Қараш-қараш оқИҒасы повесть (Бірінші нұсқасы) I



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата11.06.2023
өлшемі0,79 Mb.
#100574
  1   2
Байланысты:
Қараш-қараш оқиғасы - Мұхтар Әуезов



ҚАРАШ-ҚАРАШ ОҚИҒАСЫ 
Повесть 
(Бірінші нұсқасы) 
I 
Тау ішінің жаңбырлы қараңғы түні Бақтығұлдың көңілінде көптен шешілмей келе жатқан 
күдікті бір сәттің ішінде оп-оңай жазып жібергендей болды. 
"Күздің ұзақ түні мынау. Қазір алған малмен соқтырып жүріп кетсем, таң атқанша қайда 
бармаймын? Ізімді жауын шаяды. Шыққаныма екі күн болса да, күннің лайсаңы жібермей 
қойды. Ілгері басуға өзім де жаурап, жайым бітті. Атым да мына суда, мына тау ішінің 
тайғағында өндіріп жүріс жүре алатын емес. Түк алмай қайтпақпын ба? Қаңғырып жүріп, нәр 
сызбай өлмекпін бе?" — деп, маңайына машықтанған ұры көзбен айнала қарап алды. Көп 
жүрген жер. Ұлы мол тау. Ұрыға: "Ұрлап ал да, тығылып кете бер", — деп сыбырлап, 
жаманшылыққа жетелеп тұрғандай. Тау ұры. 
Кейде тау күз күнінің ұзақ қара түні, ұзақ ақ жауынның ішінде дию мен алып мекеніндей 
көрінеді. Сыпсың қарағай жапқан түкті беттері жақын жерден қап-қара болып үңірейіп, 
қараңғылықтың түпсіз терең зынданы сияқтанады. Кей жерде екі-үш түкті тау, қара жартасты 
биіктер бір араға түйісіп келіп, құбыжықтың қойнында тұңғиық қара қолтық жасайды. Тау 
жолы — көбінесе биікті көлденең кесіп отыратын қаптал жол. Жауынды күні бұл қауіпсіз де 
емес. Тіп-тік беткейде аттың екі тұяғы қатарынан сыймайтындай тар карнезді басып жүру 
керек. 
Ондайда жүргінші атына ғана сенеді. Құлын күні осындай тауда қиялап жайылып, 
арқардай тәсіл алған тау жылқысы ғана көңілге сүйеу болады. Сауыры бүлкілдеп, еш 
нәрседен үрікпей, қорықпай, әр адымын өлшеп басып, аяғын шапшаң алып, Бақтығұлдың боз 
аты сол өнерін көрсетіп келеді. Қазіргі сағатта мұның мойнына артылған міндет, ең зор, ең 
ауыр міндет екенін есті жануар ұққандай болады. Иесінің тақымы көңілдегі күдікпен сескеніп 
барып, қабырғасын қысқандай болса, боз ат елең етіп, алдына үңіле қарап, арқасының сенімді 
қозғалысымен иесіне күш береді. 
Бірақ жол тайғақ. Шөп те ақ жауынның суымен жылпылдап сырғанақтай болып жатыр. 
Боз атты сол қинайды. Талай-талай бейнетті жүрісті басынан атқарған жырынды, мықты 
Бақтығұлды да сол сескендіреді. Өзге-өзгеден бұрын түн көзге түртсе көрінбейтіндей 
қараңғы. Ұзақ жүре беруге болмайтын сияқты. 
— Бұл жауын қашан бітетінін қайдан білмекпін? Жауын бітпесе, иттей қатып, өстіп 
сүмеңдей бермекпін бе? — әр нәрсені еске алып, аз бөгелеңдеді де, аяғында: 
— Жоқ! Болады! Енді мыжыма! Қайда барсаң да, саған қолынан мал беретін кісі жоқ. 
Әкеңнің дайындаған малы жоқ. Осы да жетеді. Дөңжайлау болса, Дөңжайлау. Аламын 
осыдан! — деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап өрлей бастады. 
Бақтығұл үйден шыққанға екі күн болғандықтан, бөктерген местегі малта да таусыла 
бастаған еді. Сол екі күннен бері шайнама жемеген. Аштықтан басқа енді түстен бері сусын 


да ішкен жоқ-ты. Тау ішінің аш қасқырындай бұралып, күні бойы ел көзіне түспеймін деп, 
Сарымсақтының қарағайында бекініп жатқан. Аш күйіне ұйқы да табылмаған. Қарағай 
жауыннан қорғамайды. "Тәңірі бір жауса, терек екі жауады". Үстінен су да өткен. Бірақ 
басында үйден аттанғанда көздеген жері алыс еді. Болмаса, Торыайғыр, әйтпесе, Мерекені 
торымақшы еді. Жол қиындығы, аштық, күз суығы — бәрі жиналып келіп, жарым жолдағы өз 
болысының малын болса да, көздетуге айналды. 
Дөңжайлауда жүргенмен, Шалқардың екеуінің жылқысы да жатуға болады. Әлі ойға 
кетпеген жылқы осы күзде далаға көшкен елдердің жайлауында жататын. Таңдатса, білдірсе, 
Бақтығұл өз болысынан гөрі бөтенді алғысы келеді. Әйтеуір, жақынға түсетін күйге келсе де, 
бұрыннан келе жатқан әдетін — өз маңайын торымауды шарт көруші еді. Бүгін ол жолдың 
барлығынан еріксіз шыққандай болды.
Дөңжайлауға қарай бұрылған соң-ақ көңілінен бірнеше күннен бергі күдіктің бәрі 
біртіндеп жоғала бастады. Ендігі халі ауыр емес, жеңілденгендей. Артын көре жатар... Не 
болмаса, білінбей де, сезілмей де аман өтер. Оның бәрі де өз бетіне. Бәрінен де мына күзде 
анау үйдің аштық, жүдеушілігінде телміріп, қолына қарап отырған, қарны ашқан қатын-
баланың ортасына бір семіз тайды, я, бір ту биені апарып сойса, Бақтығұлдан асатын кім бар? 
Үйінде жатқызбай, қара талқанға, құр тарыға ырза қылдырмай, бозға міндіріп, түнді 
жамылдырып, жетелеп шыққан тілек те сол ғана ғой. 
Аш қарынға күзгі семіздің жас қазысы мен түрілген шыны майы, жал-жаясы мас 
қылғандай әсер еткен. Жоқшылық басқан жүдеу үйдің ішінде он шақты күндей қызыл көрмей 
отырған соң, қиялы еріксіз етке төнген. Барында көпсінбей, мезгілсіз тілеп, өлшеусіз көп жеп, 
құныққан қарын жоғында Бақтығұлдың барлық ойы мен тілегін өзі билейтін-ді. Қызылшыл 
көңілі алыста шарықтап, биік кең аспанда қаңғып жүріп, жердегі теңгедей қызылға сарнап 
ұшатын қарақұстай түйілуші еді. Түсінде білектей болып оралып, толқындай болып 
туырылып жатқан қазылар, қарталар, жас иісті сап-сары телшелер де көрінетін уақыттар 
болған. Ауызда дәмі тұрғандай болып тамсанып, еріксіз түкірігін жұтатын. Бірақ құр 
талқанға, тарыға еріксізден еріксіз келіп, жоқшылық арқылы шегеленген өмірін көретін 
Бақтығұл, бір кезде сабылған тынымсыз ұры болса да, соңғы жылдары "қойсам" деген ниетке 
мініп те көріп еді. Бірақ сондайдың бәрін де әлгіндей қызыл етке мас қылып еліткен 
құмарлық тыныш отырғызбай, ұдайы жүрмесе де, анда-санда, ет біткенде осындай қылып 
аттандырып қоятын. Сондай кездің бірі осындай суық, жүдеу күз болады. Соғымға шейінгі 
бай соғым кезіндегі қыс, онан соң жазғытұрымғы шақ болады. Осы үш кезде, кем болса, бір-
екі аттанбай тұра алмайтын болып еді. Ұрлық шықса, үш шабуылмен жатып та қалатын. 
Шығып, шығындатып, толқу бергізсе, месел қуған қарташыдай тағы бір-екі рет қамданып, 
алысқа аттанып барып, мықтап бір-ақ алып қайтатыны да болушы еді. 
Бүгін Дөңжайлауда отарда жатқан Шалқар, Бүрген болыстарының жылқысын алуға 
ыңғайланып келе жатқан Бақтығұлдың жайы осы еді. Дөңжайлаудың кер белеңін өрмелеп 
шыққалы келе жатқанда Бақтығұлдың неше күннен бергі аш қарны ертең түнде-ақ 
жұбанатынын сезді. Бойына тың қайрат жиналғандай шаршаған, қажыған, тоңған дененің 
ақырғы екпініндей, ақырғы рет ширығып, сілкініп-сілкініп алғандай болды. Жем іздеген 
аңның ашқарақ қуанышындай қуанышы оянды. Талай заман ашығып, үрпиіп, құздан құзды 
кезіп, жоғары-төмен сүзіліп, сорғалап жүріп, аяғында бір жан иесін екпінмен келіп соғып 
жығып, тұяғына бүктеп басып, сығымдап отырып, қоразданып сілкінген Алатау басында 
жүретін аспан тағысындай Бақтығұл да келешек түннің ыстық қызығына сондайлық сүйсініп, 
түрленгендей болды. 


Тегінде ұзақ жүрістен еріншек тартып, қажи бастағандықтан, бұған алатын жеріне жету 
қиын болатын. Жеткен соң алатын аулын анықтау қиын. Одан соң бала жасынан көп-көп 
жортуылды, жорықты басынан кешіріп, қысқа түнгі көп қашқылық, қуғылықты талай рет 
көргендіктен, мынадай жерден мал алып шығу оңайдың оңайы сияқтанушы еді. Әрқашан 
қандай сасқалақтың үсті болса да, жауырыны жерге айласынан алысу, біржолата жығылып 
түскенше қарсылық көрсету — Бақтығұлдың ұдайы дағдыланған ісі. Ауылға болсын, 
жылқышысы ояу жүрген жылқыға болсын, жақындап тұрып, қадалып келгенде, көбінесе-ақ 
көрінбей, орайын тауып кіріп кеткіш. Қолына түсіріп алғаны болса, оны оңайшылықпен жау 
қолына бере қоймайтын. Соғысуға ер, жырынды және ат үстінде бірлі-жарымды кісіге 
алғызбаймын деген сенімі болатын. Шынында сондай екені де рас еді. Көп ұрыдан ерекше 
жерлері осы мықтылық пен ептілік, ерлік болатын. Сондықтан ол қасына жолдас керек 
қылмай, көп заманнан бері жалғыз аттанатын. 
Ой желігіп, сергіп, желпініп алған соң, көтеріліп, етегін жиып, түзеліңкіреп отырды. 
Тықырын білдірмеуді ойлайтын мезгіл болып қалып еді. Өйткені алдында шатта жатқан 
қалың жылқының сарынын есітті. Сақ жылқышысы болса, шетірек шығып, тың тыңдап, жер 
шалуға да болады. Енді тықырды көп білдірмес үшін атқа да тасты жерді басқызбайды. 
Көптен жалғыз жүрген ат жылқының сарынын естіп, кісінеп жібермесін деп, оны да тізгінін 
қысып аңдып ұстайды басын да төмен салғызбайды. Шаужайлап, пысқыртпайды. Көп 
шабылған сырқынды сақ ұры енді қой торыған бөрідей жұтынып, қомданып ширап алды. 
Бұрынғы салқам, еріншек, иығы кеткен, тоңған, ашығып бұралған Бақтығұл жоқ. Енді 
сонағұрым ширақ. Дөңгелек денесі, анда-санда маңайды болжағанда, артына, жан-жағына 
оңай бұрылады. Барлық қозғалысында ұршықтай үйірілген шапшаңдық, сергектік бар. 
Кішкене қысық көздері жауынды түнді тіліп өткендей. Тау ішіне шаншыла қарап, 
көрсетпейтінін көргендей болады. Жылқыға оқ бойындай жақындап келді. 
Қалың жылқы жиі-жиі пырылдап, пысқырып, анда-санда тай-құлыны, үйірсек айғыры 
кісінеп, сайдың шөбін бырт-бырт үзіп, Бақтығұл жаққа қарай сырғып беттеп келе жатқан 
сияқты. Иек артпадан бір талай уақыт баспалап тұрды. Сыртылдаған бір қалыпты ақ 
жауынның ішінде қалың жылқының дағдылы тыныштықпен жайылған сарыны ғана естіледі. 
Бақтығұл қарауытқан қалың топ жылқының қарасын да көрді. Басынан бөркін алып, 
шошақ қасты ердің қасына ілді. Бетін оңтүстікке бұрып, құлағын жылқы жаққа төсеп тың 
тыңдайды. Әзірше жылқышының дыбысы білінбейді. Ұйқыда ма, болмаса, бірдемені сезе ме 
— белгісіз, жылқының шашырамай тобымен жайылғанынан Бақтығұл сақтық ойлайды. 
Ендетіп жібермейді, топтаңқырып, сырғытып, бір жайылысқа салғалы түртіп келе жатқан ояу 
жылқышылар болуы да мүмкін. Сол кезде алдындағы бір тұмсықшаға шашыраған селдір топ 
қарайып шықты. Аттың басын төмен бұрып, аз ғана тасалап, өзі үзеңгіге аяғын тіреп, иек 
артып қарады. Топ молайып, ендей бастады. Жайылып келе жатқан бос жылқы екен. Шетірек 
беттеп шыққан бір айғыр үйірі болу керек. Бақтығұлдың ендігі ісіне қараңғы түн, тынымсыз 
жаңбырдың септігі тиетін болды. Жылқыны үркітпеске тырысып, ақырын ғана қозғала 
бастады. Елеусізденіп, боздың жалына таман жабысып еңкейіп алып, жылқыға қарай жүрді. 
Жылқы қатты шошынған жоқ. Аз ғана үркіңкіреп, бергі шеті әрі қарай бұрылып жылжи 
бастады. Үйірінің орта шенінде жайылып келе жатқан қалың жалды баран айғыр жерден 
басын жұлып алып, құлағын Бақтығұл келе жатқан жаққа тіге қойып, елең етіп оқыранып 
жіберді. Бақтығұл қораға шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басын төмен 
салып, елеусізденіп сөлпеңдеп жүргені сияқты ақырын ғана қалғып келе жатқан 
жылқышының суретін көрсетпек болды. Ілбіп жүріп келіп, айғыр үйірінің ортасына кірді. 


Басында көзіне көрінгеннің көбі ұсақ тай-байтал сияқтанды. Қараңғы түн қасына анықтап 
жақындап келгенше арық-семізін де танытпайтын болды: әдейі келіп араласқан соң ұсағына 
кездескісі келмей, не де болса, үлкенін ұстамақ болып еді. Сонымен шеттегі жылқылардан 
өтіп, ортаға таман жақындағанда, қасынан көлденең жылыстаңқырап өтіп бара жатқан 
күзеулі үлкен семіз боз биені көрді. Бұндайда нағыз-ақ еске алатын төңкерілген семіз ту бие. 
"Іздейтінім осы", — дегендей, көп ойланбастан, "уақыт өтпесін" деп асыққандай болып 
атына жабысқан бойында қаршыға тастайтын адамша қисайыңқырап келіп, боз биенің 
мойнына қыл арқан бұғалықты тастап жіберді. 
Бірақ ала жаздай мойнына құрық тиіп көрмей, әрі асаусып қалған, әрі семіз ту бие 
осқырып қалып, ытқып кетті. Боз ат бұл қимылды күткендей иесі тақым қақпай-ақ, ілгері тез 
ғана жылжи түсті. Ежелден қашаған қуғыш ыңғайлылығымен де көп мақталушы еді. Осы 
жерде иесіне бұл сырын анық көрсетті. Әйтпесе оқыстан ытқып тартқан асау ту бие 
Бақтығұлдан бұғалықты жұлып әкетуі мүмкін еді. 
Бие көпке шейін тоқтамай, ырық бермей, бұғалық тартты. Бірақ есін жиып сақтанып, 
жіңішке мойынға дәлдеп салып алған Бақтығұл енді босатпайтын болды. Бие өзге жылқыға 
ығысып, сүйретіңкіремек болған сайын ұрының қолындағы қыл бұғалық биені буындырып 
алды. 
Аяғында тура тарта алмай, енді әл кетіп, жан-жағына жалтақтап, тартқан болды. Бірақ 
босану оңай емес. Аздан соң мықты, өмірлі қолға еріксіз бағынып барып, үріккен пішінмен 
құлағын тігіп кекжиіп тоқтап тұрды. Бұл уақытта маңындағы көп жылқының кейбірі 
үріккендей кісінесіп, кейбірі таңданып, наразылық көрсеткендей ішін тартып осқырып, 
Бақтығұл мен боз биеден ығысып оқшау шығып кетіп еді. Оған Бақтығұл қараған жоқ. Үркіп, 
сіресіп тұрған биеге лық-лықтап жанасыңқырап келіп, ноқталап алып, қамшысының ұшымен 
сауырсын жағынан сипай ұрып қалып, қатарға алып, бұрыла берді. 
Сол уақытта ғана көзі көрді. Қасына, қолмен ұстасатын жерге бір еңгезердей үлкен 
жылқышы келіп қалыпты. Жылқышы сойылын көтермейді. Қарсы алдына тура келіп қалған. 
Дыбысын шығармайды. Ұрының түрін көргенге есі шығып қалған ба? Болмаса, бұны 
жылқышы дей ме? Екінің бірі. 
Бақтығұл айғай шықпай тұрғанда тебініп жөнелмекші болып еді. Сол қимылын байқаған 
жылқышы әуелдегідей үндемеген, ұйқылы-ояу пәңгілікпен аттың шылбырынан ұстай алды. 
Бақтығұлдың халі бір мүйнет ішінде ойламаған қауіпке ілінді. Жаңағы биенің мойнына 
салған шалма бұғалық енді өзіне түскендей болды. 
Бірақ жылқышы мұны таң қалдырғандай ерекше көрінеді. Осындайды шолақ жүгірте 
ойлап қалып, жүрегі тіксініп қалса да, артынан тез есін жиып алып: "Бұл мені ұстаса да, өзі 
қорқып тұрған неме ғой" — деп, атын тебініп жіберіп, тепсініп келіп: "Тарт қолыңды!" — 
деп, қатты зекіп, ақырып қалып, қолындағы қамшысымен топшысынан келтіре қақ бастан 
жылқышыны тартып жіберді. Жылқышы аттан ұшып түсті. Жөпшенді жерде қорықпайтын 
мықты ұры мұндай жерлерде іркіліп-бөгелуді білмейтін тентектікке салып еді. Сонысы үлкен 
ем болды. 


Жылқышы құр ғана бойының үлкендігі болмаса, өзге жолдастарының арасында бостығы, 
қорқақтығымен үнемі күлкі болып жүретін адам еді. Көп заманнан Бүргендегі бір байдың 
жылқысына шығып жүрсе де, ер қарасы болғаны болмаса, өмірінде бетпе-бет келіп ұрымен 
бір рет сойыл сілтесіп, салысып көрген емес-ті. Мынаны алғашқы бетінде ұры ма, жылқышы 
ма деп айыра алмап еді. Артынан айырса да, жақындап, қоян-қолтық келіп қалған соң 
момындық, бостықпен шылбырынан ұстаған. Ала салып құрығымен ұрып жіберу ойына да 
келмеген. Құрық тегінде кісіге жұмсап көрмеген қаруы болатын. 
Ұры тепсініп келіп, қамшысымен салып қалғанда, ежелден бойға біткен бір 
жасқаншақтықпен өз ісін өзі тентек, өрескел жұмыс көргендей оп-оңай жасып қалып, шошып 
аттан құлады. Артынан ұры сытылып жөнелгенде, айқайлауға болушы еді. Бірақ қолма-қол 
жерден айырылғанын өзгелер мазақ ететінін ойлап, ананың қарасы ұзаңқырағанша сезбеген 
кісі болып, іркіліп тұрғанды мақұл көрді. 
Бақтығұл жап-жаңағы алдына келген қауіпті мүйнеті енді құтылған еркіндік мүйнетімен 
ауысқанына әбден риза болып, тезірек қараңғы сайға түсіп, соны өрлеп қашып қарағай кіріп, 
адастырып кетпек болып, шаба жөнелді. Қараңғы түн, азғантай жерге ұзаса да, бұны 
жасырып қойнына тығып әкетуге дайын еді. 
Бірақ алғашқы жылқышыдан құтылып, жетекпен қашып шығып, шауып бара жатқан 
ұрыны жоғарғы жерде келе жатқан бір жылқышы көріп қалыпты. Ол мынау шаба 
жөнелгеннен-ақ өкпе тұсынан қосылмақ болып, көлденеңдей шауып: "Әй, кімсің?" — деп, 
дауыстады да, жауап қайтпаған соң-ақ: "Аттан-аттан!" — деп, тау ішін жаңғырықтырып 
айғай салып жіберді. 
Қалғып келе жатқан жылқышылардың оқыстан шошып айғайлаған дауыстары тағы 
бірнеше жерден естілді. Бірақ, аздан соң бәрі тегіс дауысты да, бетті де түзеп алып, тау ішін 
айғаймен жаңғырықтырып, тасыр-тұсыр шабуылдай бастады. 
Тез шыққан ынтымақты айғайға қарағанда, жылқышы көп те, әзір ұйықтаған да жоқ екен. 
Көп жанның айғайы мен шабысы қалың шың таудың ішін азан-қазан қылып, алысқа шырқап 
тарап жатты. Бүгінгідей қараңғы күз түні, ақ жауынды лайсаң мезгіл, бір жер болмаса, бір 
жерден, не қылса да, осындай шошынған жайын айғай, өрескел шу, дырдуды шығаратын 
сияқты еді. Тыныштықпен жайылып жатқан жылқы айғайдан қатты шошынды. Жаз бойы 
елсіз иесіз тауларда кісі айғайына көп бой ұрмай, сонша көп естімей, тау ешкі, арқардай 
жайынсып кеткен мал тегінде күндізгі айғайды да елірген қызумен үркіп елеуреп қарсы 
алушы еді. Қазіргі айғай жылқыны сатырлатып, үркітіп, бір беттегі нөпірді екінші бетке 
апарып қосты. 
Ұсақтардың қалың көптің арасында қақтығып, көп екпінімен ұшып, домалап жатқандары 
да болды. Ортасында бірен-сараны жығылған топтары арасына жай түскендей, қайтадан 
жарыла үркіп, бұрынғыдан жаман шұрқырап, кісінеп, талқан болып бүлінісіп жатты. 
Бірақ жылқышы бұл жайлардан хабардар болған жоқ. Алдыңғы айғай шыққан бетпен құр 
дырду-шуды көбейтіп, дақпыртпен шапқаны болмаса, ешкімді оңайшылықпен көре алмады 
да, ұрының, алғашқы айғайлаған жылқышының да көпке шейін қарасын байқаған жоқ. 
Алдыңғылардан адасып қалды. Олардан бір рет алғашқы шыққан бір айғайдан басқа екінші 
белгі, дыбыс естілген жоқ. Көмекке шақырған тіл де жоғалды. Тау іші, тұмсық айналса, 
адастырады. Сойыл салым жерге, ылдиға түссе, жердің жөнін білетін ұры көз жаздыруға 


жарайды. Тау ішінің ол сыры өздеріне де мәлім. Сондықтан бір-екі тұмсықты айнала шауып, 
арсалаңдасты да, аяғында дабырласып бірін бірі тауып алып: 

Не болды? Уа, не болды, қызыңды?!... — десіп, бейпіл тіл мен былапыт сөздерді 
айтысып келіп, жай сұраса бастады. 

Көрген бар ма? Неден шықты? Аттанды кім салды? - десе бастады. Бірақ бәрі де сол 
кезде араларындағы басшы жылқышының жоғын байқады. Алғашқы айқай да сонікі еді. 
Көп бөгелмей, соның алғашқы айғайлаған жеріне таман шұбырысты. Ұйқылы күйде 
аттандатып, шапқызып, желіктіріп кеткен уақиға бұлардың әлі де буын басқан жоқ-ты. 
Дамылсыз дабырласып сөйлесіп, белгісіз себеппен аты-жөні белгісіз "қызың" — деп боқтай 
жүріп, басшы жылқышы Жаманайды іздестіре бастады. Оның аса шапқан қия бетіне келді. 
Бытырай жүріп дауыстап, Жаманайды шақырысты. Сол кезде етекте ыңырсыған дауыс 
естілді. 
Алдыңғы естігенде, өзгелерді тоқтатып тұрып, қайта тыңдағанда, тағы да алғашқы сияқты 
қысылып, ыңыранған жаралының дауысы келді. Бәрі де қара түнде, қия беттен әупірімдеп 
қапталдап, бірінің артынан бірі шұбап зорға дегенде етекке таман түсіп келді. 
Қараңғыда ат көрінбейді. Ептеп түсіп келе жатып, бір карнез тастың ернеуінде 
қарауытып, қозғалып жатқан қарайғанды көрсетті. Көлденең жатқан кісіге ұқсайды. 
Жақындағанда, аунақшып, қиналып, ыңырсыған дыбыс тағы естілді. 
Бұлар Жаманайдың атын атап дыбыс берді. Бірақ бір қалыпты ыңқылдан басқа жауап ести 
алмады. Жатқан жалғыз кісі сияқты. Кім екені белгісіз. 
Алдыңғы жолдары тік тас сияқтанып қарауытып, анық көрінбеген соң жылқышылардың 
жарым-жартысы аттан түсіп, тастан саптама етіктері тайғанаңқырап, төмен сырғып жүре 
бастады. Жатқан кісінің қасына келгенде, сұрғылт түсті бөркінен Жаманай екенін білісті. 
Бұның басынан қан ағып, айналасын былғап жатыр екен. Келіп, алғашқы рет бас жағынан 
ұстай алған жылқышы қолына жылы қан тигенде: "Мынаған не болған? Қанға боялып жатыр 
ғой!" — деді, өзге жолдастары да бұл хабардан сескеніп қалды. Ептеп ыңыранып, Жаманай 
есін жиюға айналған сияқтанды. 
Болған уақиға мынау еді: 
Қолында жетегі бар ұры алғашқы жылқышыдан сытылып қашып шыққан уақытта 
Жаманай мұның жай адам емес екенін сезіп, "аттандап" құрығын ыңғайлап алып, төтелей 
шапқан. Ұры бұны көрсе де, төмен бұрылып кетпей, бұрынғы қиялаған бетімен дыбыс 
бермей, қамшылап, қаша берген. Төмен тартпағаны беттің тіктігі, тастылығын ойлағандықтан 
болса керек. Ұры жер жадысын анық білетін жырындылығын істеген. Бір кісімен кездесуге, 
төтеден келсе де, қашпайтын шыдамдылықты сездірген. Жаманай жоғарыдан бұған қарай 
шауып келіп, ұзатпай-ақ жоғарғы жерден көлденең келіп қақтығып, айқасып қалған. Бірақ 
көлденеңдеп келе жатқан қос ат ылдиға қарай келе жатқан Жаманайдың атын қағып жығып 
кетуге болушы еді. Соны мезгілінде ойлай алмай, ерте сақтық істей алмай қалып, аттың 
ағынымен келіп, еріксіз килігіп қалғанда, құрығымен ұрыны бір рет сермеп ұрып қалған. 
Бірақ тым жақын келіп сермелген сойыл ұрыға дендеп тимей, иығынан асып, орта жерімен 


ғана тиіп еді. Сол уақытта ағынмен келген ат қосардағы биеге қақтығып, сүрініп кетіп, 
ылдиға қарай екпінмен құлауға айналды. Ұры, қолында сойылы болмаса да, көлденең шапқан 
кісіні көргенде, белбеуіне қыстырған қол шоқпарын босатып алып келе жатыр еді. Жаманай 
бір ұрып жіберіп, енді аты сүрініп, соның екпінімен ердің қасынан ұстап лоқсып, еңкейіп, 
жығылуға айналып қалғанда, ұры қолма-қол жерден қиыс өтіп бара жатып, артына шапшаң 
айналып қарап, бір қолдың сыртымен қара шоқпарды сілтей ұрып жіберді. Жүріп бара жатып 
сасқалақпен тез сермелсе де, жүрегі тіксінбей, есеппен нығыздап ұрып қалған шоқпар 
Жаманайға ауыр тиіпті. Сүрінген атпен бірге еңкейіп құлап бара жатқанда ұры қаруы денелеп 
келіп қарақұсына тиген. Сол арада астындағы ат та жығылған. Атпен бірге екі аяғы үзеңгіден 
шығып кетіп, жығылған аттың басынан асып, ылдиға қарай Жаманай да домалап құлап 
кеткен. 
Бұл мүйнетте Бақтығұл ең ақырғы рет тосқан қауіптен сытылып шығып алып, аса қатты 
шаппай, жолды болжап отырып, желе текірекпен алдындағы тасты айналып, қарағайға кіріп 
кетіп еді. 
Жаманай жығылып қалды. Өзге жылқышы айғай дырдуды көбейтіп жүрсе де, Бақтығұл 
келе жатқан беттен шалыс кетіп, шулап жатты. Сондықтан ол жабылған көп иттің тобынан 
жұлқынып, үркітіп аман-есен сытылып шыққан көкжалдай болып, өз-өзінен дүрдиіп, 
бүлкілдетіп жүре берді. 
Енді бар жылқышы соңына түссе де, қарасын көрсетпей адастырып кететініне әбден сеніп 
алып еді. Өйткені Жаманай жығылған беттен өткен соң-ақ екі-үш төбешік, екі-үш топ 
қарағайдың арасында, тура жүрмей, беттен шатастырып, екі рет шимай салып жүріп жіберді. 
Бұл жүрісімен өкшелеп қуып келе жатқан қуғыншыны болса да, мына қара түнде адастыру 
оп-оңай еді. 
Бетті ілгері-кейінді бұрып-бұрып жіберіп, жалтара жүріп алып кеп, артына, өз жағына 
қайта беттегенде, артына бір айналып тың тыңдап алды. Бағанадан боз биенің сырт нобайын 
көргені болмаса, анық қандай жайы бар екенін білген жоқ еді. Енді ақырын сипаңқырап 
келіп, жалын ұстады. Тікендей үлкен жалдың түбіндегі қобдиланған қалың май 
саусақтарының басына қап-қатты болып керіле түсті. Сүйсініп: "Жануар!" — деді де, тіл-
көзден аман болсын деп, саусағының басына "туф-туф" деп ақырын түкіргеннің ишарасын 
жасады. 
Осыдан талай мезгіл өтіп кеткен соң барып қана жаралы жолдасын тауып алған 
жылқышылар енді ұрыны қуғанымен, табылмайтынға көздері жетті. Бірен-саран әулекі 
жастары ғана айналаға жалбаңдап шапқан болып еді. Бірақ ештеңенің қарасын да көре 
алмады. Тықырын да естіген жоқ. Жаманайды көтеріп атқа мінгізіп алып, жоғары бетте 
мертігіңкіреп, талмаурап қалып, әлі күнге тұрмай жатқан атын алды да, бар жылқышы 
жылқыға қарай қайта аяңдады.
Жаманай өз жайынан көп нәрсе айта алған жоқ. Әлі есі анықтап кірмей, тынымсыз аққан 
қаннан есеңгіреп, бойын жия алмай келе жатты. 
Жылқышыларды осы күйде тастап, Бақтығұл енді үйіне қарай беттеуге айналды. 
Аз жүріп күндіз бекінген қарағайына келгенде, аспанға қарап түннің қай мезгілі болғанын 
білмек болып еді, еш нәрсені сезе алмады. Баяғыдай сырт-сырт жауған ақ жауын, аспан 


баяғыша түнерген қараңғы. Көздің алысты көруі қиын. Әр нәрсені болжап нобайлаған болса, 
Бақтығұлдың көзі болғаннан ғана көретін сияқты. Түн мөлшерін біле алмады. Бірақ жер 
шаршысы көңілінде сайрап тұрғандай. Адасқан да, жаңылып, күдіктенген де жоқ. Таң әбден 
атып, ел тұрған мезгілге шейін сартылдатып жүре бермек болды. Сол оймен боздан түсіп, 
тартпа мен шандырды босатып, ер-тоқымды көтеріп, аттың арқасын кішкене желпіп алды. 
Артынан жайлап ерттеп шандырды шаптап мықтап тартып, қозғалмастай қатайтып алып, 
жаңадан мінді. Ендігі жүретін жерінің бәрі еңіс болатын. Түн олжасына ырза болып, саспай 
қамданып алып, қайтадан төл атына мінген уақытта боздың белі көтеріліп, әлденіп тынығып 
қалған екен. Ойға қарай тебініп жіті бастыртып қарағайлы тауды құлдилап қос атты ұры 
жүріп кетті. 
II 
Бақтығұлдың аулы бұл аттанған жерінен күңдік жолда еді. Жол бойында бірнеше күннен 
бері тынықпағандықтан, ұйқы келіп, шаршап қалған денесі аз уақыттық тыныштықты да 
ойлап еді. Бірақ орнықты, мықты ниетпен істелген іс көптен мұрат қылған шегіне жеткенше 
тоқтағысы келмеді. Сондықтан дененің әлсіздігін жеңіп, бір қалыпты қатты жүрісті 
бәсеңдетпей, таң атқанша жүрді. Бұл уақытта келген жерінде қыстау бар еді. Әркімнің көзіне 
түсіп қалуға да болушы еді. Сондықтан таудың бір қабат ішін алып, ылғи ғана шыңнан 
шыңға салып қалың қарағайды құндыздап жүріп отырды. Сонымен арада бір-ақ жерде ғана 
дем алып, келесі күні түс ауа биік таудың қойнында жасырынып отырған жалғыз қорасына 
таман келді. 
Бақтығұлдың жалғыз үйлі кедей аулына сапырылысып келіп жатқан кісі жоқ болса да, 
бөгелместен ұрлық малмен келу қауіп еді. Олай келу әдетінде жоқ болатын. Сондықтан 
аулының желкесіндегі қиын тасқа боз биені әкеліп, тас қылып бекітіп тастап, өзі үйіне келді. 
Жыртық киімді, күрең жүзді қара қатын балаларына шай қайнатып отыр екен. Үй іші әлі 
қора жанында тігілген жыртық қара киіз үйде еді. Тамға кірген жоқ-ты. Үш баласы бар еді. 
Үлкені момын Құрал — он жаста. Қалғанының біреуі — бес жасар Жұматай, үшіншісі екі 
жастағы емшектен әлі шықпаған қара қыз Бәтимә еді. 
Бақтығұлдың келгені бір қалыпты сұр пішінмен тоңып, үрпиіп жүдеп отырған кішкене 
кедей үйге жан кіргізгендей болды. Ұзын бойлы, үлкен денелі, ашамайлау қара қатын 
байының бар сырын білетін. Ол ұятсыздау пішінмен үндемей ыржиып күліп қарсы алды. 
Бақтығұл да үндемей, жымиыңқырап, жай қозғалып, есік алдында жатқан отыннан аттап 
төрге қарай шықты. Бірақ жерге отырмай тұрып-ақ маздап жанған отқа қызығып, бір керекке 
тезінен жаратқысы келгендей болып, асыққандай дауыспен: "От қалай жақсы еді!? Тез 
беретін шайың бар ма, қатын?" — деді. 
Аз күйбеңдеп, байына таман жақындап және қысылыңқырап келіп, қара қатын: 
— "Бар ма іштемең? Әлде құр өзіңбісің?" — деп күбір етті. Бұған жауап берудің орнына 
Бақтығұл: "Бол, шайыңды болдыр. Жұмыс бар!" — деді... 


Ұры үйдің бір-бірімен әрқашан ұғысатын тілі осы сияқты болатын. Қара қатын байының 
қабағына қайта-қайта қарап қойып, ішінен ырза болған жылы жүзбен қалжыңды айта 
отырып, үйіндегі барымен шайын берді. 
Жаздан іркіп жүрген жалғыз сиырдың аз ғана майы бар еді. Кебежені ақтарып, ескі 
қарыннан сонысын да алып салды. Анда-санда түрегеліп, қозғалғанда болсын, отырып шай 
құйған уақытта болса да, жуандау бөксесімен Бақтығұлды сүйкеп өтіп, жұмсақтау жылы 
денесін байының әр жеріне иігендей пішінмен тигізіп қояды. 
Балалар әкесі келіп, үй ішінің көбейіп, дырду молайғанға, онан соң бұрынғыдай 
қорықпайтын жақсы уақыт болғанына ырза еді. Оның үстіне шешесі мен әкесінің жақсы 
қабақпен, жақсылап жанасып отырған күлкілеріне де белгісіз себеппен жылынып, бу 
алғандай болып көңілдене бастады. Бірімен бірі ойнап, кішісі үлкеніне еркелеп, үй іші 
тіршіліктің жарастығын да ұқтырғандай болды. 
Бақтығұл қазіргі сағатта өз қылығына да, үй ішінің қуанышты шырайына да ырза еді. Осы 
күйді жоқтап, тоқтық пен тыныштықты көксеп, кедейлік пен жоқшылықпен алысып, 
құлазыған үйін жылытамын, жаңартамын, күлдіріп, жұбатамын деп істеп жүрген өз істерін 
еске алды. Іштен: "Жоқ болған соң осылай етесің. Балаларымның жағынан боздағы шығып, 
қатынымның аштықпен сұғынып, тыртысып, түксиіп, сұрқы кетіп отырған күйін көргенше, 
не де болса, істеп салмай, қайтып отырамын?" — деді де, қазір кеш батса, көлденең кертіп, 
ыстық күйінде ауызға тастап отыратын майлы жас еттерді, жылы жұмсақты еске алып, 
асығып кеткендей болды. Шайдан үш-төрт кесені ғана ішіп, төңкеріп тастап, қайтадан киініп 
түрегелді. 
Көп сөйлемейтін, үндемей жүріп қана үй ішіне қуаныш қызықты бір-ақ әкелетін тұйық 
мінезі бар еді. Сол дағдысымен жалғыз-ақ қатынына ғана бір айналып: "Аздан соң қабыңды 
алып кел," — деді де, шығып кетті. 
Балалар еш нәрсені білмейді. От басындағы жылылыққа мәз болып, дамылсыз күліп, 
бірін-бірі түрткілеп, бірінің қолындағысын бірі тартып алып, алысып, кейде бірін-бірі ұрып, 
жамандасып та қалып, ойнап отырды. 
Қара қатын шайды жиып тастаған соң шыдап отыруға дәті қалмады. Тірідей көріп, 
сойысуына бірге араласпақ болып, жаңалау ала қапты арқалап алып үйден шықты. 
Балаларды: "Үйден шықпаңдар, отты байқап отырыңдар. Кісі келсе: "Апам тезек тере кетті, 
ағам тауға аңға кетті деңдер", — деп, қадағалап, үйретіп, қайта-қайта осы сөздерді 
ұғындырып кетті. Қара қатын мұндайда белгілі болған таныс тастың арасына келіп, бір жеке 
жатқан жақпардан асып түскенде, ар жағында үлкен қалқан тастың бауырында көк биені 
жардай қылып жайратып тастаған байын көрді. 
Үлкен ту бие борбайын көтеріп, талтайып шалқасынан жатқанда тамағындағы 
бауыздаудың қып-қызыл қаны, қара қатынның көзіне талайдан көрінбеген жарастықты, 
қуанышты қызыл-жасылды қазына сияқты көрінді. Көңілі көтеріліп, қайғы-қасіреттері 
жадырап кетті. Бақтығұл биені жалғыз өзі бауыздап тастап, енді шапшаңдатып терісін 
сыпырып жатыр екен. 
Бұл тас ерте күннен бері қарай Бақтығұлдың қолынан қаза тапқан барлық ұрлық 
малдарының түгелімен жан беретін жері еді. Жартас қора сияқты болып біткен. Айналасында 


ешбір жерде кіретін ауыз жоқ. Бұрын көл сияқты бірдеңенің орны болса керек. Келетін кісі 
сыртындағы бірақ жердегі ернеуден келіп түссе де, айналасы тастан салған қабырғадай 
мықты қорған. Біп-бітеу жасырын жер, ұры жыра болатын. Бұл жыраның сырты да жақсы. 
Маңайының бәрі де — әр жер әр жерге шашырап түскен үлкен қой тас. Араларында белгі 
жоқ. Быжырық шатқалаң. Әдейілеп іздеген кісі де таба алмайтын алдамшы жер сияқты. Көзге 
бар жері бірдей көрініп қалмай, бір бытқыл шұбар сияқтанып жататын. Таудың етек жағынан 
келгенде де білетін кісі белгілі бір-ақ жолмен келіп түседі. Әйтпесе екі жаққа екі айрылып 
кететін айыр соқпақтың екеуі де бұған соқпай жүргіншіні шетке қағып адастырып әкететін. 
Бақтығұл осы араға жылқы бекітеді. Союға арнаған семіздерді де ылғи осында сояды. 
Содан кейін үйіне қаппен күндіз-түні қатыны екеуі тасымалдап жеткізіп алады. Ұры тастың 
ішінде әр жерде бұрын сойылған малдардың талай жылқы жыны болатын. Кейде ескілі 
жаңалы сүйек кездеседі. Бір екі-үш жерде жағылған оттың да орны бар. Осындай сойылып 
жатқан семіздің жылы-жұмсағына қызығып кеткенде, қара қатын аршадан от маздатып 
жіберіп, көк бауырға май тығып яки бауырдың өзін болса да, отқа салып жіберіп, шикілі-
пісілі қоңырсық жеп алатын. Сондайдан, ескі уақыттан қалған от орындары әлі де жатыр. 
Талайдан қора тасқа қара қатын келген жоқ еді. Жаз бойы тоқты-торым болмаса, үлкен 
олжаға аттанбай, Бақтығұл бұны ашықтырып келген. Енді сан түндердің оразасы бітіп, аш 
қарынға да дән түсіп, аузы майланып, қандалатын сағат жаңа келді, жаңа туды. 
Биік тастың ернеуінен ерекше машықтанған әдіспен секіріп түсіп, көк биені қорқау 
қасқырша асығып, жұлқылап жатқан байына көп сөз қатпай-ақ, бұл да бірге жұлмалай 
бастады. Алатаудың есіз шатқалында шашау жайылып шыққан ірі қараны жығып салып, 
талап жатқан ашқарақ жайын сияқты. 
Көздерінде тұнып, қызығып тұрған қомағайлық бар да, қолдарында "шапшаң-шапшаң" 
дегендей асығыс діріл, қалтырақ бар. 
Жалғыз-ақ бір-біріне анда-санда айтатын сөз: "Жарықтық семіз екен!.. Жануар семіз екен! 
Бұйырғай-ақ та", — деседі. 
Үйінен қонышына тығып ала келген пышағымен биенің терісін қара қатын да бірге 
түсірісіп, ішін жарған соң бұзысуға да еркекше көмек етті. Сол жұмысты байынан қалыспай 
істеп жүрумен бірге баяғы дағдысын еске алып, қақпақ тастың түбіне кішкене қылып 
сыздықтатып от тұтатып жіберіп, дағдылы май тыққан көк бауырды, тағы бір-екі майлы етті 
де шоқтың арасына тастап жіберді. Бақтығұл: "Түтіннен біреу сезіктенер", — деп ойласа да, 
қатынына: "Қой", — деген жоқ. Өзінің көңіліндегі тілегі де сол еді. Аштық тілегі ақыл 
ойлатпады. Сонымен кеш батқанша шала-шарпы сойып болып, аз күнге керек болатын етті 
бұзып ыңғайлап, өзгесін бұзусыз күйінде қара тастың ішіндегі белгілі үңгірге орап апарып 
тығып, аузын үлкен таспен мықтап бекітіп, әзірге бір қап етті ғана алып, екеуі ымырт 
жабылған шақта үйге қайтты. 
Ұрлық малдың етіне толған қапты арқалап келе жатқанда қара қатын жолшыбай екі жаққа 
ұры көзбен жалтақ-жалтақ қарайды. Қап ауыр, мұрнын сіңбіруге де уақыт жоқ. Асығады. 
Дыбысын ешкім білмесін деп, тасты тасырлатпай, ақырын да жүргісі келеді. Байына сөйлесе, 
күліңкіреп, ыржиып, ақырын ғана сыбырлап сөйлеп, әредікте мұрнын қос-қосынан тартып 
қояды. 


Бақтығұлдың көңілі талай күнгі сақтық, тынышсыздықтан енді біраз жайланғандай еді. 
Қалың тік қара мұрттың астынан сүйсінгендей жымияды да, үндемейді. Алдында бөксесін 
бұлтитып, қуана басып келе жатқан қатынының соқталы қара жонына қарап, ықыласпен 
иілгендей болады. Көңілі әлденені тілеген сияқтанады... 
Қара қатын келісімен қапаш-құпаш қамданып, кішкене қара қазанды жанып тұрған құрғақ 
аршаның үстіне асып жіберіп, мөлшерден артық болғанына да қарамастан, биенің телшесін, 
қолқа-жүрегін, бірталай басқа майлы еттерін жалымен қосып салып жіберіп, отты дамылсыз 
қағыстырып, маздатып жаға бастады. Арасында балаларға, отқа салып, бауыр пісіріп беріп 
отырды. Құрал ала жаздай мұндай көп етті көрмей жүргендіктен, көп тамаққа сүйсінбесе де, 
сыртына шығарып, мол қуаныш берген жоқ. Әлденеден бұл бала әке мен шешенің қуаныш-
қызығынан, көңілді-көңілсіз күйлерінен шеткерірек тұрушы еді. Кейде үй-іші үндемей 
томсарып, ашумен тыртысып отырғанда, ол ерекше желігіп, өз өзінен көтеріліп, көңілденіп, 
ойнап кетіп, кейде үй-іші де мәз-мейрам болып отырғанда, жабырқап, түнеріп, үндемей, мең-
зең болып қалатын әдеті болушы еді. Ондай күйлері болғанда, алдына үйіп-төгіп қойған 
молшылықтың барлығы да ерекше әсер ете алмайтын. Қуана алмағандай қоңыр тартып, құр 
әке-шешесіне қарап, ұғына алмағандай сазарып қалатын. 
Түсте әкесі келгенде, көңілді болса да, кешке ет асылып, шешесі көп сөйлеп, көп күліп, 
әкесіне еркеленіп, балаларын да көбірек айналып, еркелетпек болғанда, Құрал құр ғана анда-
санда жымиғаны болмаса, көп шырай берген жоқ. Көбінесе шешесінің жеңілдігіне 
сүйсінбеген сияқты тырысқақ наразылық білдіргендей болып отырды. Бақтығұлға екі-үш 
күннен бергі көріп шыққан бейнеттен соң бүгін кішкене үйінің ішінде жылы, жарық оттың 
қасында отырып, тыныштық рақат есепті еді. Тыста күздің қара суығы гуілдеп соғып, дүниені 
жүдетіп, бүрістіріп, тоңазытып тұрғанда, бұл қара қазанда бұрқылдап қайнап жатқан 
жылқының жас етінің иісі мұрнына келіп отырып, сүйсінген, жайланған көңілмен қор етіп 
қалғып кетті. Талай күндей суық өтіп, оның үстіне шаршағандық, аштық та бар. Соның бәрі 
жиналып келгенде, бұралып, қажыған денесі бүгін мына суретте барлық тілегін толық 
көргендей еді. 
Қатынының әрбір сөздерін тыңдай, кіші баласын шолақ тонының етегімен орап, 
бауырына таман қымтай түсіп, қайта-қайта қалғып, оянып отырды. Қара қатын етті тез 
пісірмек ниетімен отты қатты жағып, асығулы еді. Байының шаршағаны да асты тездетуіне 
себеп болды. Үй-іші түгел қасында болып, жақсы тамаққа тойып алып, жылы бүркеніп 
жатып, тыныштықпен ұйқыға кету — оның да іздейтін жылы шағының бірі сияқтанатын. 
Сондай халмен бір талай уақыт өтіп қалғанда, кішкене қазанның асы да қайнап, пісуге 
жақындап келді. Қатын шәугімге қол жуатын су құйып, қалғып отырған күйеуін оятып 
тұрғызып, кішкене шырағдан жасап алып, енді қазан түсіруге қам қылды. Бақтығұл бойын 
мең-зең қылып, ауыр салмақпен басқан ұйқыдан көзін зорға ашты. Екі көзі қып-қызыл болып 
қанталап, алдындағы қызыл отпен түс салыстырғандай жалт-жалт етті. Шаршағандық пен 
ұйқының бұны иектеп жеңіп алған жайы бар еді. 
Бірақ, ояна салысымен, есіне қара қазан, тәтті ет түсті де, бойдағы ауыртпалықтың бәрін 
кетіріп жіберді. Ұйқы уақытында іргеден соққан күз суығынан жауырыны тоңазып қалған 
екен. Құнысып, ырғалып жауырынын бір-екі құржыңдатып қозғағанда, бойы бұрынғы 
ояуындай сергіп қалды. Бас жағында жерде жатқан белдігінен ұзын өткір қара пышақты 
суырып алып, сол қолының бармағымен сүйкеп жүзін көрді. Семіздің майында сынаптай 


жорғалағалы лыпып тұрған өткірлігі бар екен. Сонда да қонышына бір-екі жанып, от басында 
тұрған шәугімді еңкейтіп, бір рет сулап шайып алды. 
Қатын қазанды түсіріп, табаққа ет салғалы әрлі-берлі қозғалып, табанын тарп-тарп басып 
жүргенде, Бақтығұл қара пышақты қолына ұстап отырып, бір-екі рет түкірігін жұтты. Енді 
еттің тәтті, дәмдісі бусанып алдына келуіне азғантай ғана уақыт қалды. Дәл осы шақта 
қораның алдыңғы жағына қарап жаман сұр қаншық пен екі қара ала күшік шу етіп үріп қоя 
берді. Қара қатын шошып қалып, ожау ұстаған қолын көтеріп, айналып байына қарады. 
Бақтығұл да мезгілсіз қадалып үрген ит дауысынан сескеніп, кеудесін көтеріп, құлағын 
сыртқа қарай тіге қалып еді. Сатырлап жүріп келе жатқан көп атты мен сүйретіп келе жатқан 
сойылдың тасқа соққан тықыры естілді. 
— Бәле болмаса игі еді... Қазанның бетін жап, — деді. 
Қара қатын қақпақты таба алмай, астында жатқан ала қапты алып, қазанның бетіне жаба 
салды да, ожауды жанында тұрған шелекке батырып жіберіп, артын құр жерге басып отыра 
кетті. 
Шала жабылған қаптың астынан қазанның ыстық буы шығып жатыр еді. Оны байқай да 
алмады. Үй іші есін жинағанша, аттылар жапырлай түсе-түсе қалып, алды үйге кіре бастады. 
Түстері суық. Бақтығұлдың қыстауынан 30—40 шақырым жерде отыратын Бүрген 
болысындағы Қозыбақ аулының жігіттері. Бай, жуан ауыл болатын. Бақтығұл бұлардың 
сырын біледі. Ағайынды үш-төрт жігіт шетінен бай: бастары көп, өз ортасында нығыз, суық. 
Маңайына өздері тізесін батырып, өздері зорлық қылмаса, бұларға бұл өңірдің ешбір қазағы 
өз бетімен келіп соқтыға алмайтын. Бір болыс елдің ішіндегі семіз, ісінген, қарталы мықты 
жердің дәл өзі. Бақтығұлдың жүрегі су ете түсті. Боз биенің таңбасы бұлардың таңбасына 
келмеуші еді. Өзіне белгісіз бір таңба болған соң: "Бөгде қазақтікі шығар", — деп, іштен 
жұбанып, сондайға кез болғанына кешеден бері ырза еді. 
"Ойда жоқта қанды қақпанға іліндің бе?" - деп, ішінен қатты сескенді. Бірақ баяғыдан 
мұндай қысталаңның талайын көрген сырқынды бас өле-өлгенше мойнына алмайтын таныс 
мінезіне салмақшы болды. 
Сонымен сыр бермегісі келіп, сызданып, саспаған пішін көрсетті. Мырзалардың мезгілсіз 
жүрісіне таң қалғандай болып, сәлемдерін ақырын ғана дауыспен зорға дегенде алып: 
"Қайдан жүрсіңдер?" — деді. 
Бұл уақытта кішкене үйдің ішіне алдыңғы кіргендер лық толып болса да, арты жылқышы 
ма, кедей, қосшы-қолаңшы ма, әйтеуір сезікті түсті жас жігіттер бірі артынан бірі кіріп 
жатты. Соңғылардың арасында теке сақалды, бітік көзді, ұзын сары кісі тәйтік сөздер сөйлей 
кіріп, жанындағыларды қағытып, бітіре келіп, Бақтығұлға амандаспастан, үйдің ішін айнала 
қарап мұрнын тартып, тыржитты да, қазанның жанынан әлі күнге кете алмай, талтайып 
отырған қара қатынға сүйене келіп отырды. Бұрын бұл үймен таныстығы бар екен. Қатынның 
сасып отырған пішініне қарап, арсыздау күлкімен жымиып, көзін қысты. 
Келген кісілердің бастығы — күміс белдігі бар, шаншылған қара мұртты, танауы 
ежірейген, аласа бойлы қара жігіт көп бөгелмей, сөз бастады: 


— Кеше түнде жонда жатқан жылқыға ұры келіп, бір ту биені алып, жылқышысы 
Жаманайдың басын жарып кетіпті. Оның үстіне бір бозға мініп, бір бозды жетектеп қосарға 
алып, бүгін түсте осы желкедегі қарағайға келіп кірген жалғыз аттыны көрші ауылдың 
қойшысы көріпті. Артынан кешке Бақтығұлдың қора тасынан жіңішкелеп шыққан түтінді 
көріпті. Сезіктеніп, аулына айтып келіпті. Бұл өңірде Бақтығұлдан басқа кісінің осы малға 
орайы келмейді. Қараңғы түнде байқамай алған шығарсың. Малда тіл жоқ. Әдейі алдың 
демейміз. Малымызды орнына сал, — деп, сөз аяғында келген жұмысын бадырайтып айтып 
салып, қадала түсті. Ұрыға келген жоқшының бәрі осылай келетіні де рас. Сөйтсе де, 
мыналар алаңсыз-ақ: "Бақтығұл алды", - деп, түйіліп, шаншылып келген сияқты. Қара қатын 
байынан бұрын бірдеме деп бажылдап қоя берді. 
Жұрт оның сөзін көп елең қылған жоқ. Бірақ қасындағы сары жігіт шынтағымен 
қатынның санын басып қалып: "Енді отыр!" — деді де, қазанды нұсқап көрсетті. Бақтығұл 
шіміріккен жоқ. Нығыз пішінін жасытпастан: — Ілгері - соңғы заманда сенің малыңды менің 
алғаным бар ма? Неше жоғыңды суырып алып едің? Әйт-үйт жоқ. "Сен алдың", — деп, 
қадалғанда, қаралық ісім болса, қарайтарсың. Әйтпесе, "иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі 
бар". Сорғалаған қан, сойғақтаған ізің жоқ. Айтушы айғағың жоқ. "Даладағы бір ит оттады", 
— деп, менен қалайша көресің? Басынғаның ғой. "Жалғыз үй Сары, не десем, алдымнан 
шығады. Қандай күйе жақсам, қараймайды. Салмағымды салсам, жықпаймын ба?" — дейсің 
ғой. Құдай ақ та", — деп, сызданып, түсін томсартты. Жоқшылар екі-үш рет жауап қайырып, 
еркімен жөнге түсер деп, тосып еді. Бақтығұл көнбеді де, аяғына отыртпады. Сөйлеген сайын 
ерегіске шабыныңқырап, шиеленісе берді. Ырыққа көнбейтін болды. Өзінше нығыз, дәлелді 
сөздерінің арасында антты да араластырып жіберіп, неше алуан бұлтаққа салып еді. Бұған 
орай мал алдырып, алынып келген тасыр қара жігіт те жалғыз үйлі ұрыға ырық бергісі 
келмеді. Сөйлеген сайын қорқытып жібермек болғандай, сұрланып, ашу шақырып, даусын 
қатаңдатып, аяғында бұл ретті сөзбен ұғыспайтын болған соң, Бақтығұл: — Ақыры мен 
кінәлі болсам, қолыңдамын ғой. Өз сөзіме сенбедің, ертең біреудің алдын байлау қылайық. 
Менің ақ қарамды таңдаған кісіңнің алдында тексерт. Бүгін сен — алдырған кісі мені "қара" 
деп отырсың. Екеуміз де ұғысатын бет жоқ. Құр қажағанмен, ажалға мен жығыла алмаймын, 
сөзге тоқтар болсаң, беретін байлауым — осы", — деді. 
Сол кезде төмен отырған сары кісі басын көтеріңкіреп: — Бақтығұл, жөнге көшсеңші! 
Алыстан айғақ іздеп қайтесің? Нақ осы мына қазандағы мұрынды жарып бара жатқан жас 
жылқының еті қайдан шықты? Осыны сен неге тығасың? Бұнымен қайда барып ағарасың? — 
деп, кішкене қазанды қатынның алдынан көтеріп алып, ортаға қойып, көп жұрттың таң 
қалған жүздерінің алдында ала қапты жұлып алды. Жас уылдырық пен сары жалдың үлкен 
бір кесегі майлы сорпаның бетінде төңкеріліп аунап түсті. 
Сары жігіт бұнымен қанағат қылмай, қатынға қарап: "Табақты әкел. Өз малымыздың еті 
— осы. Сен жегенде, біз жемейміз бе? Кел, қол жуыңдар", — деді. 
Қара қатын шабаланып: "Өзіміздің ет", — деген болса да, еріксіз табақты әкеліп берді. 
Сары жігіт етті түсіре бастады. 
Барлық жоқшы оқыранып, күлісіп, бірін бірі қалжыңменен қағытып отырып, піскен еттің 
барлығын табаққа өз қолдарымен салды да, туралай отырып, қол қолға бір-бір түйірден 
үлесіп алып, жей бастады. Араларына Бақтығұлды да шақырған жоқ. Қара қатын ашумен көзі 
жайнап, іші күйіп, тамсанып отырып қалды. Бақтығұл басын көтеріп, ашуланып: "Бұл 
бассыздық, бұл зорлық қай жерлеріңе сияды?! Мен кедей болсам да: "Өмірі бір табақ ет 


тимесін", — дегенді сендерге кім айтты?!" — деп, есін жиып, қатты сөйлемек болып еді. Көп 
жұрт ендігі сөзін тыңдамай, етті жей берді. Перде ашылып, сыр білінгеніне күдіктенбеген 
жүзбенен Бақтығұлдың әр сөзін мазақ қылып, күлкіге айналдырды. 
Аяғында етті жайланып жеп алған соң, Бақтығұлға тасыр қара жігіт әмірлі дауыспен 
зекіп: "Тұр, қораңның ішін көрсет! Тінтеміз. Саған осы биенің етінен бір жапырақ бұйыртсам, 
атым өшсін! Барлық етін қазір алып кетемін. Енді жаның барында шыныңды айтып, бетіңді 
түзе", — деді. 
Үй іші тасыр жігіттің ашулы сөзінен сескенгендей болып, үндемей, жымдай қатты. 
Бақтығұлдың шаршаған, ашыққан, қажыған денесі бұрын да ашумен қатты тыртысып, 
зорға шыдап отыр еді. Ендігі мінез терісін жарып жібергендей болды. Жанындағы жігітке 
суық жүзбен шаншыла қарап, қанды көзін бір қақпастан қадалып отырып, ашық, анық 
қылып: 
— Аспай сөйле, мырза! Қорқытсаң, дұрысыңмен қорқытарсың. Шошаң қағып, орынсыз 
бет алды тасырлағаныңа үрейім ұшпайды. Біліп қой! — дей бергенде, басшы жігіт оң 
қолында бүктеп ұстап отырған сары ала қамшымен Бақтығұлды бастан тартып-тартып 
жіберіп, әкеден құлдатып, боқтай жөнелді. 
Бақтығұлдың бұл жұмыс — бұрын көрмеген қорлығы еді, бір жағынан қатын-балалары 
шошып кетіп, шулап қоя берді. Әсіресе, бағанадан үркіп, қатты өңі қашып, қабағын түйіп, 
жүдеп отырған Құралдың даусы жанын өртеп жібергендей болды. 
Не де болса, қарсыласып өлуді тіледі. Сондықтан қасындағы жігіт екі рет ұрып қалғанда, 
қамшысын ұстай алып, жұлқып тартып алып, атып тұрып, көз жұмғандай шапшаңдықпен бұл 
да үш-төрт рет тарс-тұрс еткізіп жібергендей болды. 
Бірақ Бақтығұлдың бар қайраты, ең соңғы қарсылық қимылы сол болды. Келесі секөнтте 
жиырма шақты жау қолдар қамшымен, жұдырықпен бұршақтай жауып, оттың басына 
шалқасынан түсірді. Тепкі мен қамшының, боқтық пен қиянаттың жынына былғап жатқандай 
болды. Басы мен ұлы денесінің ешбір жерін талғаған жоқ. Өкпеге де, бетке де етіктердің 
өкшесі, бүктеп ұрған қамшы, сапы да саябырсыз, тоқтаусыз тиіп, көз алдынан дамылсыз жай 
түскендей от ұшқындарын жарқ-жұрқ еткізіп ұшырып жатқандай болды. Бұл хал азғантай 
ғана уақытқа созылғанын біледі. Содан ары қарай Бақтығұл еш нәрсені білмейді. Қара түнде 
бір зынданға я үлкен қараңғы құзға, обып-обып жұтып кеткендей үлкен меңіреу жоқтыққа 
бір-ақ батып кетті. Ақырғы рет қана көз алдынан үлкен бір жарық лап етіп барып шұғылынан 
кесіліп сөніп қалғандай болды. Сол соңғы секөнтте шекесінен тыз етіп тіліп өткен біздей 
өткір шаншуды ғана сезіп қалды. Ең соңғы сезім ұшығы сонымен таусылды. Арғы жағы 
меңіреу қара түнде шамы сөнген үйдей тұтасқан қалың қараңғылық болып кетті. 
III 
Арада қанша мезгіл өткенін анық білмейді. Бақтығұл есін жиғанда, ең алдымен сезгені: 
шекесі шаншып қатты ауырып жатыр екен. Таң атыпты. Тағы да сыртылдап жауын жауып 
тұр. Үй іші сұп-сұр. Ыңқылдап көзін ашқанда, қасында бүкшиіп, аңдып қарап отырған 
қатынын көрді. Оның өңі кешегі тәуір шырайдың барлығынан айрылған. Сезімсіз, жүдеу ғана 
түсі бар. Меңірейіп үндемейді. 


Байының қанын шала-шарпы ғана жуыпты. Бақтығұлдың бетінің әр жері көгерген. Көзі 
ісіп кеткен. Шекесі жарылған екен. Сол арасынан әлі де анда-санда шыпшып қан шығады. 
Үстіндегі тонына шашырап барып қатқан қара қан тамшылары көрініп тұр. Құрал жылап 
отыр. Қашаннан жылаулы? Үндемейді, неге жылайтынын айтпайды. 
Түндегілердің дыбысы өшкен, тегіс кетіпті. 
Қатын мәлім етті. Бақтығұл жайланған соң, қатынды қорқытып отырып, етті тыққан жерді 
сұрап алыпты. Жарық алып жүріп, қораның бәрін тінтіпті. Таң атқанға шейін кетпей, күзетіп 
жүріп, жаңа таң ертең ондағы ет пен теріні де суырып тауып алыпты. "Біздің көк бие", — деп, 
терісін таныпты. Содан соң жаңағы бір әзірде бір-екеуі келіп, Бақтығұлдың жайын көріп: 
"Өлетін емес қой, ұйықтап жатыр", — деп сөйлесіп отырып, аяғында, артқылары келген соң: 
"Малымыздың төлеуі", - деп, боз атты шығарып алып, "айып" деп, қызыл сиырды айдап 
кетіпті. 
Бақтығұл бұл істің ешбіріне де таң қалмағандай болып үндемей тыңдады да: 

Етті қайтті? — деді. 
— Еттің де бәрін сыпырып-сиырып алып кетті. Бір жапырақ та қалдырған жоқ. "Сендерге 
обал жоқ", — дейді. Тұп-тура шауып кетті. Адыра қалғырлардан не жақсылық күтесің? Кәпір 
емес пе? Тепсініп, өзіме ұмтылып, зәремді алды. Шаңырағыңды ортаңа түсіріп шауып кеткен 
жоқ па?! Құдай тілеуіңді бермей, көрінде өкіргір, кеселділер!.. — деп, мұрнын тартты. 
Қозыбақ аулы қолымен билік қылып, төлеуін де, айыбын да өзі кесіп алып, аяғында боз 
биенің етінен де жалғыз жапырақ бұйыртпады. Оның үстіне жеген таяқ, жарылған бас, қып-
қызыл жоса болған қан міне. Қатын-баланың көзінше қызыл қырғын шабынды жасап, 
намысқа тиген тепкі — мынау. Іші намыс пен қорлықтан өртеніп күйгендей болып, Бақтығұл 
қатты күрсініп, аунап түсті. 
"Бір биенің жазасы неше сыбаға болды. Артығымды бер", — деп, Қозыбақ аулынан 
Бақтығұл жоқтап ала алмайды. Біледі. Ол жуан, тентек ауыл. Аяғына отыртпайды. Өтпес 
жарлық — бойға қорлық. Одан да үндемеген артық. Бұның сөзін сөйлеп, есіркейтін ағайын 
тағы жоқ. Сөзі оң болса да, анадан сескенеді де, сөйлей алмайды. Және Бақтығұл сенерлік ел 
де жоқ. Өзі — қалың Жаныс ішінде жүрген аз ғана үй кірме. Жиыны жиырмаға толмайды. 
Оның да басы бір жерде емес. Әрқайсысы әркімнің қасында қоңсы. Шетінен кедей. Қара 
құрымдарынан басқа түгі жоқ. Өзі кедей, өзі аздың сөзі пұл бола ма?! Ондайдың ішінен тәуір 
кісі шыға ма? Жақсы адамы болса да, оны кім жақсы деп санайды. Кім еске алып, есепке 
тұтады. 
Сол ағайын тұтасымен осы елдің ішінде жүрген малшы мен құл есепті ғана болғандықтан, 
баяғыдан бері, ең болмаса, бір де бірі ұлтарақтай болса да, жерге ие болмағандықтан, 
Бақтығұл солардың сорына ерегіскендей: "Солар көнгенге мен көнбеймін", — деп, өмірде 
талпынып көп ізденіп еді. Бұл өзгелерден жігерлі, ер, екпінді, естірек те болды. Қазақтың 
тәуір деген орнынан, мол рудан шыққан болса, бас болмаса да, орта тәуір кісінің бірі 
боларлық ақыл сезімі де, тіл орамы да бар еді. Бірақ өзіңмен туған туыс қана жетпейді. Ар 
жағында етек алған қалың іргең болу керек. Әйтпесе, сен көзге түрткі, сен — ел ішіндегі саяқ, 


сандырақ. Кірме!.. Осының бәрі жасынан иығынан басқан "тағдыр жазуындай" емсіз дерт 
болғандықтан, Бақтығұл өзге Сарыдан, қайтсе де, бөлек болмақ болып, ең аяғы ұрлықпен 
болса да, кісіге жалынбай тіршілік етемін деп талап еткен. 
Бір талай заман дегеніне жетіп келген. Өзінен кісі қорықпаса, өзі ешкімнен қорықпайтын 
болып, малға да қолы жетіп, біреудің жерін сатып алып, осы жерден қора да салып алып еді. 
Бірақ бертін келгенде, елдің жуандары көзін аларта беретін болды. Жалындырмақшы болып, 
съездерде сөз қылуға айналып, құн кестірмек болып, соңына түсе бастады. Сол еріксіз тоқтау 
болыңқырап: "Қоямын", - деп уәде беріп, бірнеше би мен болысқа бір-бірден ат сыйлап зорға 
құтылып еді. 
Соңғы жылдары ұрлықты саябырлап істейтін болғаны сол еді. Бірақ керегі не? Талайдан 
бері ораза тұтқандай тартынып, өзін өзі ауыздықтап келген шыдамын бір-ақ күнде өзі келіп 
айрандай төкті. Енді жалғыз үйлі Сарыдан шығып, Қозыбақтың ту биесін тайдай тал түсте 
әкеліп, сойып алып отырған Бақтығұлдан жұрттың жаласы айырылмайды. Бақтығұлдың басы 
жала мен шудан босау жоқ. Болыс, би де енді құрық салады. Бұл көрген-көрген емес. Әлі де 
неше сыбаға болып келетін бәле мен қаза, үлкен толқын соққын бар. Бәрінің төрінде 
айдаһардың аузындай, қара түсті ажалдай кесілетін абақты бар. 
Ойына осы келген жерде Бақтығұл селк етіп шошып кетті. Өмірінде талай қылмыс істеп 
жүрсе де, бұндағы бір ерекшелік: "Абақтыға түсермін-ау", — деп, еш уақытта ойламайтын, 
ондай ойды басына жуытпайтын. Барлық тіршілігінде, ойша болса да, қатты үркіп қорқатын 
құбыжығы осы еді. Өзге ұры қорқақ болса, барлық жерде қорқақ. Сол көп қорқыныштың 
ішінде абақты да қатардағы бір қауіп сияқты ғана көрініп, көңілінде орта дәрежедегі бір күдік 
болып қана жүрсе, Бақтығұлға өлімнен артық қауіп осы сияқты болатын. Неліктен екені 
белгісіз, елде қауіп-қатердің қандайына кездесіп жүрсе де, құты қашып қорқып көрмеген 
Бақтығұл абақтының атын да салқын қанмен ести алмайтын. Енді бүгінгі қысылған халінің 
үстінде сол жалмауыздай қатердің қара шойын есігі бұның қиялының алдында қараңғы 
көрдей болып азынап ашылып күтіп тұрған сияқтанды. Бұл қорқыныштың ерекше дерт 
сияқты бір ұғымсыз ауырлығы бар еді. Қорыққанда, таудағы жайын аңдай ерекше тағылық 
жайындықпен қалтырап қорқатын. 
Мына түнде істеп кеткен зорлық, жуандықтан басқа ертеңгі күн осы дұспандар қорғансыз 
басын ең аяғы абақтыға шейін де аямастан апаратынын ойлағанда, Бақтығұл дүние 
тіршіліктің барлығын талақ ететіндей жиренішке жетті. 
Бір өзінің басынан басқа барлық адам баласын тұтас кекті дұспан сияқты көріп, ерекше 
жек көріп: "Қырғын тапса екен. Апатқа ұшыраса екен. Үйелменімен өртеніп я жер жұтып 
кетсе екен", - дегендей уланған дұшпандық ниетіне кетті. Бірақ ол арманы болмайды. Ел көп, 
жау қалың, мықты. Енді басты амандау керек. 
Аунақшып келіп: "Құрысын кәпір ұрлық! Мұншалық қорлыққа жеткізген ұрлықтан тағы 
да дәметерім бар ма? Қоямын, бітті! Не көрсем, қылмысымнан көрдім. Енді сүйенетін кісі 
табамын. Баспана керек. Барыңды беріп, құл болсаң да, біреудің қолтығына кіру керек. 
Ұрлық та арқасында тірегі бар, сүйеніші бардың қолы. Бұл күйімде маған ұрлық та асқандық 
сияқты. Бойымнан артық жұмыс екен", — деді. 
Өмірі қатынына бел шешіп сыр айтқаны осы еді. Қара қатын шошып қалды: "Байғұс өліп 
қала ма? Аузына құдай салып жатыр ма? Бүйтіп көрген жоқ еді. Қалай айтқаны?", — деп, 


ішінен күдіктеніп, сескеніп отырды. Өлмейтін болып, сау тұрғанда, сау ақылмен байы 
бұндайды айтпайтын сияқты көрінуші еді. Қара қатынның өзі де күндегі әдеті, іштегі 
тілегімен ұры болып кеткен. 
Бойға сіңген мінез сияқты болғандықтан, ұрлықты мін екен деп ойланып та көрген емес. 
Жасырып, тыққыштап сырын сұраған қатынға ант су ішкеннен басқаны білмеуші еді. 
Бақтығұл жаңағы сөзді нық байлау сияқты айтты да, артынан қайта қайырмай, үндемей 
жауып қойды. 
Арада бір жұмадай уақыт өтті. Жарасынан жазылып, түрегеліп, жүріп, атқа мінетін болды. 
Боз ат Қозыбақ аулына кете барса да, жанындағы жылқылы ауылдың біріне қосып қойған 
тағы да бір-екі аты бар еді. Малының бары да, ажарлысы да аттары болатын. Онан басқасы 
екі-үш сиыр мен бесті-онды ешкі лақ еді. 
Жүруге жараған соң іздеп барып, жирен жорға атын ұстап мініп алды. Бұның жорғасы бұл 
өңірде жоқ. Орасан қатты болатын. Оның үстіне жаздай құры, сұлу, биік, мінсіз жақсы ат еді. 
Көп ел сыртынан қызығатын. "Сат", — дегендер де аз емес еді. Бір болыс Шалқар 
Бақтығұлды білсе, жирен атты да білетін болған. Бірақ иесі сатуға да, кісіге беруге де көнбей, 
қимай, бірнеше жылдан бері күтіп, сақтап жүр еді. 
Боздан айрылып, жаяу қалған соң, соны мініп күйіне келіп, жалғыз оқты кәрі шиті 
мылтықты оқтап алып, сайды өрлеп тауға шықты. 
Күн ұлы сәске кезі еді. Тауды жүндес бөстектей орай басқан көкшіл қалың қарағай. 
Соның ішіне келіп кірді. Тоқтаған жоқ, өрлей берді. Бір талай уақыт жүрген соң, қарағайдан 
шықты. Ар жағы — қалың-қалың, заңғар-заңғар биік, сирек қызыл тастар. Тылсым буғандай 
жым-жырттықта мелшиіп қатып тұр екен. Атты ақырындап қыбырлатып басқызып отырып 
бір үлкен құз, қиын қызыл шаттың иығына жақындап келді. Бұл таста аңнан басқа мал да, 
адам да болмайтын. Кездессе, бірен-саран аңшы ғана кездесуге болады. Бірақ ешкім 
көрінбейді. Шатқа жақындап келген соң, бір жақпар тастың түбіне жирен атты аяғын бекітіп 
қойып, өзі басындағы бөркін тастап, шитіні оң қолына көлденең ұстап, еңкейіңкіреп ақырын 
басып, баспалап отырып шаттың ернеуіне қарай жүрді. 
Алдында үлкен құздың арғы беті ғана көрінеді. Ілгерілеген сайын тас қорған 
шұңқырайып, тереңдеп барады. Ауданы да үлкейіп келеді. Қарсы бетте еш нәрсе көрінбейді. 
Бұлыңғыр, күңгірт күздің күні кірлегендей болып, салбырап, кіржиіп тұр. Сұр тонды, сұр 
түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялып, қалың жым-жырттыққа 
қоса батқан сияқты. 
Бұғады да, ақырын ғана қыбырлайды. Ернеуге жақындап келді. Бір тастың төсінде бұғып 
жатып, баспа қылып қарады. Бұрын талай замандар шығып, талшық қылмақ болып, көп-көп 
іздегенде, ату жерге анықтап бір кез келмейтін арқардың бүгін орайы келген сияқты. Дәл 
тамағының астындағы бір жеке шошақ тастың басында үш арқар секиіп тұр екен. Бұлар арғы 
беттен бірдемеден үркіп қашып келген сияқты. Еліріп, сол жаққа қарап қарауылдап тұр. Бірі - 
құлжа, екеуі — ешкі. 


Көрісімен-ақ Бақтығұл: "Иә, сәт!", — деп, кейін қайырылып отыра қалып, мылтығының 
құлағын кейін тартып алып, нысананы бетке ұстап, көздей тұра берді. Бірақ тұрып келе 
жатқан қалпында бойын түгел жаза алған жоқ. Шектен тысқары сақтығы бар, қылп еткенді 
көретін қырағы арқар екі қаратпайтын мінезін істеп, мынаның басы — қылп еткен жерден-ақ 
"пыс" деп жіберіп, сатырлап биік тастан ойға қарай секірген екен. Жалғыз-ақ бір тар жерге 
үшеуі бірдей қарбаласып қақтығып қалғандықтан, алдыңғы екі ешкі секіріп кеткенде, екі 
мүйізі шаңырақтай қартаң құлжа жаңа секіргелі қамданған екен. Төселіп, қадалып келе 
жатқан қара шиті қарауылы құлжаның көк желкесіне іліне бір-ақ тарс етті. 
Тастың басында көк түтін бұрқ етті де, ырғалып, толқып қалып, серпіле берді. Сол кезде 
ақ таңдақ қоңыр құлжаның қиралаң етіп, алдыңғы тастан сүйретіле барып, кеудесін артып 
құлап түскені көрінді. 
Басына Бақтығұл келгенде, шала жансар жаны бар екен. Ұзын қара пышақты қыннан 
суыра сала тамақтан ыстық қанын шапшытып орып-орып жіберді. Ақырғы рет ышқынып қор 
етті де, тағының жаны шықты. 
Сол кезде түс ауып бара жатқан мезгіл еді. Бақтығұл тезірек ақтармалап ішек-қарнын 
алып тастап, етін бұзбастан, белден бір омырып, терісіне орап, жирен атқа зорға дегенде 
көтеріп арта салып, мықтап таңып алып, атын жаяу жетектеп, ойға қарай тартты. 
Күн екінді кезі болғанда, манағы қарағайдан өтіп, ұлы таудың бір қабат ішінде, өзеннің 
жағасында отырған бай ауылдың қорасының үстінен келіп шықты. 
Бұл — Шалқардың болысы Жарасбай ауылы еді. Бақтығұл таң ертеңнен бері қарай 
үндемей дайындалғанда, келмегі осы ауыл болатын. Арқарды да болыстың бәйбішесіне атып 
ала бармақ болған. Бұнда келмекке бекінгені — тіпті бүгін ғана емес. Қозыбақ аулы шауып 
кеткен түннің ертеңіне-ақ Жарасбай болысты еске алған. 
Жарасбай құр ғана болыс емес. Болыстықпен, әмірмен ғана бедел тапқан кісі емес. Әрі 
бай еді де, әрі ерте күннен "жақсы кісі" деп ел ортасына атағы шыққан, ер, мықты. Қолынан 
жақсы-жаман істер бірдей келетін. Келгенде, молынан келетін. Маңайдағы болыс-билер, бай, 
мырзалардың бәрінен де мұның атағы басымырақ еді. 
Сондықтан сүйенетін пана іздеп, бір үлкенірек адамның ығын керек қылған уақытта 
Бақтығұлдың ойына келген үміті осы болған. Барын берсе де, соған беріп, құлданамын десе 
де, айтқанына көніп, қайтсе де, Жарасбайға жағынып, соның басына жақын болмақшы еді. 
Өмір бойы далада жалғыз жортқан көк қасқырша жанның бәрінен жүрісін алыс қылып, 
сырын бір өзінің ішіне түйіп, тығынып келген тіршілік енді бұны қажытып та, өкіндіріп те 
болып еді. 
"Жұрттың тегіс қадірлейтін, жақсы деген кісісі болса, соның маңына барып, бағымды 
сынап, жаңғырып көрейінші", — деген ойды ойлап еді. 
Бай болыстың аулы көп малын тау мен ылдиға бөліп-бөліп, отарға жіберіп, өздері күздің 
суығынан қашып қораға келіп, жарым-жартысы тамға кіріпті. 


Кеш болған соң ауылдың басты еркектері тыста жүр екен. Арқар өңгерген Бақтығұл 
қорасының алдына келіп, сәлем бергенде, болыс күлімсіреген жылы шыраймен сәлемін алды. 
Қызыл жүзді, ұзын бойлы, семіз болыс басына сусар бөрік киіп, жаңа, жылы елтірі ішікпен 
қызара бөртіп, ажарланып, тұр екен. 
Бұның жасы Бақтығұлмен шамалас 35—37-лердің мөлшерінде еді. Қасында қошеметші 
екі ақсақал мен 16—17 жастағы үлкен баласы, бірен-саран кедей-кепшік малшы көршілері 
тұр екен. 
Бақтығұл амандасып, аттан түскенде, қолына құман алып, қораның кісі жүретін есігінен 
шығып келе жатқан қызыл жүзді бәйбішені көрді. Жайлы, тыныш өмір еркелеткендей 
әлпештеулі, таза, семіз, күйлі сияқты. Қанжығада қызыл жоса қан болып төңкеріліп түсіп 
жатқан шаңырақ мүйізді арқар бәйбішенің де ықыласын тартты. 
Амандасып келіп, еркектермен бірге аттың о жақ, бұ жағына шығып, ол да арқарды 
тамашалап қарап шықты. 
Бақтығұл: "Бәйбіше, бүгін таң ертең осы ауылға келейін", — деп атқа мінсем де, "Аң еті 
таңсық шығар. Әуелі бір тауға шығып, бірдеңе кездеспес пе екен, қарай кетейін", — деп, 
әдейі мына қызыл тасқа бұрылып едім. Мына біреу кез болды. Арнаған кісім өзің едің. 
Мынаны кіргізіп ал", — деп жайын айтып, бәйбішеге қарады. 
Бәйбіше көзін сықситыңқырап, күліңкіреп, не қыларын білмегендей, болысқа қарады. 
Жарасбай қатынның бөгелгеніне күлді де: 
— Кіргізіп ал. Несі бар дейсің? Өзге-өзге болса да, Бақтығұлдың мұнысы ұрлық емес. 
Өзіңнің тасыңның аңы екен. Тіпті бермеймін десе де, алып қалатын жөнің бар емес пе? — 
деп, сөзін қостаған жұрттың бәрімен бірге сықылдап бір талай күлді. 
Екі шалдың біреуі — осы ауылдың ежелгі көршісінің бірі, Жарасбайдың әкесімен бірге 
жүрген досы, мұның барлық мал-жанын басқарып жүретін ағасы сияқты болып кеткен мал 
қорада айқайшы, жанкүйері Қайрамбай еді. 
— Қадиша, алғын, қарағым! Қатындар қайда? Кіргізіп алсын. Бұл сорлының 
қолыңдағының бәріне арам еттей қарайтын бір бәле болды-ау! Бақтығұл құр ғана ұры емес. 
Мырза кедей болуды да білуші еді. Көңілі түскен кісісіне жалғыз атын түсіп беретін де лақ 
етпесі бар еді. Арылмай жүрген бір қырсық болмаса, жомарттыққа, ерлікке ешкімнен кем 
емес болатын. Аларын да бере біледі. Кемсінбеңдер, — деді. Бақтығұлдың келген сапарына 
бұл сөз үлкен достық сияқты арман қыларлық сөз еді. 
— Кәриә, несін айтасың?! Осы айтқан сөзің кітап сөзіндей. Тұзым жеңіл, бағым ашылмай, 
қырсық шалған бір сорлы кедеймін. Бүгін сонымның бәрін шағайын деп, мына мырзаға әдейі 
келдім. Өзі де есітер. Осы келгенімде өзім: "Бұрынғыдан өзгеріп, жаңғырып келдім", — деп 
тұрмын. Бүгінгі Бақтығұл бұрынғыдан да басқа. Пейіліме қарай жақсы сөз айттың. Қанша 
айтсаң да, дуалы ауыз кәриәсің ғой, — деді. 
Бұл кезде болыстың баласы шешесінің жұмсауымен қора жаққа барып, екі жастау малшы 
қатынды шақырып алып келіп, үш-төрт кісі болып, жабылып арқарды аттан түсіріп алып, 
үйге қарай алғызып жөнелді. Болыстың ерке болып өскен баласы — Жанғазы алдыңғы бір 


борбайын ұстаған болып келе жатып, үлкен мүйізді басымен алдыңғы келіншекті итермелеп, 
бөксесіне арқардың басын соғып бара жатты. 
Арқар семіз болғандай үлкен етті екен. Болыс жаңағы әңгімеге жауап бермей, соған 
қарады. Бірақ іштей Бақтығұлды соншалық арамсынған ниет жоқ еді. Ұрының соңғы сөзі, аз 
да болса, ой түсіргендей, есіркеткендей болды. Әсіресе, болыс қасындағы екі кәриәнің бұл 
уақытқа шейін үндемей тұрғанына жаңағы сөз үлкенірек әсер еткен сияқтанды. Ол 
Бақтығұлға қарап жылы ұшырап күліп: 
— Байғұсым, "жақсы лепес — жарым ырыс", — деп, өзіңнің ниетіңде шынымен 
жақсылықты ойлаған бірдеңе бар сияқты ғой. Осы сендей тентек жаманшылықтың әр 
тарауын көріп-көріп келіп, пышақ кескендей бір тыйылып қалатыны да болушы еді. Әлде 
сөйткелі жүрмісің? — деді. 
Бұл Шалқар ішіндегі Сәрсен деген басты бидің бірі еді. Болыспен беті жақсы. Ниеті 
әрқашан дұрыс болып, көбінесе бірге жүретін. Тілеуі жақсы, достығы күшті болғандықтан, 
соңғы сайлауда да Жарасбай қалдырмай, би сайлатып жүр еді. 
Бақтығұл оған да дән ырза болды. 
— Айтқаның рас. Үлкен ниеттің үстінде тұрғаным анық. Татып көріп болдым. Енді 
Құдайдан тыюын сұрап отырмын. Осы елдің жақсысы! Алдыңнан арылайын деген 
тілеудемін, — дегенде, болыс күлді де: 
— Ойлағаның шын сияқты. Ат үстінен-ақ айтып жатырсың. Бірақ Құдайдан тыю 
сұрағаның атты алысқа айдағаның болмаса, не қылсын, — деп, қатты қозғалып күлді де: — 
Бірақ енді жайланып, жата-жастана айтарсың. Әзірше үйге жүріңдер, - деді. 
Бақтығұл: 
— Мақұл, мырза, мақұл айтасың. Көңілім сол оймен лепіріп тұрған соң айтып жатырмын. 
Әйтпесе, жайланып айтатын сөз екені рас. 
— Иә, рас-рас, — дескен қариялардың да дауыстары шықты. Қонақтар ымырт жабыла 
бастағанда қораға кіріп, үйге қарай жүрді. 
Болыстың қонақтарымен отыратын үлкен тамына шам жағылған. Іші жылы, жарастықты, 
жайлы екен. Есіктен төрге шейін жайылған кілем. Төрде көрпе, оң жақта үлкен сәнді, жұмсақ 
орыс төсегі. Тұсында тұтқан түкті сары ала кілемімен үйдің ішін қуантып, жақсы ұядай 
түрлентіп тұр. Суық киіз үйде арқасынан аяз өтіп, бүрсеңдеп отыратын Бақтығұлға мынау үй, 
бір қонып кететін болса да, үлкен асыл сый сияқты көрінді. Көңілі талай күнгі кірбеңінен 
жадырағандай. Барлық тіршіліктің жетімсіреткен жүдеу күйін шаққандай, бойы жазылып, 
бастан кешіріп жүрген халін айта бастады. 
Жұрт бұның әңгімесін тыңдай отырып, кешкі шайды ішті. Қозыбақтан көргендерін 
бастан-аяқ, жасырмастан, түгел айтты. Үй іші бәйбішеге шейін сөзге араласып, бастығы 
болыс пен Сәрсен ақсақал болып, Бақтығұлға істелген істі шектен артық қиянат деп танысты. 
Сөз аяғында Бақтығұл: 


— Жалғыз жүрген саяқ болған соң, өзімнің әлгіндей елге мәлім жаман атым болған соң, 
өлі келген кісі ойына келген қастығын істеп, түгіңмен жалмап кетуге жиренетін емес. 
— Оның рас. Сені аямай-ақ жаншыған көрінеді Қозыбақ, — деді Сәрсен ақсақал. 
— Аяу қайда? Мен ұры болсам да, бойыма шақтап қара түнді жамылып ұрланып барып, 
емін-еркін тиген малдан бір ғана қара алып едім. Олар тапа тал түсте ұрлықтан артық 
сорақылық істеді ғой. Бәрі де иесіз, панасыздығымнан, саяқ жүргендігімнен. Енді: "Не де 
болса, жамандықты қойып, біреудің есігінде жүрсем де, отымен кіріп, күлімен шығатын 
болсам да, "Бақтығұл пәлен" деген аттан аулақ болсам екен", — деймін. Бір жақсының 
қасында атқосшысы болып, ығына паналамасам, біздей саяқ сандыраққа атар таң, шығар күн 
жоқ екен - деп, барлық жайын, ендігі ниеті мен бәрін қосып, іркілмей ұзақ әңгіме қылып 
айтып жатты. 
Болыс көп еш нәрсе айтып, "оң теріс" деген жоқ, бірақ тоқтатқан да жоқ. Бақтығұлды ер 
көретін. Бүгін сөз білетін, орнымен пайдаланса, көп керекке жарайтын еті тірі, есті кедей 
екенін байқағандай болды. Айтар сөзге орамды Бақтығұл болыстан басқа үй ішіндегілердің 
бәрін де өзіне жылы шыраймен қарайтын қылып, тіліне нандырып, өз жайына жандарын 
ашытқандай күйге келді. 
Бәйбішенің, Жанғазының шынымен жаны ашыды. Қозыбақ ауылын жек көріп, 
жамандаудан да іркілген жоқ. 
Сонымен болыстың үйіндегі кеш Бақтығұлды ырза қылатындай қорытындыға келді. 
Ет алдында басқа көңілді әңгімелерге ауысып, үй іші болып күлісіп, жадырасып, ілгері 
соңғы заманды сөз қылып, маңайда жаңада болған күлкі жайларды теріп, қалжыңмен көңіл 
көтерісіп келіп, аяғында Сәрсен ақсақал Бақтығұлға шынымен көңілін орнықтыратын сөзді 
айтты. Бақтығұл болыстың бұл кештегі әңгімелерінің барлығына да орнымен жақсы 
араласып, әрбір сөзді күлкі қылып айта біліп, әркімнің өрескелін, орасан мінезін жақсылап 
сынап, келістіріп сүгіреттеп, жас ішіндегі талай жанды әлденеше түрлі күлкі сөздермен әдемі 
әңгіме қылып берді. 
Үй ішінің ықыласын жақсы бейілден басқа көңілді күлкі әңгімелермен де аударған 
сияқты. Болыс үйіне кешкі уақытты көңілді қылып жақсы өткізуге тәуір еңбек сіңіргендей 
болды. 
Ауылда бөтен сый қонақтар жоқ болғандықтан, арқар атып әкелген аты белгілі тентек ұры 
Бақтығұлды көре отырып, әңгімесін естімекке ауылдың қатын-қалашы, малшы-қойшысы да 
ынталанған сияқты еді. Есіктен, босағадан орын алысып, олардың да шет жағалап күлкіге 
қатынасып, әңгіме тыңдап шыққандары болды. 
Осындай кездің артынан болыстың да шырайын байқады ма, болмаса, өз көңіліне келген 
қисынды байлау сол болды ма, Сәрсен ақсақал: 
— Бақтығұл, сен өзің де соны ниет қылған екенсің. "Түзелемін", - деп келгенде, саған бір 
рет шырай беріп, сынап көру, осы елдің жақсысының қайсысына да болса да, міндет көрінеді. 
Көргенің көп, соның артынан "қоямынды" аузыңа алғанда, сен шын алғанға ұқсайсың. Енді 
сөзді қысқарт та, мына болыстың етегінен ұста. Бұған сендей пысық жігіт, атқан оқ, шапқан 


қылыш болуға жарайтын отты жолдас керек. Ұрлығыңды қойғызып, қасына алып жүру — 
болысқа да мақтан. Кеше талай үлкен жақсылардың қасында сендей талай тентек түзеліп, кісі 
болып кеткен. Ешкімнен басың кем емес. Қасына алса, болысты да ешкім сөкпейді. Осы 
болысқа іні бол да, мына Жанғазыға аға бол. Біздің саған беретін мәслихатымыз — сол. 
Жалғыз-ақ: "Енді жаманшылықтан пышақ кескендей тыйылдым", — де, соныңмен қатып 
тұрып қал, — деді. 
Бақтығұлдың бүгінгі күннен бар тілегі, шын қолқасы сол еді. Бар сөзді Сәрсеннің өзі 
айтып шыққандықтан, ішінен жақсы кәриеге әбден ырза болды да: 
— Талайғы арманымды өзің айтып шықтың. Енді мен айтар сөз қалған жоқ. Осы 
айтқанның бәріне қол қойдым. Тілейтінім де сол ғана. Құлдық! - деді. 
Болыс әлі де үндеген жоқ. Ойланғандай, байлаулы сөзді айтпай, іркілген сияқты ма, 
болмаса, бір талай уақыт күдіктендіріп барып, қымбаттап түспек пе, үй іші түгелімен 
Бақтығұлға жылы шыраймен қарап, тілегін беруге қарсы емес сияқтанса да, болыс бұл түнде 
еш нәрсені байлаған жоқ та, Бақтығұлдың сөзін әзірше шешусіз қалдырғандай қылып, жауап 
берген жоқ. Бірақ Сәрсен кәрие айтқан сөзге қарсылық та білдірген жоқ. Соған Бақтығұл 
ішінен қанағат қылды. "Ертеңге шейін ойлансын", — дегендей болып, ол да: "Не айтасың?" 
— деп тақымдамады. 
Түн өтіп, таң атты. Ертеңінде түндегі әдет бойынша болысты іздеген ел ауылға таң 
ертеңгі шайды ішіп болмай-ақ белең-белең топ болып келіп, жиналып жатыр еді. 
Бақтығұл шай жиылған соң жирен жорға атты әкеліп ерттеді де, болыстан бір жауап алып 
кетпек болып, киініп алып, үндемей отырып, үйдің бір оңаша болатын уақытын күтті. 
Аяғында болыс тысқа шыққан бір орайда артынан ере шығып, түндегі сөздеріне жауап 
сұрады. 
Жарасбай әлі де саспай, үндемей, оңашарақ шықты да, бір тазарақ жерге жүресінен 
отырып: 
— Маған енді не қыл дейсің? Тілеуіңді айтшы, — деді. 
Бақтығұл бұл сөзге ішінен дәмелі болып, иігендей сүйсініп қалып: 
— Мен не қыл дейін? Тілегімді, ниетімді түнде айттым. Өзім жеткізе алмағаным болса, 
кәрие айтты. Енді мені қолтығыңа ал. Керегіңе жарат. Тазалық жолға жұмса. Атарман, 
шабарманың боламын. Жанғазының ағасы, өзіңнің не керегіңе болса да, жарайтын, жолыңа 
басымды қиятын жолдасың боламын. Сертім — осы. Осыны өле өлгенше ұстанып өтемін... 
— Жарайды енді. Мен бейіліңе ырзамын. Адал бол. Жанғазыға аға бол. Әзірше ана 
Қозыбақ жұмысының арыны басылсын. Біздің ауылдың оны-мұны шаруасына, әрлі-берлі 
жүретін жұмысына араласа тұр. Аздан соң болыстық жұмысының бір жеріне алармын, — 
деді. 
Көптен бергі тілеген арманы осы болғандықтан, барлық қолқасын алған кісідей мәз 
болып, мырза кедейдің ақтарылғыш шүлендігі ұстап, Бақтығұл: 


— Болыс, маған әкем істемеген жақсылықты істейтін ажарыңды көрдім. Маған керегі 
бейіл еді. "Енді ешкім маған сенбес. Бәрі де иттей көріп жиренер де, бойын алып қашар", — 
деп едім. Жамандықтан тыйылғаным сол болсын: Құдайды да, Құранды да ауызға алайын. 
Оның үстіне өз басыңмен достығыма, осы көрсеткен бейіліңе мына астымдағы жирен жорға 
атты Жанғазыға мінгіземін. Құдай алдында борышсыз. Менің аға болғандағы оған істеген 
сыйым болсын, — деді. 
Болыс үндемеді. Сөз біткен сияқтанды. 
Болыс пен өзінің сөзін жүрерде бәйбіше мен Жанғазыға келіп мәлімдеп, оларға да бір 
талай жібіген сөздерін, іштегі тілегін айтып келіп, аяғында жирен аттың Шалқарға түгел 
белгілі жақсы екенін баяндап келді де, Жанғазыға мінгізбек болғанын айтты. Жас болса да, 
малды сүюді үйреніп, дүниені ыстық көріп машықтанып қалған бала қуанғаннан қызарып 
күліп жіберді. Жорғаны бәйбіше де теріс көрген жоқ. 
Аз күннен соң бала Бақтығұлдың аулына келіп, үй ішін көріп түстеніп отырып, мініп 
қайтпақшы болды. 
Сонымен болыс аулынан тапқан олжасына ырза болып Бақтығұл аяндап үйіне қайтты. 
Кетерде қатын-баласына сарқыт деп болыстың бәйбішесі жаңада сойылған семіз тайдың бір 
қазысын қосып, бір-екі асым тәтті, дәмді еттер салып берді. Сол олжамен шырайланып, түнде 
күйлі үйге қонып, жақсы тоғайып шыққанға сұр жүзі күреңденіп Бақтығұл үйіне келіп түсті. 
IV 
Осы күннен былай қарай Жарасбай болыс пен Бақтығұлдың арасында ұзақ уақытқа 
созылған достық басталды. 
Алғашқы қыс болыс: "Елдің өсек-аяңы бола ма?" — деп, Бақтығұлды үлкен қызметке 
алған жоқ. Бірақ үнемі аулында сақтап, өз шаруасының неше алуан керегіне дамылсыз 
жүргізіп, бөтен еш жаққа мойын бұрғызбай, еңбекшіл, іскер жігіт қылып алды. Сол жүрістің 
тұсында қандай жиын, кеңес болса, қаншалық қалың топ, сый кісілер болса, барлығында 
Бақтығұлдың жайын мәлімдеп: бұрын ұры болып, бұл күнде түзеліп, жақсы адал кісі болып 
кеткенін әйгілетіп, жариялап жүрді. Болыс сенген соң, Бақтығұлға қарап елдің тәуір басты 
кісілері де тамаша қылып, тегіс сеністі. 
Үлкендер ырза болып: "Рақмет, жаңа жөніңді таптың, қайырлы болсын! Енді адам бол", 
— десіп, үлкендік, батагөйлік тілектерін де айтты. 
Өмірде өзіне лайықты жолды жаңа тапқандай болып Бақтығұл алғашқы қыс бойында 
тыным таппай, болыстың үлкен шаруаларын басқарды. Қай жұмыстың болса да, орайын 
өзгеден артық біледі. Нелер қиынның қисынын оңай келтіреді. Шаруа жөнін бұрын бүйтіп 
бой салып істеп көрмесе де, өз шаруасына асылында ынталанып, бой беріп көрмеген қырсыз 
болса да, бай ауылдың мол шаруасын бір өзі басқарып, бір өзі тынбай жүріп, дөңгелек 
айналдырды. 
Өзгені қойып, ауыл шаруасының өнеріне жетік деп танылған Қайрамбай ақсақал да 
Бақтығұлдың барлық ісіне үнемі тамашалап, таңданып отыратын болды. "Шаруаның қара 
қыртысын айналдырады. Есебі де теріс кетпейді. Қолымен істей бастағанда да малшы -


қосшыларды қыздырып, еңсеріп жапырып кетеді. Әншейін қыр бермегендіктен, кедей болып 
жүрген ғой. Әйтпесе, мынадай өнері бар жігітке кедейлік жолайтын қисын жоқ", — деп 
мақтайтын болды. 
Аз заманның ішінде-ақ ауылдың ең басты ақылшысы, ең керекті басшысы сияқтанып 
болысқа, бәйбішеге, көрші-қолаңшыға да өзін елеулі, сөзі бұлды, салмағы зор кісінің бірі 
қылып алды. Енді жалғыз шаруа емес, ел ішінде біреумен жақын, біреумен сыйлас, құда, дос 
болудың турасында да үй іші өз ара ақылынан Бақтығұлды тастамайтын болды. 
Қостап шығатын жылқы, отарлап жайылатын қой, жазғы тұрым салатын егін, қысқы 
пішен, анда-санда шығаратын қалашы, қыс малды ірге аударып салатын соны шөп, кең жер, 
жұт-жалаңнан аман болатын шүйгін отар, бәрі-бәрін де ерте бастан білетін, күн бұрын 
қамдап, дайындайтын, мезгілімен көңілдегідей орнына келтіретін Бақтығұл болды. 
Қай шаруаға қарай ауысса да, сол жұмыстың дәл өзінің басында жүрген жылқышы, 
егінші, қалашы сияқты адамдардың қай-қайсынан болса да, Бақтығұлдың көргіштігі, 
есепшілдігі сонағұрым артық болып, даусыз басшы, ұдайы меншіктенген ие есепті кеудесі 
асып түсіп отырады. 
Бақтығұл кейде өзін-өзі танымай қалғандай болатын. Осы жұмыстар өзін қайта тудырып 
жібергендей. Көптен көксеген тыныш, адал еңбек бір түрлі сүйінішті, сағынышты болған 
сияқты. Істеп жүргенде құр ғана ақыл айдап жүргендей емес. Шын ынта - бейілі, жүрегімен 
өртене жүргендей. Ешкімге залал келтірмей, қақтығып-соқтықпай істеген жақсы қарекет 
түлеткендей болды. 
Бұл жүрістерінің көбі болыс ауылының шаруасы болатын. Бірақ соның әредігінде я 
болыстікімен қатар араластырып істеуге өз шаруасына да қолы тиіп отырды. Қалаға, далаға 
жиі қатынасып жүргенде тері-терсек, мәліш оны-мұны ала жүріп сататын уақыттары да 
болды. Егін салғанда, бай ауыл азын-аулақ қарайласқандықтан, жылдағыдан үш-төрт есе 
артық қылып астық салды. Қыстыгүні соғымы, ұн-шайына да болыс қарайласты. Кесікті ақы 
бермесе де, анда-санда осындай қылып беріп қалатын көмегі Бақтығұлды "еңбегім кетті" 
дегізбеді. Наразылық туғызбады. Анда-санда қыдырып барғанда қара қатын да үстін 
бүтіндеп, сырт киім, іш киім сияқтыларды алып, өзінен артып, балаларын да, шала-шарпы 
болса да, бұрынғыдан артығырақ қылып киіндіріп алатын болды. 
Бұлардың бәрінен бұрын Бақтығұл мен қатынына, көп жұрттың жұбаныш қылып, 
айтатыны да, өздерінің де сүйсінетіні де Құралдың болыс аулындағы молдадан оқитын 
болғандығы болды. 
"Молда" деп қазақ ескі әдетпен атаушы еді. Бірақ бұл анығында орысша оқыған қазақ еді. 
Сол Жанғазымен бірге болыстың ағайындарының бір-екі баласын қыс бойы ауылда, 
болыстікінде тұрып, оқытатын болды да, Бақтығұлға болыс: "Құралды әкеліп оқуға бер", 
деген соң, әкесі Құралды алып келіп, оқуға берді. 
Бұның әзір жасы жас. Оқуға деген әдемі мезгіл еді. Бала алғаш рет: "Болыстікіне барып 
тұрып, оқисың", — дегенде, қатты қуанды. Сол күні түн бойы ұйықтай алмай, алағызып 
шықты. 


Жасынан жоқшылықтың, ауыр күннің шетін көріп, тіршілік қамытын мойнына толық 
кимесе де, кигендей болып жүргенге үйреніп қалған момын, ойшыл бала енді: "Оқысаң, адам 
боласың", - деген сөздерді естігенде, бар ынтасымен талпынып асығып, тіршілік қамы 
айдағандай ықыласты болып қуанып кетті. Ол қыс бойы оқып шықты. Жақсы оқыды. Зейіні, 
талабы молдасын да, ауылды да ырза қылды. Жаз Бақтығұлдың болыс салғызып берген 5—6 
жер егіні жақсы болып жайқалып шығып келе жатты. 
Өз үйі болыстікіне келіп қосылып, сонымен бірге тау сыртындағы әдемі жайлауға шығып, 
жаздың жақсы шырай, жасыл шалғынында мол қымыздың қызығына беріле бастады. 
Бақтығұлға бұл қалыпты тіршілік бұрынғының бәрін ұмыттырып, әлі күнге өзіне өзін ырза 
қылған сүйікті қызуынан айырылған жоқ еді. 
Жаз ауылдың үлкен шаруасы басқарылып болып, енді бір тыныштық дем алыс кең 
қызыққа шыққан соң, болыс бұны ел жұмысының, болыстық жұмысының керегіне де жарата 
бастады. 
Ат үсті жұмысының барып кел, бәленді істеп келуіне, біреуге бір сөз апарып, бұйрығын 
орындатып келуге — барлығына да Бақтығұл шабаршы есебінде тағы да жақсы араласып 
кетуге айналды. 
Ел ішінде болыстың досына достық мінез істеп, сыйлас жақсыларына жақсы сөз айтып, 
жайлы қызмет істеп кетуге, болыспен қабағы келіспей қырындап жүрген ауылдарға сыз 
өткізіп, жасқандырып, орайы келсе, тырнағын батырып, жаншыңқырап кетуге де ең епті, ең 
орайлы кісі Бақтығұл болды. Ақыры бір жылдың ішінде болыстың оң қолы сияқты үйі мен 
түзіне бірдей қажет болатын зор көмекшісі болды. 
Ел сөзінің беті мен жөнін, келенің арбасу мен тартысын қатарлы партия басы, ат үсті 
жігіттердей түсініп, болыс аулында болатын сөздерге әрқашан араласып, кей-кейде ол 
ойдағысын да толық айтып қалатын күйге жетті. 
Тіршіліктің бір жағы осылай болып, жақсы көрініспен көңілді сырғып өтіп жатқанда, 
Бақтығұл мен болыстың іштей тыныштығын кетіріп жүрген бір түйін қыстан бері пайда 
болып, о да өз бетімен өршіп-өсіп келе жатыр еді. 
Ол — елдің партиясы. Биылғы жылы сайлау болмақ. Жаз ортасында Шалқар сайлауы. 
Сол кезде көрші жүрген Шегеті болыстарының да сайлауы болмақ. Осының жақындағанын 
еске алған ел әр жерден қыбылжып, алдын ала қам істей бастап, партияның туын көтергеніне 
5—6 ай болып еді. 
Биылғы партия бұрынғы соңғылардан сонағұрлым үлкен болып, ауданы молайып, 
әуелден-ақ көп елді тұтас қыздырудан басталды. Партия әдеттегіше бір-ақ болыстың ғана 
ішінде болмай, биыл ерекше бір қызумен, бір уез елдің бәрін болмаса да, жартысынан 
артығын түгел қаптаған бір дерт сияқты болды. 
Әркім өзді-өзі болысына айғыр болып жүргенмен, қанағат қылмай, көрші елдерімен басы 
талас, бақа күндестіктен бе, болмаса, аралас отырған соң бірінің пәлесі біріне жайылғаннан 
ба яки шекара әңгімесі сияқты қыс қыстау, жаз жайлаудың дауынан ба, әйтеуір бірнеше 
болысты тұтасып тартысқан екі жікке бөліп, тартыс майданын аса үлкен қылып жіберген. 


Қазірде біріне-бірінің жайлауы жақын келіп, сыбайлас отырған үш болыс ел болса, солардың 
әрқайсысы да уездегі үлкен партияның ұлы аңғарына қарап, екі жікке бөлінулі еді. 
Жарасбай өз болысының ішінде оншалық күдікті емес. Бірақ уезге қарай сермеген 
тартыста, өз руы мол болмағандықтан, қалың рулы елдерден шыққан іргесі мол жуандар 
сүрінтіп кете ме деген күдіктен аман емес-ті. Уез тартысында алдыңғы қатардағы егесте 
жүрген, уез партиясын атағанда, үштің бірі болып аталатын кісі осы болатын. Сол атақ, сол 
даңқты сақтап қалу үлкен мұрат еді. Бүгінгі тіршіліктің ең үлкен тілегі де, бар күшті сарп 
қылатын қысталаң жері де осы еді. 
Партия қыс ортасында ғынуарда басталғанынан әлі күнге қызуы арта түспесе, 
басылмайтын болып өршіп келеді. Ыстық күні қозданып жанған даланың өртіндей жайлауда 
қол бос, қымызға желігіп жүрген бай елдер енді тыным таппай, дәл басып тұрмай, әрлі-берлі 
сырғалаңдап, есті шығармай, көңілдің күдігін айықтырмай жүр. 
Осы іс болыс пен Бақтығұлға бірдей батқан, бірдей ой түсіріп, тыныштығын кетірген іс 
болатын. 
Қыс бойы да Жарасбайдың үстінен ұстасып жүрген елдер талай-талай арыздар беріп, 
әлденеше рет тергеуге іліндіріп, сүріндірмек болып еді. Бірақ ежелден қаланың ұлығына өзге 
болыстың бәрінен қадірі артық болып жүрген, қатты сыйлас болыс Жарасбай барлық жаладан 
дым жұқтырмай аман шыққан. 
Бірақ жаудың өзіне істеген қаруын өзіне бұ да жұмсаған уақытта қалың Албанның үлкен 
тобына сеніп астамдық істеп, жуансып жүрген Шегетінің болысын бұл жеңіп кеткен. 
Жарасбайдың көрсетуі бойынша Шегетінің болысы 15 күн кәтәлөшкіге жатып шыққан. 
Уез партиясының өрті бұрыннан гөрі дәуірлеп өсуге осы жұмысы да өз кезінде үлкен себеп 
болып еді. 
— Ат төбеліндей Жаныстан шыққан Жарасбай, пысықсынып, ұлыққа жақындығын 
қылып, еліміздің сағын сындырды. Сәт сияқты болысымызды тұтқын қылғызды, — деп, 
Шегетінің елі қыс бойы Жарасбайға тісін басып, кіжініп шыққан. 
Олар көптігін айтып, ұран шақырып, бір ру елді түгелімен қоздырып, Жарасбайдың 
артына салмақ болған соң, Жарасбай да дос іздеген. Жан-жақтан өзіне еретін, Сәтті 
жаулайтын дұшпанды бұ да терген. Қыс бойы, Сәттің өз болысының ішінде наразы ағайын 
болса, соларға сөз салып, партия қылмақ ниеті бар, қарсы тұруға жарайтындарды бауырына 
тартып, дос қылып, хат та, ақша да бергізе бастаған. Сол партияны Сәт келіп бұның еліне де 
салмақшы, салған да болатын. Бірақ Жарасбай өз елінің ішін әзір басып алып келеді. 
Сонымен қыстағы бір уез елдің қақ жарылған партиясында Сәт пен Жарасбайдың 
жаулығы өзге себептермен қосылып, келелі үлкен даудың, үлкен тартыстың бірі болған. 
Уез келесіне келгенде, Жарасбайдың тең түсері де, кем түсері де әзір белгісіз. Бірақ тұтас 
3—4 болыс бір рудан болғандықтан, солар шымы тұтастығына семіріп, Жарасбайды құр ғана 
орысқа тығылған пысық қана көріп, елін шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдаған аз 
көріп, сырттан кіжініп, күпінуге келгенде, шек білмейтін болған. 


Сол 3—4 болыстың өзі түгел емес. Ішінде талай ел Жарасбайдікі болса да, Сәт жағы: 
"Жарасбайдың қызуын оп-оңай басып, қолмен-ақ үйретіп аламыз", — деген сөздерді де 
шығара беретін. Қыс бойы осымен келген ел, жазғытұрымнан бері ептеп іске де көше 
бастады. 
Ел қыстаудан көшерде Жарасбайдың аулынан үш ту бие, бір құр атты ұры әкетіп еді. 
Жоғалғаннан бері дерек жоқ еді. Кеше Шегетіге іздетіп жіберген жоқшысы қайтып келді. 
Жылқыны Сәттің бай, жуан ағайыны — Ораз алғызыпты. Сол елдегі Жарасбайдың достары 
түсі-түгін, ен-таңбасын анықтап беріп, көлденеңнің алдында айтпақшы да болып, "жүрек 
жардысын" алыпты. 
Жоқшы сонымен Оразға барса, боқтап, ұрсып, жауап бермей қуып жіберіпті. Кеше кешке 
осы хабарды естіген соң Жарасбай түні бойы күйіп, қорланып, тыныштық ала алмады. Таң 
атысымен ең алдымен арыз жазғызып, Сәрсен ақсақалды жоқшы қылып, қалаға ұлыққа 
жіберді де, содан кейін қазақ жөнімен істейтін ісін басқаруға көшті. 
Бұл жұмыстың тұсында Жаныстың бір талай кісісімен ақылдасып, бір қимылға бекініп 
алып еді. Аяғында түсте қымызға жұрт қанып, желігіп шығатын мөлшерде Бақтығұлды өз 
үйінің сыртындағы көгалға шақырып алды. Қасында ел жұмысшының тартыс-таласында оң 
қолы болып жүретін серігі Сәлменнің Қоқышы бар екен. Бақтығұл келген соң-ақ Жарасбай 
өзінің ниетін айтты. Бір жылдан бері Бақтығұлды бұрынғы жолға бастырмай, шын ойлаған 
ниетін қабыл көріп, қиынға жұмсамай келгенін айтып келіп, аяғында: 
— Мынау елдің пәлесі қоятын емес. Тыныш отырып, мақұл кісі болайық десек, 
басымыздан сырық, малымыздан құрық арылатын емес. Ел істегенді біз де істейтін кезге 
келдік. Сен қасыңа он жігіт таңдап ал да, бүгін кешке аттанып барып, Ораз бен Сәттен бір 
айғыр үйір жылқы әкел, — деді. 
Бақтығұл үндемеді. Ойына бір талай нәрсе келді. Қойып, тыйылып кеткен ісіне 
"қойғызады, жақсы жолға салады", — деп, сенген кісісінің өзі жұмсайтын болды: ұға алмады. 
Сол кезде Қоқыш Жарасбайдың сөзін нық байланған байлау сияқты есептеп: 
— "Қол болмай, жол болмайды", — деп, мал алуды Сәттің өзі бастаған екен. Бірақ онікі 
ұрлық болса, сенікі — ақы адал малыңды қуған барымта. "Баяғы кәрі кесел екен", — деп, 
қорықпа. Қайда барса да, жауап бермеген соң, істелген орай қимыл екенін орыс, қазақ түгел 
ұғады, — деді де, күліңкіреп: 
— Әлде, "Бір бастасам, қайтадан шыға алмай кете барам ба?"— деп, қорқасың ба? Өзің не 
қып шар тартып, шабандап қалғансың? Батырдың бұндайда желпініп шығатыны қайда? - 
деді. 
Бақтығұл күлген жоқ: 
— Батыр-батыр-ау! Қалжыңның жөні бір басқа. Бірақ жаманшылықты бір қойған соң: 
"Енді оған қарай беттеген жаққа бір жолата аяқ баспаспын, — деп едім. Өзіме өзім сенбеймін. 
Баяғы бір жын сыңар езулеп тағы әкетіп қала ма, қайтеді?.. 


— Болыс, мені осыған жұмсамасаң қайтеді? Кәпір, сұйық жолдың өзіне бой үйрету ғана 
қиын. Үйреніп алса, жетектеп әкете беруші еді. Оның үстіне ұры еместі ұры қылып, 
құтыртып, ойнақшытып тұрған ел - мынау. Бір теңге беріп, жырлатып, жүз теңге беріп, 
қойғыза алмай жүрмесе — деп, шынымен бойын тартқан кісінің ажарын білдірді. Бірақ болыс 
бұған тоқталған жоқ: 
— Ол — не деген сөз? Сен іркілетін қисын жоқ! Саған келген бәле менікі. Маған келген 
сенікі емес пе? Бойыңды тартар жерден тарт. Бұндайдан жасқансаң, тіршілік неге керек? 
Құдайдың берген абұйырына сен. Жүре бер! — деді. 
Қоқыш Бақтығұлға жауап айтқызбастан: 
— Сөз бітті. Болды енді. Бұдан әрі барудың керегі жоқ. Бақтығұл аттанады, — деді. 
Бақтығұл да Жарасбайдың әлгі сөзінен соң бөгеліп қалды. 
Бір нәрсе деуге қисынын таба алмады. Сол күні кешке шейін Жарасбайдың қалың 
жылқысы мен Қоқыш, Сәрсен жылқыларының ішіндегі желді аяқ, жүйрік, мықты ат, 
айғырдың он шақтысын іріктеп отырып ұстатып, қасына өзі таңдап тоғыз жігітті алды да, 
Бақтығұл ымырт жабыла атқа мінгелі жатты. 
Бұлар — ұры емес, барымташы. Сондықтан болыс өз аулынан жігіттердің аттанысын 
жасырған жоқ. Ауылдың барлық көрші-қолаңшысы, Қоқыш, Қайрамбай сияқты тілеулес дос, 
үлкендері болсын, қатын-қалашы бар — барлығы да кешке жігіттер атқа мінерде тамашаны 
көрмек болып тысқа шықты. 
Көлденең ел бұлардың түсін көріп, үрпимесін деп, Бақтығұл жүрістің мезгілін өзі 
басқарып, дәл осы ымыртта жүруін байлап еді. 
Өзге жолдастарының барлығы да Бақтығұлдың өзі сияқтанып ықшамданып бір-бір 
шекпен ғана киген екен. Жігіттердің ажары айдынды, тегіс үлкен денелі, ұзын бойлы, 
кеңірдегі сорайып, омырауы ажырайып ашылған, бір-бір аңсағай сүйекті, сіңірлі мықты 
жігіттер сияқты. Бәрі де желіге келіп, даурығып, боқтасып, бірін-бірі қағытып, сенімді 
сөйлейді. Кезелген оқ, қаулаған өрттен болса да, тайынатын емес. 
Барымташылар аттың құйрығын тегіс түйіп тастапты. Қыстан семіз шыққан албастыдай 
ұзын шашты айғырлар, жалаңдаған, көлбең қаққан атақты қылаң бедеулер, бойына сенген 
ерлікпен басты анда-санда бір шұлғып тастап, құлшынып, тіленіп, жұтынып тұрған бәйге 
аттар жігіттердің желігін аспандатып көтеріп тұрған сияқты. Жұрттың бәрі атқа мінгенде, 
араларындағы қылаңдар кешкі ала көлеңкеде жарқ-жарқ етіп, көлбең беріп, ауылға үлкен 
айдын бітіріп жібергендей болды. 
Жігіттердің өзгелері мініп, Бақтығұлды тосып тұр еді. Бір мезгілде сұр шекпеннің 
сыртындағы белдікке жалаңаш күйінде өткізген ақ алты атары қараңғыда жарқ-жұрқ етіп, 
үлкен үй жақтан шығып келе жатқан Бақтығұл көрінді. 
Даусы әмірлі. Бұл қазірде өзгеріп, өркештеніп, жаңа қырға мініп алған сияқты. Болыстың 
тілін екі етпейтін елгезектік қазірде көңіліндегі күдіктің бәрін де кетірген сияқты. 


Дөңгелек денесі екпінмен, күшпен қайнағандай, тез қозғалып шапшаң айналды. Сөзді 
қысқа сөйледі. Жолдастарына жақындап келгенде: 
— Уай, көк жендеттер, жол болсын! — деп шапшаң ғана саңқ етіп, қатты айтты. 
— Уа, әлей болсын, әлей болсын! Бірге-бірге болсын! — деп бірнеше дауыс сондай 
шапшаңдықпен су етті. 
Қалың қара мұрттың астынан Бақтығұлдың езуі сүйсінгендей жымиып жүрді. Жүзінде 
толқынғандай сұрлық бар. Көздері қараңғыда қызулы тілектің отын шашқандай күлімсіреп, 
жарқылдай береді. 
Көптің ортасына жаяу жақындай бергенде, алдына Жарасбайдың бәйге шабдар атын бір 
малшы әкеліп көлденең тартты. Қолтықтан жігіт аттандыра бергенде, шылбырды беліне тез 
ғана іліп қалып, көп дырдумен желігіп, алағызып тұрған ат басын шұлғып, жіті басып ілгері 
қозғалып айнала бергенде, Бақтығұл үзеңгіге аяғы тиер-тиместен, ақ жал шабдардың үстіне 
тап етіп қонып қалды. 
Әзір жігіттердің көпшілігі сойылдарын қолтықтарына қысып, кейбірі ердің қасына салып, 
көлденең ұстап тұр еді. Ең айдынды, ең қызулы көрініс осы минут болды да, тамашалаған 
ауылға ең соңғы көрініс те сол болды. Бақтығұл атқа мінісімен: 
— Айда, тарт енді! — деп, тебініп жіберіп, қозғалып кетті. Көп бәйгенің аяғы сатыр-
сатыр, сатыр басып, шымды жерді дүк-дүк еткізіп, үстеріндегі ер-тұрман, қару-сайман бір-
біріне шылдыр-шылдыр, тықыр-тықыр соқтығып, ымырт қараңғылығын қуалап тартып берді. 
Арттарында сүйсінгендей тамашалап, көрініске желігіп қызып қалған ауыл кісілері, әр 
түрлі қошемет сөздер айтып: — Пәлі, жарайды! Еркек-ақ! — десіп, қызыққа қана алмай, 
көзбен шығарып салып тұрды. Кетіп бара жатқан Бақтығұлдың тобы әуелде үлкен қара тобыр 
болып бұлдырап, қозғалақтап, арасындағы қылаңдары көпке шейін көрініс беріп барды да, 
ептеп-ептеп көз ұшынан жоғалып кетті. Түн құшағына батты. 
Осы кеткен бетінде түні бойы ұйқысыз, тынымсыз жортқан сенімді, желікті топ таң 
атқанша ер істейтін әрекеттің бәрін де істеді. Соғысты да, қуғынды да, басқа тиген сойыл, 
атылған мылтық оғын да көріп шықты. Соның бәрінің аяғында таң аппақ атқан кезде он 
байталы бар бір айғыр үйір қысырақты алып, жылқышы, қуғыншыдан әбден құтылып, 
Шалқар болысының шегінде бір елсіз, иесіз дараға келіп кірді. 
Қайтыста таң алдында жаудан құтылып алған соң бір-екі жігітті жолдағы ауылға жіберіп, 
Бақтығұл бір бағлан алғызып еді. 
Қарауылы мол, қалтарысы, қойыны көп дараға келіп, орныққан соң бағланды ақтармалап 
сойғызып жіберіп, етін асқызып тастап, Бақтығұл өзі тау басындағы қарауылға шығып 
отырды. 
Айнала жықпыл-жықпыл мелшиген иесіз қызыл тас, үңірейіп жарылғандай, қара қолтық 
сияқты шыңырау құз. Алыста көк жиектей мұнары оралған көкшіл қалың қарағай. Биікте 
жарық күнмен шағылысқан ашық түсті кірсіз аппақ қар. Елсіз, биік оң төбе жағында 
шырқаған алыс аспанда торғайдай болып қалқып жүрген тау қыраны. Бар дүние 


баяғысындай. Осы далада талай рет осы мезгілдерде көп қолмен келіп орнап, құлын, тай 
сойып шалқып жататын күндерді еске түсірді. Қазірде сондағыдан артық, сондағыдан да 
қызықтыратын, іштегі өлген құртты қатты оятып, қоздыратын бір қызық бар. Ол — 
Бақтығұлдың көңілінде баяғыда осындайда күпті қылып тұратын күдіктің жоқтығы. Енді 
артында сүйеніші бар. Жақсы ат, жаман ат сонікі. Суық, сұлық жорықтың мынандай жайрап, 
шалқып жатқан қызығы болса, бәрі де емін-еркін Бақтығұлдың өзінікі. 
Ойланып, мелшиіп қалып, сайдағы бұралып шығып жатқан бағланның түтінін көріп, 
жүрістің қызықты жағымен мас болғандай елітіп отырғанда, Бақтығұлдың ішінде бұл күнге 
шейін ширатып, бұралып келген бір жіп үзіліп кеткендей болды. Бір-ақ мүйнөтте ұйқыдан 
оянғандай сергіп, елден ерекше бір жеңілдік, бостандық тапқандай болды. Алдында талайдан 
жабылған қақпа тарс етіп қайта ашылып, қойнына тартқандай масайрап кетті. Барымта басы, 
қол ағасы көрініс пен табысқа мас болып қалды. 
Кімнің бағы, кімнің соры екені белгісіз, әйтеуір бәленің басы осы сапар болды. Осы 
барымтадан соң партия болған елдердің арасы қым-қуыт, шым-шуыт болды. Жағалай алыс-
жұлыс, алыс-тартыста бірінің ісін бірі қуғандай бүгінгінің ертең орайын, кезегін күтіп, одан 
арғы күні есе іздеп, тағы соны істеп, ілгері басқан сайын ел бәлеге белшеден батыса бастады. 
Жарасбайдан да талай барымта алынды. Жалғыз барымта емес, ұрланып алған мал да көп 
болды. Оның орайына талай-талай жерден Жарасбай да, Қоқыш та әлденеше рет шұбыртып 
алып жатты. 
Бір жағынан барымта осылай өрлеп жүріп жатса, екіншіден ұрлық та соны өкшелеп, 
жанасалап өрлеп келе жатты. 
Жарасбайдан партия жөніне біреуді алып, біреуді арбау үшін ашық берілген талай мал, 
ақшадан басқа ұрлық, барымтамен де көп-көп дүние ұшан-теңіз болып, ақтарылып кетіп 
жатқан сияқтанды. Өзі өз болғалы я, әкесі, я, өзі істеп жүрген партияларда болыстықтың 
бұндайлық болып қымбатқа түскен, бұндайлық болып пәле, шатаққа белшесінен батырған 
жері болған жоқ еді. Шыққан шығынды қазірде ел мойнына сала алмайды. Салуға сайлау 
жақын болғандықтан, ұстараның жүзіндей ауып кете ме деп сескенеді. 
Жазғытұрым іштен ту санап: "Пәлендей малым бар", — деп, ырзалықпен атайтын мал бұл 
күнде үштің бірінен айырылып қалған сияқты. Оның үстіне күнде тобыр, күнде қалың жиын, 
үлкен кеңес сойысымен де құртатын болды. 
Партия бір жақты емес, неше жақты болып, жұт сияқты болып келіп араласып еді. Өзге 
шығынмен қатар жақында бір мол шығын тағы келді. Шегеті ішінде Сәтке қарсы келіп, 
Жарасбай жағын ұстап, партияның мықты бір тірегі болып отырған жуан ауыл Досай бар еді. 
Соңғы кезде сол ауыл мен Жарасбай аулының достығы ішек-қарын араласқандай 
жақындыққа жеткен. Сәттің жаулығы атты алысқа айдаған үлкен жаулық болған соң, 
әрқашан оның қарсысына тең түсетін жуан тамырлы бір досты ұстап отыру Жарасбайға 
қажет шарт еді. Сол есептің достық жақыншылдықты күшейткені де бар. Бүгінгі майдан 
бірлігі де тым-тым жақындастырды. Соның бәрінің үстіне бұл ауылдың бүгінгі басы — 
Бәйтеннің Қалыш деген бой жеткен бір сұлу қызы бар еді. Жарасбайға биылғы жылы, қалай 
да болса, шектен асып, бір шарадан шыққан жылы сияқты саналушы еді. Соның салдарынан 
ба? Болмаса, Қалышқа шынымен көңілі ауып, бір сұлу тоқалды болғысы келді ме? Әйтеуір 


Жарасбай: "Достың түбін сүйек айырсын", — деп, Досай ұлына күйеу болып, Қалышты 
айттырды. 
Досай аулы да бұл жақындыққа барынша ырза болып, оңай көніп еді. Өйткені: "Үй ішінен 
үй тігейік. Жақын болайық. Не қыз ал. Не қыз бер", — деген сөзді сол ауылдың өзі бұрын 
айтқан. 
Партия шығыны Бәйтенді де Жарасбай сияқты басып жатқан. Бірақ бұның Жарасбайдай 
емес, өз басына қараған малы соншалық көп емес еді. Сондықтан Қоқыш, Бақтығұл, Сәрсен 
ақсақал сияқты жақындарына ақылдасып, Қалышты алмақ болған соң-ақ Жарасбай тобымен 
қарғы бауын да, қалың малының бір буынын да қарбытып бір-ақ беріп жіберген. Жиыны елу 
қарадай мал оған кетіп еді. Осының бәрі жиналып келген соң мынандай біреуді біреу: 
"Кемітемін, әлсіретемін", — деп тұрған заманда аяспай қимыл қылып жатқан тартыстың 
үстінде Жарасбай мен Бақтығұлды бұрынғы ұстанып келе жатқан беттен біржолата шетке 
қағып, адастырып әкеткендей болды. 
Аз күннің ішінде бұлар өздерінің кім болғанын білмей қалды. Ол өзгерістің басы Ораздан 
барымта алудан басталды. Содан кейін ағыл-тегіл болып тоқтамай шығындап жатқан мал 
күйігі бәр-бәрі жиналып келіп, Бақтығұл мен баяғы 8-9 жігіттің жүрісін жиілететін болды. 
Басында бір алған, екі алған мал "барымта" деп аталып жүріп еді. Аяғында білсе, барымта, 
білмесе, сырымтаға түсті. Анықтап кездесіп отырып, кезек алысып жатқан Сәттен басқа 
соңғы кездерде соның тілеуіндегі, маңайындағысы, алыстағы досы, құдандасы болсын, кейде 
тіпті кімдікі екен белгісіз бөгде болсын бөрі де епті, жырынды жігіттердің құрығына іліне 
беретін болды. Келген малды топтап жинап алып, алысқа ұзатып, орыс ішіне, ішкі басқа 
дуанға айдап өткізетін әдіс те шықты. Еті семіз, жасы жастар жиын тобырға сойылып 
қалатын да болды. Осымен жүргенде сайлау жетіп, Жарасбай өз елінің ішінде болыстығына 
қайта ие болып қалды. Бірақ көп тартыс, көп қажасумен әупіріммен болды. Сәт сыртқы 
тартыста жеңілген сияқты болды. Орнынан түсті. Бірақ өзі түскенімен, жаңа болыс соның 
тілеген адамынан болды. Досай әулеті жеңе алмады. Уез келесінде ұлыққа жақсы 
болғандығымен пайдаланып, Жарасбай Сәттен артық салмақ алды. Сол салмағымен 
пайдаланып, сайлауға келген уезге әсер етіп, Сәтті түсіріп, болысты Досай жағынан 
қойғызбақшы еді. Елдің көбі Сәт жағында болып, Шегетіні Досай меңгеріп ала 
алмағандықтан, өзі орнынан түссе де, Сәт атаған кісісінен қойғызды. 
Бірақ сырт көзге Жарасбай орнында қалып, мынаның түсіп қалғаны, қалай да болса, бір 
елі түсіп қалғандай сияқты саналып, Сот осы партия, осы араздықтың аяғын, әлі де болса, 
талмай қуатын болды. 
Сонымен сайлау өтіп, күз жетсе де, көп рудың жуаны Жарасбаймен ұстасқан араздықта 
тыным таппайтын болып алды. 
Ол тынымсыз болған сайын Бақтығұл да бұрынғы адал тыныш еңбектен, түзу жолдан 
айырыла берді. 
Бірақ солай болумен бірге бұның үйінің іші партияның тұсындағы аласапыранда көп 
күйленіп, тыңайып қалып еді. Табыстың молы басында болыстың сабасына сарқатын болса, 
аяғында Бақтығұлдың өзіне де артылып, өз шаруасына да жақсы қор болуға айналды. Күз 
болыстың аулынан айрылып, өз қорасына көшіп келгенде, Бақтығұлға жиырма шақты 
ажарлы жуан ірі қара, 20-30 қой пайда болды. 


Тамақ өз үйінен де тоғаятын, киім өз бетімен де көркейетін болды. Қара қатын жоны 
қазылып, бетінен майы шығып ажарланды. Тәтті, дәмдіге бұрынғыдан да артық машықтанып, 
құнығып алды. Бақтығұл баяғы күйге қайта салып, тоқтай алмай, тына алмай, ойдан төмен 
қарай сырғи берді. 
Анық қара күз болып, ел қыстауға қонатын болған кезде партияның қызуы саябырлай 
бастап еді. Болыс енді "өйт-бүйт" деп, онда-мұнда нұсқап жіберетін мінезден тыйылды да, аз 
уақыт Бақтығұлды өз бетімен жібергендей болды. 
Бұл уақытта Бақтығұл болыс аулының шаруасынан қол үзіп, шығып қалуға айналған. Ол 
ауылда көп жүрмей, өз бетімен көбірек жоғалып кететін болып, жанында жаздай жолдас 
болған жігіттер басылса да, ол басылмай, жалғыз кетіп, бірер жылдан бергі тоқталаңдап 
жүрген істің кем-кемтігін енді әредіксіз суыт жүріспен асығыс толтыра бастады. 
Болысқа анда-санда ғана барып амандасып, аулына бірер күн ғана жатып, қонақ болады 
да, артынан тағы шырқап, он күн, он бес күндей жоқ болып кететін күйге жетті. 
Жаз бойғы жүрісті болысқа мәлімдеп отырушы еді. Енді не істеп жүргені туралы анда-
санда да баяндамайтын, хабар білдірмейтін, сыр бүгетін болды. 
Қай жаққа кетсе де, өне бойымен құлағандай болып ақтарыла кететін Бақтығұл бұл 
заманда кәрі жынның бәрін шақырып, бабына келген бурадай тыным алмай, сақылдап кетті. 
Есеп жоқ, ой жоқ, айықпаған тұтас ұзақ мастық сияқты жаманшылық жолын үсті-үстіне 
төпеп боратып жіберіп, сол боранның ішінде ақыл-қайрат тұншыққанша ұшып кеткендей 
болды. Өткен қыс бойында "суық жол, арам жол" деп өзі жамандап, жиреніп жүрген ұрлық 
жолы бұл күнде қайтадан жылы жол болып, күлімсіреген жылы шыраймен қайтадан 
құшағына алды. 
V 
Соңғы кездегі жүрісі бұрынғыдай емес, болыстан шетірек кете бастаған соң, Бақтығұл бұл 
уақыттағы партия жайы қалай төңкеріліп жатқанын да толық білмеді. Өзімен-өзі болған 
жүрісі ел сөзіне бұрынғыдай алаңдатпайтын болды. Ел келесінде жаздан жақсылап ұғынып 
алған бір ғана ұлы аңғар бар еді. Соның бойынша: "Болыстың жау жағын ала берсем, ештеңе 
етпес. Жарасбайдың үндемей жүргені бұл ісімді теріс көрмегені шығар, теріс десе, тоқтау 
айтар еді. Әзір айтпайды. Айтқанынша жүре тұрайын", - деп асыққандай жүргенінің бір 
себебі сол болған. 
Осы күйімен бір айдай уақыт өтті. 
Бақтығұл соңғы он шақты күннің ішінде қыстауына кеткен Шегеті елінің арғы шетінен 
барып бірер қара алып қайтып келіп, екі күннен бері үйінде тынығып жатыр еді. Түс кезінде 
болыс аулының бір малшысы келіп: "Жарасбай шақырып жатыр", - деді. 
Бақтығұл атына мініп келгенде, болыстікінде әдеттегіше Шалқар болысының көп басты 
кісілері жиылған екен. Жарты жұрт тыста әр жерде бөлек-бөлек топ болып қоралай -қоралай 
отыр. Шетірек отырған бір топтың ішінде Шегетінің 4-5 бөтен кісілерін көрді. Бұлар 
жаздайғы Жарасбайдың тісін басып жүрген араз ауылдарының адамдары екен. Бір-екі рет 
Бақтығұл түн сағалап жылқыларына кіріп те шығып еді. 


Шақырған жұмыстың ненің жайы екенін білмесе де, ішінен: "Осылардың сөзі болар ма?", 
— деп, күдік қылды. 
Ойлағанынша, солай болып шықты. Бұрынғыдай емес, көп ортасында отырған болыстың 
түсі Бақтығұлға суықтау, сырт қарап қалған сияқты. Сәлемін зорға алды. Амандықты 
дұрыстап сұраған да жоқ. Томсарған суық түс. Көптің көзінше бөгелместен, қорқытқан 
дауыспен сөз бастады. Әуел бастаған жерден қатты сөздер айтып, ұрсып келіп, аяғында: 
"Шек білмей, асып кетіпсің. "Қойды, түзелді, жамандыққа енді аяқ баспайды", — деп, сенген 
бойымда мен жүрсем, сыртымнан мені де жаманатқа ұшыратып, абұйырымды былғап 
жүріпсің. Мен саған не қылған кісімін?" — деп, көп алдында арыла сөйлегендей өз басын 
әдейі осындай доң айбатпен аршығандай болып, шу деген жерден Бақтығұлды тұқыртып 
мойындата бастады. 
Бақтығұл бұл күнге шейін Жарасбайдың өзіне бұлай сөйлеген түрін көрген жоқ еді. 
Сасып та қалды. Бірақ сонымен бірге мына айтып отырған жұмыстарға өзін соншалық бастан 
-аяқ кінәлі деп білмеуші еді. 
— Мен не қылыппын? Неге таусыла сөйледіңіз? Кінәмді мойныма қойып өлтіріңіз. 
Әйтпесе, біреудің нұсқаған жаласы шығар. Тексеріп, тергеп алыңыз... 
— Тергейтін дәнеңе жоқ. Сен, сенен басқа кісі істеген жоқ. Шегетінің ішінде Қалқаман 
аулынан бір сары, бір торы ат, бір-екі ту бие алыпсың. Қазір соны орнына сал, — деді. 
Бақтығұл үндемеді. Жалтарып көрейін десе де, алғаны шын еді. Және Жарасбайдан 
жасырудан мағына жоқ. Өйткені бұл малды күзге жақын алған. Ол уақытта қайда барып, 
кімді алып келгенін айтып отыратын, кезінде болыс ештеңе айтпаған. Бақтығұл үндемеді. 
Бірақ таң қалды. "Болыс әлденені сылтау қылып құйрығын сыртқа салғысы келе ме? Жоқ, 
жұртқа көз қылып, отыр ма? Бөтен елдің көзінше әдейі осылай деп, Бақтығұлға жаман атты 
аударып, бұны тентек қылып қойып, өз басын жаманшылықтан ақтамақ бола ма? Бұлай 
болса, артынан Бақтығұлды өзі арашалап алмақ шығар. Сыртқа дұшпан көзі қылып, іске 
келгенде Бақтығұлын өзі құтқарып алар. Солай қылу ел жақсыларының әдеті еді ғой. Бұл бір 
осы сияқты қыр шығар. Енді бетінен алмайын, қарсы келмей, айтқанына үндемей ғана 
көнейін", — деп ойлады да, Бақтығұл үндемей отырыңқырап барып: 
— Алғаным рас еді. Айыптымын, малым да, жаным да сенікі. Сізден асып қайда барам? 
Кімді би қылам? Ойыңызға сыйғанын істеп, Қалқаманды ырзалаңыз! Содан басқа айтарым 
жоқ, — деді. 
Үйде отырған ақ сақал, қара сақалдың көбі сүйсініп, қозғалысып, ара-тұра ырзалықпен 
күлгендері де болды. Көпшілік болыстың салмағы мен айдынына, кісілігіне сүйсінген 
сияқтанды. Онан соң: — Сорлы, ер кедей ғой. Өліп кетсе де шынымен кетеді. "Болыстан кісі 
өлтірсе де жасырмайды", — деп едік қой. Алса: "Алдым", — дейді десті. 
Бақтығұл күлген елге айналып қарағанда солардың ортасында отырған Бәйтеннің 
баласын, Жарасбайдың қайынағасын көрді де, сонымен бірге отырған Қалқаманның бірін 
таныды. 
Бұлар жаздан бергі Бақтығұл білген мөлшерге қарағанда, бастары қосылмайтын адамдар 
сияқты еді. Шегетінің партиясында Досай аулының ауылнай ішінде ұстасып жүрген үлкен 


жауының бірі еді. Бұл күнде тізелері қосылып қатар отырып, шырайлары жарасып қапты. Бұл 
да ұғылмады. 
Бақтығұл шынын айтса да, болыстың өңі жылымады. Баяғысынша етін сыртына теуіп, 
көп сөздермен зекіп, ұрсып жерлеп келіп, аяғында: 
— Бұдан былай аяғыңды ескі жаманшылыққа қия бассаң, менен жақсылық күтпе. Жақын 
көрсем, маңайыма жолатсам: "Түзу адам болады", — деп жүрген шығармын. Жолдан тайған 
күні сен маған, мен саған жоқ", — деп, тағы біраз зәрленіп, сазарып үндемей отырды. 
Болыстың ашуына бағынып, үй іші де тегіс жым-жырт еді. Бақтығұл қайтарып сөз айтқан 
жоқ. Соңғы ойлаған ойымен үндемеуге, қарсы келмеуге, болысты ашындырмауға бекінді. 
Аяғында осы қалыппен біраз отырды да, болыс: — Қазір мына мал иесі аулыңа барады. Төрт 
жылқысына төрт жуан татымды төлеу бересің де, соған қосып басына қосақ, көтіне тіркеу 
есебінде айыбыңа бір ат, бір түйе бересің", — деді. Жұрт тағы жымдай болды. 
Бақтығұлға кесік батып кетті. Бірақ, не де болса, етінен ет кессе де, үндемей көнуге 
бекінді. 
Болыстың айтқаны екі болмады. Бақтығұл мен Қалқамандардың қасына Сәрсен ақсақалды 
қосып беріп, болыс сол күні Бақтығұл иемденіп жүрген азын-аулақ малдан алты бірдей жуан 
қараны Қалқаманға шығарып берді. Мал күйігі оңай емес. Көңілге сүйеу көріп жүрген малдан 
үштің біріндей болып ажарлы жуан алты бірдей қара шыққанда, орны үңірейіп қалғандай 
болды. Қара қатынның да, Бақтығұлдың да іші қатты ашыды. 
Алғашқы рет болыс мінезін ұға алмағандай болып таңданды да, көңілі біраз салқын 
тартып мұздаңқырап қалды. Өйткені, жаздай өзін жаулап жүрген дұшпанына сойып отырып 
мал әпергенімен қоймай, түсін де жылытқан жоқ. Бір жер болмаса, бір жерден емексіп, қаза 
шегіп қалған Бақтығұлдың көңілін де ауламады. Оны қажет деп ойламаған да, сезбеген де 
сияқты, есептеспеді. Әдейі осылай болғысы келген сияқты. Бақтығұл бұл әңгімеден соң 
тыныштан тыныш жата алмады. Жақында тағы бір алысқа аттанбақшы еді. Соған ыңғайлап 
жүйрік құланы жаратып, таң асырып жүр еді. Ол ниетті тастады да, құланы қайтадан 
жылқыға қосып жіберіп, енді бірер күн ауыл арасын қыдырып, әркімнен сөз тартып, ел ішінің 
әңгімесі не күймен келе жатқанын сұрастыруға кірісті. 
Ақырында осы ниетпен екі-үш күн көрші ауылдарда қыдырып жүріп, әңгіменің бәріне 
қанды. Соңғы уақыттағы уақиғалар Бақтығұлды адастырып, қаңғытып жіберетіндей бұлтаққа 
түсіпті. 
Бар жайды естіп келгенде өз халін қалың топырды қуып келе жатып шаң қауып, қара үзіп 
қу медиен құла дүзге қаңғып шығып кеткендей көрді. Ел бір бөлек, бұл бір бөлек, баяғы 
жалғыз жортқан көк қасқырша өзі мен өзі ғана болып қалған қу жалғыздың күйін қайта көрді. 
Бұл күздегі ел келесінде болып қалған уақиғалар шынында бас шатастырғандай, сау кісіні 
жынды қылатын үлкен шытырманға түсіп кетіп еді. 
Жылдағыдан ауданы сона құрым мол болып, ерекше қызу тартыспен басталған партия 
өзгерісінен бұрын ұзақ болып, бітпей таусылмай қойған. Сайлау әлдеқашан бітсе де, 
тартысқан елдің бір біріне арнаған қастығы, тигізіп жатқан залалы, жабысқан жаласы күзге 


шейін де тоқтамады, саябырламады. Бір қалыпты қызумен қай жерге барып тоқтары белгісіз 
болып өрлей беріп еді. Талай момынды ақ құла шығынға, орынсыз жаза, қазаға да ұшыратты, 
бір Бақтығұл емес, талай елгезек кедейді ұры да, қары да қылды. Ұрлық, барымтамен сансыз 
көп мал сабылды. Партияда өз басын күшіне өлшеп ұстамай, жуандардың қырына ілініп 
қалған әлсіздер талай жерде талай рет тұмсығынан шаншылып жығылып, қорлықты, 
зорлықты да көрді. 
Егесіп, қызысып, талай тартысып, күнде қыжылдасып, келген көрші елдер анда-санда қол 
жиысып, соғысып та алысты. Партия басы, ел ағасы болып жүрген еркелердің сөзін тастай 
алмай: "Бір күн болмаса, бір күні ісім түсе ме?", — деп, жалтақ көз болып жүретін кедей-
кепшік аз ата бұндай соғыстардың барлық ауыртпалығын өз мойындарымен атқарды. 
Соғысқан солар, таяқ жескен, бірін-бірі жыққан, кем-кетік қылған тағы солар болды. 
Тартыстың қатері, бейнеті, ауыр азап, ащы күйігі, қысылшаңы, қалың момын елде болып 
жатқан уақытта сары қымызды сіміріп, семіз сүрі, ақ бағланның майында жалмауыз пышағы 
жорғалап, тоқтық, тыныштық, мақтан атақ, жел сөз жақсылардікі болды. 
Сайлау үстінде бұл істер бір сыбаға болса, сайлау артынан тағы да осы үзілмей көпке 
кетіп еді. 
Сонымен жүргенде бұл уездің тартысы, әсіресе соның ішінде Шалқар, Бүрген, Шегеті 
тартысы облыстық қала мен дуан-дуанға түгел жайылған әңгіме болып кетті. Қай жердегі 
елдің қай түсті жиыны, кеңесі болса, алдымен жаңа хабар қылып айтысып, аңыз қылысып, 
сүйсініп тыңдайтын жаңалығы осы елдердің жаулығы болды. 
"Жұрттың бәрі барымта мен ұрлыққа, шабындыға салынып алыпты. Бұл елдердің 
жақсылары да ұры ұстап, құл аттандыратын күйге жетті. Осы күнде қазанына арам 
салмайтын үй жоқ дейді. Пәлен мезгілде пәлендей елдер соғысып қалыпты. Пәленше кісі 
жаралы болыпты. Пәлен ауыл шабылыпты", — деген алып қашты қала мен даланы 
жаңғырықтырыпты. 
Ел ішіндегі әңгіме осы болса, облыстық қаланың уездік, облыстық кеңселері де біреуді-
біреу көрсетіп қаралаған арыздарға күннен-күнге тола бастапты. 
Бірді олай, бірді бұлай ұстап, бақ пен дәреженің жылтырауығын ел ортасына өздері 
тастап, сүйек тастаған иттей қырқыстырып отырған кеңселер жаз бойы құлағы керең болып 
келсе де, күзге жақын даланың көпке жайылған шуын еріксіз еске алып, ескеретін күйге 
жетті. Әсіресе "ұрлық, барымта көбейіп, қазақ елі атқа жиі мініп, жауынгерлікке бет алып, 
аяқ басып барады. Бірен-саран ұсақ ұлықты тыңдамайтын болды. Ұрысы орыстың ұсақ 
қалаларына да білініп келеді", — деген хабарлар қалың қабырғалы меңіреу кеңселердің 
ұйқысын аша бастады. 
Партияны істей жүрсе де, "ұры көбейді, ел құтырды" деген сөздерді жақсы болыстардың 
өзі де қастасын көрсетумен бірге начальник, жандаралдарға білдіргіштей бастап еді. 
Аяғында қала бір күнде жандаралдың әмірімен сілкініп, партияға араласқан елдердің 
барлық болыстары мен партия басыларын шақырып алып, тергеу жасады. Дағдылы әдетпен 
қоқан-лоққы жасап, қорқытып, жалындырып, арада параға қалтаны да толтыра жүріп, партия 
басыларына: "Бітім табыңдар!" — деп әмір етті. 


Оған көнбесе, болыс атаулы орнынан түсіп, партия басы атаулы елден кетіп, жер 
аударылатын болды. Баяғыдан осылай ұшықтаса, ел жуанындағы ет пен терінің арасында 
жүрген қымыз желігі тез кетіп, тез айығушы еді. Бұл жолы да сол ем болды. Барлық алысып 
жүрген партия басы араздар бір күнде үлкен жиын жасап, қалада басын қосып, көк қасқа 
сойып, бата қылып, Құдай, Құранды айтысып араздықты тастап, бітім тапты. Содан кейінгі 
кеңес ел ішінде қаптап кеткен тентек тебіз, ұры қарды тыюға аунады. Басшылардың бәрі де 
елдерінде бұзықтық молайғанын мойындарына алды. Енді бітім артынан ұлықтың тапсырған 
бұйрығы осы болғандықтан, тезінен кірісіп, партия болған елдерді еселестіріп, артық 
кемдерін қайтарыспақшы болды да, ұрыларды жазаға ұшыратпаққа бел байласты. Батаның 
арты осы байлауға келген соң, жақында болыс болыстың барлығы өз елдерінің ішінде 
билердің съездерін ашып, жаздайғы лаңның артын тазаламақ болды. Жарасбай соңғы кезде 
қалада болып, осы кеңестің жуан ішінде, байлаудың дәл басындағы адамның бірі болып, өзге 
жауларымен де, Сотпен де татуласып қайтып еді. 
Алғашқы татулыққа арналған көк қасқаның алды сол болған. Содан бері басшылар қырға 
қайтқан соң, қай болыста болса да, айт күні сияқты жақсылардың жапа-тармағай сабылуы 
басталған. Жағалай татуласу, бітімдесу, баталасу, үсті-үстіне ақсарбас, көк қасқа, бірінің 
үйіне бірі келіп түсу, ағытқан қойдай жамырасу. Ала жаздай араздық тартыс үстінде бір-
бірімен жұлысқан, тартысқан, сендей соғылысқан қалың ел болса, бұл күнде басшыларға 
татулық керек болған уақытта ел далада қалды. Ат үстіндегілер пәлені өздері бастап, елге 
өртті өздері әкеп тастап, енді өздері ғана татуласып, табысып жатты. Бұл уақытта керексіз 
болып қалған ел шаң қауып, адасқандай болып, көбімен үйіліп бөлек қалды. Үндемей 
мелшиіп қана отырып, басшылардың бұлтағына таңданып бас шайқады. Бірақ соңда да: 
"Алдандық, адастық, басшы қара жерге отыртып кетті. Босқа құтыртып жүр екен, бұл 
керексіз екен", - деген сөзді сөйлеген де, тергеген де жоқ. Көріп шыққан ісі де, бастап жүрген 
басшысы да, өзі де құр ғана байлау матау жоқ, жұмбақ қана сияқтанды да қала берді. 
Енді осы табысудың артынан ашылатын съездердің уақыты жақындап қалған. Сондықтан 
жаздайғы қызудың үстінде астын-үстін кетіп, көзді жұмып жүріп істеп қалған қаталар болса, 
тезірек түзеуге кірісу керек. Кісілігіне, басына жаман ат келтірмейтін жақты ойлап, қиялап 
шығатын жолдарды табу керек. Сондықтан әр елдің жақсысы өз бастарына я өз жақындарына 
арналған біреудің дауы болса, оны съезге жеткізбей, алдын ала тексеріп, бітім беріп, 
тыныштық тауып жатқан заман еді. Соның орайына Жарасбайдың қайыны Досай аулы өз 
тұсындағы аразы Қалқаманмен табысыпты. Сол табысудың үстінде Қалқаман Бақтығұл 
әкеткен малын айтыпты да, кеше Жарасбайдың Бақтығұлға қадалып, айдынмен ысқырып 
отырып, аямай мал кесіп бергені сол еді. 
Бірақ Бақтығұлдың сыбағасы бұнымен бітіп болған жоқ. Бір жылдан бергі кеңшілік, 
жылы шырайдың орнына қайтатын сый табақ жаңа ғана әзірленіп жасалып келе жатыр еді. 
Оны жасатқан себеп көп. Ең әуелі жаздайғы партия қызуының үстінде әр түрлі 
жаманшылыққа батпандап кіріп қалған болыс енді ептеп қата басып, бойына жабысқан өсек-
аяң, пәле-жаладан басын аршудың қамына өз бетімен де кіріспек болып еді. 
Оның үстіне осы жолы қалада болған сапарында бұрыннан өзіне жақсылық көрсетіп, жең 
ұшынан жалғасып жүретін ұлығы, сатылып келген дос болса да, марқамат періштесіндей 
болып, Жарасбайды оңашаға алып, бір талай сыр айтып, ақыл берген. Сондағы үлкен сөзінің 
бірі: Жарасбайдың үстінен: "Ұры ұстайды. Жаздай көп кісі аттандырды. Талай мал алды. 


Қолында Бақтығұл деген аты шулы ұры бар", — деген өсектің барлығын айтқан. Сол хабарды 
білдірумен бірге: "Ұрыңнан құтыл, жазасын бер, бойыңды аршы", — деген. 
Бұдан шығып, елге келгенде, ағайын ортасындағы сырласып жүретін жақындары да көп 
елдің Бақтығұл жүрісін үлкен аңыз қылып, өсек көбейтіп әкетіп бара жатқанын айтысқан. 
Сыр үстіндегі хабардың ішінде: "Бақтығұлды Жарасбай ұдайы қолына ұстап, табысына 
ортақ болып, жемтіктес кісі қылып алыпты", — деген өсектің барын да естіген. Соңғы кезде 
осындайдан да бір сескеніп, шошыңқырап қалған. 
Және осындай күдік орайында Бақтығұлдың өзі де болыстың қырына оңай ілінгісі 
келгендей болып, бұл ауылға көп уақыттар қатынаспады. Сирек келетін болып, былтырғыдай 
шаруаны басқарып, септік тигізуді қойған соң, болыстың бәйбішесі де, Қайрамбай да, көрші-
қолаңды да Бақтығұлды бұрынғы Бақтығұлдай көрмейтін сияқтанды. Көбінесе бұның атын 
ауызға алмай, алса ұрлығын айтқыштап: "Болыстан жырылыңқырап, саяқтап кетті. Кәпір, 
бұрынғы жаманшылығына қайтадан ынта пейілімен ауған ғой", — дей беретін болды. Бұлар 
қабаққа қарай басқан албасты сияқты. Соңғы кезде болыс пен Қоқыштың Бақтығұл 
сияқтыларға сырт қарай: бастағанын байқап алып, істеп жүрген мінездері еді. 
Бір пәленің үстіне тағы бірі жамалғандай Бақтығұлды кінәлауға соңғы уақытта бір сылтау 
тағы шыққан. Ол: Бүргендегі баяғы Қозыбақ аулының қасындағы бір көршілері жақында бір 
мал жоғалтып, соны тағы келіп Бақтығұлдан көріп, қадала бастаған. Бақтығұл бұл малдан 
аман еді. Бірақ, "Соқыр көргеннен жазбас" деп: "Ұрлық болса, Бақтығұл ортасында шығар", 
— деп есептегендей жаңағы жоқшылар бұған себепсіз келіп жабысып, артынан қалмай 
қойған. Жоқ іздеп келген кісі екеу еді. Өзінше айтарлық дәлелінің бәрін айтып, Бақтығұл 
арылса да, мыналар тоқтамай, шектен аса берген. Әрі-беріден соң бұлар баяғы Қозыбақ аулы 
істеген істі тағы да істей алатынын ескертіп, жуандық көрсеткен. 
Соған Бақтығұл шыдай алмай, пышағын суырып алып, екеуін жарамын деп қорқытып, 
боқтап-боқтап аулынан қуып тастаған болатын. 
Күзден бергі: "Бақтығұл өйтіпті-бүйтіпті", — деген көп жаман аттың үстіне осы да келіп 
қосылған. Болыс мұндайдың бәрінің тұсында өз ішінде не сыр барын сыртқа шығармай, 
мықты ұстап жүріп, жұрт көзіне Бақтығұлды өз айыбымен күйетін кісі қылмақ болып, 
көбірек жамандауға салынып еді. Болыстың аулы болып Бақтығұлды сыртқа тебе сөйлейтін 
мінезді де осындайдан кейін тапқан. 
Мұның үстіне Шегетіге мал төленді. Соның артынан бірін-біріне өздерінің ішіндегі 
жайларын көп сөзбен таратысып айтатын әдеті болмаса да, қара қатын болыс ауыл жағынан 
күдіктенгендей болып, бір күні үйіндегі қатқан-құтқанын асып, Жарасбайдікіне сыбаға әкеліп 
еді. 
Бәйбіше де, ауыл да күрең қабақпен сұлық сүре қарады. Қара қатын бұлардың жат 
сияқтанып қалғанын сезді. Сонда да әр нәрсені жағалатып, келісімен, болыс үйінің 
шаруасына араласыңқырап, бәйбішені "жеңеше" деп, жағынып, жорғалап көріп еді. Бәйбіше 
қасындағы күтуші қатындары, малшы-қойшысымен көбінесе мұны күлкі қылып 
мазақтаңқырай берді. 


Аяғында кетерінде Құралды былтырғыша осы ауылға тағы да әкеліп оқуға бермегін 
айтып, баласының: "Барамын", — деп үйдің мазасын кетіріп жүргенін сездіргенде, болыс та, 
бәйбіше де жауап бермей, сөзін ескерусіз тастады. Қара қатын айласы құрып, дал болып 
үйіне қайтты. 
Осы сияқты өр жерден шаң берген суық қабақ, көңілсіз белгінің бәрі де Бақтығұл басына 
қарай үйіріліп айналып жатқан бір жаманшылықтың алды еді. Сонда осының бәрінің түп 
қазығы, негізгі себебі болыстың ішінде жатқан бір ғана қатал, жат саясатқа барып тірелетін. 
Адаммен арбасу өнеріне жас күнінен көп салынып, көп қыр тауып жетік болып алған 
болыс, Бақтығұл жайына келгенде, әр түрлі ойлар ойлайтын. Ең әуелі бұны жаманшылықты 
қойған жерінен қайта қайырып әкеліп ұрлыққа салған кісі өзі екенін іштей мойнына алушы 
еді. 
Басында сол бетпен бірталай керегіне жаратып, өзі жүргізгенін де еске алатын. Бірақ жаз 
бойы сонымен келсе де, күзге таман айналғанда өз басына енді бұндайдан ептеп аяғын 
тартып тыйылу қажет деп білді. Ал, "тыйыламын" деген кезде жаз бойы аты шығып қалған 
барлық ұрысымен бірге тоқтап, оларды да өзі қойған кезде қойғызса, онда ұрысы істеген істің 
бәріне болыс та іштен жауапты болып қалатын сияқты еді. Әрі ұрыны, әрі өзін арашалап 
шығу қиын. 
Сондықтан күзге жақындаған кезде өзі тоқтағанда, іштегі ниетін ұрыларына сездірмей, 
олардың жүрісін өзі де сезбегендей бола қалған. Бір ауыз сөзбен оларға ақыл да, тоқтау да 
айтпаған. Үндемей ақырын ғана өзімен өзі болып, тыйылып отырып қалған. Кісімен көп 
алысқан, көп айлаға төселген болыстың мың да бір әдісі осылайша жата тастау еді. 
Бақтығұлдарға соны жұмсаған. Ұрылар бұл күзде болыстан емеурін болмаған соң, бұрынғы 
бетпен лақылдап, тоқтаусыз жорта берген. Бірақ ұрының қайсысы болса да, соңғы кездегі 
жүрістерін болыстан аулақ, өздері істеп жүрген іс қана деп түсінетін халде болды. Болыс 
саясатының шеберлігі — ұрыларды, жұмыс басты болып, байқамаған кісі болып, жібін әдейі 
бос ұстап, жаманшылыққа өз бетімен бойлатып жіберіп, соны түбінде Бақтығұлдарға қарсы 
ұпай қылмақшы еді. "Бақтығұлдар болыс істеткендіктен ғана ұры болып жүрген жоқ. Бұл — 
тегінде жаратылыста тынымсыз ұры. Не істесе де, өз бетімен, өзі істеп жүр", — дегізбек еді. 
Партия басылып, татулық басталмай тұрып-ақ, бір айдай бұрын дағдылы ептілік 
қырағылығымен, аңдысуға, арамдыққа шеберлігімен болыс осы мінезге мінген. 
Оның үстіне жоғарыда айтқан ұлықтың да, елдің де неше алуан сұйық хабарлары, 
қорқынышты жаласы келіп араласты. Сол себепті соңғы уақытта болыс үйде де, түзде де 
жалпақ елдің биылғы жыл ұрлық, жаманшылыққа көп салынып кеткенін арман қылған кісі 
болып отырып, арасында ұрлықтан тыйылып жүрген Бақтығұл сияқтылардың да қайта 
құтырып кеткенін айтып, оны көп жамандап, шығара қуып, өз бойын арши бергіш болды. 
Жаманшылықтан тыйыла білмей, болыстың жақсы үмітін далаға кетіргендігі үшін 
Бақтығұлды, кінәсін мойнына қойған болып, құрбанға шалу керек. 
Өз басын халық алдында да аршу керек, жұрт жаласынан да құтылу керек. Сол мақсатқа 
жету үшін енді қандай жазаға ұшыратса да, обалсыз екенін айта беретін болды. Бір Бақтығұл 
емес, маңайындағы бірталай кедей-кепшік, жалғыз жарымнан шыққан арты жоқ ұрыларды 
осылай қылып, жұрт көзінде өзгеріп, жаңғыру қажет болды. "Жарасбайға нені істесе де, 
партия істетті. Партиясыз заманда бұдан адал, бұдан әділ, жақсы жоқ", -дегізбек. 


Соңғы кездерде көп инемен шабақтағандай болып, болыс жағынан Бақтығұлға келіп 
жүрген үлкенді-кішілі шаншулардың бәрінің түбінде жатқан шын сыр осы еді. 
Осындай іштен іркілген бітеу жара сияқты дүмбілез, дүрді араз күйімен он шақты күндей 
уақыт өткенде, болыс ішінің съезі де ашылып қалды. 
Бақтығұлға алғашқы күндерден бастап-ақ әр түрлі суық хабарлар жетіп жатты. "Съезд 
басында болыстың өзі де бар", — дейді. Билер кісісіне қарай өлгенше қатал. Кесік үлкен. 
Шалқардың атқа мінген билері мен жақсылары болып, болысты ортасына ала отырып, ұрыны 
аямасқа қаулы қылыпты. Кеңесіп отырып, сыртынан 20 шақты кісіні тынымсыздардың 
есебіне шығарып, хаттап алыпты. Ішінде кім бар, кім жоғы белгісіз. Бірақ осыларға абақты 
кесілсе керек", — деген хабарлар келді. Артынан екі-үш күн өткен соң, құн кесіліп 
қалғандардың аттары да естілді. Жаздай Бақтығұлмен бірге бірталай уақыт жүрген Жәутікке 
кесіліпті, тағы сондай болыс маңында жүретін үшеуді атайды. Бұлардың бәрі де жаз бойы 
болыстың қабағына қарай жүріс алып кеткендер еді. Бірақ арттарында сүйенері, тығылары 
жоқ еді. Шағатын, жоқтайтын да кісісі жоқтар, бәрі де — тақыр кедейлер. Бұл сергелдең 
қандай жанды ілетінін байқағандай болды. "Басқанын қабаққа қарай басатын албасты екен", 
— деп Бақтығұл ішінен сезінді де, мұздап кетті. Дүние көз алдында асты-үстіне келіп 
төңкеріліп, құбылып түскендей болды. Былтыр Қозыбақ аулы сабаған соң ойлаған жүдеуі 
қазір де қорқытқандай болып, қайтадан есіне түсті. 
Бұл ойды ерекше қатты ойлатқан себеп жуанырақ жердің кедейінен шыққан ұры болса 
яки өзі аттанып, не тиіссіз кісі аттандырып отырған бай ұры болса, тегіс аман қалып жатыр. 
Тергеуге де ілінбейді. Съезде отырған билердің өзі-ақ жең ұшынан жалғасып, сырттан бітіріп 
жібереді. Оны да сезді. 
Енді өзінің шіреті келе жатыр. Съезд басталғаннан бері бірнеше күн өтсе де, ұйқыдан, 
күлкіден, тамақтан да айрылды. Бөркін көзіне таман баса киіп алып, көп күрсініп, өңі сұр-сұр 
болып, үндемей жата беретін болды. 
"Қашан шақырту келеді?" — деп, ажал сағатын күткендей жүрегі күпті болып, ала қол 
билердің кәрін күтті. 
Аяғында бұл хал ұзаққа созылған жоқ. Бір күні түс кезінде болыстың шабаршысы келді 
де, ертіп әкетті. 
Қызылды-жасылды қылып, сәнмен жиылған жақсы үйлерде қалың көрпе, құс 
жастықтарға көмілген жуан-жуан билер, күндіз-түні семізді кертіп жеп, кекірігі азғанша 
майға бөгіп жатқан жақсылар. Бұлар малына індет келген ауылдың иттері сияқты. Жоны 
шығып, құйрығын сыртқа салып, көз қызарып, құтырғандағыдай қанталап, қауып түсетін 
сияқты түр көрсетеді. 
Тегіс семізбен бітім жасаған, арыққа рақым да, бітім де жоқ. Бақтығұл әлі құрығандай 
ақырын ғана сәлем берді де, сүйретіле келіп, босаға жақтан орын алды. Жылы шыраймен 
қарайтын, аман-жаманды сұрайтын бір кісі жоқ. Көзімен билерді жағалап қарағанда, 
араларында отырған бұрынғы жақын таныс билерді көрді. Сәрсен кәрия отыр. Бұдан басқа 
жазды күнгі партия жігінің тұсында Жарасбай жақта болып, Бақтығұлға өз кісісі сияқтанып 
жүретін тағы бірнеше билер де бар екен. Бәрі де, керек десе, сәлемін де алмайды. Көздеріне 
көзі түсіп, амандасайын деп еді, шетінен мойындары сыртқа қарай бұрылады. Аманын 


естімейді. Әдейі байқамаған кісі сияқтанады. Өзге-өзгеден бұрын Жарасбайға жақын жүретін, 
қай заман да болса, соған тарап кісілер әсіресе бұған сызданып, сұрлана қарайды. 
Бақтығұл өз-өзіне: "Желдің арты қай жақтан екенін білген шығарсың", — деді. Бірақ 
осыны сезумен қатар көңіліне де, бойына да бір ерекше жеңілдік бітіп кеткендей болды. 
Өзіне өзі: "Неден болса да, ақпын, менде айып жоқ", — дегендей неше күннен бергі түнеріп 
жүрген ішінде қазір масайрап ашылған бір жарықты тапқандай болды. "Қара болсам, өзге 
қараласын. Нақ сендер қараласаңдар, көріп алармын. Құдай-ақ та, мен не болсам, сен де 
солсың", — деп ішінен дауласып кеткендей болды. Ұзын мұрты тікейіп, түгін сыртына теуіп 
алды. 
Жалғыз-ақ көңілінде бір күдік бар. Онысы: "Бұлар тергегенде Жарасбайға ақылдаспай 
кеткен соңғы замандағы жүрісімнен бірдеңе тауып, соны жамылып қылады ғой. Әйтпесе не 
салсаң да, қыңқ етпей-ақ шыдар едім", — дейді. Осы ой күдіктендірсе де, ішінде бұған қарсы 
болмашы бір жұбанышы тағы бар. Өйткені соңғы кездегі алған малдарынан шыққаны жоқ 
болатын. Болыстан аулақ істеген істі алысқа шырқап кетіп ұзақтан тартып еді. Сондықтан бұл 
күнге шейін іздеп келген сұраушы, қуғыншының бір де бірін көрген жоқ-ты. 
Осы күдіктің үстінде отырғанда тергеу басталды. Басынан-ақ іс Бақтығұлдың тілеген 
бетінен шықты. Мал сұраушы Сот пен Ораздың кісісі екен. Сол билердің үйінде, 
жақсылардың тап ортасында отырған семіз сары кісі Бақтығұлдан мал қуушы даугер болып 
шықты. Әңгіме алғашқы барымтадан кейін бір рет Бақтығұл жалғыз барып, алып қайтқан бес 
жылқының жайы екен. 
Әуелі даугер сөйледі. Билер қырланып, қақырынып, түстерін суытып алып, айыпкерді 
оңды-солды қаға бастады. Бірақ бұлар қаншалық қоразданып, қанатын қомдап келгенмен, 
Бақтығұл сасқан жоқ та, жалтарған жоқ. 
Екі-үш айналған соң: — Жасырмаймын, алдым, - деді. Жұрт басында үндемей қалды. 
Жарасбай жағының біреуі үндемеген қалпында томсарып отырысты. Сол кезде ертеден көп 
ақылмен, нұсқаумен дайындалған болу керек, қарсы беттің аласа бойлы, тік мұрт қызыл биі 
сөзді іліп алып: — Неге алдың? - деді. 
Бақтығұл мұрт астынан жымиды да, нығыз пішінмен: — Партия болған соң, алдым, — 
деді. Ымы-жымы бір билер тегіс ажырайып, тікейіп қалды да, кейбірі мысқылдап, кекетіп 
мырс етісті. 
— Бұл сорлы партияның қолжаулық болмайтын жері болсайшы. Сен екеш, саған да келіп, 
бір рет ат сауырын беруге жарады-ау, — деп қызыл би кекетіп жымиғанда, өзгелері де соның 
бетін қостап, монтаны пішінмен жымың-жымың етті. 
— Ораз бен Сәтте сенің қандайлық партия кегің бар еді? Екеуің тең дуан тартысында 
бастарың бір жерге сыйыспай шығып па еді? — деп тағы кекетті. 
— Өзім тартыспасам, елім, жақын көрген басшым тартысқан шығар. Ер қарасы болып, 
мен де біреудің соңына еріп, сойылын соққан шығармын. 
— Сонда сен ненің орайы деп, Ораздың бес жылқысын алдың? Ел келсін басшылар 
тартысын былай қой. Олардың сөзі бір бөлек. Олар өз жайларын жеке сөйлесіп, бітім 


табысып жатыр. Сен оларды бұл жерге қабаттама. Оны саған әдейі еске саламыз. Сенің: 
"Басшы қылдым", — деген кісілерің бұл бес жылқыдан бойын аршып, мына жоқшының көзін 
жеткізіп шығып отыр. Бес жылқыны сен өзің алдың да, өзің пайдаландың. Осыған не 
айтасың? — деді. 
— Мен бірді алайын, онды алайын, бесті алайын — бәрін де өз кегімді қуып алғамын жоқ, 
емеурінмен алдым. Алғызғанды алыстан іздемеймін. Тақ мына отырған Сәрсен мен ана 
отырған Қоқыш-ақ. Бұл жазғы мен істеген істен бойын аршып кете алмайды, — деді. 
Қоқыш бұл үйге жаңада келіп отыр еді. Бақтығұл сөзіне қарсы қамшысын қолына білеп, 
салмақтап отырып, ұрыға тесірейе қарап: 
— Партия жөнімен алынған барымта, тартыс бір басқа. Ол сөздің түйіні саған келген жоқ. 
Құр бет алды өз бәлеңді жұқпайтын кісіге жұқтырамын деп, шапшыма! Білдің бе? Ұры — 
сенсің, мен емеспін. Жеген — сенсің, мен емеспін. Өлер болсаң, Сәрсен екеумізге қақтықпай 
өл, бұл жұмыс барымтаға да, партияға да жатпайды. Басы ашық ұрлық! Бұл бізге ғана емес, 
Жарасбайға да жармасар. Маған болыс: "Осы сөзді айтып кел", - деп әдейі жіберді. Міне 
ұрың, әне мойнына алып отырған ұрлығы! Ендігісін өздерің біле бер, - деді. 
Бақтығұл күйіп кеткендей болды. Айыпсыздың ызасы сияқты ызамен ызасы бойын 
кернеп кетті. Көріп отырған жәбір-жапасына, жалғыздығына, өзіне өзінің жаны ашығандай. 
Көзі жасаурап, тамағы кебірсіп, аузына сөз түспеді. 
Бұл кезде билердің жүзі көрінеу тұрған қиянатты әдейі арсыздыққа жеңгізіп, арам жолды 
ақтың үстіне, не айламен болса да шығарамыз деп жұмылып, қарайып алған сияқты еді. Сөз 
біткен сияқты көрініп, мың батпан жауыз мықты ұятсыз, арам, қалың кеудемен өрге сүйреп 
жөнелді. Бақтығұлға кесік айтуға жақындап қалды. 
Бақтығұл жаңағы қалпынан бой жиып, оңала алған жоқ. Дауды қойды да, ендігі соңғы 
айтқан сөзі: — Егер осы Қоқыш сөзін Жарасбай да айтқаны шын болса, арманым жоқ! Өртеп 
жіберіңдер. Бүйтіп итшілеп жүрген тіршіліктің бұдан былай маған бес тиынға да керегі жоқ. 
Жалғыз үй — Сарымен ешкімнің де тобы көбеймес. Келді, кетті, бір жалғыз кедей. Оған 
кімнің ... қисайды? Осы жолда өліп-ақ кетейін. Мені жықпасаңдар, абұйырларың орнына 
түспейтін болған ғой. Жақсы бастарыңды жаман атқа ұшыратып жүрген жалғыз 
былғаныштарың мен болғанмын ғой. Не көрсем де, сенгенімнен көрген шығармын! 
Құрбандық мен-ақ болайын. Бірақ қоймаларыңды көрдім. Керегі жоқ, жарайды, —деп, көзіне 
жас алып, буынып кеткендей болып, сазарып, түрегеліп жүріп кетті. 
Үйдің іші аз үндемей отырып, артынан қайта сергіп, кесік әңгімесіне кірісті. Бақтығұл 
сыртқа шыққанда, жанынан жотасын беріп, үш-төрт жуанмен бірге көлденең өтіп бара 
жатқан болысты көрді. О да сәлемін алған жоқ. Мықты болыстың нығыз, арсыз, жуан жонын 
көріп тұрып, сыртынан тістеніп: "Қап!" — деп, ернін шайнады. Жүрегіне у төгілгендей 
болды. 
Бұл уақытта шабарман қайта шақырып, үйге кіргізді. Билер бес қараға бес жуан қара кесік 
айтты да, артынан үш жыл абақтыны бірге кескізбек болды. 
VI 


Арада екі жұмадай уақыт өтті. Бұл кезде Бақтығұл — елден, жұрттан безіп шығып, тау 
ішінің жайын тағысы сияқтанып жүрген қашқын. 
Болыстың съезінде сатымсақ билер істеген билік сол күні орнына келетін болып, билік 
артынан Бақтығұлды жібермей ұстап, тұтқын қылуға айналған. Бұл жолы съезде уез, 
ұлықтар: "Ұрыны тый!" — деген әмірді күшті қылып айтумен бірге құн кесілетін, айдалатын 
ұрылардың жаза мөлшерін билер, болыстар белгілеуге ықтияр беріліп еді. 
Сонымен билікті айта сала қолма қол болыс шабарманы Бақтығұлды билер үйінен ертіп 
шығып, ұрыларды қамап жатқан үйлеріне қарай алып жүрген. Бірақ абақтыға салып, тұтқын 
қылып ұстату қырдың әдетінде жоқ жаза да, оны істеймін деген болыс, билер де көңілдегідей 
қылып орнына келтіре алмайтын. Ұрыны сенімсіз көріп: "Қашып кетеді", — деп аяғына кісен 
салушы еді. Сол кісен шабарманның қолында жоқ болды және барлық түсіне, жөніне 
қарағанда, бұл Бақтығұлдың кісі құрлы көрмейтін әлсіз, жөндекілеу жігіті еді. Өзінде асынған 
қару да жоқ еді. Алдында билік үстінде не деді білмей есі шығып, Бақтығұл тысқа шығып, 
енді мына жігіт аяғына кісен саламын деп қамданып жүргенде ғана өз жайының шынымен 
бұзылып, жат түрге ауысып бара жатқанын жаңа ғана ұққандай болып, қазір сол жерде-ақ 
көнбей қашуға ниет қылды. Осы ниетін жаңа ғана ойланып, бекініп болған орайда шабарман: 
"Осылай тұра тұр", — деп жүгіріңкіреп болысқа тігілген үйге таман кісен іздеп жөнелді. 
Сол уақытта Бақтығұл саспастан аяндап билер үйінің жанында тұрған атына мініп алды 
да, үй-үйдің тасасымен желіп жүріп кетті. Артынан шабарман шығып, "аһу" деп, жұртқа жар 
салып: "Қайда кетті?! Қайда кетті?!" — деп, бос қарбаласып жүгіріп жүрген кезде Бақтығұл 
ауылдың жанындағы кезеңді асып, жортып отырып келіп жартасты өзекке түсіп, содан тас-
тастың арасына кіріп, тауға шығып, адастырып кетті. Осы сағаттан бастап Бақтығұл қашқын 
болды. 
Өмірінде ұрлық сияқты сұйық жүріске алғаш араласқаннан бүгінгі күндерге шейін көп 
заман өтсе де, бұдан бұрын еш уақытта қашқын да болған жоқ. Артына түскен қуғынды да 
көрген жоқ еді. Өйткені жалпы жыл саны көп болғанмен, әр кезде ұзақ заман салынып үзбей 
істеген ұрлық жоқ. Бірде жиілетсе, артынан саябырлатып, көп заманға шейін үзіп те 
кететұғын. Ақыры былтырдан бері Жарасбайдың жақындығына буланып, соның бір күнгі 
жылы шырайына сеніп, семіріп қалып, аяғында бұрын ілініп көрмеген, көрмесем деп тілеген 
жаманатына еріксіз келіп басы соғылды. 
Аз күн өтсе де, Бақтығұл қашқындықтың сұрықсыз, жат пішінін әбден көріп, басынан бір 
талайды кешіріп қалды. 
Съез басынан қашып шыққан соң, болыс сол күні тыным тапқызбай іздеткен екен. Кешке 
шейін маңайды арылтқанмен, таба алмапты. Бұл уақытта Бақтығұл жолға бөгелген, аулына 
тура тартып келіп, қатынына қысқаша жайды айтып, киім-кешегін алып, астындағы жиренді 
тастап, жүйрік құланы мініп, шиті мылтықты барлық оқ сайманымен мойнына салып алып, 
кешке ел көзіне көрінбес үшін белгілі қора тасқа бекініп отырған. Мұнда бір жағынан 
қарауыл қарай отырып, екінші бітірген жұмысы: үйінде қатынына тары талқан түйгізіп 
жатыр еді. Және өзі қора тасқа бір тоқтысын алып келіп, соны сойып, жарты етін қатын-
баласына тастап, жартысын өзіне азыққа арнап, бұзып, бұлдап, қарынға салып алып еді. 
Кешке ымырт жабыла қатыны талқанды алып келген соң, бұдан былай қанша уақытта 
білетінін айтпастан: "Құдайға тапсырдым", — деп, хош айтысып, құла атқа қосып, бір семіз 
күрең атты қосарына тауға қарай тартып берген. 


Қара қатын бөтен еш нәрсе айтпастан: "Келіп-келіп, аяғы бұған жетті ме? Құдай төбеңнен 
ұрғыр, Жарасбай! Осы қылғаның өз басыңа келсін", — деп, байы көз жоғалғанына артынан 
қараңғыға қарап тұрды да, мұрнын қайта-қайта тартып, ет салған қапты арқалап үйге қайтты. 
Сол күні түнде болыстың қуғыншылары келді. Таба алмады. Қара қатыннан ешбір дерек 
ала алған жоқ. Ол: "Таңертең кеткен", — дегеннен басқа түк хабар берген жоқ. Не болғанын 
аңқаусып өздерінен сұрады. 
Болыс Бақтығұлды қырына алып, жазаламаққа байлаған соң, не де болса, оның елде 
еркіншілікте жүрмей, барағына тезінен бармағын тілеп еді. Сондықтан алғашқы күннен 
бастап осы соңғы уақытқа шейін тыным таппай, талай жерден талай түрткі салып қуғызып 
келді. Қуғыншыны жердің жөнін білетін, тас-тасты көп аралаған аңшыны яки ұрыны қосып 
беріп те жіберетін болды. Бірер кісі емес, бес-он кісі Бақтығұл қашқаннан бері қарай үнемі ат 
үстінде болып, тыным алмай, тау-тасты сүзіп жүр. Бірақ бұл күнге шейін Бақтығұл 
қолдарына түспей келді. 
Алғашқы қашып шыққан күннен бастап Бақтығұлдың ылғи абақты жайында болатын. 
Өмір бойы жаны шошып қорқатын, "Содан сақта" деп тілейтін жалғыз қорқынышты дұспаны 
енді желмая мініп, Құламергенді қуған ертегінің жалмауыз кемпіріндей қадалып, түйіліп, 
бұның соңына түсті. Күндіз-түні бір күдік, бір қауіп жүрегіне оқтай қадалып, қабағын 
ашқызбай, ас татырмай, ұйқы ұйықтатпай, иығынан басып, салбыратып бара жатты. Кейде 
арты қаптап келе жатқан өрт сияқтанып яки дүниені жалмап, жапырып келе жатқан тасқын 
сел сияқтанып көрінетін. Түсіне ояуы, ояуына түсі араласып, әрқашан арт жағынан аузын 
ашып жұтқалы келе жатқан ажалды сезіп тұрғандай күйлер көбейді. 
Сол қорқынышты ажал — абақтының шойын есігі қараңғы тас қабырғасы сияқтанатын. 
Ерте күннен жайын мінезді жабайылықпен қорқатын әдет бұл күнде ұйықтап жатқанда да 
селк еткізіп, шошытып оятатын ерекше дерттілікпен араласқан аурулы қорқынышқа айналды. 
"Бостандықты, тіршілікті темір тозақтың ішіне салып, тірі шығармын", — деп ойлаған 
жанның көрген күні бар болсын. "Одан өлім артық: Бәрі бір бұ да — өлім. Және орыс 
қолында кез болған өлім! Ләнет — ләнет болсын бұл күйге. Бұл күнге", — деп, ертеден қара 
кешке осы сияқты бір қараңғы суық түсті қара үңгірге оймен телміріп қадалып алып, соның 
албастысынан бойын босатып ала алмай қойды. Қуғын жиіленген соң жаңағыдай жат түсті 
абақтымен қатар тұрған Әзірейіл Жарасбай болды. Оның да жуан жотасы, суық түсі әлгі 
ажалды бұның артына көзеп салып, тыным таппай қуғызып отырған мың да бір дұспаны 
болып саналды. 
Осындай күшті, жуан жаулардың, бір күн болмаса, бір күні уысына еріксіз түсіретінін 
ойлағанда, Бақтығұл іш құса болып, алағызып, тұншығып кеткендей болушы еді. Бірақ ес 
жиған уақытында бойын билеп өз-өзіне қайрат бергенде: "Не қылсам да, ұстатпаймын. 
Қолыңа тірі түспеймін. Қашамын қашамын. Қашып жүріп өлемін... Егер тіпті болмай бара 
жатсаң..., Жарасбай, көремін...", - деген байлауға келетін. 
Болыс он бес күннен бері тыныштық алған жоқ. Әлі де Бақтығұлдың соңына шам алып 
түскендей болып келеді. 
Соңғы кездегі қуғын әлденеше жақты болуға айналды. Бір жағынан он шақты кісіні, 
қолдарына мылтық сияқты қару-жарақты сайлап беріп, күндіз-түні тау-тастың барлығын 
кезгізуден басқа тау ішінде отырған елді де бұның соңына салмақшы болды. Бірталай елді 


салып та қойды. "Кім де кім Бақтығұлды көрсе я ұстап берсін, яки хабар қылсын. Ол 
ұсталмаса, тыныштық болмайды. Қаладан отряд шығады. Лауымен, сойысымен сол елдің 
өзінің мазасын кетіреді. Оның үстіне: "ұрыны, қашқынды сүйедің", — деп, жазаға 
ұшыратады", — деп, үстінен құс, астынан ит жүгіртіп, момын елді, не қылса да, Бақтығұлға 
жау қылатын болды. Осы сияқты қорқытқан қоқан-лоққыдан басқа жаңағы елдің арасындағы 
көңіл жетер, тіл алар деген ауқатты, әлді кәрия, пысықсыған атқа мінер болса, солар арқылы, 
сәлеммен де асылып, салмақ салып жатты. 
Сонымен аз күнде Бақтығұлға қалың таудың іші де соншалық мықты, сенімді пана 
болмайтын сияқтанды. Енді, не де болса, көпке сенбей, көп жерге қонақтамай, барды берсе 
де, бір жасырын орынды тауып алып, соны мекен етуге тура келді. Екінші: жау көп, аямайды, 
қуғыншылардың қарусызы жоқ. Бұл болса, әрі жалғыз бас, оның үстіне сүмбемен оқтайтын 
жалғыз ауыз қара шитіден басқа сенімді қаруы да жоқ. 
Өзгеден бұрынғы бір қиыншылық осы еді. Қашқын болған соң, ат-сайман көңілдегідей 
болмай, болмайды. Әйтпесе, қашып, қорлыққа түсуі де керек емес. Соны алғашқы күннен көп 
ойлап, мықтап ескерген Бақтығұл бүгін ғана мұратына жетіп, қолына сенімді қару тиіп еді. 
Қазір мұның қойнында жаңа ақ алтыатар, мойнында сенімді жақсы бердеңке бар. Бұлар 
көп жүргізді, бірақ шығынсыз түсті. Өйткені, екі-үш жыл бұрын жорыққа аттанып жүрген 
кезінде Бүргеннің бір кәрі ұрысымен достасып еді. 
Ол бүгінгі Бақтығұл сияқты екі жыл бұрын қашқын болып, басынан көп бейнет кешіріп 
жүріп, аяғында бір жылдай абақтыға жатып шыққан. Соның қашқын болып жүрген 
уақытында талай рет астына ат, үйіне сойыс сияқты қажетін Бақтығұл сұратпай-ақ атқарып, 
ерекше достық істеген. Кәрі ұры: "Кезі келгенде, өтермін", — деп серттеніп еді. Жақында 
соған Бақтығұл барған соң, екі сөзге келмей, тығулы жатқан қаруларын көп оғымен шығарып 
берген. 
Кеше соны алып, Талғар басында тау ішіндегі бір ауылға түңде келіп қонып, бүгін өзенді 
өрлеп өзінің сенімді көретін бір жалғыз үйлі кедейінің аулына келе жатыр еді. 
Түнде қонып шыққан аулы бұған сенімді көрінбеді. Келген жерден көрсеткен қабағы 
болсын, түндегі үй ішінің жыбыр сөздері болсын, бөрі де бұдан жасырған бір сырдың 
барлығын сездірген. Соны байқаған соң бір ұйықтап, оянып, таң ата ауыл тұрмай тұрғанда, 
атын ерттеп мініп алып, ешкімді оятпай жүріп кеткен. 
Бұрын бұл ауыл Бақтығұлға жаны ашығандай жылы жүзбен қарсы алатын болса, енді 
артынан жылан жүріп кеткендей суынып, сызданып, ішінен жаттық жиып қалыпты. Бір бұл 
ауыл емес, бұл өңірдің талай аулы-ақ солай болуға айналған. Бақтығұлдың ішіндегі уды 
молайтуға бұ да бір себеп сияқты болды. 
Жер-дүниеден пана тапқызбай, әлемге жаман атты қып көрсетіп, қайда барса да, 
жексұрын болсын деп, тор жайып отырған Жарасбай. Қалың биік таулардың арасында ит 
тұмсығы батпайтын жыныс қалың қарағайды аралап келіп, қызыл тастың тұмсығына ілінді. 
Етекте сайды басына көшіріп, асау Талғар ағып жатыр еді. Қызыл тастың арғы астында ендігі 
жалғыз сенімді аулы Қатубай деген бар. Сонда барып шай ішіп, жылынып, жан-жақтан 
есіткен хабары болса, біліп, әдет бойынша тағы да тауға кетпекші еді. 


Әуелі баспалап қарап, ауылдың сыртын байқады. Бөтен ат, бөгде кісі жоқ сияқты. Содан 
соң аяндап келіп аттан түсіп, құланы белгілі екі есігі бар аласа қораның ішіне апарып байлап, 
үйге кірді. 
Бұл тауға қашып келгеннен бергі Бақтығұлдың көп жататын, өз үйіндей көретін ең сенімді 
жатағы осы болатын. 
Қатубай үйінің барлық жаны — төрт адам тегіс үйінде екен. Қатубай үйде қалған 
Бақтығұлдың шитісімен бір елік атып алып келіп, соның жылы-жұмсағынан қатыны қуырдақ 
қуырып, шай қайнатып жатыр екен. Тынысы еркін өмірдің жылы үйшігі — қазанаспада 
маздаған оты, ыстық шайы, шыжылдап жатқан жайлы иісті қуырдағы Бақтығұлдың 
жалғызсырап, тоңазыған көңілін, бір мүйнетке болса да алаңдатып, жылытып жібергендей 
болды. 
Қатубай жасы елуге таман келген момын, адал кедей еді. Сақалына ақ араласқанына бес-
он жыл болған, қазірде бурыл. Түсі момындыққа бейім, жылы шырайлы. Алғашқы алған 
қатыны он бес жыл бұрын өлген соң, осы екінші қатынды алған. Содан туған 12 жас пен 10 
жаста екі баласы бар. Қатыны дөңгелек толық денелі, қызыл жүзді, жалпақ сары қатын. Бет 
пішіні еркекше кесек, айрықша бауырмал, көңілшек. Аңқаулау, адал, жақсы мінезді 
көрсететін ажары бар еді. 
Балалары — кедей жүдеу үйдің ішінде өссе де, әке-шешелерінен момындық пен 
тазалықтың сүйкімді үлгісін алған жақсы балалар — Мұқаш, Жұмаш. 
Бұл үй Бақтығұлмен бұрын айқас болған, таныстығы мол үй емес еді. Қалың елдің 
шетінде, иесіз тау ішінде отырған жалғыз үйлі момын кедей, аз ғана ешкі-лағы, азын-аулақ 
қарасымен қанағат қылатын да, тұзақ, тор құрып, ұсақ анды аулап, анда-санда тау ешкі, елік 
атып, аң етін азық қылатын. 
Бақтығұл елден безіп, тау ішін кезіп жүріп, бір күн түнде тау арасына далаға қонамын деп 
келе жатқанда, қараңғыда шыққан отын көріп, осы үйге келіп түсіп еді. Сонда да осы қазіргі 
сағат сияқты жылы ұяның ажарын көрсеткен. 
Өзі аралап қонып жүрген елдің ішінде ең бір жайлы, жылы үйдің іші осы сияқтанған соң, 
Бақтығұл сол түнде Қатубайға барлық басынан кешіріп жүрген жайларын айтқан. Үй іші 
тегіс жаны ашып, бәрін беріп күтіп, болысты да, орысты да қарғап-сілеп, көздеріне жас та 
алған. 
Бұлар: "Бұл елдің әйтеуір, санында бармыз", — дегені болмаса, болысын да, байын да, 
жақсы-жаманын да білмейтін. "Білейік", - деп талпынып, ізденбейтін де. Жаз егіні, қыс 
малымен, егінімен болып, өзгенің желігі, қыдырысы, біреуді жағалап сөз қуғаннан әрдайым 
аулақ болатын, ондайды сүймейтін. 
Иесіз таудың ішіндегі жалғыз үйлі кедей, сол түндегі момын сұр жалғыздық тіршілігіне 
қанағат қылып, ошақ басының жылылығында, сол ошақ ауданындай кішкене, сүйікімді 
ауданда өмір сүріп, соған қанағат етіп күнелтуші еді. 
Бақтығұлды үйіне сақтап, пана болуды қауіп көрмеген. "Басыңа күн туған азамат екенсің. 
"Жалғыздың жары — Құдай", — деген ғой. Бірде болмаса, бірде: "Сондай бір кемпір-шал бар 


еді-ау", — деп есіңе аларсың. Осы үйді өз үйіндей көр де, жата бер. Жауыңнан құлақтас 
болып тұрармыз. Мына балаларымды ініңдей көр", - деп, көп-көп жұбату, достық сөздерін 
айтқан. 
Осы түннен бастап Бақтығұлдың бұл үй ең сенімді досы болды да, Бақтығұлға да үй іші 
өздерінің бір азаматы, туысқаны сияқты қарайтын болды. Екі-үш күн бұрын Бүргендегі кәрі 
досына кеткенше, көбінесе Бақтығұл осында болатын. Бірақ күндіз отырмайтын. Ерте кетіп, 
түнде кеш келеді. Сондықтан бұл ауылды мекен қылып жүргенін әзір ешкім білген жоқ-ты. 
Бақтығұл күнде бір үлкен аң атып әкелетін. Үй іші соны азық қылушы еді. Бұл соңғы 
кеткеннен бері төменгі көршілес ауылдардан Қатубай көп сөз естіген. "Бақтығұл деген бір 
қашқын бар", - дейді. Болыс: "Соны ауылдарына жолатпасын. Көрсе, хабар қылсын яки ұстап 
берсін", — депті. Осы мандаты елге де хабар айтыпты дескен сөзді де есітті. Бірақ үндеген 
жоқ. Елеген жоқ-ты. Кешегі күні Бақтығұлды іздеген қуғыншылар төменгі ауылдарда 
топтанып жүргенін де көрген. 
Бұл маңайға олар бұрын бүйтіп ұзап келген жоқ еді. Тек бір сыбысты естіп, біреудің 
хабарымен келсе керек. Бақтығұл келіп, қуырдақ пен шай ішіп отырғанда Қатубай мен 
бәйбішесі соны айтты да: "Қарағым, сақ бол. Кездесіп қалар", — десті. Бақтығұл бұл хабарды 
естіген соң түндегі ауылдың өзіне көрсеткен шырайын еске алып: "Қуғыншыны солар көзеп 
жібере ме?" — деп қауіп ойлады да, шайды тез ішіп атқа мінді. 
Әрқашан ауылдан шыққанда, елсізге бет алып, өзенді жағалап, тауға тартып кетуші еді. 
Сол әдетпен төмендегі бір тік тасты бетті қиялап отырып, Талғар суының жағасына келді. 
Алыстан мен мұндалап азынап, сатыр-сұтырымен сайды жаңғырықтырып ағатын Талғар 
қасына келгенде, барлық асау, суық түсімен жанды шошытады. Биік таудың ор кеудесінен 
кәдімгі қалың мұз, ақ қарынан шағын жартасты, мұздарды жарып, ылдиға қарай ағатын. Сол 
жолында кейде шапшып, құтырып, кейде бүктетіліп тулап, ойнақ салып кетеді. Жайын суық 
қайрат иесі құла судан Бақтығұл көзін ала алмай, жартасты жағалап келе жатты. Жаздыгүні 
бұл су бұдан да күшті, бұдан да мол болып, ақ құла болып ағады. Қазірде күз болған соң, 
шарасы көміңкіреген сияқты. Бірақ сонда да бұл еш жанға өткел бермейді. Әлі де жыны 
жетеді. Түбіндегі кесек-кесек жұмыр тастарды осы күнгі ағынының өзі-ақ сатыр-сұтыр айдап, 
біріне-бірін қажастырып, соғыстырып жатыр. 
Қазіргі Бақтығұл келе жатқан жері Талғардың сайды құлдап, тар шатқа тығылып, тік 
еңісті суық дыбыспен қуалап ағатын жері еді. Қазанда қатты қайнаған судай өне бойымен 
түгел бұрқылдап қайнап жатқан сияқты. Ұзақ бойы түгелімен бұрқ-сарқ етіп тасиды. Талас 
салып жарысып, екпіндеп жөнелген жік-жік ағын, бұйра-бұйра толқындар жүз жыланның 
сумаң қағып жарысқанындай, өрттен қуғыннан қашып дүркіреп жосыған көп жайынның 
жөңкілуіндей. Шаттың аяғы — тік біткен мұрыншақ тас. Шың тастың ішінде, биік құздың 
арасында иіріліп аққан су бір-бірден екіншіге қарай шыққанда, тау қойнынан шыққан 
құсықтай ақтарыла жөнеліп, екінші мұрыншықтан бұрылғанда, жер тесігіне сүңгіп құйылып 
жатқандай болады. Қалың биік, алып жартас бір орнына сіміріп жатып, жер астына әкетіп 
жатқан сияқты көрінеді. Мұрыншақтан аса беріп, асау су белгісіз болып көрінбей жоғалып 
жатыр. 
Бақтығұл Талғарды қысып тулатқан шаттан озып, жоғары жайдақ жерге таман шықты. 
Бірақ бұнда да тентек су өткел беретін түрді көрсетпейді. Ішіндегі қазандай-қазандай кесек 
тастарға екпіндеп кеп соғып, ытқып аққан толқынды ағын әлі де басты айналдырады. 


Талғардан көпірсіз жерден ешкім өтпейтін болса да, Бақтығұлға тегінде арғы бетке тығыз-
таяңдау уақытта өтіп жүретін бір оңайлау жерді біліп қою керек еді. Өзенді сонымен жағалап 
көріп еді. Бірақ жақында ондай жер кездесетін сияқты емес. 
Осымен алданып өзенге ғана көз салып келе жатқанда, құла ат алдыңғы жаққа қарап елең 
ете түсті. Бақтығұл жалт қарағанда, жарты шақырымдай жердегі бір мұрыншаққа бір-екі атты 
шығып қалған екен. Жай кісі емес. Қолдарында ағашы бар. Аттары жарау. Жолда тоғай мен 
тастақ төбелер бар еді. Бақтығұл тез ғана бұғып төменірек түсті. Сол кезде арт жағында 
төмендегі бір мұрыншақтан қарауылдап тұрған төрт-бес кісіні тағы көрді. Олар бұны көре 
сала айғайлап жіберіп, шауып келе жатты. Алды-артын қамап алған сияқты. "Болар жері — 
осы", — деп мөлшерлегендей алдынан тосқауыл қойып, артынан қуғын жасамақ екен. 
Өзен бұндай жерде қауіпті тор сияқты үлкен кесел шығаратын болды. Тығыршыққа 
қамалып қаша алмай қалатын болды. Жалғыз жалтаратын беті өзеннен бүйрек жаққа қашу 
болар еді. Бірақ оны қуғыншы қазір келіп, кесіп алатын болды. 
Жаулық пен қатер құшағына қаусырмалап қысып келе жатқандай көрінді. Көп ойлануға 
уақыт қалған жоқ. Жалғыз үміт сол болды. Не Талғар өткел беріп құтқарады, не жұтып 
құтқарады. Әйтеуір дұспанға жоқ. Осындай не өлу, не құтылу сияқты бір-ақ қана түйіннің 
үстіне келді де, құла атты қамшылап келіп, Талғардың тасқынына қойып кетті. 
Өзеннің ар жағына аман өтсе, қауіптен құтылады. Өйткені ар жағында жау жоқ. Ол жақта 
ел де жоқ, иесіз болатын. Қаншалық көзі қызығып, өшіккенмен, қуғыншы Талғар өтемін деп, 
өктемейді. Тіпті өтпек болса да, бір бет ашық, Бақтығұл қашып құтылады. Өзен суы Бақтығұл 
түсе қалған жерден құла аттың жалпақ тізесінен келді. Ішінен: "Я құдай, я аруақ!" — деп, не 
де болса, жылдам бастырайын деп, Бақтығұл құла атты ойландырмай тебініп берді. Азырақ 
жүріп барғанда, толқын қолтыққа келді. Дүние шырқ көбелек айналғандай, біресе құлдырап 
жүгіріп аласұрып ашыққандай. Шапшып, секіріп дыбысымен жер жарып, басты 
қаңғытқандай. Құла атты қолтыққа ілінген соң-ақ бетінен жалтартып, төмен қарай қағып 
әкетіп бара жатты. Сонда да иесінің қысылғанын сезгендей барын салып, қарманып келе 
жатқан жануар көлденеңдеп ілгері қарай ұмтылып келеді. Кейде омырауға соғып жіберген 
толқын құлатуға айналып, еңсеріп кетсе де, көзі шатынап, екі құлағын қайшыландырып, 
оттай ыстық қайрат жиып, жан айласын істеуден жаңылмайды. Су үзеңгіліктен асты. Толқын 
үсті-үстіне соғады. Ат малтуға салды. Енді қатты ағын шапшаң ағыза жөнелді. 
Бақтығұл ат ағып жөнелген соң-ақ өмірден үмітін үзді. Әлдекімге: "Қош!" — деді. 
Көзінен бір тамшы ыстық жас та ыршып кетті. Жалғыз жалынды арман сияқтанып: "Әттең, 
жалған-ай!" — деген бір ғана ащы күйік тілі шықты. Сол кезде құла атты меңдетіп, билеп 
алған жуан толқын екпінімен алып келіп, жолдағы үлкен тасқа соғып жіберді. Сол жағында 
ажал тосқауылындай болып, су астында күмпейіп жатқан қазан қара тасты көргенде, 
Бақтығұл: "Енді біттім!" — деп еді. 
Бірақ соғып қалғанда, құла ат жығылып аунап түскен жоқ. Аяғын қайта басты. Тасқа 
кептеліп тұрып қалды. Сол уақытта жағаға екі-үш адымдай жер қалған екен. Құла ат 
тәлтіректеп, есінен айырылып жығылуға айналған уақытта Бақтығұл: "А, құдай!" — деп 
айғайлап жіберіп, аттың жалынан басып секіріп кетті. Жағаға жақын барып түсті. Сонда да су 
белден келеді екен. Дөңгелек айналдыра жөнелді. Ағызып кетті. Аяғы анда-санда жерден бір 
тиеді. 


"Енді кеттім-ау!" — деп, қолын алды-артына қарманып, қалбақтап келе жатқанда, 
қасында серең-серең етіп аударылып түсіп, келмеске кетіп бара жатқан атын көрді. Ол қалың 
ағынның ортасында Бақтығұлдан екі-үш адымдай ғана жерде қанды судың құтқармайтын 
шеңгеліне ілініп, жұтылып бара жатты. Сол секөнтте өзі де ағып: "Енді құтылу жоқ шығар!" 
— деп келе жатқанда, оң жақ бүйірі келіп бір үлкен тасқа тіреле түсті. Сол тасты жабысып 
құшақтай алды. Сонда ғана алдына көзі түсіп еді. 
Ағын соңғы бір қағып жібергенде, жағаға әкеліп тастаған екен. 
Белуарынан су болып, сүйретіле судан шығып, артына қарады. 
Бағана жабыла шапқан жау бұны судан өтер деген ойды ойламаса керек. Кезеңге шығып 
алып, Бақтығұл тұрған сайды жоғары өрлей шауыпты. Қазірде бір шақырымдай жерде тас-
тасқа серейіп шығып, әр жақтарын қарап шығып жүр екен. Құла ат кете барды. Бақтығұл 
серік атын құрбан қылып, жанын амандап, бұл жолы да жаудан құтылып кетті. Ат кеткенмен, 
қойнында алтыатар, мойнында мылтық, керек десе, су да болмастан, аман қалды. 
Бердеңкесін ұстап отырып, белгілі жауын есіне алып: "Бәлем, осыныңды ұмытпа!.." — 
дегенде, өңі құп-қу болып, көзіне қан толып кетті. 
ҮІІ 
Арада біраз ғана дәурен өтті. Бақтығұл бұл уақытта Талғар басынан кетіп, Шегетіден 
Бүрген, Талғарға қарай тау ішімен қатынасатын жолдың орта шенінде елсізде жүр. 
Бұл араға келгеніне 3—4 күн болды. Түнде қарағайдың ығына жатады. Сонда тірі жанның 
барлығынан жасырынып жүріп, ыстық істеп ішкен болады. Күн шығысымен, Қараш-
Қараштың шаттарында, қара жолдың айналасында қарауылда отырады. Әлденедей мақсатқа 
арнап жол бойында қолайлы жерлер қарастырушы еді. 
Екі-үш күннен бері ана жерге бір отырып, мына жерге бір жатып, байқап-байқап келді де, 
аяғында бүгін таң ертеңнен бері Орта Қараштың шатынан шықпайтын болып бекінді. 
Бұл уақыттағы Бақтығұлдың жүзі қан-сөлден айрылған сұп-сұр. Анда-санда күрсінгенде, 
демді дірілдеп алады. Қолы да ұстаған нәрсесін мықтап қысып, қалтырап кетеді. 
Ішінде лепілдеп жанып, асыққан, асықтырған бір байлау бар. Сол орындалғанша, шыдам 
таба алмай, сабыр-тақаттан айрылып, тіршілік күнін өткізе алмаған сияқты. Ішінен қайнап 
шыққан бір мықты толқын еріксіз тұқыртып, бір үлкен түйінге ой сезімін, бар қайратын түгел 
телміртіп, қадалтып тұрған сияқты. 
Қалың ұзын қара мұрты көбік қарда түлкі басып отырған қара кер қыранның қанаты 
сияқтанып, салбырап аузын басып кеткен. Көзінде қанталаған қызыл бар. Сызданып, 
қадалып, ішінде әлдеқандай от ойнағандай жарқ-жұрқ етеді. Шегетінің жайлауы — Асыға 
қарай телміріп көп қарайды. Күтеді... 
Бүгінгі істемек істің ниеті Бақтығұлдың бұрыннан ойланған нәрсесі емес еді. Жуандардың 
істеген арамдығы, қорлық-зорлығы шектен асты. Ауыр тиді. Бәлеге, жаманшылыққа өздері 
сүңгітіп жіберіп, аяғында сол жолда бұны құрбан қылып, өздері жақсы атты, таза кісі болып 


қалды. Ол бола берсін. Талай Бақтығұл сияқты жалғыз-жарым кедей кеше үнемі көріп жүрген 
қорлығы. 
Оған қарсы қаншалық кектеніп, зығыры қайнап, қаны тасып келсе де, шамасы 
жетпейтінін біліп, қашудан басқа айла таба алмағандай діңкесі құрып қоюшы еді. Дүние асты 
үстіне шығып аударылып түспесе, ақыр заман болмаса, бүгінгі бұның қарсысында тұрған 
мықтыға бұның қарғысы жетпейтін сияқтанатын. Шынында, ең әуелі қалың Жаныс — мол, 
тұтас, іргелі ел. Бұл болса, жиырма-ақ үй Сары, қаңғырып жүрген кірме. Сол қалың елдің 
ішінен шыққан бай, жуан болыс. Бер жағы ел болса, ар жағы - орыстың ұлығы. Одан дәме 
қылу, теңдік сұрау ұры атын алған Бақтығұлға санасыздық сияқты. 
Ойдағы арман мұң, намыс күйігінің бөрі де бір тілсіз, меңіреу тас қабырғаға тірелгендей 
болып, діңкесін құртқан. Сондықтан қайтудан басқа, әзірше тасқа тығылып жан сақтаудан 
басқа еш бөтен ойды ойламап еді. 
Бірақ қуғын жиілеп, ізіне шөп салып, елсіз-күнсіз қу тасқа да мекен еткізбейтін күйге 
жетті. 
Тірі жанға қастық қылуды былай қойып, енді адам баласы атаулыға келін болып, таудың 
аңы сияқты жалғыз жытып жүрген күнін де көп көретін болды. "Өлтірмей, жерге тықпай 
тынбаймын," - деген сияқты ниет көрінді. 
Қуғыншы Талғардай жайынға әкеліп қамап, өлімнің құшағына да айдап апарып тықты. 
Барлық қашқын болып жүрген күндерінде осы Талғар өткен күннен бастап, Бақтығұл қаны 
бұзылғандай болып қатты өзгеріп кетті. 
Сол күні суда ағып келе жатқанда: "Біткен сағатым — осы", — деп ойлаған. Бірақ өлімнің 
құшағында болса да, сәті келіп қана аман қалды. 
Содан кейін: "Қорыққаным сол ма? Ең қиын болғанда, баратыным сол ғой. Тәуекел, не де 
болса, шыдайым", — деп, бір нысанаға мінді. Өзін өліп-тірілген кісідей көрді де: "Мына 
сияқты итшілеп жүрген тіршіліктен біздей кісіге, өлсек те, түк етпейді екен", — деген күйді 
де бір ойлады. Сонда өлімге бекінген жанның артында қалып бара жатқан суық, жау дүниеге, 
мейірімсіз тіршілікке барынша суынып, наразы болған кегі қайнады. Өзін дүниеден қуылып 
шыққан жексұрындай көріп, құлазыған жалғыздық жүрегімен барлық басы аман, малы түгел, 
жаны рақаттағы болыс сияқтыларға мың рет лағнет оқып, қарғыс айтты. 
Соны айтумен бірге осы бүгінгі ниетке бекінді. 
Қатубайды екі-үш күндей атқа мінгізіп, ойға жіберіп, болыс аулынан бірнеше хабарлар 
алды да, аяғында осы жерге келіп, жол тосқыш болып бекініп қалды. 
Қараш-Қараш айналадағы қоршаған тасты тақыр биіктер, қарағайлы жүндес жоталар, 
шошақ төбелермен үш салаға бөлінеді: 
Бас Қараш, Орта, Аяқ Қараш. Осы үш сала мен маңайдағы биіктері, адырлары мен барлық 
ауданды "Қараш-Қараш" деп атайтын. Жаз ойдағы көп елдің көші асатын үлкен, қиын асудың 
бірі - осы. Өзінде ала жаздай отырып жайлайтын ел Бүрген, Шалқар болыстарының бірталай 
ауылдары болатын. Қазірде қоңыр күз мезгілі болғандықтан, елдің бөрі серпіліп ойға кеткен. 


Енді анда-санда жондағы Шегетінің ылдиға, қалаға қарай төте жол қуалап қатынасқан бірен-
саран салт атты жүргінші болмаса, көп ағылған ел болмайды. 
Өзінің ойлаған ниетіне Бақтығұл Орта Қарашты сайлаған соң, енді соның иір-иір 
тұмсықтарын, қиын кәрнез жолдарын, ат жасыратын ұры қойын жалтарыс шаттарын, 
тоғайларын кезіп, аралап байқаған. 
Келе жатқан жүргіншіге қоян-қолтық кездестіріп, құшақтаса түсіргендей болып, артынан 
қуғыншы болса, қарасын тез жасырып әкететін, Бақтығұлға оңай, жауға қиын, балта сабы, 
иек артпа кезең еді. Орта Қараштан сол табылды. Ол Аяқ Қарашқа қарай асатын тасты тақыр 
жотаның Орта Қарашқа қараған беті болды. Саспай айнала қарап жүріп көріп шықты. Оқып 
алғандай болды. 
Жол бұл арада кең сайдың төргі биігін жағалап, қапталдап, жүргіншіні алыстан көрсетіп, 
оралтып әкеледі екен. Дәл жотаға көтерілерде Қараштың биік жотасын ернеулеп жағалап 
барып, жотаға шығады. Ернеулеген жолдың дәл жиегінде тығыз боп өскен екі-үш түп 
сарыағаш бар. Оның ар жағында бір адым жерде терең құз, қиын қызыл тас. Жаннан кешіп 
ептеп түссе, көп көрген жаяу ғана түседі. Ат маңына бара алмайды. 
Құздың астында тоғай бар. Соны аралап Қараштың суы ағады. Сол жерге бір далдаға атты 
бекітіп тастап, сарыағашқа жаяу тығылып жатуға болады.
Осы араны әбден таңдап, нық бекініп алды да, Бақтығұл Асы жаққа тағы да қарауылдап 
көз жіберіп алмақ болып, жаңағы көп жүргінші жүретін төменгі жолды тастап, төргі тауға 
таман жүрді. Жоғарылап көтеріліп барды да, ең басты қаптал жолға түсіп, Орта Қараштың 
басын кесіп, Асы жақтағы шеткі биіктің ығына келіп шықты. 
Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бу оралып, 
томсарып, сұрланып тұр еді. Дүние иесіз, елсіз, жым-жырт. Оңтүстік жағында 
Сарымсақтының қарағайлы шоқысы үрпиіп тұр. Соның күн батыс алдына таман, төмен жерде 
жаңағы өзі белгілеген ернеу жол көрінді. 
Жаңа байқады. Ол алыстан кең жол болып, өзге жерден ерекше жырылып айқындалып 
қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты. 

"Ұқсасаң, ұқса..." - деді. 
Сарымсақтының жақын бетінде талай-талай замандар тіршілік еткен, кәрі, жуан, қу 
қарағайлар жуан тамырлары адырайып, қопарылып, кәрі алыптың талай жылдан қуарып 
жатқан өлігіндей болып бетке сұлай түсіп жығылып жатыр. 
Әр жерде сондай қуарып, тозып жатқан өлім белгісі көрінеді. 
Қарағай Сарымсақтыдан ар қарай белдеу таудың бәрін қара қошқылдандырып қаптай 
басып, жалпақ қара жыныс қылып көрсетеді. Алыста Түрген суы жарып шыққан қара қойын, 
қарағайлы, жартасты қара шат көрінеді. 


Сол Қараштың жоғарғы үсті — шашырай біткен тоғайы бар Назардың биігі. Ол да жазғы 
жайлаудың бірі. Дөңкиіп сары жотасын білеулендіріп жатыр. 
Бұлардың бәрінен ары, бұлтты, сұр аспанға ақ шашты кәрі басын созып Ожардың қарлы 
биігі жарқырайды. Ала жаздай мұзы жалтырап жататын қалың ақ қарлы суық басы бұл күнде 
ерекше жаттыққа, жайындыққа екілендіріп қаратқандай болды. 
Бақтығұлдың нық бекінген ойына Ожардың қазіргі түсі аянышты білмейтін қаталдықпен 
суынған, асау жаулық сыбырлағандай болды. Бар көріністің ішінде көңіліне иек қағып дем 
берген айдаушы сол сияқты. Биік, суық, мұзды басынан күздің жүдеген сұр күнінің 
ортасында тіл келгендей. Тасты, мұзды, суық табиғат бір ерекше жат жайын қимылды ыстық 
көріп, соны ашынып, жаланып тілегендей болады. 
Бақтығұл маңайға біраз айналып қарап тұрған соң, түс ауа бергенде Асы жақтағы ең шеткі 
кезеңнен аяндап асып келе жатқан қалың шоғырды көрді. Арасы қашық. Топ алыстан 
көрінеді. Қазірде құр ғана үлкен қарасы байқалады. Бірақ, тым жақын болмаса да, Бақтығұл 
келе жатқандардың мал айдаған емес, көп аттылар екенін байқады. Сол арада бөгелместен 
қайта бұрылып, атын мүмкін болғанынша шапшаңдатып басқызып, таудан түсе бастады. 
Беттегені — бағанағы қызыл, тақыр жотаның түбіндегі терең шат. 
Аздан соң атын жолмен келе жатқан жүргінші көрместей бір қиын араға әкеліп бекітіп 
тастап, өзі киімді жеңілдеп киіп, терлеп-тепшіп ернеу жолдың жаныңдағы сарыағашқа келіп 
жетті. 
Бұл арадан да Ожардың шошақ басы мойын созып еліріп қарап тұр. Сарымсақтының 
қарағайлы биігі сарыағаштан қараған көзге екінші жалпақ бетін көрсетеді. Бақтығұл отырған 
шаттың күншығыс жақтағы қарсы беті — сол биік. Бұның етегінен басына шейін жарыса 
өскен қалың қарағай. Тау басына тырмысып, қаптап өрлеп бара жатқан қалың қара топыр қол 
сияқты. Тау қара сеңсең бөстек жамылғандай. Бір уақытта Бақтығұлға қарағай етектен тау 
басына қарай қашып бара жатқандай, бұл ойлаған ниеттен үркіп жосығандай көрінді. 
Сонда қара мұрттың астынан мырс етіп күліп қалып, суық жымиып: "Қызыңды ...", — 
деді де, сол бетке тағы қарады. Қалың қарағайлы бетте анда-санда әр жерде қара быжырық 
болып, қара жартастар көрінеді. Киіздей қалың қара көк ағашты сол тастар ор жерде тілім-
тілім қылып бөлгендей. Көк жасыл көріністің ортасынан түсіп, көркін бұзып, тас шимайын 
салып, беттің түсін суытып, құбыжықтандырып тұр. 
Ожардың қарлы басының астынан көрінген жері — жалаңаш қып-қызыл тас. Тықыр тас 
ерекше қызылданады. Соның төменгі тұсынан Түргеннің асау суының басы басталады. 
Берірек келіп көрінетін қара қойын Түрген басының тау жүрегін сара тіліп шығатын 
анайы ұясы сияқты. 
Сарыағаштан айнала көрінетін қарағайы жоқ тақыр беттердің барлығы да үлкенді-кішілі 
кеуделеріне тау селінің айқын таңбасын басып алыпты. Бәрінде де тау суы айғыз-айғыз 
қылып, тастарына ақситып жар қылып қойып кеткен таңба бар. Биік бастарынан етекке қарай 
тулап түскен қисық, ирек жыралар қасқа жол сияқтанып андыздап жатыр. 


Бұл көрініс те күшті екпіні бар қатты ағын, ұлы тасқынды еске түсіріп, омыраулап 
ұмтылуға, шапшаңдап іс істеуге екілендіріп жетелеп тұрғандай. 
Есіз биіктерде, қалың қарағайдың ішінде тығыла қашып жүйткіп жүрген елік, тау ешкі, 
арқар сияқты тағылар бар. Бүгінгі Бақтығұлға жан иесінің ішінде күйі жақын жандар солар 
сияқты. 
Түрген суының төмен құлап кеткен жолында, Назардың солтүстікке, ойға қарай 
салбыраған тұмсығында қарауытқан шұңқыр сияқтанып тағы да қалың қарағай көрінеді. Ол 
көк сағымға оралып, жеңіл көк жібектей перде жамылған сияқты. 
Бағана көрінген көп жүргіншіні тосып отырғанда Бақтығұл көзбенен айналасының 
осындай көрінісін шолып шықты. Енді күткен топтың көрінетін де шағы болып еді. 
Көп күткізген жоқ. Аздан соң Орта Қараштың Асы жақтағы кезеңін асып келе жатқан 
10—15 атты көрінді. Көбінің мінгені — жорға, тегіс баран мен қылаң. Жүрістері — жол 
жорғаның орта жүрісі. Кісілерінің ішінде, бірен-саран болмаса, толық жуандары жоқ. 
Көпшілігі жіңішкелеу келген жас сияқты. Араларында жақсы киінген әйелдері бар. Ақ күміс 
ер-тоқымдар жарқ-жұрқ етеді. 
Қызыл, жасыл салылар, ақ көйлектердің етектері көрінеді. Төртеу-бесеуі әйел. 
Қараштың төменгі жолымен қапталдап өрлеп келеді. Даурығып сөйлеген сөздері, 
күлкілері естіледі. Қызықты, көңілді, көрікті топ. Жүргіншілер кейде екіден-үштен 
қатарласады да, кейде жол тарайған уақытта жалғыз-жалғыз шұбап кетеді. Үлкен топтың 
қалың ортасында ақ жал шабдарға мінген толық денелі біреу келеді. 
Бақтығұл демін ішіне тартып, көзін алмай соған қарайды. Әйелдер осының артында 
келеді. Бірен-сараны қайта-қайта бұған жанасып келіп, бірдеме айтып күліп, күлдіріп, әзілі 
жарасып келе жатқан сияқты. 
Жүргіншілер жақындап қалды. Алды жолмен бірге оралып келіп, Бақтығұл жатқан ернеу 
жолға таман өрлеп, көтерілуге айналды. 
Осылай бұрылатын жерде, сайда, қарақаттың бөлек-бөлек ұсақ түбірлері бар еді. Соған 
келгенше кісілердің түсі анық танылмады. Тығылып жатқан сарыағаштың жапырақтары да 
көзге қаға беріс болып, бөгет қылады. 
Бірақ сонда да жүргіншілер қарақаттан бері қарай жоғарылап шығып, кішкене көгалды 
бетте шашырап шыққан он шақты түп қарағайдың қатарына келгенде, Бақтығұл керек кісісін 
әбден анықтап керіп, белгілеп алды. 
Енді азғантай ғана уақыт қалды. Әлденеден денесі тоңазып, демі дірілдеп, қабағын түйіп, 
түксиіп, Ожардың басына қарады. Суық түсті, мұзды биік ақ бұлттай сәлдесін жазып, құлаш 
сілтеп нұсқағандай болды. Мұз тау ішіне мұздай қайрат кіргізді. 
Асыққан қол дайындап отырған қаруды сығымдап қысып қойды. Күздің салқын күнінде 
тоңазып тұрған кек темір суық күйге суық тіл қосқандай болды. 


Аттылардың алды сарыағашқа қатарласып, тақыр жер, тастақ бетті тасыр-тасыр, тықыр-
тықыр басып, өтіп бара жатты. Бақтығұл демін ішіне қарай сіміре тартып, бар қайратты 
кеудеге жиып алды. Сол секонтте тастай түйілген қабақты бір жазбастан, қалың қара мұртты, 
шоқша сақалды иегін бердеңкенің құндағына әкеп жатқызды. Көк жөтелдей тиетін сенімді 
бердеңке бұл уақытта құлағы қайырылып, нысанаға құрылып қалып еді. Осы шақта кез 
алдынан бір боз жорға аттың аяғы тайпалып, жыбыр-жыбыр басып өтті де, соның артынан 
басын шұлғып тастап, талтақтап аяңдап келе жатқан бәйге шабдар көрінді. 
Үстіндегі — белгілі зор жуан денелі, қызыл күрең жүзі бар, Қалыштай тоқалын ұзатып 
алып келе жатқан болыс. Өңінде бақыттың шегіне жеткен ырзалық, жұбаныш сәулесі бар... 
Алдынан тоса жіберсе, артындағы қабаттала кетуге болады. Бақтығұл аз бөгелді. Шабдар 
қатарға келіп, енді ырғалып қиыс өте берді. 
Сол уақытта асығып тұрған саусақ жіңішке суық темірді нығыздап қысып қалғанда, 
қарғыс оғы гүрс етті. Бақтығұл басын жұлып көтеріп алды. Көк шұғамен тыстаған түлкі 
ішіктің жонында, теңгедей жерде селдір көк түтін үйіліп бықсып қалды. Шабдар мылтық 
дауысынан үркіп, атып кеткенде, үлкен денелі болыс шіреніп барып шалқасынан құлап түсті. 
Аттылар тегіс шошынып, улап-шулап үйіліп қалды. Жалғыз Бақтығұл болыстың 
құлағанын көріп алып, енді шапшаң төмен түсе бергенде, артта келе жатқан әйелдің: 
"Ойбай!.. Бақтығұл!.." — деп саңқ етіп қалған дауысын есітті... 
"Қап!" — деді де, шыңға шапшаң-шапшаң секіре-секіре, құлай-құлай түсіп кетті. 
Жоғарыдағылардың дыбысын тыңдай отырып, аяндап қасына келгенде, аты бұрынғы 
тастаған орнында тұр екен. Қарғып мініп алды да, жортып жүріп кетті. 
Денесі талай заманнан бері тұқыртып басып жүрген ретпен жынынан бір сәттің ішінде 
құлан-таза сауығып айыққандай болды. Сергіп, көтеріліп, ойнақшығандай. Жолшыбай кез 
келген өзін танымайтын жалғыз аттыға: "Мен бүгін бір бұғы атып келемін!" — деп, мұрт 
астынан нығыз жымиып өте берді. 
Аяғы 
Бақтығұл абақтыда. Жарасбай өлген соң, аяғы орыстың ұлығы да, Жаныстың жуаны да 
жабыла соңына түскен. Кірерге тесік қалдырмайтын болған және өзі де енді бой салып 
қашпайтын болып еді. Сонымен Қараш уақиғасынан аз күн өткенде ұстап алған. 
Осы күнде сол ұсталған сағатында көрген соққы мен жараның талай-талай таңбасы 
денесінде, басында да әлі бар. Орындары қара қотыр болып, жаңа-жаңа бітіп келеді. Жаныс 
жиырма үй Сарының шаңын аспанға шығарып, құрымына шейін үлесіп талап алып, 
барлығын торғайдай тоздырып, бостырып жіберген. 
Бірақ Бақтығұл оншалық сынған жоқ. Баяғы қорқып, құбыжық көріп жүрген абақтысына 
бұл кезде бойы әбден үйреніп алды. Артындағы жаулары бұның үй-ішін қайыршы қылып 
қаңғытып жіберген соң, абақты ұлығынан тіленіп, Құралды қасына алып еді. Ол өзімен бірге. 
Қатыны кіші балаларымен бірге қаладағы бір байдың үйіне жалданып, қызметкер болып жүр. 


Жетімсіреп қарайтын, момын жүзді жүдеу Құрал абақтыда отырған орыс-қазақтың жөні 
түзу адамдарының бәріне жақты. Бәрі де сүйкімді көріп, маңдайынан сипап, әр күнде көп 
ортасындағы бала сияқтандырып әкетіп бара жатты. 
Бірер орыс кітап тапқызып алып, бұны оқыта да бастады. Бірақ жасынан әке-шешеден 
ішкі сыры бөлек болып өскен момын бала көп сөйлеп, ашылмайды. Қабағын шытынып, 
томсарып, сезгені мен білгенін ішіне ғана іркіп жия бергендей болады. Көп уақыт үндемей 
отырып-отырып келіп, себепсіз жылайды. Қағазға көп қадалады. Кейде кітапқа қарап отырып 
ауыр күрсініп қояды. Тығынып-тығынып өсіп келе жатқан қара бала басына ерте бастан күн 
туғанын сезеді. 
Тағдыр құрығы мойнына ерте түскеніне ішінен қарсылық, наразылық жияды. Сол 
күрсіндіріп, жылатады. "Әкесін болыс аулына ұстап әкеліпті", — деген хабарды шешесі 
жылап, шошынып тұрып: 
— Сорлы, әкеңді өлтіріп жатыр, сорлы! — дегенде, бұны жан ұшырып болыстікіне әкеп 
еді. Содан бері көз алдынан әкесін жабыла сабаған, долданып құтырған Қоқыштар, 
Сәрсендер, жуан-жуан Жаныс киімді, боқтығы күшті үлкендер кетпейді. Солардың бұның 
әкесінің басына айқыш-ұйқыш тигізген қамшылары, таяқтары көзіне елестейді. Бетінен қаны 
сорғалап, сұп-сұр боп дірілдеп тұрған әкесін көреді. Сол сурет денесін мұздатып 
қалтыратқандай болады. Алғашқы күндер ылғи түсінен шошынып оянып жүрді. 
Соңғы бірнеше түн ұйқысырап, ашуланып, сөйлеп-сөйлеп келіп, өкіріп жылап оянатынды 
тапты. 
Бақтығұл баласына қарап үндемей томсарып отырып, көп-көп уақыттар ойланып келіп, 
бір күні кешке: 
— Құралжан, бері келші, — деп шақырып алып, бетінен иіскеп: 
— Қалқатайым, оқу оқы. Ала қағаздан басыңды алма. Сені бірдемеге жеткізсе, сол 
жеткізеді. Әйтпесе, көремісің, міне, менің не болғанымды? Мен жаман, тентек болдым. Мен 
істегенді істеме, — дегенде, бала тағы да жылап жіберіп: 
— Қашан?! Сен емессің! Саған тиген олар!!. — деп, содан ары тығылып сөйлей алмады. 
— Оқысаң, соның бәрінен сен асылсың. Маған тигендей саған тие алмайтын болады. 
Көзің ашылады. Апаңның да, інішектеріңнің де көзін ашасың. Барыңды ала қағазға сал! 
Менде осыдан ары саған айтар ақыл да, өнер де жоқ. Арғысын, зейінің бар, өзің табасың. 
Осынымды ғана жадыңнан шығарма. Ойлап-ойлап келіп, саған тапқан бар ақылым — осы, — 
деді де, тағы да бетінен сүйіп, құшақтап отырды. 
Абақтыға келгеннен бері Құралға әке болып жанасып, аялағаны сол еді. Бұл арада көзінен 
жас тамып кетті де, артынан тез ғана бойын жиып алып, қайтадан қайратқа мініп: "Бар енді, 
қағазыңа бар", — деп, Құралды қасынан итеріңкіреп сырғытып жіберді. 
Бұрынғыдан өз көңіліне өз бетімен жиылып жүрген шолақ-шолақ мұңлы ойлардың үстіне 
бүгінгі әкесінің сөзі үлкен жарық тауып бергендей болды. Ішінде намыс пен кек түйіні 


сияқты бір наразылық, қарсылық түйіні шиеленіп байланысып алып, бала барынша 
ықыласымен оқуға беріліп кетті. 
Оқуға ұғымды, ерекше талапты, момын қара бала болашақ заманның белгісіз бір 
жарығына қатты сенген көңілмен алдағы күннің азаматы болмаққа қадам басып, күн санап ер 
жетіп келе жатты. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет