Қазақ әдебиеті сынының тарихы
1-СӨЖ. «Қазақ» газеті бетіндегі әдеби сын
Сын, сын тарихы және оны дәуірлеу мәселелері қазақ ғалымдары тарапынан біршама қарастырылған. Ол негізінен, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге қатысты айтылған. Алайда бұл салада жүйелі зерттеулер мен өз бағыты айқындалған ізденістер бірден көріне қоймады. Бұл бір жағынан заңды да. Себебі кәсіби сынның қанаты қатайып, қалыптасып, кемелденбей жатып, оның тарихын дәуірлеу мәселесінің көтерілмейтіндігі, көтерілген күнде де нақты шешімін таба алмайтындығы мәлім. Ал қазақ әдеби сынының алғашқы нышандары сонау ауыз әдебиетінде көрініс бергенімен, шын мәніндегі сынның жалпы жұртшылыққа жол тартуы мерзімді баспасөзге байланысты болды. Осы кезеңде сынның жанрлық тұрғыдан жіктелу, кәсіби сипатының анықталуы, кәсіби сыншылардың бой көрсету процесі жүріп, шыңдап қалыптасып дамуға бет бұрды. Көркем әдебиеттің асылы мен жасығын таразылар, адал бағасын берер сыншылар пайда бола бастады.
Бұл орайда ақын-жазушы, қаламгерлеріміздің кәсіби сынның өрісін кеңейтуге қосқан үлесі ерекше. Әрине мұнда ауыз толтырып айтар ардақты есімдер қатарында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, С.Торайғыров, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Жолдыбаев, Е.Бекенов, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов және т.б. сап түзейтіндігі белгілі. Бұлардың әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымының қалыптасуына қосқан үлестері мол. Алайда сол кезеңдегі сынға, сын тарихына қатысты айтылған ой-пікірлердің көпшілігі кеңестік идеология талап-тілегімен жымдаса беріліп жатты. Солай бола тұрса да, олардың ішінде осы кезге дейін де өз маңызын жоймаған құнды ойлар бар. Бұл кезде сын және зерттеу мақалаларда маркстік-лениндік әдіснама талаптарына сай социалистік реализм көбірек сөз болды.
30-жылдары әдебиет сыны саласында аянбай еңбек еткендердің бірі сыншы Е.Ысмайыловтың, Қазақстан Жазушылар Одағының 1937 жылы мамыр айында сын туралы арнайы пленумы өтті. М.Қаратаевтың “Қазақ әдебиетіндегі сынның міндеттері” деген баяндамасы, 1939 жылы маусым айында өткен Қазақстан жазушыларының ІІ съезінде жазушы Ғ.Мүсірепов сынның жай-күйі туралы баяндамасы және М.Әуезов әдебиеттану ғылымы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы жайында мынадай ой тұжырымдары ерекше әдеби сын тарихында орын алады.
М.Әуезов әдебиеттану ғылымы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы жайында мынадай ой тұжырымдарын ұсынады: “Қазақ халқының мәдениет тарихында әдебиеттану ғылымының тарихы әзір қысқа. Бұл жас ғылым. Ол әдебиеттік сын. “Қазақ әдебиетінің теориясы”, “Қазақ әдебиетінің тарихы” деген салаларға бөлініп, енді ғана дамып келеді. Қазақтағы әдебиеттану ғылымы құралғанда, ол өзінің алғаш туысымен, бүгінгі жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын жинағанда — түгелімен, толық мағынасында, социалистік Ұлы Октябрь революциясының жемісі болады. Октябрьден бұрынғы қазақ тарихында біз бұл жөнінде, “өскен ғылым” дерлік мардымды мұралар алғанымыз жоқ.
Сынның тарихына және бүгінгі мәселелеріне қатысты ойлар “Қазақ әдебиеті” газеті жарық көргеннен кейін молайып, ақын-жазушылар, сыншылар арасындағы пікірталасты қыздырып жіберді. С.Мұқанов “қазақ сыны Шоқаннан басталады” деген пікір айтты. Ғ.Мүсірепов сынның үш түрін бөліп көрсетті.
Бұдан кейінгі кезеңдерде де бұл мәселе ұдайы көтеріліп, қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасуы туралы ғалым-сыншыларымыз әртүрлі пікірлерді ортаға салған. М.Қаратаев “Қазақ әдебиетінде сынның белгілі орын алуға ұмтылуы тек кеңес өкіметі тұсында, айналасы осы 10-15 жылдың ішінде. Қазанға дейін бізде сын атаулының болмауы тіпті заңды нәрсе” — десе, ғалым Е.Ысмайылов “Біздегі әдебиет сыны мен әдебиет тану ғылымы тек совет дәуірінің жемісі, бұрын сыншылдық, әдебиетшілік дәстүрі мүлде жоқ, тыңнан туып жасалған” — деп тар шеңберден шыр айналып, тереңнен қазбаған. Оған белгілі дәрежеде үстем көзқарас, яғни орыс елінің тарихынан асып түсер, ерте пайда болар құбылыстар болмауы керек дегенді қызыл сөзбен тұмшалаудың салдары себепші болғанын жоққа шығармау керек. Алайда 60-жылдардағы “жылымықта” жаңаша толғаулар айтыла бастады. Соның нәтижесінде ғалым Т.Кәкішұлы сынның қайнар көзі ауыз әдебиетінде жатқанын айтып, оның қанаттануын Шоқаннан, Ыбырайдан, Абайдан таратқан. “Оянған ойға кең өріс” еңбегінде әдебиет сынының қалыптасып, дамуы баспасөз арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп көрсетеді. Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайы, көкейтесті мәселелері, арман-тілегі, мұң-мұқтажы халық өмірінің айнасы болып табылатын — баспасөз арқылы көрініс беретінін дәлелдей бастады.
Бірқатар жас сыншылардың сын кітаптары жарық көрді. К.Керейқұлов, Қ.Ергөбеков, А.Нағметов, Т.Мәмесейітов, Б.Майтанов, Б.Ыбырайымов, Б.Сарбалаев т.б. өз кітаптарын соңғы жылдардағы әдеби процесті қарастыруға арнай отырып, ондағы жанрлардың баюын, тақырыптық өрісінің кеңеюін, көркемдік ізденістердің молаюын талдап көрсетуде білімділік танытты.
Бұлардан басқа өздерінің күнделікті баспасөз бетіндегі сын мақалаларымен әдеби сынымыздың дамуы мен тереңдеуіне ойлы пікір қосып жүрген авторлардың саны да көбейді. Олардың қатарында Ш.Елеукенов, З.Серікқалиев, Х.Садықов, С.Жұмабеков т.б. есімдерін атау орынды. Бұлардың бәрі де қазақ әдебиеттану ғылымының бар саласында жемісті еңбек етіп жүрген — сыншы-ғалымдар.
Әдеби сынның даму арнасы-баспасөз,Сондықтанда сынның дамуы баспасөздің дамуына тікелей байланысты.19 ғ2 ші жартысында қазақ даласында баспасөздің тууы шын мәніндегі жазба әдеби сынның пайда болуына тікелей қолайлы жағдай туғыздыӘдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар 19 ғ соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уалаяты газеті» «Дала уалаяты газеті» беттерінде көрінді.Қазақ баспасөздерінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды. «Түркістан уалаяты газеті» алғаш Ташкентте шығып тұрған «Түркістанские ведмости» газетіне қосымшасы ретінде кейіннен жеке бөлініп айына екі рет қазақша жарық көріп ұрды.Газет бетінде қазақ халқының тұрмыс тіршілігі туралы түрлі тақырыптағы мақалалармен қатар әдебиетке тілге байланысты бірсыпыра материялдар жарияланды.Сөйтіп қазақ баспасөзінің тұңғышы болып саналатын «Түркістан уалаяты газеті» беттерінде қазақ ауыз әдебиетіне әдеби тілге жекелеген ақындарға қатысты материалдар алғаш рет тасқа басылып оқырман қауыма жолданды.
Қазақ газеті (1913-1918жж) А.Байтұрсыновтың редакторлығымен Орынборда шығып тұрған.Газет туралы М,Ауезов «Қазақтың еңкейген кәрі,еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп өлім ұйқысынан оятып,жансыз денесіне қан жүгіртіп,күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған,етек жеңін жиғызған «Қазақ газеті» болатын»-деп жазған болатын.
Ал, қазақ әдеби сынының атасы атанған Ә.Бөкейханның әдеби-сын мақалалары туралы ойлағанымызда,біздің көзімізге ең алдымен шалынатыны - Әлиханның “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” мақаласы. Мақала Ташкент қаласы , “Туркестанские ведомости” газетінің 1899 жылғы 9.20.05-03.06. [2, 465-бет].нөмерлеріне “Туземец” деген Әлиханның әдеби бүркеншік есімі арқылы “Женщина по киргизской былине “Кобыланды” деген атаумен орыс тілінде жарық көрген.
Әлихан өзінің батырлар эпосындағы әйелдер бейнесін саралайтын бұл мақаласында, қазақтың бай ауыз әдебиетіне, олардың халық өміріндегі алатын орнын айта келіп, бірден-бір жарқын мысал ретінде "Қобыланды" жырына тоқталады. Автордың айтқысы келген негізгі ойы, жырдағы әйелдер бейнесі арқылы сол дәуірдегі қазақ халқының бойындағы ісләм мен ескіден келе жатқан "тәңіршілдік" белгілерді салыстыра отырып, ісләм дінін қабылдаса да, "тәңіршілдіктен" арыла алмай келе жатқан қазақ халқының діни сеніміне талдау жасауды мақсат етеді.
Ә. Бөкейхан: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Қазақтардың (түпнұсқада “киргиз”- деп жазылған.Н.М.) мұсылмандықты қабылдаған дәуірінде туған бұл жырдың өн-бойында “тәңіршілдік” белгі молынан сақталғанымен, қазақтардың мұсылман дінін қабылдауының толық елесін бере алады. Жырда қазақ халқының бойындағы қос сенім бірге көрінгенімен, “тәңіршілдік” сенімнің ақтық демі көрініс береді”[2, 319-бет], -деп жазды.
Автор “Қобыланды” жыры арқылы қазақ халқының бойындағы “тәңіршілдік” пен ісләм діні қатар өмір сүріп жатқан кезде “тәңіршіл” қазақ әйелінің мұсылманға қалай айналғанын және “мұсылман қазақтың” “тәңіршіл” әйелге деген көзқарасын талдайды.
Жырда бес әйелдің бейнесі суреттелген. Сол бесеудің бірі Қобыландының шешесі - Аналық.
Діни сенімі бойынша мұсылман Аналық сырт көзге өте бақытты әйел. Өйткені Аналық - бүкіл халқы сыйлаған байдың бәйбішесі. Ол бәйбіше ретінде күйеуімен қатар ел ісіне араласуға толық құқылы. Бойында “тәңіршілдік” сенімі басым Аналықтың күйеуі Тоқтарбай балалары болмаса да, жары Аналықты шын сүйгендіктен тоқал алуға жан-тәнімен қарсы.
Перзенті жоқ Аналықтың “тәңіршіл” күйеуі көп әйел алуға қарсы болса, мұсылман сеніміндегі Аналық, бәйбіше бола тұра күйеуінің ісіне араласпайды. Балалары болмағандықтан және көп әйел алуға болатын мұсылман заңы бойынша ол ерін тоқал алуға үгіттейді.
Өз еңбегінде автор жырдағы Аналық пен оның ері Тоқтарбайдың діни сенімі мен мінездерін саралай келе, сол замандағы қазақ халқының “тәңіршілдік” пен ісләм сынды қос сенім-нанымды қатар ұстанғанына және осы ұстанымы қазақты қарама-қайшылықты психологияға душар ететініне назар аударады.
Жырда Аналық пен Тоқтарбай тәңірден жалбарына перзент сұрайды. Әулиелерді аралаған зары арқасында, әулие Баба Түкті Шашты Әзиз түсіне кіріп, ерлі-зайыптыларда бір ұл, бір қыз бала болатынын айта отырып, болашақ перзенттерінің есімдеріне дейін атайды.
Айта кететін бір мәселе, “тәңір” мен “тәңіршілдік” бір ұғым емес. Жалғыз “Тәңірге” ғана табынып, наным-сенімдері “бір құдайлыққа” ерте жеткен түркілер мұсылман түсінігіндегі жаратушы “бір Алланы”, өздері табынатын “ұлы Тәңір” ретінде жылдам қабылдады. Сондықтан да болар, түркілер түсінігіндегі “Алла” мен “Тәңір” есімдері ғана бөлек ұлы жаратушы. Мұсылманның қасиетті кітабы “Құран-Кәрімде” айтылғандай Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Ісләм дінін қабылдағаннан кейін де түркілер “Тәңірді” Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі ретінде көбірек қолданып, молынан пайдаланды. Жырдағы Аналық пен Тоқтарбайдың “Тәңірден” перзент тілеуін, “Алладан” перзент тілеуі деп түсінуіміз керек. Себебі, түркілер үшін “Алла” мен “Тәңір”- есімдері ғана бөлек, бір бейнедегі ұлы жаратушы.
Әулиеге құрбандық шалып, әулиеден-әулие аралап, бір перзент тілеген Аналық пен Тоқтарбайдың бойындағы қос сенім “тәңіршілдік” пен “мұсылмандық” белгі жырда анық байқалады.
Бір Аллаға ғана сеніп сыйыну мұсылмандық шарт болса, әулие аралап, аруақтарға сыйыну ол – тәңіршілдіктің белгісі. Жырда Тоқтарбай мен Аналық Аллаға көп сыйына ма, жоқ әлде әулиелерге ме? Менің ойымша, екеуіне де қабат сыйынып, бірге табынған. Бұл көрініс – сол кезеңдегі қазақ халқының бойында бірге өрістеген қос сенімге толық дәлел болса керек.
Тарихи–диалектикалық тұрғыдан келгенде жаңа дінді қабылдаған кез келген халық, өзінің ғасырлар бойы сенген бұрынғы ескі діни нанымынан бір күнде қол үзіп кетуі мүмкін емес.
Бұдан екі-үш ғасыр бұрын өмір сүрген ата-бабамызды былай қойғанда, дәл бүгінгі XXI ғасырда өмір сүріп отырған қазіргі заман қазағының бойында да жаңа туған айға сәлем салу, жаңа түскен келінді үйге оң аяқпен кіргізіп, отқа май құю секілді “тәңіршілдік” нанымның көптеген элементтері күні бүгінге дейін сақталып қалған.
Әлиханның ғылыми зерттеуімен бірге “Қобыланды” жырының түпнұсқасын қатар оқып, салыстырған кезімізде көзіміз анық жеткен бір мәселе – эпостағы оқиғалар XVII ғасырда, қазақ халқының бойында мұсылманшылық сенімнің қуаты өрістеп, ислам дінінің басымдылыққа ие болып келе жатқанын анық байқаймыз және жырдың сюжеті мен суреттелетін оқиғаларына қарай отырып, “тәңіршілдік” сенімнің ақтық деміне куә болғандай боламыз.
“Қобыланды” жырында батырдың жары Құртқаның шешесі Көктен кемпір ислам дінінің күшін анық мойындап, қызы Құртқаны мұсылманның батыр жігіті Қобыландыға қалыңдыққа береді. “Тәңіршіл” Көктен кемпірдің бейнесі айқын басымдылыққа енді ие болып келе жатқан мұсылман дінін ашық түрде емес, көзге көрінер-көрінбес штрихтар арқылы “жарнамалаушы” бейне. Себебі ол қызы Құртқаны Қобыландыға тек қана батырлығы үшін ғана емес, оның ұстанған мұсылман дінінің күшті болғаны үшін де күйеуге береді.
Міне, осылай жырдағы оқиға мазмұнын “діни уағыз тақырыбына” жүйелі қиюластырған жыршының “тәңіршіл” Көктен кемпірдің бейнесі арқылы мұсылман дінін көкке көтере насихаттайтынын байқасақ, жырдағы әйел бейнесін саралап отырған ғалым Түземец – Әлиханның байқалар-байқалмас, ақырын болса-дағы халқының көне діни нанымы – тәңіршілдікке бүйрегі бұрып тұрғанын аңғару қиын емес.
«Қобыланды» жырындағы Құртқа сол кездегі қазақтың өн-бойы мен салт-дәстүріне енді сіңе бастаған мұсылман дінінің арқасында өзгеріске ұшыраған “тәңіршіл” қыз ретінде сипатталады немесе Әлиханның өз тілімен айтқанда: «ісләм түбегейлі өзгерткен қыз» (түпнұсқасында “преобразованная исламом дочь”). Алайда жырда Құртқаның бойында алдын-ала не болатынын болжап білу, көріпкелдік секілді “тәңіршілдік” белгі мол. Әйелді адам деп есептемейтін “мұсылман” Қобыланды әйелі Құртқамен ақылдаспай “өзім білемге» салса болғаны, Қобыланды мен оның елі міндетті түрде бір бақытсыздыққа ұшырайды. Міне, осыдан-ақ жыршының да бүйрегі мұсылманшылықтан гөрі, “тәңіршілдікке” қарай бұрылып отырғанын оқушы анық байқайды.
Бас кейіпкер қыздың “Құртқа” деген есімінің өзі де “тәңіршілдік” дәуірдің мұрасы. Себебі “Құртқа” - көне түркі тілінде “аналық қасқыр” деген мағынаны білдіреді. Ал қасқыр - ерте түркілік түсінікте тотемдік белгіге ие қасиетті аң. Сондықтан да “тәңіршіл” түркілер қасқырды қасиет тұтып, оған табынған. Жырда ісләм арқылы көзқарасы өзгеріске ұшыраған “тәңіршіл” қыз Құртқаның сенімі емес, көзқарасы ғана мұсылман. Жырдың түпнұсқасында Құртқаның мұсылманшылығын жыршы тереңнен жырлап сөз етпейді.
Жырдағы әйелдер бейнесін зерттеуші Әлихан Құртқаның көзқарасын ісләмның қалай өзгерткеніне тоқталып, талдамайды. Оның есесіне зерттеуші: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Ісләм дініне еріксіз жол берген халықтың өзінің ескі наным-сеніміне деген терең сүйіспеншілігі жырда айқын суреттеледі”, - деп, [2, 319-бет] жазады.
Жырда суреттелетін тағы да бір әйел – Қобыландының қарындасы Қарлығаш. Әлиханның зерттеуі бойынша, Қарлығаш таза мұсылманша тәлім-тәрбиесімен бойжеткен қыз. Ол – өз шешесі мұсылман әйелі Аналықтың заңды жалғасы. Қобыланды да, Қарлығаш та Аналық пен Тоқтарбайдың құдайдан тілеп, әулие аралап сұрап алған перзенттері. Бірақ шариғат заңдарын өз білгенінше қатаң ұстанған ата-анасы Қарлығаштан Қобыландыны анағұрлым биік қояды. Себебі, Қобыланды – ұрпақ жалғасы, шаңырақ иесі, ұл бала.
Ал мұсылман түсінігі бойынша жат жұрт үшін жаратылған қыз бала, ол қанша жерден ақылды, данышпан болмасын, еркектен соғұрлым кейін тұратын “бақыр басты” әйел. Сондықтан болар, Қарлығаштың дүниеге келуіне тіпті ешкім қуанбайды. Ата-ананың бар тілеуі ұл бала Қобыланды болып, Қарлығаштың бар-жоғы да елеусіз.
Қарлығаш өз отбасында адами хұқықтың бәрінен ада, таза ісләм тәрбиесіндегі қыз бала болып өседі. Өсе келе ата-анасы секілді отбасындағы ер бала Қобыландының тілеуін тілейді. Кейіннен Қарлығаш ағасы Қобыландының шешімімен оның досы Орақ батырға ұзатылып, өз анасы Аналықтың өмірін қайталағандай болады.
Жырдағы Қарлығаш бейнесі, адам ретінде ешқандай хұқығы жоқ мұсылман әйелінің шынайы бейнесі ретінде суреттелген.
Бұдан ары өз мақаласында Әлихан: (Орыс тілінен еркін аударған Н.Махан): “Бостандығы мен еркіндігінен, адамгершілігі мен адами құқықтарының бәрінен айырылып,ислам дінінің қаһарлы қылышына үнсіз мойын ұсынған, өліп бара жатқан сенімнің қайғылы хәлдегі ақылды да сұлу әйеліне, бұдан әрі тоқталуды жөн көрмедік ”, - деп [2, 324-бет] жазады.
Басы ашық тағы бір мәселе бар. Ол, кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, автор бұл жерде жалпы мұсылман әйелдері туралы жазып отырған жоқ. Автор мұсылман әйелдердің жеке тұлға ретіндегі адами құқығын өте жақсы білген. Оған бірден-бір дәлел: Әлихан Бөкейханның 1914 жылы “Қазақ” газетінде Ғали хан деген лақап атымен жариялаған “Мұсылман сиезі” атты мақалалар топтамасы [ Ғали хан. Мұсылман сиезі. Орынбор: «Қазақ» газеті, 1914, №№ 69-70, 72, 85-90, 92]. Автор өз мақаласында мұсылман әйелдің отбасындағы құқығы мен міндеті, әйелдің мүлік және некеге отыру құқығы туралы Құран Кәрімдегі аяттар мен сүрелерді мысалға келтіре отырып, өзінің пікірін Құран сүрелері арқылы дәлелдеп шығады. Автор “Қобыланды жырындағы әйелдер бейнесі” атты өз мақаласында шала сауатты әрі надан дін ұстаздары басшылық ететін XVII ғасырдағы қазақ қоғамындағы құқы мен еркіндігі тапталған мұсылман әйелдерінің тағдырын ғана жазып отыр.
Мүмкін, өз алдына жеке үлкен тақырып болғандықтан болар, қазақ қоғамындағы әйелдің құқығы мен еркіндігінің тапталуы және діни сауатының шала әрі төмен болу себептеріне Ә. Бөкейхан өз зерттеу еңбегінде тоқталмайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
Әуезов. М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, "Санат" - 1997
Бөкейхан. Ә. Таңдамалы. Алматы, "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы - 1995
Бөкейхан.Ә.Шығармалары. VIII том.Астана, “Сарыарқа”-2016
Бөкейхан.Ә.Шығармалары. XI том.Астана , “Сарыарқа”- 2016
Бөкейхан.Ә.Шығармалары X том. Астана “Сарыарқа” -2016
Байтұрсынұлы.А.Маса.Алматы. “Раритет”-2005
Мырзахметұлы.М. Абайтану. Астана, "Interactiv Kazakhstan" - 2014
Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. II том. Алматы, "Ғылым" – 1997
Қабдолов.З. Сөз өнері.Алматы, “Мектеп”-1976
Құнанбаев.А. Шығармалар жинағы. I том. Алматы, "Жазушы" – 1986
Ісімақова.А.Алаш әдебиеттануы.Алматы, “Мектеп”-2009
Достарыңызбен бөлісу: |