ӘӨЖ 821 КҮрделі сөздер классификациясы



Дата02.06.2023
өлшемі35,09 Kb.
#98391
Байланысты:
Салиева Хамида мақала


ӘӨЖ 821
КҮРДЕЛІ СӨЗДЕР КЛАССИФИКАЦИЯСЫ

Салиева Х.Э.- МҚТ-21-1 тобының білім алушысы


Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., аға оқытушы Көпбосынов М.А.
ОАИУ

Аннотация


По своему составу слово делится на односложное и сложное. При определении сложных слов основное внимание уделяется специфике сложных слов в их языке. В данной статье рассмотрена классификация сложных слов.

Summary
The word is divided into singular and complex depending on its composition. When defining complex words, in principle, more attention is paid to the specifics of complex words in their language. This article discusses the classification of complex words.


Сөз өзінің құрамына қарай дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Жалаң сөз негізгі және туынды түбірден тұрады. Ал күрделі сөз кемінде екі түбірден құралып бір ғана зат пен құбылыстың атауы болады.


Әр түрлі жүйеге жататын түрлі тілдерде күрделі сөздердің жасалуында айырмашылықтар бар. Бұл жағдай күрделі сөз туралы түрлі пікірлер туғызуы заңды деп санаймыз. Түркі тілдерін зерттеуші тіл мамандары өздерінің еңбектерінде күрделі сөз мәселесіне де назар аударып, ол турасында байқағандарын көзден таса қалдырмаған.
Күрделі сөз мәселесінің осы жағдайы қазір де өзгеріп кеткен жоқ. Бұл күрделі сөздерді зерттеудің қажеттілігін, өзектілігін білдіреді. Күрделі сөздерге ғалымдар түрлі анықтама беріп жүр.
Күрделі сөздерге анықтама бергенде негізінде өз тіліндегі күрделі сөздердің ерекшелігіне көбірек көңіл аударған, сондықтан да күрделі сөздердің анықтамаларының бірдей болмауы заңды. Алайда тілдер түрлі болғанымен, күрделі сөз құбылысының көпшілік тілге ортақ қасиеттері де бары сөзсіз. Сондықтан күрделі сөздерге берілген анықтамаларында ол ортақ қасиеттер байқалмай қоймайды.
Қазақ тіл білімін зерттеуші ғалым К.Аханов та күрделі сөзге өзінше анықтама берген. Ол: «күрделі сөздің сыңарлы жеке тұрғандағы мағынасынан да, қызметінен де алшақтап, олардың қосындысы немесе тіркесі тұтасқан күйінде бір бүтін сөз – күрделі сөз ретінде ұғынылады » [2] – деп анықтаған. Ғалым анықтамасында күрделі сөздің құрамындағы сыңарларының жеке тұрғандағы мағынасы мен қызметінен алшақтап, бір бүтін сөз ретінде танылатынына назар аударған.
К.Аханов « Грамматика теориясының негіздері» деген еңбегінде «сөзге соның ішінде күрделі сөзге де тән және оны сөз тіркесінен ажырататын жалпылама белгілер делініп семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық белгілері айтылып жүр.
1.Семантикалық тұтастық белгісі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың мағыналық дербестігі мен грамматикалық дербестігінің күңгірттенуі немесе жойылуы сөздің бұл түрінде семантикалық тұтастықтың пайда болуына әкеледі. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы әр басқа лексикалық емес, олар тіркескен күйінде біртұтас лексикалық мағынаны білдіреді.
2.Морфологиялық тұтастық белгісі. Күрделі сөзде жалаң сөз тәрізді түрленіп, көптеледі, септеледі, жіктеледі. Оның сыңарларының әрқайсысы бөлек-бөлек өзгермей, тұтас күйінде түрленіп, бір тұлғаға (формаға) ие болады. Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді.
3.Синтаксистік тұтастық белгісі. Күрделі сөздің синтаксистік тұтастық белгісі дегеннен әдетте, оның синтаксистік жағынан (сөйлем мүшесі болуы жағынан) бөлшектенбей, сөйлемде бір ғана мүше болуы ұғынылады. Мысалы, қолғап, қарақұс деген сөздердің қол, қара дегендері өз алдына, қап, құс дегендер өз алдына бір-бір мүше емес, сөйлемде қол мен қаптың екеуі қосылып бір-ақ мүше. Өйткені бұларда қол, қара деген сөздер анықтауыш. Қара құс деген тіркестің өзі де құстың белгісі бір аты болмай, бір құстың түсін ашу болса, онда, екі сөз болып, қара мен құстың екеуі сөйлемде екі мүше бола алады. Мысалы, қарға – қара құс десек, қандай құс? деп сұрауға болады. Сонда қарға ақ құс емес, қара құс деп түсін ашып беруге болады. Ал қара құс дегендегі қараны бұлайша бөліп ала алмаймыз. Өйткені қара әуелде құстың түсін көрсету үшін жұмсалғанмен, бәрі де онысынан қалып, құс деген сөзбен қосылып, құстың белгілі бір атасының ұлын атайтын сөз болып кеткен. Сондықтан қарақұс деп, кейде түсі қара болмайтын құстарды да атай береміз. Мысалы, Қарақұстың қазақ тілінде ақ-сар деп аталатын бір түрі бар. Мұның түсі қара емес, сары болады. Солай да болса, оны да қара құс дейміз.
Лингвистикалық кейбір еңбектерде сөзге, соның ішінде күрделі сөзге тән және оны сөз тіркесінен ажырататын белгілердің бірі ретінде оның фонетикалық белгісі аталады. Күрделі сөздердің барлығы бірдей фонетикалық өзгеріске ұшырайтындары, негізінен алғанда, кіріккен сөздер. Ал тіл-тілде ашудас, белбеу, сексен, тоқсан, білезік тәрізді кіріккен сөздердің саны да оншалықты көп емес және бұлар тәрізді кіріккен сөздер сөз тіркесінен оңай ажыратылады.
Күрделі сөздердің қай–қайсысы болса да әуел бастағы жай сөз тіркесінен шыққан. Бұлардың қалыптасуларына әрқилы синтаксистік амал-тәсілдер негіз болған. Кейбір сөздер бастапқы синтаксистік жай сөз тіркестерінің компоненттері бір–бірімен бірігу арқылы (бүгін, биыл, ағайын) туса, кейбір күрделі сөздер жарыса, қабаттаса қолданылған компоненттердің қосарлануы арқылы ( жер-су, ел- жұрт т.б) жасалған.
А. Ысқақов пен К. Ақанов күрделі сөз қатарына біріккен сөз, қос сөз, қысқараған сөз және сыңарлы бөлек жазылған күрделі сын, сан, зат есімдерді, етістіктерді қарастырады. Тек А. Ысқақовтың ұсынған классификациясында күрделі сөз арасынан фразеологиялық тіркестер де орын алады. Аталған ғалымдар еңбектерінен кейін, күрделі сөздерді классификациялаудың мынадай сара жолы салынды: сөз құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді. Дара сөз негізгі және туынды түбірден тұрады. Ал күрделі сөздер біріккен, қос, қысқарған және бөлек жазылған күрделі сөздер болып бөлінеді. Мұндағы әр түрлі терминге ие болып жүрген бөлек жазылатын күрделі сөздер.
Күрделі сөздер құрылымы жағынан да, жасалуы жағынан да, сөз таптарына телінуі жағынан да алуан түрлі болып келеді.
Күрделі сөздер: күрделі біріккен сөздер, күрделі кіріккен сөздер, күрделі қос сөздер, күрделі қысқарған сөздер және тіркескен болып бөлінеді.
Қазақ тіліндегі кіріккен сөздерге бәйшешек, белбеу, қонағасы, биыл, бүгін, тоқсан, қарлығаш тәрізді сөздер жатады. Тіл мамандарының қай-қайсысы болмасын кіріккен сөздерге компоненттері дыбыстық өзгеріске ұшырау салдарынан бастапқы тұр-тұрпатынан өзгерген сөздерді жатқызады. Мысалы: бәйшешек, бәйтерек сөздерінің құрамындағы бәй деген элемент әуел баста бай формасында болғаны, кейін соңғы компоненттердегі жіңішке дауысты дыбыстың ықпалынан «а» фонемасы, «ә» фонемасына айналып, бәйшешек, бәйтерек болып қалыптасып кеткені мәлім.
Біріккен сөздерге: қарабауыр, асқазан, ұлтабар, көксерке, итмұрын, қарақұс, аққу тәрізді сөздер жатады. Біріккен сөздер біріншіден кейбір жұрнақтар арқылы туынды сөздің жасалуына негіз болады. Мысалы, ақсақалды, аққудай т.б. Екіншіден, кейбір терминдік атаулардың құрылымын жасауға қатысады. Мысалы: тасбақа, өнеркәсіп, құндыз.
Күрделі сөздердің бір түрі — қос сөздер. Қазақ тілін зерттеуші мамандар қос сөздерді қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп, екі үлкен топқа бөліп қарайды. Қайталама қос сөздер белгілі бір сөздер екі рет қайталануы немесе сол сөздің бір дыбысының өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Мысалы, тау-тау, үй-үйге, шай- пай т .б. Ал, қосарлама қос сөздер әр басқа екі сөздің қосарлануынан жасалады. Мысалы , әке-шеше, дәм-тұз, тау-тас т.б.
Күрделі қысқарған сөздер әрі ықшамдалып, әрі бірігіп жасалады. Күрделі қысқарған сөздер ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминологияда, мекеме, ұйым аттарында ұшырасады. Күрделі атаулар мынадай жолдармен ықшамдалады:
- Күрделі атаудың әрбір сөзінің басқы дыбысынан құралады: ТМД, АҚШ, ЕНУ, ОАИУ.
- Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөзінің басқы дыбыстарынан құралады: ҚазМУ, АлМи;
- Күрделі атаудың құрамындағы әрбір сөздің басқы буындарынан құралады: партком, совхоз, обком ;
- Күрделі атаудың құрамындағы алғашқы сөздің басқы буыны мен соңғы сөздің бірігуінен құралады: мединститут, пединститут т.б.
Күрделі сөздердің келесі бір түрі — тіркескен сөздер. Мысалы, су жылан, түлкі тымақ, қоңыр ала, көк ала, он бес, сатып ал, екі жүз, алып қайт, күні кеше т.б. Осындағы су жылан, түлкі тымақ сөздері зат есімдерден; көк ала, қоңыр ала сын есімдерден; екі жүз, он бес сан есімдерден; сатып ал, алып қайт етістіктерден; күні кеше үстеуден жасалып тұр.
Жоғарыда аталып өткен күрделі сөздердің бір түрі күрделі кіріккен сөздер жайлы профессор Қ.Жұбанов өз пікірін білдірген. Ол кісі 1930 жылдардың өзінде-ақ қандай сөздерді кіріккен сөз дейміз, кіріккен сөздердің қандай белгісі болады деп сауал қойып, соған берген жауабында: «Бірнеше сөзден құралған болса да, кіріккен сөздер бір-ақ нәрсені атайтын, бір-ақ сөздің орнына жүретін болу керек. Екінші, кіріккен сөз болу үшін, мұның ішіндегі жеке сөздердің әрқайсысы сөйлемде өз алдына бір–бір мүше болмай, бәрі жиналып барып сөйлемнің бір-ақ мүшесі болу керек...Үшінші, кіріккен сөздердің қайсы біреулерінде біреуінің не екеуінің де формасы жай қалпындағыдан өзгеріп басқа түрге түседі. Төртінші, кіріккен сөздердің бір айырмасы — мұнда екпін біреу-ақ, онда кірігуші сөздердің ең соңғысында ғана болатындығы» — деп тұжырымдайды [1].
Профессор Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі изафеттік топтың түрлеріне тоқтала келіп: «Бірінші топтың өзгешілігі –олар синтаксистік шеңберден шығып, морфология, оның ішінде сөз тудыру жүйесіне айналған тәсіл... Изафеттің бұл түрі қазір тұтас бір атау болып ұғынылады»– дейді. Мысалға, қаламұш, баскиім, желбеу дегендерді келтіреді де сөйлемге бір мүше болатынын айтады.
Сонымен, күрделі сөз, оның табиғаты мен морфологиялық құрылымы және түрлері жайындағы жоғарыда айтылған мәліметтерді жинақтай келгенде, күрделі сөз кемінде екі түбірдің бірігуінен, тіркесуінен немесе қосарлануынан жасалады. Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлар әр басқа ұғымды емес, бәрі жиналып келіп бір ғана ұғымды білдіреді. Күрделі сөздің шыққан тегі — сөз тіркесі. Тілдің даму барысында сөз тіркестері семантикалық жағынан да, морфологиялық жағынан да, синтаксистік жағынан да тұтасып, бір бүтін ұғымды білдіруінен күрделі сөздер жасалған.
Әдебиеттер

  1. Жұбанов Қ. «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» Алматы. «Ғылым» 1999 ж.

  2. Аханов К. «Грамматика теориясының негіздері» Алматы, «Мектеп» 1972 ж.

  3. Исаев С. Қаазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 2014

  4. Ысқақ.Б. Қазақ тілі:Оқу құралы. Шымкент:R-DIAR 2014-156 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет