1-мәтін
Кейде жақын жердегi кең жайылым – "Қорықтан" адырға қарай шеттей ұшқан топ үйректердiң сыпсың қанат қағыстары естiледi. Ұяны сай тастан, iндi моладан салып ап, жұп-жұбайлы күндерге жаңа ауысқан саралақаз, италақаздар үн салып өтедi. Абай кiтап оқып отырса да, көктемнiң осы сияқты көп алуан жаңа тiрлiгiн үнемi қатар сезедi. Ойлай сезедi.
Үй жанынан кiшкене, шымыр тұяқтарымен шапшаң дүбiрлеп, топыр салып, жас қозы-лақтар жүгiрiп өттi. Бiр болымсыз себептен үркiп, ұйтқып безгендей. Әлi өмiр танымайтын жас буын өз тiрлiгiн үрке сүйедi.
Көршi үйден осы қозылардай оқушы балалардың да жамыраған үнi Абай құлағына оқтын-оқтын естiлiп қалады. О да адам көктемiнiң жас төлдi, балапанды тiрлiк үнi.
Абай кiтабын оқи отыра, даланың кей дыбыс, иiстерiн үстiрт қана сезiнсе, кейде оңай оралған қатар ойды жаңағыдай ойлай да отыр.
Еңсесi биiк отаудың оң жақтағы тұскиiз, шымылдығына шаңырақтан түскен күн сәулесiнде көктемдiк, жаңа ашық рең бар. Таза сыпырылып, таза жиылған оңаша үй Абай көңiлiн көтерiңкi етедi. Өзiне өзi тиген еркiн шақта, жас жасаулы, жарастықты жаңа көктемдi үйден, тыстан бiрдей сезiп, өзiнше бiр қуанышпен тын алады.
Кiтабына тағы да ерекше сүйсiнген ынтамен үңiледi. Бұл кiтапқа қазiрдегi Абай ықыласы тiптi бөлек. Ол ықылас – кiтап пен оқушы Абай арасында туған жақсы бiр ұғынысудан. Орыс тiлiнде жазылған ұзақ әңгiменi Абайдың ең алғаш рет еркiн ұғып, тiл бөтендiгiн жеңген кезi осы. Ұғымды болған кiтап бiрiншi өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей. Абайдың көп жылдан берi жетсем деп, тырмысып созылған, арманды жағасына шығаратын өткел.
Қай мезгіл суреттелген?
А)Қыс
В)Күз
С)Жаз
D)Көктем
2. Автор үйректердің қанат қағыстарын қалай суреттейді?
A)Тез
B)Сыпсың
C)Баяу
D)Ерекше
3. Абай кітап оқығанда қандай сезімде болды?
А)Аса қызығушылықпен үңілді
В)Сүйсінген ынтамен үңілді
С)Басқа ойлар мазалады
D)Сезім қанатында ұшты
2-мәтін
Абай қора салатын ұсталарымен, жұмысшыларымен және төрт-бес үй көршісімен келіп, сол жұмысын жүргіздіріп жатыр. Қораны салушылар өз жұмысын істеп жүр. Ол жақта көбінше Ербол мен Әйгерім болады. Абай бұл жолы әке-шеше ауылынан біраз ұсақ балаларды Кішкене молда деген тәрбиеші молдасымен бөлек үй көтеріп, бірге көшіртіп әкелген. Қазір көрші үйде үй салып жатқан сол шәкірттер ішінде Абайдың Ділдәдан туған балалары: Ақылбай, Әбіш, Күлбадан және кішкентай Мағаш бар. …Кітапхананың ұзынша оқу бөлмесінде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кіргенде, әр үстелдің айналасында екіден, үштен отырып, кітапқа үңілген жандарды байқады. Әр жастағы, әр алуан киімді еркек, әйелдер, жас оқушы шәкірттер мен қыздар да көрінеді. «Осы шаһардағы ең бір қадірлі орын-ау!» деп ойлана қарап, жақсы бейілімен кіріп еді. Абай танитын әжімді жүзді, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киімді қарт кітапханашы жымия күлді. Сирек бір қонағы келгендей, сыпайы пішінмен қарсы алды. Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді. Ол қатарындағы биік прическасы бар, сәнді киінген жас әйелге күлімдеген көзбен жиі иіледі. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай. Сол жігіт кітапханаға Абай кіргенде, қасында отырған паң жүзді көрші әйеліне Абайдың келе жатқанын көрсетті. Залдың ішіндегі оқушының біразына естіртіп, даурыға түсіп, тұрпайы бір әзіл айтты
4. Тәрбиеші молданы ауылдағылар қалай атады?
A)Жас молда
B)Оқытушы молда
C)Кішкене молда
D)Жұмысшы молда
5.Молда Абайдың қандай ісіне таң қалды ?
А)Көмекшісімен келуіне
В)Өтірік айтқанына
С)Үй жұмыстарымен жүруіне
D)Абайдың бармағанына
6. “ Залдың бергі шетінде мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүзді чиновник отыр еді” берілген үзіндіде көркемдеу құралының қай түрі қолданылған?
A)Метафора
B)Теңеу
C)Эпитет
D)Кейіптеу
7. Үзіндідегі “паң” сөзінің синонимін белгілеңіз:
А) Жас
В) Кербез
С) Қайырымды
D) Тұрпайы
8. “Осы шаһардағы ең қадірлі орын-ау” деп Абай қай жерді меңзеді?
A) Әке-шеше ауылы
B) Тәрбиеші молданың үйі
C) Кітапхана
D) Бөлме
3-мәтін
Мақұлбайдың жетiсi өткенше, Құнанбай Тәкежан үйiнен Нұрғаным аулына қайтқан жоқ. Жас тоқалдың үйiне қайтпауы – осы аз күн iшiнде Нұрғаным айналасында көп пәле туғызып жатыр. Даурығы аз, бiрақ зiлi мен түйiнi қиын пәле. Бұл ауылдарға жат болған аса бiр ауыр тартыс болып тұр. Ол тартыс әзiр Оспан мен Нұрғаным арасында. Екеуiнiң бiр-бiрiне қазiргi күндегi өштiгi, амалсыз iшке тығып жарияланбай жүргендiктен, әсiресе ширығып қатаяды.
Оспанның кеше Абайға айтқан хабарындағы хал бүгiнде де өзгерген жоқ.
Базаралы Құнанбайға сәлем бере келген-дi. Оны Тобықты жiгiтi iшiнен, Құнанбай әр кезде бөлек, ерек көретiн. Өз бала, iнiлерiне жасамайтын iлтипат жасайды. Жас жiгiттi сөйлетiп, әңгiмелерiн тыңдайтын. Мекеден қайтқалы Базаралымен алғаш кездескенi осы жол болғандықтан, оның шаруа қамын да көп сұрастырған. Үй iшiнiң, әке-шешесiнiң күнге жоқшылықтан арылмай жүргенiн естiген. Осы кезде тiптi жүдеп, шөгiп кеткен ауыр мұқтаждық халiн бiлген.
Өзiне бiткен азаматтық, зор көкiректiк бойынша Базаралы жоқ-жiтiк жайын көпшiлiкке айтпайтын. Бiрақ Құнанбайдан ешбiр сырын iрiккен жоқ. Айдауға кеткен Балағаз үйiнiң жетiм-жесiр болған бала-шағасы торғайдай тозып жүргенiн де жасырмаған. Оның ересек тартқан балалары айран-шалап үшiн әлдi ағайынға жалшыға да кетiптi. Жастары болса, iшерлiк сусыны да жоқ.
Күйеуi бейiл көрсеткен азамат ағайынға Нұрғаным да жаттық етер жөнi жоқ. Ол Базаралыға арнап, әртүрлi киiм тiккiзе жүрдi. Әлi күнге Базаралының нұрлы жүзiне, жолбарыстай келбеттi тұлғасына Нұрғаным айнымас ыстық достықпен қарайтын. Дүниеде бұл кешкен тiршiлiкте қызығы басылмас шын қадiрлес ардақтысы – осы қонақ. Нұрғаным бұл ауылдардың өзге адамы не ойлайтынын елеген жоқ. Оспанның бұны сырттан қыжыртып жүрген қабағын сан есiтсе де, түк қымсынбай, ернiн шүйiрiп, "есуас" деп қана қоятын.
"Базарылыға киiм тiккiзгенi де масқара! Әдейi сыр ашқаны ма? Бұдан асқан айғақ бола ма?" деген Оспан сөздерi Нұрғанымға жеткенде, онан да қымсынған жоқ. Құнанбай бұйрығымен iстетiп жатқанын айтуға да ерiнген. "Ойласа ойлай берсiн бар сұмдығын" деп, ерегiсе түскен-дi.
Кеше кешке Ақылбайды өзен жағасына жiбергенде, Нұрғаным Оспанды әдейi бiр кежiрлiк, қиястықпен әзiлдеп сынамақ едi.
9.Бірінші азат жолда қандай мәселе орын алды?
А) Оспан мен Нұрғаным арасындағы тартыс
В)Жана тоқал қызғанышы
С) Мақұлбайдың жетiсi
D) Оспанның Абайға айтқан хабары
10. Үзіндідегі Нұрғаным деген кісі кім?
А) Абайдың жас тоқалы
В) Оспанға үйлендірген келіншек
C) Базаралы тоқалы
D) Құнанбайдың жас тоқалы
11. Құнанбай мен Базаралы ара-қатынасы қандай?
A) Араларында ешбір сыр жоқ
B) Аса бір ауыр тартыс
C) Айнымас ыстық достық
D) Ардақты көрші қонақ
12. Нұрғанымның Базаралымен қарым-қатынасын суреттемейтін нұсқа:
А) Ыстық достықпен қарады
В) Жаттық етпеді
С) Аса қадірлес
D) Елеген жоқ
13. Неліктен Балағаз үйінің бала-шағасы торғайдай тозып жүр?
A) Ересектері жалшыға кеткендіктен
B) Балағаз айдауға кеткендіктен
C) Олар ешкімнің ойын елемейтіндіктен
D) Ешкіммен жақындығы жоқ болғандықтан
14. Соңғы азат жолдардағы Нұрғанымның бойынан байқалатын қасиет:
A) Әзілқой
B) Қайырымды
C) Қымсынбау
D) Ақыл
15. Берілген үзіндідегі басты мәселе:
A) Жас тоқалдың үйіне кетпеуі
B) Нұрғанымның бейнесінің ашылуы
C) Құнанбайдын Базаралыға деген ерекше қарым қатынасы
D) Нұрғаным мен Оспан өштігінің жарияланбауы
Достарыңызбен бөлісу: |