ҚазақТЫҢ табиғаттанушылық Қабілетінің Қалыптасуындағы мал шаруашылығының орны



Дата07.01.2022
өлшемі24,81 Kb.
#20050

ҚАЗАҚТЫҢ ТАБИҒАТТАНУШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ОРНЫ

Налибаев К.К.

Адамның үйлесімді дамуы институты.

Ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к., аға оқытушы
Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығының түп-тамыры сонау қола дәуірінен бастап пайда болып, темір дәуірі кезінде қалыптасып, орта ғасырларда әбден орныққанын біз мектептегі «Қазақстан тарихы», «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» оқулығы материалдарынан білеміз.

Дәстүрлі мал шаруашылығы XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың басында қатты күйзеліске ұшырады. Жоңғар шапқыншылығының кесірінен қазақтың көп тайпалары жерінен ауды, малынан айырылды. Дегенмен XIX ғасырда мал шаруашылығы біршама бұрынғы қалпына келді. XIX ғасырдағы мал шаруашылығы көшпелі, жартылай көшпелі жөне отырықшы болып үш түрге бөлінеді. 1868 жылғы патша өкіметінің әкімшілік реформасынан кейін қазақтардың отырықшылыққа қарай ауысуы күшейді, егіншілік пен мал шаруашылығының үлес салмағы артты. XIX ғасырдың соңында көшпелі мал шаруашылығы, негізінен, Үстіртте, Батыс және Орталық Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Қызылқұм мен Мойынқұмда ғана біршама таза сақталды. Ал Қазақстанның көпшілік аймақтарында жартылай көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты. Мал шаруашылығының бұл түрі әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірінде кең таралды. Ал Каспий, Арал теңіздері, Балқаш, Зайсан, Алакөл, Шалқар көлдері маңында, Сыр, Шу, Іле өзендері жағалауындағы қазақтар мал өсірумен қатар балықшылықпен де, кейде егіншілікпен де айналысты. Қазақтар қой, жылқы, сиыр, ешкі, түйе өсірді [1].

Қазақтың мал шаруашылығы жыл мезгіліне тәуелді болды. Қыстау, әдетте, қары аз тауларда, өзеннің талды, ықтасын жағалауларында болады. Көктеу, әдетте, қыстаудан алыс болмайтын, қары ерте кететін, көгі ерте шығатын жерлер. Орталык, Оңтүстік Қазақстан малшылары жазда жайлауға Солтүстікке қарай көшсе, қыстаулары көбіне оңтүстік жақта болатын. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жерлерінде жаз жайлауға биік тауларға -Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Талас Алатау тауларына, Тянь-Шанға шығатын. XIX ғасырдағы мал шаруашылығында көшудің төрт түрі болды. Бірінші түрі меридиан бойымен көшу. Бұл жазда Солтүстікке қарай, ал қыста оңтүстікке қарай көшу. Көшпеліліктің бұл түрі әсіресе арқа қазақтарына тән. Олар жаз айларында салқын аймақтарды (солтүстікті) жайлап, қысқа карай жылы оңтүстікке қарай көшіп, сонда қыстады. Көшпеліліктің бұл түрінде малшының жылдық көшу қашықтығы 1000 шақырымға дейін баратын.

Көшпеліліктің екінші түрі - тік көшу. Бұл - жазда биік таулы жайлауға көшіп, қыс ойға түсу, немесе таудың етек жағындағы аса биік емес қара тауларды қыстау. Әдетте, көшудің бұл түрі аса қашық емес, әрі кетсе сол 50-100 шақырым.

XIX ғасырдың соңында көшпелі шаруашылықтардың отырықшылыққа ойысуына байланысты солтүстік-батыс, солтүстік аудандарда 10-50 шақырым мөлшерінде ендікпен (шығыс-батыс) көшетін көшпелілік пайда болды. Бұл көшпелі шаруашылықтардың үшінші түрі.

Шөлді аймақтарда, әсіресе Қызылқұм, Үстірт, т.б. суы тапшы жерлерде мал тіршілігі су көздерімен (құдық, көл) байланысты болды. Сондықтан бұл жерлерде су көзін айнала көшіп, өріс ауыстырып отырды. Бұл көшудің төртінші түрі еді. Мұндай жағдайдағы көшу қашықтығы 10-50 шақырымнан аспады[2].

Қазақтың мал шаруашылығы экстенсивті еді. Ол көбіне табиғаттың климат өзгерістеріне тәуелді болды. Мал азығын қысқа жеткілікті дайындай алмаған қазақтың көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығы араға оншақты жылдар салып кайталап отыратын жұттан қатты зардап шегіп, мал саны күрт азайып кететін. Дегенмен қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптасқан мал бағу тәжірибесінің нәтижесінде жұттан, әр түрлі малға келетін індеттерден сақтану жолдарын жақсы білді. Мал тұқымын үздіксіз асылдандырып отыру қазақтың мал шаруашылығының ғасырлар бойғы тәжірибесіне негізделген.

Қысқы, жайылымды дұрыс пайдалану үшін қыстау төңірегіндегі жерді бірнеше алаңға бөліп, ең алдымен қыстаудан алыстағы өрістерді пайдаланып, жақын жайылым қыстың соңына қалдырылады. Өйткені қыс аяғында аналық малдың іші өсіп, алыс жайылымға бара алмайды. Әсіресе, жазғытұрым малдың төлдеу кезінде жақын жердегі соңғы жайлымның орны бөлек.

Жұт жылдары қыстау маңындағы қалың қарды бұздыру үшін алдымен жылқыны түсіріп, оның бұзған жеріне ірі қара, түйе, қой түлігі салынады. Кей уақытта қар соншалықты қалың болса, ауыл адамдары түгел шығып жайылымды күрекпен аршиды. Ал жайылым мұз астында қалса, оның үстінен жылқыны ерсілі-қарсылы желдірте айдау немесе ауыр бөренені атпенен мұз үстінен домалата сүйрету арқылы мұз қабаты қиратылады. Әрине мұндай шаралар тек қыстау маңындағы жайылымда ғана мүмкін, ал жайылым ауылдан алыс болса, мұның бірі де істелмейді.

Ұрымтал жердегі қостар жайлы қыстың ашық күндері бір-бірімен қарым-қатынаста, араласып жататын. Ал қыс қатты болса, яғни үскірік аяз, түтеген боран, қалың қар немесе жер бетін мұз басса жылқышылардың оған мұршасы келмей, өзімен өзі боп кетеді. Мұндай жылдарды қазақ жұт дейді.

Революцияға дейінгі қазақ даласында сан мыңдаған жылқыларды табынымен жалмаған сұрапыл жұттар жиі қайталап, талай мың айдаған жылқылы байлар «ақ сүйек болып» жұтап қалатын.

Халық тәжірибесінде аса қатты жұт әрбір 10-12 жылда бір қайталанып, оны «қоян» (мүшел жыл атауы) жылымен байланыстыратындығы байқалады. Бұдан жұт тек қоян жылы ғана болып, басқа жылдары жұт болмайды деген тұжырым тұмауы керек. Халық есінде басқа жылдарға байланысты да жұттар ізі сақталған. Мәселен, 1911-12 жылдары доңыз жұты, 1919-20 жылдары қой жұты, 1918 жылы Баянауыл төңірегінде болған жылқы жұты, т.б. осылар сияқты жергілікті жұттардың тізімін көптеп келтіруге болады.

Мұндай ауыр жұттардың мүшелдік тәртіппен 1,5 ғасыр бойында қайталап отырғандығын мұрағат деректерінен көруге болады. Жұттың өзі әртүрлі жағдайларда болатын. Жұт кей жылдары қыстың басында қарлы жаңбыр жауып немесе қыстың ортасында не соңында кенеттен күн жылынып қар жылдам ериді де, жайлым көк соқталанады. Мұның артынан іле күн суып, қатты аяз тұрса, жер беті қалың мұз құрсауында қалып, малға тебін бермейтін. Мұндай көктайғақ мұздан тебіндегі малдың тұяғы тозып, тұяқ көбесінен қан ағып, тебіндеу былай тұрсын, жүруге де жарамай жылқы аштан өлетін.

Екінші бір жағдайда жайлым үсті-үстіне қар қалың түсіп, қалың қардың астынан шөп тауып жей алмай, әрі толарсақтап (қалың қар) жүре алмай бұрлыққан жылқы тағы да аштықтан қырылатын.

Осындайда аштықтан азғынданған жылқылар қатты аяз, боран-шашыннан әлсіреп өлетін. Ал жер бетінде қар аз болып, мұздақ болмай еркін тебіндеп тойып тұрған өңі қалың қазақ жылқысына қақаған суықтың көп зияны да тие қоймайтын.

Отардағы жылқы үшін ең қауіпті жағдай – бірнеше тәулікке созылып, қатты соғатын толассыз қарлы боран. Мұндай жағдайда боран ашылмайынша жылқы табынын ықтырмай бір жерде ұстап қалу мүмкін емес. Қатты соққан жел өтіне шыдамай ыға жөнелген табынды тоқтатуға болмайды. Олар бет алдында не бар екенін де сезбей шұрқырасып ыға береді. Қауіпті шұңқырлар мен былқылдаған милы сорларды да қарлы боран үрлеп, жауып тастайды да бораннан ұйлығып ыққан жылқы табыны терең шұңқырларға, қар толған жыраларға жығылып, не сорға батып жоқ болатын.

Әдетте, бораннан ыққан жылқымен жылқышылар да бірге ығатын. Шамасы келгенінше оларды үйіріп белгілі сорларға, қар басқан терең жыраларға соқтырмауға тырысатын. Табынның бөлінбей бірыңғай ығуына бар күшін жұмсап, ыққан жылқының бетін таулы, адырлы, орманды жердің ықтасын бауырына қарай бұруға күш салатын. Мұндайда тәжірибелі жылқышылар сенімді ат-айғырларды жетегіне алып, бірнеше күн ас-сусыз жылқыдан көз жазбай, қайткен күнде алдындағы малын ажалдан арашалауға бар өнерін, жігер-қайратын жұмсайтын. Бұл туралы: «Бірнеше тәулікке созылған қатты дауылда, түтеген боранда жылы тамақ ішуді ойламай, ат үстінен түспейтін қандай қиын-қыстау жағдайда алдындағы жылқысын оңай меңгеріп, өз еркіне бағындыра алатын асқан шебер және мықты қазақ жылқышысымен теңдесу тіпті мүмкін емес», - дейді В.Я. Бенькевич. Бұл әрине жылқышылар өнерін асыра бағалағандық емес, болған істің ақиқат шындығы. Мәселен, ХХ ғ. басында Баянауыл ауданындағы Күлік руы байларының жылқысын бағумен өмірін өткізген профессионал жылқышы Жүсіпбек Қарабайұлының бораннан ығып, жосылған көп жылқыны өз еркіне бағындыру әдісіне тоқталсақ, оның өзі жылқышының шеберлік тәсілін көрсететін үлкен бір әңгіме болар еді.

Тәжірибелі Жүсіпбек ауа райының болымсыз нышанынан, алдындағы жылқының әрқилы қылықтарынан қар жауып боран боларын алдын ала аңғаратын да, қарауындағы жылқышыларды тас түйін дайын ететін. Ол үшін жақсылап тамақтандырып, құр аттар мен мықты айғырларды әр жылқышыға қос-қостан мінгізіп, қалталарына сықпа құрт, малталарын, қоржынға піскен ет салғызып, жылы киімдерін арттарына бөктеретін де, боран басталысымен бәрі де жылқы ішінде болатын. Шама келгенше иіріп ықтырмауға тырысатын. Боран әбден күшейіп, жылқы шұрқырап қайыру бермей, ыға жөнелгенде соңынан жылқы еретін жетегіндегі, жасамалы көсем айғырмен табын алдына түсіп, әлі келгенше табын жылдамдығын тежей бастап, қауіпті шұңқырлар мен сорларға соқтырмай құраулап соңынан ертетін де отыратын. Қалған жылқышылар табынның арты мен екі қанатына шығып жылқының бөлініп кетпеуін не қалып қоймауын бақылайтын. Бұл істе Жүсіпбекке айсыз қараңғыда адаспай жолсызбен жөн табатын жершілдігі, жер жағдайын өте жақсы білетіндігі, өз ісіне асқан адалдықпен берілгендігі және ерен қайраты көмектесетін еді. Бөлініп кетсе амал жоқ, соңына ерген жылқыны еш уақытта боран мен сорға бермеген. Адал еңбегі үшін онымен істес болған ауыл адамдары, туыстары қатты сыйлайтын. Тіпті елдегі балалар мен келіндер оны қадірлеп, «Жылқышы ата» дейтін.

Жүсіпбек ХХ ғ. 30-жылдардың басында орта жастан асып барып дүние салды. Жүсіпбектің қақаған суық пен жылқыға деген қайратының өлшеусіз екендігін сан рет көзі көрген қарттардың айтуынша: «Ту десе түкірік жерге түспейтін үскірік аязда оның омырауы ашық, екі қолы жалаңаш жүріп, қолды темірдей қаритын қайың құрықпен қашаған ұстайтын. Көп жылқышылар қашаған бие мен асауды көбінесе бұғалықтап ұстаса, Жүсіпбек өзіне сенетіндігі сонша, қандай шу асауды құрықпен ұстайтын. Ұрымтал жерден құрықты жаяу салып үстінен салғанда да еш уақытта асау мойнына құрық жіберіп көрген емес. Тіпті астындағы аты сүрініп жығылған күнде де оны тақымымен сүйретіп жүріп құрықты жібермейтіндіктен асау еріксіз тоқтайтын. Шірене тартқан асау күшіне шыдамай құрықтың бауы үзіліп не құрық сынса, Жүсіпбек асауды құйрығынан алып тоқтататын. Тек астына мінген аты еркін жетсе болды, жылқы баласы Жүсіпбектен құтылмайтын. Қашаған мен асау ұстаудағы Жүсіпбектің өнері мен қайратының соңғы рет сыналуы 1928-29 жылдары ірі байларды конфискациялау кезінде Қаржас еліндегі 2000 астам жылқы біткен Зынданың «тағыларын» ұстауға байланысты болды», - дейді Қыдыр Байжанов.

Әрине қазақ халқында Жүсіпбек сияқты жылқышылар аз болған жоқ. Әр рудың өзінің Жүсіпбегі, еңбекқор азаматы болды. Олардың бәрі де болымсыз ақы үшін сан байлардың мыңдаған тобынының соңында жүріп, жұт жылдарында жылқымен бірге ығып ұшып өлгендері де көп болған.

Бірнеше тәулікке созылған боран тоқтасымен алдындағы малынан адасып қалған жылқышылар ат сабылтып жоқ іздеп, сұрау салатын. Мұндайда әр елдің жылқысы араласып кететіндіктен, қолына түскен жылқыны өз табынына қосып ала беретін. Кейбір қостардың жылқышыларының жазғытұрым ер-тоқымын арқалап қайтатындары да ұшырайтын.

Бұдан жұт тек отардағы жылқыға ғана келетін апат деген ұғым шықпайды. Көпке созылған ауыр жұттарда қыстаудағы басқа түліктер де қырылып қалатын.

Сөйтіп, жұт қай түлікке болсын орасан апат келтіріп, халық шаруашылығын ойсыратып кететін. Сондықтан жұттан кейін шаруашылықты қалпына келтіру өте қиынға соғатын. Үлкен жұттар арасындағы 10-12 жылға созылатын толас ойсыраған шаруашылықтың орнын толтыруға кететін де, шаруашылықты молайта түсетін кезде ауыр жұт қайта айналып соғатын.

Әдетте орамдас жердегі қазақ жұртшылығы бір-бірімен құлақтас, көңілдес не құдандалы болуыныың нәтижесінде бірінің ауыртпалығын бірі көтеріп, жұтаған байларға жұттан аман қалған байлар, сол сияқты кедейлер де бір-біріне шамасынша көмек беріп, шаруашылығының қайтадан қалпына келуіне өз әлінше себін тигізетін. Мұндай жәрдем екі жағына бірдей болатын [3].



Қорыта айтқанда, мал шаруашылығы қазақ қоғамының экономикалық базисы (негізі) болып, осы саланы дамыту ақыл-ойдың жемісі негізінде жүзеге асқан. Бұл салада жиналған тәжірибе кейде, тарих сахнасында әлемдік қолданыста табылмайтын ерекше құнды жәдігер. Рухани-адамгершілік тұрғысынан мақтауға тұрарлық - біреу бақытсыздыққа ұшырағанында, үй-мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-қоламы, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсету тек қазақта бар қайырымдылықтың мөлшері мен сапасы жағынан үлгі алар жоғары шыңы. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін құмарға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, маскүнемдікке салынып ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.

Әдебиеттер

  1. Ежелгі қазақтардың дүниетанымы.- А., 1996.

  2. Омбаев Ә. Мал шаруашлығы. – Ш., 2011.

  3. Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. – А., 1969.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет