Балалық шаққа саяхат Бердібек Соқпақбаев Қазақ тарихындағы ең қиын кезге — XX ғасырдың орта тұсына балалық шағы сәйкес келген жазушылар көзін аша сала көргенін өмірі ұмыта алмай кетті. Бердібек Соқпақбаев ат жалын тартып мінгенше аштықты, репрессияны, соғысты көріп үлгерген адам. Кейін өзін-өзі мәжбүрлей отырып деуге болатын шығар, — ештеңені жасырмастан соның бәрін жазып шықты. Өз ортасының алды болған Соқпақбаев 1924 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Кішкентайынан қайсар да ыждаһатты бала кедей отбасынан шыққан. Бала Бердібек анасынан бар жоғы 8 жасында айырылды және бұл қайғы оның өмірінің соңына дейін үлкен соққы болды. Бердібекті білім атты теңізге ағасы Сатылған әкелді, ол оның білімге деген сүйіспеншілігін тудырды. Алайда, ағасы соғыс кезінде қайтыс болып, дүниеден ерте озды. Анасынан ерте айырылған Соқпақбаев бала кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбектің, қиындықтың тауқыметіне ұшырады. Ол өте білікті және қабілетті бала болып өсті.
Мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып, кейіннен Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Бердібек Соқпақбаевтың әскерден кейінгі өмірі осылайша Алматыда білім алумен жалғасты. Интитутты бітіргеннен кейін Мәскеудегі жоғары әдеби курстарын тәмамдаған екен.
Таулы ауылдан шыққан қазақ баласы журналистикамен көп айналысты, «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газет-журналдарының редакциясында жұмыс істеді. Сондай-ақ, киностудияда да қызмет етіп, өзінің туған ауданындағы мектептерде мұғалім болды. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады. Бердібек Соқпақбаев – білікті мұғалім, тәрбиеші. Содан болар бұл жағдай оның шығармаларының тақырыбын алдын-ала анықтап берген сияқты.
Соқпақбаев Қазақстан жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болып жұмыс істеді. Ең алдымен ол балалар жазушысы. Балалық пен жастық оның барлық кітаптарының негізі. Соқпақбаевтың шығармалары негізінен автобиография болып табылады. Бірақ, жазушысының балалық шағы уайымсыз болмады. Болашақ жазушы кедей отбасынан болғандықтан, балалық шағында көп қиындық көрді. Бердібек Соқпақбаев шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. 1950 жылы оның «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Авторлық сезімдердің ерекше сенімділігі мен шынайылығымен ерекшеленген жинақ бірден өз оқырмандарын тапты.
Жазушының кітаптарында тәрбиелік мәні бар көсем сөздер мен тентек және күлкілі кейіпкерлер өмір сүреді. Ал кітапты оқығанда олардың жетістіктеріне қуанбау, қиындықтарына көңіл бөлмеу, оларды сүймеу тіпте мүмкін емес. Жазушы өз кейіпкерлерін ежелгі фольклорлық кейіпкерлердің ерекшеліктерімен бейнелегендіктен, оқырмандар оның шығармаларын таңданып, беріліп оқиды.
Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқыған сайын әрбір кейіпкерінен қаламгердің өзін көруге болады. Жазушы шығармаларын оқыған сайын әр бала әңгімеден өз бейнесін табары сөзсіз.Балаларға арнап шығарма жазу, сол арқылы кішкентай оқырманның құрметіне бөлену үлкен таланттылықты қажет етеді. Балалар әдебиетінде шоқтығы биік, бірегей таланттардың бірі – Бердібек Соқпақбаев болатын. Оның шығармаларын оқыған кез келген бала өмірбаянымен де танысып шығады. Себебі жазушының шығармаларының басты кейіпкері өзі болып табылады. Балалық шағына деген сағынышын өз шығармаларына арқау еткен.Сондай-ақ балаларға арналған бірнеше киноға сценарий, пьесалар жазды.
Қазақтың классик жазушысы Б.Соқпақбаевтың кез-келген туындысын оқыған адам шынайы сурет пен баланың аңғал мінезімен өрілген ауқымды тақырыптың астарына жолығады. Шебер суреткердің әйгілі шығармаларының қатарында «Балалық шаққа саяхат» повесінің орны бөлек.
Адам өміріндегі ең асыл, тәтті кезең – ол балалық шақ. Бұл шығарманың басты кейіпкері – Бердібек. Қызығы мен қуанышы, қайғысы қатар өрілген балалық шағын еш өзгеріссіз қағаз бетіне түсірген. Апасының мойнына асылып жүрген кездері. Жалаң аяқ ауылдың ыстық топырағын басып, қара кешке дейін еш нәрсе сезбей ойнаған күндері. Балалық махаббаты... Текестің суы... Бердібектің барлық сыры мен жырына куә болған осы Текестің суы еді. Балалық шаққа саяхат» повесі балаларға арналған туынды.Өйткені мұнда қарапайым ауыл тіршілігі, қараша қазақ қауымының күйбеңі, ауыл балаларының мінез-құлықтары көркем де, қарапайым түрде суреттелген. Бұл шығарма шын мәніндегі өмір жолын табуға тәрбиелік үлесімен қымбат. Сонымен бірге балалық шақтың балған мезгілдерін көз алдымызға әкелетін шығарма болғандықтан, өзімізге өте жақын.
Автор жетімдіктің ащы дәмін татқаннан соң келер ұрпаққа мынадай ақыл-кеңес айтады: «Балалар, жас достарым! Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларында бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар. Ұр. Соқ. Төбелес. Тіпті, етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгіндей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аямаған аяусыз жазалаған бейшараның адамшылдық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!»
Бұл кітаптың әр тарауында автор заманының қаталдыққа толы қиын күндерін қисынымен қиыстырып суреттеген. Кейіпкер образдарын аса үлкен шеберлікпен кестелегені соншалық – оқып отырып кейіпкердің көңілді кейпіне еніп күлесің, жалынышты жүзіне еніп жылайсың.
Кітаптың әр парағын парақтап танысқан сайын автордың балалық әлеміне сапар шеккендей боласың. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, повесть өз тақырыбын, мазмұнын жеткілікті деңгейде аша білген. Ең бастысы, Сахарада сайрандаған қазақ баласының сыпайы да сотқар қылық, сынық мінезін дәл мүсіндеген.