Қазіргі лингвистикада концептуалды зерттеулер негізгі екі бағыттың



Дата21.10.2023
өлшемі21,35 Kb.
#120056

АБАЙ ҚҰНАНБАЕВТЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІНДЕГІ «БІЛІМ» ЖӘНЕ «СЕНІМ» КОНЦЕПТІЛЕРІНІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ТАНЫМДЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қазіргі лингвистикада концептуалды зерттеулер негізгі екі бағыттың – когнитивтік лингвистика мен лингвомәдениеттанудың арнасында белсенді түрде жүргізілуде. Көптеген концептуалды зерттеулер нәтижелері мен теориялық қағидалар, когнитивтік лингвистика да, лингвомәдениеттану да тіл білімінің антропоцентристік бағытқа сүйенген салалар екендігін көрсетеді.
Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі – когнитивтік мағына. Тілдік бірліктердің мағынасы адамның ойлау жүйесімен сабақтас зерттеледі. Бұл бағытта баса назар аударатын негізгі ұғымдар: әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі, әлем моделі немесе когнитивтік модель. Когнитивтік мағына тіл арқылы берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылады. Когнитивтік семантика – сол тіл арқылы құрылып берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін ғылым.
Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттану түйісуінен пайда болып, тілде бейнеленген және бекіген халық мәдениетінің категорияларын лингвистика тұрғысынан зерттейтін ғылым [2, 28]. Лингвомәдениеттану ұлттық сипаты бар әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, рухани, тұрмыстық салалардағы қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы қарастырады. Лингвомәдениеттану ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этикалық, эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танып, олардың қызметі мен орнын анықтауды мақсат етеді [6, 19].
Когнитивтік лингвистика тіл мен ойлау үдерісінің арақатынасын зерттейді, адамның танымдық қызметінің нәтижелері мен үдерістері тіл мен сөйлеуде қалай көрінетінін, әмбебаптық ойлау категориялары тілдің идиоэтникалық категорияларымен қалай арақатыстықта болатының, ұғымның түрлерін, концепт (схема, сурет, фрейм, сценарий түрінде), және жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ой-пікірлер мен ұсынымдардың танымдық негізін қарастырады.
Лингвомәдениеттану саласындағы зерттеулер үшін де, когнитивтік лингвистика саласындағы зерттеулер үшін де концептуалдылық тән. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу пәні – когнитивтік концепт те, лингвомәдениеттанудың зерттеу пәні – лингвомәдени немесе мәдени концепт.
Концепт ұғымы тіл біліміне философиядан келген, латынша концептус (ұғым) сөзінің калькасы болып табылады. Бірақ «концепт», «ұғым» терминдерінің негізі бір болғанмен, мәні, маңызы бірдей емес. Ұғым – объектінің танылған маңызды белгілерінің жиынтық бейнесі болса, концепт – этностық ерекшеліктермен байланысты менталдық құрылым, ол - мазмұны жағынан белгілі объект жайындағы білімнің жиынтығы, ал көріну формасы (білдірілуі) жағынан барлық тілдік құралдардың (лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық т.б.) жиынтығы.
Когнитивтік лингвистика мен лингвомәдениеттану ғылымдарының негізгі зерттеу категориясы концепт болып келетініне қарамастан, оны ұғыну мен түсіну тәсілдері бірдей емес.
Лингвокогнитология айқындамасы бойынша, концепт - «біршама реттелген ішкі құрылымы бар, дискреттік ментальді бірлік, қоғам мен тұлғаның танымдық (когнитивтік) қызметінің нәтижесін көрсететін зат пен құбылыс жөніндегі ақпаратты тасушы, сол ақпараттың қоғамдық зердеден өтуі және қоғамдық зерденің сол құбылыс пен затқа деген қатынасы».
Лингвомәдениеттанудағы концепт – мәдениеттің базалық бірлігі. Концепт тілді, сана мен мәдениетті комплексті зерт­теу жүйесіндегі бағытталған шартты ментальді бірлік. Лингвомәдени концепт басқа ментальді бірлікт ерден белгілі бір мәніне байланысты маңызды бірлікті даралау арқылы ерекшеленеді. Егер де белгілі бір фено­мен жөнінде «мынау жақсы (жаман, қызық, жа­лықтыратын және т.б.)» деп айтуға болатын болса, онда бұл феномен сол мәдениетте концепт қалыптастырады. Лингвомәдени концепт - жеке немесе қоғамдық санада болатын, жоғарыда айтылып кеткендей, белгілі бір мәніне байланысты дараланған бірліктен басқа ұғымдық (кон­цепттің тілдік фиксациясы, оның белгісі, сипаты, дефинициясы) және бейнелік (біздің есімізде бейнеленген заттардың, құбылыстардың, оқиғалардың сипаттамаларын, көру, есту, түйсіну, иіс сезу арқылы қабылдау) элементтердің тұтастығымен сипатталатын үш компонентті құрылым.
Қазақ тіл білімінде алғашқылардың бірі болып когниция мәселесін, когнитивті тіл білімін өз монографиясына арқау еткен ғалымдардың бірі Қ.Жаманбаева болатын. Қ. Жаманбаева сол кезде енді ғана сөз болып жатқан тілдік танымға қатысты мәселелерді қарастыра келе, алғаш рет тіліміздегі «мұң» концептісін зерттеді. Соңғы кезде Н. Уәли, Ж.А. Манкеева т.т. тілшілердің шәкірттері когнитивті тіл білімінің әртүрлі мәселелерін кеңінен қарастыруда. Осы ізденістердің нәтижесінде тары, қамшы ұлттық мәдени концептілер мен өмір, тағдыр сияқты когнитивтік концептілер зерттелген. Орыс тіл білімінде Ю.С. Степанов, А.П. Бабушкин, Е.С. Кубрякова, В.И. Карасик, В.А. Маслова сияқты когнитивистер қалыптастырған әртүрлі деңгейдегі мектептер жұмыс істеуде. Ал қазақ тіл білімінде когнитивті лингвистиканың терең мәселелері Ж.А. Манкеева, Н. Уәли, А. Ислам, Э.Н. Оразалиева, Г.Е.Утебалиева, А.Б. Әмірбекова т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңінен қарастырылуда. Ал концептосфера туралы айтсақ, бұл терминді алғаш қолданған академик Д.С. Лихачев болатын. З.Д. Попова, И.А. Стернин: «Концептосфера – бұл халықтың концептілерінің жиынтығы, ойлаудың ақпараттық базасы», – деп анықтайды [1,36]. Ғаламның когнитивті бейнесі және әртүрлі түрлері концептосфера бойынша ұғынылады, жалпы, тілдік ұғым туралы санадағы ақпараттар концептілік жүйеде дұрысталады. Концептілік жүйенің қызметі – ұлттық нақыштағы күрделі ұғымдарды бір мазмұнға реттеп топтастыра отырып, жүйелеу. Жалпы, бұл мәселені қазақ тіл білімінде қарастыру енді ғана қолға алынғандықтан, концептілік жүйе, оны құраушы бөліктер мәселесі әлі де зерттелу үстінде екенін айта кету керек. А.Б. Әмірбекова концептілік жүйе мен когнитивті модельдің тығыз байланысынан концептінің құрамдас бөліктері туындайды деп санайды. «Біздің пікірімізше, дүниенің концептілік бейнесін көрсететін негізі тірек – концептілік жүйе. Концептілік жүйе ішкі және сыртқы құрылымдардан тұрады. Ішкі құрылымы концептіні танытуға бағытталған құрылымдар: фрейм, сценарий, ойсурет, сызба; ал сыртқы құрылымы: сөз, фразеологизм, метафора, сөйлем, тіркес, метонимия т.б. Концептілік жүйе қалыптастыруда санадағы ішкі құрылымдар белгілі бір когнитивті модельге салынып жинақталады. Когнитивті модель автор танымындағы символ, бейне, прототип, этикет, эталон, ассоциативтік, стереотиптік бірліктер мен инсайт таңбалар арқылы қалыптасады» [2,28]. Концепт – когнитивті лингвистиканың басты бірлігі. Оның әр зерттеу тұрғысына және әр мектептерге қатысты көптеген түрлері бар. «Концепт» термині «ұғым, мағына» терминдерімен бірдей мағынада қолданылады. В.А.Маслова «Концепт» пен «ұғым» терминдері ішкі формасына қарай бірдей: концепт латынның «conceptus – ұғым» сөзінің калькалық аудармасы» – деп түсінеді [3,49]. Бірақ бұл ұғымдардың мағынасы бірдей емес. Егер ұғым танылатын объектінің мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы болса, ал концепт – ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы. Когнитивті тіл білімін қарастырған А. Ислам концептіні: «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталатын, белгілі бір ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым. Концептінің басты қызметі – дүниенің тілдік суретінің басты элементтерін атау», – деп анықтайды [4,56].
Абай жетінші қара сөзінде жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады дейді. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрса, біреуі – білсем екен, көрсем екен дейді. Алғашқысын тән құмарлығына жатқызса, екіншісін жан құмарлығына жатқызады. Тән нәпсісін тия алмасақ, хайуанның жанынан адамның жанының несі артық. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Осы жерде Абай қандай білім туралы айтпақшы? Кәсіби білімді ме әлде қарапайым айналамыздағы заттарды, құбылыстарды біліп тануды айтып тұр ма? Әрине бұл жердегі «білім» оқып тоқуды қажет етпейтін жалпы білімді айтып тұрғаны белгілі. Абайдың айтқысы келіп тұрғаны дүниенің көрінген сырын білмесек, көзге көрінбегенін білу тіптен мүмкін емес. Білмей тұрып, біреу ақыл айтса: «Ой тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсін!» дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.
Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Бұл жерде Абай «білім» сөзін имплицитті түрде, яғни жасырын, тасымалдау арқылы жеткізіліп тұр. Яғни, көкіректе сәуле жоқ деп тұрғаны көкірегі қараңғы, білімі жоқ дегені. Білім болмаған жерде қайдан сенім болсын. Көкіректе сәуле жоқ, яғни астарында көкіректе білім жоқ дегені. «Білім» концептісінің сәуле сөзінің астарында жатқаны белгілі. Яғни, «білім» концептісі тура мағынасында емес, метафора түрінде беріліп отыр. Абайдың көңілде сенім жоқ дегені қарапайым құбылыстарды танып біле алмасақ, оның бар жоқтығына қайдан сенеміз дегені. Бұл жердегі концепт «Сенім» экплицитті түрде вербалданып тұрғаны анық. Абай «сенім» концептісін қолданып, білім жоқ жерде сенім болмайтындығын айтқысы келгендей. Бұл жердегі «Сенім» концептісі әлденебір тәнірге сену немесе құдыреті күшті Аллаға сенуді білдірмейді. Бұл жердегі сенім тура мағынасында, қарапайым құбылыстарға сену дегенді білдіріп тұр. Осы тұста «Білім» және «Сенім» концептілерінің бір бірімен тығыз байланыста екенін аңғаруға болады. Абай да өзінің қара сөздерінде болсын, шығармаларында болсын «білім және сенім» концептілерін ұштастыра қолданып отырады.
Осы жетінші қара сөзінде; «Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер тірлігімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» деген сөйлемдері кездестіруге болады. Бұл жерде білмейді, білемін, білмейміз, білеміз, білімділікке, білмей деген «Білім» концептісінің болымды, болымсыз формаларын көре аламыз. Бұл жерде де білім концептілері тура мағынасында, эксплицитті түрде вербалданып тұрғаны айдан анық.
Абайдың жетінші қара сөзін талдау барысында «Білім» концептісі тоғыз мәрте эксплицитті түрде, бір рет имплицитті түрде қолданылады. Ал «Сенім» концептісіне келер болсақ, эксплицитті түрде бір рет қана вербалданған.
«Білім» және «Сенім» концептісіне әлемнің қазақ тілдік бейнесінде концептуалды талдау жасауға тырыстық. Қазіргі сөздіктерден білім сөзінің басты мағыналарын көруге болады: Мәселен, желідегі sozdik.net сөздігінен келесідегідей анықтамаларды кездестіре аламыз: «Білім - 1. Адамның белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдарының т.б. жиынтығы. 2. Оқу, үйрену арқылы алынатын (келетін) дүниенің қандай да бір қыр-сыры туралы түсінік (таным). 3. Кәсіби біліктілік, мамандыққа қатысты ұғым, деректер жүйесі. 4. Қандай да істі жүзеге асыру жолдары мен әдіс-тәсілдерінің жиыны. 5. Белгілі бір сала (мәселе) туралы арнайы мәліметтер жиыны (жүйесі)». «Сенім – 1. Бір нәрсеге, біреуге көзі жетіп иланушылық сезімі, жеке адамдар мен қоғам арасындағы, қатынастын сапалық өлшемі, наным. 2. Күткен үміт, ықылас, ниет. 3. діни. Діндегі басты дүниетанымдық ұстанымы; Құдайдың барлығына және жалғыз екендігіне сену. Сенімі күшті». Білім және сенім Абай үшін нені білдіреді? Абай тілінің сөздігінде білім және сенім сөздеріне келесідегідей түсіндірме берілген: 1. Оқу, үйрену арқылы берілетін ғылыми мәлімет. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Ол күнде көз жетпесті көш көздеген. Түгел білем қайда екен деп іздеген. Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды, Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген. Егер дін көңлің өзге нәрседе болса, білім, ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсен, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешесінің мейірімі секілді болады. 2. Ақыл-ой, түйсік. Кісіге біліміне қарай болмыстық қыл, танымсызға қылған болмыстың өзі адамды бұзады. Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Қарасам, қайғыртар жұрт бұл замағы, Салқын қуыс, өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ. Өнерсіз қартаяр деп біл баланды. Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықпенен болады. Білім алу – оқу, ғылым үйрену. Түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, еңбектің бұдан өзге бәрі жалған. Сенім – Үміт, таным. Сенімі жоқ серменде, сырды бұзды, Анық таза көрмейміз досымызды. Қылт етпеге көңілдің кемуі жоқ. Жүрегінде жатады өкпе сызы. Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы. Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ. Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Тиянақ, сенім, сүю көрмей етті. Алаң-жұлаң етіпті, тептірепті. Алласыз дос таппады, сыр таппады, Неше мың жыл кезсе де төңіректі.

1. Айтқазы Сажида Түр-түс концептісінің лингвомәдени табиғаты (қазақ, ағылшын, қытай тілдеріндегі материалдар негізінде). Фил. ғ. Ph.D. док. дис. -Алматы, 2011.


2. Алимжанова Г.М. Сопоставительнаялингвокультурология: взаимодействие языка, культуры и человека: Монография.Алматы, 2010. – 319 с.
3. Карасик В.И. Базовые характеристики лингвокультурных концептов/ В. И. Карасик, Г.Г 4. Слышкин// Антология концептов. – Волгоград: Парадигма, 2005. – Т. 1. – С. 13-15
5. Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. -Волгоград, 2002. – 299с.
6. Слышкин Г.Г. Лингвокультурные концепты и метаконцепты. Дис. д.ф.н., -Волгоград, 2004. – 323с.
7. Воркачев С.Г. Концепт как «зонтиковый» термин./ Язык. Сознание. Коммуникация. Сб. статей./ Отв. ред. В.В. Красных, А.И. Изотов. – М. 2003, Вып. 24. – 144 с.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет