Қамшы сөзінің тілдік табиғаты



бет1/2
Дата13.12.2022
өлшемі51,95 Kb.
#56849
  1   2

Акбар Ақниет Базаралықызы ‒ Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің студенті
Ғылыми жетекшісі: фил,ғыл,кан.,доцент Қазанбаева А.З.

ҚАМШЫ СӨЗІНІҢ ТІЛДІК ТАБИҒАТЫ

Қамшы ‒ ер құрал-саймандарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан жабдықтардың бірі. Қазақтың ер азаматы қамшысын еш уақытта қолынан тастамаған, қамшы ұстаған азамат өзін- айбарлы, сұсты, салтанатты сезінген. Жалпы, қамшы ­­­­­­­­­­­­­атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Алғашқы адамдар жылқы малын енді қолға үйрете бастағанда шыбықпен немесе ағашпен жүргізген, кейіннен малдың шикі терісін пайдаланған, уақыт өте келе өру әдісі пайда болады. Енді адамзат малдың шикі терісін өру арқылы қамшыны жасап шығарады.


Қамшы бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Мысалы: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. Соның ішіндегі үлкен екі бөлігі: сабы және өрімі. Сап: тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, барынша әсемделіп таутеке мүйізінен жасалады. 
Тобылғы қамшы саптық сайға бітер,
Көп жылқы көк алалы байға бітер.
Көргенде сұлулығын, сұқтандырған,
Тек қана аспандағы айға бітер.
-деп, халқымыз тобылғыдан жасалған қамшыны жырға қосқан, өйткені қамшы сабына ең көп қолданылатыны тобылғы болған. Оны майлап, жақсылап кептіріп, мұқияттылықпен түзеткен соң қолданған. Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөлген. Оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғарымен, қайыспен орайды. Бұрынғылар қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындықты таңдап алған. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз естеліктерінде былай деп жазған: «Қамшының сабының өлшемі шындақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болуы керек.»
Өрімі- екі жасар серке, болмаса құнан өгіздің әбден иі қанған терісінен өріліп дайындалады. Жалпы, қамшы жасайтын адамды ‒ өрімші деп атаған. Шеберлер қамшы өріміне ерекше ыждақаттылықпен, асқан ұқыптылықпен қарап, таңдай қақтырарлықтай өрім түрлерін жасаған. Қамшы 3 таспадан 48 таспаға дейін өріледі, сәйкесінше атауы да: үш, төрт, алты, сегіз, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа өрім деп өзгеріп отырған. Таспа саны көбейген сайын өрімі күрделене, ажарлана түскен және жіңішкере берген. Қамшының өрілу түріне, сапасына байланысты қолданылуы да өзгере берген: ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Қамшының басына шеберлер күміс, жез, тері сияқты мойнақ салады. Осыған орай қамшы күміс мойнақ қамшы, жез мойнақ қамшы, сары ала мойнақ қамшы, ақ мойнақ қамшы деп аталады.
Қамшының түрлері туралы айтар болсақ, оның сүндет қамшы, неке қамшысы, баптау қамшы, бәйге қамшы, соп қамшы, аңшы қамшы, көкпар қамшы, үйір қамшы, барымта қамшы, дойыр қамшы, ноғай қамшы, бәсіре қамшы деген түрлері бар.
Сүндет қамшы – ата-бабамыздан ұрпақтарына мирас болып келе жатқан салт-дәстүр бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған туған-туыстары сыйға тартатын тобылғы сапты төрт тұтам қамшы.
Неке қамшысы – жас бозбала үйленер кезде құрбы-құрдастарын жанына шақырып алып, отау құрғалы жатқанын айтады. Өзіне жігіт жолдасы керек екендігін білдіреді. Құрбы-құрдастары өздерінің қамшыларын бір жерге құпия жинап қойып, әлгі досын шақырып көрсетеді. Ол өзіне ұнаған қамшыны таңдап алады да иесі жігіт жолдасы (күйеу жолдас) болады. Бұл құрбы-құрдастар арасында өкпе, реніш болмауы үшін жасалатын әдет-ғұрып.
Бәйге қамшы – ат бәйгесіне шабатын шабандоздың қамшысы. Ол тобылғы сапты, ұзындығы төрт тұтам, сабының жуандығы шынашақтай. Бұрындары бәйгеге түсерде шабандоз: «Шаба алмасам – маған серт, шаба алмаса – астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса – қолымдағы қамшыға өрт!», - деп серт беретін болған.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет