Әлеуметтік реформалар және әлеуметтік жаңару: кедейшілікті еңсеру, халықты еңбекпен қамтуды көтеру, жастардыстуденттерді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру реформасы



Дата19.05.2022
өлшемі87,58 Kb.
#35105
Байланысты:
?леуметтік реформалар ж?не ?леуметтік жа?ару кедейшілікті е?сер


Әлеуметтік реформалар және әлеуметтік жаңару: кедейшілікті еңсеру, халықты еңбекпен қамтуды көтеру, жастардыстуденттерді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру реформасы.
Әлеуметтік реформалар мен оны жаңарту шаралары. 1991 жылдың соңынан тәуелсіз даму жолына түскен Қазақстан әлеуметтік қатынастар саласында ірі көлемдегі өзгерістерге бет бұрды. Әлеуметтік өзгерістер мен реформалар жүргізу арқылы халықты әлеуметтік қорғаудың сапалы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында нарықтық қатынастарды ендіру болжанды. Алайда, еліміз бұрынғы жүйенің қателіктері мен кейбір құндылықтары жаңа орын алған өзгерістерге, реформалау үдерістеріне тежеу қойды. Сондықтан нарыққа көшудің алғашқы кезеңінде (1991-1993 жж) қазақстандықтардың басым көпшілігінде өмір сүру деңгейінің кенеттен төмендеуі байқалды, мұның өзі елімізде әлеуметтік шиеленістің ұлғаюына әкелді.
Аталған тұста Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік саясат келесі бағыттар бойынша жүргізілді: халықтың аз қамтылған санатын қорғау; халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға бағытталған мемлекеттік экономикалық саясат жүргізу; жұмыссыз мәртебесін иеленген азаматтарды қорғау[5-слайд]. Халықтың аз қамтылған санатын әлеуметтік қорғау табысты келесі бағыттар бойынша ең төмен тұтыну бюджеті деңгейіне дейін ұлғайту: кәсіпорын, мекеме, ұйым деңгейінде жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау; жұмыспен қамтылмаған халықты әлеуметтік қорғау; зейнетақымен қамтамасыз ету; аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету; бағаларды тұрақтандыру; табыстар мен жинақ ақшаны индексациялау; жұмыс істеушінің ең төмен жалақысын ең төмен тұтынушылық бюджет деңгейіне дейін көтеру болды.
Нарыққа көшу және экономикалық және әлеуметтік салаларды күшейе түскен дағдарыс жағдайында зейнеткерлер, студенттер, мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасылар, жұмыссыздар сияқты халықтың неғұрлым әлжуаз топтары аса ауыр жағдайда қалып қойды. Бұл жағдай бірқатар фактілермен анықталады. Мысалы, халықтың осы санатына төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері осы кезеңде мемлекеттік бюджеттен алынатын ақшалай-өтемақы төлемдерімен анықталды. Ал 1990 жылдардың басында табыстың ең төмен деңгейі Қазақ ССР-інің «Ең төмен тұтынушылық бюджет туралы» және «Ең төмен жалақы және еңбекақы төлеу саласындағы мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер туралы» Заңдармен (1991ж.) анықталды, осыған сәйкес ең төмен жалақы ең төмен тұтынушылық бюджетке, яғни отбасының әрбір мүшесі үшін заттар мен азық-түліктің ең төмен қажетті мөлшерінің «ғылыми әзірленген нормасына» негізделуі тиіс. Алайда, осы нормалар қағаз жүзінде ғана қалып қойып, Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі үшін бағаның тоқтаусыз өсуі мен жалақының артуы арасындағы айырмашылық қана шындыққа айналды, мұның өзі республикадағы кедей халық саны арттырып, жағымсыз үрдісті негіздеп берді. Соның нәтижесінде 1991-1998 жылдар аралығында кедейлер санатына жататын адамдар контингенті ұлғайып, 1996 жылы 34,6 %-ды, 1997 жылы - 43,0 %-ды, ал 1998 жылы 43,4 %-ды құрады.
1992 жылы басталған құрылымдық өзгерістер нәтижесінде кәсіпорындарға бөлінетін бюджеттік аударым қысқара түсті, соған сәйкес кәсіпорындардың басшылары өз жұмыскерлерін жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберуге немесе толық емес жұмыс күніне көшіруге мәжбүр болды. Сөйтіп қазақстанның еңбек нарығында ашық жұмыссыздық деңгейі төмен болып қалатын, бірақ сонымен қатар жасырын жұмыссыздықпен қамтылғандар пайызы арта түскен жағдай қалыптасты. Жұмыспен қамту туралы қолданыстағы Заңға сәйкес (1991 ж.), жасырын жұмыссыздар жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылып, олар жұмыссыздар болып табылмады. Сонымен қатар өндірістің толық немесе ішінара тоқтау салдарынан жұмыстан айырылған олар көбіне ақысы төленбейтін демалыста болуға, мүлдем жұмыссыз қалып қоюға мәжбүр болды. Мемлекеттік несиелеу және жекешеленген кәсіпорындар санының арта түсуіне орай, республикада ресми тіркелген жұмыссыздар саны ұлғая түсті (1992 ж. - 33,6 мың адам, 1993 ж. - 40,5 мың адам, 1994 ж. - 70,0 мың адам, 1995 ж. - 139,5 мың адам) [6-слайд].
Республика аумағындағы жұмыссыздықтың бұлайша ұлғаюы халықтың табиғи өсімінің төмендеуі мен жұмыс күшінің ұсыныс көлемінің азаюына ықпал етті. Бұл процесс тіпті 1993-1995 жылдары республикадағы көші-қон үдерістерінің күшеюіне әкеліп соқты. Республика аумағынан шығып кеткен адамдардың жартысынан астамы жоғары, аяқталмаған жоғары және орта арнаулы білімі бар азаматтар болды. Жұмысшылар, гуманитарлық бейіндегі мамандар мен инженерлік-техникалық жұмыскерлер неғұрлым маңызды топ құрады. Бұл негізінен адамдардың жұмыссыз ретінде тіркелуіне кедергі жасайтын психологиялық фактормен, сондай-ақ ірі мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендірудің төмен қарқынымен жүргізілуімен түсіндірілді. Жұмыссыздардың ерекше жоғары пайызы әйелдер арсында орын алды және ол тұрақты өсу үрдісін иеленіп отырды (1994 жылы 45,4 мың адам,1995 жылы 83,8 мың адам). Қоғамдағы жаңа пайда бола бастаған шағын жеке бизнестің әлеуетті нашар дамығандықтан, жұмыспен қамту орталықтарында қайта даярлауға ұмтылу табысты бола қойған жоқ, ал жекеменшік несиелеу мен өндіріс немесе кеңсе етіп жабдық мен алаңдарды жалға алу нарығының мүлдем жоқ болуы әйелдердің шағын бизнесте өрлеуіне кедергі жасады. Бұл үрдіс тек 2001 жылдан бастап қана қалыпқа түсіп, әйелдер арасындағы жұмыссыздық біртіндеп азая түсті [7- слайд].
1991 жылдан бастап енгізілген Жұмыспен қамту қорының қаражатымен қаржыландырылатын жұмыссыздық жәрдемақысы республиканың түрлі аймағында түрліше мөлшерге ие болды. Нәтижеде жәрдемақы мөлшері реттеуші рөл атқара бастады, өйткені жұмыссыздықты тіркеу дәрежесі тікелей соған байналысты болды. Осыған байналысты халықты бұл жәрдемақымен қамту үшін арнайы түсіндіру жұмысы қажет болды, халықтың көпшілігі жұмыссыздарды әлеуметтік қорғаудың бар екендігінен мүлдем хабарсыз болды. Ауылдық жерлердегі қазақ отбасыларының өмір сүру салты ерекшеліктерін, жұмыссыздар санын анықтаудың әдістемесі мен оны қолдану ісі толық жетілдірілмеді, соған орай ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалған қызметкерлер жұмыссыздық бойынша ресми көрсеткіштерден орын алмай, кәсіпорын тізімінде қалып қойды.
Сонымен бірге республикада орын алған инфляция қарқыны мен әлеуметтік кепілдіктер деңгейінің төмен болуы халықтың шынайы табысының құлдырауының бірден-бір себебі болды. Жұмысшылар мен қызметшілердің ең төмен жалақы мөлшері өте төмен деңгейде қалып қойды, ал жалақы төлеу бойынша қарыз ұлғая түсті. 1990 жылдардың басында Қазақстан халқының басым бөлігінің өмір сүру деңгейінің төмендеу жағдайы 1993-1995 жж. халықтың жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіштерінің азаюымен расталады, мәселен, 1993 жылы - 3751 АҚШ долларын құраса, 1994 жылы -2909 долларды, 1995 жылы -2757 долларды құрады. Тек бұл процес 2004 жылдан бастап қана, нақты айтқанда ЖІӨ өндірісінің көлемі 1990 жылғы деңгейден 3,5 есеге артық болды [8-слайд].
Қазақстан бойынша орташа есеппен еңбекақы төлеу халықты негізгі өмір игіліктерімен қамтамасыз ету бойынша шығындарын өтеуге мүмкіндік бермеді. Жылдам қарқын алып келе жатқан әлеуметтік теңсіздік қоғамда үстемдік алған әділеттілік ұғымымен қайшылыққа түсті. Елімізде білім деңгейі, әлеуметтік-кәсіби мәртебе сияқты факторлардың еңбекақы төлеу шамасына әсері маңызды түрде төмендей түсті. Мәселен, тәуелсіздіңтің алғашқы жылдары зиялы қауым (көпшілік дәрігерлер, оқытушылар, инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамы, ҒЗИ жұмыскерлері және т.б.) «жаңа кедейлер» қабатын түзе бастады. Білім деңгейі жоғары халықтың басым бөлігіның табысы төмен топта қалып қойды.
Қазақстанның экономикалық дамуына белгілі бір шамада әсер еткен 1997-1998 жылдардағы Азиядағы және Ресейдегі қаржы дағдарысы болды, бұдан кейін республикада макроэкономикалық тұрақтану үрдістері байқала бастады. ХХІ ғасырдан бастап мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдығы халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, еңбек нарығындағы жағдайда жақсарту және еңбек қатынастарын жетілдіру болып табылады. Халықтың өмір сүру сапасының жекелеген параметрлерінің жақсару бағытында өзгере түсуі (соңғы жылдары байқалып келеді) экономикалық өсімнің оң әсерін көрсетіп берді[9-слайд ].
Кедейшілікті еңсеру. Әлеуметтік саладағы маңызды мәселелердің бірі – кез-келген қоғамға тән блып келетін кедейшілік. Кедейшілік кеңес қоғамында да болды, бірақ ресми түрде мойындалып, жария етілген жоқ. Осы құбылысты белгілеу үшін «аз қамтылған» деген термині пайдаланылды. ХХ ғасырдың 90 жылдарының алғашқы жартысында барлық ТМД елдерінде кедейшіліктіңең жоғарғы мөлшерге жетіп, халықтың әл-аухаты төмендеді. Өндірістік қатынастардың түбегейлі жойылуы мен әлеуметтік жүйенің құлдырауы, Қазақстан экономикасын нарыққа бейімдеп құру шаралары алғашқы кезеңде халықтың жаппай кедейленуіне алып келді. Кедейшілік ол тек қана тамақтаны, киім, тұрмыс, үй, денсаулық сақтау мен білім алу сияқты негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға қажетті табыс пен мүмкіндік қана емес, сонымен қатар сау және ұзақ өмір сүруге, білім алудың жеткілікті дәрежесіне қоғамдық өмір сүру мүмкіндіктеріне және мәдени-әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жететін табыс көзінің болмауы болып саналады. Осы міндеттер тобы шешілмегендіктен, 1998 жылы республикадағы кедейшілік өзінің ұшар шыңына жетіп, халықтың 2/5-іне жуығы ең төмен күнкөріс шамасынан төмен деңгейде өмір сүрді. Кедейшіліктің ең жоғары пайызы шалғайда орналасқан ауылдық жерлер мен шағын қалаларда байқалады. Ауылдың жерлерде кедей халықтың үлесі, мысалы, 2001 жылы 38,5%-ды құраса, ал ең жоғары пайызы Маңғыстау облысында байқалса (45,9%), 2004 жылы күнкөрістің төменгі деңгейі 5427 теңгені құрап (ең төменгі деңгейі Оңтүстік Қазақстан облысында 4691 теңге, ең жоғарғы деңгейі Маңғыстау облысында – 7174 теңге) құраған [10-слайд ].
Қазақстан үшін халық табысының маңызды полярлануы маңызды мәселелердің бірі болып қалып келеді. Бұл мәселе аумақтық тұрғыдан да, сондай-ақ азаматтық әлеуметтік мәртебесі тұрғысынан да (элита, бизнесмендер, бюджеттік ұйымдардың, әсіресе, ғылым, білім беру саласындағы бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және т.б.) маңызды болып келеді. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің санына қарай орташа жан басына шаққандағы табыстар да елеулі айырмашылыққа ие. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалаулары бойынша, Қазақстанда Джинн коэффиценті 1987-1995 жылдары 30 есеге дейін өсті. Халықтың басым бөлігінің қайыршылығы көзге ұрып тұрғаны соншалықты, үкімет 2000 жылды басында осы мәселенің бар екенін ресми түрде мойындады. Түрлі бағалаулар бойынша, 90 жылдардың соңында Қазақстанның 15 миллиондық халқының 50%-дан 60%-ға дейінгісі ең төмен күнкөріс шегінде өмір сүрді. Мұнда ең төмен күнкөріс мөлшері ресми деректер бойынша 2000 ж. $28, яғни күніне $1-ға жетпеді. 2004 жылы осы көрсеткіш $40 маңайында ғана болды.
Дүниежүзілік банктің 2000/2001 жылдардағы әлемдік даму туралы “Кедейшілікпен күрес” баяндамасында күніне $1-дан кем табысқа өмір сүретін халықты (олар планетамыздағы 6 млрд. халық ішінен 1,2 млрд. адамды құрайды) «шектен шыққан кедейшілік» деп атайды. Осы баяндамада келтірілген деректерге сәйкес, «нарықтық экономикаға өту кезеңінде тұрған Шығыс Еуропа мен Орта Азия елдерінде кедейшілікте өмір сүріп жатқан адамдар саны жиырма есеге өскендігі» аталынып өтілген. ТМД елдеріндегі орташа айлық жалақының көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жасау көрсеткендей, Қазақстан доллар есебімен орташа айлық жалақы мөлшері бойынша жетекші орындардың бірін иеленген. 2004 ж. республикада орташа номиналды жалақы $208, Ресейде – $237, Беларусьта – $161,8 құрады.
2001 жылы жұмыссыздардың 94.9%-ы 16 жастан 54 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті азаматтардың маңызды бөлігін құраған. Экономиканың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру экономикалық өсімді және әлемдік нарықтағы отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселелердің шешімін де қарастырады, өйткені ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі көрсеткіштердің тұтас жинағымен, оның ішінде әлеуметтік көрсеткіштермен де өлшенеді. Сол себепті де Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауларында әлеуметтік мемлекет құру қажеттілігі басым аталынып отырды.
ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығының ортасында әлеуметтік сала жедел дамып, ел экономикасының қарқынды дамуын көрсетті. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасы Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасынан және Қазақстан Республикасының 2008-2015 жылдарға арналған бәсекеге қабілеттіліктің сапалы жаңа деңгейі мен экспорттық мүмкіндіктерге қол жеткізу тұжырымдамасынан шынайы орын алды[11-слайд ].
Еліміз үшін мазмұны жағынан маңызды құжат болып табылатын және Адамзаттың әлеуметтік шығармашылығына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланатын тұрақты даму тұжырымдамасында Қазақстан Республикасы өмір сүру сапасы жағынан барынша дамыған елдерден артта қалып келеді деп көрсетіледі. Сонымен қатар қазіргі әлемде өмір сүру сапасы мынадай негізгі құрамдас бөлімдермен анықталады: өмір сүру ұзақтығы, әл-ауқат, білім және қоршаған ортаның ахуалы.
2006 жылғы ресми деректер бойынша Халықаралық қоғам, табиғат және адам университетінің өмір сүру сапасы индексінде (Дубна, Ресей) Қазақстан 1,17 коэффицентімен 78 орынды иеленсе, ал рейтинг лидері Норвегия 3,83, Ресей - 1,57, Қытай – 0,34 коэффицентіне ие болып отыр.
Қазақстан Республикасының 2008-2015 жылдарға арналған бәсекеге қабілеттіліктің сапалы жаңа деңгейі мен экспорттық мүмкіндіктерге қол жеткізу тұжырымдамасында әл-ауқат, денсаулық және қоршаған ортаның ахуалының бәсекеге қабілетті стандарттарына қол жеткізу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ететін даму үлгісі жасалып, жүзеге асырылды. Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жаһандық бәсекеге қабілеттілік деңгейіне дейін жақсарта түсу әлеуметтік орта тұрақтылығының, халық денсаулығы мен қауіпсіздігінің жоғары дәрежесін қажет етеді. Әлеуметтік ортаның тұрақтылығы – бұл еліміздің ұзақ мерзімді жоғары бәсекеге қабілеттілік кепілі. Қазақстан гүлденген қоғамға қарай бет бұра отырып, күшейе түскен қарама-қайшылықтар қоғамына айналуына жол бермеу керек. Сондықтан ел экономикасының қажеттілігін салауатты еңбек ресурстарымен қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанда әлеуметтік қамту және әлеуметтік қорғау жүйесі есебінен әлеуметтік ортаның тұрақты әрі қауіпсіз дамуы орын алуы тиіс. Бұл үшін мемлекет кедейшілік деңгейін өлшеу жүйесін жаңарту, аналық пен балалық шақты әлеуметтік қорғау жүйесін нығайту, атаулы әлеуметтік көмек көрсету әдістерін жетілдіру бойынша шаралар қарастырып отыр. Сонымен қатар адам капиталының кешенді дамуына қол жеткізу үшін, жоғары сапалы жағдайларға және халықтың рухани, мәдени және ақпараттық қажеттіліктерін өтеу қызметіне қол жеткізуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтарының, заңды мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету қажет. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде халық денсаулығының көрсеткіштерін жақсарту үшін, пәрменді шаралар қабылдау ерекше маңызға ие.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы келесі қадам 2012 жылдың 10 шілдесінде еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандағы әлеуметттік жаңғырту: Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» мақаласы негізінде жасалды, мұнда негізінен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді тез арада шешу және Қазақстандағы әлеуметтік жаңарудың барлық саласында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға, кедейлер санын қысқарту және әлеуметтік әлсіздіктерге жол бермеуге бағыттау ерекше атап өтіледі[12-слайд ].
Әлеуметтік жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын ұлғайту негізін азаматтардың шынайы өнімді еңбегі құрайды. Осыған байналысты ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бұл мақаласында өзіне деген сенімді жоғалтып алған тұтынушылық қоғамнан Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы идеясына көшуді ұсынады. Негізінен тұтынушылық қоғамға материалдық игіліктерді үнемсіз, артық тұтынудың тұрақты ұлғая түсуі тән болып келеді, мұның өзі табиғи ресурстарды игеруді барған сайын үдете түсуде шешуші үлес қосып, қоршаған ортаның ахуалын кейбір аймақтарда толық құлдырауға дейін әкеледі.
Жалпығы ортақ еңбек Қоғамына көшу елімізде құндылықтар жүйесін қайта қарауды және Қазақстан қоғамындағы адам еңбегінің беделін арттыруды көздейді. Халықтың ондаған жылдар бойы ақшаға табынып келуінен соң, қоғамда еңбектің кез-келген түріне құрмет көрсетуді қалыптастыру оңай болмайды. Алайда, мұндай жұмыс қажет, өйткені мұның өзі Қазақстан қоғамының әлеуметтік тұрақтылығына материалдық емес маңызды үлес қосу, этикалық нормаларды қалпына келтіру және азаматтардың жұмыспен қамтылуын жетілдіруге, еңбек нарығындағы еңбек ресурстарына деген сұраныс пен ұсынысты теңдестіруге игі ықпал ететін экономикалық фактор болып табылады. Соған сәйкес халықтың өмір сүру сапасын ұлғайтудың экономикалық мүмкіндіктері арта түседі.
Әлеуметтік жаңғырту аясында лайықты еңбек идеясын жүзеге асыру қажет. Осы бағытта біршама атқарылған жұмыстар да баршылық. Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына бағытталу бойынша әлеуметтік жаңғыртуға көшу әлеуметтік қатынастар жүйесін маңызды дәрежеде түзету мен қайта құруды қажет етеді. Осы үдерісте қазірге өндірістік қақтығыстарды шешудің шынайы делдалдары және еңбекшілер мүддесінің қорғаушылары бола қоймаған кәсіподақтар маңызды рөл атқарады.
Республикадағы жұмыс істемейтін адамдардың өмір сүру деңгейі мен сапасы мемлекеттің еңбек қызметін аяқтаған егде жастағы адамдардың, өскелең ұрпақтың, сондай-ақ еңбекке қабілетті емес азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыру ресурстарына байналысты болады. Егде жастағы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындады, бұл ұсыныстар макроэкономикалық даму, қор нарығы және еңбек нарығы көрсеткіштерімен өзара байланыста зейнетақы жүйесін дамытуды көздеді.
Соған орай қазіргі таңда халықаралық нормативтерді және дамыған елдердегі халықтың өмір сүру стандарттары мен сапасын іске асыру тәжірибесін ескере отырып, жаңа деңгейдегі әлеуметтік стандарттарды анықтау үшін, белгілі бір әлеует пен экономикалық алғышарттар жасалды. Қазақстанда қолданылатын қазіргі стандарттар өткен ғасырдың 90 жылдарының басында, экономиканың құлдыраған және гиперинфляция кезінде нарықтық қатынастарға көшудің өтпелі кезеңі жағдайында әзірленді. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі соңғы рет 2006 жылы қайта қаралды, кедейшілік шегі қазіргі таңда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40%-ын құрайды. Әрине, Қазақстан дамыған елу елдің құрамына кіруге талпынып отырған мемлекет ретінде танылып отырған шақта, пайдаланылатын әлеуметтік стандарттар қазіргі даму кезеңінің қажеттіліктеріне сәйкес келмеді. Осыған байналысты өмір сүру сапасының қазіргі қазақстандық стандартын әзірлеу мен енгізу аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ең төмен әлеуметтік стандарттарды жетілдіру жөнінде тұжырымдама жобасын әзірлеуде: ең төмен күнкөріс деңгейі, жалақы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылардың ең төмен мөлшері, мұнда халықаралық сарапшылардың зерттеулері негіз болып табылады. Қазақ тағамтану академиясына 2012 жылы тұтынушылық себетке кіретін тамақ өнімдерін тұтыну нормативтерін қайта қарау тапсырылды, қазіргі таңда бұл жұмыс жүргізіліп келеді. ҚР Статистика агенттігі де халықаралық тәжірибені ескере отырып, ең төмен күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру бойынша жұмыстар атқарып келеді.
Қазақстанда біртіндеп халықтың орта табы қалыптасып келеді. Қоғамдағы орта тап үлесінің мөлшерлік сараптама бағасы халықтың 25%-ынан 60%-ына дейін ауытқиды. Қазақстанда халықты орта тапқа жатқызудың жалпы қабылданған критерийлерінің болмауынан, осындай ауытқулар орын алып келеді.
Сонымен бірге 2012 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету шараларын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірледі, мұның өзі белсенді жұмыспен қамылуды отбасылық міндеттермен үйлестіруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік үдерістерді мелекеттік басқарудың тиімді жүйесін реформалау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін мүдделі мемлекеттік органдар әлі де талқылау үстінде.
Ал Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты стратегиялық міндеті алғаш рет 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП сайлау тұсындағы бағдарламасында мәлімделіп, соған сай Өмір сүру сапасының ұлттық стандартын жүзеге асыр көзделген. Ол бойынша:
- Халықтың жан басына шаққандағы табыстың жоғары деңгейі – орташа еуропалық деңгейден төмен емес; әлеуметтік теңсіздікті қысқарту; орта тапты қалыптастыру.
- Жоғары сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау. Тегін көрсетілетін сапалы медициналық қызмет көрсетудің ең төмен көлемін ұлғайту.
- Қала мен ауылды дамытуда теңгерімге қол жеткізу.
- Халықтың әлеуметтік әлжуаз қабаттарына кеңінен қолдау көрсету; еуропалық өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін тиімді атаулы әлеуметтік қорғау жүйесі.
- Экологиялық таза қоршаған орта.
- Дамыған қызмет көрсету саласы. Көлік, байланыс, телекоммуникация, демалыс және туризмнің сапалы қызмет көрсетуіне кеңінен қол жеткізу[13-слайд ].
Сондықтан соңғы жылдары биліктің барлық күш-жігері өмір сүрудің жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бағытталған. 2008 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «… өмір сүру сапасының стандарттары тоғышарлық көңіл-күйлерге әкелмей, адам капиталын дамыту мен Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудың тиімді нарықтық құралына айналуы тиіс» деп атап өтті. Жалпы, республикада өмір сүру сапасы көрсеткішінің кеңестік деңгейіне тек 2007 жылы ғана қол жеткізе алды. 1991 жылы Қазақстанда Адам дамуының индексі 0,802-ге тең болды, мұның өзі республикамыздың өмір сүру сапасының деңгейі бойынша әлемде 54 орын алуына мүмкіндік берді, алайда 2007 жылдың өзінде аз-мұнша үлкен индекске (0,804) ие бола отырып, ҚР небары 82 орын алды. Өмір сүру ұзақтығының индексі бойынша Қазақстан 2009 жылға дейін кеңестік деңгейге қол жеткізе алмай келді. 1991 жылы өмір сүру ұзақтығының индексі 0,73-ке, ал 2007 жылы - 0,66-ға тең болды. Орташа күтілуші өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жасты, ал 2007 жылы - 66,3 жасты, 2009 жылы - 68,4 жасты құрады. Осы тұстағы Қазақстанның 16 аймағында өмір сүру сапасына кластерлік талдау жасау аймақтарды төрт топқа бөліп көрсетуге мүмкіндік береді: бірінші топ (Ақмола, Талдықорған, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан) Қазақстан бойынша орташа деңгеймен салыстырғанда өмір сүру сапасының едәуір төмен болуымен сипатталады; екінші топ (Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары), алдыңғы топқа ұқсас көрсеткіштерге ие бола отырып, едуір төмен өмір сүру деңгейімен және едуір жоғары денсаулық сақтау деңгейімен құрылымдық тұрғыдан ерекшеленеді; үшінші топ (Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстары) орташа қазақстандық деңгеймен салыстырылатын өмір сүру сапасы деңгейінің көрсеткішімен сипатталады. Төртінші топ (Атырау және Маңғыстау) жоғары өмір сүру деңгейімен ерекшеленеді ( халықтың жан басына шаққандағы ЖАӨ). Бесінші топ (Астана, Алматы) Қазақстандағы өмір сүру сапасының деңгейі бойынша барлық компоненттер жағынан барлық қалған аймақтарды басып озады[14-слайд ].
Қазіргі Қазақстанның серпінді дамуын әлемдік қауымдастық мойындап отыр. 2009 жылы БҰҰ өз баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің деңгейі жоғары ел санатына қосты, мұның өзі ҚР белгіленген стратегиялық жоспарларды іске асырудың шынайы мүмкіндіктеріне ие екенін білдіреді. Бүгінде Қазақстан өзінің әл-ауқатын көтерген, экономикасы дамыған, жұмыссыздық пен кедейшілікті еңсерген елдер қатарына крігіп, өзінің даму бағытын айқындап отырған мемлекет санатына еніп отыр.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет