Эссе «Қызылжар ауданына 25 жыл!»



Дата18.03.2022
өлшемі23,25 Kb.
#28422


Эссе

«ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНА 25 ЖЫЛ!»

Орындаған: Тағаева Қарлығаш Серікқызы

Бескөл мектеп-колледжінің 11 сынып оқушысы

Жетекшісі: Жанабеков Асқар Жолдыбайұлы

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Бескөл ауылы, 2022 жыл



Уа, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей, кеше гөр!
Жаза алмас ем топырағыңды тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер - деп ақын атамыз Қасым Аманжолов жырлағандай туған өлкем, туған ауылым мен үшін өте ыстық! Туған жер! Туған ел! Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші! «Атамекен - алтын бесік» - деп ата-бабамыз тегін айтпаған болар. Ол өз перзентіне барын да, нәрін береді. Төсінде тербетіп, аялап әлпештейді. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету - әрбір азаматтың игі арманы, мақсат - мүддесі.

Ұлтарақтай болса да,
Ата қоныс жер қымбат.
Ат төбелiндей болса да,
Туып-өскен ел қымбат –

демекші әр адамға кіндік қаны тамып, туып-өскен жері аса қымбат саналады.

Мен облыс орталығының іргесінде, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан Бескөл ауылында туғанымды мақтан тұтамын. Бескөл ауылының табиғаты өте тамаша! Есіл өзенінің жағасында, тамаша табиғаттың аясында орналасқан елдімекен. Бескөл ауылы Қызылжар ауданына қарайды. Биыл Қызылжар ауданының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы мерейтойға байланысты ауданымыз бен ауылымыздың тарихын өз шығармама арқау етуді жөн көрдім. Тарихқа жүгінер болсақ, Бескөл 1752 жылы қоныс аударушылардың ауылы ретінде құрылғаны бәріне белгілі. Бескөл жеріндегі елдімекендер қола дәуірінде болғаны және бір кездері нағыз мамонттардың Бескөл аумағында болғаны жайлы ақпараттар да көптеп кездеседі.

Осылайша XVIII ғасырдың ортасында Бескөл ауылы құрылды. Ауылдың атауы «Бес көл» сөзінен шыққан, өйткені ауылды қоршай бес көл орналасқан. Соның бірі ауылдың ортасында орналасқан шағын «Қарабек» көлі. Бескөлдің алғашқы қоныстанушылары Дон және Орал казактары болған. Бұл өлкенің байырғы тұрғындары – қазақтар, ол кезде егіншілікпен айналыспаған. Егіншілікпен XIX ғасырдың соңында қоныс аударған шаруалар айналыса бастаған. Біздің аймақтағы егіншіліктің тиімділігін орыс және украин шаруалары дәлелдеген. 1913 жылы Бескөлде бастауыш мектеп ашылған. 1967 жылы 2 шілдеде бүгінгі күнге дейін аудан оқырмандары іздеп жүріп оқитын «Маяк» аудандық газетінің бірінші нөмірі шыға бастаған. Бескөл мектебі орта мектеп мәртебесіне ие болып, қыркүйекте 1000 оқушыға шақталған жаңа ғимаратқа ауыстырылады. Сол жылы 46 мың тауыққа арналған құс фабрикасы, мемлекеттік банк және ветеринарлық станция ғимараттары салынып және аудандық кітапхана бой көтерген. 1970-ші жылдары ауылдың инфрақұрылымы белсенді дамып, автостанция, әмбебап дүкен, қоғамдық монша, аудандық аурухананың екінші корпусы, аудандық байланыс торабының ғимараттары, тұрмыстық комбинат, Мәдениет үйі, сондай-ақ Севнииждің жаңа ғимараты салынған. 1991 жылы «Молсервис» консорциумы құрылып, жұмысын бастаған. 2000-шы жылдары Бескөл ауылының аумағында түрлі бейіндегі бірнеше жаңа кәсіпорындар ашылып, жеке кәсіпкерлік дами бастаған. Атап айтар болсақ, ет консервілерін өндірумен айналысатын ЖК «Тортуманов» , ЖК «Левин» жиһаз жасау цехы ашылды. 2005 жылы қазақ тілінде білім беретін 360 оқушыға шақталған жаңа мектеп салынды. Республикаға кеңінен танымал Ғылыми зерттеу институты қазірге дейін өз қызметін жалғастыруда. Институт қабырғасында жерлес ғалым аға-апаларымыз көп еңбек сіңірген. Қызылжар ауданында атақты спортшылар да аз емес. Қазақстандық кәсіби велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, армрестлингтен әлем чемпионы Олег Чагодаев және т. б. көптеген атақты спортшылар дүниеге келген. Қызылжар ауданының спортшылар командасы кез келген жарыстарда әрдайым жеңімпаздар қатарынан табылады. Ауданымызда «Мақсат» қазақ мәдени орталығы, «Өмирзая» татар-башқұрт мәдени орталығы, «Мрия» украин мәдени орталығы, «Славянка» орыс мәдени орталығы, «Арарат» армян орталығы, «Тхониль» корей этно-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Бескөлде елге танымал ақындарымыз да баршылық. Олар: Манап Кабдушевна Искакова, Клавдия Ивановна Чепурко, Виктор Иванович Долгушин, Иван Арсеньевич Петров және т. б. «Қызылжар ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған аудан орталығының танымал адамдарының бірі - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев табыстаған Қазақстан әйелдерінің III форумының делегаты, «Қанатты әйел» ұлттық әйелдер идеялар мен тауарлар жәрмеңкесінің жеңімпазы, «Қанатты әйел» медалінің иегері, «Мақсат» ұлттық-мәдени орталығының басшысы Сақып Рахымжанқызы Құсайынова біздің ауылдың мақтанышы. Қазіргі таңда ауданымыздың құрамында 72 ауылдан тұратын 19 селолық округ бар. Бескөл ауылында 1 орыс мектебі, 2 аралас мектеп және 1 қазақ мектебі жастарды білім нәрімен сусындатуда.

Аудан әкімі Жанат Ғаббасұлы Садвакасов аудан орталығы мен селолық округ елдімекендерін көркейту үшін аянбай еңбек етіп жатыр. Ауылымыз бірнеше жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Жолдар салынды, аялдамалар орнатылды. Мені қуантатыны басшылықтың ауылдағы жастар мен жасөспірімдерге жасап жатқан әрекеттері. Ауылымызда жастарға арналған «Жас ұрпақ» саябағы, спорт кешендері және балабақшалар ашылып жатыр. Еліміздің болашағы - білімді жастардың қолында. Сол себепті жастарға жоғары білім алу үшін көптеген жағдайлар жасалуда. Ауылымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар келіп, еңбек етуде. Жастардың арқасында ауылымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Менің болашақтағы арманым – шетелде білім алу. Ал оқуымды аяқтаған соң елге оралып, үлкен аға-апаларымның жолын қуып, ауылымыздың дамуына өз үлесімді қосамын деген ойдамын.



Өз ойымды қорытындылай келе, мен ауылымызды дамытудың маңызы зор екенін айтқым келеді. Ауылымыз дамыса, еліміздің де дамитыны сөзсіз. Ал ауылымызды дамыту үшін біз өзімізді дамытып, бәрін өзгертуді өзімізден бастауымыз керек. Себебі тек осылай ғана біз үлкен жетістіктерге жете аламыз!

Қолданылған әдебиеттер:



  1. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының географиясы;

  2. Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясы, Алматы, 2006 ж.

  3. https://bischool.forum2x2.ru/t163-topic

  4. Солтүстік Қазақстан облысының фотоальбомы


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет