«Бақыт игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені » «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат »



Дата14.10.2022
өлшемі19,01 Kb.
#43183
Байланысты:
Ал фараби эссе Әліқұл Назерке (копия)



«Бақыт - игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені...»
«Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат...» Әл-Фараби
Бақыт... бұл ұғымға әр адамның өзінше анықтама берері анық. Әлдекім бақытты - отбасы, денсаулық, жақындарының амандығы деп білсе, біреулер бақытты байлықтан, мансаптан іздеуі мүмкін. Бақыт – ол шектеулі мағына, бұлжымас теория емес. Бақыт – ережені ескермейтін, жүректен ғана орын алатын, аясы кең ұғым. Мен үшін бақыт ол – Алланың нәсіп еткен әрбір күні, үлкенді-кішілі әрбір нығметі, тосыннан топ етіп бұйырта салар тосын сыйы, сонымен қатар, құлаған сайын қайратымды тасытып, шыдамымды шыңдай түсетін әрбір сынағы... Мен үшін бақыт - денсаулық, отбасы, мамандық, ақша деген сықылды жаттанды сөздерден аулақпын. Әрине, атап өткен бұл құндылықтардың баршасын бағалаймын, қадірлеймін. Алайда, менің балаң санамдағы бақыт ұғымы бір ғана мағынаға байланбаған. Бақыт – ол әрбір күн. Және сол күнде орын алған әрбір сәт, әрбір нығмет. Сұңғыла ойлардың хас шебері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: « Адамның ең ұлы қасиеті – бақытты болуға талпынуы», - дейтін тамаша сөзі бар. Демек, бақытты бір ғана нәрседен іздеу, өмір бойы сол бір нәрсеге жұмыс жасау – қателік. Бақытты жан – жақты қарастырып, түрлі тұрғыда сезіне білу керек. Ал енді бір сәт ойланып қараңызшы, Сұлтекең тілге тиек еткен ең ұлы қасиет сіздің бойыңызда бар ма? Бақытты болуға талпынасыз ба? Бақыттысыз ба? Хош, бақыт ұғымына талдау жасап көрейікші. Бұл тұста біз міндетті түрде ат басын Әл-Фарабидің бақыт жайындағы толғамдарына бұрамыз. Ұлы ұстаздың қаламынан туған «Бақытқа жету туралы кітап», «Бақытқа жол сілтеу» атты тамаша туындыларын жанымызға серік етеміз. Ұстаз «Бақытқа жету туралы кітап», «Бақытқа жол сілтеу» атты еңбеутерінің негізгі түпкі ойы- бақытқа жету туралы, сыйластық, адамгершілік, мейірімділік, ізеттік, құрмет жайында сөз қозғайды. Бақытқа жету- философияның алдыңғы шарттарының бірі деп есептейді. Бұл еңбекте ғұлама бақытты болудын 3 түрін жазыпты. Онда: бірінші- адамның іс-әрекеті, яғни адам өзінің бақытқа жету жолында әрекет жасап ұмтылса, онда ол адам өзінің мақсатына жетеді. Екінші-жандүние сенімдері, мысалы: құштарлығы, ашуы, рахаты, жабырқауы осының бәрі адамның жан дүниесіне жатады. Үшіншісі- адамның ақыл-парасаты. Адам ақылды болса,яғни көп оқып іздемпаз болуы әрбір жетістікке жетелейді. Осының бірін бір жүйеге келтірсек, адамның әрекетшіл, ақыл- парасатты болуы, кемелдіктің жоғарғы сатысына көтерілуге септігін тигізсе, адам осы сатыға жете білсе, онда адам бақыттың жоғарғы сатысына қол жеткізеді деген сөз. Сондай-ақ, Әл-Фараби бақытқа жетуді, адамның алға қойған мақсаттарын отындағанда ғана адам бақытты болады деген қортынды жасаған. Әл-Фараби осы еңбектерінде бақыт ұғымын төрт түрге бөліп қарастырған. 1. Жақсылыққа жету, даналық, 2. Қуаныш, рахат, 3.Өмірден өз орнын табу, 4. Бақ- дәулет. Міне, осы төрт шарт орындалса адам өзін бақытты санайды. Әл-Фарабидің философиялық еңбектері мен Аристотельдің еңбектерін салыстырып көрейікші, Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттары мен Аристотельдің «Жан туралы» еңбегінде бақыт түсінігінің қарама- қайшы келетін тұстарын байқаймыз. Бірінде бақыт таза теориялық түрде берсе, екіншісінде, бақыт теориялық және практикалық түрде берілген. Енді, Әл-Фарабидің бақыт тұрғысында қозғаған нақты тұжырымдарына көз жүгіртсек, бақытқа жету жолындағы күресінде адам үш түрлі жағдайды басынан өткереді. Олар: «1. Бұл - әрекеттер, адам өзінің дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы, орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер. 2. Жан эффектілері. Мысалы, құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар. 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды». Осы үшеудің ішіндегі ақыл-парасат - адамдардың бақытты болуы үшін Алланың сыйлаған сыйы. «Адам нақ осы ақыл арқылы адам болған...»; «Ақыл-парасат күші - адамның ойлауына, пайымдауына ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш», - деген пайым айтады. Сөйте келе, ақылды, парасатты болу үшін адам өмір бойы оқумен, оқығандарын бойына тоқумен, жақсылардан үйренумен өтеді: «Үйрету дегеніміз - халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз». Жақсы тәрбиемен дұрыс бағытта берілген білім адамды кемелдікке, даналыққа қарай бастайды. «Даналықтың ерекшелігі - әрбір түпкі нәрсенің шекті себептерінің оған мәлімділігі болса және адам өмірінің мақсаты бақыт болса, ал мақсат сол себептердің бірі болса, онда, даналық дегеніміз, шын бақыт болып табылатын зат туралы білімнің бізге беретіні болып шығады. Даналық дегеніміз - шын бақыт туралы білім беретін нәрсе, ал пайымдағыштық - бақытқа жету үшін орындау керек болатын әрекеттер туралы білімнің беретін дүниесі», - деген пікірді алға тартады. Көсемсөздің шебері мұнымен тоқтамай, бақыт дегеннің не нәрсе екендігін жан-жақты білімдарлығының, ойшылдығының арқасында жан-жақты түсіндіріп, әр түрлі қырынан сыпаттайды:  «Кейбіреулер ләззат алуды ең жоғары бақыт деп, есептейді. Енді біреулер байлықты бақыт деп, санайды. Үшінші біреулер бақытты сол екеуінің ұштасуы деп біледі» , «Бақыт дегеніміз - игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені...» , «...біз философияның арқасында бақытқа жетеміз. Ал оны біз жақсы ақыл-парасат арқылы меңгереміз», «Ең дұрысы, бақыт - оқығанда, сабақ алғанда, білімді игеру, әртүрлі өнерлерді үйренгенде, оларды игеру, жұмыстарды орындау сияқты игілікті істер арқылы қол жететін мақсат» «Бақыт - өз басың үшін көксейтін игілік; бұған ешбір жағдайда және ешқашанда басқа нәрсеге бола талпынбайды, өйткені аржағында адамның қолы жете алмайтын бұдан артық нәрсе жоқ. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет - тамаша әрекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып - қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз, оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық. Бақытқа бөгет жасайтын әрекет жаман немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұрып - кемшілік, кесепат, пасықтық», - сынды тамаша толғамдар келтірген. Әл-Фарабидің пікірінше, адам өмірінің мәні мен сәні, ең жоғарғы шыңы болып саналатын бақыт жанның байлығына, адамгершілікке негізделеді. «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» . Жаны жайсаң, адамгершілігі мол адамдардың мінез-құлқы да жақсы келеді. Жақсы мінез-құлық білім алу, үйрену барысында көбіне тәрбиемен қалыптасады. Адамның саналы өмірін қамтамасыз ететін - денінің саулығы мен жан саулығы. Осы екеуі бір-біріне сай, үйлесім тапқанда ғана адам бақытты бола алады. Денсаулықты дәрігер қадағаласа, жан саулығы - аса күрделі; ол адамның өзінің дүниеге көқарасынан бастап, алған біліміне, тәрбиесіне, өмірлік мақсатына, мамандығына, қоршаған әлеуметтік ортасына сияқты көптеген факторларға байланысты. «Дене сияқты жанда да өзіне тән денсаулығы және науқасы болады. Жанның саулығы сол, оның өзінің және бөлшектерінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдәйім ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады. Ал жанның науқастығы сол, оның өзінің және оның бөлшектерінің жайы нашар халде болуының әсерінен әрдәйім жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі және сорақы әрекеттер жасалады». «Жаман мінез-құлық - рухани кесел». Жан сұлулығы, жақсы мінез адамды қайырымды етеді. «Қайырымдылық адамдар жанынан берік орын алғанда, не адамдар ұстамды болғанда, қалаларда теріс қылықтар жойылады» Әл-Фараби адамдарға өмірдің небір қиын-қыстау сәттерінде біржақтылықтан, ұшқарылықтан сақтандырып, тең орта шамасын ұстауды ұсынады. Ортадан ауытқаушылық жақсылыққа апара бермейді деп, ескертеді. «Біз қандай әрекет, қандай іс істесек те содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болады» дей келіп, «Сезімдік рахат бізді жақсы жасауға итеретінін көрсек, біз соны істеуге бейім тұрамыз. Адам осы рахаттардан бас тартуға немесе белгілі бір мөлшерде соларды азайтуға қабілеті болса, мұның өзі оны мадақтайтын мінез-құлықтарға бір табан жақындатады» . Қорыта келе, бақытты болу кез келген адамның қолынан келе берер оңай шаруа емес. Оған өмірді сүре білуге қажетті жан-жақты білімі бар, жаны бай, адамгершілігі, рухы жоғары, мақсатына жету үшін қиындықтарға шыдап, күресе білетін адамдар ғана қол жеткізе алады. Егер адамның өмір сүруінің мақсаты - ең жоғары кәмелетке жету болса, онда адамның осы бақытқа жетуін көрсету үшін оны меңгеруге қабілетті нәрселердің бәрін алу керек. Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек. Абай атамыз айтқандай, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап, әрбір күннен, әрбір адамнан жақсылықты ғана іздеп, ниетті, жүректі аппақ қардай таза ұстаған жан – шынайы бақыттың иесі деп білемін.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет