Қазақтардың Ресейдің I-II мемлекеттік Дума жұмысына қатысуы



Дата29.10.2022
өлшемі29,3 Kb.
#46084

Қазақтардың Ресейдің I-II Мемлекеттік Дума жұмысына қатысуы


Қазақтардың саяси сана-сезімінің елеулі түрде өскенін қазақ зиялы қауым көшбасшыларының Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуынан көруге болады. 1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты. 1906 жылдың 27 сәуірінде ашылған Мемлекеттік думаның бірінші шақырылымына түркі-мұсылман халықтарынан 22 депутат қатысты. Думада партиялық фракциялар, ұлттық-аймақтық топтар және т.б. түрдегі депуттардың бірлестіктері пайда болды. Соның ішінде этнотерриториялық, этноконфессиялық негізде Мұсылман фракциясы құрылады. Қазақ депутаттары екі Думада да негізінен осы Мұсылман фракциясына мүшелікке өтіп, түркі-мұсылман халықтарынан сайланған басқа да көрнекті қайраткерлермен бірге қажырлы қызмет жасайды. Бірінші Мемлекеттік Думаға депутаттарды сайлау жұмыстары 1906 жылдың ақпан-наурыз айларында жүргізілгенімен, қазақ даласындағы сайлау кешіктіріліп өткізілді. Оның үстіне Дала облыстары мен Түркістан өлкесіндегі тұрғындар үшін Жалпы сайлау заңдарынан бөлек Ерекше ережелер шығарылып, аталған аймақтағы халықтың сайлауға түсу мүмкіндіктері шектеле бастады. Соның әсерінен, жергілікті мыңдаған тұрғындары бар әр облыстан тек бір-бір депутаттан сайланады. Қазақ халқының арасында депутаттыққа сайлау жұмыстарыныңөткізілуін Ә. Бөкейханов өз естелігінде сынға алған болатын. Ол барлық қазақ даласындағы сайлаулардың ең соңғы уақытқа қалдырылып, тіпті Жетісу облысындағы сайлаудың Бірінші Мемлекеттік Думаның таратылу күніне дейін жүргізіліп үлгерілмегендігін атап өтеді.Сонымен қатар ,Дала облыстарындағы сайлау мамыр-маусым айларында, яғни, Петербургтағы Дума өз жұмысын бастап кеткен кезде өткізіледі. Бірінші Мемлекеттік Думаға Торғай облысынан бұрынғы сот қызметкері А. Бірімжанов, Орал облысынан титулярлы кеңесші А. Қалменов, Семей облысынан Ә.Бөкейханов, Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов, Атстрахань губерниясынан Б. Құлманов пен Д. Ноян-Тұндұт сайланады. А. Бірімжанов пен А. Қалменов Думаның жұмысына қатысып үлгереді. Ал Ә. Бөкейханов Петербургқа 8-шілдеде, яғни Думаның таратылуынан бір күн бұрын келген. Ақмола облысынан сайланған депутат Ш. Қосшығұловты облыстық сайлау комиссиясы орыс тілін жетік білмейді деген желеумен ұстап, ол да Думаның жұмыстарына қатысуға үлгермей қалады. Ал Түркістан өлкесіндегі сайлау 1906 жылдың тамыз-қыркүйек айларына қалдырылған болатын. Бұл мәселелер жөнінде Мұсылман фракциясының мүшесі, Уфа губерниясынан сайланған депутат Ш. Сыртланов аграрлық комиссияның сандық құрамын талқылау кезінде сөйлеген өз сөзінде Дума жұмыстарына үлгермей қалған, немесе кешігіп жеткен депутаттардың кінәлі еместігін, өйткені көп жерлердегі сайлау уақыттарының кейінгі уақытқа қойылғандығын атап өткен болатын. Ш. Сыртлановтың айтуынша, Мемлекеттік думадағы аграрлы комиссияға 99 адамды сайлау көзделген, ал барлық Кавказ, Сібір, Түркістан өлкесі және жалпы Орта Азия өкілдеріне тек қана 8 орын қалдырылған. Қазақ депутаттары А. Бірімжанов пен А. Қалменов Петербургке 10-17 маусым аралығында келіп, Думаның жұмысына араласа бастайды. Бұл кезде Думадағы негізгі мәселелер бойынша комиссиялар құрылып қойғандықтан, аталған екі депутатат олардың қатарына енбей қалды. Сондықтан қазақ депутаттары бастапқы кезеңде өздері қатынаса алмаған Дума отырыстарының есебімен және құрылған комиссиялардың жұмыс барысымен танысады. Көп уақыт өтпей А. Бірімжанов Думаның 36-отырысында сөз сөйлеп, аграрлық комиссияның құрамына қатысты өз ойын білдірді. Ол комиссияның құрамына бекітілген 99 адамның орнына 103 немесе 104 адамды сайлауды ұсынады. Сонымен қатар, бос қалған бес орынның үшеуін немесе кем дегенде екі орынды қазақ облыстарына (Жетісу, Семей, Торғай, Орал және Бөкей ордасы) беруді сұрайды. Қазақ депутаттарын Дала облыстарындағы қоныстанушыларды орналастыру комиссияларының заңсыз әрекеттері алаңдатты. Бұл кезде Дала облыстарындағы қазақтар өз жерлерінен заңсыз түрде қуылып, олардың орнына қоныстану учаскелері қалыптаса бастаған болатын. Қазақ депутаттары бұл мәселені көтеріп, Министрлер кеңесінің төрағасына сұрау салып, оған 53 депутат қол қояды. Мұсылман депутаттары А. Бірімжанов, А. Қалменов, С. Жантөрин, А.-М. Топчибашев, Ш. Сыртланов және т.б. біріге отырып, қазақтар бұрыннан мекен етіп отырған жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтатуды талап етеді. Осылайша депутаттар Егіншілік және мемлекеттік мүлік министрлігінің заңсыз әрекеттерін қатаң сынға алады. Депутат А. Қалменов те Думаның жұмыстарына белсене араласып, өзі мүше болған фракцияның басқа да депутаттарымен бірге №18, 19 және 262 сұрау өтініштерді жасауға қатысады. Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаттары негізінен саяси реформалардың тереңделе жүргізілуін қалап, Ресейді құқықтық мемлекеттке айналдырғысы келді. Мұсылман фракциясының мүшелері Думаның басқа да депутаттары секілді аталған бағытта қызу жұмыстар жүргізді. Мұндай талаптардың орындалуына жол бергісі келмеген император Николай ІІ 1906 жылдың 6 шілдесінде Думаны тарату жөнінде манифест жариялайды. Думаға мемлекеттіліктің негіздерін әлсіретуге ұмтылып, революциялық толқуларды жандандырды деген айып тағылды. Бірінші Мемлекеттік думаның ғұмыры 72 күнге созылып, ол көптеген шиеленіске түскен мәселелерді шеше алмады. Дегенмен, Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясының құрылуы және оның жұмысы Ресейдегі түркі-мұсылман халықтары үшін маңызды оқиға болып, мұсылман қауымының белсенді өкілдері империяның саяси өміріне жаңа деңгейде араласа білді. Қазақ депутаттары санының аздығына қарамастан Думада қазақ мәселелерін көтеріп, көпщіліктің назарын Дала облыстары мен Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықты қыспаққа алған патша әкімшілігінің отарлық саясатына аудартуға тырысты. Қазақ депутаттары мүщелікке өткен Мұсылман фракциясы Мемлекеттік дума арқылы Ресей мұсылмандарын алаңдатқан мәселелерді толықтай шеше алмаса да, фракция мүшелері өз халықтарының діни-мәдени болмысын сақтап қалу, мұсылмандардың ресейлік азаматтар ретіндегі теңдікке заң жүзінде және іс жүзінде де қол жеткізу міндеттерін айқындап алды. 1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан — Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан — Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан - Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан — Әлихан Бөкейхановтар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды.
Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан — Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нүрекенов, Сырдария облысынан - Тілеулі Алдабергенұлы, Жетісу облысынан — Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан — Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан — Бақтыгерей Құлманов. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді. 1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында Екінші Мемлекекттік Думаға сайлау жүргізіліп, кезекті Дума өз жұмысын сол жылдың 20 ақпанында бастайды. Жаңа Думаға Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлов қайта сайланды. Ол бұл жолы Думаның жұмысына толыққанды қатыса алды. Ш. Қосшығұловқа 1907 жылдың 28 ақпанындағы депутаттық тұлғасын куәландыратын құжат негізінде Мемлекеттік думаның мүшелік билеті беріледі. Ш. Қосшығұловпен қатар Бірінші думаның жұмыстарына қатыса аламаған Ә. Бөкейханов та бастапқыда қайта сайлауға түсу ниетін танытады. Бірақ Ә. Бөкейхановқа қарсы өкімет тарапынан «Выборг үндеуіне» қол қойғандығы үшін бірнеше іс-шаралар қолданылып, ол сайлау жұмыстарына толық қатыса алмады. Екінші Думаға өткен Б. Құлманов та Бірінші Думаға Астрахань губерниясынан сайланып, бірақ Думаның таратылуына дейін Петербургқа келіп үлгермеген. Бұл жолы да депутат Б. Құлмановтың сайлануының дұрыстығын мойындау мәселесі Екінші Мемлекеттік думаның таратылуына байланысты Дума отырысында қарастырылмай қалды. Жетісу облысынан теміржол қатынастарының инженері М. Тынышбайұлы сайланады. Бұл кезде ол Петербургтағы темір жол институтын тәмәмдаған, жоғары білімді, 27 жастағы азамат еді.
Екінші думада қазақ депутаттарының көпшілік бөлігі мұсылман депутаттарының қатарына, ал М. Тынышбайұлы кадет фракциясына қосылды. Ал Мұсылман фракциясы «Иттифақ әл-Муслимин» партиясы бағдарламасының негізінде жасалған өзінің бағлармасын қабылдады.Екінші Дума депутаттары талқылаған басты мәселелердің бірі – жер мәселесі болды. Бұл мәселе жөнінде Мұсылман фракциясының атынан Ф. Хойский сөйледі. Ол өз мәлімдемесінде мұсылман депутаттары жер мәселесіне қатысты кадеттердің ұстанымына қосылатының білдіреді. Қрым татарларының өкілі, депутат Р. Медиев те сөз алып, патша өкіметінің шет аймақтарда жүргізіп жатқан отарлау саясатын сынайды. Қазақ депутаты Б. Қаратаев бұл кезде Дума жұмыстарына белсене араласып, бірнеше комиссиялардың, соның ішінде, корреспонденция, сұраулар бойынша комиссиялардың және аграрлық комиссияның құрамына сайланады . Ол Дала облыстарында жүргізіліп жатқан қоныстандыру саясатының шын мәнін әшкерелеп, бұл саясаттын ойластырылып жасалмағандығын алға тартқан болатын. Б. Қаратаев Сібірде және Орта Азиялық облыстардағы қоныстандыру саясаты мәселесін бастапқыда Думаның 1907 жылғы 17-сәуірінде өткен 29-отырысында көтереді. Ол аталған өңірлердегі қоныстандырудың заңсыз жүргізіліп жатқандығын атап өтті . Ал сол жылдың 16-мамырда өткен 39-отырыста Дума мінберінен қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қоныстандыру саясатын сынға алды. Ол өз сөзінде: «Қазақ халқының атынан бұл мінберден ешкім сөйлеген жоқ. Біздің елімізде әбден шиеленіске түскен аграрлық мәселені шешу үшін крестьян-шаруаларды Дала облыстарына, соның ішінде Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныстандырмақшы. Бірақ та ешкімді азиялық облыстарда шаруаларды қоныстандыру үшін бос жерлер бар ма, Дала облыстарының барлық бөліктері табиғи-тарихи, шаруашылық-статистикалық, топырақтық және климаттық тұрғыдан толық зерттелді ме деген мәселелер алаңдатпайды. Жергілікті халықтың мүддесі ескерілмей жасалған қоныстандыруды әділетті деп санауға болмайды. ...Біз, қазақ халқы, Ресейде туындаған аграрлық жер мәселесінің жақын арада шешілу керектігін жақсы түсінеміз. Біз шаруаларға, бауырларымызға жердің жетпей жатқандығын терең түсініп, сезінеміз. Егер де бізде бос жерлер табылатын болса, оны қуана бөлісуге дайынбыз. Бірақ та Дала облыстарының территориясы әлі де толық зерттелмеген. Бүгін депутат Тетеревенков жолдас Азияда үлкен жер алқаптары бар, сонда шаруаларды қоныстандыру қажет деп айтты. Бірақ, белгілі зерттеуші Щербина Дала облыстарының тек құнарлы солтүстік уездерін зерттеді, ал оңтүстік уездердегі жер жағдайы оған беймәлім. Негізінде, Дала облыстарының оңтүстік уездеріндегі жер құнарсыз, құмдақ. Мұндай жерлерге шаруаларды қоныстандыру мүмкін емес»,– деп өз ойын ашық айтқан болатын. Осы уақытта, Ақмола және Семей облыстарында жер мәселесіне байланысты қазақтар арасында толқулар болған еді. Нәтижесінде, өлкелік генерал-губернатор толқуға қатысқандарды жер аудартып жібереді. Мұндай әрекеттен кейін осы өңірдің қазақтары өздерінің өкілі, депутат Ш. Қосшығұловқа жеделхат жолдап, өздерінің құқықтарын қорғауды және бұл мәселені Мұсылман фракциясына жеткізуді өтінген. Кейін бұл мәселе фракция жиналысында қаралып, тиісті шешімдер қабылданады. Думаның күнделікті күн тәртібіндегі жұмыстарға Семей облысынан сайланған қазақ депутаты Т. Нұрекенов те қатысып отырды. Ол Семей уезі Сейтен болыстығынан сайланып, Мұсылман фракциясына мүшелікке өткен. Т. Нұрекенов жұмыссыздық мәселесі жоқ кезде , жұмыссыздарға көмек көрсетуді, қазақтарды жерсіз қалдырмауды өтінді. Т. Нұрекеновтың пікірінше, жер жоқ жерде – жұмыссыздық басым. Ал жерінен айырылған қазақтар жұмыссыздыққа ұшырайды. А. Бірімжанов 1907 жылдың 19-наурызында әскери-далалық соттарды жоюдың заң жобасын әзірлеу үшін құрылған комиссияның құрамына кіреді. Бұл комиссияға А. Бірімжановтан бөлек 15 адам сайланған.Кейін А. Бірімжанов бұдан бөлек жергілікті сот комиссияның құрамына да енеді. Патша өкіметінің отаршылдық және аграрлық саясатын көп сынаған Екінші Мемлекеттік дума 1907 жылдың 3-маусымында таратылды. Аграрлық реформаны жүзеге асыру барысында өкімет пен Дума бір шешімге келе алмады. Қорыта айтқанда, бірінші Думадағыдай, екінші шақырылмның депутаттары негізгі мәселелерді толықтай шеше алмады. Екінші Мемлекеттік дума таратылғаннан кейін Дала облыстары мен Түркістан өлкесінің тұрғындары сайлану құқығынан айырылды. Сондықтан қазақ депутаттары кейінгі екі думаның жұмысына қатыса алмады. Дегенмен олар Мұсылман фракциясы мүшелерімен байланыстарын үзбеді.Үшінші думаның жұмысы 1907 жылдың 1 қарашасында басталып, 1912 жылдың 9-маусымына дейін жалғасын тапты. Мұсылман фракциясында тек қана 8 депутат жұмыс жасады. Олар өздерінің санының аздығына қарамастан парламенттік фракцияны сақтап қалды. Сайлаушыларының құқықтарын қорғап, мұсылман қоғамындағы прогрессивті күштердің координациялық орталығына айналды. Мұсылман депутаттары өте қажырлы еңбек етті. Бірақ бұл уақытта Думаның өзі айтарлықтай саяси күшінен айырылған болатын. Төртінші Мемлекеттік дума өз жұмысын 1912 жылдың 15 қарашасында бастады.Құрылтай жиналысқа сайлаудың басталысымен соңғы Думаның қызметін Уақытша үкімет ресми түрде 1917 жылдың 6 қазандағы жарлығымен тоқтатады II Мемлекеттік Думада қазақ депутаттары кадеттермен жақындасып, мұсылмандар фракциясының тобына кірді. Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы басқа да халықтардың өкілдерімен бірге, ішкі Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару үрдісін тоқтатуды талап етті. Б. Қаратаев II Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару саясатының қазақтар үшін өте жағымсыз, ауыртпалықты болып отырғаны туралы арнайы баяндама жасады. Ол өзінің жалынды сөзінде былай деп атап көрсетті: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер: бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі ата қоныс жерлерінен ғана емес, жеке меншік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр».
Қазақ депутаттар өз халқының заңды құқығын қорғап жоғары билік орындарына бірқатар үндеулер де жазды. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаттары Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т. Нүрекенов, Ш. Қосшығұлұлы 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады».
Дума депутаттарының арасында көрнекті қоғам қайраткері Сәлімгерей Жантөренің есімі ерекше аталады. Ол Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітірген болатын. Алғашқыда судья болып қызмет етті, кейін бірнеше жыл бойы уездік және губерниялық земствоны басқарды. 1903 жылы Уфа губерниясынан Думаға мүше болып сайланды. Сәлімгерей Жантөре өзіндік ұлттық ерекшеліктері ескерілетін халық мектептерін ашу мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол Мемлекеттік Думада кеңінен танылды. Башқұрт халқының атынан депутат болып сайланса да өзінің туған халқы қазақтардың проблемаларын да ешқашан есінен шығарған емес. Шәймерден Қосшығұлұлы (1874—1937) І және II Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан екі рет сайланды. Ол өз жерлестерінің арасында өте беделді әрі құрметті азамат еді. Қазақ халқының шын мәніндегі біртуар ұлы болатын. Ш. Қосшығұлұлы өлкедегі мұсылман дінінің мүддесін қорғады. Сол үшін полиция тарапынан талай рет қуғын-сүргінге ұшырады.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс себептері, қозғаушы күштері және негізгі себептері
1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс - 1916 ж. шілде айының бас кезінде пайда болды.Көтерілістің шығу себебі әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы факторлар еді. Яғни отарлық езгінің соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясаты және т.б. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 ж. 25 маусымда армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды. Шілденің басында қазақ даласында көп кешікпей қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды: Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А.Иманов, Ә.Жанкелдин , Т.Бокин , Б. Әшекеев, Ө. Саурықов басшылық еткен ірі ошақтары пайда болды. Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтеріліске деген көзқарас бір мәнді болған жоқ: бай-феодалдардың бір бөлігі, жергілікті әкімшіліктің кейбір шенеуніктері патша жарлығын қолдап, оны орындауға шақырды. Қазақ интеллигенциясының кейбірі (Бокин, Ниязбеков, Жүнісов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, «Қазақ» газеті төңірегіндегі зиялылар (Ә.Бөкейханов , Ахмет Байтұрсынұлы , М.Дулатов және т.б.) күші басым үкіметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшыратарын ескертіп, сабыр сақтауға шақырды. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу , Торғай болды. Жетісу облысында қарулы қарсыластық шілде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. Шілденің 17 Жетісу мен Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланды. Патша үкіметі мұнда ірі әскери күштерді жібере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды.Торғай көтерілісі (басшылары А.Иманов, Ә.Жанкелдин ) 50 мыңдай адам қамтыған ірі қозғалыс болды. А. Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А. Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді.Торғай облысындағы көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 ж. көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алды. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіді. Патшалық Ресейдің XX ғасырдың басында Орта Азияның шығыс аудандарын отарлауы өте күшті қарқынмен жүргізілді. Тек 1907 – 1912 жылдары империянның еуропалық бөліктерін бұл жаққа 2 млн 400 мың адам келіп қоныстанды. Әсіресе, Қазақстанда отарлау кең ауқымда жүргізілді. Қазақтардың жерлерінде патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін жер қорын жасап, 1916 жылға дейін олардың 45 млн десятина ең шұрайлы жерлерін тартып алды, сөйтіп жергілікті халықтар таулар мен шөл далаларға ығысуға мәжбүр болды. Бұл жерлерде не су, не мал жаятын жеткілікті шабындық болмады. ХІХ ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында бұрынғы Түркістан аймағында (Хиуа мен Бұқараны қоспағанда) 941 жаңадан қоныстанған поселкелер пайда болды. Бұл кезде Түркістанда орыс посекілерінің әрбір тұрғынына 3,17 десятина егін егетін жерден келсе, жергілікті тұрғындарға (қазақ, өзбек, қырғыз, және т.б.) 0,21 десятинадан ғана жер келді. Сөйтіп, ешқандай жері жоқ қазақ–қырғыз тақыр кедейлерінің үлкен тобы құрылды. Жетісу губерниясында көшіп келген орыс кулак шаруашылықтарының 90 проценттен астамы қазақ кедейлерінің жалдамалы еңбегін пайдалнады. Қазақ жерлерін күшпен тартып алу жергілікті халықтар мен орыс–украин қоныстанушыларының арасындағы қайшылықтарды шиеленістерді, жер мәселесі жөніндегі күштеу саясаты шеткі аймақтарда да кеңінен тарады. 1914 жылы патшалық Ресей дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл Бірінші дүниежүзілік империалистік соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Қазақстанға да асар ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша чиновниктері мен жергілікті әкімдерінің және байлардың зорлық–зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан орасан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнетілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3 – 4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал азығын соғыс қажетіне алу күшейді. Осынның бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басынның азаюына әкеп соқтырды. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауыл шаруашылығының күйзелуі Қазақстан экономикасын құлдыратты. Қалалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді. Соғыс жылдары тек Түркістаннан майдандағы әскерлердің қажеті үшін 40, 899, 044 пұт мақта, 38 мың шаршы метр киіз, 3 млн пұт мақта майы, 229 мың пұт сабын, 300 мың пұт ет, 473,928 пұт балық, 70 мың жылқы, 12797 түйе күштеп алынып, майдан аймақтарына жіберілді. Қазақ шаруаларын кәсіпорындарға, кулак шаруашылықтарына жалдап жұмыс істету күшейді. Дүниежүзілік империалистік соғыс елде өнеркәсіптің қирауына, ауыл шаруашылығының тоқырауына (дағдарысына), халық арасындағы аштыққа алып келді. Жергілікті жерлерде шенеуніктер мен әкімшіліктердің зорлап алымсалық жинауы өсті, халықтар арасындағы ұлттық бөлунішілік күшейді. Қазақ даласында жалпы ұлттық дағдарыспісіп жетілді.Соғыс ауртпалығы Қазақстанда жұмысшылар мен шаруалар қозғалысының өуіне түрткі болды. 1915 жылы маусым айында Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерінде, Спасск мыс кен руднитінде, Орынбор –Ташкент темір жолында жұмысшылардың қозғалысы бой көтерді.Соғысқа қарсы, қымбатшылыққа және етек алып келе жатқан аштыққа қарсы қалалар мен деревняларда қала кедейлері мен майданға кеткен солдаттардың әйелдері ереуілге шықты. 1916 жылы қаңтар айында мұндай тоқулар Верный, Семей қалаларында болды. Орынбор облысы Ақ Бұлақ поселкесінің, Жетісу облысы Лепсі уезінің бірқатар селоларының кедейлері мен майданға кеткен әскерлердің әйелдері жергілікті саудагерлер мен көпестердің дүкендерін талқандады. Сөйтіп, қоғамдағы қанаушы таптар арасындағы қарама–қарсылық, бір–біріне қарсы шығу жалпы бұқаралық сипат алды. Жетісуда көтеріліс тарихын: 1) шілде – стихиялық наразылық көтерілістер, 2) тамыз – оның қарулы көтеріліске ұласуы, 3) қыркүйек-қазан көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады. Жетісуда ұлт-азаттық көтерілістер Жаркент уезіне қарасты Қызылбөрік, Шелек, Меркі болыстарында, Қарқара және Асы жайлауларында, Нарынқол-Шарын бөлімшесінде Верный уезіндегі Қорам, Ұзынағаш, Жайылмыс болыс­тарында, Жетісу облысына қараған Лепсі және Қапал уездерінің кейбір болыстарында болды. 1916 жылғы Жетісуда болған ірі көтерілістің бірі Қарқара аймағындағы Ереуілтөбеде блды, ол тарихта Қарқара көтерілісі деп аталады, патша үкіметінің құжаттарында Албан көтерілісі деп атайды. 5мың көтерілісшілер Қарқара жәрменкесін қоршап, Кравченконың жазалау отрядтарын талқандады. 1916жылы 9 тамызда көтеріліс біртіндеп Шу өңіріне Меркі ауданына ауысты. Көтеріліс басшысы Ақкөз батыр болды. 1916 жылы 11 тамызда Лепсі уезінде Масловтың жазалаушы отрядтары 220-ға жуық көтерілісшілерді оққа ұшырды. Жетісудағы көтеріліс басшыларының бірі Тоқаш Бокин үгіт жұмысына басшылық етіп, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді.Жетісудағы көтерілісті басуға патша үкіметі жазалау экспедициясын жіберді. Жетісу көтерілісшілері патша әскеріне табандылықпен қарсылық көрсетті, бірақ күш тең болмағандықтан жеңілді. Көтеріліс жетекшілерінің бірі Бекболат Әшекеевті 1916 жылы 9 қыркүйекте жазаушылар Боралдай асуында дарға асты. Сөйтіп, 1916 жылғы қазан айында Жетісу көтерілісі талқандалды. Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Патша өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр болды. Торғай обылысындағы көтерілістің мынадай ерекшеліктері болды. Көтеріліс оқиғаларына бір орталықтан басшылық жасалды,көтерілісшілер саны көп болды, қамтыған аумағы аса үлкен болды,көтерілісшілер қарсылығы ұзаққа созылды, көтеріліске шыққандар әскери өнерге үйретілді. Көтерілісшілерге халық батыры Амангелді Иманов, Әбдіғапар Жанбосынов пен большевик Әліби Жанкелдин басшылық етті. Торғай обылысының Торғай, Ырғыз,Ақтөбе,Қостанай уездері түгел көтерілісшілерге қосылды.Көтерілісшілер саны 50мыңға дейңн жетті. 1916жылы 21 қарашасында 13 болыс өкілдерінің құрылтайында Әбдіғапар Жанбосынов Торғай уезінің ханы болып сайланды,Амангелді Иманов бас қолбасшы сардарбек болса ,Әліби Жангелдин көтерілісшілердің рухани көсемі болды. Мерген Кейкі Көшкінбаев басқарған мергендер тобын құрды. Әбдіғапар Жанбосынов пен Амангелді Иманов әскери тәртіп орнатып оларды ондықтар,жүздіктер,мыңдықтарға бөліп әрқайсысына басшыларын тағайындады. Көтерілісшілердің әскери кеңесі құрылып арнайы тағайындалған адамдар көтерілісшілерді азық түлікпен,көлікпен, қару жарақпен қамтамасыз етті. Көтерілісшілер бақылауындағы аудандарда көтерілісшілер басқаратын азаматтық билік орнады.1916 жылы 22 қазанда Амангелді басшылығымен 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршады. Оған генерал А.Лаврентьевтің 9 мын адамдық жазалаушы тобы жіберілді. Көтерілісшілердің негізгі бөлігі Амангелдінің штабы орналасқан Батпаққара жазығы мен Аққұм құмының маңына шоғырланып, партизандық күрес әдісіне көшті. Көтерілісшілер Татырда, Ақшығанақта ,Доғал Үрпекте ,Күйікте патшаның жазалау отрядтарымен ерлікпен шайқасты. Оның ең жойқын болған жері Батпаққара ауданы, өйткені көтерілісшілер штабы осында еді. Торғайдағы көтеріліс Ақпан төңкерісіне дейін созылып жеңіліспен аяқталды. Патша әскерлері көтерілісті қаталдықпен басып-жаншыды, көптеген көтерілісшілер мен бейбіт халық қырғынға ұшырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет