Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Абайдың қара сөздері Пәні: Философия



Дата10.12.2022
өлшемі16,34 Kb.
#56266

ӘБІЛҚАС САҒЫНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ ТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
кафедрасы


Абайдың қара сөздері
Пәні: Философия
Тақырып: Абайдың 6-ші және 30-шы қара сөздерін талдау

Жетекшісі: Толеуова М.Ө
Студент: Құлатай Е.И.

2022
Абайдың алтыншы қара сөзі


Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың - пысық, ішің - нас, Артын ойлап ұялмас, - болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.
Абай Құнанбайұлының 6-қарасөзіне талдау
Абай атамыз кезекті қарасөзінде қазақтың мінезіндегі дүниеқорлық, мал үшін жақынды да, ағайын, іні, досты да сатып кете беретін мерез мінезді жеріне жеткізе сынаған. «Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады» дейді. «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» дейді. «Жанын қорғалап жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады», - делінген.
Адам мінезіндегі жалқаулық, кертартпалық, еріншектік, ездіктің бәрін айта келіп, осы кері құлықты ақтап алар қазақтың қитұрқы мақалы екені айтылады. Ұлттың мінезіндегі осындай жалпыға ортақ қасиеттерді айпарадай аша отырып, Абай бұл жараның сыздап тұрған тұсын көзге бадырайтып көрсетеді. Алтыншы қара сөздің астарында "Егер адамдықтан азып, кісілік қасиеттен жұрдай болсаң, сенің қай жерің адам? Қалай адам болып өмір сүрмексің?" деген сұрақтар жатады. Оны түзетуге итермелейді, оны болдырмауға шақырады. Өз кемшілігін адамға білдіреді. Кемшілігін білген адамның ақылды адам екенін айтады. Жалпы, Абайдың «Алтыншы қара сөзі» – хакім шығармашаларының ішіндегі шоқтығы биік туындыларының бірі.

Абайдың отызыншы қара сөзі
Қырқын мінсе қыр артылмайтұғын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар, сол неге керек, неге жарайды? Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы, арлылығы жоқ. Мойынын бұрып қойып: «Өй, тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба?» - деп бұлғақтап, немесе: «аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек? Азар болса атылып, я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма?» - деп қалшылдайтұғын кісі көп қой.
Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ, өлімге шыдамаймын деген де қазақ көргенім жоқ, кеңірдегін ғана көрсетеді-ау: «қиылып қана қалайын» деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен-ақ кісі айдындыратұғын адам болғаны ғой! Егер шын айғайды көргенде, кірер жерін таба алмайтұғын дарақы, жұртты осы сөзімен айдындырамын, «мына кәпірден кісі шошитұғын екен» дегізіп айдындырайын деп айтып отырған құр домбытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ай, құдай-ай! Жанға мырзалық қылатұғын, ердің жадағайда-ақ сертке тұрғыштығы, малға мырзалығы, дүниені бір тиын есеп көрмейтұғын жомарттығы - әртүрлі белгісі бойынша тұрмас па еді? «Ұялмас бетке талмас жақ береді» деп, көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі дағы.
Абай Құнанбайұлының 30-қарасөзіне талдау

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет