Бұл үйдің барлық жаны үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз



Дата04.11.2022
өлшемі15,03 Kb.
#47599

Бұл үйдің барлық жаны — үш-ақ әйел. Пештің жанында біріне-бірі тығылып, бүрсиіп отыр. Әйелдердің біреуі — сексеннен асқан, кәрілігі әбден жеткен кемпір, екіншісі қырықтың шамасындағы әйел, үшіншісі он үш жастағы қыз. Кемпірдің жасы қартайып, қуаты азайғандығы шын болса да, бетінде ерекше бір қайрат білінеді, еркек пішіндес кесек. Үлкен, жалпақ маңдайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды. Тақырлау сұйық қабақтың астынан көрінген кішкене өткір көздері қажыған салқын жанармен жалтылдайды. Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә. Бұл кемпір осы үйдің қазіргі қожасы. Ана әйелдің біреуі — келіні, біреуі — сол келіннен туған немере қызы. Келіннің пішінінде не жақсылығына, не жаманшылығына айғақ болған орасан белгі жоқ: орта пішінді, орташа жаратылған адам тәрізді. Бірақ бұның пішінінде де өзгеден бөтен бір жаттық бар. Қадағалап қараған кісіге ол көрінетін. Тұңғиық қара көздері бір қараған жерден аумай, ылғи жансыздықпен қарап тұрғанына көзі түскен адам бишараның кім екенін айырушы еді. Ол жаңа арада екі көзінен айрылған су қараңғы еді. Бұл екі әйелге ермек, жұбаныш болып отырған — жас қыз. Ол — сыпайы, нәзік болып өскен Ғазиза: жіңішке сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар дөңгелек ақсұр жүзді Ғазиза. Көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынап, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы,. жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр).
Бұл баланың уайымы не? Уайымы — осы үйдегі үш: әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдыр дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның. алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктермен бірге көмілген. Ол қабырда жатқан — Ғазизаның әкесі Жақып және жаны: туысқан жалғыз кішкене бауыры — Мұқаш. Осы бүгінгі кештен бір ай бұрын әкесі мен бауыры қабат жығылып, сүзек болды. Ғазизаның ағам өлсе, күнім не болады деп күндіз-түні бірдей тыным алмай, құдайға құпия сыбырлап, оңаша жерлерде тыста жүріп өксіп-өксіп жылағаны, кемпір әжесінің мойнына бұршағын салып, ата-бабасының аруағына жалбарынғаны себеп болмай, екеуі де өлген.
Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып, зарлап қалғанда, маңайынан жиылған көрші-қолаңы ғазиздерінің сүйегін суық қабырға салғанын ойлағанда, әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет