Пайдаланған әдебиеттер тізімі.......................................................................25
Кіріспе 20-шы жылдардың басында қабылданған жаңа экономикалық саясат бойынша шаруаларды ұжымдастыру, халықтың материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру сияқты күрделі мәселелер шешіледі деп есептелінді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік қысым күшімен емес, экономикалық тиімділік шарттарын сөзсіз орындау арқылы жүзеге асатын шаралар ретінде қаралды. Жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдардағы тәжірибесі оның мүмкін екенін дәйектеп берді.
Алайда, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңа экономикалық саясат негізінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді. Басты міндет — ең зәру көкейкесті мақсат индустрияландыруды қызу қарқынмен жүргізу деп жар салынды. Индустрияландыру қам-қарекетін қамтамасыз ететін қорды жинауды шаруалар қауымын тікелей және жанамалап экспроприяциялау есебінен жүргізу көзделді. Атап айтқанда, бұл мақсат мемлекеттендірілген колхоз жүйесін жасау, яғни шаруаларды ұжымдастыруды жаппай өткізу арқылы іске асырылды. Сөйтіп, 20-шы жылдардың аяқ шенінде бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды. Бұл шараның іске асырылуына шаруалардың тілегі мен ықыласы себеп болған жоқ, ол жоғарыдан берілген әмір, нұсқаулар негізінде жүргізілді. Қазақстанда колхоздастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді. Шаруаларды күштеп ұжымдастырудың арқасында республикада колхоздар саны қауырт өсіп 1927 жылы 1072 болса, 1928 жылы — 2354, ал 1929 жылы — 4876-ға жетті. Бұлар колхоздастыру саясатын жүргізудегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін құрылған жасанды шаруашылықтар еді. Оларды құру барысында небір сұмдык зорлыққа, күштеуге жол берілді. Ол тұста қабылданған бірнеше қаулы-қарарлардың заңдылығын тексеру барысында Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің Төралқа комиссиясының 1992 жылғы желтоқсанындағы қорытындылары жарияланды. Онда келтірілген деректер мен мағлұматтар колхоздастырудың қандай әдістермен жүргізілгені жөнінде толық түсінік береді.Колхоздастырудың 1929 жылдың орта шенінен басталғаны белгілі. Оның құлаш жаюы Сталиннің сол жылғы 7 қарашадағы «Правда» газетінде «Ұлы бетбұрыс» деп аталатын мақаласының шығуымен тұспа-тұс келді. Мұның алдында кулактарға шабуыл жөніндегі нұсқаулар негізінде Қазақстанда байлардың шаруашылықтарын тәркілеу аяқ-талған болатын. Енді жана экономикалық саясат негізінде жүргізілген шаруаларды кооперациялау ісі мемлекет бағыттап отырған күшпен ұжымдастыру шарасына орын берді. Ал, бұл шара шаруа қауымының игілігін ойлаудан тумады, тек индустрияландыру процесін қамтамасыз ету мақсатын қана көздеді. Сөйтіп, 20-30 жж. жаңа экономикалык саясатын дамыту бағыты тұйықталып тасталды. Ондаған жылдар бойына экономика мен қоғамдық саяси өмірде тек «күштеу» шарасының рухы үстемдік етті.Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қасіретті зардабын тигізді. Селодағы саясаттың ең басты шарты — әміршіл-әкімшіл террорға сүйенген экономикалық емес жарлықтар, шаруалар қауымын кооперациялау идеясын жаманатты қылып қоймай, оның пайдалы жақтарын да құртып жіберді. «Ұлы бетбұрыс» селолық құрылымдарды қатігез қаталдықпен аяусыз қиратып, қоғамның болашақта туатын проблемаларын біртіндеп әзірлей бастады.Колхоздастыру барысында жүргізілген ауыл шаруашылығы өнімдері оның ішінде астықты күштеп дайындау шаруалардың күн көрісіне, көңіл-күйіне мейілінше кері әсер еткен, оларды кеңес өкіметін жек керуге итермелеген екінші бірүлкен шара болды. Ауылдарда мал саны өсіріліп көрсетіліп, алынатын еттің, жүннің көлемі белгілі есептен асып түсті. Салғыртты орындау үшін шаруалар қыс ішінде қой қырқуға мәжбүр болды. Мұның өзі қойлардың жаппай қырылуына соқтырды. Егіспен айналыспайтын шаруашылықтардан астық талап етілді. Салғыртты орындамаған қожалықтар сотқа тартылды. 1928-1929 жылдары осындай айыпқа ұшыраған 34 мың ауыл-село адамдары сотталды. Мұның өзі ауыл адамдарын қорқыту үшін де істелінді.Сталин мен Голощекин бір халықтың мәдениеті мен ұлттық шаруашылығын құрту арқылы екінші халықтың өркендеуіне ашықтан ашық жол салды. Мысалы, қазақтың малын тартып алып, ауқаттыларын тәркілеп жіберді де, бүкіл Орта Азияны отырықшыландырып, тұрақты егіс алқабына айналдырды. Немесе үшінші біреулерін қалалы жерлерге шоғырландырды. Сөйтіп, жоғары индустрияны жеделдете дамытудың салдарынан ұлттардың бір-бірімен «жақындасқаны» сондай, жойылып кетуге шақ қалды. Қазақтың тәркілеумен тартып алынған малы ірі өндіріс орындарында, «аға халықтың» қолында «бесжылдықтың» балғасы солқылдата соғылуы үшін құрбандыққа шалынған болса, ал қазақтардың өзі малдан айырылған соң аштықтан қырылып қалған.