Ж. КАМАЛҚЫЗЫ
1
, Н.ЫСҚАҚОВА
2
1
филолог.ғ.к., доцент,
2
магистрант, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Түркістан қаласы
ДІНИ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТЫМЫЗДАҒЫ ОРНЫ
Аннотация
Мақалада академик Р.Бердібайдың қазақ әдебиетіндегі дін тақырыбында жазылған
шығармалардың құндылықтары туралы айтқан қорытындыларына талдау жасалады.
Кілт сөздер: Сенімі кәміл, діни ағартушылар, ислам дәуірінің әдебиеті, кәміл адам,
діни дастандар, тарихи қаһармандық эпос.
Ключевые слова: безусловная уверенность, религиозные просветители, эпоха
исламской литературы, совершенный человек, религиозные поэмы, исторически
доблестный эпос.
Keywords: absolute confidence, a spiritual enlightener, era of Islamic literature, ideal
person, religious poems, historical heroic epic.
Дін тақырыбына жазылған шығармалар көп уақыт теріс түсінікпен жазылып келгені
мәлім. Дін тақырыбында жазылған шығармалардың рухани құндылығы туралы бағалы
пікір айтқан ғалымдардың бірі – ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай. Егемендік алған
жылдары-ақ алғашқылардың бірі болып ислам діні туралы саясат ыңғайымен айтылған
ұшқары пікірлерге орнықты қарсы пікір жаза бастаған ғалым бұл шығармалардың
ғажайып тәрбиелік-танымдық қасиеттерін түсіндіреді. Көптеген эпикалық жырлардың
бастауы болып есептелетін жоқтау өлеңдер туралы, оның ғибрат аларлық өнегесі туралы
бірнеше мақала жазған. Ұлы Абайдың ислам дініне қатысы туралы да алғашқылардың бірі
болып сөз қозғаған. 1995 жылы жазылған «Сенімі кәміл кемеңгер» деген мақаласында ұлы
данышпанды болашақ айтыс-тартыстардан қорғау керектігін айтады. «Көркем
шығармаларда Абайды дін исламға қарсы шыққан қайраткер етіп көрсетушілік те
жазушыларымызға еріксіз таңылған тезис болатын. Мұның бәрі қазақ халқын өзінің
дәстүрлі діні – исламнан аулақтатудың жүйелі түрде жүргізілген қаскөй әрекетінің
нәтижесі. Сондай-ақ Абай шығармаларындағы діни сарындарды аттап өтуге дағдыландық,
тіпті ақынның тайға таңба басқандай етіп, анық көрсеткен шындықтарының өзін өңін
айналдырып көрсетіп келдік»[1;257-258.]. Абай мен ислам деген тақырыптарды арнаулы
зерттеу керектігін тереңдей түсіндіреді. Абайды жақсы түсінгендер емес, оны теріс
түсіндіруді көздегендер ғана осылай өңін айналдырғаны белгілі. «Қазақты дінсіз халық
етіп көрсетіп келген өрекпіген белсенділер мен дінімізді ғайбаттап, оның асыл
ережелеріне кір жағуға ұмтылған қаскүнемдер Абайды да дінге енжар қараған адам етіп
көрсетуге тырысқаны белгілі. Олар осындай әрекетімен шындықты бұрмалап, зор күнәға
батты, сенімі кәміл кемеңгердің асыл ойларын бұрмалады. Міне, енді ғана Алланың құлы,
пайғамбардың үмбеті, дін ислам алдында жүзі жарқын Абайдың сенім қуатына бөленген
өлмес, өшпес сөздерін мысалға еркін келтіретін болғанымызға шүкіршілік!»[1; 263.],-
дейді ғалым. Абайтанушы ғалымдарға жаңа жол көрсетеді. Бұл мақала Абайтану
ғылымына үлкен бетбұрыс жасады, Р.Бердібай Абайтанудың жаңа беттерін ашты.
Абайтанушылардың өздері бұрынғы сарынмен Абайды діннен бөлектеп жүргенде, бұны
басқалар пайдаланып, Абайды өзімізге қарсы қоюы мүмкін екендігін айтқан ғалым
Р.Бердібай болатын. Шындығында, Досым деген бір мәңгүрт Абайды басқа діннің өкілі
етіп көрсеткісі келіп, ғылыми диссертация жазып, шулатқанын білеміз. Р.Бердібай осы
қауіптің боларын алдын ала ескертіп, Абайдың ұлылығының негізі ислам дінінде, оның
мәңгілік ілімінде жатқанын жасқанбай айтатын кез келгенін ерте бастан сөз еткен еді.
Дінді әдебиеттен бөлектеу, ұлтты өз рухани діңгегінен айыру үшін істелінген зұлым
саясат екеніне енді анық көз жеткендей. Академик Р.Бердібай сенімі кәміл кемеңгердің
мына өлең жолдарын мысалға келтіреді: «Алла мінсіз, әуелден, пайғамбар хақ,
Мумин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ».
«Осы сөздер бүгінде өзінің толық мағынасын тауып, рухани торыққандарға медет беріп
тұрғандай»,- деп ғалым дін үйрететін ұстаз таппай жүргендер болса, Абайды оқы
дегендей ишарат білдіреді. Абай өлең жолдарынан дін исламның құдіретін сезінудің
қаншалықты тереңдігін көреміз. Сонымен бірге, дін тақырыбында жырлар жазып, ел
арасына таратып жүрген ақындардың ұлт мәдениеті тарихында сонша маңызды іс
атқарғанын да түсінуге осы жолдар пайдасын тигізері анық. Ислам ілімін меңгерген
талантты ақындар, М.Әуезов көрсеткеніндей, аз жылдың ішінде «120-дан астам көлемді
жырлар жазу» себебіне де Р.Бердібай тоқталып, түсінік береді. «Патшалық Ресей
билеушілері өздері басып алған халықтарды безіндіріп, қалай бұрса, солай жүретін тобыр
жасау мақсатын қойғаны құпия емес. Діні бар ел бірлік табуы, отаршылдыққа қарсы
күреске шығуы, өздерінің салт-санасын сақтау үшін қажырлы әрекеттерге баруы мүмкін
екенін әккі билеушілер жақсы білген. Ал Ресей қарауындағы бағынышты елдердің көбі
ислам дініндегілер еді. Міне, осы топтағы тілі, дәстүрі жақын жұрттардың басын қоспау
үшін патшалық үкімдарларының істемеген айласы жоқ. Олар дін адамдарының ішіне
алауыздық тудыру, жеке-жарым жүргендерді шоқындыру, исламды құбыжық етіп көрсету
саясатын ұстанды. Өзі тәуелділік қамытын киген елдердің дінін мүлде таптап тастау үшін
«панисламизм» деген жалған қисынды ойлап тапты...»[1; 264.]. Міне, ресейдің миссионер
ғалымдарының негізгі мақсаты осылай болғанын ғалым Р.Бердібай жалтақтамай,
жасырмай анығын айтты. Абайды ислам діні мен ілімінен бөлектей қарау ғылымда
жартыкеш түсінік қалыптастыратынын ғалым сол 1995 жылы жарияланған «Ұлылыққа
жартыкеш түсінік жүрмейді» деген мақаласында тереңдете түседі. Қазақ әдебиетін дін
исламнан бөлектеп қарау қателік екеніне тағы да бір көз жеткізеді. Дін ислам ілімі қазақ
әдебиетінің құнарлы өзегі екенін айтатын, зерттейтін уақыт жеткенін ғалым жете
түсіндіреді. «Абай және ислам дәуірінің әдебиеті. Болашақтағы Абайтанудың ең құнттап
қолға алатын проблемасының күрделі бір тармағы осы екенін де методологиялық жағынан
дәлелді санаймыз»[1; 268.]. «Адам атын ардақтау, оны дүниенің тұтқасы деп мадақ ету,
адам қабілетінің молдығына сену – қайта өрлеу, ренессанс әдебиетін айрықша көрсететін
алтын желілердің бірі болатын. Абай шығармашылығының басты мұратын алып қарасақ,
адамның жан-жақты жетілуін арман ету сарыны күшті естілетінін көреміз. Кейде тікелей
үгіт, ақыл айту, кеңесу түрінде берілетін назым-өлең мен нәсір-қарасөзінің сарқатын
арнасы адамның мұң-мұқтажын жырлау болып табылады. Ақынның ақыл, қайрат, сезімді
қатар ұстайтын «кәміл адамды» ұдық тұтуы адамзат тарихында сан ойшылдар қайталап
айтқан ғибраттардың жаңғырған қайталамасы...»[1; 271.]. Біздің ренессанс ислам
дәуірінде басталғанын ескерсек, діни ағартушылардың да бар айтар ойы, көрсетер үлгісі
мен насихаты жоғарыда ғалым көрсеткен мәселелер болып табылады.
Ғалым әдебиеттегі алтың тін, руханиятымыздағы асыл тірек ислам діні болғандығын
тәуелсіздік алғаннан бастап шырқырай жазғанда келетін қауіпті ерте білген екен. 2001
жылы «Аналитическое обозрение» журналында профессор А.Косиченконың «Религиозная
ситуация в Республике Казахстан» деген мақаласы жарияланады. Мақаладағы елбұзарлық
сұрқия ойлардың сырын түсіндірген Р.Бердібайдың мақаласы да іле шала жарық көреді.
Ғалым қазақ ұлтына жағылатын күйенің бетін өзгерте қойғанын, енді ұлытымызды дінсіз
ел ретінде танытуға әрекет жасап жатқан ішкі дұшпанның бетпердесін ашып
көрсетеді.1.Косиченко «ислам діні Қазақстанда ешқашан басым, мемлекеттік дін
болмаған деп тұжырымдайды». 2.Қазақстанда дінге, исламға сенетіндер 10-15% ғана деп
көрсетеді. 3.Қазақстанда исламдану қаупі бар деп қауіптенеді [1; 244-245.]. Осыған ғалым
тегеурінді қарсылық көрсетеді. Сонысымен де қазақ ұлтының сана мен салтындағы
исламдық құндылықтарды тағы бір рет түгендеп кетеді. «960 жылы Қарахан мемлекетінің
діні деп жарияланғанын, одан бертіндегі Алтын Орда империясының ресми діні болып
қабылданғанын шынымен білмей ме, әлде жұртшылықты тарихтан хабары жоқ тобыр
санап, «аңқау елге арамза молда» болғысы келе ме?»[1; 244-245.]. Ғалым Әбу Нәсір әл-
Фарабидің, Махмұт Қашқаридың, Жүсіп Баласағұнның, Қ.А.Ясауидің, Ахмет Иүгінекидің
мұсылман қазақ елінің перзенттері екенін ескертеді. Осы арқылы бүкіл рухани
дүниеміздің ислам іліміндегі асыл қазынамен суарылғандығын түсіндіреді. Ұлтына төнер
қауіпті ертерек сезетін данышпан бабаларымыздың жалғасы ретінде қазіргі қоғамымызда
да дау осы дін мәселесінен туындайтынын заманымыздың абыз қарты ертерек сезгендігіне
көзіміз жеткендей. «Бісміллә сөздің басы еді..» деген мақаласында қазіргі сырттан келіп
жатқан теріс пиғылды «дінүйреткіштердің» дәстүрімізге жасап жатқан қиянаттарына
тойтарыс береді. Өлім күту дәстүрі - қазақтың ерекше ұлт екенін танытатын аса қастерлі
дәстүрлердің бірі. Осы дәстүрмен бірге жүретін жоқтау өлеңдері қаншама тарихтан сыр
шертіп, ұлтымыздың өлім үстінде де Аллаға деген сенімінен айнымай, аса бір
сезімталдықпен құлшылық ете білгендігін танытатын құнды әдеби мұрамыздың
қатарынан орын алады. Осы қазақтың жоқтау өлеңдеріндегі тәрбиелік мұратты
алғашқылардың бірі болып «Бісміллә сөздің басы еді» деген мақаласында сөз етеді[2; ].
Жоқтау айтып жылау қазіргі дүмше молдалар айтып жүргеніндей, Аллаға қарсылық та
емес, оған серік қосу да емес. Ғалым қайғы қысқанда, іштегі шерін көпшілікке паш еткен,
өлген жанның жақсылығын айтып, келер дүниеден де жақсылық күткен таза
мұсылмандық таныммен айтылған жоқтау жырлардың халық өміріндегі алатын орнына
баға береді.
1995 жылы шыққан «Эпос – ел қазынасы» деген кітабында «Діни дастандар тағлымы»
деген тақырыпта үлкен бөлім бар. Діни тақырыптағы шығармаларды санамыздан өшіруде
кеңес орыс патшасы тұсында өнімді еңбек еткен миссионер ғалымдардың салған жолын
әрі қарай жалғастырғанын, тіпті олардан да мықты жұмыс істегенін түсіндіреді. «Бірақ
соңғы сексен жыл ішінде жұртшылық діни дастандарды оқымақ түгілі аттарын да ести
алмады. ...Ұзақ жылдар бойында өктемдік жүргізген әкімшілдік-әміршілдік жүйе, саясат
дін атаулыға, әсіресе, ислам дініне қатысты құндылықтарға қырын келгені белгілі.
Дүниені түбірімен жаңартамыз деген қызыл сөзбен елеуреп, ұранға малданғандар діннің
мәңгілік жасайтын қымбат тұстарын көргісі де, білгісі де келмеді. Сондықтан діннің
тарихы да, тағлымы да үйретілмеді, осыған байланысты қыруар қазына архивтің терең
түкпірінен орын тапты. Ал дін шарттары мен ғибраттарын түсіндіретін, халық мұрасы
болып кеткен аңыз-әпсаналар, ертегілер, шежірелер, көне сөздер мүлде жиналмады. Діни
кітаптарды жинау былай тұрсын олардың көзін жоғалту, тіпті өртеп жіберу әдеттегі іске
айналған еді. Мешіттердің жойылуымен бірге солардағы сақталған кітаптар да құрдымға
жіберілген»[3;22.]. Дінге қарсы күрестің әдебиет нұсқаларын жоюмен қоса жүргізілгенін
осылай түсіндіреді. Соның теріс әсері біздің бүгінгі өмірімізде анық көрініс тауып отыр.
Діни шығармаларды түсініп оқитын оқырман жоқ деуге болады. Санаға ол
шығармалардың құнсыздығы соншалықты ұзақ уақыт сіңірілгенін де ғалым жақсы
түсіндіреді. «Патшалы Ресей дәуірінде Қазақстан туралы қалам тартқан миссионерлер
жергілікті халықты ислам дінінен айыру қажет деп қаншама зерттеулер жазғанын қазіргі
жұртшылық мүлде дерлік білмейді. Мәселен, қазақ жерінде көп жылдар қызмет істеген
А.Алекторовтың барлық кітаптарының негізгі сарыны қазақтарды ислам дүниесінен
бөліп тастау ниетіне бағындырылған»[3;22]. Cөзіне дәлел ретінде А.Алекторовтың
“Народная литература киргизов»(«Астраханский вестник» 1824, №1324) деген мақаласын
көрсетеді. Осындай миссионерлер жазған сөздердің арғы астарын ойланбай,
пайғамбардың сөзіндей қадірлеп, өз мұрамызды теріс түсіндіретін әдетке реніш білдіреді.
Осындай еңбектердің қазір дұрыс түсіндірілуіне әдіс ұсынады. Татар ғалымы
А.Г.Каримуллиннің «Татарская книга» деген еңбегіндегі ислам діні үшін күресіп, қазақтар
арасына діни кітаптардың көптеп жайылуы үшін Қазан баспасынан кітап шығарып тұрған
татар баспагерлерін сол миссионерлер үнемі қаралап, жамандап отырғанын да
отаршылдардың өктемдігі ретінде атап өтеді. Бұл мәселелерді арнайы зерттеп, теріс
түсіндірілген мәселелерге түзету енгізудің қажеттігін аманат етеді. «Осылайша замандар
бойына жалғасқан мәдени дәстүр үзілді, бұрынғының қалдырған аманатын білмейтін,
имандылық тәрбиесінен махұрым қалған жаңа буындар пайда болды. Олар өздері оқи
алмайтын, араб әрпімен жазылған, әрі үздіксіз жамандалған мұраға мойын бұрып та
қараған жоқ. Діни дастандар деп аталатын көркемсөз мүлкі де ескішіл, зиянды деген
жаман атқа ұшырады»[3;23.]. Міне, діни тақырыпта жазылған шығармаларды зерттеудің
мүшкіл халін осылай түсіндіреді. Тіпті, М.Әуезовтің де мол мұраны өз кітабына кіргізбеу
себебін де осымен түсінгендей боламыз. Діни шығармаларды жанрлық жағынан
бағалауды да Р.Бердібай бастап көрсетеді. Өзінің эпос туралы оқу құралында біраз діни
дастандарды талдайды. «Дариға қыз», «Зарқұм», «Әбу Шахма» атты шығармаларды сөз
етеді. «Діни дастандардың замандар бойында әсері кемімей, тартымдылық қасиетін
жоғалтпай келуі таңғаларлық құбылыс. Мұның себебін адам баласының белгілі бір ереже
заңдарға бағынып, ақиқатты мойындап, аллаға құлшылық етіп отыруының қажет
болғанынан іздеу керек. Сенім жоқ жерде имандылық жоқ. Ал қауым сенімнен айрылса,
азу-тозу, әркім өз бетінше лағу басталмақ. Діни қиссалардың да ең қымбат жері
адамдарды сенімге, имандылыққа тәрбиелейтінінде. Барлық жұрттың мойындайтын,
тоқтайтын, аттап өтуіне болмайтын шарттарға көну, асылық жасамау әр пенденің парызы
саналғанда ғана өмір орнықты, дәстүр тұрақты болмақ»[3;34.],- деп сол шығармалардың
өз кезінде қандай қасиетті қызмет атқарғанын түйіндейді. Миссионерлердің сөздеріне
қарап бағаламай, шығарманың өзін талдай отырып шынайы баға береді. Шығармаларды
талдау барысында өзі мақсат еткендей, сол көркем туындының тәрбиелік, тағлымдық
сапасына көбірек мән береді. Өйткені діни шығармалар туралы сөз еткен ғұламалардың
біразы бұл шығармалардан үлгі аларлық мәнді ешнәрсе таппағандай әсер аламыз. Ғалым
Р.Бердібай осы олқылықты толтыру үшін, діни шығармаларға дұрыс көзқарасты
орнықтыру үшін ғылыми талдау жасайды. Әдебиеттану ғылымында көмулі жатқан бір
тақырыптың жаңғыруына жол салады. Осы бағытта ғалым ұсынған бірнеше
жаңалықтарды көрсетуді мақсат тұттық.
Біріншіден, «Дариға қыз», «Зарқұм» дастандарын қазақтың батырлық жырлары
санатында қарау керектігіне сілтеме жасайды. «Өзінің құрылысы, көркемдік тәсілдері
жағынан алып қарағанда, батырлар жыры мен діни дастандар арасында ұқсастық мол. Ол,
бәрінен бұрын, қаһарманның ғажайып туысы, жедел ержетуі, соғыста ерекше күш-
қайратымен көрінуі, жауды жеңіп, мұратқа жетуі, қысылғанда ғайыптан көмек келуі
секілді дәстүрлі желілерден байқалады»[3;24.]. «Дариға қыз» дастанындағы оқиғалық
желілерді мысалмен түсіндіре отырып, батырлық жыр жанрында жазылғандығын
дәлелдейді. Сондықтан да қазақ эпостары қатарында талдау жасайды. Оның бағасын
ерекшелей түсіндіреді. Әзірет Әлінің танымай белінен ұстаған өз ұлы Мәди әке алдында
өзін күнәһар санайды. «Өз атама қолым тиді, енді мені жер жұтсын» деп қуған әкесіне
жеткізбей, қара тасқа еніп кетеді. Бұған барша мұсылман қауымы сенеді. Исламнан алшақ
өскен біздің қауым күмән келтіруі мүмкін. Соны сезген ғалым жырдың құндылығын
былай түсіндіреді: «Имандылық тәрбиесінен бейхабар кейбіреулерге бұл оқиға қисынсыз
қиял ғана болып көрінуі мүмкін. Әрине, мұнда қиял, әсірелеу күшті. Бірақ осы қиялдың
әке сыйлауды үйретуге жарайтын мәңгілік ғибраты педагогика пәнінің кез келген
ережесінен әсерлі екенін көрмеуге болмайды. Мәдидің аты аңызға айналуына оның
батырлығынан гөрі, перзент парызын биік санайтындығы, жас буынға берерлік үлгісі
басым жатқаны шүбәсіз. Мәдидің аңыз-әпсана деңгейіндегі бір ғана ісі «әкені қадірле»
деген сансыз ескертпеден салмақты жатыр»[9;26.]. Осы сөздерімен-ақ «діни шығармалар»
деп атау алып, төл әдебиетімізден оқшауланып жүрген құнды мұраның жоғары бағасын
береді.
Ал көптеген ағартушы ақындар жарыса жырлаған «Зарқұм» дастаны туралы ерекше
ғылыми пікір айтады. Бұл жырды да «батырлық жыр үлгісінде туған» деген қорытынды
жасайды. Демек, «Зарқұм» - батырлық жыр. Оның асыл сөздің ғажап туындысы екендігіне
де жоғары баға береді. «Оқиғалардың үдемелі түрде берілуі, тартыстың шарықтау шегіне
жетіп шешілуі, қаһармандарды сипаттаудың жүйелі берілуі және көркемдік деңгейінің
жоғарылығы жағынан «Зарқұм» классикалық эпос санатына көтерілген»[3;27.]. Бұл
шығарманың тарихи эпос екеніне де баса назар аударады. «Қиссада суреттелген
оқиғалардың тарихи шындықты қаншалықты нақтылы бейнелегенін тексеру өз алдына бір
мәселе. Ал шығармадан Мұхаммед пайғамбар заманында дін үшін болып өткен сұрапыл
соғыстардың жаңғырығы естілетіні анық. Мәселе, дастанда келтірілген тарихи
деректердің, адам, жер аттарының, шежірелік немесе хронологиялық дәлдігінде емес, сол
дәуірде орын тепкен істердің ізі сақталып, рухы берілуінде»[3;27.]. Осы арқылы
«Зарқұмды» діни дастан, діни шығарма деп ысыра салмай батырлық эпос, тіпті тарихи
қаһармандық эпос қатарында бағалауды дұрыс санайды. Бұл шығарманың суреттелуінде
ешбір жырда кездеспейтін ерекше оқиғаға мән береді. Ғалым тағы да зерттеушілер үшін
маңызды пікір білдіреді. «Оқиғаның дүниеде сирек кездесетіні соншалық – осының ақиқат
негізі қалай болғанын тарихи құжаттармен салыстыруды қажет еткендей» [3;28.].
Мұхаммед пайғамбарымыз басынан өткерген дін үшін болған бір соғыс тарихы жазылған
қазақ әдебиетіндегі бұл шығарма тіпті, эпостың да аясына сыймай тұрған сияқты. Ғалым
осы арқылы бұл шығарманың көркемдік қырларын тереңдей зерттеу қажеттігін ескертеді.
«Зарқұмның» өзге кейбір қиссалардан тағы бір айырмашылығы жау батырларының сесі
мен күші шыншыл, әділ көрсетіліп отыруында»[3;29.]. Бұл да шығарманың жанрлық
қырларын ашуға көмектесетін дәлелдердің бірі болып табылады. «Зарқұмның» көптеген
суреттеулері батырлық жырлардан гөрі тарихи жырға, оның ішінде жазба әдебиеттегі
эпикалық күрделі жанрға жақындатын тұстарын да ғалым нақтылап көрсетеді. «Соғыс
суреттерін шебер келтіруі жағынан қазақ жырларының ішінде «Зарқұмға» тең келетіні
сирек. Дастанды шығарушы, айтушының өзі де ислам үшін күрестің әділеттілігіне
имандай сеніп, шабыт пырағына мініп, сөз асылын тергені сезіледі. Қиссаның құндылығы
– сенім, наным ақиқаттығын қорғау үшін ұрыстың тарихи шындық деректеріне сәйкес
баян етілуі, көптеген қаһармандардың мінез қырларын ашатын суреттердің берілуі, әрі
осының биік көркемдік деңгейде көрінуі»[3;32.].
Ғалым Р.Бердібай алғашқылардың бірі болып, бүкіл Орта Азия түркілеріне танымал ірі
жазба ақын Ш.Жәңгірұлының тәуелсіздік жылдарында жарық көрген «Сияри шариф»
деген туындысына баға берді[2]. Бұл жырдың да, біріншіден, жанрлық жағынан қазақ
батырлық жырларына ұқсас сарындарын талдап көрсетеді. Ақынның пайғамбарымыз ғ.с.
бейнесін сомдауда сөз маржандарын тізіп, ұлы махаббатпен ақындық шабытқа мініп
суреттеген ғажап өнер туындысын терең талдайды.
Ғалым Р.Бердібайдың діни қиссалардың табиғатын танып білуге, оларды халық
игілігіне жаратуға жас ғалымдарды тартып отырғаны да осы саладағы игі істердің бірі
деуге болады. Ғалымның жетекшілік етуімен 2009 жылы
Жанар Әбдіғаппарова «Шәді
Жәңгірұлының діни қиссалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Бүкіл Орта Азия елдеріне танымал ақын, дін ғылымын терең меңгерген Шәді ақынның дін
тақырыбындағы шығармаларының терең зерттелуі бұл саладағы бағалы еңбек болып
есептеледі.
Қорыта айтқанда, ислам дінінің тарихынан алынған оқиғаларға немесе ислам дінін
негіздеуші тарихи тұлғалар өміріне арнап қазақ ақындары жырлаған көлемді жырларда
руханиятымызға негіз болып тартылған, сан ғасырлардан бері жауға алдырмай, құлдық
бұғауға бастарын бұғаулатпай келе жатқан мықты рухани тірек бар. Олар көркемдік
жағынан да әдебиетімізді байыта түседі. Осының құнарын танып, ұрпақ игілігіне жаратуға
үлкен ғалым академик Р.Бердібай кейінгі толқынға аманат етіп қалдырған.
ӘДЕБИЕТ
1 Бердібай Р. Бес том.шығ. жинағы. 5-т. Алматы: Қазығұрт. 2005. 456 б.
2 Бердібай Р. Бес том.шығ. жинағы. 4-т. Алматы: Қазығұрт. 2005. 456 б.
3 Бердібай Р. Эпос – ел қазынасы. Алматы: Рауан. 1995.
Резюме
Ж. Камалқызы, Н. Искакова
Роль и место религиозных произведений в национальном самосознании
В статье проанализированы ценности произведения на религиозные темы академика
Р.Бердибаева, написанные в казахской литературе.
Summary
Zh. Kamalkyzy, N. Iskakova
A role and place of religious works are in nationalconsciousness
In 'makala' there analyzed conclusions of properties in academic R.Berdibay's works in
Kazakh literature about the religion.
13.02.2013 ж.түсті
Достарыңызбен бөлісу: |