Ауырмаған адам медициналық маска кимегені жөн Бүгінгі таңда көптеген адам тұмаумен немесе басқа да вирустық аурумен ауырмаса да, медициналық маска киіп жүруді әдетке айналдырып отыр. Бұлай жасамаған дұрыс. Себебі, адам маска кигенде дұрыс тыныс алмайды. Екіншіден, адам медициналық маскаға үйреніп алса, кейін суыққа шыққанда мұрын қабықтары тітіркене бастайды. Осының салдарынан ол өмір бойы маска киіп жүруге мәжбүр болады. Әрине, егер адамның өзі ауырып тұрса, онда міндетті түрде маска кигені жөн. Бұл аурудың айналадағыларға жұғу пайызын төмендетеді.
С дәрумені Бұл дәрумен цитрусты жеміс-жидек құрамында болады және дәріханаларда таблетка түрінде сатылады. Олардың екеуі де бірдей пайдалы. Кейде цитрустық жеміс-жидектер адамның басқа бір ауруын өршітіп жіберуі мүмкін. Мысалы, артритті алайық. Мұндайда аталған жеміс түрлерін мүлдем пайдалануға болмайды. Осындай кезде дәріханадан таблетка түріндегі дәруменді алып ішкен жөн.
Қимыл-қозғалыста болу Адам үнемі қозғалыста болып, спортпен тұрақты түрде шұғылданса, қан айналым қызметі жақсара түседі. Мұндайда адамның иммунитеті жоғарылап, кез келген ауруға төтеп беретін қасиетке ие болады. Көп қозғала бермейтін адамдардың вирустық ауруға шалдығу қаупі жоғары болатыны осыдан.
Сұйықтық көп ішу Тұмауратқан кезде ғана емес, кез келген уақытта сұйықтықты мүмкіндігінше көбірек ішу қажет. Дененің сыртқы бөлігін қалай таза ұстасақ, оның ішкі бөлігін де дәл солай жуып-шәйіп отыру маңызды. Су өздеріңіз білетіндей токсиндерді сыртқа шығарып отыруға көмектеседі. Тұмау кезінде де сұйықтықты әдеттегі мөлшерден көбірек ішу қажет.
Төсек-орын бұйымдарын аптасына бір рет ауыстыру Кез келген толық қалыптасқан адам төсек орын бұйымдарын тұрақты түрде аптасына бір рет ауыстырып отыруға міндетті. Бұл вирустық аурулардан сақтанудың ғана емес, гигиенаның бір бөлігі. Осылай жасап отыратын болсаңыз, кез келген ауру сізді айналып өтетін болады.
Бөлмені тазартып отыру Үй ішінде вирустық инфекциялар таралса да, таралмаса да, бөлмедегі ауаны күніне бір рет алмастырып отырған жөн. Бұл қарапайым терезені ашу арқылы жүзеге асады.
Тамақ жұтқызбай ауырғанда Мұндайда қайнаған сүтке сары май мен бал араластырып ішкен жөн. Бұл қоспа вирусты жойып қана қоймай, иммунитетті нығайта түседі. Әрі жылдам әсер етіп, тамақты бірден ашады.
Зиянды әдеттерден арылу Шылым шегу, ішімдік ішу деген секілді зиянды әдеттердің ағзаға кері әсері мол. Ал тұмауратқанда, қандай да бір вирустық ауруға шалдыққанда, олардың әсері екі еселене түседі. Әдетте вирустық ауруға шалдыққан кезде бірінші тін қабығы бұзылады. Яғни шылымның түтіні осы тін қабығын зақымдап, кейін адам ауруға тез шалдығатын болады. Ал шарап өз кезегінде иммунитетті төмендетіп жібереді.
Д дәрумені Бұл дәрумен түрі сүйекті қатайтып қана қоймай, иммунитетті нығайтуға көмектеседі. Ол ағзада жеткілікті мөлшерде болу үшін күн астында көбірек жүру қажет. Ал Астана қаласында ауа райы суық, күн де көп шыға бермейді. Әсіресе, күз, қыс мезгілдерінде. Мұндайда Д дәруменін дәріханалардан сатып алуға емесе белгілі бір тағамдарды тұтыну арқылы алуға болады.