«Қазақтардың 1860-1870 жж. азаттық күресі» тақырыбына
дидактикалық материал
(1-сабақ)
Қосымша-1
Зерттеу алды тапсырмасы: «Суретпен жұмыс»
Тапсырма шарты: Суретқа қарап төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз.
Сұрақтар:
Суреттерде нақты қандай үдеріс сипатталуда?
Қандай мәселе талқылануда?
Қандай іс-әрекет болып жатыр?
Бұл адамдар кімдер?
Ары қарай не болуы мүмкін?
Қайда болып жатыр?
Суреттегі әр кейіпкерді сипаттаңыз
Олардың ойларын анықтаңыз.
Бұл суреттегі ең маңызды аспект қандай?
Қосымша-2
Тапсырма шарты: Мәтінді оқып, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз.
1867-68 жж Орал, Торғай ұлт-азаттық көтерілістері
1867—1868 жылдары Қазақстан үш генерал-губернаторлыққа бағынды. Орынбор генерал-губернаторлығына — Орал, Торғай облыстары; Батыс Сібір генерал-губернаторлығына — Семей, Ақмола облыстары; Туркістан генерал-губернаторлығына — Жетісу, Сырдария облыстары мен Орал және Сібір казак-орыс әскери округтерінің кейбір аудандары кірді. Әрбір облыстың басында әскери губернатор мен оған бағынышты облыстық басқарма болды.
Жалпы, әскери билік пен азаматтық билік бір адамның қолына жинақталды. Сот жүйесінде әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Олар жалпы империялық заңдар негізінде жұмыс істеді. Облыс → уезд → болыс → ауыл → түтін (шаңырақ) әкімшілік бөлінісі ру бөлінісімен санаспай, аумактық принцип бойынша құрылды. Сол арқылы ру ақсақалдары мен билерінің ықпалын кеміту көзделді.
Қазақстандағы әкімшілік-сот реформалары Ресейдің экономикалық даму талаптарына сәйкес, Қазақстандағы өздерінің өктемдігін баянды ету үшін ел басқарудың жүйесін түбірінен қайта құруға кірісті. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша түтін салығы жылына әрбір шаңыраққа салынатын бұрынғы 1 сом 50 тиын орнына 3 сом мөлшерінде көбейді. Салықтың бүкіл ауыртпалығы еңбекші қазақтардың мойнына түсті. Оның үстіне старшындар мен болыс басқарушылар өздерінің билігін пайдаланып, кейде салықты бірнеше рет жинайтын болды. Болыс бастықтарына түрлі қоғамдық қажеттіліктер мен «игілікті мақсаттар» үшін салық белгілеуге құқық берілді, халық бұл салықты «қарашығын» деп атады, өйткені мұны жинағанда болыстар мен ауыл старшындары халықты әбден тонайтын. Халық земстволық салық төлеуге міндетті болды. Яғни, ауылдық-болыстық әкімшілікті асырау, көпір, жол, пошта бекеттерін ұстау мен жөндеуге қажетті қаражат, көліктермен қамтамасыз етуге тиіс болды.
Кіші жүз қазақтары 1868—1869 жылғы «Уақытша Ережені» енгізуден көп бұрын табиғат байлықтарынан: жерден, орманнан, өзен-көлдерінен айырылған болатын. Тұз кендері, аң аулайтын жер Орал, Орынбор казак әскерлері және генерал-губернаторлық меншігінде болды.
Қатал қанау көшпелілер мен жартылай көшпелілерді жоқшылыққа ұшыратты. Қазақ кедейлері жұмыс іздеп казак шептеріне шұбырды. 40—50-жылдары Орал, Орынбор шептерінде, орыс-казак билеушілері топтарында, саудагерлерде, балық және тұз кәсіпшіліктерінде жалданып жұмыс істейтін қазақ жұмысшыларының саны 40 мыңнан асты. Бірақ 1868 жылғы «Уақытша Ережені» енгізу қарсаңында шептің ішкі жағындағы жерде еңбек етуге ерік беретін билет ақылы (10—12 сом) етіліп, оларға егіншілікпен айналысуға, тұрақты мекендеп қалуға шектеу қойды.
Қазақтардың бүкіл азаттық үшін күресінің негізгі көкейкесті мәселесі — жер. 1868 жылғы «Уақытша Ереже» бойынша қазақтардың ата-қонысы мемлекет меншігі деп жарияланды. Жер қауымдық пайдалануға берілді.
Кіші жүз қазақтары мен Жайық казактары арасындағы жер жөніндегі қатынастар бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Малдың тебінде болғаны үшін әскер атаманының пайдасына қой басы — 15 тиын, ірі қара мал — 18 тиын, жылқы — 23 тиын, түйеге — 38 тиыннан ақы алынды. Бұдан басқа станицалық қоғамдар «өздерінің жеріне» көшіп Келген әрбір үй үшін қазақтардан 4 сомнан ақша алып отырды.
Жерге зәруліктің, жайылым жетіспеуінің салдарынан XIX ғасырдың 60-жылдарында рулар арасында, жартылай отырықшы және көшпелі қазақтар арасында күрес күшейді. Жер дауы көшпелі қоғам бірлігіне нұқсан келтірді. Оны дағдарысқа ұшыратты.
Казақстанның оңтүстігінің Ресейге түпкілікті қосылуы 1867—1868 жылдардағы «Уақытша Ереженің» жасалуына тікелей байланысты. Бұл заң Ресейдің империялық пиғылының арта түскендігінің көрінісі. «Уақытша Ереженің» түпкі астары—қазақтардың әлеуметтік-мәдени және этностың тұтастығынан айыру еді. Көшпелі қоғамның тірегі — рулық құрылымды бұзып, әкімшілік басқаруды оларға түсініксіз, сан алуан сатылы билік иерархиясымен ауыстырды. Орал облысы қазақтарының жері Орал казак әскерлері жерімен біріктіріліп, оны басқару казак атаманының қолына берілуі де қазақтардың наразылығын туғызды. Қазақтар дүниетанымы мен көшпелі өмір салтына қайшы келетін сырттан күшпен таңылған жаңа реформаны қабылдамады.
Көтерілістің басталуы
Қазақтар 1868 жылғы «Уақытша Ережені» «жаңа штат» деп атаған. Міне, осы «жаңа штат» туралы алып қашты хабар оны жариялаудан көп бұрын және ұйымдастыру комиссиясы елге шықпай тұрып-ақ тарады.
Ұйымдастыру комиссиясы, ең алдымен, үй есебін алуға, онбасы, елубасылардың сайлауын өткізуге, олардың арасынан ауыл старшындарын, болыс билеушілерін сайлауға, елді ауыл-ауылға бөлуге, жаңа мөлшерде үй басы салығын жинауға тиіс болды. Бірақ бұл комиссиялар ауылдардың табанды қарсылығына кездесті. Қазақ еңбекшілері «Уақытша Ереженің» негізгі мәнін дұрыс ұғынып, оны қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты.
Жаңа әкімшілікке бөлу жайылымдарды пайдаланудың ғасырлар бойы келе жатқан тәртібіне үйлеспеді: бір рудың жайлауы, қыстауы басқа уездер мен болыстардың қарамағына ауысып кетті.
«Уақытша Ережені» жүзеге асыру үшін шыққан комиссия 1868 жылдың қаңтарында жұмысын тоқтатып, шеп бойына қайтуға мәжбүр болды.
Орал облысында 1869 жылы 12 қаңтарға дейін 11 болыс шеп бойындағы қазақтардан ғана құрылды. Торғай облысында 1 ақпанға дейін 9 болыс құрылды. Алайда көп ұзамай ұйымдастыру комиссиясы өз жұмысын бірінші Орал облысында, кейіннен Торғай облысында тоқтатып, шепке кейін қайтуға мәжбүр болды. Комиссия сөзіне қарағанда, «Уақытша Ережені» қабылдамауды қазақтардың барлығы бірігіп шешкенге ұқсайды. Ал комиссияның бетін қайтарған қазақтардың қатары толыға түсті. Өздеріне орыс бастықтарының тағайындалуына, түтінге санақ жүргізуге наразылардың қатары өрши берді.
1869 жылы ақпанда комиссия күзетші жасақ пен бұрынғы сұлтандарды ертіп қайта шықты. «Уақытша Ережені» қабылдамай қайсарлық көрсетушілерге қарсы әрі Елек комиссиясына көмекке Ембі постындағы күшке қоса екі зеңбірегі бар 200 казак жіберілді. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановский мен Орал облысы әскери губернаторы Н.А.Веревкин қарсылық көрсетушілер Жем өзені бойындағы жайлаудан айырылатындығын ескертіп, қорқытумен болды.
Комиссия Елек өзенінің бастауы тұсындағы 30-дистанцияға қарасты қазақтардың күштірек қарсылығына кезікті. Бұған басқа да дистанцияларға қарасты халықтың көтеріліске шыққан бөлігі қосылды. Комиссия қоршауға түсіп, оның төрағасы Плотниковты «енді қайтып келмеймін» деген тілхатын алғаннан кейін ғана босатады.
Бірінші кақтығыс 1869 жылы 21 қаңтарда Гурьев уезін ұйымдастыру комиссиясына қарсы болды. Адайлардың, 400 ысық руы қазақтарының Тентек, Сағыз өзендері бойында көрсеткен қарсылығынан Жемнен әрі қарай өте алмаған комиссия мүшелері Каспийдің қатқан мұзы үстімен кейін қайтты.
1869 жылдың көктемінде жекелеген ауылдардың ашынуы көтеріліске ұласты. Қазақ ұлықтарына жалданған бақташылар, батырақтар және басқа еңбеккерлер қырға жиылып, 600—700-ден бөлініп, жасақтар құра бастады.
Қазақтар топ-топ болып бірігіп, жасақ ұйымдастырды. Олар күндіз-түні жан-жақтан комиссияны мазалаумен болды. Шеп бойындағы казак-орыстардың малдарын айдап әкетіп, әскери жасақтарға шабуыл жасады.
Көтеріліс ошақтары
Торғай облысы Ырғыз, Елек уезі осылайша көтерілістің бір ошағына айналса, екінші ошағы Орал облысының Орал, Калмыков уезінде қалыптасты. Калмыков уезінде Тайпақ деген жердегі Азнабай елді мекенінде алаша, байбақты рулары көп топтасты. 1869 жылғы наурыздан бастап стихиялы түрде шыққан наразылықтар белгілі формаға ие болып, ұйымдасқан сипат алды. Тіпті комиссия мүшелерімен келіссөз жүргізілді. Олар тұрақты жасақ құрып, алдыңғы шепке күзет қойды, ұсақ топқа бөлініп, үздіксіз шабуыл жасады. Өз іштерінен хан, әмір сайлап, дербес билік жүйесін құрды.
Халық арасында беделді азаматтар мен ақсақалдар бас қосып, «Уақытша Ережеге» байланысты кеңес өткізді. Торғай облысы Елек уезіндегі Қобда бойында Белқопа деген жерде Мұңайтпас Бөтенбеков деген бидің ауылына 500-дей ру ақсақалдары жиналады.
27 наурызда атаман Веревкин Орынборға былай деп хабарлайды: «Көтерілісшілер өз араларынан хан етіп, сұлтан-сыйық руы – Беркін Оспановты, алашалықтар – Сейіл Түркебаевты, байұлы мен шеркештіктер – Құспай Айбасовты, кете мен шектілер – Мәмбетәліні, табындықтар – Ханғали Арыстановты сайлады. Олардың ішінде Айбасов халыққа Құдай мен дін жолын қорғау үшін әскер жасақтау жайлы үндеу тастады»
Наурыздың соңы мен сәуірдің басында белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев Орал облысына келіп, «Уақытша Ереженің» күмәнді тұстарына тоқталып, жер сатуға рұқсат берудің зиянды жақтарын түсіндіреді.
Елек, Қобда бойындағы көтеріліс ошағында 6 мың отбасы қарсылық көрсетті. Көтерілісшілерге бұрын сұлтан-басқарушының көмекшісі болған Ханғали Арыстанұлы басшылық етті. Олар Ырғыз уезінде Орал-Ор пошта бекеттерін тонады.
Шекті руы қазақтары «комиссияны қабылдамаймыз, одан Хиуаға кеткеніміз артық» деп мәлімдейді. Бір бөлігі Сырдария облысына қарай қоныс аударуға бел буады. Патша үкіметі дистанциядағыларды жазалауға әскери жасақ шығаруға шешім қабылдайды. Ембі постына шыққан Новокрещенов жасағына 18 наурызда Бестамақ деген жерде 700 адам шабуыл жасайды. Жеңілген қазақтар жаппай Жем бағытына қоныс аударды.
Орал мен Торғай облысында комиссиялар өз міндеттерін орындай алмады. «Уақытша Ереже», негізінен, қыстаулары мен жайлаулары шеп аудандарының ішінде қалған, казак әскерлерінің іргесіне орналасқан, көші-қон жөнінен оларға түгелдей тәуелді қазақтарға ғана енгізілді. Бірақ бұл Кіші жүздегі үй санының ⅓ бөлігінен де аз еді.
1869 жылғы наурызда толқу бүкіл Орал облысын, Торғай облысының батысы мен оңтүстігін түгел қамтыды. Шалқар көлінің маңайына Ханкөл, Азнабай, Тайпақ, Өлеңті, Құрайлы, Шідерті, т.б. өңірлерін мекендеген рулардың көтерілісін Сейіл Туркебаев пен Беркін Оспанов басқарды. Көтерілісшілер найза, қылыш соғып, қару-жарақ, оқ-дәрілер іздестірді. Ең маңызды жерлерге салт атты шолғыншылар қойылды.
Қазақ арасындағы күрестің қайсысын болсын, әдетте, барымтаға әкеліп саятын патша әкімшілігінің өзі де бұл жолғы күрестің саяси мәні бар екенін мойындауға мәжбүр болды. Орынбор генерал-губернаторы Н. Крыжановский үкіметке ресми түрде хабар берді. 27 наурызда соғыс министрі Милютин оған патшаның көтерілісшілерге қарсы шараларды құптағанын, Бас штаб тарапынан барлық шаралар қолданылатындығын жазады. Көтерілісті қарулы күшпен басып-жаншу үшін өкімет орындары үш айдай дайындалды.
Фон Штемпель жасағына шабуыл
Көктем түскен соң комиссия жеткілікті қаруымен екінші рет қырға аттанды. Көтерілісшілерге қарсы Торғай облысында Ақтөбе бекінісін, Орал облысында Ойыл бекіністерін салу көзделді. Көтерілісті біржола басу үшін олардың негізгі күші шоғырланған жер — Ойыл өңіріне соққы беруге Орал облысының әскери губернаторы Веревкин 400 солдат, 4 зеңбіректі бір рота, т.б. күштермен Ойыл бойына аттанды.
Торғай облысындағы Ойыл, Сағыз, Жем өзендерінің өңірінде орналасқан көтерілісшілер фон Штемпель жасағына қарсы шықты. Ойыл өзенінен 20 шақырым жердегі қақтығыста 20 мың көтерілісшілер 7 күн шабуылдап, фон Штемпельді Калмыков қамалына кетуге мәжбүр етеді. Ал Орал облысына екінші рет шыққан комиссия қайта қайтып кетті.
Көтерілісшілердің фон Штемпель жасағына жасаған шабуылы 1869 жылы Орал, Торғай облыстарындағы көтерілістің ең бір шарықтау кезі болды.
Шабуыл сәтсіз аяқталғанымен, көтерілісшілер көлге баратын жолды кесіп өтіп, фон Штемпель жасағын сусыз қалдырады.
Орыс әскери мамандары қазак даласындағы бұл шабуылды ең күштісі деп бағалады. Шынында, саны жағынан 20 мыңдай қалың қолдың жиналуы бұрын соңды болмаса керек.
Патша үкіметі негізгі күштердің басын қосып көтеріліс ошағына бағыттау үшін біріктіруді ұсынды. Маусым айында Орал казак әскери атаманының өзі келе жатыр деген хабар, сондай-ақ патша үкіметінің барлық күштерді бір бағытқа көшіруі, қарулы отрядты жеңуге деген үмітті су сепкендей басты.
7 шілдеде 8 мың отбасы «Уақытша Ережені» мойындауға мәжбүр болды. 25 шілдеде байбақты Беркін Оспанов бастаған 1 мыңдық қол талқандалды. 31 шілдеде көтерілістің тағы бір басшысы Сейіл Түркебаев тұтқындалды. Қалған көтеріліс басшылары Хиуа жеріне өтіп кетті.
Көтерілістің жеңілуіне феодалдардың опасыздығы ғана емес, сонымен бірге кейбір рулардың арасында ауызбірліктің жоқтығы да себеп болды. Олардың ынтымақтаса қимылдауына жер дауы да бөгет болған еді. Казак шептері маңындағы ауылдар отаршылдарға қарсы белсене күреске шыға алмады. Майдан мен тыл бір жерде болып, көтерілісшілер қимылын өте-мөте қиындатты.
https://e-history.kz/media/scorm/292/363/text/text.htm
«УАҚЫТША ЕРЕЖЕНІҢ» ӘЛЕГІ
1868 жылдың 21 қазанында Ресей патшасы бекіткен Уақытша ереже келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, тәжірибе ретінде екі жыл ішінде жүзеге асуға тиіс болды. "Енді Қазақ жерін территориялық принцип бойынша белгілі бір шекаралары белгіленген әкімшілік бөліністерге — облыстарға, уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлді. Облыстар мен уездерді басқаруға тек қана патша чиновниктері — дворяндар мен қазақтардан шыққан офицерлер тағайындалды. Олардың қарамағында әскер, полиция, түрме болды.
Кіші жүз Торғай және Орал облысы болып екіге бөлінді, Кіші жүздің батыс бөлігі Орал облысына қарады. Облысты әскери губернатор басқарды. Әр облыс төрт уезге бөлінді. Жергілікті басқарудың ең төменгі буыны — ауылдарға 100-200 түтін қарады. (рулық туыстыққа қарамастан). Оларды патша отарлаушыларына «жағымды» жергілікті феодалдар басқарды.
Кең далада емін-еркін тұрмыс кешуге дағдыланған қазақтарды патша өкіметінің бұлайша әкімшілік территориялық бөліністерге түсіруі ірі рулардың бөлшектенуіне, қонысты пайдаланудағы қалыптасқан тәртіптің бұзылуына әкеліп соқтырды. Өйткені, қазақтар енді бұрынғыша бір жерден екінші жерге емін-еркін көшіп-қона алмайтын болды. Бір ауылдан екінші ауылға ауысу «полициялық өкіметтің» .рұқсатымен жүзеге асты. Оның үстіне басқа әкімшілік бөлініске ауысушы алдын ала үш жылға салық төлеуге тиіс болды. Ал, Ресейден келген қоныстанушыларға жерді, орманды, суды тегін пайдалануға, егін егумен, саудамен, кәсіпшілікпен шұғылдануға ерік берілді.
Жергілікті халыққа салынатын салық түрлері жыл сайын көбейе түсті. Түтін салығы бұрынғы 1 сом 50 тиынның орнына 3 сом болды. Зор ауыртпалық, әсіресе, жарлы-жақыбайлардың мойнына түсті. Сөйтіп, 1868 жылғы барлық жағдай патша өкіметінің жергілікті қазақтарды отарға айналдыруына, жан-жақты илеп-жаншуына арналды. Бұған шыдай алмаған халық патша өкіметіне қарсы бас көтере бастады. 1869 жылдың наурыз айында бүкіл Орал облысында, Торғай облысының оңтүстік, батыс бөлігінде халық көтерілісі етек алды. Алаша Сейіл Түркебаев, байбақты Беркін Оспанов бастаған халық көтерілісі патша отарлаушыларына қарсы ұзақ та батыл қарсылық көрсетті...
Көтерілісті басып, .жаншуға патша өкіметі де бар мүмкіндіктерін аянған жоқ. Олар көтерілісшілерді қырғынға ұшыратуымен қоймай, көптеген ауылдарды қиратты, жер үйлерді, пішендерді өртеді, қазақтардың мал-мүліктерін тонады. 71 мың түтін орналасқан территорияға Уақытша жағдай енгізілді. Айып ретінде түтін басына бір сомнан ақша өндірді. Оның үстіне саудагерлер мен қазақ басшыларының талабын қанағаттандыру үшін 143305 сом тағы жинап алды. Көтерілісшілерден тартып алынған мал қазынаға өткізілді. Көтерілістің басшылары және оған белсене қатысушылар аяусыз жазаланды. Ауыр азапқа шыдай алмаған Сейіл Түркебаев Орал қаласының түрмесінде сотқа дейін қайтыс болды. Сөйтіп, 1869 жылғы Кіші жүз қазақтарының отарлаушыларға қарсы күресі аяусыз жаншылған еді.
Дескрипторы:
Көтерілістің дәл осы аймақта болу себебін анықтайды;
Көтеріліс болған амақтарды және жетекшілерін атайды;
Көтерілістің 1 саяси, 1 экономикалық,1 әлеуметтік себебін сипаттайды;
Орал, Торғай көтерілісінің мақсатын (2- 3 халық талаптарын) нақтылайды;
Көтерілістің қозғаушы күштерін атайды;
Көтерілістің барысындағы маңызды 2-3 оқиғаларды түсіндіреді;
Көтерілістің нәтижесін, жеңілу себептері мен тарихи маңызын талдайды
Қосымша-3
2-тапсырма. Картамен жұмыс.
Тапсырма шарты: Кескін картада көтерілістің болған аймақтары мен көтеріліс ошақтары болған жерлерді белгілеңіз.
Дескрипторы:
Орал, Торғай көтерілістері қамтыған аймақтарды кескін картада белгілейді;
Орал, Торғай көтерілістері барысында көтеріліс ошақтары болған жерлерді белгілейді
Қосымша-4
3-тапсырма. Білімді жинақтау жұмысы
«Тұжырымды дәйектеу»
Үлгі:
Орал, Торғай көтерілісіндегі халық талаптарының бұрын болған Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістер талаптарымен сабақтас болды.
Оның бірінші дәлелі .... .... .... .... .... ...
Оның екінші дәлелі .... .... .... .... .... ...
Оның үшінші дәлелі .... .... .... .... .... ...
Дескриптор:
-Жауап құрылымын сауатты құра алады;
-Дәйекпен дәлелдеп, жауапты дұрыс береді
Достарыңызбен бөлісу: |