикада
этнолингвистика,
лингвомәдениеттану,
лингвоелтану,
этнопсихолингвистика сияқты және т.б. ағымдардың пайда болуы мен дамуына бастау болып, бұл
ғылымдардың өзара тығыз байланысы тілдің құрамдық және функционалдық жүйесін кешенді
түрде зерттеуді мақсат етеді.
Қазіргі заманғы лингвистикада осындай зерттеулер антропоцентризмдік, яғни «дүниенің тетігі
– адам» деп білетін ілімдік бағытта когнитивтік лингвистиканың «Дүниенің тілдік бейнесі»
теориясы негізінде жүргізіледі. Сондықтан да қазіргі заманғы лингвистиканың негізгі
бағыттарының бірі – бұл «дүниені тіл арқылы тану» заңына сәйкес тілді тану парадигмасы мен
сөздің түрлену дәрежесін көрсететін жүйе арқылы зерттеуді енгізу.
Әрбір халықтың рухани байлығы болып табылатын мақал мен мәтелдердің тілдік табиғатын
анықтау арқылы халықтың көркемдік-танымдық дүниесін, ұлттық және әлеуметтік тұрмысын
білуге болады. Олар халықтың толық өмірін, оның дүниесін, болмысын, алып рухы мен үрдістерді
философиялық тұрғыдан бейнелеп көрсетеді. Оларды бірыңғай құрылым ретінде зерттеу арқылы
тұтас бір халықтың өмірі туралы біршама мағлұмат алуға болады.
Халықтың рухани байлығы, көркемдік және шешендік өнерінің қайнар көзі болып табылатын
мақал мен мәтелдердің тілдік табиғатының өзіндік ерекшеліктері бар. Паремияларды
лингвистикалық зерттеулер бір жағынан ауыз әдебиетінің деректерін осы заманғы тілдің
деректерімен салыстыруға мүмкіндік берсе, басқа жағынан қандай да бір халықтың даму барысын
танымдылық-байланыстылық деңгейіне сәйкес анықтаудың тарихи негізі болып табылады. Себебі,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
мақал мен мәтелдер халықтың әр замандағы қалыптасуы кезінде оның тұрмыстық, әлеуметтік-
тарихи тәжірибесі негізінде пайда болады.
Өзіндік тұрмыс, салт, ырымдар, материалдық және рухани мұра – бұл халық өмірінің айнасы.
Қандай да бір халықтың өкілдері оған қатысы жоқ басқа халықтың мәдениетін толығынан танып-
біле алмайды. Ол үшін сол тілде сөйлеп, ойлап, оның ауасымен дем алып, сол жерде өмір сүру
керек. Тек сол халықтың тұрмысын, рухани-танымдық тәжірибесін қабылдап және бойға сіңіріп
барып, оның мәдениет кодының кілтін тауып ашуға болады.
Мақал мен мәтелдерде, халық санасы мен ұлттық менталитетінің тілдік көрсеткіштерінде
дүниенің бейнесі адамдардың өмірінде дәлелденіп және тексерілген тәжірибесі негізінде
көрсетіледі. Мақал мен мәтелдер арқылы тілдің дүниелік бейнесін зерттеу үшін оларға этносты
(ұлысты) таным негізінде талдау жасап және олардың құрылымының этнолингвистикалық
себептерін анықтау керек, өйткені тілдің дүниелік бейнесін зерттеу тілдік байқалым мен ұлттық
мәдениеттің варианттарын, халықтың этнопсихологиялық жай-күйі, нанымы мен сенімін
зерттейтін этнолингвистикамен тығыз байланыста. Этностың өмірін этнопсихологиялық тұрғыдан
зерттеу халықтың психологиясынан, тарихынан, дүниеге көзқарасынан ақпарат беретін
этномәдениеттік лексемалар табиғатын түсінуге мүмкіндік береді. Халықтың қоршаған орта мен
дүниеге көзқарасын көрсететін танымының тілдік айналымының себептері арқылы көненің көзінің
мәдениет танымын анықтауға болады.
Ғылымда мақалдардың нақты белгілі бір анықтамасы жоқ. В.Мидердің пайымдауына сүйенсек,
мақалдардың өзіне қарағанда оларға анықтама беруге тырысушылар көп. Мысалы, В.Г.Белинский
мақалдарды «халық тіршілігінің жүрген философиясы», С.И.Ожегов – «халық афоризмі»,
В.Мидер- «кристалданған даналық» деп атады.
Мақалдар дәстүрлі түсінікке сай кең тараған, тура және жанама мазмұны, ырғақтық ұйымы бар
және бейнелік суреті мен қорытынды үйретуден тұратын екі бөліктік құрылымды халыққа кең
тараған қысқа, нақыл сөз және фольклор жанры ретінде қаралады. Мақалдар үнемі белгісінің
қайталануымен және сөз субъектісінің ролінде жалпы түсінік болуымен ерекшеленеді.
Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзiмен бiрге жасалып, екшелiп, ұрпақтан
ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз әдебиетiнiң бай саласының бiрi – мақал- мәтелдер.
“Мақал-мәтел – сөз мәйегі”, “Мақал – сөздің мұнарасы”, - деп, қазақ халқы ауыз әдебиетінің асыл
жанрына аса құнды баға берген. Халық қашан да өскелең ұрпақты тәрбиелеудің мәнін, оның
қиындығы мен қуанышын, одан шығатын нәтижені біліп отырған. Осы тұрғыдан алғанда, ауыз
әдебиетіндегі шағын жанрлардың бірі – мақал-мәтелдер баланың ой-өрісін, дүниетанымын,
қиялын, тілін дамытуда, тәлім-тәрбиесінде терең мән жатыр. Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы
халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі. Мақал-мәтелдер - әр кезеңде ата-бабадан
ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінінде халықтың өмір сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген ақылының кені
жатыр. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мақал мен мәтелге мынандай түсіндірме берілген:
«Мақал – үлгі-өнеге ретінде айтылатын жалпы халықтық нақыл сөз; мақал деп қысқа, образды,
ұйқасты, тұжырымды нақыл сөзді айтамыз» [3,102]. «Мәтел – тұжырымды, бейнелі әрі ықшам
нақыл сөз» [3,168].
Мақалдардың анықтамалары әртүрлі болғанымен, барлық паремиологтар мақалдардың қоры
халықтың ең маңызды құндылықтарын жинақтап бойына сіңіретіндігіне ортақ пікірде.
М.С.Шолоховтың пікірінше, мақалдар адамзат қарым-қатынастарының шексіз көптүрлілігін –
ақыл-ой, өмірдің ілімін, адамдардың қуанышы мен қайғысын, күлкісі мен жылауын, махаббаты
мен ашуын, шындық пен жалғанды, адалдық пен алдауды, еңбекқорлық пен жалқаулықты,
шындықтың әсемдігін және соқыр нанымның құбыжықтығын бейнелейді. Яғни, қандай да бір
тілдің паремияларын талдау белгілі-бір лингвомәдениеттік бейнені қайта қалпына келтіруге
мүмкіндік береді.
Мақалдардың көпшілігінде авторы және әдебиеттік дереккөзі болмайды, бірақ та зерттеулері кең
таралған мақалдардың бірталай бөлігінің Еуропа, Америка, Австралия, Азия мен Африкадағы
әдебиеттік дереккөздері бар екендігін көрсетеді. Бұл дереккөздер ретінде римдік классиктер, еврей
мен грек Інжілдері болады. Фольклоризация барысында дереккөздер ұмыт болып, уақыт өте келе –
кейде аздап өзгертілген күйінде – дәйексөздер нағыз мақалдар болып шықты.
Мақалдардың маңызды дереккөздеріне басқа тілдердегі паремиялар жатады. Бұл жерде тағы да
түпнегіз көзі жайлы сенімді болу қиын. Егер мақал қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде
болғанға
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
дейін латын, француз, испан тілдерінде болған болса, онда олардың тағы да басқа бір тілден
алынып пайдаланбағандығына сенім жоқ. Оның сол тілде болғаны, бірақ ол жазу және жазу
ескерткіштері болмауына себепті тіркелмеуі немесе тілдік қалыппен жүйеленбеуі мүмкін. Кейбір
алынып пайдаланылған паремиялар толық ассимиляцияланып сіңіріліп араласып, бірақ көптегені
ондай жасай алмайды. Мысалы, ағылшын тілінде көптеген алынып пайдаланғандар
түпнұсқасында қалған. Оған мысал мына төмендегі паремиялар: «cherchez la femme(франц.)», «in
vino veritas(лат.)» және басқалар.
Інжілден алынған мақалдар – бұлар шын мәнінде алып пайдаланудың бір түрі, өйткені, Інжіл
хет тілінен ивритке, одан әрі басқа тілдерге аударылып, ондағы даналық сөздер ескі иудей
қоғамының сана-түсінігін бейнелеп көрсетеді. Кейбір мақалдар толығымен Інжілден алынған.
Мысалы: «The spirit is willing, but the flesh is weak» паремияның дереккөзі есебінде Матфейдің
Інжілі болса, келесі паремияның дереккөзі Сүлейменнің астарлы әңгімелері Кітабы: «A soft answer
turneth away wrath» (қысқа жауап ашуды жиеркентеді) болып табылады. Одан да көп мақалдар
өзінің бастауын Қасиетті Жазудан алады, бірақ кейбірі өзгерген түрінде: «Saw the wind and reap the
whirl wind»(желді ексең, боранмен өнім аласың). (Дереккөзі – Пайғамбар Осиидің Кітабы). «Spare
the rod and spoil the child» (баланы жазаламау – яғни оны бұзу). (Дереккөзі – Сүлейменнің астарлы
әңгімелері кітабы).
Қай елдiң мақал-мәтелдерiн алмасақ та, барлығының ең басты ерекшелiгi – тәрбиелiк
маңыздылығы. Ағылшын және орыс тiлiндегi мақал-мәтелдердi үйрету негiзiнде тек ағылшын
және Ресей халқының көп ғасырлық өмiрлiк тәжiрибесiмен, әлеуметтiк, этикалық және
эстетикалық көзқарастары мен дүниетанымымен таныстырып қана қоймай, ең бастысы сол нақыл
сөздер мен мақал-мәтелдердiң тәрбиелiк мәнiн түсiндiрiп, сөздiк қорын байытамыз. Ағылшын
және орыс тiлiнен қазақшаға аударуда қиыншылықтар кездесетiнi де сөзсiз. Аударманы жасаған
кезде басқа тiлдiң көмегi арқылы белгiлi бiр тiлдегi мазмұнды мүмкiндiгiнше дәл жеткiзу,
ағылшын және орыс тiлiндегi мақалды немесе мәтелдi түсiнiп, оны өз туған тiлiнде түсiндiруге
және керiсiнше жасау iскерлiгiне ие болу мiндетi қойылады. Осы мақал-мәтелдердегi немесе
нақыл сөздердегi мағыналық реңктiң ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ұғыну ағылшын тiлiн
үйренуiне елеулi көмек көрсетедi.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдер жан-жақты қарастырылып талданды.
1. Ағылшын, қазақ, орыс тілдеріндегі мақал-мәтелдер жеке тақырыптар бойынша сараланды:
адам және оның қасиеті, еңбек және кәсіп, ғылым-білім, денсаулық, адамгершілік, достық, отан
туралы, дін т.б.
2. Мақал-мәтелдер мағыналарына қарай сараланды:
а) Мақал-мәтелдердің 3 (қазақ, орыс, ағылшын) тілде сөздік баламасының әр түрлі
мағыналарының бірдей болуы. Мысалы: 1) “Care killed the cat” – «Не работа старит, а забота»,
«Еңбек қажытпайды, қайғы қажытады». Былай қарасақ, үш мақалдың да түпкі бір үндестік – еңбек
етсең ғана бұл өмірде қиындықты жеңе аласың. Бірақ, кішкене ойланып, үңіліп қарасақ, орыс және
қазақ тілдеріндегі мақал-мәтелдер бір-біріне едәуір жақын және бір-бірінің тура аудармасы болып
табылады. Ал, ағылшын тіліндегі баламасы осы екі жағдайдақалған екеуімен мағынасы жағынан
үндеседі. 2) “Live and learn” – «Век живи – век учись», «Оқусыз білім жоқ, Білімсіз күнің жоқ»
[4,166]. Үш тілдегі мақал-мәтелдердің барлығында бір ғана ой айтылған. Яғни, ол өмірде оқусыз
күнің жоқ, «оқы, оқы және оқы» деп айтқандай. Түпкі мағынасы бірдей деп айтуға болады.
ә) Мақал-мәтелдердің 3 (қазақ, орыс, ағылшын) тілде сөздік баламасының дәл келуі. Мысалы:
Бұндай синонимикалық мақал-амәтелдер аудару барысында тiкелей аудару арқылы аударылған,
мағыналары да, сөздерi де бiрдей. Бұндай ұқсас синонимикалық мақал-мәтелдердi шетел тiлін
меңгеруде қолдану өте қолайлы.
Мысалы: 1) “One drop of poison spoils the whole tun of wine” – «Паршивая овца всё стадо портит»,
«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді». 2) “All is not gold that glitters” – «Не все то золото, что
блестит», «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Бұл жерде мақалдар тура аудармасы бойынша әрі
ұқсастық, әрі үндестікті көрсетеді. Үш тілдегі мақал-мәтелдердің құрылысы, мағынасы жағынан
үндестігі мен айырмашылығын көрсететін мысалдарды көптеп келтірсекте болады. 1. Еңбек
тақырыбына: “No pains, no gains” - «Без труда нет плода», «Еңбексіз өнбек жоқ». 2. Адам және
оның қасиеті: “Appearences are deceptive – never judge from appearance” – «Наружность
обманчива», «Сырты жалтырауықтың іші қалтырауық» [5,128]. 3. Білімге байланысты: “Two heads
are better than one” – «Ум хорошо, а два лучше», «Кеңесіп пішкен тон
келте болмас». 4. Батырлық,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
ерлік туралы: “Fortune favours the brave” – «Слипость сдвигает горы с места», «Тәуекел тау
жығады». 5. Туған жер, Отан туралы: “East or West, home is best”, «Нет земли лучше Родины, нет
людей лучше чем на родине», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». 6. Денсаулық
туралы: “Take a hair of the dog that bit you” – «Чем ушибся, тем и лечись», «Демі бардың емі бар».
6. Достық туралы: “A friend in need is а friend indeed” – «Друзья познаются в беде» [6,85],
«Досыңды қиналғанда бір сына, қуанғанда бір сына».
Мақал-мәтелдерге тән көркемдiгi, ырғақты суреттеуi арқылы олар өте тез есте сақталып, ағылшын
және орыс тiлiн үйретудiң әр түрлi аспектiлерi мен кез-келген басқа мақсат үшiн иллюстрация
ретiнде қолданыла алады.
Қорытындыласақ, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерінің өзара ұқсастықтары
мен көптеген айырым белгілері бар. Олардың барлығы әрбір халықтың салт- дәстүрлері мен
рухани мәдениеттердің ерекшеліктеріне байланысты. Бұл белгілер сол халықтардың тілі, дінінде
көрініс табады. Туыс емес тілдердегі бірқатар мақал-мәтелдердің өзара мағыналас болып келу
қазақ, орыс және ағылшын халықтарының өмір тәжірибесінің, көзі жетіп, көкейіне түйген ой-
тұжырымдарының ұқсастығымен, астастығымен байланысты. Тіл-тілдегі мақал-мәтелдер әрбір
халықтың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жөнінде ақпарат көзі, яғни
дүниенің тілдік бейнесі болып табылады. Әртектес тілдердің мақал- мәтелдерін салғастырмалы
түрде зерттеу жұмыстары жалпы тіл білімін теориялық тұрғыдан соны тұжырымдармен
толықтыра түседі және кейбір практикалық мәселелердің шешімін табуына септігін тигізеді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Қайдар Ә.Т. Этнолингвистика // Білім және еңбек. - 1985. - 168 б.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы // Қазақ мақал-мәтелдері мен шешендік сөздер. – Алматы: Мектеп, 1976. -
260 б.
3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 7 том. – Алматы: Ғылым, 1983. - 256 б.
4. Смайлова А.Т. Қазақтың мақал-мәтелдерi. – Алматы: Көшпенділер, 2005. - 400 б.
5. Дәуренбеков Ж. Қазақ мақал-мәтелдерi. – Алматы: Ана тілі ЖШС, 2001. - 192 б.
6. Баймаханов Т. Английские пословицы и поговорки и их эквиваленты в русском и казахском языках. –
Алма-Ата: Мектеп, 1988. - 159 с.
Редакцияға 26.10.2010 қабылданды.
Достарыңызбен бөлісу: |