Алтын орда және бату хан асылжан Дулати Қр журналистер одағының мүшесі



бет1/3
Дата06.01.2022
өлшемі24,72 Kb.
#16827
  1   2   3

АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ БАТУ ХАН

Асылжан Дулати

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Ш.Мұртаза атындағы

Руханият және тарихтану

орталығының меңгерушісі
Облыстық «Ауыл – аймақ» газеті. №46 (228)

19 қараша 2020 жылғы санында жарық көрді.


Қазақ тарихының арғы тереңінен тамыр тартатын ұлы да текті тарихтың негізі болып жалғасқан Алтын Орданың еліміздің тарихи даму барысында алатын орны ерекше. Себебі, осы Жошы ханның иелігіне тиіп, оның ұрпақтары жалғастырған қасиетті де тұғырлы, абыройы асқақ Алтын Орданың қазақ этногенезінің қалыптасуына тигізген маңызы айрықша екені рас. Әлемді жаулаған Шыңғысханның барша түркі баласының басын қосып, бір ту мен бір шаңырақтың астына жинаған ақли саясаты мен билігі көптеген ұлыстар мен ұлттардың өз алдына жеке мемлекет болып ұйысуына түрткі болды. Яғни, аталған Шыңғыс державасының құрамынан қазіргі ұлттық мемлекеттер пайда болуымен қатар, әртүрлі тайпалық атаумен кішігірім елдер де қалыптасты. Қазақтың далиған кең-байтақ даласы Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының қарамағына өткеннен кейін «Жошы ұлысы» деген атау қалыптасып, одан кейін әлем тарихында мәңгілік із қалдырған Алтын Орда болып жалғасты. Біздің бұл мақалада айтпақ болып отырған ойымыздың негізгі парасы да осы ұлыстың тамырына өзек болған Бату хан мен Алтын Орданың мәдени дамуы туралы болмақ.

Қазақ халқының тарихи өркендеу барысында ерекше орын алатын, Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы хан жөнінде де көптеген аңыз-әңгімелер баршылық. «Ақсақ құлан» күйі, «Жошы хан» аңызы, «Жошы хан мен құландар» сияқты ертегі іспеттес жырлардың барлығы да оның еліміздің мәдени ортасында алар орны айрықша екенін білдіреді. Міне, осындай ұлы тұлғаға айналған Жошы ханның ұлы Бату ханды зерттей, зерделей отырып ұлы Алтын Орданың тарихына көз жүгіртетін боламыз.

13 ғасыр әлем елдерінінің санасында ең қанқұйлы тарихи желістер мен бөрі тектес түркілердің ғаламды талап жеген тағылық әрекеті ретінда сақталып қалды. Шығыстан тозақтың жалын отындай жер бетін жайпап шыққан мұғұл тайпаларының Еуразия даласының екіден бірін ат тұяғының астына таптап дүниені дүр сілкіндірген шапқыншылығы көптеген тайпалар мен ұлыстардың жүрегін ұшырған құбыжық қорқыныш болып елестеді. Түбі бір түркі тектес тайпалардың шашыранды басын бір арнаға қосып, қатаң тәртіп пен ұлы империя құру жолындағы Шыңғысханның көрегендігі өзі ойлағандай ұлы Тәңірінің қалауымен іске асты. 1206 жылы Алтай тауының етегіндегі Бұрқан Халдун жотасында мұғұл руларының басын қосып, өзін ұлы қаһан жариялаған Теміршынның батысқа жасаған ұлы жорығы, 1221 жылы бүкіл Азия елдерін бағындырумен аяқталды. Өзін ұлы хандардың ұрпағы санайтын Шыңғысхан да жаулап алған жерлерін төрт баласына бөліп берді. Үлкені Жошыға Дешті Қыпшақ даласы, Кавказ, Хорезммен бірге батыстың байтақ далаларын атының тұяғы жеткен жеріне дейін иеленуге берді. Екінші ұлы Шағатайға Мауереннаһр, Жетісу, оңтүстік азия елдері мен үндіге дейін билеуді тапсырды. Үшінші ұлы, тақ мұрагері Үкітайға бүкіл мұғұл мемлекетінің билігі мен осы мемлекеттің барлық жері оның мұрасы болып есептеліп, Тарбағатай, Еміл, Шығыс Түркістан жерлерін берді. Ал, төртінші ұлы Төлеге атақонысы мұғұл жерлері мен Ібір-Сібір, Қиыр Шығыс жерлерін мұраға қалдырды. Осы территориялық бөліністерден әлем тарихында бұрын-соңды болмаған ұлттар мен ұлыстардың жекелеген тарихы мен мемлекеті қалыптасатынын дәл сол кезде ешкім болжай алған жоқ.

Осы бөліністегі Жошы ұлысынан кейіннен ұлттық Қазақ мемлекеті пайда болды. Шыңғысхан үлкен ұлы Жошыға осылайша ұшы-қиыры шексіз қазақ даласымен бірге батыстың орманды-тұманды далаларын да қосып берді. Жошыға әсіресе қазақтың сарыарқалы кең жазирасы қатты ұнады. Осы өлкеде ол өзін еркіндіктің шыңында жүргендей сезінетін. Тіптен, қазақтың осы даласы туралы ортағасырлық Ибн Рузбихан тебірене былай деп жазғаны оған дәлел: «Бұл кеңістік өзендермен, гүлдермен және қызғалдақтармен жабылған, сондықтан оны Дешті Қыпшақ деп атайды... Бұл қандай Дешті Қыпшақ! Ол - жұмақтың жалғасы. Оның өрістері мен далалары Иранның бақтарынан асып түседі. Дешті Қыпшақ жердің 600 фарсағына тең. Оның көп бөлігі өзендермен жабылған. Осы елдегі гүлдердің әдемілігі әсемпаз бұлбұлдың өзін есінен айырады. Оның барлық гүлдері мен қызғалдақтары әлемдегі басқа бақтардың гүлдері мен қызғалдақтарының мөлшеріне қарағанда бірнеше есе үлкен».

Міне, осындай өзенді-гүлдерді даланың қызығына батқан Жошы хан, кейде әкесі Шыңғысқа да бағынбай кететін-ді. Өз алдына хандық құрып, өзі шексіз билікте болды. Бірақ, өкінішке орай ұзақ жасай алмады. Әкесінің көзі тірісінде 1227 жылы-ақ өмірден оза барды. Дешті Қыпшақ даласын билеген аз ғана жылдың өзінде ол артындағы ұлысындағы ру-тайпаларға абыройлы атағын қалдырып кетті. Жошы өмірден өткен соң оның ұлы тағына баласы Бату хан отырды. Бату ханның Европаға жорығы барысында ол бүкіл батыс елдерінің қорқынышты құбыжығына айналды. Италияға дейін жаулап алған Бату хан көшпенділердің ат тұяғы тиген жердің барлығын өз меншігі деп санады. Оның қаһарынан қорыққан көптеген батыс мемлекеттері Шыңғысханның ұлы тағында отырған Үкітайдан гөрі Батуханнан қатты қорықты. Олар үшін ұлы хандық Бату ордасы еді. Қалай болғанда да Батумен тату қарым-қатынаста болғысы келген елдердің барлығы оған алым-салық төлеумен бірге елшілерін деп жіберіп жатты. Сол елшілердің алғаш көрген ордасы Бату ханның алтыннан қапталған, іші-сырты түгелімен алмаз бен алтыннан жаратылған мекені болатын. Содан бастап олардың барлығы бұл орданы «Алтын Орда» деп атап кетті. Әрине, алтын деген сөздің түп төркіні де түркінің көне сөдерінің бірі екені айқын. Мағынасына ендеп қарасақ «қасиетті, киелі, бағалы, құнды, биік шың» секілді мән беретін ежелгі бабалар сөзі болғанын оңай аңғаруға болады. Бату ханның халық қойған екінші аты «Сайын хан» еді. Сайын деген сөздің мағынасы да ертедегі түркі сөздерінің бірі. Бұл туралы ортағасырлық Армиян тарихшысы Инок Магакия өзінің қолжазбасында: «Татар әскерлерінің жетекшісі Бачу-ноян оларға кішіпейілділік пен достық пейілін білдірген соң, олар патшаның інісі, армян аспарапеті, барон Смбатты Шыңғыс хан тағында отырған Саин ханға елші ретінде жіберді. Смбат көп ұзамай Сайын ханға келді ... Ол өте мейірімді еді, сондықтан халық оны Саин хан, яғни жақсы, қайырлы хан деп атады», - деген дерегінен-ақ көп нәрсені байқауға болады. Ал Алтын Орданың астанасы да жайық өзені бойынан тұрғызылып, Сарайшық деп аталды. Жаңа астана тұрғызу арқылы Алтын Орданың рухани дүниесін көтеруді ойлаған Бату хан мұны іске асыра да білді. Дегенмен де, Бату хан қанша шексіз билікке еге болса да өзін жеке мемлекеттің иесі сезіне алмады әрі орталықтағы ұлы қаһанға бағынышты болды. Жосық заңын қатты құрметтейтін мұғұл тектілер үшін бұл заңдылық болатын. Бірақ та, Батудың Алтын Ордасы бүкіл Еуропа мен оңтүстік-шығыс Азия елдері үшін нағыз хан сарайының өзі еді. Ол елдер Шыңғыстың ұлы тағынан гөрі Алтын Орданың бұйрықтарына бойұсынып, соның ғана бұйрықтарын орындады. Бұл – Бату мен Алтын Орданың атақ-абыройын әлемге асқақтатты. Осындай атақ-абыройға ие болса да Бату хан ешқашан Шыңғыстың ұлы тағына таласқан емес.

Әсіресе, 1251 жылы Шыңғысханның алтын тағына талас басталғанда «Ұлы таққа кім отырады» деген сұрақ Шыңғыстектілердің барлығының мазасын алды. Олардың көбісі осындай өліара уақытта Батуханға қолқа салды. Бірақ, Бату хан Шыңғыстың алтын тағынан бас тартты. Сөйтіп, ұлы таққа Төленің үлкен ұлы Мөңке хан отырды. Осы арада бір сұрақ туады: «Хандардаың ағасы» деп аталған Бату хан «неге ұлы тақтан бас тартты?» деген. Әрине, Шыңғысханның үлкен ұлының баласы ретінде ұлы таққа отыруға оның да қақысы бар еді. Бірақ, ол өз ойын кейін мүлдем өзгертіп, тақ таласына араласпайтынын мәлімдеді. Өйткені, Бату хан сол кезеңде тіптен ұлы хандықтан дәмелі болмады. Ол тақтың ертеңгі күні уақыты жеткенде бос қалатынын және өзінің иелігінің бәрінен де үлкен ауқымға ие екенін сезген секілді, әрі өзіне тиесілі дара биліктен айрылғысы келмеді. Яғни, ұлы Мұғұл тағынан гөрі Алтын Орданың тағдыры қызықтырып, өзіне ұлы Мұғұл тағына отыру туралы ұсыныс болған кезде одан бас тартқаны себепті де аталастары оны «Хандардың ағасы» деп атап кеткенді. Және осы бас тартуы оның абыройы мен беделін одан сайын шексіз биік шыңға көтерген еді. Иә, Ұлы Қыпшақ даласы шынында да адам қызығарлықтай табиғаты керемет, ауасы таза, кең жазықты дархан пейілді шексіздігімен көз тартты, ал Бату осы сайын даланы сол бір жаннат бағында жүргендей қимаған болатын. Осылайша, Бату ханның көреген саясаты аясында қазақ даласында еркін де тәуелсіз, әлемге айбарлы және ұлттық қазақ мемлекетінің негізі болған Алтын Орда өмір сүрді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет