"Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім", - деді президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Абай облысы болдық!
Кезінде Алаш қаласы атанып, Алаш автономиясының астанасы болған Семей енді Абай облысының орталығы болады. Кезінде мұндағы ет комбинатына ел ішінен бөлек, сырттан да мал айдап әкелетін. Тері былғары комбинатының да атағы алысқа кетті. Семейдің ақ кірпіші да құрылысшы атаулыға жақсы таныс. Абай туған өлкеде көненің көзіндей тарихи-мәдени орталықтар да жетіп артылады. Қазір де өндіріс орындары бар болғанмен мәселе де жетерлік. Тозығы жетіп тұрған дүние де көп. Кешегі жолдауында Президент те осы мәселені еске салды. Ең бастысы сең қозғалды. Абай облысы құрылады. Бұл өңірдің экономикасына да басқа да әлеуетіне әсер етері сөзсіз. Елдің қуанышында шек жоқ.
Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары және Семей, Курчатов қалалары енеді. Облыс орталығы - Семей болады. Осыған дейін Шығыс Қазақстанда облыс қана емес, екі аудан да бөлінетіні хабарланған. Көкпекті, Тарбағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қалпына келтіріліп, қайтадан екіге бөлінбек.